Ғылыми-техникалық терминдер және терминжасамда қолданылатын аударма әдістері

Ғылыми-техникалық терминдер және терминжасамда қолданылатын аударма әдістері

Қандай да бір саланың пайда болуында сәйкесінше, сол тілде өзінің терминологиялық аппаратының пайда болуы заңды құбылыс. Техникалық саланың құбылыстары мен нысандарын атауда қолданылатын тілдік бірліктер осы терминжүйенің басты құраушысы болып табылады. Техникалық терминологияның негізгі бірлігі - техника ғылымы саласына жататын терминдер. Техникалық термин – бұл ғылыми-техникалық білімнің белгілі бір саласына қызмет ететін, терминологиялық базаның құрамына кіретін арнаулы аталым бірлігі. Қазақ терминологиялық қорында техникалық терминдер төмендегідей салаларға жіктелінеді: математика, энергетика, машинажасау, физика, механика және машинатану, информатика және есептеуіш техника, электроника, радиотехника және байланыс, сәулет және құрылыс, жеңіл және тоқыма өнеркәсібі және т.б.

Қазіргі терминтанымда терминнің тілдік жүйедегі орнын анықтау мәселесі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Терминнің лингвистикалық мәртебесін зерттеуде ғалымдар оның негізгі белгілерінің бірі ретінде терминнің қос жүйелілігін көрсетеді. Қарастырылып отырған техникалық термин ең алдымен жалпы қазақ тілінің жүйесіне жатады, сонымен бірге ол терминологиялық жүйенің элементі болып та табылады. Сондықтан оның қалыптасуы мен дамуы барысында терминожүйе өз тілінің тілдік заңдылықтарына сүйенуі тиіс. Кез келген техникалық терминология өзге де терминология салалары секілді тілдік жүйенің бөлігі бола отырып, жалпы тілде қабылданған қағидаттар мен ережелерге сәйкес қалыптасуы және дамуы қажет. Яғни терминологиялық аталым жалпы тілдік лексикаға тән негізгі тәсілдермен жүзеге асырылады.

Ғылыми-техникалық терминология көбінесе жалпы тілдің лексикалық бірліктерінің семантикалық құрылымының модификациялары негізінде құрылған терминдер арқылы қалыптасады. Бұл процесс терминдену немесе жалпы сөздің семантикалық дамуы ретінде анықталады. Терминдену екі жолмен түсініледі: кең мағынада ол жалпы лексикалық бірліктің мағынасын қайта қарау нәтижесінде жаңа терминологиялық бірліктердің пайда болуының барлық процестерін қамтиды (яғни,"терминдену"; және "терминжасамдағы семантикалық әдіс"). Жалпы лексиканың терминдену барысында лексикалық бірліктің семантикасын тарылту немесе кеңейту процестері, трансферттің әртүрлі түрлері, яғни, лексикалық бірліктің терминөріске өтуіне әкелетін процестер. Тар мағынада терминология дегеніміз лексикалық бірліктің термин санатына өту процесінде оның семантикалық құрылымындағы жеке өзгерістер деп түсініледі (бұл түсінікте терминология семантикалық әдістің кіші түрлерінің бірі болып табылады) [1;8].

Жасыратыны жоқ қазіргі таңда тілімізде ғылыми-техникалық терминдер тек өзге тілдерден (негізінен орыс тілінен) аудару жолымен жасалынып жатыр. Терминтанушы ғалымдар аударманы терминжасамның бір тәсілі ретінде де көрсетеді [2; 3]. Терминжасамның бұл тәсілден өзге семантикалық, морфологиялық, синтаксистік морфолого-синтакситік және т.б. тәсілдері бар. Ш.Құрманбайұлы терминтанымда «бірқатар ғалымдар терминжасам (терминообразование) тәсілдерінің бәрінің басын біріктіріп, терминшығармашылығы (терминотворчество) деп атайтынын» тілге тиек ете келе, осы пікірдегі ғалымдарды қолдайтынын сөз етеді [3; 539]. Ғалымның бұлай айтуының негізі бар. Термин тек терминжасам тәсілдері арқылы қалыптаспайды, төл лексикалық қордағы жекелеген сөздер тілдің ішкі заңдылықтарына бағына отырып, терминденеді. Бүгінгі таңда, бұл қағида терминжасаушы ғалымдардың назарынан тыс қалып келе жатыр.

