Рабиға Сыздықтың ахметтану ғылымындағы орны және А.Байтұрсынұлының терминжасамдық қағидаттары жөнінде

Рабиға Сыздықтың ахметтану ғылымындағы орны және А.Байтұрсынұлының терминжасамдық қағидаттары жөнінде
21 ғасырдағы жаһандану үдерісі әлемдік өркениеттер ықпалдастығын арттырып, технологиялық жетістіктерді адамзат баласының қолдану мүмкіндігін кеңейткенімен, ұлттық құндылықтардың, атап айтқанда, тіл, жазу, дін, діл, ұлттық сана-сезім, рухани мәдени мұралардың жойылу немесе түбегейлі өзгеріске түсу қатерін тудырып, дінаралық, мәдениетаралық қайшылықтарды тереңдетуде. Осындай жағдайда түркі әлемінің барлық саладағы интеграциясын жеделдету, жалпытүркілік ортақ тамырдан нәр алып, тарамдалатын 40 шақты түркі халықтарының әр қайсысының ұлттық рухани-этномәдени құндылықтарын түркі өркениетінің құрамдас бөліктері ретінде әлемдік деңгейде насихаттау, жалпытүркілік тарихи-рухани ортақтықты түркі әлемінің бірегейлігінің коды ретінде сақтап қалу және өскелең ұрпақ санасына сіңіру мәселелері аса өзекті.

Қазіргі әлемдік және аймақтық тұрақсыздық кезеңінде Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан мемлекеттерінің бірлігін нығайту, интеграциялық үдерістерді одан әрі дамытып, «түркі факторын» халықаралық қатынастарға әсер ете алатындай факторға айналдыру ‒ түркі мемлекеттері арасындағы тиімді және сындарлы диалог алаңдарының жіті назарындағы өзекті мәселелер болуда [1].

Түркі әлемінің интеграциясы идеясының тарихи бастауында И. Гаспаралы, С. Жантурин, Ю. Акчура, А. Гусейнзаде, А. Агаоғлу, Г. Ибрагимов, А.-М. Топчубашев, М. Бигеев, Ш. Сыртланов, С. Максуди, Мұстафа Шоқай және т.б. түркітілдес елдердің көрнекті өкілдері тұрады. Түркизм идеяларын негіздеуге атақты түркологтар Х.-С. Ходжаев, Б. Чобан- заде, С. Асфендияров елеулі үлес қосты [2, 123-130].

Түркі мемлекеттерінің өзара ынтымақтастығы мен ықпалдастығы Кеңес Одағы ыдыраған сәттен-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Әзербайжан Республикалары мен Түркия мемлекетінің ішкі және сыртқы саясаттарындағы түркі векторының өзегі етіліп, жаңаша сипатқа ие болды. Түркі интеграциясының 90-жылдарды қамтитын алғашқы кезеңінде Түркияның саяси, идеологиялық, экономикалық және мәдени ықпалы басымырақ болса, 2000-жылдардан басталған екінші кезеңде Қазақстанның саяси, қаржылық, ұйымдастырушылық, мәдени-гуманитарлық рөлі арта бастады [3, 27-30]. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен Түркі кеңесі, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы (Түрк ПА), Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы, Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ), Түркі академиясы, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры тәрізді түркіаралық ынтымақтастықтың институционалдық құрылымдарының құрылды. 2021 жылы қараша айында Ыстамбұл қаласында өткен Түркі республикалары басшыларының кезекті Саммитінде Түркі кеңесінің «Түркі мемлекеттер ұйымы» болып өзгеруі және ұйымға Өзбекстан мен Түркіменстанның мүше болуы түркі әлеміндегі заманау интеграциялық үдерістерге тың серпін берді. Қазіргі кезде түркі мемлекеттері арасындағы саяси-экономикалық жақындасу мәдени және ақпараттық компоненттермен толықтырылып, интеграциялық процестер түркі республикаларының біртұтас күшке айналуына ықпал етуде [4, 147-151 ].

ХХІ ғасырдағы түркі әлемінің интеграциясын жеделдету ең алдымен 6 бірдей түркітілдес мемлекеттердің тіл саясаты мен ұлттық идеологиясында мемлекеттік тілге қатысты сындарлы жаңа міндеттерді алға тартып отыр.

Түркітілдес мемлекеттердің тіл саясатындағы басты бағыт  жазу жүйесін латын графикасына көшіру жолындағы реформалармен тығыз байланысты болып келеді. Бұл мәселеде Түркияның әліпби реформасына қатысты іс-тәжірибесін және түрік тілін дамытудағы қол жеткізген айтулы жетістіктерін, түрік тілінің статусын халықаралық деңгейге көтеру бағытында жүзеге асырылып жатқан іс-шараларды посткеңестік түркітілдес республикалардың тіл саясаттарында алға қойылып отырған сан түрлі міндеттердің шешімін табуда назарға алудың маңызы зор. Мұнда латын әліпбиіне негізделген мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту (Әзірбайжан), жазу жүйесінде орын алып отырған «кирилл-латын» екіұдайылықтан арылу (Түркіменстан, Өзбекстан); қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын жетілдіру (Қазақстан) мәселелерін түркітілдес мемлекеттердің тіл саясатындағы басты міндеттер қатарына жатқызуға болады.

ХХІ ғасырда түркі интеграциясын жеделдетуге қатысты алға қойылып отырған маңызды міндеттердің бірі ‒ түркі тілдерінің ғылыми терминологиясын біріздендіру, соның негізінде ортақ терминологиялық қор құру.

Түркі тілдерінің терминдер жүйесін жақындастыру, ортақ терминдер қорын молайту бүгін ғана көтеріліп отырған мәселе емес. Мәселен, 1924 жылдың маусым айында сол кездегі Қазақстанның астанасы Орынборда өткен «Қазақ ғылыми қызметкерлерінің бірінші съезінде» терминологияны дамыту мәселелері де сөз болды. Оған Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, Х. Досмұхамедұлы, Н. Төреқұлұлы, Е. Омарұлы, Т. Шонанұлы бастаған бүкіл Алаш зиялылары мен Ишанғали Арабайұлы бастаған қырғыз оқығандары қатысты. Съезд бекіткен қағидаттардың бірі қазақ терминологиясына қатысты болды: «Қазақтың өз тілінен табылмаған пән сөздер, басқа түрік халықтарынан ізделсін; басқа түріктер тіліндегі пән сөздер, жалпы, түрік сөзі болып, жат тілдің әсерінен аман болса, ондай сөздер жатырқамай алынсын» деген қағидат қабылданды. 1926 жылы 26 ақпан мен 6 наурыз аралығында Баку қаласында өткен «Бірінші Бүкілодақтық түркология съезінде» қаралған мәселелердің бірі түркі тілдерінің терминологиясы (пән сөздерінің жүйесі) болған еді. Бұл съезде терминология мәселелеріне арналған баяндаманы Қазақстан тарапынан А. Байтұрсынұлы жасады. Қазақ зиялылары бұл бағыттағы жұмыстарын жалғастыра алмады. Бакудегі түркология съезінен кейін, көп ұзамай, 20- жылдардың аяғына қарай Алаш зиялылары қуғындала бастады. Олардың

түркі халықтарының    өзара термин        алмасу        мәселесін    жолға қоюға бағытталған         жұмысы [5, 147-151 ].   30-жылдардан      кейін жалғасын    таппай          қалды

Термин шығармашылығының отызыншы жылдардан тоқсаныншы жылдарға дейінгі кезеңінде терминдерді біріздендіру мәселесі кеңестік тіл саясатының мүддесіне сай орыс тілі негізінде ұлтаралықтандыру бағытында жүргізілді. Мұнда көзделген басты мүдде жалпысоветтік терминологиялық қор құру болғандықтан, КСРО көлеміндегі терминологиялық жұмыстарды бір орталықтан басқару ісі басты мемлекеттік орган әрі ғылыми мекеме ретінде Мәскеудегі Ғылыми-техникалық терминология комитеті тарапынан үйлестірілді. Нәтижесінде Одақ құрамында болған көптеген халықтардың тілдерінің терминологиялық қорында орыс тілімен ортақтандырылған терминдер үлесі 70-80 пайызды құрады.

