Медицина терминдерін қазақшалауға болады

Медицина терминдерін қазақшалауға болады
2017-2018 оқу жылында Білім және Ғылым министрлігінің мәліметі бойынша бірінші сынып оқушыларының 90 пайызы қазақ мектептеріне барыпты, бірақ 2017 жылы «Терминком бекітті» деген медициналық терминдердің 95 пайызы орыс тілінде, сонда қалай, қазақ тілінде оқыған балаларды орыс тілінің терминдерімен сусындатамыз ба?

          2017-2018 оқу жылында Білім және Ғылым министрлігінің мәліметі бойынша бірінші сынып оқушыларының 90 пайызы қазақ мектептеріне барыпты, бірақ 2017 жылы «Терминком бекітті» деген медициналық терминдердің 95 пайызы орыс тілінде, сонда қалай, қазақ тілінде оқыған балаларды орыс тілінің терминдерімен сусындатамыз ба? «Қазақ тілінің өз материалынан ғылыми термин жасауға болмайды деген үстірт те сыңаржақ пікір бар» дейді академик Әбдуали Қайдар [1], сол ұстаным әлі де сақталып келе жатқан сияқты.   

Қазақтың Ұлттық  терминологиясы 20-30-шы жылдары керемет даму кезеңінен өтті. А.Байтұрсынұлы, Ж.Күдерин, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы  және басқа да ғалымдар қазақ тілінің алғашқы қағидаттарын қалыптастырып, алғашқы оқулықтарын жазып кетті. Сол кезде А.Байтұрсынұлы [2]: «Басқа ұлттық терминдері қазақтың шапанын жамылып, қалпағын киіп келуі керек», – деген еді.       Х.Досмұхамедұлы [3]: «Термин табу бек қиын, cөйткенмен қолдан келгенше терминдерді нағыз қазақ сөзінен алдық» дейді «Табиғат   тану» деген кітабындa. 1927 жылы Мәскеуде Х.Досмұхамедұлының қос оқулығы: «Адамның тән тірлігі» және «Табиғат тану» араб қаріпті төте жазумен басылып шықты. «Адамның тән тірлігі» [3] оқулығында медицина саласында  қолданылатын 467 төл термин келтірілген, олар қазақтың нағыз қаймағы бұзылмаған сөздерінен алынған. Кешеге дейін Қазақстанның медицина қауымы ол терминдерді білмей, сондықтан пайдалана алмай келді. Қазіргі таңда Халекеңнің терминдерін қолданыста жүрген медициналық терминдермен  салыстырып қарағанда біздің таза қазақ тілінен қаншалықты алшақтап кеткеніміз көрініп тұр. Мысалы біз «фагоцит» деген терминді «жебір, жемір жасуша» деп жүрміз, ал Х.Досмұхамедұлы «опқыр» деп алған, ал «фагоцитоз»  үдерісін «опқырлық» деп төл терминдер тудырып тапқырлық жасаған.

       Орыс тілінен тікелей аударылып жүрген сөз тіркестері Халел Досмұхамедұлы еңбектерінде басқаша, қысқа да нұсқа қазақшаланып жарқырап тұр.

Орысшасы

Қазіргі аталуы

Х. Досмұхамедұлы Адамның тән тірлігі.

Гладкие мышцы

Біріңғай салалы бұлшықеттер

Тегіс ет

Поперечно-полосатые мышцы

Көлденең жолақ бұлшықеттер

Жолақ ет

Полушария большого мозга

Үлкен мидың жартышарлары

Ми сыңары

Малая кривизна желудка

Асқазанның кіші иілімі

Қарынның ойығы

Большая кривизна желудка

Асқазанның үлкен иілімі

Қарынның тұйығы

Большой круг кровообращения

Үлкен шеңберлік қан айналым

Қанның ұзын жолы

Малый круг кровообращения

Кіші шеңбер қан айналымы

Қанның қысқа жолы

Полушарие большого мозга

Үлкен мидың жарты шарлары

Ми сыңары

 

