Кіріспе
Қазақ тіл білімінің танымдық бастауы тіл табиғатын жан-жақты зерделеген ғылыми еңбектермен қатарласа қалыптасқандықтан, оның теориялық бірліктері мен ұстанымдары да, бағыт-бағдары мен ұғымдық кеңістігі де жүйелі дамудың нәтижесін айғақтады. Тіл болмысын, оның қызметін адамзат атаулының тұрмыс-тіршілігімен, таным-қабылдауымен, пайым-түсінігімен байланыстыра зерделеу арқылы өзектелген бұл сала алғашқыда пәлсапа мәселелерінің тілдік тұжырымдарға етене араласуымен өзгешеленсе, одан кейінгі кезекте тілдің құрылымдық жүйесіне баса назар аудару әрекеттеріне ұласты. Нәтижесінде пішін мен мазмұн бірлігінен тұратын тілдік құралдар жиынтығы күрделі де универсалды құбылыс ретінде жеке салалық және салааралық зерттеулерге арқау болды. Бүгін тіл ғылымының даму өрісі пәнаралық сабақтастықпен, адамның ішкі-сыртқы әлемін түсіну талпынысымен, жасанды интеллект әлеуетін іске қосу қабілетімен және салыстырыла-салғастырыла зерттелетін тіл әлемінің қыр- сырын жоғары да саналы материялармен біріктіру мүмкіндіктерімен ерекшеленіп отыр.
ХХ ғасырдың бас кезінен бастап дүниеге келген тіл туралы жалпы ұстанымдар бүгінгі күні қазақ тіл білімінің маңызды салаларын қалыптастырып, тың лингвистикалық ізденістер мен зерттеулердің жүргізілуіне мүмкіндік берді. Әлемдік тұжырымдармен тоғыса, оларды жан-жақты дәйектей әрі өзіндік үрдіспен дәлелдей дамып келе жатқан қазақ «тілтану» жүйесі тіл ғылымын соны пікірлермен, адамзат тіліне әсер етер экстратанымдық деректермен толықтыруға септігін тигізді. Қоғамдық ғылымдармен, психофизиология мәселелерімен, логика-философия заңдылықтарымен, тарих-этнография деректерімен үйлесімді одақ құрған қазақ лингвистикасы тілдің шығу тегін, табиғатын, қызметін саралау мақсатында «адам», «ойлау», «таным», «халық», «қоғам» сияқты ұғымдардың бірлігіне жүгінді. Академик Р. Сыздық: «Қоғам өмірімен етене қабысқан тіл – сөйлеу тәжірибесі, оның лексикасы сол қоғамның тыныс-тіршілігіне орай әр алуан тематикалық серияларға бөлініп, бірқатарының мағыналары өзгеріп, енді бірсыпырасы тұрақталып, терминденіп жатады. Қысқасы, лексиканың белгілі бір топтары сол қоғамның сол дәуірдегі мазмұн-мәнін көрсететіндей дәрежеде қызмет етеді» [1; 141], - деп көрсеткендей, тілдің дамуы тек оның ішкі мүмкіндігі арқылы ғана емес, оған сырттан әсер етуші өзге фактілердің ықпалымен де айқындалатындықтан, аталған ұғымдардың бірлікте зерттелуі бүгінгі тілтанымдық ұстанымдардың соны бағыттарын анықтауға себепкер болды. Нәтижесінде адамзат тілін зерттеудің өзгеше сатылары негізделіп, тек тілтанымдық «этюдтер» (Ә. Қайдар) ғана емес, маңызды теориялық ілімдер де топталып, қазақ тіл білімінің зерттеу шеңбері кеңейіп, өзге лингвистикалық бағыттармен қатар когнитивтік негізде өрілген қағидалардың әлемдік жетістіктермен қатарласа дамуына мүмкіндік туды. Оның айқын айғағы ретінде тілдік фактілердің таным категорияларымен сабақтасуын, жекеленген лексикалық бірліктерді зерттеуде тарихи таным әдістерінің қолданылуын, құрылымдық грамматика мәселелері мен адамзат эволюциясының даму заңдылықтарының ұштасуын, интра және экстралингвистикалық мәселелердің күн тәртібіне қойылуын әрі адамдық фактордың жан-жақты өзектеле бастауын келтіруге болады.
Негізгі бөлім
1. Ә. Қайдар және этнотанымдық терминдердің қалыптасуы
«Тілдің кез келген тарихи кезеңінде оның әр бөлшегі динамикалық тепе- теңдікте бола тұра, өз бойында лингвистикалық, әлеуметтік, психологиялық және өзге де факторлардың ықпалын сезінеді. Олардың басым көпшілігінің құпиясы әлі толық ашылмаған» [2; 75] делінгендей, қазақ тілтаным ғылымының дүниеге келуі мен теориялық сараптамадан өтуін дәйектейтін фактілер қатарында, біріншіден, жалпы тіл ғылымының даму негіздерін; екіншіден, жеке тілдік ізденістердің жүзеге асу жолдарын атаған орынды, өйткені ішкі сезім мен білімнің, тану мен қабылдаудың, біліктілік пен әлемдік тәжірибенің тоғысуынан құралған бұл тұжырымдар әрі субъективті, әрі объективті ұстанымдарға сүйене қалыптасып отырды. «... Құбылыс – көп, сөз – аз» [3; 92] деп белгілі ғалым Қ. Жұбанов атап көрсеткендей, жалпы тілдік деректер адамның қатысымдық әрекетін, ойлау жүйесін анықтау мақсатында талданып, оның жалғасын құраған тарихи ізденістер жеке тұлғалық, халықтық әрі жалпыадамзаттық мәліметтерді толықтыруға ат салысатындықтан, бүгінгі тіл ғылымы адам мен қоршаған әлем заңдылықтарын танып қабылдауға ұмтылатын, тілдік фактілерді сол танымдық үдерістің ұшқыны деп қарастыратын сала ретінде ұғынылады.
Халықтық рух, идея, мәдениет проблемаларынан бастау алған тіл мен халық ұғымдарының сабақтастығы бүгінгі күні өзіндік зерттеу нысанын, ұстанымдарын, ережелері мен әдістемелік негізін айқындаған тіл білімінің саласы ретінде танымал. «Бүгінгі таңда қазақ этнолингвистикасы ғылыми негізі қалыптаса бастаған, жан-жақты ізденіс нәтижесінде өзіндік ерекшелігі мен үрдісі айқындалып келе жатқан, дербес те перспективті ғылым саласы ретінде танылып отыр», - деп белгілі ғалым, академик Ә. Қайдар атап өткендей, қазақ этнолингвистикасы «этнос болмысы» мен «тіл әлемін» [4; 9] үйлесімділікпен ұштастырған ғылымдар қатарын құрады. «Этнос болмысы» деген ұғымның таңдалу себебін зерттеуші екі түрлі принципке сүйене түсіндіреді: 1) «... біз этностың жеке мәселелерін емес, оның тұтас бейнесін, барша болмысын анықтағымыз келеді; 2) этнос туралы толық мағлұмат тек оның тіл қазынасында ғана сақталады. Этностың шынайы болмысын басқа (мәс., этнология, антропология, археология, этнография т.б.) ғылымдар дәл этнолингвистикадай айқындай алмайды» [4; 11]. Этнолингвистикалық зерттеулер халықтық арналардан сусындай отырып, ұлттық сана, әдет- ғұрып, салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілік, тарихи қалыптасу сияқты ұғымдардың ішкі сырын ашумен ғана шектелмей, мәдени өркендеу, әдеби өрлеу, қоғамдық-саяси даму секілді этникалық айқындағыштардың да негізгі шарттарын түсіндіруге мүмкіндік береді, сол себепті «Тіл тарихы мен халық тарихының байланысы – екі жақты байланыс. Тілдің тарихын сол тілді жасаушы, қолданушы және оның иесі – халықтың тарихымен, сол халықпен бірге жасасып келе жатқан оның тілінің тарихымен байланысында зерттеу соншалықты қажет» [5; 20]. Халық тілінің ерекшелігіне мән беру, оның қоғамдағы орнын бағалау, тіл мен ұлттық даму арасындағы ажырамас бірлікті сараптау мақсатында ғалымдардың бұл мәселеге әр кезде көңіл бөліп, тіл ғылымының түп қазығын содан өрбітуі сондықтан болар. Ғалым Ж. Манкеева: «тілдің танымдық, мұрагерлік қызметі негізінде сан ғасыр құпиясын бойына сақтаған этнотілдік деректерді сан ұрпақ ана тіліміздің қорына мәңгілікке сақталатын сарқылмайтын қазына, адамзат тарихының қоймасы» [6; 91], - деп танитындықтан, халықтың арман-мақсатын, өмір- тіршілігін, қалыптасуы мен дамуын айқындар құралдар қатарында тілдің атқарар қызметі орасан зор.
