Қазақ тіліндегі терминжасам мәселелері

Қазақ тіліндегі терминжасам мәселелері

Терминдердің осы уақытқа дейін орыс немесе басқа тілдерден кірігіп, тіліміздің терминдік қорын байытып келгені белгілі. Осыған байланысты соңғы ұлттық тіл мәселесіне, сонымен бірге ұлттық терминдерді қалыптастыруға мықтап ден қоюымызға орай тіліміздегі сөздер мен терминдердің көпшілігі шама-шаркынша қазақ тіліне аударыла бастады.

Дегенмен, терминдер мен сөздердің көпшілігінің қазақ тіліндегі нұсқасы әлі де үйлесімді қолданыс таба алмай жатыр. Олардың бірқатары қазақ тілінде қолданысқа ие болып, қалыптасып үлгерсе, енді басқалары сынға ұшырап, кеңінен қолданыс таппай, тілдік қорымызда әлі де қалыптаспай отыр. Осыған байланысты осы жағдайлардың себептері неде, кей аудармалардың қалыптасып, кей нұсқаларының қалыптаспай, қолданыс таппай отыруының себебі неде, олардың қалыптасуына немесе қалыптаспауына әсер етуші қандай ықпалдар бар, неге өзге тілдердің терминдері мен кірме сөздері тілімізде қалыптасып, қолданыс тауып кетуге бейім, неге аударма терминдер жасауға мәжбүрміз, ана тіліміздегі сөздер шын мәнінде термин жасауға, басқа тілдің сөзін аударып беруге икемсіз бе деген сияқты жан-жақты заңды сұрақтар өз-өзінен туындайды.

Бір жағынан, аталған сұрақтар қарапайым сұрақтар сияқты болып көрінуі мүмкін. Екінші жағынан, бұл сұрақтардың жауабы ғылыми негізді, дәйекті тұжырымды қажет етеді. Біздіңше, негізінен бұл сұрақтардың жауабы терминжасам мен тілдік процестерге әсер етуші факторларға, ықпал етуші сыртқы күштерге байланысты. Сондықтан аталған сұрақтардың жауабын осындай әртүрлі факторларды қарастыру арқылы табуға болатын сияқты. Мүмкіндігінше аталған ықпал етуші күштерді қарастыра отырып, жоғарыдағы сұрақтарға жауап іздеуге ұмтылып көрейік.

Негізінен бұл мақсатта анағұрлым ілгері дамығандықтан, орыс тілі терминологиясындағы немесе орыс тілі арқылы аударылып берілген басқа тілдің терминологиясындағы ғылыми еңбектерге сүйенетініміз ақиқат. Ал бұл сияқты еңбектерде термин қалыптастыру үрдісіне әсер етуші факторлар жөнінде соншалықты маңызды пікірлер жоқ. Терминологиясы дамыған тілдерде ондай мәселе жоқтың қасы деуге болады. Орыс терминологиясына өзіндік үлестерін қосқан А.А.Реформатский [1:46], А.В.Суперанская [2:58], В.П.Даниленко [3:92] сияқты белгілі ғалымдардың еңбектерінің өзінде аталған тақырыпқа қатысты ойлар қозғалмайды. Бұлай болуы заңды да. Өйткені басқа тілдің терминологиясында бұл сияқты мәселелер маңызды мәселелердің қатарына жатпайды. Ал даулы мәселе болмаған жерде ол бағытта ғылыми ізденістің болмайтындығы да шындық. Бұл біздің аталған сұраулардың шешуін өз мүмкіндігімізше және жалпы тілдік теориялар негізінде топшылауымызды қажет етеді. Сонымен, қандай себептер бар?

