ХХ ғасырдың алғашқы кезеңінде А.Байтұрсынұлы орыс тілі терминдерінің ерекшеліктерін зерттеп, қазақ тілінің өзіндік материалын ұтымды пайдалана отырып, терминдер жасады. Бұл терминдердің қазақ тілінің бірқатар терминологиялық сөздіктеріне берік енгендігі және әлі күнге дейін өзгеріссіз қолданылатындығы олардың сәтті құрылғанын көрсетеді [1; 52]. Шын мәнінде, сол кезеңдердегі Алаш зиялылары жасаған терминдердің қолданылуы мынада: олар ұғым мен зат арасындағы байланысты терең түсінгендіктен, олар зат не құбылысқа терминдік атау беру үшін ұғыммен жұмыс істей бастады. Мысалы Ж.Аймауытұлы психологиялық терминдерді және өсімдік шаруашылығының атауларын, Е.Омарұлы геометрия терминдерін, С.Қожанұлы математика саласының терминдерін, А.Қонқашпайұлы географиялық терминдерді, М.Жұмабайұлы педагогикалық терминдерді қалыптастырғаны белгілі.
Бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі ұлттық терминологияның қалыптасуы болып табылады. Соңғы жылдары қазақ зиялыларының еңбектері, олардың терминология тәжірибесі зерттеушілердің назарын аудара бастағаны қуантады. Өйткені, қазақ тілінің ғылым тіліне айналуына терминдердің өз ана тілімізде қалыптасуы маңызды болмақ. Ғылым тіліне келетін болсақ, ол дамып, жаңаратыны белгілі. Сондықтан қазақ терминологиясын ана тілімізде қалыптастырып, толықтыру қажет. Қазір терминологтар осы бағытта елеулі қызметтер атқаруда. Десекте, тілімізге кейінгі он жылдықта тек орыс тілінен ғана емес, шетел тілдерінен толассыз сөздер қолданысқа енуде. Жалпы тілдегі терминология саласы қоғамдағы жаңалықтармен үнемі тікелей байланысты болғандықтан, бұл үнемі жаңарып отырады әрі зерттеуді қажет етеді. Айталық, қазіргі қазақ терминологиясында ғасыр басындағы жағдаймен салыстырғанда айырмашылықтар көп, қазіргі кезеңде біздің тілімізде ұлттық терминологиямен қабаттаса ағылшын тілінен енген сөздер де басымдылық ала бастады.
Бүгінде халықтың көпшілігі әлеуметтік желілерді қолданады. Жастар тіліне жаргон, сленг сөздер ретінде ағылшын сөздері өте жиі қолданысқа енуде [2]. Осы желілер арқылы шетел сөздері де тілімізге енуде: Instagram, account, megabait, challenge, snapchat, facebook, blog деген сөздер легін тізе беруге болады. Тағы бір қынжылтатын мәселе бұл сөздер тіпті ағылшын тілінде дыбысталғанымен қоса, латын графикасына негізделе жазылып та жүр. Бұл сөздердің қазақша баламасы бола тұра баспасөз беттерінде қазақшасынан гөрі ағылшыншасы жиі қолданылады, айталық, «account» сөзін «парақша», «Internet» сөзі «ғаламтор» деп аударылса да, өзге тілдегі нұсқасын жиі қолданады. Сайт, файл, e-mail сөздері де актив қолданыста. Ел басқару ісі мен саясатқа байланысты кірме сөздер де белсенді қолданысқа ие, мысалы, премьер-министр, вице-премьер, спикер, президент тб. Жаһандану дәуірінде ағылшын тілінен алынған сөздердің ағыны өз тіліміздің жойылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан зат атауларын неғұрлым қазақ тіліндегі баламасын қолданып, қазақ тілі заңдылығына орай өзгерте қолдаған дұрыс болар еді. Негізінен жаңа сөздердің пайда болуы біздің сөздік қорымызды байытады, дегенмен, кірме сөздердің көптігі тілімізді шұбарлап, бірегей табиғи қалпына нұсқан келтіріп, әдеби сұлулықты, тіліміздің тазалығын жояды.
Қазақ тіліне кеңестік кезеңде енген спорт саласының бокс, баскетбол, хоккей, футбол, теннис, тб терминдері қатарын қазіргі кезде кетч, крос, кроссмен, тайм-аут, крикет, кёрлинг т.б сияқты спорт атаулары да ағылшын тілінен еніп, толықтырып отыр. Өнер саласына қатысты мына сөздер де осы саланың кәсіби терминдеріне айнала бастағанын білмей де қалдық: блокбастер, терминатор, камеди киборгсингл, ремейк, трек, постер, клаб,вестерн, хит, хип-хоп, джаз, брэйк-данс, блюз, шоу, ток-шоу, диск, битлз, брейкер, ревю, опера т.б.
Ал Әлеуметтік тұрмысымызда экономика саласының инвестиция, маркетинг, менеджер, босс, шеф сөздерін қолдануға мәжбүр болсақ, осы салада дилер, брокер, дефолт, прайс-лист сөздері кәсіби терминге айналғанын аңғару қиын емес. Жастар арасындағы жаргон, сленг сөздерді қоспағанның өзінде қазақ тіліне енген ағылшын сөздерінің бейнесі осындай.
Жарнама тіліне талдау жасар болсақ, ағылшын тілінен енген сөздер едәуір. Мысалы стимер, ростер, триммер, снукер, пул, сквош тб сөздер. Жарнама арқылы күнделікті тұрмыстағы зат атаулары да ағылшын тілінен тікелей алынып, тілімізге оңды-солды еніп жатыр. Ол заттардың атаулары ағылшын тілінде беріледі: «Head & Shoulders» сусабыны, «Dove» сабыны, лифтинг, скраб, пиллинг т.б сол сияқты косметика атаулары да өзгеріссіз ағылшын тіліндегі қалпында қолданылып жүр.
Медицина ғылымы да жаңа кірме сөздермен толықты: изоляция, ковид, санитайзер.
Ғылым салалары: нумерология – нумеролог, бионика, робототехника, регенерация, диетология – диетолог, менталды арифметика.
Экономика, қаржы саласына байланысты мынандай сөздер бар:
кэш, кэшбэк, инвестиция, акция, биткоин,антиплагиат, спонсор, банкрот, гарант, криптовалюта, профит, дивиденд, бенефициар, бонус т.б.
Ағылшын тілінен енген сөздер құрылысына қарағанда екі сөздің тіркесуі немесе бірігуі арқылы жасалған күрделі аталым түрінде де кездеседі: фишбургер, чикенбургер, чизбургер, т.б.
Ағылшын тілінен алынған қысқарған сөздер: HR, SMM, MMA
Қос сөздер: секонд-хэнд, видео-салон, прайс-лист, сендвич-гамбургер, хот-дог.
Заман ағымына байланысты жаңа мамандық атаулары да кірме сөздерден тұрады. Мысалы: SMM, таргетолог, медиатор, бизнессвумен, HR, репетитор, хакер, папарации, брокер, телесуфлер, инвестор, диллер, дистрюбьютор, фриланс / фрилансер, стилист (стильші)копирайтер, аниматор, модератор, супервайзер, логистика, барбер, диктор, веб-дизайнер, бармен, амбассадор, промоутер, дауншифтер, риэлтор имиджмейкер, спикер, волонтер .
Жоғарыда келтірілген барлық мысалдар жас ұрпақтың әлемдегі барлық жаңалықтарды меңгеретіндігін және әлемдік жаңалықтардан хабардар болып, кенжелеп қалмайтындығын көрсетеді. Біздің елде бұл сөздер күнделікті өмірде қолданыс тауып, біздің өмірімізге тән сөздерге айналды. Ағылшын сөздерінің саны ерекше қарқынмен кірме сөздер қатарын құрап, ғылым мен техниканың дамуы, халықтың өмір салты мен тұрмысы жақсарса да, болашақта ұлттық тіліміздің мәртебесі қандай болады деп ойлануымыз керектігін айтқымыз келеді. Қазіргі қазақ тілінің сөздік қорына енген бұл ағылшын сөздері болашақта қазақ тіл білімінің деңгейін арттыруға, қазақ тілінің сөздік қорын жаңартуға және дамытуға ықпал етуі мүмкін. Жаһандану дәуірінде ағылшын тілінен алынған сөздердің ағыны өз тіліміздің ұмыт болуына, шұбарлануына әкелуі мүмкін екені анық. Сонымен қатар, біз әрқашан тіліміздің жоғары мәртебесін сақтауымыз керек. Бірақ экономиканы, саясатты, мәдениетті одан әрі дамыта отырып, уақыт ағымына ілесе отырып, біз де халықаралық тілді меңгеруіміз керек, десек те бұл терминді ұлттық тілдегі сөздердің баламасымен ауыстырып алу немесе оны қазақ тілінің фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктеріне бағындыру үшін қолданған дұрыс болар еді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: