Алаш зиялыларының тілдік мұрасы қазіргі зерттеушілер тарапынан едәуір қарастырылды [2]. Көптеген еңбектер қазіргі жазу нұсқасына түсіріліп қайта жарияланып та жатыр [3]. Осы еңбектерге сүйене отырып, Алаш зиялыларының ғылыми мұраларын лингвистикалық тұрғыдан қарастырудың бүгінгі күні мүмкіндіктері мол деп санаймыз.
Алаш зиялыларының ғылыми мұралары көбінесе терминологиялық тұрғыдан сөз етіліп жүр және бұл үрдіс әбден дұрыс, өйткені қазақ тіліндегі ғылыми терминдердің тұрақтана бастауы А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш қайраткерлерінің еңбектерінен негіз алады [4].
Қазақ терминологиясында Алаш кезеңінің рөлін көлемді монография деңгейінде арнайы зерттеген проф. Ш. Құрманбайұлының «Алаш және терминтану: ХХ ғасыр басындағы қазақ терминологиясының дамуы (1910-1930 жылдар)» [4] атты еңбегін ерекше атап өткен жөн. Монографияда ХХ ғасыр басындағы қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы алаштық кезеңге негізделе отырып баяндалады. Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Халел Досмұхамедұлы, Жұмахан Күдерин, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Міржақып Дулатұлы сынды қазақ білімпаздарының терминологияны қалыптастырудағы рөлі, терминжасам тәжірибесі жан-жақты талданады. 1910-1930 жылдар аралығындағы терминологияның даму бағыты, сол кезеңнің сипаты, ерекшеліктері нақты материалдарға сүйеніп баяндалады.
Автордың ғылым тілін дамытудағы осы кезеңнің негізгі жетістіктері мен ерекшеліктері туралы тұжырымын қысқаша баяндасақ:
Жұмахан Күдерин, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Міржақып Дулатұлы сынды алаш зиялыларының ұлттық ғылым тілін қалыптастырудағы орасан зор еңбек етуі т.б. [4. 432-433 б.].
Проф. Ш Құрманбайұлы қазақ терминологиясының дамуындағы Алаш кезеңін осылай жоғары бағалай отырып, бұл мерзімді «ұлттық терминологиялық қор қалыптастыру кезеңі» деп баса көрсетеді. Бұл кезеңге тән басты ерекшелік – терминологиялық қорымыздың негізгі бөлігін қазақ тілінде жасау екендігін, тілдің ішкі байлығын тиімді пайдалану болғандығын ерекше атап көрсетеді.
Ғалымның осы тұжырымдарына толығымен қосыла отырып, Алаш қайраткерлерінің еңбектерін сонымен бірге қазіргі тіл біліміндегі жаңа парадигмалар, соның ішінде мәтін лингвистикасы, мәтін коммуникативтілігі тұрғысынан да зерттеудің мәні жоғары екендігін көрсетуге болады. Олай болатын себебі, бұл еңбектер қазақ тіліндегі ғылыми және ғылыми-көпшілік мәтіндердің пайда болуының бастамасы болды, сондықтан оларда мәтін тудырудың өзіндік жолдары мен тәсілдері орын алды, мәтінге тән тұтастық пен байланыстылықтың өзіндік белгілері қатысқан, сондай-ақ жалпы ғылыми мәтіндерге тән тіл орамдылығының (мәтіндердің бірізді логикалық түзілімі) эволюциясы, даму жолы көрінеді.
Бұл тараушада 20-жылдары жарық көрген осы оқу-ғылыми мәтіндерінің қазақ ғылыми тілін қалыптастырудағы рөлі ескеріле отырып баяндалады. Ғылыми мәтіннің басты белгілері, оның ұйымдасуындағы кейбір мәселелерді негізге ала отырып, 20-жылдардағы оқу-ғылыми мәтіндерінің құрылымын қазақ ғылыми мәтіндерінің мазмұндық-тілдік жағынан ұйымдасуымен сабақтастықта қарағанды жөн көреміз. Біз талдауға алатын мәтіндер – қазақ тіліндегі жалпы ғылыми мәтіндердің жасалуының бастамасы. Ол мәтіндер жарық көрген аз уақыттың ішінде (кейін сыртқы факторлардың ықпалымен пайдаланудан шығарылса да), өздері мазмұндас кейінгі мәтіндерге өз ізін салып үлгерді. Мәтіннің түзілуіндегі түрлі тілдік тәсілдердің саралану, екшелену нормасы аталған оқу-ғылыми мәтіндеріндегі тіл орамдылығының қалыптасуынан көрінеді.