Біріншіден, біздіңше, ұлттық ғылымды дамытуға деген ғылыми механизмнің дұрыс жолға қойылмай отыруының өзі осыған әсер етуші бірден-бір негізгі күш. Себебі, ұлт тілінде тың ғылыми жаңалықтардың реті аз болғандықтан, мұндай жаңалықтар ашатын еңбектердің дені қазақ тілінде жазылмағандықтан, қазақ тілінде жаңа термин жасалмайды. Ш.Құрманбайұлы "Ендігі жерде мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі өзінің ғылым саласындағы қызметін толық атқаруға көшуге тиіс. Ол үшін терминжасам тәсілдері іске қосылып, үздіксіз жетілдіріп отыруымен қатар, термин жасауда пайдаланылатын лексика көздері анықталып, олар термин шығармашылығында тиімді пайдаланылуы қажет" [4, 95], - деп көрсетеді

Өз ғылыми жаңалықтарымызды біздің ғалымдар алдымен өзімізде емес, өзге елдерде дәлелдеуге тырысады. Соның негізінде өзге елдің тіліне бейім термин жасалады. Былайша айтқанда, ұлттық термин жасауға әсер етуші фактор — дұрыс жолға қойылған ғылымның даму механизмі. Оның үстіне, біз жаңа ұғымдар жасауға соңғы жылдардың үрдісінде бейімделмегенбіз. Соның арқасында тіліміздің мүмкіндігін пайдалану сияқты әрекеттерден мүлдем айырылып қалғанбыз деуге болады.

Келесі әсер етуші күш - ұлттық психология. Себебі психологиямыздың орыстанғаны соншалық, жаңа жасалған ұлттық терминдерді қабылдауға, дұрыс түсінуге қабілетсізбіз. Яғни, қазақы ұлттық психологиядағылардың өзіне орыс психологиясының көптеген элементтері сіңген. Ал, орыс тілділер жөнінде сөз қозғаудың өзі артық. Ұлттық психология болмаған жерде өз тілімізде жаңа сөз жасап, оны қабылдай алмаймыз. Яғни, ұлттық терминжасаудың келесі көзі — ұлттық психология. Ұлттық психология болмаған жерде терминдер ғана емес, жаңа сөздердің өзін дұрыс қабылдап, қолданысқа енгізе алмайтын боламыз. Бір ғана мысал, осы уақытқа дейін, тіпті, әлі күнге дейін біздің түсінігімізде неологизм сөз дегеніміз тек өзге тілден енген сөздер болуы керек сияқты болып тұрады.

Үшіншіден, ұлттық психологиямен байланысты келесі әсер етуші фактор — ұлтжандылық, отаншылдық қасиеттер. Бізде қандай дәрежеде екендігін айту артық болар. Бұл қасиеттер ұлттық терминжасамның ғана емес, ұлт тілінің де алдында тұрған проблема. Ал бұған кері әсер ететін орыс тілділеріміз тағы бар. Қалыптасқан сөздік, терминдік қолданыстарды саналы түрде қолдануға өзімізді-өзіміз қинағымыз келмейді немесе өз ұлттық мүддемізді түсінгіміз келмейді. Бәрін де тілдер арасындағы байланыстың табиғи заңдылығымен түсіндіруге ұмтылатын жағдай да бар. Ал бұл ең бастысы ұлт тағдырына, ұлт ұрпағының тағдырына балта шабу екендігін саналы аңғару керек сияқгы.

Төртіншіден, термин жөніндегі дұрыс түсінік қажет. Біз сөз бен терминнің арасының өзін ажырата алмай жатамыз. Біздің қоғам үшін коғамдық-тұрмыстық лексика қорына жататын күнделікті қолданыстағы сөздердің барлығы терминге қабылданады. Мысалы, жол оқиғасы, дүкен, сынып, дәрісхана, шенеунік сияқты т.б. толып жатқан сөздердің барлығы термин сөздерге жата бермейді. Әрине, термин мен сөздің арасында байланыс бар. Бірақ терминде шектеулі ұғымның болатындығы, оның тұлғасы оқшаулау болғанымен, қолданыла келе қалыптасып кететіні, сөзге қарағанда терминнің тұлғасыңда шарттылықтың басым болатындығы жөніндегі белгілерді ажырату қажет. Соның салдарынан көпшілігімізге терминдердің де тұлғасы сөздер сияқты бәрімізге түсінікті, төселген болуы керек сияқты болып тұрады. Ал шын мәнінде олай емес. Бұл фактор келесі фактормен тығыз байланысты. Дегенмен, келесі факторға тоқталмас бұрын термин сөздер мен қалыптасып жатқан жаңа сөздердің арасындағы ұқсастықтар мен айырым белгілерді көрсетіп беруге ұмтылдық. Ең алдымен, жаңа жасалған термин әрі жаңа сөз ретінде қалыптасып, терминологиялық өрісте терминнің, жалпыхалықгық тіл аясында жаңа сөздің қызметін атқара береді. Мұндай жағдайда жаңа тілдік бірліктің не термин болуын, не жаңа сөз болуын қолданылатын өрісімен айқындау керек. Мысалы, соңғы кезеңде экономика саласында қолданылып жүрген кәсіпкер термині қолданысына байланысты әрі термин, әрі жаңа сөз бола алады. Немесе бейнетаспа термині әрі термин ретінде телевизия саласында қолданылып, әрі тұрмыстық лексикада да жаңа сөз ретінде қолданылады.