Кейінгі жылдары қарастырылып жүрген маңызды лингвистикалық мәселелер қатарында сана, тіл, мәдениет ұғымдарының байланысы, әлемнің тілдік бейнесі туралы түсінік, тілдің қоғамға және қоғамның тілге әсері, әртүрлі тілдердің ассоциативті сөздіктерінің жасалуы секілді бағыттар мен олардың ұстанымдарын атаған орынды. Кезінде Л.В. Щерба бізді қоршаған әлемнің қалыпты жағдайда тұрып әртүрлі тілдерде әр басқа пайымдалатындығын ескерте келе, әр тілдің өзіндік танымы мәдени, этникалық өзгерістер арқылы айқындалатындығына тоқталған еді [7]. Тілдің дамуы негізінде адамның әлем туралы, оның өмір сүру шарты хақында көзқарасы, ілім-білімі қалыптасады десек, аталмыш ілімдер жиынтығы когнитивтік тіл білімінде «тіларалық әлем», «әлемнің тілдік көрінісі», «ғаламның тілдік бейнесі», «әлемнің тілдік моделі немесе үлгісі», «дүниенің тілдік суреті» деген бірқатар ұғымдардың өзектелуіне алып келді. Ә. Қайдар талдауларына арқау болған «тіл әлемі» де сол үрдістің бастауын айқындады десек, артық болмас. «Этнос туралы осыншама мол деректер мен мағлұматтарды тек тіл ғана өз бойына сыйғызып, сары майдай сақтап, шашпай-төкпей ұрпағына жалғастыра алады. Осы қасиетіне байланысты тіл феноменін – «тіл әлемін» этностың өзін танып-білудің қайнар көзі, біліктіліктің кәусар бұлағы десек, артық айтқандық емес… этностың дүниеге келуіне ұйытқы болған да – тіл, рухани-мәдени өмірінің өзегі де, өзін-өзі танып-білудің өлшемі де – сол тіл т.т. « [4; 11], - деген Ә. Қайдар сөзіне жүгінер болсақ, тіл – барша адамзат атаулының маңызды қарым-қатынас құралы, ұлттық табиғатын, өсу-өркендеу жолын танытушы құндылығы.
Қазақ тіл білімінде алғаш рет «этностық таным» мәселесін көтере отырып, ғалым Ә. Қайдар халық пен тіл ұғымдарының ортақ мүддесін «этностың шығу тегін, қауым ретінде қалыптасу процесін ғана емес, сонымен қатар, оның тілінде қалыптасқан деректер арқылы болмысын (яғни рухани, мәдени өмірін, салт-дәстүр, тіршілік-тірлік көздерін, ұлттық дүниетаным мен менталитетін т.б.) паш ете» [4; 10] білумен сабақтастырды. Тілдік зерттеулерін «тілтанудың» [4; 117] ғылыми-теориялық сипатын анықтауға бағыттаған ғалым халықтың «тұтас бейнесін» «тіл қазынасы» [4; 11] арқылы сомдау қажеттегіне ерекше назар аударды. Автор «етнос болмысын» әрі «этностың ұлттық бейнесі», «тарихи тұлғасы» және «ол туралы реальды шындық» тұрғысынан әрі оның «өмір-тіршілігінің айнасы... тілі арқылы қалыптасып, жадында сақталып, ұрпақтан нәсілге мирас болып ауысып келе жатқан бай рухани-мәдени қазынасы» ретінде қарастырды. Нәтижесінде ғалым халық ұғымын «таным», «қазына», «қор», «жады» сияқты когнитивті терминдердің көмегімен түсіндіре келе, тілдік талдауларына образды суреттемелерді, танымдық ұстанымдарды, экстралингвистикалық уәждерді арқау етті.
