БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ ЖӘНЕ СӨЗДІҢ КОММУНИКАТИВТІК САПАСЫ

БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ ЖӘНЕ СӨЗДІҢ КОММУНИКАТИВТІК САПАСЫ
Қандай тіл болса да, қоғамдық өмірдегі түрлі өзгерістер нәтижесінде, дамып, жетіліп отырады да, халықтың бар саладағы мұқтаждықтарын өтеуге мүмкіндік жасайды.

Мемлекеттік тілдің 50-60 шақты қызметі бар, бұлардың арасында бастылары: мемлекеттік басқару тілі, оқу және оқулық тілі, ғылым тілі, іс жүргізу тілі, әдебиет, өнер тілі, БАҚ тілі, ауызекі сөйлеу тілі. Осы аталған институционалды коммуникациялар арасында қамқорлықты қажет ететін, бақылауға мұқтаж 3-4 саланы атау керек: мемлекеттік басқару тілі, оқу тілі, ғылым тілі, іс жүргізу тілі. Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдарының тілі де ерекше назар аударуды қажет етеді.

Публицистикалық стиль тілдің екі қызметін, яғни хабар беру және әсер ету қызметін ұштастырады. Сол себептен де публицистикалық стильдің негізін құрайтын бұқаралық ақпарат құралдарының визуалды-мерзімді (газет-журналдар), аудио (радио), аудиовизуалды (теледидар) түрлері өздерінің коммуникативтік-прагматикалық мақсатын ақпараттық, әсер ету, бағалауыштық, ағартушылық-танымдық, гедоникалық функциялары арқылы жүзеге асырады.

Коммуникативтік-прагматикалық мақсаттың орындалуы оқырманға, тыңдарманға, көрерменге ұсынып отырған ақпараттың, хабардың, материалдың жеделдігі, нақтылығы, маңыздылығы сияқты экстралингвистикалық факторлармен қатар, материалдың берілу формасы, баяндаудағы тілдік бірліктер, графикалық тәсілдер тәрізді жанрлық, лингвистикалық құралдарға да байланысты. Ал тілдік құралдарды таңдап, екшеп, ең қажеттісін тауып, оның әсерлілігін пайдалану – журналист еншісінде.

Қазақ тіліндегі көркем әдебиет пен БАҚ тілі туралы өзіндік ой-пікірін қилы деңгейдегі басылымдар мен ғылыми конференцияларда дәлелді, негізді түрде айтып жүретін ғалым Х.М. Нұрмұқанов бұдан 30 жылдай бұрын шеберлік шарттарын (талант, еңбек, өмірлік бай тәжірибе, байқампаздық,  тіл (сөз) шеберлігі, жазу техникасына жетіктік, үнемі үйрену) санамалап көрсетіп, ең негізгісіне тіл (сөз) шеберлігін жатқызған еді.

Тіл шеберлігінің құрамдас бөліктері - қаламгер қолданып отырған сөздің дәлдігі, ықшамдығы, әсерлілігі болса, бұларды ғалымдар сөздің коммуникативтік сапасына жатқызады.

«Газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады» деген А. Байтұрсыновтың пікірі әлі күнге өз маңызын жойған жоқ, сондықтан тілді жұмсау жөнінен де үлгі боларлық жазба басылымдардағы сөзқолданыс ерекшеліктері осы шарттарға сәйкес келуі - басты міндет.

Қазіргі газеттерде қоғамдық-саяси сипаттағы, түрлі тілдерден енген терминдер еш өзгеріссіз жиі қолданылуы сөздің жоғарыда аталған коммуникативтік сапасын ескергендіктен болар деген ойдамыз. Мысалы, «БҰҰ тұрақты даму жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарла ма сының ғаламдық хабы болып табылатын əл-Фараби атындағы ҚазҰУ өзіне жүктелген міндетті тиімді атқарғанын айта келіп, ректор Ғалымқайыр Мұтанов халықаралық қауымдастық үшін маңызды шараның интеграциялық білім үдерісіне тигізетін əсері туралы баяндады»; Оның көп мәселеден хабардар екенін, әлгі шыңырауды сезіп жүргенін біз twitter-дегі жазбаларынан байқайтынбыз. Әрі оның аккаунты фейк емес екенін де білетінбіз. (16.09.19, ЕҚ);  «Жобада барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашу мақсаты көзделген»; «Меритократия мен ашықтық ұстанымдары арқылы мемлекеттік қызметке қабылдау – мемлекеттік аппарат жұмысы пен мемлекеттік қызмет беделін жақсартуға айтарлықтай ықпал етуге қабілетті жас мамандар қабылданады деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді» (17.09.19; ОҚ).

Академик Р.Ғ. Сыздықтың бұдан тура 20 жыл бұрын айтқан «Екінші алаңда – осылайша қызмет өрісі кеңейетін қазақ тілінің сөздігі бай, әр алуан нормалары орныққан, ұлттық табиғаты сақталған, сындарлы тілі болып жұмсалуы үшін күрес жүрмек. Бір сөзбен айтқанда, ана тіліміздің мәдениеті үшін күресуіміз қажет» деген пікірі бар кезеңде де маңызды, сондықтан да болар, Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына Тіл мәдениетін жетілдіру тармағы арнайы енгізіліп, онда бірқатар мәселелер атап көрсетілген. Бұл тұрғыда біраз жұмыстар атқарылып жатқаны да – шындық. Алайда бұқаралық ақпарат құралдарында Х.М. Нұрмұқанов атап көрсеткен «cөзді дұрыс қолданбау, сөздердің орын тәртібіне қырағы болмау, аудармаға жеткілікті мән бермеу, жергілікті ерекшелігі бар сөздерді қолдану»  cияқты кемшіліктер көбеймесе, азаятын түрі байқалмайды. Орталық және облыстық басылымдардың  әр жылдардағы материалдарынан мынадай мысалдар назарға ілікті:

1. Қара көзілдірікті тағып жіберіп, ұзын етекті қара көйлекпен селкілдегені көзге қораш көрінгенімен, Бәкеңнің (Бақыт Сыздықова) ниеті түзу болатын (Бәлелі биден аулақ бол! Жас Алаш, 8.10.2013).

2. «Тime» журналының жыл адамын таңдауы өткен ғасырдың басынан бері созылып келе жатқан дәстүр (ЕҚ, 11.10.14).

3. Оның айтуынша, бұл туралы Химиялық қару-жараққа тыйым салу жөніндегі ұйымның жанындағы Сирияның өкілі атқару кеңесінің жабық отырысында мәлімдеген (ЕҚ, 11.01.14).

4. Әйелінің өзін тастап кеткенін заманақырға саяған ол бар дүниеден түңіледі (ЕҚ, 14.01.14).

5. Сосын күші басымдауы екіншісін бір ұрып, есеңгіретіп, онан соң былық-шылық еткен оның басын баспалдақ қорғанышы арматураның арасына сұғып, қылқындырған (ЕҚ, 14.01.14).

6. Ал Қанекеңнің зиратынан топырақ алу үшін, аруақты бейсар мазаландырмау үшін шелпек пісіріп апарып, құран оқытуды жөн санадық (ЕҚ, 16.01.14).

7. Аңқылдаған ақ көңіл, аузынан әзілі түспейтін жайдарлы жігіт, кіршіксіз таза, досқа қоң етін кесіп бергендей мәрт жігіт (ЕҚ, 16.01.14).

Келтірілген мысалдардағы сөздердің уәжсіз қолданылуын, тіркестің узусқа сәйкеспейтінін, сөздердің орын тәртібінің дұрыс емесін дәлелдеп көрелік.

Бірінші мысалдағы қораш сөзінің лексикографиялық анықтамасы – «Көзге олқы көрінетін, жұпыны» [2; 408], яғни әдеби тіл нормасында сән-салтанаты асқан нәрсенің жанында аса көзге шалынбайтын деген мағынаны береді. Автор қолданысында бұл семантикаға қарама-қарсы мән байқалады, сондықтан оның орнына «ерсі, дөрекі, өрескел» мәніндегі «оғаш» сөзі жұмсалса, әлдеқайда әсерлі, ал бастысы, дұрыс болар еді.

Жалпы қолданыста жалғасқан, ұштасқан дәстүр делінетін сөз тіркесі келесі мысалда созылып келе жатқан дәстүр ретінде беріліпті. Узуста созылудың жағымсыз эмоционалды бояуы кеңінен белгілі болғандықтан, бұл оқырман қабылдауын да қиындатады.

Үшінші сөйлемде сөздердің орын тәртібі дұрыс сақталмағандықтан, Сирия мемлекеті Химиялық қару-жараққа тыйым салу жөніндегі ұйымның жанында деген жаңсақ мағына туындайды.

Қазақ тілінің сөздігінде «сай» сөзінің үш мағынасы берілген, соның соңғысы «Белгілі межеге тоқталу, тірелу» [2; 545]  деп түсіндірілген, яғни бесінші мысалда бұл сөз «ойға тоқтады, тірелді, балады» деген мәнде қолданылған, алайда оның түрленуі қазақ тілі заңдылықтарына сай келмейді, ауыспалы осы шақ тұлғасына өткен шақ есімшенің жұрнағы жалғанған.

Бесінші сөйлемде былқ-сылқ еліктеуіш сөзінің орнына былық-шылық зат есімі қолданылған, сол себепті мағыналық дәлдік жоқ, автордың өзі сөз мағынасын дұрыс түсінбеген.

Ал соңғы екі сөйлемде диалект (бейсар) пен тұлғасы орынсыз бұзылған (жайдарлы - жайдары) сөз қолданылған.

Сөйлемдегі сөз тәртібінің дұрыс болмауынан семантикалық екіұштылық, логикалық сәйкессіздік пайда болып жатады. Мысалы, ... Әрдайым қолдорбамда жүретін жолдасым, белгілі композитор, еңбек сіңірген өнер қайраткері, марқұм Ахметбек Әлпекұлының Елбасына арнап жазған «Тәуелсіз Қазақстан» атты музыкалық шығармасын ұсынып үлгеруімнің өзі мен үшін бақыт болды (Күмісжан БАЙЖАН, Алашқа арман болған, 25.01.11). Тілшінің оқырман пікірі деп  көрсеткені дұрыс, алайда оның пікіріндегі синтаксистік құрылымда ауызекі сөйлеу тіліне тән автоматизмнен туындайтын селкеулік түзетілмеген.

Жазба мәтіндердегі мұндай селкеуліктер мәнмәтін арқылы түсінікті болып, материалдың жалпы мазмұнына аса нұқсан келтірмегенмен, сөзқолданыс мәдениетіне қайшы.

Ресми газетте қолданылатын деректің нақтылығы, дәлдігі сөздің мағынасын дұрыс түсініп, қолдануға негізделеді, алайда кейде сөздің дифференциалды семаларынан тек өзіне ғана танысы өзектендірілетіндіктен, қолданыста уәжді бола бермейді. Мәселен, «Саяси ралли жалғасуда» (12. 02. 11) атты хабарлама Қазақстан мен Сенегал Республикасы арасында саяси, экономикалық байланыстарға арналған. Ағылшын тілінен енген бұл сөзбен автомобиль мен мотоциклді жүргізу өнері, оның ережелерін және дистанциялардан өту кестесін дәлме-дәл сақтау жөнінен өткізілетін халықаралық жарыстарды [5; 6; 7] атайтынын ескерсек, тақырыпаттағы сөз дұрыс қолданылмаған. «Париж-Дакар автораллиі» прецедентті құбылысы лингвомәдени қоғам мүшелеріне жақсы таныс болғандықтан, хабарлама авторы өз ойын әсерлі жеткізу үшін оның тек бір белгісін ғана өзектендіреді, яғни еуропалық барлық спортшыларды африкалық мемлекеттің астанасымен байланыстырады деген перифериялық семамен Астана – Дакар қарым-қатынасы ұғымын вербалдайды, алайда сөздің әсерлілігін мақсат тұтқанмен, мағына дәлдігі жоқ, яғни саяси байланыс ешқашан ашық түрде жарысқа негізделмейді. Осы орайда мына сөйлем де назар аударуға тұрарлық: «Ойдан ой боталайтын осы бір келеңсіз ахуалдан жол табудың нәзира үлгісін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрсетіп отыр» (Оқу мәдениеті - Думан Анаш, 16.09.19, ЕҚ). Лексикографиялық деректерге сүйенсек, нәзира – Шығыс поэзиясында орта ғасырларда қалыптасқан әдеби үрдіс (Қазақ сөздігі, Б. 970, Алматы, 2013); араб тіліндегі жауап, ұқсату (Қазақ әдебиеті, Б. 508, Алматы, 1999, демек, сөздің қолданылуы дұрыс емес, уәжсіз. Тілші сөздің сыртқы формасына қызыққан сияқты. Соңғы кезде жиі жұмсалып жүрген, алайда қолданыс уәжділігі аса сәтті емес сөздің бірі ретінде «тәмсіл» тілдік бірлігін атауға болады: «Сондықтан «ханда қырық кісінің ақылы бар» дейтін халықтық тәмсілді тәпсірлей түссек, полиглот Президенттің ел басқару ісінде парасатты пайым түзуіне толық негіз бар. Бұл электораттың сенімін бекіте түседі әрі жалпы жұртқа жақсы жол нұсқайды» (Оқу мәдениеті - Думан Анаш, 16.09.19, ЕҚ); Шыны керек, «Жас келсе – іске» деп ауызымызды кере айтқанымызбен, бұл тәмсілдің іс жүзінде қолданыла қоймағаны анық (17.09.19; ОҚ). Сөздіктерде араб тілінен енген бұл сөз 1. Өсиет, нақыл түрінде айтылатын астарлы мазмұны бар әңгіме, үлгілі сөз. 2. жерг. Әңгіме, сөз (Қазақ сөздігі, Б. 1230, Алматы, 2013); Өсиет, нақыл түрінде айтылатын астарлы мазмұны бар әңгіме (Қазақ тілінің сөздігі, Б. 624, Алматы, 1999) деп анықталады. Бұл қолданыстар осы сөздің мағынасы тарылып, «мақал-мәтел» деген ұғымға ие болуына ықпал ететіні ескерілмей отыр деген пікірдеміз.

Байқап отырғанымыздай, орталық және облыстық басылымдарда жоғарыда ғалым атап кеткен селкеуліктердің бәрі кездеседі, оған қазір жиі қолданылатын әр текті аббревиатура мен шет ел тілінің графикасымен берілетін түрлі атауларды қоссақ, қаламгер (журналист деп ұғыңыз) шеберлігі әлі де болса ұштауды қажет ететіні байқалады.

Жаһандану үдерісіне байланысты тіліміздің қолданыс аясының тарылуы, түрлі техникалық-технологиялық жағдай-құбылыстармен байланысты лексикада кірме сөздердің молаюы, ұлтымызға тән шаруашылық түрлерінің біртіндеп ығысуы, урбанизация үрдісінің күшеюі сияқты объективті және ата-бабаларымыздың сөзге тоқтаған мәрттігі мен сөз құдіретін түйсінуінің жойылуға жақындығы, сөз мәдениетінің, тілдік тұлғаның тілдік-мәдени құзіретінің төмендеуі секілді субъективті себептер нәтижесінде оқырман, тыңдарман, көрермен көптеген сөздің коммуникативтік сапасын назардан тыс қалдырмауға тиіс, яғни әр сөзді дұрыс, дәл, орынды қолдану - баршаның міндеті.

«БАҚ кеңістігіндегі терминдер: тәжірибесі және теориясы» тақырыбында әдістемелік онлайн-семинарда берілген

ҰСЫНЫСТАР:

1. Түрлі мәтіндердегі әр сөздің коммуникативтік сапасына ерекше назар аударылсын.

2. Сөздің коммуникативтік сапасы басты міндет болғандықтан, жекелеген терминдерді еш өзгеріссіз қабылдау тәжірибесі сақталғаны жөн.

3. БАҚ-ндағы тіл, сөзқолданыс мәдениеті ресми басылымдар беттерінде, кең көлемде, түрлі сала мамандары, жұртшылық қатысуымен үнемі талқылануы тиіс.