Баспазөз беттеріндегі экономикалық аударма терминдердің қолданылу ерекшелігі

Баспазөз беттеріндегі экономикалық аударма терминдердің қолданылу ерекшелігі

Бүгінде елімізде тіл мәселесінің мәртебесі мен қолданылу аясы Ата заңымызбен бекітілген. Яғни бәрімізге белгілі, Қазақстан Республикасы Конституциясының жетінші бабының бірінші бөлімінде: «Қазақстан Респуб­ли­касындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылған. Демек, мемле­ке­тіміздегі басты тіл ретінде қазақ тіліне бар­лық салада үстемдік берілгені та­лас­сыз. Сондықтан мемлекеттік тілдің тіл ретінде дамуы басты назарда тұр. Әлемде алты жарым мыңнан аса тіл болса да, солар 266 мемлекетке (оның 193-і БҰҰ мүшесі) шоғырланған және солардың 100-ге жуығында ғана «Мемлекеттік тіл» статусы бар. Сондай-ақ, сөйлеушісі 15 миллионнан асатын 40 тіл бар! Міне осы деректердің ішіндегі оң көрсеткіштердің бәрі біздің мемлекеттік тілімізге де қатысты. Бұл қазақ тілінің әлеуетін танытса керек [1].

Мамандарымыздың айтуынша, қазақ тіліндегі терминдердің 70-80 пайызы орыс тілі арқылы келген, орыс тілінің заңына бағынған жат жұрттық сөздер. Терминолог ғалым Г.О.Винокур «Терминдер өздігінен пайда болмайды, олар қоғам мұқтаждығына орай саналы түрде қолдан жасалады» -дейді [2; 24]. Сондай-ақ Р.А.Будагов та термин дегенді саналы түрде қадағалап, қолдан жасап сұрыптап отырмаса, ғалымдар бірін-бірі түсінуден қалады деп көрсетеді [3; 43].

Демек, біздіңше бұған дейін орысша қабылданып келген шет тілі сөздерінің аударуға келетіндерін қазақшаға аударып, ал аударуға келмейтіндерінің орнына мүмкіндігіне қарай қолдан сөз жасап алғанымыз және жасанды екен деп олардан қашпағанымыз дұрыс. Ондай сөздердің тілімізде бірізді қолданылуы нәтижесінде жасандылығы ұмытылып, үйреншікті терминдерімізге айналары анық.

Газет беттерінде әсіресе экономикалық терминдер барынша мол қолданылады. Оның ішінде жиі кездесетіні «нарық» сөзі. Бұл «рыноктың» баламасы. Газет беттерінде «рынок» сөзіне балама ретінде «базар» сөзін ұсынушылар да кездесіп отырды. Бұл жөнінде зерттеуші Қ.Қадырқұлов: «Сөз мағынасы сөйлем ішінде басқа бір сөзбен тіркесіп, байланысқа түскенде ғана толық ашылады. Мәселен, сөйлем, сөз тіркесін мысалға келтіре отырып «нарық» сөзінің орнына «базар» сөзін ауыстырсақ сөздердің байланысу формаларында қайшылықтар туар еді» - дейді [4; 35].

Сондықтан нарық, базар деп жарыса қолданбай тек біреуін, яғни «нарық» сөзін қолданғанымыз орынды. Бірақ бұл арада біз базар сөзін мүлде қолданбау керек дегенді айтып отырған жоқпыз. «Базар» сөзі «рынок» сөзіне балама ретінде тек сауда орындарында қолданылғаны абзал.

Жалпы экономика саласында қолданылып жүрген терминдердің көпшілігінің бұрыннан-ақ қолданыста бар екендігі мәлім. Нарықтық қатынастарға байланысты олар күнделікті қолданылатын лексикамызға айналды. Бұл сөздер қазіргі өркениеттің жеткен биігіне, қоғамдық даму дәрежемізге тікелей байланысты.

Экономикалық термин ретінде қолданысқа түсіп жүрген сөздердің қатарына «мердігерлік» сөзін де айтуға болады. Мысалы, Ірі мердігерлік  ұйымдардың қызметкерлері Ресейдің қалалары мен селоларында жалданып жүр, ал қайтып оралғандары туған қаласының қаңырап тұрған алаңдарына қарап мұңайып күрсінді (Е.Қ 1994. №168-169. 1 қазан, 5 б.). Жалдық мердігерлік әдіс шаруашылық басшылары мен еңбек адамдарының арасындағы бірден бір тиімді еңбек қарым-қатынасы болып табылады (С.Қ.  1990. №273. 28 қараша, -2 б.).

Ә.Қарағұловтың «Ащы да болса ақ сөйлейік» деген мақаласында бұл балама жөнінде былай делінген: «Мердігерлік – кәсіп ету әдісінің бір түрі. Бұл бізге парсының мәрдкар (мердікер) деген сөзінен ауысқан ұғым. Орта Азия мен Қазақстанның мақта, күріш өсіруімен шұғылданған диқандарына бұл сөз ертеден таныс.

Қазақ арасында ауызекі сөзде мердігерлікті «көтерме жұмыс» деп атаушылар да бар екені рас. Бірақ мұны көтерме сауда (оптовая торговля) деген термин сөзбен шатастыруға болмайды».

Сонда «мердігерлік» – бір жақ (мердігер) екінші жақтың (тапсырыс берушінің) тапсырмасы бойынша оның немесе өзінің материалдарынан тәуекел етіп белгілі бір жұмысты орындауға міндеттенетін, ал тапсырыс беруші атқарылған жұмысты қабылдап, ақысын төлеуге міндеттенетін шарт[5; 6].

Жаңадан жасалып жатқан терминдерді тілімізге енгізген кезде ең алдымен оларды халық қабылдай ма, жоқ па, ол жағын ескере бермейміз. Соның салдарынан кейбір бекітілген терминдердің қолданыстан шығып қалуы кездесіп отырады. Мәселен, терминология комиссиясы жоғарыда келтірілген «арендатор» сөзін алғашында «жалдаушы» деп аударып бекіткен болатын. Алайда «жалдаушы» сөзі қолданысқа түсе қоймады, оның орнына «жалгер» сөзі қолданылып жүрді. Оған «жалдаушы» сөзінің көпшілікке ұнамауы, яғни бұл сөзді халықтың қабылдамауы себеп болды. Сондықтан терминком «арендатор» сөзін екінші рет қайта қарап, «жалгер» деп аударып бекітті. Осы «жалгер» сөзі тілімізде қолданылып жүрген «ардагер», «бапкер», «заңгер», «зейнеткер» т.б. сияқты сөздердің негізінде, солардың үлгісімен пайда болған сөз болса керек.

Газет беттерінде «регион» сөзіне балама ретінде «аймақ» сөзі қолданылған. Мысалы, Аймақты экономикалық жағынан дамытудың 2000 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша алдағы уақытта тағы да 22 жаңа жобаға инвестиция таратылады деп күтіліп отыр (Е.Қ. 1998. №29. 12 ақпан, -1 б.). Басында латын тілінен алынып, ағылшын тілі арқылы дүние жүзіне кейінгі жылдары тарап, орныққан регион сөзі қазақтың «аймақ» сөзіне дәл келеді, өйткені оның беретін мағынасы бір елдің бірнеше облыстарын немесе бірнеше елді экономика-жағрафиялық жақтарымен бірлестіретін аумақты аудан.

Терминология мəселесіне байланысты академик Ə. Қайдаров былай дейді: «Қазақ тілі терминологиясы əртүрлі жағдайларға байланысты бүгінде дағдарысқа ұшырап отыр: оның ғылыми принциптері жаңа үрдіске бағыт-бағдар беріп, алда жүріп отырудың орнына артта қалып, термин практикасы аяқ асты болып бара жатыр. Осының нəтижесінде əркімнің өз білгенінше термин жасауы немесе оны ауыстыру, алмастыруы тəрізді бейберекет «бұқаралық» əрекетке (анархия) жол беріле бастады».

Соңғы жылдары ғылым мен техниканың белгілі бір салалары бойынша жарық көрген терминологиялық сөздіктерді, оқулықтарды салыстыру арқылы оған анық көз жеткізуге болады. Бір ғана термин түрліше аударылып, əр сөздікте, əртүрлі деңгейдегі оқулықтар мен ғылыми еңбектерде түрліше қолданылып жүр. Мəселен, мына төмендегі терминдер сондай бірізділіктің жоқтығын дəлелдейді: консенсус – бəтуə, мəміле, келісім, жалпы пікір; баланс – дəргей, теңгерім; скидка – шегерім, шегерме, кеміту, жеңілдік; спонсор – демеуші, мияткер, қолдаушы; вклад – салым, аманат ақша; вкладчик – салымшы, аманатшы, аманат ақша иесі; доход – кіріс, табыс; ценная бумага – құнды қағаз; бағалы қағаз,- деп кете береді.

Осы жоғарыда айтылған мәселелерді біріздендіру үшін келесідей ұсыныстарды айтуға болады:

  1. Көптеген экономикалық терминдердің терминология комиссиясы бекіткен қазақша баламалары бола тұра тұрақты қолданылмай жатқандығын ескере отырып, олардың барлық баспасөз беттерінде қолданылуын пысықтау;
  2. Жасалған терминдерді қалыптастыру – үнемі қадағалап, реттеп отыруды жетілдіру;
  3. Біздің тілімізде ғылыми терминология әлсіз жасалған деп үнемі өзге тілдерге жүгіне беруді тоқтату керек;
  4. Экономикалық терминдердің халықтың арасында тың насихаттаудың тағы бір жолы, ол адамдардың қолдарындағы смартфондарына лайықталған қазақ тіліндегі қосымшаларды молынан ензігу табылады, яғни барлық банктік ақша аударымдары, күнделікті сауда-саттықта да қазақша жазылған экономикалық терминдер кең қолданылса, ол да өз кезегінде экономикалық қазақ тіліндегі терминдерді насихаттаудың бір түрі болып табылады.

Сондықтан, алдағы уақытта баспасөзді қазақ терминологиясының алдағы және ағымдағы міндеттерін шешуде неғұрлым тиімді пайдалану, яғни онда қарастырылатын мәселелердің маңыздылығы мен көкейкестілігі терминжасам және терминді қолдану мәлелелерінің қоғамдық сипатына, қаншалықты дәрежеде мемлекеттік қолдауға ие бола алуына тікелей байланысты болып отыр.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Тәуелсіздіктің бір мұраты – терминдердің төл тілімізде түрленуі/ 10.06.2021 https://turkystan.k

2. Винокур Г.О. О некоторых явлениях словооброзования в русской технической терминологий // Труды МИФЛИ. –М.,1938. – Т.5.

3. Будагов Р.А. Терминология и семиотика // Вестник МГУ. – 1972. – №5.

4. Қадырқұлов Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі жаңа сөздер мен жаңа сөз қолданыстар. Кандидаттық диссертацияның қолжазбасы. – Алматы, 1995. – 143 б.

5. Әміров Ә.Ж. Қазақ терминологиясы және баспасөз. Алматы, 2015.