Педагогикалық риторика саласының терминдік аппараты

Педагогикалық риторика саласының терминдік аппараты

Мақалада педагогикалық риториканың сала болып қалыптасуы, оның терминдік аппараты туралы сөз болады.

В статье рассматриваются научная отрасль «Педагогическая риторика»  и ее аппаратура терминов.

In this article we research scientific branch «Pedagogicаl rhetoric» and her equipment of terms.

Ключевые слова: педагогическая риторика, коммуникативный акт, культура речи, педагогическая коммуникация, педагог-оратор.

Keywords: pedagogical rhetoric, communicative act, standard of speech, pedagogical communication, teacher speaker.

Педагогикалық риторика – кез келген мамандықты меңгерген, дәріс беретін оқытушының, яғни мұғалімнің сөйлеу өнерін, үйрету тілін өз саласына сай қалыптастыруды көздейтін сала. Кез келген ғылым саласының мамандары өз ойын тыңдаушысына жүйелі, нанымды жеткізе алатын болса, педагогикалық шешендікті игерген деуге толық негіз бар. Белгілі бір ойды немесе теорияны түсіндіре алудың да өзіндік сыры бар. Себебі дәріс оқушы мен тыңдаушы арасындағы коммуникация талаптарының оңды өтуінің өзі коммуникациялық актінің орындалғанын білдіреді. Педагогикалық шешендікті игерген адамның тілін жеке зерттеуге дискурстық талдаудың да көмегі зор. Десе де, педагогикалық риториканың негізгі қолданыс аясы салалық дискурс  және кәсіби терминдер аясында болмақ. Осы тұрғыдан алғанда педагогикалық риторика әрбір кәсіп, мамандықтың теориялық негізін сөйлеу әдістерінің қандай түрімен тиімді жеткізуге, үйретуге болатынын қарастырады. Осыдан келіп, педагогикалық риторика саласының терминдік аппараты, олардың ой жеткізуге байланысты атауларының қалыптасып, осы саланың даму деңгейін көрсететіндігін байқауымызға болады.

Педагогикалық риторика шешендік өнердің бір саласы болғандықтан, риторика теориясына негізделеді. Сондықтан, шешендіктану ғылымы терминдерін толықтай осы салада қолдана аламыз. Бірақ педагогикалық риториканы бұл ғылым құрамынан педагог (қай сала педагогі болсын) сөйленісінің тиімділігін зерттейтін сала ретінде бөлек алуымыздың өзі ғылымның теориясы бар да, оны оқыту, игерту, меңгерту бар екендігін ескертіп тұрғандай. Сол себепті де бұл саланы жас ғылым саласы деуге болады. Педагогикалық риториканың жеке ғылым ретінде дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдардың пайымдаулары алғашқы кезде бірдей болады. Мысалы, инженерлік педагогиканы арнайы зерттеген Т.Л. Владимирова: «Білім беру мен тәрбиелеу саласындағы сөйленіс қарым-қатынасын оңтайландырудың (тиімді етудің) теориясы мен практикасын зерттейтін риториканың жеке түрі» деген тұжырым жасады [1; 23]. Л.Н. Горобцевтің ұстанымы бойынша «Педагогикалық риторика – тиімді педагогикалық коммуникацияның формаларының талаптарын зерттейтін ғылым. Педагогикалық қарым-қатынасты пафостық, модальдық, т.б. түрлі риторикалық жанрлар арқылы сендіру, дәйектеп түсіндіру әдістеріне икемдеу тәжірибесін қарастыратын ғылым. Сондықтан бұл ғылым адамзаттық мәдениет пен өнер саласына тікелей қатысты» [2; 48].

Л.Н. Горобцевтің бұл пайымдауынан педагогикалық риториканың коммуникация теориясы мен риторика ғылымын сабақтастыра туындаған пәнаралық ғылым ретінде қабылдаймыз. Осындай болжамдар бірнеше ғалымдардың зерттеулерінде де кездеседі. Мысалы, А.А.Мурашев пен А.К.Михальская педагогикалық риториканы: «синкреттік пән» деп санады және «бұл пәннің негізгі зерттеу нысаны оқыту мен тәрбиелеу үдерісіндегі қатынас» болып табылады. «Сондықтан педагогикалық риторика педагогикалық қарым-қатынас аясындағы тілдік коммуникацияның теориясын қарастырады» деп таныды [3; 30].

