АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ...

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ...
Тілдің қадір-қасиеті туралы сөз қозғағанда тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалатынын жан-жүрегімен сезініп, қазақ тілін замана көшімен ілестіріп қана қоймай, қарқынды дамыту үшін ерен еңбек еткен ұлт ұстазы, кемеңгер қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлына тоқталмай кетуге болмас.

Тілдің қадір-қасиеті туралы сөз қозғағанда тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалатынын жан-жүрегімен сезініп, қазақ тілін замана көшімен ілестіріп қана қоймай, қарқынды дамыту үшін ерен еңбек еткен ұлт ұстазы, кемеңгер қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлына тоқталмай кетуге болмас.

Ол кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырып, қазақ даласына  жаңашыл леп әкелді, қазақ баласына ана тілінің тілдік заңдылықтарын дөп басатын тұңғыш әліппені сыйлады.

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады... Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғандығын кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз» деп данышпандық танытқан Ұлт ұстазы қазақ балаларын оқытудың сара жолын көрсетіп, ақындық талантын оқулықтарында сарқа пайдаланады.

Қалың қазақ ішінде көркем сөз құдіреті жоғары бағаланып, халқымыздың сөз қадірін – өз қадіріне балайтынын терең сезінген ойшыл тұлға мүлгіген жұртты оятып, теперіш көрген тілімізді тірілту үшін фольклорлық мұраларды терең пайдалану қажеттігін ұғынады. Елдік рухы биік батырлық жырларды, дастандар мен шешендік сөздерді оқулық құрастыру барысында пайдаланып, халықтық идеяны Алаш идеясымен ұштастырады. Бүгінгі таңда Ақаңның бұл идеясы қаншалықты өміршең? Сіз қалай ойлайсыз?