Медициналық терминдерді біріздендіру: алғышарттар, жанрлық-стильдік ерекшеліктер, проблемалар

Медициналық терминдерді біріздендіру: алғышарттар, жанрлық-стильдік ерекшеліктер, проблемалар

Қазіргі таңда аударма араласпайтын, аударма қатыспайтын ғылыми-техникалық прогрестің саласы кемде-кем. Ғылымның қай саласына назар аударсақ та, сол саланың қаншалықты деңгейге жетіп, қаншалықты дәрежеге көтерілгені терминологиялық жүйесінен көрініп тұрады. Бүгінде, медицинада қалыптасқан терминдерді үш топқа саралауға болады: І топқа қазақ тіліндегі қолданылуы талас тудырмайтын атаулар жатады: омыртқа, жауырын, бұғана, бауыр, бүйрек, жүрек, ми, жұлын,  тамыр және т.б.; ІІ топты қазақ тілінде әртүрлі қолданылып жүрген атаулар құрайды: асықты жілік немесе үлкен жіліншік (большеберцовая кость); төбе сүйек немесе шеке сүйек (теменная кость); асқазан немесе қарын (желудок); жіңішке ішек немесе аш ішек (тонкая кишка); аш ішек немесе  ащы ішек (тощая кишка); жуан ішек немесе тоқ ішек (толстая кишка); жиек ішек немесе тоқ ішек (ободочная кишка) және т.б.;  ІІІ топ – латын, грек тілдерінен өзгертілмей алынған атаулар: апоневроз, диафиз, эпифиз, метафиз, остеон, мениск,  артерия, вена, гипофиз,  нейрон, аксон, дендрит және т.б.Аталған саладағы термин сөздердің бастапқы жаппай аударылу кезеңін артқа тастап, қалыптасу, кірігу кезеңіне өткенін байқауға болады. Мұны ғалымдар шартты негізде екі кезеңге бөліп жүр.Бірінші кезең: латын, грек, орыс тіліндегі терминдердің қазақша баламаларын тауып қолданысқа енгізу; екінші кезең:  түрлі қолданылып жүрген атауларды бірегейлеп, біріздендіру жұмысы.

Термин жасам жүйесі ғылым мен техниканың, білім, ғылым және медицина салаларының түрлі даму сатыларынан өтіп, күрделі кезеңдерді өткерді. Қандай да бір жаңалық, жаңа ұғым терминмен белгіленіп, терминологиялық жүйеде өз орнын тауып отырады. Алайда сан салада жасалып, қолданысқа еніп жатқан терминдік лексика, бүгінде, өкінішке орай көбінесе игерусіз, назардан тыс қалып, өз бетінше өмір сүреді.

Ахмет Байтұрсынұлы денсаулық сақтау саласына қатысты бір мақаласында мынадай пікір жазады: «Ауру – денеге зарарлы нәрселерден болатын бүліншілік. Ол зарарлы нәрселерді микроб дейді. Микроб денеге орнап, көбейе бастаса, тәнге зарар келтіре бастайды. Тәннің қалыпты істеп тұрған істерін бұзып, бүлдіріп, денеге зарарлы улар жая бастайды» (1913ж.).

Тағы бір мақаласында: «Тән мен жан сабақтас, екеуі бірінен-бірі айырғысыз. Тәнсіз жан жоқ, жансыз тән тұра алмайды. Тән кемшілігі жанға білінеді, жан кемшілігі тәнге білінеді» (1922 ж.). А.Байтұрсынов медицинадағы күрделі құбылыстарды қазақ тілінде ұтымды түсіндіреді. «Зарарлы», «бүліншілік» деген сөздері термин сөздер. «Микроб» сөзін де қалпында қалдырған.

Тілдегі көптеген терминдердің туындауы, терминологиялық лексика халық тілінің негізінде жасалады. Терминдердің өзіндік жасалу жолдары, қалыптасу тарихы, термин жасамға қойылатын талаптар бар.Термин жасау барысында қолданылатын ұтымды тәсілдердің тағы бір жолы орыс тіліндегі терминдердің орнына түркі тілдес халықтардың терминдерін қолдану; орыс тілінде қолданылып келген терминдерді қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына, фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне сәйкес қазақша айту (дыбыстау) және жазу (мысалы: бутылка – бөтелке, конфет – кәмпит және т.б.); сөздерді біріктіру тәсілі бұл – терминжасамның ең өнімді тәсілдерінің бірі: ішастар, қолбасшы, көшбасшы және т.б.

Кез келген сала мамандары өз кәсіптері бойынша термин сөздерді жетік меңгергенімен, өз саласы бойынша қазақ тілінде кәсіби деңгейде жазатындар аз. Сондықтан да аударма жасау барысында ударма заңдылығы мен теориясы сақталмағандықтан, тафтология және  «калька» аудармалар жиі кездеседі.

Өзге тілдерден аударылған материалдарды оқу барысында білім алушыға   тілдікжәнежанрлық стильдік кедергілер кездеспеуі қажет, яғни, қабылдаушының ұлттық ерекшеліктері ескерілңп, назардан тыс қалмауы қажет. Қолданыстағы атаулар мен терминдік сөздердібіріздендіру жұмыстарын жандандырған жөн. Біріздендіру барысында  синонимдік қатарларды саралап, артығын алып тастау қажет. Сонымен қатар атауларды грамматикалық жағынан бірегейлендіру қажет. Бұл мәселеде де мамандар арасында ортақ пікірдің қалыптаспағаны белгілі.

Орыс тіліндегі соңғы түбірде жуан дауысты және жіңішкелік белгісімен аяқталатын сөздер негізінен өзгеріссіз қалады. Жіңішкелік белгісіне аяқталған сөзге қосымша жалғанғанда жіңішкелік белгісі түсіп қалады және қосымша жалғанады. Орыс тіліндегі түбірде жіңішкелік белгі жоқ сөздер қазақ тілінде де жіңішкелік белгісіз жазылады.

Мысалы: горизонтал, визуал, вокал.

Осыған ұқсас түбір сөздерге буын үндестігі бойынша жуан жалғанады, мысалы: визуальный – визуалды, горизонтальный – горизонталды, формальный – формалды.

Соңғы буында е, и, ю әріптері бар сөздерде жіңішкелік белгісі қойылмайды, мысалы: модел, профил, автомобил. Бұл сөздерге қосымша жіңішке жалғанады, мысалы: профилді, моделдің.

Қазақ тілінің ережесіне сәйкес жіңішке дыбысқа аяқталатын сөздерге тәуелдік жалғауы сөздің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарамай, тек қана жіңішке жалғанса, жіңішкелік белгісі түсіріліп қолданылады.

Міндетті түрде бірге жазылатын сөз сыңарлары: хана -   аурухана, асхана, әжетхана, емхана; аралық – көкірекаралық, омыртқааралық; ара – арақатынас, аражік; басы -  елбасы, дінбасы, әскербасы, дуанбасы; жанды -  еркекжанды, әйелжанды; жай – шипажай, жағажай, әуежай; хат – шақырухат, сенімхат; қап – жүрекқап, аяққап, өкпеқап; құмар – араққұмар, қанқұмар,мансапқұмар; тану – адамтану, өлкетану. Күрделі терминнің екі сыңары да дауыстыға аяқталған жағдайда олар «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігіне» сәйкес бірге жазылады. Мысалы: омыртқааралық, ауаүрлегіш.  Қазақ тіліне басқа тілдерден орыс тілі арқылы енген сөздерді дұрыс жазу үшін «Орфографиялық сөздікті» (Құраст.: Н.Уәлиұлы А.Фазылжанова, Қ.Кудерина, Ғ.Әнес), «Қазақ тілінің анықтағышын» (Авторы: Р.Сыздық – емле, тыныс белгілері, сөз сазы) басшылыққа алған жөн.

Осы еңбектерге сүйене отырып: нд, нз, нк, мп, мб, мт, кт, ск, вт, фт, пт дыбыстарына аяқталған орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілі қосымшалары ы, і дәнекер дыбыстары жалғанады; сс, лл, тт, пп, ст, кст, сть, зд, кк дыбыстарына аяқталған орыс тілі арқылы енген жалпы есімдер атау күйінде өзгеріссіз, оларға тек қазақ тілі қосымшалары жалғанғанда соңғы дауыссыз дыбыс түсіп қалады: класс – кластар, грамм – грамға; ь,ъ белгілері орыс тілінен енген және орыс тілі арқылы енген сөздерде ғана жазылады: объект, субъект.

Сөз тудырушы –қыш, -кіш, -ғыш, -гіш, -уыш, -уіш жұрнақтары терминжасамда өте көп пайдаланылады. Терминолог ғалымдардың пікірі бойынша бүкіл терминология саласын екі санатқа бөліп қарастыруға болады: денотаттық (заттық) кеңістік және сигнификаттық (ұғымдық) кеңістік. Осыған орай қазіргі кезде –қыш/-кіш, ғыш/-гіш, уыш/-уіш қосымшаларына жұрнақ қызметінен гөрі терминжасамдық қызмет тән, мысалы: таңғыш және т.б.  Егер термин заттық категория болса, онда –қыш/-кіш, ғыш/-гіш жұрнағы арқылы жасалуы тиіс, ал егер бұл  термин ұғымдық категория болса, онда уыш/-уіш жұрнағы арқылы жасалуы тиіс.

-лық/-дық/-тық жұрнағы тілімізде сын атауларынан гөрі, зат атауларын жасауда айрықша белсенділікке ие, барынша өнімді жұрнақ. Ал лы/-лі, ды/-ді, ты/ті жұрнақтары есім сөздерге жалғанып, сын атауларын туғызады.

1935 жылы профессор Қ. Жұбанов ұсынған терминжасамның принциптерінің 7 тармағында былай делінген: «сын есімдердің –ский, -ный жалғаулары алып тасталып, қазақша ықшамдалып жұмсалсын: популяр кітап, абсолют шама, бурзуаз идеалогия». Бұл принцип қазіргі тілдерде кеңінен үрдіс алып жүрген «тілдің үнемдеу заңдылығымен», терминжасамның «ықшамдылық заңымен» де үйлеседі.

Сын есімнен жасалатын терминдерді барынша ықшамдау қажет. Егер термин заттық категория болса, онда –қыш/-кіш, ғыш/-гіш жұрнағы арқылы жасалуы тиіс, ал егер бұл  термин ұғымдық категория болса, онда уыш/-уіш жұрнағы арқылы жасалуы тиіс. -лық/-дық/-тық жұрнағы тілімізде сын атауларынан гөрі, зат атауларын жасауда айрықша белсенділікке ие, барынша өнімді жұрнақ.Ал лы/-лі, ды/-ді, ты/ті жұрнақтары есім сөздерге жалғанып, сын атауларын туғызады.

Кез келген термин өз саласына қатысты белгілі бір ұғымдық, терминологиялық жүйені құрайтындықтан және сол жүйедегі оның орнын нақты айқындау мәселесі бұл жұрнақтардың қолданылу тәртібін реттеуді талап етеді.

Медицина саласына қатысты терминдерді аудару барысында егер де қазақ тілінде баламасы терминнің мәнін ашпаса, онда ол терминді латын тілінде қалдырған жөн. Бізде қалыптасқан үрдіс бар, терминді тек орыс тілінен аударамыз. Мәселен, грибок немесе грибковое заболевание дегенді саңырауқұлақ немесе саңырауқұлақ ауруы деп аударады. Қазақ тілінде саңырауқұлақтың өсімдік екенін бәріміз білеміз. Алайда саңырауқұлақ ауруы дегенді естігенде, «бұл қандай ауру?», – деген ойға қаламыз. Терминнің мағынасы ашылмаған. Онда латын тіліндегі нұсқасын беруге болады. Оның латынша атауы - «Микоз», демек, «саңырауқұлақ ауруы» емес, «микоз ауруы» десе барынша түсінікті болар еді. 

Терминжасам барысында терминдердің концептуалдық-семантикалық құрылымын анықтауда ұғым мен мазмұнға айрықша назар аударған жөн. Өйткені, терминнің концептуалдық-семантикалық құрылымы дегеніміз – белгілі бір ұғымдық сала иелерінің коммуникативтік байланысын қамтамасыз ететін тілдік бірліктердің лексикалық инвариянтты жүйесі.Концептуалдық-семантикалық құрылымды тіл жүйелері мен арнайы ұғымдар арасын байланыстыратын негізгі буын деп қарастыруға болады. Бұл арада тілмен тікелей байланыс мазмұнды аспект арқылы жүзеге асырылады.

Дерек көздері:

  1. А. Рақышев. Анатомия терминдерінің қазақша-орысша-латынша сөздігі. 1- бөлім. Алматы, 1963.
  2. Орысша-қазақша сөздік. Жалпы редакциясын басқарған Ғ. Ғ. Мұсабаев.1,2 томдар. Алматы, 1981.
  3. М. Исамбаев. Ш. Сәрсенова. Медицина терминдерінің орысша-қазақша сөздігі. Алматы, 1982.
  4. М. Мырзабеков. Орысша-қазақша медициналық сөздік. Алматы, 1995.
  5. Жандар Керімбектің Ермаханы. Тәнтану атауларының латынша-қазақша-орысша сөздігі. Алматы, 1996.
  6. А.Рақышев.Адам анатомиясының атласы, I-IV томдар,Алматы,2006.
  7. Ахметов Мұхамбедия Ахмет-Төре. Медицина терминдерінің сөздігі. Астана, 2005, 2008.
  8. А. Рақышев. Международная анатомическая номенклатура. Алматы , 2003, 2011.
  9. Қазақша-орысша , орысша- қазақша  терминологиялық сөздік, 14-ші томы , Медицина. Б. Шакенов, А.Құсайынов және т.б., 2014  (30 томдық терминологиялық сөздіктер сериалы, жалпы редакциясын басқарған М.Б.Қасымбеков, ғылыми жетекшісі А.Қ.Құсайынов), 525 бет, 33,3 ш.б.т 

Назым Төлеева ,

ҚР ДС Министрлігінің

Денсаулық сақтау саласында

 медициналық терминология комиссиясының мүшесі,

С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ

Терминологиялық комиссиясының бас сарапшысы