XX ғасырдың 70 жылдары туындаған осындай идеялардың негізінде әрі оқулықтың тиімді тілін арнайы зерттеу қажеттігінен, білім туралы тілді зерттеу мұқтаждығынан, мұғалімнің кәсіби үйрету тілін сапаландыру мақсатынан педагогикалық риторика пәні қалыптасты.

Жеке ғылым саласы болып қалыптасу үшін оның өзіне тән терминдері, жеке зерттеу нысаны, зерттеу пәні, салалары болу керек. Бұл ғылым саласында арнайы зерттеу нысаны бар, зерттеу пәні де, зерттеу әдістері де, сонымен қатар өзіне тән терминдері да бар. Сол себепті де бұл саланың өзіндік терминдік аппараты қалыптасқан.

Бірінші термин – педагогикалық риторика деп аталады. Бұл, әрине, алғашқы кезде кез келген ғылым саласын оқыту әдістемесі пәнінің бір тарауы секілді оқытылып келді. Десе де, 20 жылдай уақыт аралығында орыс ғылымының бастамасы негізінде жеке сала болып қалыптасты. Жеке сала етіп қалыптастыруға біздің түсінігімізше, орыс ғылымы көп күш жұмсады. Ең алғаш Ресейде Москва педагогикалық мемлекеттік университетінің профессоры Н.А. Ипполитованың «Педагогикалық риторика» курсының бағдарламасы 1998 жылы жарық көрді. Бағдарлама төмендегідей бөлімінен тұрады:

1. Шешендіктану пәні ретінде; 2. Қарым-қатынас; 3. Мұғалімнің сөйлеу әрекеті; 4. Сөйлеу жанрлары; 5. Педагогикалық шешендік идеал секілді бөлімдерден тұрады [4; 62].

Адамның сөйлеу әрекеті, адамдар қалай сөйлеу керек, коммуникативтік және сөйлеу жағдаяты, мұғалім мен оқушының жағдаятқа байланысты қарым-қатынас ерекшелігі, адамдар ненің көмегімен сөйлеседі, сөйлеу сапасының коммуникативтілігі дегеніміз не, вербалды қарым-қатынастан басқа қандай қарым-қатынас сөйлеуді қамтамасыз етеді, мұғалімнің кәсіби әрекетіндегі тыңдау мәдениеті, сөз және жазба (жазу мәдениеті) – сөйлеу әрекетінің бір түрі т.б. көптеген мәселелерді көтереді. Әр бөлімде алты-жеті осындай өзекті мәселелер қамтылған. Егер де педагогикалық шешендікті меңгерсе, бір аудиторияны басқарудан бастап, бір елді де толық басқаруға болар еді. Себебі педагогикалық риториканы меңгерген адамның жұрт алдында шешендігі арта түсер еді.

Бұған қоса, білім беруші үшін сөйлеу мәдениетінің жауапкершілігі жоғары деңгейде болуын талап ететін қағидалар да осы салада қарастырылады. Демек, екінші терминіміз сөйлеу мәдениеті деп аталады.

Бүгінгі таңда жұртшылық назарын аударып отырған тіл мәдениеті мәселесін біз екі салаға бөлер едік: бірі – сөз мәдениеті, екіншісі ­­­­­­– сөйлеу мәдениеті. Жазба әдебиеттерде сөздерді, оның ішінде образдарды әсем сөздерді орынды пайдалану, терминдерді өз мағынасында қолдану, сөйлемдерді дұрыс құрастыру, емле ережелерін мақтап сауатты жазу, әдебиеттің әр жанрына тән стильдік белгілерін айқын танып, бірімен бірін шатастырмау, қысқасы, осы жайлы жайттар, біздіңше, сөз мәдениетіне жатады. Сөз мәдениеті әдеби тіліміздің жазба түрде қолданылуына байланысты әңгіме болуына тиісті. Ал сөйлеу мәдениеті дегеніміз – әдеби тілді ауызекі тілге қолдану туралы мәселені айтамыз. Атап айтсақ, көпшілік алдында ауызша сөйлеуге немесе жазылған нәрсені оқып беруге байланысты жайттарды сөйлеу мәдениетіне жанастыра әңгімелейміз. Өйткені қазірде әдеби тіліміз екі түрде ­­– ­­­­­­­­жазбаша және ауызша түрлерде қолданылатыны баршамызға мәлім. Әсіресе, әралуан жиналыс, мәслихат, конференция, айтар ойымызды радио, теледидар арқылы жеткізу мысалдары жиі болып тұратын бүгінгі өмірімізде сөйлеу мәдениетінің мәні мен маңызы ерекше.