            Ал енді қазіргі жағдайға келетін болсақ, медициналық терминдердің 95 пайызы орыс тілінде қалай жазылған болса сол күйінде көшірілген. Бұл терминдерді ұсынған кісілер сол баяғы «қазақ сөздері термин жасауға жарамайды», «халықаралық терминдерді аударуға болмайды» деген ұстанымдарды басшылыққа алған болса керек. Енді сол терминдердің бәрін қазақ термині деп қабылдаймыз ба? Шеттен қабылданған сөздердің бәрін қазақ тілінің заңдылықтарына көндіріп, ылайықтап алу керек деген, Алаш зиялылары айтып кеткен қағидаттар қайда қалды?                                Өкінішке орай, Кеңес Үкіметінің 1930 жылдардан кейінгі жүргізілген саясатына байланысты біз Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы және басқалар салып кеткен сара жолдан адасып, көшірме тілмен сөйлейтін халыққа айналдық.  Дегенмен де бүгінгі күні Ұлттық терминологияны қалыптастыру мәселесі өзекті мәселе болып отыр, себебі өзінің ғылыми терминологиясы жоқ халық ғылымды да, білімді де өз деңгейінде қалыптастыра алмайтындығы белгілі. «Біздің тіліміз ғылым тілі болмаса, тіл өз функциясын атқармайды, сондықтан «...қазақ тілінің өз лексикалық байлығы мен сөзжасам мүмкіндіктерін барынша ұтымды пайдалану керек», –деп ғалым Ш.Құрманбайұлы өте орынды айтқан [4].                                                      Ұлттық терминологияны қалыптастыруда салалық мамандардың орны ерекше.Медицина атауларын қазақ тілінде сөйлету өте кұрделі мәселе, себебі олар негізінен  латын, грек тілдерінде туындап, бізге орыс тілі арқылы жеткен. Медицина ғылыми көп салалы және әр саланың өзіне ғана тән мамандандырылған сөздері бар: тек қазақ тілінің заңдылықтарын терең түсінген, өз мамандығын толық меңгерген, көп ойланып, көп толғанған адам ғана төл терминдер тудыра алады.

       Басты мәселе – медицина атауларын орыс тілінен емес, тікелей латын, ағылшын тілдерінен аудару қажеттілігі болып отыр. Осыған байланысты ғалымдар арасында латын сөздерін орысша айтылуында қалдырайық деушілер баршылық.         

