Кез келген сөздіктің жасалуы кешенді түрде атқарылатын үлкен ғылыми мәселе, ал ұлттық тілдің аударма терминологиялық сөздігін түзу – әр уақытта ұлттық тілдің ғылыми тілдік өміріндегі елеулі оқиға болып табылады. Тарихи тұрғыдан қарастырар болсақ, ол көбінесе тарихи және ұлттық сана-сезімнің өсу кезеңімен, ұлттың қалыптасуымен, әдеби тіл мен оның нормасының тұрақтануымен байланысты келеді екен.
Халық ағарту комиссариаты білім кеңесінің терминология комиссиясы 5000 дана таралыммен 1931жылы тұңғыш рет кирилл-латын графикасында жазылған «Атаулар сөздігін» шығарды [1]. Сөздікте филология, физика, заң, психология сияқты түрлі ғылым салаларына қатысты 8000 термин берілген.
Осы сөздік туралы 1934 жылы жазған рецензиясында А.Самойлович «Мен 1932 жылдың аяғында Қазақстанның астанасы Алматыда болғанымда бұл сөздік таптырмайтын (был библиографической редкостью) еді» [2] – дейді.
«Атаулар сөздігі» Алаш зиялыларының ұлттық терминологиялық қорды қалыптастыруда ұстанған қағидаттарына сәйкес жасалған соңғы басылымдардың бірі болғандықтан оны қайта бастырып шығарып, мамандардың, зиялы қауымның назарына ұсынуды ф.ғ.д., проф. Ш.Құрманбайұлы мен О.Жұбаева қолға алып, қазіргі кирилл жазуымен 2004 жылы кітап етіп 2-басылымы ретінде қайта бастырып шығарды [3].
Терминтанушы Ш.Құрманбайұлының көрсетуінше: «Қазақ терминографиясының тарихында өзіндік орны бар «Атаулар сөздігі» өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы термин шығармашылығы мен терминологиялық сөздік түзу ісінің кезеңдік келбетін, терминология комиссиясы жұмысы мен алаш зиялыларының ұлттық терминқор қалыптастыруда ұстанған ұстанымдарын көрсететін нақты тілдік-тарихи дерек.» [3].
ХХ ғ.басындағы әрі аударма, әрі терминологиялық сөздіктің қажеттілігі туралы «Атаулар сөздігінің» «Бір-екі сөз» деген кіріспеcінде былай келтіреді: «әr-bir çeke çazuvcьlar ґz qolьna ustap otьratьn, çaŋa өmіrdіŋ tilin izdedi, pәn atavlarьna tus-tustan surav kөbejdi, onьŋ muqtaçdьģь kуn sajьn asa berdi. zьmьragan ucqьr өmir kуnbe-kуnģi kerekke çumsavģa dajьn turģan til qaruvьn kerek qьldь. oj eŋbeģindegi eŋqьjьn istiŋ biri sөzdik tizуv».
Қазақ тілі біліміндегі алғашқы терминологиялық сөздіктердің бірі ретінде латын графикасында жазылған «Атаулар сөздігінде» ұлттық тілдің метатілі және әлем туралы Алаш білімпаздарының білімдері жүйеленіп берілген. Бұл білімдер аясы сөздіктің түріне, сөзтізбенің көлеміне, лексикографиялық материалдарды беру тәсілдеріне, сөздік мақаланың құрылымына байланысты жүйелі түрде келтірілген.
Дыбысталуы бойынша жазылған:
Кирилл жазуымен берілген орыс сөздері |
Латын жазуымен берілген қазақ сөздері (1931 ж.) |
Бүгінгі кирилл жазуындағы қазақ сөздері |
Автомобиль |
Aptamabel |
Аптамабел |
Автономия |
Aptonomije (qurrijat-sajasij erkindik) |
Аптономійе (құрыйат-сайасій еркіндік) |
Аллюминий |
Әlymen (metal zatь) |
Әлүмен (метал заты) |
Бенефис |
Benepis |
Бенепис |
Бухгалтер |
Buģaltьr |
Бұғалтыр |
Газ |
Ġaz |
Ғаз |
Жонглер |
Çөŋgiler |
Жөңгілер |
Журналист |
Çornalcь (әdebijetci) |
Жорналшы (әдебійетші) |
Закон |
Zaŋ, zәkөn |
Заң, зәкөн |
Индустрия |
Уndistire (өnerli kesip) |
Үндістіре (өнерлі кесіп) |
Партия |
Partьja |
Партыйа |
Пародия |
Paradije (elik) |
Парадійе (елік) |
Синоимдік қатармен берілгендер:
Кирилл жазуымен берілген орыс сөздері |
Латын жазуымен берілген қазақ сөздері (1931 ж.) |
кирилл жазуындағы қазақ сөздері |
Базис |
Typ tirev, tirek (ujьtqь, bazьs) |
Түп тіреу, тірек (ұйытқы, базыс) |
Вдова |
Tul, çesir |
Тұл, жесір |
Владелец |
Bijlevci, ije |
Бійлеуші, ійе |
Внимание |
Eltijpәt, nazar |
Елтіипат, назар |
Гарантия |
Senim, vәde, kepil |
Сенім, уәде, кепіл |
Дворец |
Saraj, orda |
Сарай, орда |
Дерматолог |
Teri avruv mamanь (teri dәrigeri) |
Тері ауру маманы (тері дәрігері) |
Должность |
Qьzmet, orьn |
Қызмет, орын |
Жилище |
Baspana. yj |
Баспана, үй |
Жақша («қоршаудың») ішінде қазақша түсіндірмесімен берілді:
Кирилл жазуымен берілген орыс сөздері |
Латын жазуымен берілген қазақ сөздері (1931 ж.) |
кирилл жазуындағы қазақ сөздері |
Диктофон |
Dәktapon (sөz çazatьn aparat) |
Дәктапон (сөз жазатын апарат) |
Ультиматум |
Уltimәtim(kesken sert) |
Ултимәтім (кескен серт) |
«Атаулар сөздігіндегі» аудармалар бүгінгі уақытта да өз мәнін жоймай сол қалпында қолданылып келеді:
Кирилл жазуымен берілген орыс сөздері |
Латын жазуымен берілген қазақ сөздері (1931 ж.) |
кирилл жазуындағы қазақ сөздері |
Заработок |
Tabьs |
Табыс |
Заработная плата |
Çalaqь |
жалақы |
Заседание |
Mәçilis |
Мәжіліс |
Индивидуальное кредитование |
Çeke nesije beryv |
Жеке несійе берүу |
Индивидуальное хозяйство |
Çeke caruva |
Жеке шаруа |
Интеллигенция |
Zьjalьlar |
Зыйалылар |
Исследование |
Izerttev |
Ізерттеу |
Копия |
Kөcirme |
Көшірме |
Кредит |
Nesije |
Несійе |
Культ |
Tabьnuv |
Табынұу |
Культура |
Mәdenijet |
Мәденійет |
Лектор |
Dәrisci (lektir) |
Дәрісші (лектір) |
Лекция |
Dәris |
Дәріс |
Наемный труд |
Çaldama eŋbek |
Жалдама еңбек |
Налог |
Salьq |
Салық |
Научно-исследовательский институт |
Ġьlьmdь zerttev уnisteti |
Ғылымды зерттеу үністеті |
Гражданин |
Azamat |
Азамат |
Выставка |
Kөrme |
Көрме |
Герб |
Taŋba |
Таңба |
Отдел |
Bөlim |
Бөлім |
Печатный лист |
Baspa tabaq |
Баспа табақ |
Пианино |
Kуj sandьq (pijәnijno) |
Күй сандық (пійәнійно) |
Пиктография |
Syvret çazuv |
Сүурет жазұу |
Помада |
Dalap |
Далап |
Представитель (уполномоченный) |
Өkil |
Өкіл |
Президент |
Pirzijdent (topbasь) |
Пірзійдент (топбасы) |
Экватор |
Beldev |
Белдеу |
Бұрыннан бар сөздердің мағыналарын жаңғырту арқылы жаңа сөзге балама табу:
Кирилл жазуымен берілген орыс сөздері |
Латын жазуымен берілген қазақ сөздері (1931 ж.) |
кирилл жазуындағы қазақ сөздері |
Термин |
Pәn sөzi (atav) |
Пән сөзі (атау) |
Заседатель |
Qoscь bij |
Қосшы бій |
Контрабанда |
Buqpa savda (urlap өtkizyv) |
Бұқпа сауда (ұрлап өткізүу) |
Контрабандист |
Buqpa sәvdeger |
Бұқпа сәудегер |
Космополитизм |
Әlemdi syjyvcilik |
Әлемді сүйүушілік |
Курорт |
Davalь çer (kyrert) |
Дауалы жер (күрерт) |
Лейкемия |
Aq qandьlьq |
Ақ қандылық |
Объявление |
Çarnama |
Жарнама |
Демократия |
Buqara (demәkirәtije) |
Бұқара (демәкірәтійе) |
Букет |
Desteli gyl |
Дестелі гүл |
Гимн |
Quvanьc kyji |
Қуаныш күйі |
Парашют |
Qalьtqь |
Қалытқы |
Партизанская война |
Alaman soģьsь |
Аламан соғысы |
Патриарх |
Aqsaqal |
Ақсақал |
Показатели конъюнктуры |
Narьq kөrsetkic |
Нарық көрсеткіш |
Поле сознания (психол.) |
Oj kөlemi (sana өrisi) |
Ой көлемі (сана өрісі) |
Председатель |
Aģa |
Аға |
Рецензия |
Qьsqa sьn |
Қысқа сын |
Феодализм |
Bek dәviri |
Бек дәуірі |
Бір сөзден туындаған сөздерге әр түбірдегі сөздердің берілуі:
Кирилл жазуымен берілген орыс сөздері |
Латын жазуымен берілген қазақ сөздері (1931 ж.) |
кирилл жазуындағы қазақ сөздері |
Алкоголь |
Esirtkic |
Есірткіш |
Алкоголик |
Araqqor |
Араққор |
Идеал |
Arman |
Арман |
Идеализм |
Muratcьlьq |
Мұратшылық |
Сөз тудырушы жұрнақтардың берілуі:
Кирилл жазуымен берілген орыс сөздері |
Латын жазуымен берілген қазақ сөздері (1931 ж.) |
кирилл жазуындағы қазақ сөздері |
Алкоголик |
Araqqor |
Араққор |
Дарвинизм |
Dәrbin çolь |
Дәрбін жолы |
Демократизм |
Buqaracьldьq |
Бұқарашылдық |
Идеализм |
Muratcьlьq |
Мұратшылық |
Идеалист |
Muratcьl |
Мұратшыл |
Историзм |
Tarьjqсьlьq |
Тарыйқшылық |
Лингвистика, филология ғылымдарының атау сөздері (терминдері):
Кирилл жазуымен берілген орыс сөздері |
Латын жазуымен берілген қазақ сөздері (1931 ж.) |
кирилл жазуындағы қазақ сөздері |
Диалектология |
Dijәlektalogije (til өzgerisin zerttеjtin ģьlьm) |
Дійәлекталогійе (тіл өзгерісін зерттейтін ғылым) |
Значение |
Mәn, mәnis, maģьna |
Мән, мәніс, мағына |
Иносказание |
Ьcara sөz |
Ышара сөз |
Лексика |
Sөz keni |
Сөз кені |
Лексикография |
Sөz kenin әliptev |
Сөз кенін әліптеу |
Лексикология |
Sөz kenin tekseryv ģьlьm |
Сөз кенін тексерүу ғылым |
Лексикон (словарь) |
Sөzdik |
Сөздік |
Лингвистика |
Til ģьlьmь |
Тіл ғылымы |
Литературный язык |
Әdebijet til |
Әдебійет тіл |
Логическая речь |
Aqьl sөzi |
Ақыл сөзі |
Локальный (местный) |
Çergilikti, orьndaģь |
Жергілікті, орындағы |
Наречие |
Уstev |
Үстеу |
Неологизм |
Çaŋa sөzcildik |
Жаңа сөзшілдік |
Отглагольное имя |
Esimce |
Есімше |
Падеж (грам.) |
Çalģav |
Жалғау |
Пассив |
Pәssip |
Пәссіп |
Периодическая речь |
Ьrģaq sөz |
Ырғақ сөз |
Перифраз |
Bykpelev |
Бүкпелеу |
Плеоназм(литер.) |
Qos-qabattav (cьbatpa) |
Қос-қабаттау (шыбатпа) |
Подлежащее |
Bastavьc |
Бастауыш |
Подчинение (грамм.) |
Baģьnuv, baģьnbalь |
Бағынұу, бағынбалы |
Полемика |
Ajtьs, talas |
Айтыс, талас |
Сөздіктің кіріспе сөзінде «Бұл құрастырылған пән сөздерінде талай кемшіліктер бар. Үйткені әр ғылымның тарауынан өзіне жүйрік кісілер шықпай, пән сөзі түзелмек емес» атап көрсеткеніндей балама табудағы ауытқушылықтар мен сәйкессіздіктердің орын алуы да табиғи нәрсе:
Кирилл жазуымен берілген орыс сөздері |
Латын жазуымен берілген қазақ сөздері (1931 ж.) |
кирилл жазуындағы қазақ сөздері |
Кофе |
Kөpi (caj) |
Көпі (шай) |
Крокодил |
Ajdahar |
Айдаһар |
Область (науки) |
Çуz |
Жүз |
Обаяние |
Alapat |
Алапат |
Охота |
Aŋ |
Аң |
Персик |
Temir tiken |
Темір тікен |
Овощи |
Çasьl |
Жасыл |
Тезис |
Turlav |
Тұрлау |
Юмор |
Quvlьq |
Қулық |
Сөз үнемі үздіксіз өзгерісте болатындықтан, оның бүгінгі сөйлеушілердің қабылдауындағы мағынасы өткен 85 жыл бұрын берілген мағынасымен сәйкес келмеуі заңды құбылыс.
2004 жылы шыққан басылымның кіріспе сөзінде Алаш терминқорын зерттеуші Ш.Құрманбайұлы «Атаулар сөздігі» туралы жазылған мақалар мен рецензияларда айтылған сын ескертпелер, ұсыныстарды жан-жақты талдап, сол кезеңдегі қоғамдық-саяси жағдайдың Сөздікке тигізген әсерін түсіндіре келе былай дейді: «Сол жылдары осы сөздікке тікелей және жанама қатысты бар жарияланған материалдарды қарап отырсақ, көпшілігінде сөздік түзушілердің ұстанған қағидаттарына байланысты мақсатты түрде сын айту, мәселеге саяси, әлеуметтік-таптық тұрғыдан баса мән берілгендігі байқалады. Сөздіктің жақсы жақтары, жетістіктері ауызға алына бермейді. Сөздік туралы пікір білдіргендердің оның сапасы, келесі басылымы жақсарсын деген ниеттен гөрі оны түзуші авторлардың ұстанып отырған бағытының бұрыстығын, ендігі жерде қазақ терминолгиясын бұл бағытта дамытуға болмайтынын дәлелдеуге бейілді екендігі айқын аңғарылады. Сондықтан да сөздіктің жақсы жақтары туралы айтылмай, кемшіліктер ғана теріліп, біржақты сынға жол беріледі. Терминологиялық комиссия жұмысының жетістіктері жөнінде де сөз болмайды. Керісінше, олар комиссияның солақай саясат ұстанған алашшыл, ұлтшыл, пуристерден құралғандығын, социалистік қоғамға зиянды жолға бастап отырғандығын дәлелдеу арқылы, ендігі жерде жарқын болашаққа апаратын бағытты таңдай отырып, терминологиялық жұмыстардың жаңа арнаға бұрылуы керектігін айрықша атап өтеді», – дей келе: «Шын мәнінде сол жылдары мұндай терминдер сөздігінің басылып шығуының өзі елеулі оқиға еді» [3] – деп жоғары бағалайды.
Қорыта айтқанда, «Атаулар сөздігі» ұжымдық сананы көрсететін ғылыми еңбек ретінде ХХ ғ. басындағы қазақ қоғамның мәдени, ғылыми, тілдік өмірінде айрықша орын алды.
Әдебиеттер тізімі:
Атаулар сөздігі. Латын графикасынан кириллицаға көшіріп, сөздікті баспаға дайындағандар: Шерубай Құрманбайұлы, Орынай Жұбаева. Алматы: Сөздік-словарь, 2004. 2-басылымы.