Түркі терминқорын жақындастыру мәселесі тек КСРО ыдырап, тәуелсіз республикалар құрылғаннан кейін ғана қайта көтеріле бастады. 1996-1997 жылдары Халықаралық қазақ-түрік университетінде түркітілдес елдердің терминологиясының мәселелеріне арналған мәжіліс өтті. Бұл жиынға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Татарстан, Башқұрстан, Қарақалпақстан елдерінің тілші- ғалымдары қатысты. Ғалымдар көптілді терминологиялық салыстырмалы сөздіктерін жасауға келісіп, бұл бағытта біраз жұмыс істелгенімен, басталған іс аяғына толық жетпей қалды [5, 147-151].

2011 жылы Астанада өткен «Түркітілдес елдердің терминқорын қалыптастыру тәжірибелері» атты Халықаралық конференцияда жасаған баяндамасында белгілі түрколог М. Закиев ғылымның барлық салалары бойынша көптілді терминоллогиялық сөздік жасау үшін жазба әдеби тілі қалыптасқан түркі тілдерінің терминқорларының әлеуетін қажетке жарату керектігіне тоқталған болса, С.А. Садыкова әзербайжан терминологиясын түркі тілдеріне ортақ және басқа тілдерден енген терминдер деп топтай отырып, ортақ терминдер санын арттыруда түркі тілдерінің өзара тәжірибе алмасуының маңыздылығын атап көрсетеді [6].

Қазіргі таңда түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми ықпалдастықты арттыру мақсатында көтеріліп отырған терминологияны біріздендіру мәселесі түркі тілдерінің тарихи және қазіргі кезеңдегі даму үдерісіндегі терминжасам үлгілерін ортақтастыруды,          көптілді терминологиялық сөздіктер жасауды кешіктірмей қолға алуды талап етеді. Бқл мәселеде А.Байтұрсынұлының өткен ғасырдың 20-шы жылдары ұсынған тілтанымдық ұстанымдары мен терминжасамдық концепцияларын басшылыққа алудың маңызы зор.

Осы орайда А. Байтұрсынұлының ақталуы мен А. Байтұрсынұлының қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, ұлттық білім-ғылымымыздың көшбасшысы екенін таныту, ең алдымен, академик Р. Сыздық есімімен тығыз байланысты екенін айтпай кетуге болмас, сірә. А. Байтұрсынұлының мұрасы туралы емес, ұлы тұлғаның есімін айтудың өзі «саяси қате» саналатын тұста, яғни 1970-80 жылдары «А. Байтұрсынұлы ‒ қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, оның бұл қызметі ХХ ғасырдың 10 – жылдарынан басталады» деген тұжырымды алғаш рет айтқан да, бүгінде «Ахметтану» деп аталатын ғылыми саланың іргетасын қалап, мақсат-міндеттерін айқындап берген де академик Р.Сыздық болды.

Р. Сыздық «Ахметтану қалай басталды?» («Ана тілі» газеті, 1991, 6 маусым.), «Ахметтану: бүгіні мен болашағы» (Қазақ әдебиеті. 1993, 12 қараша), «А.Байтұрсынов және қазақ жазуы» (Қазақстан жоғары мектебі. 1997, №2) мақалалары арқылы А. Байтұрсынұлының қазақтың тілтану, әдебиеттану, әдістеме ғылымдарының негізін салушы ретіндегі орнын бағамдап берді. А. Байтұрсынұлының қазақ тілін зерттеудегі және оқу – ағарту жолындағы жасаған еңбектерінің жүйелілік сипатын Р. Сыздық:

«А. Байтұрсынұлы өзінің алдына жүйелі бағдарлама қойғанға ұқсайды: ол әуелі қазақтың ұлттық жазуын (графикасын) жасауды мақсат еткен, бұл үшінараб алфавиті негізіндегі «Байтұрсынов жазуы» дүниеге келген, екінші, сол жазумен сауат аштыруды ойлаған, бұл үшін «Оқу құралы» атты оқулығын жазған, одан соң қазақ тілінің грамматикалық құрылысын ана тілінде талдап беру мақсатын қойған, мұны орындау үшін «Тіл ‒ құралды» жазған, төртінші, тілді дұрыс қолдана білу тәртібін көрсетуді көздеген, бұл үшін «Тіл жұмсарды» ұсынған, бесінші сауат аштыру, қазақ тілін оқыту әдістемесін жасауды міндетіне алған, бұл үшін «Баяншы»мен «Әліп-би астарын» жазған» деп танытады [7].

Қазақ халқының мәдени өмірінде ХХ ғасыр басынан бері аса көкейкесті проблемалар болып келе жатқан қазақ жазуы мен терминологиясының өзегін А. Байтұрсынұлының ғылми концепциясы құрайтыны туралы Р. Сыздық былай дейді: «А. Байтұрсынұлының ғылыми концепциясы ‒ әр тілді өз өз табиғатынан шығарып сипаттау. Жалпы лингвистикалық мектептің негізі бір болғанымен, көптеген таным- принциптерінде Ахаң қазақ тіл білімінің өзгешеленетін тұстарын дұрыс көрсетті. Байтұрсыновтың тіл туралы ғылым саласындағы баға жетпес тарихи мәнді қызметінің бірі – оның терминдер түзіп бергендігі десек, мұнда да ғалым нағыз шығармашылықтың классикалық үлгісін көрсетті» [8].

А. Байтұрсынұлының терминжасамдық концепциясы туралы белгілі Ахметтанушы ғалым М. Джусупов былай дейді: «А. Байтұрсынұлының термин жасау процесінде негіз тұтқан ұстанымдары мыналар: 1) терминнің оқушыға түсініктілігі; 2) терминнің ана тілі негізінде жасалуы; 3) көпшілік түсінбейтін, бірақ қолданыста бар арабша, парсыша терминдерді қолданданыстан шығау; 4) қажет болған жағдайда жат тілдің терминін де қолдану (Еуропа және араб, парсы тілдерінен). Демек А. Байтұрсынұлы өзінің терминжасамдық концепциясында жат тілдік бірліктерден жасалған терминдердің қазақ тілінде қолданылуының қажеттілігін жоққа шығармайды» - дейді [9, 49].

Қазақ терминологиясының қағидаттарын арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырған Ш.Құрманбайұлы 1924 жылы Орынборда өткен «Қазақ ғылыми қызметкерлерінің бірінші съезінде» Елдес Омаровтың ұсынған қағидаттары «сол кезде термин мәселесінің басы-қасында жүрген А.Байтұрсынұлының тікелей басшылығымен жасалғандығын» айта келіп, А.Байтұрсынұлының термин жасау қағидаттарына: 1) термин ретінде ұғым мағынасын толық беретін қазақ сөздерін алу; 2) ондай сөздер қазақ тілінде болмаған жағдайда оларды туыстас тілдерден алу; 3) жаппай қолданылатын әлемдік терминдер қабылдана алады, бірақ олар қазақ тілінің табиғатына сәйкес өзгертілуі керек; 4) қазақ тілінің табиғатына сәйкеспейтін барлық өзге тілдердің сөздері дәл қазақтың айтуына сәйкес өзгертілуі керек деген ұстанымдарды жатқызады [10].

А. Байтұрсынұлы бұл қағидаттардың жалпы түркі терминологиясы үшін де маңызды екенін 1926 жылы Бакуде өткен «Бірінші Бүкілодақтық түркология съезінде» жасаған баяндамасында былайша түйіндейді: «Этим путем каждый из нас, разгрузив свой язык от балласта чужих слов и отчистив его от засоренности влиянием чужого языка, сделали бы доступными произведения своей печати и своей народной массе и другим тюркским народностям [11].

«А. Байтұрсынұлы қазақ терминологиясын жасаған кезде ғылыми мектептер, ғылыми терминдер қалыптаспаған еді. Сондықтан А.Байтұрсынұлы алдында екі үлкен мәселе тұрды: а) қазақ тіл білімінің, әдебиеттанымының, тілді оқыту әдістемесінің ұғымдарын анықтау; ә) сол ұғымдарды терминдермен таңбалау. Мұнда А. Байтұрсынұлы жат тілдердегі терминжасамдық үлгілерді қазақ тіліне көшіріп өткізбеді, олардың ғылыми- әдістемелік бағытын зерттеді, жетістіктеріне талдау жасады, яғни қазақша терминжасамдық шығармашылығында қазақ тілінің сөзжасамдық, морфологиялық, синаксистік, стилистикалық ішкі және сыртқы мүмкіншіліктерін толық пайдаланды. Тек осындай көзқарастың нәтижесінде А. Байтұрсынұлы жасаған терминдер нағыз ұлттық сипатта болып шықты» – дей келе, М. Джусупов және Қ. Ибраймовтар А. Байтұрсынұлының тілтанымдық терминдері тіл білімінің барлық салаларында (фонетика, лексикология, морфология, синтаксис, стилистика, фонология, сөзжасам т.б.) қолданылып, моностильдік те, полистильдік те (нақты ғылыми, ғылыми- әдістемелік, ғылыми-публицистикалық, ресми) қызмет атқаратынын айтады.

«А.Байтұрсынұлы жасаған терминдер қазіргі заманғы тілтаным ғылымының биік талаптарына жауап береді, себебі олар терминология теориясының – салалық терминология, метатіл, терминдер номенклатурасы т.б. ұғымдарына толық сәйкес түсіп жатады» - деп баға береді [9, 36].

А. Байтұрсынұлы жасаған қазақ тіл білімі саласының терминдерінің өміршеңдігі туралы Р.Сыздық: «осы күні қазақ тілі грамматикасына қатысты қолданылып жүрген «зат есім», «сын есім», «етістік», «есімдік», «одағай», «үстеу», «бастауыш», «баяндауыш», «жай сөйлем», «құрмалас сөйлем», «қаратпа сөз» деген сияқты сан алуан терминдердің баршасы А.Байтұрсынұлынікі. Бұлар не бұрынғы қарапайым сөздің мағынасын жаңғырту, не жаңа тұлғадағы сөз жасау арқылы дүниеге келген соны сөздер, сәтті шыққан атаулар. Мұны бұлардың күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқан өміршеңдігі айқындайды»-дейді [7].

А. Байтұрсынұлы қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерін термин жасауда ұтымды пайдаланудың озық үлгісін көрсетті. Ғалым жасаған терминдерде сөзжасамның семантикалық (жұрнақ, жалғау, буын, рай, мүше, әдіс т.б.), морфологиялық (жақша, көсемше, есімше, жалғаулық, есімдік, демеу, жалғау, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, пысықтауыш, толықтауыш және т.б.), синтаксистік (дауыссыз дыбыс, дауысты дыбыс, қатаң дыбыс, ұяң дыбыс, түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қаратпа сөз, қыстырма сөз, мезгіл пысықтауыш, мекен пысықтауыш, тұрлаулы мүше, тұрлаусыз мүше, салалас сөйлем, сабақтас сөйлем, жалаң сөйлем, жайылма сөйлем, болымды сөйлем, болымсыз сөйлем, толымды сөйлем, т.б.) тәсілдері кеңінен қолданылады. Сөзжасамның бұл тәсілдері тек қазақ тіліне ғана емес, барлық түркі тілдеріне тән болғандықтан түркі терминжасам үдерісінде ортақтықтар молынан кездеседі.

Қазіргі түркі тілдерінің морфология саласында қолданылатын терминдерге көз салсақ, олардың А. Байтұрсынұлы ұсынған терминжасамдық қағидаттармен толығымен сәйкес келетіні, тіптен, кей жағдайларда бірнеше түркі тілдері арасында тұлғалық-мағыналық тұрғыдан ортақ терминдердің орын алатыны байқалады. Мәселен, қаз. қос сөз // қырғ. кош сөз// өзб. қўшма сўз; қаз. қысқарған сөз//қырғ. кыскарган сөз//әзірб. qɪsaldɪlmɪş söz //түрік. kɪsaltɪlmɪş söz //түркім. гысгалдылан сөз//өзб. қисқартирилган сўз; қаз. туынды сөз // қырғ. туунду сөз; әзірб. törәmә söz //түрік. türemiş kelime; түркім. ясама сөз // өзб. ясама сўз; әзірб. söz birlәşmәsi // түркім. сөзлер бирикмеси //өзб. сўз бирикмаси; қаз. қос сөз//қырғ. кош сөз// өзб. қўшма сўз; қаз. көптік //қырғ. көптүк // түркім. көплүк //өзб. кўплик; қаз. зат есім //қырғ. зат атооч; қаз. сын есім //қырғ. сын атооч; қаз. сан есім // башқ. һан //ққалп.san // қырғ. сан атооч// түркім. сан // өзб. сон; қаз. «шылау» мәнін беретін қырғ. байламта // әзірб. bağlayɪcɪ//түрік. bağlaҫ //түркім. баглайҗы //өзб. тенг боғловчи және т.б. терминдер түбір - негіздері, ұғымдық-мағыналық және терминжасамдық тәсілдері тұрғысынан келгенде жалпытүркілік ортақтықтың қазіргі түркі терминологиясындағы сақталу , ары қарай қатарласа дамуын көрсететін болса, енді бірқатар терминдер түркі тілдері сөздік құрамының араб-парсы кірме қабатындағы ортақтықтарға негізделеді. Мысалы: қаз. зат есім –  башқ. исем // әзірб.isim//түрік.isim; қаз. сын есім –  башқ. сифат // әзірб.sifәt//түрік.sɪfat //түркім.сыпат //өзб.сифат; қаз. етістік – әзірб.fel//түрік.fiil//өзб.феъл; қаз. шырай –  башқ. дәрәжә // ққалп. dáreje; қаз. үстеу –  әзірб. zәrf // түрік.zarf, ал башқ. рәүеш // ққалп. ráwish // өзб. равиш; қаз. еліктеуіш –  әзірб. tәqlidi (sözlәr) // түрік. taklidi (sözler) // тақлидий (сўзлар) және т.б. Мұндай ортақтықтар түркі тілтаным ғылымының морфология саласының метатілін қалыптастыру және терминдер номенклатурасын жасау барысында түркі тілдері арасында терминологияның бірізденуіне алып баратын терминалмасым үдерісі орын алғанын айғақтайды.

Қорыта айтқанда, қазіргі түркі тілтаным ғылымының терминологиялық аппаратында орын алып отырған бірізділік А.Байтұрсынұлының қазақ және түркі терминологиясына қатысты қағидаттарының өміршеңдігін көрсетеді, сонымен қатар түркі тілдерінің салалық терминологиясын біріздендіруде түркі тілдеріне ортақ лексикалық қор мен ортақ терминжасам модельдерінің әлеуеті ерен екенін танытады.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.       Өзбекстан президенті Шавхат Мирзиёевтың Егемен Қазақстан газетіне берген сұхбаты. Жарқын болашақты бірге құрамыз // Egemen Qazaqstan.

№231 (302110). – 4 Желтоқсан, 2021.

2.       Телебаев Г.Т.Тюркская интеграция: история осмысления и инициативы Елбасы // Вестник ҚазНУ. Серия философии, культурологии и политологии. №2 (76), 2021. – 123 – 130 б. https://bulletin-philospolit.kaznu.kz /

3.       Иембекова М.О. Қазақстан және түркі әлеміндегі ықпалдасу үдерісі

// Білім – Образование. №4, 2011. – 27– 30 б.

4.       Парубочая Е Ф. Интеграция тюркского мира на современном этапе // Исторические, философские, политические и юридические науки, культурология и искуствоведение. Вопросы теории и практики. – Тамбов: Грамота, 2016, № 6(68): в 2-х ч. Ч.1. – С.147-151.

https://www.gramota.net/materials/3/2016/6-1/; cyberleninka.ru

5.       Құрманбайұлы Ш. Терминдерді біріздендіру түркі тілдері арасында жүйелі жүргізілуі тиіс // https://anatili.kazgazeta.kz/news/7894 6

6.       Түркітілдес елдердің терминқорын қалыптастыру тәжірибелері. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. - Астана, 2011.

7.       Сыздық Р.Ұлттық білім-ғылымымыздың көшбастары //Қазақстан мектебі, 1998. №6.

8.       Сыздық Р.Ахметтану: бүгіні мен болашағы // Тіл және ұлттық мәдениет.- Түркістан, 2005.-31бб.

9.       Джусупов М., Ибраймов Қ. Ахмет Байтұрсынұлы: Ғылымтаным. Терминжасам. Стилистика. - Алматы: «Әлем», 2015.-215бет.

10.     Құрманбайұлы. Ш. Қазақ терминологиясы дамуының ғылыми қағидаттары. Астана, 2004.

11.     Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы. 1992, 425-бет.