Түркі тілдері ХХғ. басынан бері халықаралық терминдермен оның ішінде латын негізді терминдермен толығып келеді. Кеңестік түркі тілдері орыс тілі арқылы енген интернационал терминдермен, түрік тілі ағылшын, француз тілінен тікелей енген терминдермен байыды. Кирил графикасындағы түркілердің кірме лексикасы, сөйтіп, орыс тіліндегі терминдердің өзі болып шықты. Сонда кірме лексика түркі тілдеріне жаңа дыбыс реңкін немесе жаңа фонема немесе бөгде дыбыс реңкін алып келді. Сөйтіп, орыс тілін (кеңестік түркілер үшін) немесе француз, ағылшын тілін (түрік тілі үшін) фонетикалық жағынан тез меңгертетін ортаға өз-өзімізді тап қылды. Ал кірме лексиканы түпнұсқа принципімен жазу, әсіресе орыс тілінің жазба тілін тез қабылдауға жағдай жасады деген сөз.
Кирил графикасына негізделген түркі тілдері әліпбилері орыс тілінен енген термин сөздерді бірізді жазу үшін орыс әліпбиін өзгертпей қабылдағаны белгілі. Бұл орфограмманың арнайы ұстанымы түпнұсқа принципі (цитаталық принцип) деп аталады. Латын графикасынан кирилшеге көшкендегі басты бір себеп те осы болатын.
Ал бүгінгі жазба тіл үшін «30 жылдардағы түркі тілдері кірме лексиканы латын әліпбиімен қалай жазды? Қандай негізді, басты қағидалар болып еді? Ол қағидалардың қайсысын біз, бүгінгі түркілер, жаңа латын графикасында пайдалана аламыз?» деген сауалдар маңызды болып отыр. Түркітанушылардың алғашқы басқосуы – Баку съезінде – кірме сөздерді орфограммалауға қатысты 2 түрлі көзқарас болғанын жоғарыда айтқанбыз:
Дегенмен, кейінгі ұстанымдарға назар аударсақ, екі бағытты көреміз. Біріншісі, кірме лексиканы ұлттық фонетикаға жұтылдыру, екіншісі, орыс тіліндегі айтылуына жақындату бағыты. Соңғысына ноғай жазуын мысалға алуға болады: ноғай жазуында орыс тіліндегі [ц] фонемасы үшін арнайы таңба алынған[3]. Сондай-ақ башқұрт, татар, өзбек графикасында бұл дыбыс сөз басында s, сөз ортасында ts-мен белгіленген. Тіпті сөз басында да, ортасында да ts-мен беру ұсынылғанын көреміз: tsirkul’.
Кірме сөздерді тілдің фонетикалық заңдылығына сәйкес қабылдау сингармонизм заңы сақталған түркі тілдерінде көбірек орын алуы тиіс деп ойлаймыз. Осыған байланысты, 1929ж. Қызылордада өткен қазақ білімпаздарының емле конференциясында көтерілген мәселелердің ішінде кірме сөздердің емлесі үлкен қиындық тудырғанын білеміз. Комиссия мүшелері ортақ пікірге келе алмай екіге бөлініп, Е.Омаров, Қ.Кемеңгеров, Т.Шонанов бастаған топ терминдерді фонетикалық жағынан игеріп жазуды ұсынса, Қ.Жұбанов, Байділдин, Әлібаевтар терминдерді орыс тілі емлесіне жақындатып жазуды жақтаған.
