Қазақ тілі оқулықтарындағы терминдердің қолданылуы деген мәселе көтерілгенде көкейде бірден бірнеше сұрақ туындайды. Олар:
Бұл сұрақтарға тоқталмас бұрын қазақ тіл біліміндегі термин мәселесінің даму тарихына аздап шолу жасай кетейік.
Қазақ тіл біліміндегі терминология ғылымының дамуы жиырмасыншы ғасырдың 30-жылдарынан басталды. Ғалым Ш.Құрманбайұлы: «Сол 30-жылдарға дейінгі жиырма жылдай уақытты қамтитын алаш оқығандарының терминологияны дамытуда ұстанған бағыт-бағдары басқа арнаға бұрылды. Ендігі жерде кеңес одағы халықтарына ортақ жалпыкеңестік терминологиялық қор құру мақсаты қойылды. Одақты құрайтын барлық ұлттық республикалар орыс тілінің терминологиясын үлгі ете отырып, ұлтаралық тіл мәртебесіне ие осы тілмен ортақтығы мол терминологиялық қор қалыптастыру көзделді. Терминологияның халықаралық сипатын арттыруға баса мән берілді», – деп сол кездегі біздің ұлттық құндылықтарымыздың қысымға түсе бастағаны, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алаш зиялыларының қиындыққа тап болғанын көрсетеді [1].
Бұл кезеңде терминологиялық сөздіктер, термин мәселелері жөніндегі алғашқы мақалалар жарық көре бастады. Осы кезеңде термин жасау iciмен қазақ зиялылары: А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Қ.Кемеңгерұлы, Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедұлы, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Аманжолов сияқты т.б. көптеген ғалымдар айналысып, зерттеулер жүргізді.
Қазақ тіліндегі термин жасаудың үлгісін көрсеткен Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми терминологияны қалыптастырудағы қосқан үлесі зор. Алғашқы сayaт ашу құралы ретінде жазған «Оқу құралында», сонымен қатар, «Әліп-би» мен «Тіл – құрал» еңбегінде қазақ тіл біліміндегі басты, негізгі терминдерді жасады. Ғалым тілді жұмсай білу, сөзден сөз жасап шығару екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс екендігін тілге тиек еткен. Ғалымның аталмыш еңбектерінің өзінде қазіргі кезге дейін қолданылып жүрген зат есім, сын есім, сан есім, етістік, есімдік, шылау, жалғау, жұрнақ, т.б терминдерді жолықтыруға болады. Осы жерде айта кететін жайт – ғалым тек қазақ тіл біліміне тән термин атауларын емес, барлық ғылым салаларына тән терминдер жүйесін жасаған. Әдебиетші ғалым Р.Нұрғали Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегі жөнінде: «…қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған», – деген пікір айтады.
Ахмет Байтұрсынұлының термин жасаудағы басты ұстанымдары:
Сол сияқты ғалым Ө.Айтбаев «Қазақ сөзі» атты зерттеуінде А.Байтұрсынұлының «Тіл – құрал» атты еңбегін зерделей отырып: «А.Байтұрсынұлы жасаған терминдер жүйесі, бір қарағанда оп-оңай болып көрінгенмен, ол – өте күрделі де терең ізденістер нәтижесінде пайда болған ғылыми туынды», – дей отырып, А.Байтұрсынұлы жасаған термин сөздердің басты ерекшеліктерін саралай келе, ол терминдерге тән нәрселер ретінде мыналарды көрсетеді:
Алаш қайраткерлерінің бірі ғалым Х.Досмұхамедұлы 1923 жылғы мақаласында өзге тілден енген термин сөздерді қабылдағанда ұлт тілінің фоно-морфологиялық заңдылықтарына сәйкестендіріп алу қажеттігі жайында айта келіп, мынадай тұжырым айтады: «Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады», – деген пікірі күні бүгінге дейін құндылығын жойған жоқ.
Қазақ тіліндегі аталмыш ғалымдармен қоса қазақ терминологиясының мәселелерімен айналысып, терминжасам мәселелеріне өзіндік үлес қосқан ұлт зиялысы – М.Әуезов. М.Әуезовтің терминжасам мәселесімен айналысқанын көрсететін бірден-бір еңбектері – «Ғылым тілі» (1917) және «Қайсысын қолданамыз?» атты мақалалары. Аталмыш мақалаларында ғалым қоғам дамыған сайын күннен-күнге мұқтаждарының көбейетіндігін айта келіп, қазіргі күнгі халық мұқтажы ғылым тілі екендігін тілге тиек етеді. Бұл мақалаларында ғалым ғылым тілін қазақша жасау мәселелерін көтере отырып, халық рухы біріксе, саясат сол халық рухына қарай бет алар болса, ғылым тілі еш уақытта өзге арнаға бұрылмайтындығын ұғынуымыз керектігін айтады.
Терминдер жөнінде зерттеу жүргізген ғалымдардың бірі – Әбдуәли Қайдар. Ғалымның «Казахская терминология», «Ғылым тілі және әдебиет тіл статусы», «Терминология көкжиегі» атты мақалалары осы термин мәселесіне арналады. Терминологияның қалыптасуы жөнінде сөз ете отырып, ғалым мынадай тұжырым жасайды: «Ана тіліміздің тағдыры, оны жан-жақты дамытудың бір тетігі, демек, ғылым тіліне де байланысты – ғылым тілін зерттеу жұмысына мән беретін уақыт жеткен сияқты. Ғылым тілі тұрғысынан алып қарағанда түркі тілдерінің тағдыры ортақ. Олардың бүгінгі күндегі даму заңдылығы мен ерекшеліктері түркологтардың назарынан тыс қалмауы керек», – деп, терминологияны жалпы түркі тілдеріне ортақтау жөнінде жаңа, тың пікір ұсынады [4].
Терминжасам тәсілдері жайында профессор Ш. Құрманбайұлы: «Ғылым мен техниканың түрлі салаларындағы етістік терминдердің ішінде ең көп ұшырасатыны – тұйық етістік. Етістіктің бұл түрі арқылы жасалған терминдерді арнаулы салалардың барлығынан дерлік табуға болады. Мысалы, тіл білімінде – жіктеу, септеу, қиысу, қабысу, матасу, меңгеру, үстеу, жалғау т.б.; әдебиеттануда – шендестіру, әсірелеу, дамыту, теңеу, суреттеу, толғау т.б., Терминологияда сын есімдердің де өзіндік орны бар. Сын есімдер негізінен тіркесті терминдердің құрамында кездеседі. Мысалы, жай сөйлем (тіл білімі), қара өлең (әдебиеттану), сары дақ (физиология), ащы ішек (медицина) Терминологияда сын есімнің зат есім сияқты дербес ешбір сөзбен тіркеспей терминденуі де ұшырасады. Мәселен, сезікті (подозреваемый) деп, заң ғылымында – «қылмыс істеді деген күдікпен ұсталған және айып тағылмастан бұрын бұлтартпау шарасы қолданылған адамды» айтады», - деп терминдердің әр саладағы қолданысына тоқталады. [5, 158-161 бб.].
Мектеп оқулықтарындағы терминдердің қолданылуын айтпас бұрын, осы қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі рөлінің қаншалық күйде екендігін ғалымдардың пайымдаулары, пікірлері арқылы саралайық.
Академик Өмірзақ Айтбайұлы: «Тілдің өміршеңдігінің басты кепілі – оның ғылым тіліне айналуы. Ғылым тілінің тірегі – терминология. Ұлттық терминология өркендемей, ұлт тілінің де өрісінің кеңейе қоюы неғайбыл» деген ой айта келе, ғылыми зерттеулерді қазақ тілінде жүргізуді міндеттейтін, ынталандыратын шаралар кешенін қолға алу, шет тіліндегі терминдерді қазақ тіліне аудару мәселесіне де тоқталды.
Профессор Ерден Қажыбек еліміздің жоғары оқу орындарындағы магистратура мен докторантурада оқитын жас ғалымдар үшін мемлекеттік пәндер классификаторына қазақ тілінің он шақты саласын енгізу қажеттігін айтады. Ғалым: «Бүгінде тамыры тереңге кететін ұлттық терминологияның, жер-су және кісі аттарының, медиа (БАҚ, ТВ, кино) тілі, әлеуметтік лингвистика, сөз шеберлігі және басқа көптеген мемлекеттік тілді дамыту мәселелері маңызды сала ретінде мемлекеттік классификаторға мүлде ілінбей отырғаны – елдігімізге сын. Терминология дамымай, ана тілінің, қазақ тілінің әр тармағы жеке пән ретінде сараланбай, мемлекеттік тіл өркендемейді», дейді.
Лингвист ғалым Жамал Айтқалиқызы Манкеева: «Қазақ тіл білімінің негізін салушылар А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов атап көрсеткендей, тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, оның танымдық құрал ретіндегі қызметіне де айрықша назар аударуымыз қажет» дей келе, «Адамтанымдық үрдіс тілді ұлттың болмысын, болашағын, кешегісін тану мәселесімен қоса қарастырады. Осы орайда қазақ тілі білімінің негізін салған А.Байтұрсынұлының «Қазақ тілінің барлық мүмкіншілігін сарқа пайдалану керек. Ол болмаған кезде барып басқа тілден кірме сөздер алынғаны жөн» деген тұжырымын, сонымен қатар академик Әбдуәли Қайдардың «Тілші ғалым тамыршы сияқты болуы керек, сонда ғана тілдің терең мазмұнындағы ұғымдарды танимыз» деген қағидасын ғалымдар басты назарда ұстап келеді»,– деп дәлелдер келтіреді
Филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринова барлық мамандықтың ғылыми-зерттеу саласы, соған бағыттайтын жолы ретінде магистратурада қазақ тілін оқытуға байланысты пікірін былайша өрбітеді: «Еліміздегі жоғары оқу орындарындағы магистратуралар екі бөлім (қазақ-орыс, қазақ-ағылшын) немесе бір бөлім түрінде оқытылады. Алайда, ғылым тілі ретінде қазақ тілі гуманитарлық салада қолданыста болғанымен, информатика, биология, медицина, химия, т.б. салаларда қолданылмайды. Яғни, бұл салаларда аты бар, заты жоқ қазақ тілін қолданады. Қазақ бөлімдеріндегі ғылыми жұмыстарда терминдер біркелкі қолданылмай, стилінің аударма немесе калька түрінде жазылуы қалыпты жағдайға айналған. Кейде зерттеу жұмысының мазмұнын түсіну қиын. Себебі жаратылыстану ғылымдары қазақ тілінде зерттелмейді. Мамандар қазақ тілінде ойланбайды. Ойланғанның өзінде, оны жеткізуде орыс тілінен аударып жеткізеді немесе жарымжан аудармасы мен стилі қазақ тіліндегі диссертацияға жарай береді деген түсінік қалыптасқан. Аударма сипатындағы қазақ тіліндегі зерттеулерді оқып түсіну мүмкін емес. Мұны тоқтату үшін филологиядан басқа мамандықтардың магистратурасында «Ғылыми қазақ тілі» пәнін енгізу қажет. Пән міндетті түрде екі немесе үш кредит оқытылып, бағдарламаға саланың бекітілген және нормаға айналған терминдері, ғылыми стильдің сөз саптауы мен жүйесі, құрылымы, сөз тіркесі синтаксисі енгізілуі қажет. Ауызша ғылыми сөз бен жазба сөздің жүйелілігі, мәтін логикасы мен құрылымы қарастырылса, жаратылыстану ғылымдары, тіпті туризм мен география саласы да қазақ тіліне жақындай түскен болар еді»,– деп қазақ тілін ғылым тіліне аударудың нақты бір жолын көрсетеді.
Жоғарыда айтылған «Қазақ тілі оқулықтарындағы термин сөздердің қолданылуы, қандай да бір қиындықтар бар ма?» деген мәселелерді көтеру барысында жаңартылған білім бағдарламасы бойынша дайындалған оқулықтардағы берілген терминдер жөнінде мектеп мұғалімдерінің пікірін тыңдап саралай келе, бірнеше проблемалық мәселелерге тоқталмақпыз.
Жалпы негізінде мектеп бағдарламасында меңгерілуге тиіс білімнің терминдері бірізді, қалыпқа түскен, жүйелі терминдер. Әрине, бірлі-жарым кейде жарыса қолданылып қалатындары да кездеседі. Мысалы: «аббревиатура», «қысқарған сөз»» деген сияқты жарыса қолданылып қалатын жағдайлар да кездеседі. Дегенмен «Қазақ тілі» оқулықтарындағы терминдер жүйесі қалыптасқан. Ал сонда проблема тудырып отырған не нәрсе? Ол жаңағы жоғарыда мысалдар келтіре отырып көрсеткеніміздей жаңартылған оқу бағдарламасындағы грамматикалық жүйенің сақталмауынан оқулықта тіл білімі терминдерінің баланың жас ерекшелігін ескермей, жүйесіз түрде берілуі дер едік.
Бұл тығырықтан қалай шығамыз. 2021 жылдың 21-желтоқсанында қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің «Қазақ тілі мен әдебиеті: оқыту мәселелері және жаңа көзқарас» тақырыбында съезі өтті. Осы съезде республиканың он жеті аймағынан жиналған педагогтердің ұсыныстарын тыңдай отырып, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағанбетов бірнеше тапсырмалар берді. Осылардың ішіндегі бүгінгі күнгі көтеріліп отырған мәселеге қатыстысы мектептегі оқу бағдарламалары мен оқулықтардың жайы. Олар:
Міне, білім министрі беріп отырған бұл тапсырмалардың талапқа сай орындалуы біздің бүгінгі проблемаларымыздың шешімі демекпіз.
Қорыта келе, қазақ тілінде термин жасау, жасалған терминдерді қалыптастыру, оларды оқулыққа енгізу мәселесі – қадағалап отыруды қажет етеді. Олай болмаған жағдайда термин жасаудағы реттілік пен жүйеліліктің бұзылары анық.
Қазіргі ұлт тілінде терминжасам мәселелері жан-жақты зерттеліп жанданып отыр. Көптеген жаңа терминдер жасалып, қолданысқа көше бастады. Бұл – ұлт тілінің ғылым саласындағы қызметінің бір көрінісі.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: