Қазіргі қазақ тіліндегі филологиялық терминдердің жасалу жолдары

Қазіргі қазақ тіліндегі филологиялық терминдердің жасалу жолдары

Филологиялық терминдерге тіл білімі, немесе лингвистика және әдебиеттану ғылымдарының терминдері жатады. Тіл білімі терминдері, лингвистикалықтерминология – тіл білімі саласындағы арнайы ұғымдар мен өзіне ғана тән объектілерді білдіру үшін жұмсалатын сөздер мен сөз тіркестерінің жиынтық атауы. Тіл білімі терминдері – лингвистикадан кейінгі екінші қатардағы тіл, басқаша айтқанда метатілдің құрамдас бір белігі. Оны зерттеуде едәуір қиындықтар да кездеседі. Өйткені, сырттай қарағанда, объект – тіл мен метатіл (екінші тіл) бір-бірімен сәйкес келіп жатады. Яғни тіл тұтастығын байқатады, яғни тіл тутастығын байқатады.

Филологиялық терминдердің қалыптасуы ХIХ ғасырдың екінші жартысында қазақ тілінде шығып тұрған екі газеттен басталады. Олар – ұлттық  баспасөздің алғашқылары саналатын «Түркістан уәлаятының газеті» (1870-1883, Ташкент) мен «Дала  уәлаятының газеті» ( 1888-1902, Омбы) болатын.

«Дала  уәлаятының газеті» беттерінде тіл, әдебиет мәселелеріне арналған арнайы ғылыми айтыс ұйымдастырылып отырған. Бұл жөнінде Б.Әбілқасымов өз зерттеулерінде толық жазған [1, 243-253]. Мұнда сол кездегі қазақ әдебиеті мен тілінің жай-күйі әңгіме болып, олардың дамуы туралы пікірлер сарапқа түскен. Газет редакциясы әдейі мақалалар жазып, ол айтыстарды қорытындылап отырған. Бұл мақалалардың теориялық дәрежесі дәл қазіргідей болмағанымен, онда жеке ғылым салаларына байланысты мәселелер сөз болады.

Бұларда қазақ тілі категорияларының атаулары, көбінесе, араб-парсы тілдерінде қалыптасқан терминдермен берілген. Мәселен, лұғат (орыстағы наречие, қазіргі тіл деген мағынада), наһу (грамматика), наһу тарихлары (орфография,  транскрипция), тажуид (орфоэпия), әліфби (алфавит) т. б. Сонымен қатар қазақтың өз сөздері де лингвистикалық термин дәрежесіне көтерілген: әуез – дыбыс, жұмсақ әуез – дауысты дыбыс, қатты әуез – дауыссыз дыбыс, сөз – сөз, тіл, тиянақ – ереже, нәзік жұмсақ әуез – жіңішке дауысты дыбыс [1, 151].

А.Байтұрсынұлының қазақ терминологиясын қалыптастыру­дағы рөлін ахметтануға ерекше ат салысып жүрген ғалым-терминолог Ө.Айтбаев жан-жақты көрсетеді: «А.Байтұрсынов жасаған тіл білімі терминологиялық лексикасы мен әдебиеттану ғылымы­ның терминдері күні бүгінге дейін рухани мұхтаждығымызды өтеп отыр. Бүгінгі үздіксіз өрістеп отырған терминологиялық процесте бұл әлі күнге теңдесі жоқ үлгі болып есеп­теледі». «Біздің ендігі мақсатымыз - дейді ғалым - А.Байтұрсыновтың көрсетіп кеткен үлгісін жаңа заман тала­бын ескере отырып, саналы түрде тиімді пайдалану»        [2, 40].

Жалпыға ортақ сөздер мен терминжасам процесін салыстырып қарасақ, өзара едәуір айырмашылық бар екенін байқамау мүмкін емес. Терминдердің негізгі жасалу жолынан басқа атаулық мазмұны да анықталуы тиіс. Онысыз термин толық термин бола алмайды.

Ғылым мен техника тілін жасау, қалыптастыру кезеңінде жарыспалы сөздер қатары молынан кездеседі. Сонда бұл жарыспалы сөздердің қайсысын терминденуге лайықты деп тауып, тани білуге әмбебап ереже ұсыну мүмкін емес. Әрбір ғылым саласының терминжасау практикасы нақты жағдайға орай өзіндік жолды нұсқап отыруға тиіс. Аталған нұсқалардың қайсысының семантикалық өрісі қазіргі терминдену үдерісіне дәл келе алады дегенді айыруға әбден болады. Ол үшін айрықша тілтанымдық, лингвистикалық түйсік керек. Мәселен, бір кезде вокализм, дауысты дыбыстар; консонантизм, дауыссыз дыбыстар; лингвистика, тіл білімі; аффикс, жалғау, жұрнақ; парадигма, жіктеу; интонация, дауыс ырғағы; пунктуация, тыныс белгісі; орфография, емле ережесі; үтір, кіші тыныстық, кіші тыныс; нүкте, ұлы тыныс, ноқат; қос нүкте, екі нүкте, қос ноқат, екі ноқат; тұйық рай, тұйық етістік, инфинитив, тұйықша; кент, қала, шәрі, шаһар; ел, халық, жұрт, жәмиғат, әлеумет, қалайық, бұхара т.т. ғылым мен техника саласында әр қилы алынып, қабаттаса қолданылып, ақырында мұның бірінің ғана терминдік сипатқа көшкенмысалдарын көптеп келтіруге болады [3, 174].