Біздің түсінігімізде, тіл орамдылығы сөйлем ішінде ғана емес, мәтіндік сипатта да қаралатын санат. Сөйлемдер арасындағы логикалық байланыстың айқын көрінуі, ғылыми ойдың композициялық қозғалысының мәтінде нақты бейнеленуі, көрініс табуы тіл орамдылығы ұғымын қалыптастырады. Бұл ұғымды ғылыми айналымға алғаш енгізген – А.Байтұрсынұлы. Ғалымның жазғанына сүйенсек, «Ұзын айтқанда ой дәуірлеген бетімен барып, қайтатын түрі болады. Сөйлеудің сондай түрлері орамды деліп аталады» [5, 310-б.]. Қазақ тіліндегі ғылыми стильдің қалыптасу барысын қарастыруда мәтіндердегі тіл орамдылығы осы уақытқа дейін сөз болған емес, сондықтан оның (тіл орамдылығының) даму бағдарын, эволюциясын зерттеу маңызды әрі қажет мәселе болмақ.
Бір қарағанда, 20-30 жылдардағы оқу-ғылыми мәтіндері формалды грамматикалық жағынан публицистикалық, тіпті көркем мәтінге де жақын тәрізді болып көрінеді. Алайда олардың мазмұны мен құрылымы ғылыми мәтінге тән екенін байқаймыз. Ең бастысы, бұл мәтіндер тұтастай бір саланың пәндік бейнесін нақты көрсетуімен құнды. Сөзіміз дәлелді болу үшін мына мысалдарға жүгінейік.
Ж. Аймауытұлының «Псиқолоғия» еңбегінің құрылымы:
Беташар; І. Псиқалоғия нені зерттейді? ІІ. Адамның қылығын қалай зерттеу керек? ІІІ. Тірі заттардың қылығын жалпы мінездеу; ІV. Дендегі кейбір мүшелер, олардың қызметтері; V. Соқыр сезім, сезім көңіл; VІ. Зерделі қылық; VІІ. Көлемдікті түйсіктеу; VІІІ. Жалпы берне (ұғым) туралы; ІХ. Қайрат (ерік), (воля); Х. Ұйқы, түс, көз байлау; ХІ. Теріс қылық; ХІІ. Адам қылығының әлеуметтік, шаруашылық негіздері.
М. Жұмабаевтің «Педагогика» еңбегінің құрылымы:
Сөз алды; Жалпы педагогика; Жалпы педагогиканың екі бөлімнен тұратындығы. а) Дене тәрбиесі; ә) Жан тәрбиесі; Тәрбие деген не? Тәрбие бөлімдері; Педагогика қандай пән? Педагогикамен жақсы таныс болудың керектігі; Педагогикаға жәрдемші пәндер т.т.
М. Жұмабаевтің «Психология» еңбегінің құрылымы:
(Жалпы мәлімет), Жан көріністерінің дене көріністерінен айырмасы; Жан көріністері мен дене көріністері арасындағы байлам; Жан көріністерін үйрету жолдары; Нерв системасы; Нерв системасының қызметі; Нерві системасының саулығын сақтау; Ақыл көріністері яки жанның білуі; Әсерлену ұғымы; Іскерлік; Суреттеу; Ес (зейін); Қиял; Ойлау; Хұкім; Ой шығару; Тіл; Ішкі сезім көріністер т.т.
Х.Досмұхамедұлының «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» еңбегінің құрылымы:
Құрылымы: Кіріспе (тілімізге жат сөздердің толассыз енуі туралы); Негізгі бөлім: Сингармонизм заңы туралы түсінік беруден басталады. Синг. Заңы туралы пікірлер. Автордың өз пікірі немесе ұстанымы. Қазақ-қырғыз тілінің дыбыс жүйесін талдау. «Тіл-құралға» сілтеме (Ол мына жолдардан көрінеді: «Тіл-құрал» да осыны айтады; «Тіл-құралда» мынадай шын жұрнақтар көрсетілген; «Тіл-құралға» кірмеген шын жұрнақтар көп т.б.). Қазақ тіліндегі жұрнақтарды талдау. т.т.).