Ә. Қайдар қабылдауындағы «тіл әлемі» – бұл «етнос болмысына қатысты мыңдаған, тіпті миллиондаған мағыналық бірліктер жиынтығы, синтезі», сондықтан он ғалым глоттогенез бен этногенез [36; 51] мәселелерін шешуге көмектесетін «этностың өзін танып-білуінің қайнар көзі»,- деп. ұғынды. Халық тілін анықтау, оның қоршаған әлеммен сабақтастығын саралау, соның негізінде танымдық қордың тілдік табиғатын жүйелеу «етнос болмысының» құрамды бөліктерін кең көлемде зерттеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. «Әрбір халықтың болмысы мен дүниетанымы, этникалық мәдениеті мен рухани өмірі қай кезде, қандай жағдайда болсын, белгілі бір географиялық кеңістікте көрініс» табатындықтан әрі «нақтылы тарихи дәуірлердің жемісі болып саналатындықтан» [4; 140], автор тілдік құралдар арқылы жасалатын «бағалы мағлұматтар мен құнды деректерді түгел сөйлету» керектігін ескер те отырып, олардың «өзіне тән бояу-нақышы мен бейнелі де көркем түрде суреттеу» амалдарын да назардан тыс қалдырмау қажет деп. тұжырымдады.
Тіл мен халық ұғымдарының ара қатынасын танымдық ұстанымдарға сүйене байланыстырған ғалым «тіл әлемінің» құдіретін алдымен «сол тілі жаратушы, сол тіл де сөйлеуші халықтың» [4; 50] тыныс-тіршілігімен, әдет- ғұрпымен, салт-санасымен сабақтастыра дәйектеді, сол себепті «Этнос тілінде тек оның өзі туралы ғана емес, өзі жасап келе жатқан табиғи ортасы мен қоғамдағы қарым-қатынастары туралы да, жан дүниесі, жүрек сыры, қуануы мен сүйінуі, ренжуі мен күлуі, түс көруі, ұққаны мен түйгені, танымы мен талғамы, барлық тағы құбылысты өзінше бағалап- бағамдауы – бәрі-бәрі, біле білсек, өз тілінде өрнегін тауып, өзіне-өзін көрсететін айна іспеттес» [4; 11] деген қағиданы ұстанды. Ә. Қайдар қазақ этнолингвистикасының ұстанымдарын жіктеу кезінде лексикалық бірліктердің мән-мағынасын ашумен қатар, «қазақ этносының өз болмысын, барлық тағы объективті дүниені өзінше танып-білуін» [4; 19] де, сол арқылы танымдық заңдылықтардың маңызын да өзектеді. Ғалымның айтуына қарағанда, «...халықтың барлық өмір-тіршілігі, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени, рухани байлығы болса, ең алдымен, сол халықтың ана тілінен өз өрнегін табады да, асыл қазына болып қалыптасып, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа ауысып отырады» [4; 140], бұл өзгешелікті зерттеуші «тіл атаулының бәріне тән объективті заңдылық, ортақ қасиет» тұрғысынан бағалады.
Осыған орай, «...тарихи лексикология тіл тарихына, сол тілде сөйлеуші этностың бастан кешірген қоғамдық формациялары мен басып өткен ұзақ өмірлік жолына қатысты тілдік фактілердің шығу тегін, қалыптасу кезеңдерін, туыстас тілдердің қатарынан алатын орнын, басқа тілдерге қатыстығын ғылыми-теориялық тұрғыдан зерттеуді мақсат етеді» [4; 50] деп автордың өзі атап көрсеткендей, тіл ғылымының тарихи аспектісі бүкіл этникалық сұрыпталудың экстралингвистикалық болмысын дәйектеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз.
2. Ә. Қайдар қолданысындағы мәдени танымдық терминдер кеңістігі
Лингвистикалық мәдениеттану бағыты – тіл білімінің пәнаралық байланысын айқындайтын салалардың бірі. Оның зерттеу нысанын тіл мен мәдениет арақатынасы анықтайды. Ғалым Р.Сыздық дәйектегендей, «Тіл мәдениеті» - кең ұғымды білдіретін термин. Бұл – күнделікті тіл тәжірибесінің ең қажетті тұсы. Тіл мәдениеті дегенімізге сөздерді дұрыс қолданудан, ауызша сөйлегенде қазақ тілінің табиғи дыбыс заңдылықтарын сақтап, құлаққа жағымды етіп айта білуден бастап, қатесіз сауатты жазуға дейінгі сан түрлі міндеттер жатады» [8; 11]. Тілші Ж.А. Манкеева «Тіл мен мәдениеттің байланысы тіл білімінің қазіргі лингвомәдениеттану саласында ерекше мәнге ие. Бұл екі фактордың тоғысуы нәтижесінде пайда болған тілдік деректер ұлт мәдениетін немесе ұлт тарихын, халықтың қоғамдық өмірін бейнелеп қана қоймай, ана тілінің сөздік қоры байлығының көрсеткіші ретінде де танылады» [6; 90], - деп көрсеткендей, тілді мәдени өркендеудің, ұлттық қалыптасудың құралы деп қарастыру лингвистикалық зерттеулердің шеңберін кеңейтуге, олардың экстратанымдық функцияларын анықтауға, адам тіршілігінің сан қилы қырларын саралауға мүмкіндік береді, сондықтан лингвомәдени ізденістер адамзат атаулының жалпы нормаларын ұлттық дәстүр, этнопсихологиялық әдет-ғұрып ұғымдарымен ұштастыра талдаудың тың амалдарын ұсынуға көмектеседі.
Мәдениеттің тілдері бір-біріне ұқсай бермейді. Мәдениеттің пәлсапалық негіздерін зерттеген М.С. Каган оған «көптілді, полиглотты» құбылыс деп анықтама берген [9]. Оның себебін автор мәдениеттің табиғи болмысынан, алуан түрлі хабарлар мен мәліметтерді сабақтастырған ерекшелігінен іздеді.
Осыған орай, ғалымдар тіл мен мәдениет арақатынасын бүтін мен бөлшектің қарым-қатынасы деп таныған, олар, бір жағынан, тіл мәдениеттің құрамды бөлігі әрі қаруы бола алады, екінші жағынан, ол өзіндік дербестігі бар құрал ретінде де таныла алады, оған дәстүрлі лингвистика мәселелері, атап айтқанда, тілдің құрылымдық жүйесі, таңбалық сипаты т.б. дәлел деген тұжырым жасады. К. Леви-Строс тілді мәдениеттің жемісі, маңызды бөлшегі әрі өмір сүру шарты деп атаған, өйткені тілдің мәдени-этникалық сипаты тек тілдік бірліктер арқылы танылып келеді. «Мәдениет» ұғымының аясында алуан түрлі мәселелерді қарастыра отырып, ғалымдар олардың орталық нүктесі, тоғысар негізі ретінде адамның өмір сүру ерекшелігін, қалыптасу, даму әрекетін сұрыптады. Мәдениет адамзат өмірін ұйымдастырып, дамытатын арнайы тәсілдер жиынтығы; қоғамның дамуын сипаттайтын тарихи деңгейі; белгілі-бір адам әрекетінің қалыптасу негіздері; ұлттар мен этностардың тарихи дәуірлеуінің сипаттамасы; қоғамдық, этикалық нормалардың даму деңгейі және т.б. болып табылса, лингвистикалық мәдениеттанудың зерттеу нысанын адам санасына әсер етер тарихи шарттар мен оларды айқындау тәсілдері құрады.
Адам арнайы құндылықтар әлемінен нәр ала қатысымдық құрылымдарды қолдана отырып қана, қоршаған ортаны қабылдау және ол туралы білім жинақтау қабілеттеріне ие болады. Белгілі бір тарихи ортаға бағытталу арқылы дәстүрлі де құнды құрылымдар мен қатысымдық бірліктерді тоғыстыратын адамның сана әрекеті мәдениеттің негізін айғақтайды. Таным арқылы адам белгілі бір тарихи-мәдени ұстанымдарға негізделген шынайы өмірге араласуға мүмкіндік алады. Мәдениет тілін меңгере отырып, кез келген адам сол аксиологиялық жүйенің ғана емес, этномәдени қоғамдастықтың да мүшесіне айналады, өйткені ғалым Ә. Қайдар атап өткендей, «мәдениет» жеке адамның басына тән қасиеттен басталып, бүкіл ұлттық менталитетті, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық сана, дүниетаным, салт-дәстүр, рухани-материалдық байлықтың бәрін түгел қамтитын өте күрделі ұғым» [4; 13] деп қабылданады.
Мәдениет халықтық таным мен антропологиялық ұстанымның өзегін құрай отырып, «әрбір этносқа тән белгілі бір табиғи-әлеуметтік ортаға сәйкес қалыптасатын құбылыс» [4] деп танылатындықтан және «... өмір-тіршілік салты да, ортақ тіл, ортақ дүниетаным, ортақ психология т.т. – осының бәрін біз этнос мәдениетінен таба алатындықтан», мәдениеттің екі түрлі ерекшелігін атауға болады: этникалық мәдениет пен ұлттық мәдениетті. Бұл ретте этникалық мәдениет ұлттық мәдениеттің негізін құрайтын көне қабаттардың бірі деп танылады, сондықтан оған тұрмыс-салт, дәстүр, ғұрып, ауыз әдебиеті үлгілері т.б. жатады. Ғалым Ә.Қайдар «Этномәдениет – өркениеттің дамуына тән ерекшеліктердің бірі» [10; 141],- деп тұжырымдады. «Мәдениет» - ауқымы кең, мазмұны терең ұғым. Оған этникалық қауымның болмысына, өмір-салтына тән барша рухани және материалдық құндылықтары жатады. Әрбір ұлт мәдениеті өз бастауын сол ұлттың этникалық іргетасы болып қаланған көне ру-тайпаларының қалыптасу қайнарларынан алып, біртіндеп ұрпақтан-ұрпаққа рухани мұра болып жалғасатын құндылықтарынан қалыптасады...» [10; 141] деген пікірді ұстана отырып, тілші этнолингвистика көлемінде этникалық мәдениеттің негізін құрайтын элементтерге зер салады, олардың әрқайсысын халықтың дамуын айқындайтын тұрақты көрсеткіштер ретінде қарастырады. Ұлттық мәдениетке келсек, этникалық мәдениеттің негізінде қалыптасатынына қарамастан, ол жазу мен білім жүйелеріне қатысты сұрыпталып, қоғамның әлеуметтік-саяси әрі технологиялық дамуында, әдебиеті мен өнерінде, пәлсапасы мен ғылымында көрініс табатындықтан, ғалымдар бұл ұғымды «белгілі бір елде, мемлекетте тіршілік ететін адамдардың рухани өмірін сипаттайтын символдар, наным-сенімдер, құндылықтар, өзін-өзі ұстау нормалары сияқты ерекшеліктерден құралған күрделі құрылым» [11; 5], - деп сипаттайды.
Ғалымдар халықтық және ұлттық мәдениеттердің арақатынасын анықтай отырып, «этникалық мәдениет халықтық тілдің, өнерге негіз болар көріністер мен бейнелердің қайнар көзі болатындықтан, консервативті қалыпты ұстанатын әрі өзгерістерге ұшырай қоймайтын құбылыс ретінде, ал ұлттық мәдениетті, керісінше, өзге мәдениеттермен тығыз қарым-қатынаста даму салдарынан өз бастауын да сол байланыстардан алатын, үздіксіз толығу, өзгеру арқылы қалыптасатын ұғымдық бірлік деп тұжырымдайды. Нәтижесінде зерттеушілер біріншісі өз даралығын сақтауға ұмтылса, екіншісі жалпыға ортақ мәдени тұтастықты дамытуға бағытталады деген көзқарасты ұстанады. Демек, этникалық сана мен мәдениет негіздерін айқындайтын өзгешеліктер адамның туа бітетін қасиеттерімен қатар арнайы бір ортада не қоғамда қалыптасатын белгілері мен ұстанымдары арқылы жетіліп отыратындықтан, мәдени дамудың басты алғышарттары қатарында тілдік қатынас қағидаттарының аталуы заңдылық деп танылады. Тілдің қалыптасып дамуы адам қоғамымен тығыз байланысты, сондықтан тілдік фактілердің тарихи тұрғыдан зерттелуі саяси-әлеуметтік, ұлттық-мәдени алғышарттарға зер салудан басталады. Кез келген ұғымды қалыптастыратын орта мен этникалық қауымдастықтар екенін ескерсек, адам санасында туындайтын алуан түрлі мәдени танымдық бірліктер, бір жағынан, қоғамдық даму мен өзгеру үрдістерін танытса, екінші жағынан, этнопсихологиялық өзгешелікті көрсетері анық.
Тіл білімінің тарихпен байланысын Ә. Қайдар халықтың ұлттық қалыптасуымен, мәдени өркендеуімен, әлеуметтік саралануымен ажырамас бірлікте қарастырды, сол себепті тілші еңбектерінде тілдің лексикалық жүйесі де, морфологиялық құрылымы да, синтаксистік қызметі де – бәрі ұлттық мәдени сананың дамуымен қатарласа, қоғамдық құбылыстармен сабақтаса анықталды. Кез келген тілді оның халықтық сипатымен, тарихи өрлеуімен айқындау қажеттігін ғалым өз зерттеулерінің негізгі нысаны етті. Тілдің номинативтік мағынаны білдіретін лексикалық бірліктерден құралатынын басшылыққа ала отырып, тілші сөз төркінін гомо- және гетерогенді фактілерге сүйене талдау қажеттігін басшылыққа алды. Ғалымның ғылыми-теориялық қорытындылары, тілтанымдық зерттеулері қазақ тілінің мәртебесін көтерер, әлемдік деңгейдегі өзіндік лингвистикалық мектебінің мақсат-міндеттерін айқындар, азаматтық-рухани болмыстың ұлттық парызбен, мәдени таныммен сабақтасатын ерекшеліктерін дәлелдейтін құнды еңбектер қатарын құрайды. Нәтижесінде академик қолданысындағы «тарихи таным» «ұлағатты да, күрделі де, жауапты, жадыгерлік ұғым» [10; 4] ретінде бағалауға мүмкіндік беретін терең пәлсапалы ізденістер жиынтығы деп қарастырылды.
«Әрбір халық өзін-өзі дана санайды. Бұл – заңды да түсінікті құбылыс. Өйткені, этностың халық болып қалыптасуының өзі дамудың барлық деңгейінен өтіп, санасы өсіп, дүниетанымы кеңейіп, рухани марқаюына, даналар мен білікті-білгірлердің талғам-танымына, ой-өрісіне, даналығына тікелей байланысты» [12; 4] деген тұжырым арқылы тілші барша халықтардың этникалық ерекшеліктерін тоғыстыра отырып, қазақ тіл білімінде, шын мәнінде, ұлттық әрі әлеуметтік танымның тілдік негіздерін дәйектеді. Зерттеулерін «таным», «көзқарас», «қор», «сана», «дүниетану», «жады», «зерде» ұғымдарымен байланыстыра айғақтаған Ә. Қайдар қазақ лингвистикасын жаңа логика-философиялық арнаға бағыттаумен қатар, тіл ғылымында ерекше танымдық үрдістің негізделіп орнығуына тікелей әсер етті. «Халық даналығының» түп мақсаты – зердемізді ашып, ұлттық санамызды саралау, ментальдық қасиетіміз бен ғасырлық салт-дәстүр, әдет- ғұрпымызды терең біліп, дүниетанымызды кеңейте түсу» [12; 5] болып табылатындықтан, авторлық ізденістердің маңызды бөлігін халықтық танымның құрамды бөліктерін сұрыптау, олардың «даналық қорға», ұрпақтан ұрпаққа жетер «бай қазынаға», «рухани мирасқа» айналу жолдарын айқындау мәселелері құрады. Ә. Қайдар оларды «өзінің түп негізіне жеке бастың рухани табысы, әр замандағы даналардың қоғамдық өмірге деген көзқарасы, өзіндік танымы» [12; 4] деп сипаттай келе, тіл мен тілдік деректердің қалыптасуындағы «адам факторын» [12; 41] жоғары бағалады, ал «даналық қорды» екі жақты процестердің «ұйытқысы» деп айқындады. Оның бірін авторлық пайымда «көненің көзіндей болған... ескі дүние» құраса, екіншісіне «замана талабына сай жаңғыратын, жаңа ұғым- түсініктермен толығатын» жаңару процесі жатқызылды, сондықтан зерттеушінің ғылыми танымынан бастау алып, халықтың жәдігерлік рухына жол тартқан даналық ұғымдары да жаңғыра отырып толығатын қазынаның көзі болары ақиқат. «Елдің жадысы», «қоғам жадысы», «халық жадысы» [12; 6] сияқты тіркестерді ерекше асқақтатқан Ә. Қайдар еңбектері, шын мәнінде, қазақ тілтанымының жаңа ұғымдық кеңістігін айғақтады.
Қорытынды
Тіл мен қоғам ұғымдарының тығыз байланыста дамып отыратындығына жете мән берген ғалым тілдің әлеуметтік сипатын оның тарихи қалыптасуымен, әртүрлі қоғамдық формациялардан өту ерекшелігімен сабақтастырған, осыған орай, тілдер байланысын немесе «тілара контакт» мәселелерін Ә.Қайдар жалпы генезис проблемаларымен ұштастыра зерттеу керектігін өзектеген. Осыған орай, тілші кез келген ассимиляция процесіне не болмаса қарым-қатынас нәтижелеріне «бір жақты, бір бағытта ғана болатын» емес, «екі жаққа бірдей ықпал жасайтын» өзгерістер деп қарау қажеттігін дәлелдеді. Лингвистикалық тұжырымдамалардың аса құнды желісін ғалымның тарихи және тарихи-салыстырмалы зерттеулері құрады. Тілдік бірліктердің түптөркінін, алғашқы түркілік элементтердің рухани болмыс-бітімін, ұлттық танымның негізін сұрыптаған еңбектерге ғалымның «Қазіргі ұйғыр әдеби тілінің дамуы» (1969), «Қазақ тілінің тарихи лексикологиясы: проблемалары мен міндеттері» (1988), «Структура односложных корней и основ в казахском языке» (1986), «Қаңлы: тарихи шежіре» (2004), «Халық даналығы. (қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу)» (2004), «Қазақ қандай халық?» (2008) сияқты жұмыстарын жатқызуға болады.
Қазақ тіл білімінің қазіргі даму сипатын жан-жақты айқындау тіл ғылымын жаңа ізденістермен, теориялық ілімдермен, қайталанбас идеялық мазмұнмен толықтырған ғалымдардың еңбектері арқасында мүмкін болып отыр. Уақыт пен заман талабына сай, тілді жоғары адамзаттық құндылық ретінде бағалау, оны антропологиялық танымның, этникалық қалыптасудың құралы деп сипаттау Ә. Қайдар зерттеулеріне негіз болар өзгешеліктер қатарын құрайды. Тарихи, салыстырмалы, экстралингвистикалық зерттеулердің негізінде ғалым жеке ұлттық құндылықтарды жалпыадамзаттық аксиология ұғымдарымен шебер ұштастырған. Тіл тарихын тереңнен зерделеген тілші қабылдауында тілдік бірліктер жалқы мен жалпының үйлесімді жалғасы, этногенездік әрі жаһандық пәлсапаның нәтижесі деп танылуда. Ғалымның «ұлт – тіл – таным» мәселелерінің сабақтастығынан бастау алған ғылыми идеясы тіл ғылымының, оның теориялық ілімдерінің басты өзегін құрап отыр. «...этностың дүниеге келуіне ұйытқы болған да – тіл, рухани-мәдени өмірінің өзегі де, өзін-өзі танып білудің өлшемі де – сол тіл т.т. Осының бәрі «тіл әлемінен» табылады.
«Адамтану», «Қоғамтану», «Табиғаттану» деп аталатын ғылыми салалардың қалыптасуына негіз болатын да, біле білсек, осы «тіл әлемі» [4; 11] деген автор пікірі де соны айғақтайды.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Сыздық Р. Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2004. – 616 б.
2. Леонтьев А.А. Язык, речь, речевая деятельность. – М.: URSS, КомКнига, 2005. – 216 с.
3. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. - Алматы. «Ғылым», 1999. - 581 б.
4. Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. – Алматы: «Ана тілі», 1998. – 304 б.
5. Аханов К. Тіл білімінің негіздері.- Алматы, «Санат», 1993. – 496 б.
6. Манкееева Ж.А. Қ.Жұбановтың ғылыми мұраларының академиялық танымы хақында. // «Жұбанов тағылымы» VI Халықаралық ғылыми- теориялық конференция материалдары. – Ақтөбе- 2005 – 530 б. – 90-93 бб.
7. Щерба Л.В. Избранные работы по языкознанию и фонетике. Т.1 – Ленинград: Изд.Ленинградского университета, 1958. – 182 с.
8. Сыздық Р. Қазақ теледидарының тіл мәдениеті қандай? //Тіл және қоғам. – 2 (4), 2005. – 9 – 17 бб.
9. КаганМ.С. Философия культуры. – СПб., 1996.
10. Қайдар Ә. Қаңлы. – Алматы: «Дайк-Пресс», 2004. – 610 б.
11. Поволяева А. Язык – составная часть культуры. // http://finoved.Madistudio.Com/?Idm=41&op=main&idcont=116. – С. 1-9.
12. Қайдар Ә. Халық даналығы [қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу]. – Алматы: Тоғанай Т., 2004. – 560 б.