Сондағы алғашқы топтың кірме сөздерді фонетикалық жағынан игеру моделдері мынадай еді:
Қабылданған емле ережелерінің ескертуінде мынадай өзгеріс болды: “Применяя фонетический и морфологические принципы казахском языке в правописание иностранных слов, нужно избегать искажения основы иностранных слов, имеющее материальное значение без особой на то надобности” (Т.Шонанов)[8]. Бірақ Е.Омаров ережеге мынадай пунктің енуін қалайды: “для выяснения характерного применения вышеизложенных принципов к орфографии иностранных слов ориентироваться на европейские слова, непосредственно воспринятые живым народным языком с русским, а потом на слова перешедшие с арабского и персидского”[9]. Бұл ұсыныс-пікірлерден қазақ графикасы мен орфографиясының негізгі ережелерінің алғашқы нұсқасы сөз болып отырған емле конференциясында (1929ж) жасалғанын көреміз. Және басқа түркі халықтары да өз тілдеріндегі емле ережелерінің негізді дайындалғаны осы латын графикасы кезінде екенін айтып отыр.
Бірақ 1929ж. конференцияда Ресей білімпаздарынан қатынасқан Н.Ф.Яковлев терминдерді бағындырып жазуда сақтыққа, тіпті онымен күресуге шақырған-ды[10].
Осындай пікірлер ұлт білімпаздарының көзқарасына әсер етпей қойған жоқ. Мысалы, терминдерді орыс тілі арқылы игеріп жазуды, 1929 жылы емлені жасаған Т.Шонанұлы, Е.Омаровтардың алашордашылдығын олардың шет сөздерді сол түпнұсқа тілінде алайық деген ниетін даттаған С.Аманжолов; “Олардың ескі түрік тілін, қазақтың құнсыз сөзін көкке көтеріп, интернационалдық сөздерді сыртқа тебуімен күресу керек” [11] деген.
Сөйтіп, терминдерді орыс тілінің емлесіне нұсқап жазу Қазақстанда Қ.Жұбанов, С.Аманжолов тарапынан ұсынылды.
Ал кирил графикасында кірме сөз түбіріне жалғанатын ұлт тіліндегі қосымшалардың вариантын жалғау проблемасын әлі күнге дейін шешімін таппай келеміз. Башқұрт тілінде жюри, такси, шоссе, ателье сөздеріндегі соңғы дауысты башқұрт тіліндегі жіңішке дауыссызға қарағанда жуандау, тіл арты дыбыс болғандықтан бұл сөздерге қосымшаның жіңішке вариантын жалғауға болмайды, бұл процесс сингармонизм заңын бұзып келді деген пікір басым болды. Сондай-ақ калий, любилей, командир, министр, социализм сөздеріне жіңішке вариантты аффикс тілдің үндесім заңдылығын бұзады делінді. Өйкені сөйлеу тілінде бұл сөздерге жуан қосымша жалғанады. Осы сипатты жазуда да таңбалау керек еді дейді бүгінде башқұрт тіл жанашырлары. Және ғылим, тарих, таһир сөздері тіл арты дыбысталады: [ғылыйм], [тарыйх], [тахыйыр] сондықтан жуан қосымшаларды қабылдайды [12].
Ноғай, құмық, алтай, чуваш, саха тілдері тіпті терминдерді орыс тілі жұрнақтарымен қабылдағаны бар: социалистический революция, ленинский политика[13]. Ал қазақ тілінде қос дауыссызбен аяқталған орыс тілді түбір сөзге қосымша ы, і –дәнекері арқылы жалғанып, ашық буын санын көбейткен. Яғни 3 дауыссыз дыбыс қатар келмейді деген қағида ұсталған.
30жж. түрік тілін араб және парсы сөздерден тазарту реформасы - олардың орнына француз негізді сөздермен толықтырумен қатар жүрді. Мысалы, 1928 жылғы сөздікте француз тілінен енген сөз тек 1412 болса, 1939 жылғы сөздікте 1968 сөз, 1941 ж. – 2411, 1945ж. – 2482, 1955ж.с – 2500 сөз болды. Ал 2004 жылы басылып шыққан сөздікте 5757 француз негізді кірме сөз бар. Оның ішінде А әрпінен басталатын - 250, B – 236, C – 1, D - 290, E – 250, F-272, G -177, H -151, I – 129, J – 68, K – 670, L – 145, M – 495, N – 128, O – 204, P – 685, R – 265, S – 552, S – 87, T – 364, U – 29, V – 110, Y - 0 және Z әрпінен басталатын 9 сөз кірген болатын.