Сөз этикасының негізі философияның этика саласынан алынған. Этика мораль құндылықтарының қоғамдағы орнын, шығу төркінін, тарихын, мәнін зерттеуге арналған. Сөйлеу этикасын жетік білу – сөйлеушінің немесе қарым-қатынасқа түсушілердің абыройына, құрметінің арта түсуіне, жалпы кісілік қасиеттеріне, сөйлеу мәдениетіне тікелей қатысты болып келеді. Бұрынғы тіл мәдениеті деген терминді сөйлеу мәдениеті деп қолдану туралы ойдың иесі Н. Уәли болатын.

Педагогикалық риториканың міндеттері. Бұл жеке сала болғандықтан, мынадай міндеттерді де шешу қамтылады:

  • мұғалімнің кәсіби сөйленіс имиджін қалыптастыру;
  • педагогтің шешен сөйлеу құзіреттілігі мен біліктілігін қалыптастыру;
  • педагогке қарым-қатынас жасаудың риторикалық ілімін үйрету;
  • кез келген мамандық педагогіне дәріс беру, үйретудің риторикалық амалдары мен үйренушінің түсінгенін тексеру үдерісінің логикалық жолдарын таныту;
  • педагогтің тілдік тұлғасын қалыптастыру;
  • студент үшін идеал болатын нағыз педагог тұлғасын қалыптастыру. Осы міндеттердің ішіндегі кәсіби сөйленіс имиджі, шешен сөйлеу құзіреттілігі, риторикалық амал секілді терминдерді педагогикалық терминдер аппаратын құраушы деуге болады.

Кез келген педагогикалық қарым-қатынас жағдаятында әртүрлі жанрдағы (дәріс, тезис, сұрақ-жауап, коллоквиум, ситуациялық сұрақ т.б.) кәсіби мәтінді құру және талдау жасау қызметін педагогтің риторикалық қызметі  термині анықтайды. Ал кәсіпке қатысты түрлі сөйленіс жағдаяттарының топтамасы – педагогикалық қатысым деп аталады.  Сөйленіске қатысушылардың құрамына басты рөлді ұстаз атқарады, ал қалған қатысушылар тиімді сөйленіс тәсілінің жүзеге асырылуымен білім мен тәрбие алады.  Педагог-шешеннің нысаны – кез келген мамандықты үйретуші – кәсіби педагог шешен болмақ.

Оқыту үдерісінде кез келген оқытушы педагогикалық шешендіктанудың негізгі дидактикалық қағидаттарын да ескеру керек. Олар: ғылымилық; саналылық пен белсендiлiк; көрнекiлiк; жүйелiлiк пен бiрiздiлiк; берiктiлiк; тиiмдiлiк; теория мен тəжiрибенiң байланыстылығы.

Ғылымилық қағидаты. Бұл қағидат бойынша, ең алдымен, берілер білім мазмұнының білім беруші мекеме талабына сәйкес болуы. Яғни білім мазмұнының көптеген ғылым салаларымен байланыста болуы қадағаланады. Болашақ педагог студенттерге «Педагогикалық риторика» ілімін үйретуде жалпы шешендіктанудың теориясына сүйенеміз.

Аталмыш ғылым саласының қазіргі таңда «ойланып шебер сөйлеу іс-әрекетінің технологиясы» іспеттес тиімді тілдік қарым-қатынас жағдайы мен формалары туралы ғылым ретінде қарастырылатынын таниды.