Кірме сөздердің қолданылуы туралы. Қорытынды.
Егер М. Жұмабаев пен Х. Досмұхамедұлы еңбектерінде оқу-ғылыми мәтіннен басқа типті мәтіннің ықпалы (көрінісі) кездесіп отыратын болса,
А. Байтұрсынұлының «Тіл-құралы» мен «Әдебиет танытқышынан» мұндай белгілерді кездестіру қиын. Оларда сол шығармаға арқау болған нысанның сипаттамасы, нысанның сапалық белгілерін мысалдар арқылы түсіндіру, негізгі ерекшеліктерін көрсету, жаңа білімді логикалық тәсілмен анықтау, тақырыпқа қатысты басты және онымен шектес ұғымдарды талдау, салыстыру, салғастыру нақты көрініп отырады.
Сонымен бірге көрсетілген еңбектердің құрылымының оқу-ғылыми мәтіндерге тән екендігі мынадан көрінеді: жеке тараулардың (тақырыптардың) байланыстылығы, бір саланың пәндік сұлбасын көрсетуге құрылғандығы, өзіне дейінгі білімнің негізінде жаңа білімді оқырманға ұсынуы. М.Жұмабаев «Педагогикаға» қатысты бұрын-соңды жарияланған еңбектерді қалай пайдаланғандығы жөнінде «Сөз алдында» былай деп жазған: «Кітапты бір орыс кітабынан тура тәржіма деуге болмайды. Алдыма бір кітапты жайып қойып, бұрылмастан желе бергенім жоқ. Тәрбие ғалымдарының пікірлерін таңдап алуға ұмтылдым. Шамам келгенше қазақ қанына қабыстыруға тырыстым (Көп пайдаланылған Рубинштейн, Скворцов, Смирновтардың педагогика туралы еңбектері)». Ал Ж.Аймауытов өз еңбегінде: «Бұл кітапты бала оқытушыларға ұсынамыз. Қала берсе, кімде-кім әлеуметпен, қоғаммен қатынасын, қызмет ететін болса, соның бәріне де псиқалоғия пайдалы кітап деп ойлаймыз. Хат танитын жай қазақ та арындамай оқи алса, недәуір білім алар деп сенеміз. Қиын жерлерін салғаннан ұқпаса, оңай жерлерін оқып көрер; сөйте-сөйте бәріне тісі батар... Шеше алмай жүрген жұмбағыңыз шешілуге бұл кітап себепші болар» деп көрсетеді.
Демек, ең бастысы мәтіннің түзілу құрылымы оның мазмұнына, зерттеудің жалпы тақырыбына бағынады. Бұл ғылыми мәтінге қойылатын негізгі талаптың бірі. Келтірілген жайттар сөз болып отырған шығармалардың шындық болмыстың нысанын ғылыми тануға арналған мәтін ретінде ұйымдасуына негіз болған.
Бұдан басқа бұл еңбектерде нақты сілтеме берілмесе де, авторлар аталып, оларға нұсқау көрсетіліп отырады. Жалпы сілтеме атаулы тіл орамдылығының композициялық аспектісін түзуге қатысатын құралдар десек, оны беруде де неғұрлым жинақылыққа қарай «өсу» үдерісі болғанын көреміз. Айталық, Шәкәрімнің «Үш анық» еңбегінде сілтемелер «бұл философ Литерие сөзі», «бұрынғы Демокрит сөзі», «Герман Шифлер айтады» т.т сияқты қарапайым түрде берілсе, сөз болып отырған оқу-ғылыми әдебиеттерінде өзге зерттеушілердің пікірін келтіру неғұрлым екшелене түскен. Авторлар сілтеме арқылы оқырманға жаңа ақпарат беру мақсатын жақсы түсінеді.
Ж.Аймауытұлы сілтемені мәтіннің пікірталастық бөлігін түзу үшін орынды пайдаланған:
18-ғасырда неміс данышпаны Вольф даналық псиқалоғияны тәжірибелік (эмпирический) псиқалоғиядан айырып, жігін ашады. Оның пікірінше тәжірибелік псиқалоғиядан жан тіршілігіндегі болмыстарды (фактыны) зерттейді;
Құрғақ даналыққа сүйенген данышпандардың пікірі бойынша, жан тіршілігіндегі болмыстарды жанның өзі не екенін білмей тұрып түсінуге, тексеруге болмайтын тәрізді (Ж. Аймауытұлы).
Кант айтады: «Жан – зат емес, рұқ, ажалсыз субстанция деуші псиқалоғияның барлық дәлелдері жалған». «Мен ойлаймын, мен саналмаймын». Сондықтан өз бетімен өмір сүретін жан болу керек, сол жанды псиқалоғия зерттеп, түбіне жету керек деген пікір дұрыс емес (Сонда);
Бұл пікірді өте-мөте ашық айтқан 19-ғасырдың соңғы жарымында шыққан неміс данышпаны Ланге... (Бұл да сонда).
Арнайы терминдер жүйесі, олардың кейбіріне берілетін анықтамалар қамтылған, баяндау үрдісі оқушымен неғұрлым тиімді қарым-қатынас орнатуға негізделген, яғни адресат факторы ескеріледі. Анықтамалар жүйесінің берілуі жағынан А. Байтұрсынұлы еңбектері озық тұр. Бұл бір жағынан, термин жасау ісіндегі А. Байтұрсынұлының сіңірген ұланғайыр еңбегін көрсетеді. Мысалы:
Арасында жақындығы бар екі нәрсенің атын ауыстырып, бірінің орнына бірін айту төмендегі түрі болса, ондай ауыстыру алмастыру деп аталады (А. Байтұрсынұлы. Әдебиет танытқыш);
Бір нәрсе болмайтын күйді, екінші нәрседе болатын күйді көрсететін сөзбен айту бейнелеу болады (Сонда);
Жансыз нәрсені жанды нәрсенің күйіне түсіріп тұрпаттау кейіптеу деп айтылады (Сонда) және т.б.
Мәтіндердің публицистикалық, я болмаса көркем мәтіндерге ұқсастығы оқушымен тиімді қарым-қатынаста болу мақсатын көздегеннен бе деп ойлаймыз. Авторлар өз кезеңіндегі оқырманның білім дәрежесін ескергендіктен, баяндаудың ғылыми емес қарапайым тәсілін жиі қолданып отырған тәрізді. Мәселен, М. Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегінен бала тәрбиесі туралы мынадай жолдарды кездестіреміз: Баламды безбенге сал, - деп айттың деп қазақтың ыршып кетуінде сөз бар ма? Тәрбиенің басқа түрін ести келе адуын әжелер ыршымақ түгіл ұрсып, сөгіп тастар. Әйткенмен, амал қанша, көтереміз. Мойнымыз жуан болғанмен, өзіміз жуаспыз. Біздің бар тілегіміз – ырши-ырши, бізді ұрса-ұрса айтқанымызды істесе екен... (М. Жұмабаев).
Бұл тәріздес эмоционалдылық автордың сөз болып отырған мәселеге қатысты ішкі сезімін білдіреді. Экспрессивті тілдік амалдар арқылы автор өз көзқарасын еркін жеткізуге тырысқан.
Ғылыми мәтіннің баяндалу дәстүрінен ауытқулар авторлар тарапынан кейбір салыстыруларды, теңеулерді, сұраулы құралымдарды, ауызекі сөйлеу тілі элементтерін пайдаланудан көрінеді. М. Жұмабаевтың ақындық дағдысы оқу әдебиеттерін жазуда да ықпалы болғанын еңбектің әр бетінен, ал Х. Досмұхамедұлының медициналық білімі оның тіл біліміне қатысты жазғандарынан (мысалы, кірме сөздерді адам ағзасымен салыстырудан байқалатындай) аңғарылып тұрады.