Қазіргі уақытта өркениетті елдердің біразы пайдаланып жүрген халықаралық кең ауқымда қолданылатын терминдердің көбі өз тілімізге аударылып беріліп жүр. Ондай терминдерді филология терминологиясынан да көптеп кездестіруге болады.  Өйткені тіліміздегі филологиялық терминдер өз бастауын  латын, грек т.б. тілдерден алатыны белгілі. Мысалы:  норма (қалып), этимология (шығу төркіні), экзотизм (бөтен, жат жерлік), фразеология (сөйлеу оралымдары), формант (жасаушы),  универсалия (жалпыға бірдей), транскрипция (көшіріп жазу), адстрат – бірігу, кірігу, акцент – екпін, автор (қаламгер), архетип (алғашқы образ), градация (дамыту), драма (грекше – қимыл-әрекет), комедия (грекше – көңілді топ, өлең),  метафора (грекше – ауыстырып қою), ода (грекше – жыр), плагиат (латынша – ұрлау), портрет (французша – бейнеленген), прототип (түп, төркін бейне), реализм (латынша – заттылық, шындық),  эпопея (кең көлемді эпикалық шығарма)  т.б. 

Тіліміздегі өзге тілдік филология терминдерінің көпшілігі орыс тілі арқылы қабылданған грек, латын т.б. тілдердің сөздері де, қалған бөлігі араб, парсы және орыс сөздері болып табылады. Мысалы, латын тілінен: стиль – жазу өзегі, пассив – әрекетсіз, контекст – мәтін бөлігі, компонент – құраушы,  инфинитив – белгісіз, инверсия – орын ауыстыру, ассонанс – үйлесім (дыбыстардың үндесе қайталануы), интермедия – (лат. – ортадағы) күлкілі пьеса немесе көрініс, романс – роман тілдерінде айтылатын лирикалық өлең, т.т.; сатира – сықақ,  т.т.; грек тілінен: синтагма – біріктірілген, парадигма – жіктеу, идиома – ерекше сөйлемше, иероглиф – «киелі жазбалар», диалект – сөз, говор,  псевдоним – (гр. жалған есім) шығарма иесінің қосалқы, лақап есімі, дилогия – (гр. екі және сөз, әңгіме, баян) екі шығармадан тұтасып келетін кесек көркем туынды, ирония – кекесін, миф – (гр. баян, аңыз, мысал) халық шығармашылығының көне жанры, т.т.; ағылшын тілінен:клише – дайын сөйлем орамы, жаргон – сөйлеудің әлеуметтік түрі, дистрибуция – бөлу, деминутив – кішірейтілген, т.т.; неміс тілінен: аблаут – алмасу, абзац –азат жол, памфлет – (ағ. парақ) әдеби-публицистикалық жанр,  фольклортану – (ағ. халық және даналық) халық даналығын зерттейтін ғылым,т.т.; француз тілінен:дискурс – сөйлеу, парцелляция – бөлшек, бөлім, калька – көшірме, каламбур – сөздің құбылуы, инвариант – өзгермейтін, дублет – екі еселенген, баллада – би әні, гротеск – (фр. таңғажайып, өзгеше келбеті) көркемдік бейнелеу тәсілі, ремарка – ескертпе, пейзаж – (фр. ел, жер) әдеби шығармадағы табиғаттың көрінісі, көркем бейнесі,  роман – (орта ғасырларда латын тілінде емес, роман тілдерінде жазылған шығарма) сюжеттік құрылымы күрделі, көп желілі, ұзақ уақытты қамтитын көлемді эпикалық шығарма,  сюжет – өзара жалғасқан оқиғалардың тізбегі, біртұтас желісі, сентиментализм – (фр. сезім, сезімталдық) 18-19 ғғ. көркем әдебиеттегі ағым, т.т.; араб-парсы тілдерінен: изафет – қосылу, әдебиет – (ар. сөз, үлгілі сөз) өнердің негізгі түрлерінің бірі, қисса – (ар. әңгіме, ертегі, мысал) кітаби ақындарының өлеңмен жазылған ертегі-хикаялары, нәзира – (ар. жауап, ұқсату) шығыс поэзиясында орта ғасырларда қалыптасқан әдеби үрдіс,  тәрізді сөздер енген.

Терминқорымыздағы микро-, макро-, ультра-, гидро-, нео-, контр-, моно, анти-, архи-, транс-, супер-, гипер- сияқты грек, латын негізді терминдік элементтер де соның көрінісі. Кейіннен ұлт тілінде термин жасау ісі де біршама жандана бастауына байланысты терминжасамның ұлттық үлгілерін (модельдерін) қалыптастырудың қажеттілігі де айқын аңғарылып отыр. Тіліміздегі кейбір қосымшалардың арнаулы салалардың терминдерін жасау барысында өнімді пайдаланыла бастағандығын көруге болады [4, 22]. 