Бірізділік қағидаты – оқыту үдерісінде қарапайымнан күрделіге, белгіліден белгісізге, әліппеден бастап ғылым шыңына қарай козғалыстың мызғымастығын есепке алатын бірден-бір қажетті қағидаттардың бірі. Сөйлеу өнері негізін тіл мәдениетінің негізі туралы білімге сүйене құралатындықтан, «Педагог маманның сөйлеу мәдениеті» тақырыбын толықтыра оқиды. Шешендік шеберліктің құпиясы сөз дұрыстығы (орфоэпикалық және грамматикалық) алғашқы орында тұратын жақсы сөз талаптарын оқып-үйренгеннен кейін ғана меңгерілуі тиіс.

Тарихилық қағидаты. Бұл қағидат білім алушыны өз саласының даму тарихына бойлауды талап етеді. Қазіргі «Педагогикалық риторика» курсы педагог маманның ойланып шебер сөйлеу үдерісінің жүйесін танытатын, ойланудан, оны вербализациялауға шейін осы үдерістің, барлық сатыларын есепке алатын классикалық риторика ғылымының заңды жалғасы болып табылады. Риторикалық канондар (ойлап табу, орналастыру, сөзбен бейнелеу, есте сақтау, сөз сөйлеу) – бұл өзіндік «адамның сөйлеу жүйесінің алгоритмі». Сондықтан да білім алушыға осы ғылымның ежелгі Греция мен ежелгі Римде пайда болуы, дамуы туралы, қазақ даласындағы шешендік өнер туралы түсінік беру маңызды.

Жүйелілік қағидаты. Педагогикалық шешендіктану салалары, ауызша және жазбаша сөйлеу мәдениеті, т.б.

Жоғарыда аталған әдіскер ғалым, шаршы топ алдына сөйлеу теориясы мен тәжірибесін оқытудың тәжірибелік әдістемесін түзе отырып, төмендегідей дидактикалық қағидаттарды екшейді:

  • дамыта оқыту қағидаты;
  • когезия мен ретроспекция қағидаты (яғни үзілген сөзді уақыт пен себеп-салдарлық байланысын сақтай отырып жалғастырып әкету білігі және тыңдаушыларды кейінірек берілетін ақпаратқа бағыттау).

Ғалым-әдіскер У. Салыхова жоғарыда аталған қағидаттарға төмендегідей қағидаттарды қосады:

  • қызығушылықты күшейту қағидаты;
  • суырыпсалмалық, яғни импровизация қағидаты;
  • жағдаятқа бейімделу, жауап беру қағидаты;
  • аудиторияны ескеру, есепке алу қағидаты.

«Педагогикалық ритрика»  –  кез келген өзге оқу пәнін оқыту сияқты жеке тұлғаны кәсіби маман ретінде қалыптастырудың тиімді құралы. Бұл пән студенттерге арнайы пән бойынша белгілі бір білім жиынтығын беріп қана қоймай, сонымен қатар қарым-қатынас орната білу (сөйлеу және тыңдау), сөйлеуге материал іріктеу, өз ойын дәлелдеу, сұхбаттасу, пікірталас өткізу және т.б. секілді маңызды жалпы оқу дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар педагогикалық шешендіктанудың тәрбиелік құндылығы да орасан зор: курста сөз мәдениетіне тәрбиелеуге, адамдарға құрметпен қарауға, қарсы тараптың пікіріне құлақ асу, өз Отанын құрметтеу секілді қасиеттерді қалыптастыруға көп көңіл бөлінеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Н.Д.Хмель. Біртұтас педагогикалық процесс негіздері.- Алматы, 1998.-73 б.
  2. К.Ясперс.Духовная ситуация времени. М., Полит издат, 1991.-520 с.
  3. Д.Магнуссон. Писхология ситуации. Психология социальных ситуации-/сост.и общая редакция Н.В.Гришиной.-СПб.: Питер, 2001.- 416с. (Серия «Хрестоматия по психологии»).
  4. Томас У., Знанецкий Ф. (Методологические замечания). /Психология социальных ситуации». /Сост. И общая редакция Н.В.Гришиной.- СПб.: Питер, 2001. -416с. (Серия «Хрестоматия по психологии»).

Жорабекқызы Гүлдейжан

(Абай атындағы ҚазҰПУ магистранты, Алматы, Қазақстан)

guldei_jan@mail.ru