Бұл еңбектердің барлығында дерлік сұраулы құралымдар пайдаланылады. Сұраулы құралымдар бұл мәтіндердің пікірталастық, я болмаса соған шақыратын бөлігін құрайды. Мысал үшін Ж.Аймауытовтан мына жолдарды келтірелік: Бұдан гөрі XVII ғасырда шыққан Спинозаның пікірі жобаға келіңкірейді. Ол не дейді? Жанға жан ғана амал ете алады, денеге дене амал ете алады дейді... Бәрі барып құдайдың бірлігінде түйіседі дейді... (Ж. Аймауытұлы) және т.т. Ал осы Спинозаның айтқандарына автордың өз тарапынан берілетін қарсы пікірі бірақ, басқаша айтқанда, бүгінгі ілім бойынша тәрізді құрылымдармен басталып отырады да, мәтіндегі сөйлеу байланыстылығын құрайды.
Түрлі дәрежедегі модальділік көріністері шығармалардың көсемсөздік-үгіттеушілік бөлігін құрайды. Оның тілдік жағынан ұйымдасуында нақты-бейнелі сипаттаулар, салыстырулар, тұрақты тіркестер, ауызекі сөйлеу тілі элементтері, интонациялық жағынан мәнерлілік т.т. пайдаланылады.
Мәтіннің семантикалық-синтаксистік ұйымдасуында, ондағы тіл орамдылығын қалыптастыруда таза тілдік ресурстар ғана емес, басқа да түрлі мазмұндық-логикалық мағына қатысады. Мәтіннің семантикалық-синтаксистік ұйымдасуын, негізінен, үш аспектіден келіп қараған жөн: мазмұндық, логикалық және композициялық. Тілдік құралдар бұлардың сыртқы материалдық көрінісі. Осы тәріздес мәтіндік санаттардың тілдік жағынан бейнеленуі де түрлі тілдік тұлғаларды пайдалану арқылы көрінеді. 1920-30 жылдардағы оқу-ғылыми мәтіндері мәтіннің семантикалық-синтаксистік ұйымдасуының бастамасы және өзінен кейінгі жалпы ғылыми мәтіндердің қалыптасуындағы үлгі-өнеге ретінде орын алады.
Мәтіннің логикалық жағы – жалпы ғылыми мәтіндерге ортақ негізгі ерекшеліктердің бірі. Логикалылық және оларды бейнелейтін тілдік бірліктерсіз ғылыми мәтінді көз алдымызға елестетудің өзі мүмкін емес. Мәтіндегі ақпарат, олардың кеңейген түрде берілуі, ойталқы т.т. соның барлығы мәтіндегі түрлі-түрлі мәндік қатынастар негізінде берілсе, өз кезегінде бұлар логикалық бірліктердің қатысуынсыз жүзеге аспайды. Мәтіннің логикалылығы мәтінішілік (мәнмәтіндегі) мәндеріне байланысты түрлі топтарды құрайды. Салғастыру, оның өзі ішінде түрлі шағын топтардан (қарама-қарсы қою, шектеу, салыстыру, ұқсастықты көрсету) құралуы, ой жалғастығы, мәтін бөліктерін әрі қарай өрбітудің құралдары, түрлі логикалық қатынастардың (нақтылау, себеп-салдар, мақсат, кеңістік, мекендік т.т. мәндері) болуы мәтіннің логикалық жағына тән белгілер.
Қорыта келгенде, қазақ терминологиясының дамуындағы Алаш кезеңі ұлттық терминологиялық қордың қалыптасуымен ерекшеленді.
Сонымен бірге 1920-30 жылдардағы оқу-ғылыми мәтіндері қазақ ғылыми мәтіндерін және олардағы тіл орамдылығын қалыптастыруда өзіндік орны бар құбылыс ретінде бағаланады. Тіл орамдылығы – ғылыми тіл мәдениетін, ғылыми тілдің шынайылық, абстрактілік дәрежесін танытатын ұғым. Тіл орамдылығы қазіргі деңгейіне бірден жеткен жоқ. Осы орайда 1920-30 жылдардағы оқу-ғылыми мәтіндерінің дәстүрлеріне үңілу – қазіргі ғылыми тілдің қалыптасуы мен мәдениетін танытатын факторлардың бірі.