Мерзімді баспасөз материалдарын қарап отырсақ, көптеген қосымшалардың терминжасамдық қабілеті ашыла, айқындала түскен. Мысалы: қолжазба, аударма (туынды), әдеби байланыс, айтыс,  тартыс, шиеленіс, шешіліс, аңдатпа, ескертпе, басылым т.с.с.

Соңғы кезде зерттеушілер өнімділігі жоғары қосымшалар қатарына кейінгі кезеңдерде терминжасам процесінде белсенділік таныта бастаған -ма -ме, -ым -ім -м, -ыс -іс -с, -қы -кі -к жалғауларын да қосып жүр. Соңғы үш онжылдық деңгейінде Мемтерминком тарапынан бекітіліп, қолданысқа енген термин сөздерді сүзсек, осы аталып отырған қосымшалардың әсіресе терминжасамдық қабілеті ашыла, айқындала түскен. Мысалы: кірме (сөз), байырғы сөз, жазба (тіл), қаратпа, қыстырма, айтылым, тілдесім, жазылым, оқылым, тыңдалым, аңдатпа, т.с.с.

Әдебиеттану терминдерінің көбі –у қосымшасы арқылы жасалған: сыңсу, жоқтау, жырлау, жұмбақтау, теңеу, толғау, тұспалдау, шенеу, арнау, әсірелеу, әсерлеу, бейнелеу, суреттеу, меңзеу, т.т.

Сөздердің тіркесуі арқылы жасалған филологиялық терминдер тілімізде көптеп кездеседі. Мысалы: ата тіл, өлі тіл, актив сөз, пассив сөз, төл сөз, қос сөз, тілдік қатынас, ауыс мағына, т.б. Ұлы терминолог Ахмет Байтұрсынұлының қаламынан туындаған дауыссыз дыбыс, дауысты дыбыс, қатаң дыбыс, ұяң дыбыс, түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қаратпа сөз, қыс­тырма сөз, мезгіл пысықтауыш, мекен пысықтауыш, сын пысықтауыш, тұрлаулы мүше, тұрлаусыз мүше, салалас сөйлем, сабақтас сөйлем, жалаң сөйлем, азат жол, ақ өлең, арнау сөз, арнау өлең, арбау өлең, ауыз әдебиеті, әдеби сын, әдеби тіл, әдеби мұра, әдеби шығарма, әдебиет теориясы,  көркем өнер, көсем сөз, қара сөз, қара өлең,  нақыл сөз, тарихи жыр, табиғат лирикасы, Эзоп тілі сынды терминдер тобы да синтаксистік тәсілмен жасалған [5, 97].

Төл түбір мен кірме сөздердің бірігуінен жасалған модель де осы қатарда қарастырылуға тиіс. Бұл ретте кейін күрделі термин жасауға септігі тиген байырғы қос сөздер қатары есте болуға тиіс. Мәселен, қиял-ғажайып (ертегілер), лиро-эпос (жанры), өлең-жыр,  тұрмыс-салт (жырлары), сын-пікір, жазу-сызу тәрізділер осы ретпен келіп қосылған терминдер [6, 8]. Яғни тілдің термин жасаудағы бұл мүмкіншілігін де сарқа пайдалануға болады деген сөз. Осы тектес күрделі сөздер қатары қазіргі тіл қолданысымызда жиірек кездеседі.

Қорыта айтқанда, ана тілінің мүмкіндіктерін пайдалану дегеніміз түбірге жұрнақ жалғау, сөздерді ауыспалы мағынада қолдану, сөздерді біріктіру, сөздерді тіркестіру, сөздерді қосарлау сияқты термин тудырудағы өнімді тәсілдерді қолдану арқылы термин жасау болып табылады.         

Қазіргі кезеңде ұлт тілінде термин жасаудың жанданған кезінде көптеген жаңа терминдер жасалып қалыптаса бастады. Бұл құбылысты филологиялық терминдер қатарынан да байқауға болады. Ендеше, бұл қазақ тілінің ғылым саласындағы қызметін атқара бастауының бір көрінісі деп есептейміз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Әбілқасымов Б. Алғашқы қазақ газеттерінің тілі. – Алматы: Ғылым, 1971. – 280 б.
  2. Айтбаев Ө. Қазақ сөзі (Қазақ терминологиясының негіздері). – Алматы: Рауан, 1997. – 240 б.
  3. Айтбаев Ө. Қазақ терминологиясының мәселелері. – Алматы: Ғылым, 1986.
  4. Қазақ терминологиясының өзекті мәселелері. (Республикалық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары). – Астана, 2002.
  5. Тіл білімі сөздігі / Жалпы ред.басқарған проф. Э.Д.Сүлейменова. –Алматы: Ғылым, 1998. – 544 б.
  6. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. – Алматы: Ана тілі, 1996. – 240 б.