Негізінен, терминжасамда немесе өзге тілдерден термин қабылдауда алаш зиялылары көрсеткен мына қағидаларға сүйенген дұрыс болар еді:

  1. Қазақша пән сөздері қазақтың өз тілінен алынатын болсын;
  2. Қазақтың өз тілінен табылмаған пән сөздер, басқа түркі халықтарынан ізделінсін. Басқа түріктер тіліндегі пән сөздер – жалпы түркі сөзі болып, жат тілдің әсерінен аман болса, ондай сөздер жатырқамай алынсын;
  3. Еуропа халықтарының бәріне де сіңіп кеткен жалпы жұртқа ортақ пән сөздер, қазақ тілінің заңдарына келтіріліп, бізге де пән сөз болып алынсын; ондай сөзге мағынасы дәл келетін қазақтың сөзі болса, жалпы еуропа сөзімен қазақша сөз, түбінде екеуі жалпы халықтардың талғауына түсіп, қай қолайлысы алынатын болу үшін, екеуі қатар жазылып отыратын болсын;
  4. Қазақтың өз тілінен басқа тілдерден алынған пән сөздер қазақ тілінің баяндамада көрсетілген заңдарша өзгертіліп алынсын [4; 25]. Өкінішке орай бүгінгі терминжасамда бұл қағидаттардың жүзеге асуы жай ғана формалдылық болып қалды. Қазіргі терминжасамда аударма теориясының тәсілдеріне басымдық беріліп кеткендігі ащы да болса шындық. Терминтүзушілер термин жасауда аударма теориясының лексикалық, лексикалық-семантикалық және лексикалық-грамматикалық аударма трансформациялары сияқты тіларалық трансформацияларды қолдану арқылы шешіп келе жатқандығын бүгіндері жасақталып отырған техникалық-ғылыми термин базаларынан анық байқауға болады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін аударма трансформацияларына жекелей тоқталмақпыз.

«Лексикалық трансформация: транслитерация, транскрипция, калькалау және т.б.

Грамматикалық трансформация: грамматикалық алмасымдар және сөйлемнің бөлшектенуі және т.б.

Лексикалық-грамматикалық трансформациялар: экспликация (сипаттамалық аударма), антонимдік аударма, компенсация (түрлендіріп аудару)» [5].

Терминдерді аударудың негізгі әдісі аударылатын тілден лексикалық баламасын іздеу. Бұл әдіс түпнұсқа тілден аударылатын тілдің лексикалық қорынан аударылып отырған терминге сәйкес балама іздеу жұмыстарынан тұрады. Оған бекітілген терминологиялық қордан мынадай мысалдар келтіруге болады: башня – мұнара, колесо – доңғалақ, мачта – діңгек, решето – елек, стержень – өзек, стойка – таған, стоянка – тұрақ, ворот – шығыр, дробь – бөлшек, клин – сына  және т.б. Бұл әдіс терминжасамда да негізгі әдістің бірі болып табылады. Осы әдіспен жасалған терминдердің өміршеңдігі өте жоғары. Бірден көпшілік қолдауына ие болып, қазақ терминологиялық қорына сіңісті болып кетеді.

Транлитерация әдісі. Бір тілден екінші тілге таңбалар мен олардың дыбысталуын дәлме дәл, еш өзгеріссіз беру тәсілі. Транслитерацияда морфологиялық және фонетикалық ассимиляциялар қатар жүреді. Мысалы: аккумулятор – аккумулятор, автогрейдер – автогрейдер, автоконвекция – автоконвекция, якобиан – якобиан, эффузия – эффузия, энтальпия – энтальпия, шифркод – шифркод, функция – функция, формализм – формализм, флюоресценция – флюоресценция және т.б.

Аударма теориясында бұл тәсіл арқылы кісі есімдерін, жер-су, мекеме  атауларын және т.б. оқырмандарды басқа бір ұқсас атаулармен шатастырып алмау үшін қолданады. Термиологияда бұл тәсілді негізсіз қолдануды қате деп танимыз. Себебі, түпнұсқа тілден ешқандай өзгеріссіз сол тілдің түпнұсқалық таңбалануы мен айтылымын сақтап келген сөз аударылған тілдің ішкі заңдылықтарына айтарлықтай нұқсан келтіреді. Ол жайында С.Құлманов «шеттілдік терминдерді таңбалауда (транслитерациялауда, транскрипциялауда) қазақ тіліне тән емес құбылыстар (тіркесімдер, таңбалар және т.б.) орын алуы мүмкін. Мысалы, а) үш немесе одан да көп дауыссыздың қатар келуі (аккредитив, коэффициент және т.б.); ә) екі немесе одан да көп дауыстының қатар келуі (гидроакустика, радиоактивті және т.б.); б) ь, ъ тәрізді қазақ сөздеріне тән емес таңбалардың алынуы (вольт, конъюктура және т.б.)» [6] - деп көрсетеді.

Транскрипция әдісі. Аударма тілінің таңбаларын қолдана отырып, оның дыбыстық формасын қайта құру арқылы түпнұсқаның лексикалық бірлігін аудару әдісі [7]. Мұнда бастапқы тілдің «аударылатын тілдің әр фонемасы фонемалық құрамнан сәйкестік табады» [8], «бастапқы тіл мен аударма тілдің бірліктер арасындағы фонемалық сәйкестіктің болуы» [9]. Аударма теориясының мамандары бұл әдістің көмегімен негізінен «жалқы есімдер, географиялық атаулар, шылаулардың белгілі бір бөлігі және ономатопеялық сөздер, экзотизмдер, реалий сөздер, газет-журналдардың, фирмалардың, кәсіпорындардың, қонақүйлердің атаулары» [10] аударылатындығын көрсетеді. Қазақ терминологиялық қорынан мұндай терминдер қатары аз да болса, кездеседі: кабель – кәбіл, станция – станса, режим – режім, ящик – жәщік, нуль – нөл, модель – модел, ось – өс және т.б.

Калькалау әдісі. Морфемалар немесе лексемалар аударма тілдің тиісті элементтерімен аударылған кезде сөздің комбинаторлық құрамын беру тәсілі. «Бір тілдегі сөз бен сөз тіркестерін я сөз мағынасын ауыстыру, көшіру» [11] немесе, «өзге тілдердің терминдерінің жасалу үлгісі мен мағынасын пайдалана отырып, ұлт тілінде термин жасау» [3; 583]. Қарапайым тілмен айтқанда сөзбе сөз аударма. Терминнің негізгі белгілері бірізділікті білдіретіндіктен, бұл әдіс аударманың кең таралған әдістерінің бірі:  арматура литейная – құйма арқау, құйма бекемдік, база сборочная – құрастыру негізі, балка поперечная – көлденең арқалық, антиупорядоченность – қарсы реттелгендік, быстрота сходимости – жинақталу жылдамдығы, величина дробная – бөлшек шама, величины однородные соизмеримые – біртекті өлшенімдес шамалар, вероятность случайного события – кездейсоқ оқиға ықтималдығы, язык описания данных – деректерді сипаттау тілі, эффективная система – тиімді жүйе және т.б. Бұл тәсіл көбінесе күрделі құрылымды аударуда қолданылады. Калькалау әдісі «кеңес дәуірінде пайда болған өнімді амалдардың біріне айналды» [2; 144]. Сол дәуірден бастау алған аталмыш әдіс бүгінгі күнге дейін терминжасамда өзінің маңызын жоғалтқан емес. Керісінше, қазіргі терминжасамда кеңінен қолданысқа ие болып келеді. Ш.Құрманбайұлы калькалау жайлы «Кейбір тілдерде калька шет тілдері сөздерін игерудің бірден-бір тәсілі болып саналады. Біз де солай етейік деп өзге тілдерді үлгі ете берудің реті бола қоймас. Бірақ қажетіне қарай, термин шығармашылығында бұл тәсілді де жатсынбай пайдаланып, оны тіліміздің табиғатына сәйкестендіріп жетілдіре білсек, терминжасам тәсілдеріміздің өрісі кеңейіп, өзге тілдердің сөздерін игеру мүмкіндігіміз арта түспек» [3; 585] деп, калькалау тәсіліне сақтықпен қарау керек екендігін ескертеді.

Грамматикалық алмасымдар әдісі. Бастапқы тілдегі грамматикалық бірлік аударма тілдің грамматикалық мағынасы бар сәйкес бірлігіне алмастыру арқылы жасалатын әдіс. Олар сөз табы, сөйлем мүшесі, сөз тудырушы, сөз түрлендіруші қосымшалар болуы мүмкін. Терминқорымызда бұл тәсіл арқылы жасалған терминдер өте көп: абстрактная информационная поисковая система – абстракты ақпаратты іздеуші жүйе, автоматизация верификации программ – программалар верификациясын автоматтандыру, автоматический морфологический синтез – автоматтық морфологиялық синтездеу, аксессуары автомобильные – автомобил аксессуары, аппарат турбины сопловый – турбинаның соплолық аппараты, аппаратура диагностическая – диагноздау аппаратурасы, аккумуляторная батарея общестанционная – жалпыстансалық аккумуляторлық батарея, вакуумная дегазация – вакуумдық газсыздандыру, вал электрической машины – электр машинасының білігі, гидравлическая турбина, диагональная – диагоналды гидравликалық турбина және т.б.

Экспликация немесе сипаттамалы аударма әдісі. Бастапқы тілдің лексикалық бірлігі аударылатын тілдегі аударылып отырған сөздің мағынасын толық түсіндіретін немесе анықтайтын сөз тіркесімен ауыстырылатын лексика-грамматикалық әдістің түрі. Бұндай бірліктер терминқордан аз да болса да кездесіп жатады: лущение – топырақты сыдыра жырту, бифуркация рек – өзендердің екіжарылуы, встроенные помещения – жапсарлас салынған үй-жайлар, холодная пристройка – салқын жапсарлас құрылыс, влагомер емкостный – көлемдік ылғал өлшегіш және т.б.

Аудармашылардың (терминжасаушылардың) мұндай әдіске аударма тілден дәл балама таба алмаған жағдайда жүгінеді. Сипаттамалық аударманың кемшілігі – оның көп сөзден тұратындығы, шұбалаңқылығы. Терминтанушы ғалымдар осы әдіс арқылы жасалған терминденуді терминденудің алғашқы процестері ретінде де таниды.

Қорыта келе, аударма тәсілі терминжасам шығармашылығының бір тәсілі болып табылады. Өкінішке орай, бүгінгі терминжасам жұмыстарында бұл тәсіл негізгі тәсілге айналып отыр. Төл лексикалық қордағы жекелеген сөздерді тілдің ішкі заңдылықтарына бағындыра отырып, терминжасау үрдісі назардан тыс қалып бара жатыр. Сондай-ақ, өз заманында өзге тілден термин қабылдауда адал қызмет еткен алаш зиялылары қабылдаған қағидалар бүгіндері әлі де болса өзектілігін жоймағанымен, мүлдем назарға алынбай келеді. Салалық терминдерді түзуші – сала мамандары, «батасын беретін» – тіл ғалымдары, ал, сыншысы – тіл тұтынушылар. Бізге болашақта қазақ тілді сала мамандарын дайындауға күш салуымыз қажет. Сонда ғана сала терминдері дұрыс бағытта дамиды деген ойдамыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Думитру, Э. Особенности развития и современное состояние русской геоморфологической терминологии Автореф. дис. … канд. филол. наук / Э. Думитру. — М., 2008. — 24 с.
  2. Айтбаев Ө. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Вопросы казахского языкознания. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2007. – 624 б.
  3. Құрманбайұлы Ш. Қазақ терминологиясы: зерттеулер, оқулық, сөздік, библиография. – Алматы: «Сардар», 2014. – 928 б.
  4. Терминология мәселелері. 1-кітап. –Астана: «1С-Сервис» ЖШС, 2006. –288 б.
  5. Комиссаров В. Н. Теория перевода (лингвистические аспекты): Учеб. для ин-тов и фак. иностр. яз. — М.: 2004. — 253 с.
  6. Құлманов С. Шет тілінен енген терминдерді транслитерациялау және транскрипциялау мәселесі // Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы. – Алматы, 2017. – №3 (61). –80-86-бб.
  7. Комиссаров В.Н. Теория перевода. – М., 1990.
  8. Бархударов Л.С. Язык и перевод: Вопросы общей и частной теории перевода. – М., 2008, 176 с.
  9. Гарбовский Н.К. Теория перевода. – М., 2004
  10. https://cyberleninka.ru/article/n/transkriptsiya/viewer
  11. Кеңесбаев І., Жанұзақов Т. Тіл білімі терминдерінің орысша-қазақша сөздігі. Алматы, 1966