Халықаралық терминдерді енді делдал-орыс тілінсіз жазу бағытын ұстанып отырған кеңес түркілерінің орфографиясында кірме сөздердің жазылуы қабылдаған әліпби құрамына байланысты болайын деп отыр. Мысалы, қазақ орфографиясына қатысты төмендегідей ойларымыз бар.
Егер әліпби ауыстырудағы бір мақсат түпнұсқа принципімен алынған орыс алфавитінің әріптерін әліпби құрамынан шығару болса және оларды латын әріптерімен беру мүмкіндігі болмаса немесе аз болса, қосар әріп, диакритикалық таңбалармен бейнелеудің қажеттілігі жоқ. Сондықтан қазақ емлесінде
Түрік жазуында <ф> дыбысы келетін халықаралық терминдер f әрпімен таңбаланады: fabrika, faks, faksimile, faktȍr, fakulte, fabrikasiyon, familya, fanatik, fanatizm, fayans, faşist, fatalism, federasyon, federatif , feldmareşal, fizik, flora, flűt. Фонологиялық айырмасы жоқ һ, х дыбыстары бір таңбамен жазылған.
Сонда кирил графикасындағы мына әріптер жаңа қазақ әліпбиінде былай берілгені жөн:
Сөйтіп, халықаралық терминдер үндесімзаңына бағынып жазылғаны жөн. Олай етпесе орыс орфографиясының нормасына жүгіну қалмайды: химия - himie, физика - fizike, техника - tehnike, компьютер - kämpüyter, хоккей – käkkei болып жазылуы тиіс. Қазіргі терминдердегі жұрнақтардың көбі орыс тілі арқылы енген латын суффикстері екені белгілі. Мысалы, -ция - -sion/-tion деген латыннегізді жұрнақтар орыс тіліне presentation, construction, protection, (протекция), possession, conclusion, action деген сияқты сөздердің құрамында келген. -ist, -ism, -al жұрнақтары да pianist, physicist (физик), abstractionism (абстракционизм), criticism (критицизм) atheism, central, formal, official сөздерімен енген. Біз жаңа қазақ-латын жазуында түпнұсқа тілдегі жазылуы бойынша таңбаланғаны жөн деп ойлаймыз.
Ол түрік тіліндегі терминденуге де сәйкес келеді. Мысалы, түрік тілінде филологиялық терминдер я аударылады, я түпнұсқаға жақындатылып жазылады: мorfoloji, fonetik, fonem, grafikler, transkripsiyon. Түрік жазуында араб тілінен енген сөздер де үйлесім заңына бағындырылып жазылған еді: isbat/ ispat, müsbet /müspet, tesbit/ tespit, tesbih /tespih, takdim, takdir, tasdik, tekdir, takdisт.б.Арабша «abdu»сыңарымен келетін есімдер түрікшеде üдыбысы арқылы жазылады. Мысалы: Abdülkerim, Abdüsselam, Abdülmecit, Abdülkadir, Abdürrahim.[14]
Сонда қазақ тіліндегі жұрнақтар -ция, -изм емес, -sion, -ism болып жазылу және айтылу керек. Жалпы мұндайда тіл-тілдегі халықаралық терминдерге донор болған грек, латын тіліндегі түпнұсқаларға назар аударған жөн: philosophos, hypnos, kyklos, kylindras, programma, progressus, problema, philologos, cultura, codex, universitas, progressus, institutum. Сондай-ақ ағылшын тілі түпнұсқа болып табылатын сөздерге де: academia, bachelor, biology, botany, certificate, course, diploma, geography, geometry.
Жалпы әлемдік тәжірибе әліпбидің ұлттық сипаты болуы үшін кірме сөздерді әліпби шегінде таңбалау керектігін көрсетіп отыр. Сондықтан қазақ жазуы латын әліпбиін қабылдап, кірме сөздерді орыс орфографиясымен жазуды тоқтатады деген сеніміміз бар. Ойымызды белгілі ғалым Н.Уәлидің сөзімен тұжырымдасақ: «Әлгіндей сөздердің жазылуын басқа «бейтаныс» кодқа салып жазсақ, реципиенттің қабылдауы басқаша болады: őperătϊr (оператор), űnіversitet, klăster т.б. Сөйтіп, санадағы стереотипті, психологиялық бөгетті айналып өтеміз. Сондықтан жазудағы бет-бағдарымызды түзеудің жолы – латын әліпбиіне көшу» [15].
Сөйтіп, қорытынды сөзді тағы проф. Н.Уәлидің осы тақырыпқа қатысты маңызды жинақта айтылған «Тұжырымдама жобасынан» алып аяқтаймыз: «Кеңестік тоталитарлық саясаттың салдарынан қазақ тілін тұтынушылардың санасында кирилл жазуына негізделген қазіргі қазақ әліпбиінде орыс тілінен енген кірме сөздерді еш өзгеріссіз қабылдау және өзіндік айтылым нормасына бейімдемеу сияқты теріс стереотиптердің қалыптасуына себеп болды. Бұл қазақ орфографиясы мен орфоэпиясын «қосамжарлық» дағдарысына, сондай-ақ қазақ сөйленісіндегі үндесім қағидасының бұзылуына, яғни тек сөзде не сөз тіркесінде ғана емес, бүтін сөйлем құрамында ғасырлар бойы тілдік сөйленістің эстетикалық дыбысталу категориясын қалыптастырған дыбыстық үндесім, сингармонизм заңдылығының бұзылуына әкеп соқтырды. Осылайша, өзге тілден енген кірме сөздердің ұлттық мәнеріне бейімделудің тілдік тетігі (механизмі) көптеген жылдар бойы сыртқы тілдік емес факторлардың күші арқылы тежеліп отырды. Жаңа графикаға көшу жобасы осы стереотип мәселесін шешу керек және өзге тілден енген кірме сөздердің тілге бейімделу тетігін өз күшіне енгізу керек»[16].
Жаңа латын әліпбиі: терминдер орфограммасы. Латын графикасын қабылдаудағы лингвистикалық түркіжайттардың бастысы кірме терминдерді түркі тілдерінің өзіне тән дыбыстау мәнерімен жазу және айтуға дағдылану болады деп қорытындыладық. Сондықтан біз төменде кірме терминдерді игеріп жазу механизмін жобалап көреміз.
Алдымен, мына бір мәселені айқындап алғанымыз жөн. Халықаралық терминдерді тағы да делдал тіл - орыс тілі арқылы игеріп жазамыз ба, әлде түпнұсқа тілдегі вариантымен таңдалаймыз ба? Бұл сауал 1929ж. латын графикасын қабылдардағы басты сауал болғаны жоғарыда айтылды. Қазақтың ұлттық әліпбиін жасаушылар көбіне терминдердің түбірі түпнұсқа тілдегі жазылуына сәйкес болуды ұсынды: “А это значит, что мы от иностранных слов берем основу, имеющую материальное значение, с подчинением всех морфологических и других наращений этой основы свойствам казъязыка” (Т.Шонанұлы)[17]; “Применяя фонетический и морфологические принципы казахском языке в правописание иностранных слов, нужно избегать искажения основы иностранных слов, имеющее материальное значение без особой на то надобности” (Т.Шонанов)[18]. Осы ұстаным қабыл алынбаған алғашқы түркі-латын жазуының орфографиясындағы кейінгі қиындықтар бізге белгілі. Сондықтан, біздің ойымызша, халықаралық терминдердің делдал тілсіз жазылуы негізді. Дегенмен біз төменде орыс тілі арқылы енген сөздердің орфограммалануын да және түпнұсқа тілдегі тұрпатымен орфограммалануын да қарастырып көрдік.
Орыс тілі арқылы енген терминдердің денінде жіңішкелік белгісі бар. Жіңішкелік белгі - орыс тілінде өзінің алдындағы дауыссыздың жіңішке мәнермен айтылатынын білдіру үшін алынған маркер. Ал түркі тілдерінде дауыссыздың жіңішке айтылатынын көрші дауысты анықтайды, яғни жіңішке езілік дауыстының әрпі өзінен кейінгі не өзіне дейінгі тұрған дауыссызды жіңішке езулік тембрмен, жуан езулік дауыстының әрпі өзінен кейінгі не өзіне дейінгі тұрған дауыссызды жуан езулік мәнермен айтқызады. Сол сияқты жіңішке еріндік дауыстының әрпі өзінен кейінгі не өзіне дейінгі тұрған дауыссызды жіңішке еріндік тембрмен, жуан еріндік дауыстының әрпі өзінен кейінгі не өзіне дейінгі тұрған дауыссызды жуан еріндік мәнермен дыбыстатады. Сондықтан дауысты әріп таңбасымен қоса жіңішкелік белгінің жазылу / жазылмауы артықтық етеді.
Осыған орай түбірі жіңішкелік белгісімен аяқталған сөздердің соңғы буынында жіңішке дауыстылар болса, сөз бейүндес болса да жазыла береді не болмаса соңғы буын жіңішке дауыстымен алмасуын жөн деп ойлаймыз (қазақ тілі вариантында):avtomöbil, ӓlbom, аptоmöbilşi, аkrapöl, alkagöl, dübil, dübel, ansambil, аrtel, аrtikil, аyerоzöl, bаrel, vestіbül, karamel, kafel, kegl, kisel, kаbil, kаrusel, kremil,kitel, kinӓz, kоbzӓr, kаktel, kаröl, mаgistrӓl, kvadrupӧl, festivӓl, mаdemuӓzel, seperаbel, slesӓr, stil, mergil, mitkӓl, modӓl, dizel, sirkül, sokol, şprengel, ştepsel, ştil, eml, portfel , trufel, yakir, yantär, rentabel, royäl, emäl, panel, parallel, paskäl, patrül, pedäl, peristil, piksel, prisel, profil, rigel, rül, model, modül, moräl, niväl, nikel, parallel, paröl, slesär, spektäkl, spiräl, stil, tabel, tül, gаltel, gydrozöl, gorizontäl, gospitäl, deksel, gril, dizel, dirijäbil, duel, kabelт.с.с.
Сөздердің бейүндес жазылуына не себептен жол беріп отырмыз? Біріншіден, орыс тілі орфоэпиясымен айтып, орфографиясымен жазып дағдыланып алған қолданысты бірыңғай жіңішке тембрге айналдыру, соңғы буынға дейін ә дыбысымен сөйлеу қазақ тілінің өзіне тән фонетикалық ерекшелігіне де сай келмейді. Бұл соңғы буында ә әрпі жазылмайды деген ережеге қайшы емес. Себебі соңғы буындағы ә әріптері дауыссыздың жіңішке айтылатынын білдіреді. Екіншіден, сөз соңындағы дауыстының жіңішкелігі жуан басталып, жіңішке аяқталатын бейүндес жазылған сөзді бірыңғай орта тембрмен, яғни жіңішке де, жуан да емес мәнерде айтқызады.
Сөз түбірінде жіңішкелік белгі жоқ, тек орыс тіліндегі қосымшасында жіңішкелік белгі болған сөздер жуан реңкпен аяқталады:idealdı, industrialdı, koaksialdı, kommunaldı, konseptualdı, terminal, universal, formal, frontaldı, fundamentaldı, funksional, ekzistensialdı, eksperimental, eksponensial, ekstremal, epitaksial, nominal, normal, diagonal, kapsul,şturval, differensial, oktupol, ortogonal, poligonaldı, potensial, proporsional, radial, vіrtualdıт.с.с. Бұл орфограмма қазіргі кирил-қазақ орфографиясында бар.
Орыс тілі арқылы енген кірме сөздердегі э әрпінен басталатын сөздер е әрпіне алмасады: электрик сөзі electriк болып жазылса, оның себебі француз тілінде electrique «көкшіл сұр түс» дегенді білдіреді, эмиссия сөзі - emissio болып жазылса, себебі латын түпнұсқасында emissio «шығарылым», энергия - energia, себебі грек түпнұсқа тілінде energeia «әрекет», экспорт сөзі export, себебі латын түпнұсқасында exporto «шығару», экология сөзі грек түпнұсқасында oikos "отан, үй", ekölögi түрінде жіңішке жазыла алады, экономика сөзі еkönömike болып таңбаланса, оның себебі грек түпнұсқасында oikonomike «үй шаруасын жүргізу өнері» болып, жіңішке мәнермен аяқталады. Мұндағы с, х таңбаларының қазақ әліпбиінде болмаған мазмұнда, яғни к және кс болып дыбысталуы ағылшын тілін білетін бүгінгі қазақтілділердің санасында қарсылық тудыра қоймайды.
Ал мына терминдердің қазіргі орфограммасы түпнұсқаға сай екен: аппарат (лат. apparatus «құрал-жабдық»), генератор (лат. generator «шығарушы»), аккумулятор (лат. accumulator «жинаушы»), комбинат (combinatus «біріккен»), бюджет (ағыл. budget мемлекеттік табыс пен шығынның нәтижесі»), мобиль (лат. mobilis «жеңіл қозғалатын»), трасса (нем. trasse «сызық, жол бағыты»), коммуникация (лат. communicatio ортақ қылу, байланыстырамын, сөйлесемін»), терапия (грек. therapeia «емдеу»), инсульт (лат. insulto- «секіру»), фракция (лат. fractio – «опыру»), редакция (лат. redactus «қалыпқа келген»), операция (лат. operatio «қозғалыс»), брифинг (ағыл. briefing «қысқа»), парламент (ағыл. parliament), миллиард (франц. Milliard «мың миллиондаған»), департамент (франц. departement), импорт (лат. importo «кіргізу»), инвестиция [нем. investition ], банк (итал. “banco” –«үстел»), сессия - (лат. sessio «отыру; қозғалыссыз»), партия (фр. parti бөлік, топ), раунд [ағыл, round], министр (франц. ministrе), форум (лат. forum «политикалық орта»), депутат (лат. dēputātus, «бағала, арна, қосымша жаз»), металл (лат. metallum), комитет (франц. comité), конференция (лат. conferentia «бір жерге жинау»), транзит (лат. transitus «өту»), президент (лат. praesidens «елбасы»), федерация (лат. foederatio «бірігу»), конгресс (лат. congressus «кездесу, жиналу»), ядро (jędrо), республика ( лат. rēs рūbliса «қоғамдық жұмыс»), газ (нидерл. gas), премьер (фр. premier «бірінші»), ассамблея (франц. assemblée «жиналыс; ассамблея»), студент (лат. studens «тырысушы»).
Орыс тілі арқылы енген -ция жұрнағы латын тіліндегі tio жұрнағының дыбысталуы арқылы пайда болған. Егер жаңа-латын графикасында ц әрпін таңбаламасақ, бұл дыбысты не /т/ не /с/ ретінде игеруге негіз бар: федерация cөзін federation (лат. foederatio «бірігу»), медицина сөзін medicіna (лат. medicīna), инвестиция сөзін investition [нем. investition], фракция сөзін fraction (лат. fractio «опыру»), операция сөзін operation (лат. operatio «қозғалыс»), коммуникация cөзін communication (лат. communicatio ортақ қылу, байланыстырамын, сөйлесемін») түрінде түпнұсқаға сай жазуға болады. Бұл дүниежүзі тілдеріне ортақ сөздердің идеограмма түрінде бірден танылуын, оқылуын жеңілдетеді.
Авторы: Құралай Күдеринова, Сулейман Демирель атындағы университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы