ҰЛТ ҰСТАЗЫН ҰЛЫҚТАЙЫҚ!

ҰЛТ ҰСТАЗЫН ҰЛЫҚТАЙЫҚ!
Ахмет Байтұрсынұлы - қазақ халқының көсемі, ұлтымыздың ұлы ұстазы. Ол – ақын, жазушы, аудармашы, публицист, қоғам қайраткері, ағартушы, этнограф, фольклорист, түркітанушы, әдебиетші, тілші, ғалым. Кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған оның есімі жарты ғасырдан астам аталмай, Қазақстан тарихынан лайықты орын ала алмады.

Ахмет Байтұрсынұлы - қазақ халқының көсемі, ұлтымыздың ұлы ұстазы. Ол – ақын, жазушы, аудармашы, публицист, қоғам қайраткері, ағартушы, этнограф, фольклорист, түркітанушы, әдебиетші, тілші, ғалым. Кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған оның есімі жарты ғасырдан астам аталмай, Қазақстан тарихынан лайықты орын ала алмады.

Мұғалімдік қызметін 1895 жылы бастаған Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуы негізіндегі қазақ төл әліпбиін құрастырды, қазақ баласының сауатын ашатын алғашқы әліппені жазды. Ғалымның «Тіл – құрал», «Оқу құралы», «Тіл жұмсар», «Баяншы» іспетті еңбектері және хрестоматиялары бар. Бұл әдістемелік құралдар әлі күнге дейін қазақ тіл білімі мен тілді оқыту әдістемесі саласында жоғары қолданысқа ие. Шығармашылық жолын мысал жазудан бастаған ақынның өлеңдері қазақ халқының мүддесі мен үмітінен сыр шертіп, білім мен мәдениетті насихаттады.

1913 жылы А.Байтұрсынұлы Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы бірігіп, қалың қазақ зиялыларының қолдауымен Орынборда тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарды. Оның бас редакторлығындағы газет қазақ халқының өнер мен білімді игеру мәселелерін қозғады. 1918 жылдың күзіне дейін шығарылған «Қазақ» газеті ұлттық қоғамдық-саяси және ғылыми-әдеби басылымдардың негізгі газетіне айналды.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімі мен тіл оқыту әдістемесі бойынша ғылыми ізденістерін жүргізіп, ұлттық жазу реформасын дайындап қана қоймай, қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау берген. Осындай тарихта өшпес із қалдырған тұлғалардың есімі ұмыт қалмайды.

Тәуелсіздік алғаннан бері байтақ жеріміздегі елді мекендерге қазақша атау беру, оның ішінде қазақ елінің тарихында ойып тұрып орын алатын тұлғалардың атын беру қолға алынды. Қарапайым халық үшін Тәуелсіздік елтаңба, әнұран, ту сияқты рәміздермен шектелмейді. Олардың барлығы біз тәуелсіздік алмай тұрып та болған. Тек қана түсі, түрі, мәтіні өзгерді. Қарапайым қазақ халқы үшін Тәуелсіздік дегеніміз – өзінің қазақ тілінде, мемлекеттік тілінде сөйлеу мен жазу мүмкіндігі. Тәуелсіздіктің айқын көрінісі – қала, аудан, ауылдардың, көшелердің аттарының бұрынғы жасанды идеологияның негізінде қойылған, қазақ жерінің тарихы мен рухани дүниесіне ешқандай қатысы жоқ атаулардан ада болуы. Ескі атауларды өзгерту немесе жаңа көшелерге не елді мекендерге атау беруде осыларды ескерген жөн. Еліміздің бірқатар облыстарында кешегі отаршылдық, кеңестік саясаттан қалған, идеологиялық тұрғыдан ескірген «Ленин», «Совет», «Октябрь» және т.б. сияқты атаулар қазіргі таңға дейін көп кездеседі. Мысалы, біз жүргізген зерттеулер Қостанай облысындағы көше атауларында «Ленин» - 113, «Совет» - 73, «Октябрь» - 84 рет кездеседі екен. Павлодар облысында «Ленин» - 57, «Совет» - 15, «Октябрь» атауы - 24 рет кездеседі. Солтүстік Қазақстан облысында «Ленин» - 42, «Совет» - 48, «Октябрь» атауы - 25 рет кездеседі. Шығыс Қазақстан облысында «Ленин» - 43, «Совет» - 54, «Октябрь» атауы 33 рет кездеседі. Осындай ескірген атаулардың орнына Ахмет Байтұрсынұлының есімін неге бермеске?! Қазіргі таңда он төрт облыста, республикалық маңызы бар 3 қалада А.Байтұрсынұлы атындағы 161 көше, 1 универтитет, 1 зерттеу институты, 1 академия, 1 колледж, 26 мектеп, 3 мұражай, 1 саябақ бар. Көшеге, түрлі білім беру және ағарту жұмыстарымен тікелей қатысы бар мекемелерге кісі есімін беруде барша қазаққа танымал тарихи тұлғалардың, алаш қайраткерлерінің есімін беру бірінші орынға қойылуы керек.

Барын бағалай білетін асыл жұртымыз жоғарыда айтылған олқылықтарды түзетіп, тұлғаларымызды даңқ тұғырына қондырады деп сенеміз.