Ал кейбір тілдік бірліктер тек термин ретінде терминологиялық өрісте қолданылады. Мысалы, бап термині тек заң саласында, сөзжасам термині тек тіл білімінде қолданылып, жалпыхалықтық лексикада жаңа сөз ретінде қолданылмайды. Бұған керісінше, кейбір жаңа сөздер жалпыхалықтық қолданыс мақсатында жасалып, сол өрісте ғана қолданылып, термин ретінде мүлдем жұмсалмайды, ешқандай ғылым саласының жүйесіне жатпайды. Мысалы, аялдама, тұрақ, автотұрақ, кітапхана, ойынхана, сырахана, көлік жуу, мейрамхана сияқты сөздердің ешқайсысы да термин сөздер бола алмайды. Өйткені, ол сөздердің ешқайсысы да ғылым саласының жүйесіне қатыссыз, терминологиялық өрісте қолданылмайды. Сондай-ақ, терминді ажырататын ең басты белгілердің бірі — оның белгілі бір ғылым саласының жүйесіне қатыстылығы деген қорытынды жасауға болады. Бесіншіден, сыннан гөрі саналы әрекет, яғни, нақты тілдік қолданысқа, оны қалыптастыруға деген ұмтылыс керек. Ал бізде сын көп, саналы әрекет аз. Қолданбаймыз, өзіміз термин жасамаймыз, термин табиғатын түсінбейміз, аудармаймыз. Бұл ұлттық терминдер қалыптастыру ісіне жетелемейтіні шындық. Сондықтан біз үшін А.Байтұрсынұлы жасаған аударма шеберлігін, одан бергі кезеңдерде де пайдаланған Қ.Жұбанов сияқты ғалымдардың еңбектеріндегі тәжірибелерін пайдалану керек [5:44]. Алтыншыдан, дұрыс аударма қажет. Аударманың үнемі сәтті шыға бермейтіндігі белгілі. Бұл түсінікті. Бірақ оған не қажет? — деген орынды сұрақ туындайды. Дұрыс аударма үшін сапалы ұлттық мамандар терминология саласымен де айналысуы керек. Ұлт тілін меңгерген, әрі мамандықты меңгерген ұлттық маман сапалы термин жасауға негіз бола алады. Ал бұл жөнінде белгілі терминолог-ғалымдардың қай-қайсысының да еңбектерінде айтылады. Ал бізде термин ісімен тек тілшілер айналысуы үйреншікті жағдай. Басқа сала мамандарынан терминолог-мамандар дайындау ісі жолға қойылмаған. Терминология осыған дейін тіл білімінің бір саласы — лексикологияның аясында қарастырылып келгендігін айтып жүрміз. Ал шын мәнінде, лексикология емес, тіпті тіл білімімен байланысты болса да, терминологияның табиғаты өзгешелеу. Ол сала аралық ғылым саласы және сала аралық пән ретінде жоғары оку орындарында барлық мамандықтарға жүргізілуі тиісті. Әр салаға қатысты терминолог-мамандар дайындаудың бір көзі де осында жатыр. Ал мұндай механизм басқа елдерде осы бағытта дамып отыр. Оны орыс, неміс, ағылшын, американ ғылымындағы терминологияға қатысты ғылыми еңбектер мен көзқарастар дәлелдеп бере алады. Терминологияның, оның ішінде, ішкі терминжасам көздерінің іс жүзінде дамуына әсер етуші бірден-бір фактор, әрі термин шығармашылығындағы ұлттық бағыттағы істердің жүргізілуіне негізгі бастамасы — мектеп және мектеп окулықтары болуы тиіс. Өйткені, қазіргі буынның санасында ескі терминдік ұғымдар сіңісіп кетті десек те, келесі буынның, өсіп келе жатқан әрбір жас буынның санасында ұлттық терминдерді қалыптастырушы, оның болашақ қоғамдағы, ғылым алдындағы орнын нақтылайтын бірден-бір көз — мектеп оқулықтары болып табылады. Мектеп оқулықтары тек қана жас буынның, санасына жаңа терминдік қолданыстарды сіңіріп қана қоймайды, олардың ары қарай да ұлттық үрдісте дамуына әсер етеді. Психолингвистикалық тұрғыдан орыс ғалымдарының зерттеулеріне тағы жүгінсек, баланың ана тілінің грамматикалық жүйесімен қарулануы оның психологиясының дамуына да әсер ететіндігін А.М.Шахнарович: "Ана тілінің грамматикалық құралдарымен қарулану, синтаксистік жүйесін игеру, предикаттық сөйлем құраушы тілдік қатынастарын игеруі тек қарым-қатынас барысында жүзеге асатын және қарым-қатынас үшін жұмсалатын сияқты. Бұл үрдіс баланың психикалық дамуымен, еңбек әрекетінің дамуымен тығыз байланысты" [6:54], - деп көрсетеді. Сондықтан қазіргі білім беру жүйесінде терминология тұрғысынан дұрыс қалыптасқан, дұрыс жасалған, сұрыпталып, орныққан терминдерді қамтитын оқулықтар шығарылуы тиіс. Сонымен, түйіндей айтсақ, бұл біз байқаған, мүмкіндігінше дәлелді түрде анықтауға ұмтылған ұлт тілінің негізіндегі терминдерді жасауға әсер етуші факторлардың негізгілері ғана. Олардың ішінде ұлттық психология мен аударманың қазіргі қазақ терминжасам жүйесіндегі негізгі көздердің бірі екендігіне көз жеткіздік. Өзге де үлттык терминжасам жүйесінде маңызды қызмет атқаратын әр түрлі қозғаушы күштер анықталып, олардың ықпалы нақты мысалдармен көрсете алдық. Дегенмен оларды толық айқындап, жүзеге асыру термин жасау ісіне әрі теориялық, әрі практикалық тұрғыдан қажетті іс болып табылады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Реформатский А.А. Что такое термин и терминология // Вопросы терминологии. – М.: Наука, 1961. -46-54 с.
  2. Суперанская А.В., Подольская Н.В., Васильева Н.В. Общая терминология: Вопросы теории. - М., Либроком, 2012, -248 с.
  3. Даниленко В.П. Русская терминология. – М., 1977, -246 с.
  4. Құрманбайұлы Ш. Қазақ лексикасының терминденуі. - Алматы: Ғылым, 1998. - 208 б.
  5. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. - Алматы: Ғылым, 1999. -581 б.
  6. Шахнарович А.М. Национальное и универсальное в развитии речи ребенка // Национально-культурная специфика речевого поведения. -М.: Наука, 1977. -54-67 с.