Медицина терминдері халықаралық терминдер оларды аударуға болмайды, деп жүргенде өзіміз оған мысал, 1982 жылы басылып шыққан «Орысша-қазақша медициналық сөздікті» келтіруге болады [5]. Ол жерде 9000 медициналық термин  қамтылды деп көрсетілген. Сол сөздіктің «А» әріпінде 720 термин келтірілсе соның төртеуі ғана  қазақ тілінде берілген: анус – көтен ішек, аорта – қолқа, аппетит – тәбет, астма – демікпе. Енді осы сөздікті орысша-қазақша сөздік деп есептеуге болады ма, оның қазақшасы қайда?                  Медицина саласында 40 жылдан бері тер төгіп орысша-қазақша медициналық сөздіктерді дүркін-дүркін шығарып жүрген Мұхамбедия Ахмет-Төреұлының еңбегі ерекше. Бірақ оның «Медицина терминдерінің сөздігі» деген еңбегінде [6] Ә.Қайдаров келтірген пікір басшылыққа алынған сияқты.         Сол сөздіктің «А» әрпінің ішінде қазақша баламасы бар 100-ден аса термин бар, ал сөздікті толығымен зерттеген кезде мыңдаған қазақ терминдерін табуға болады, олардан туындаған сөз тіркестерін есепке алсақ қаншалықты терминдер қазақшаланатынын бағамдауға болады. Мысалы: тек артерия терминінен 200, ал абсцесс сөзінен 150 сөз тіркестері туындап тұр. Осылайша қазақта медициналық термин болатын сөз жоқ деп аузымызды қу шөппен сүртіп отыра береміз бе? Мәселе сөз жоқтықта емес, өзімізде барды жарқыратып көрсете алмауымызда, бұған біздің орыстасып кеткен санамыз жол бермейді, осы күнге дейін біз медициналық сөздіктердің  бәрін орысша-қазақша медициналық сөздіктер деп айтып келдік. Сонда қалай: абазия, абберация, аблефария, аборт, абрахия, абсорбция, абцесс, агалактия, агония, агрипния, адаптация, адвентиция, адгезия, адсорбция, акинезия, аккиматизация, акцептор және т.б. орыс сөзі ме? Жоқ бұл сөздер орыс сөзі емес, латынша, грекше терминдердің орысша транскрипциясы.                   Орыс тілді терминдермен біз  халықаралық аренаға шыға алмаймыз, себебі ғылым тілі латын негізіндегі ағылшын тілі. Шет елге барып «аборт» десек ешкім түсінбейді, оны «абортус» немесе «абортейшн» деп атауымыз керек, біз терминдерді орыс тілінен емес, жоғарыда көрсетілгендей латын-грек-ағылшын тілдерінен алып пайдалануымыз керек. Қазақ тілінде медицинаға тиісті мыңдаған толыққанды атылымдар бар, оны қолданысқа енгізуге біздің мойынымыз жар бермейді, терминді қазақшалағаннан гөрі даяр терминді сол күйінде алуға бейімбіз. Термин жасау шығармашылық іс, медицина  терминдерін бір адам жасай алмайды, себебі медицинада түрлі-түрлі сала бар, сондықтан ол терминдерді сол сала мамандары ғана қалыптастыра алады, мысалы терапевт маман, хирург болып істей алмайтындығы сияқты, медицинада әмбебап маман жоқ.                       

Енді 1994 жылы «Ана тілі» (№18)  газетінде басылып шыққан [7] кейбір терминдерге назар аударайық: аплазия дамымау; вакуолизация көпіршіктену; васкуляризация – тамырлану; гепатизация – бауырлану; деструкция – құрылымсыздану; имбибиция – сіңу; гиалинизация – шеміршектену; гипоплазия – шала даму; дегидратация – сусыздану; индурация – тығыздану; инкапсуляция – қабықтану; инфильтрат – сіңбе; инфильтрация – сіңбелену; кальцификация – әктену; карнификация – еттену; кератинизация – түлеу; компенсация – орнын толтыру; малигнизация – қатерлілену; маляция – жұмсау; мацерация – жиду,сыдырылу; метастаз – көшінді; миграция – көшу; мутиляция – үзіліп түсу; некробиоз – шала өлу; некроз – өліеттену; организация – дәнекертіндену; оссификация – сүйектену; обтурация – тығындалу; петрификация – тастану; регенерация – жаңару; реститутция – толық жаңару; реанимация – тірілту; субституция – шала жаңару; трансформация – айналу; тромб – ұйынды; эпителизация – эпителилену және т.б. (жалпы саны 146 термин).

Осы терминдер қазақша емес деп кім айта алады? Бұл терминдердің бәрі жалпы қолданыста жүрген қазақ сөздерінен терминдену әдісімен жасалған сөздер олар, осы аралықта, медицинаның және патологиялық анатомияның төл терминдері болып кетті. Патологиялық анатомия терминдерін көзбен көріп, қолмен ұстап, керек кезінде микроскоппен қарап отырып қана қалыптастыруға болады, сондықтан микроскоппен  таныс емес кісілерге кейбір терминдер түсініксіз болуы да мүмкін, бірақ морфология саласындағы мамандар жақсы түсінеді, себебі олар тікелей түпнұсқа тілден аударылып берілген. Медицина саласында сөздіктер көп: М. Ахмет төре сөздіктері, А.Нұрмұхамбетов сөздіктері, М.Б.Қасымбеков басқаруымен шыққан қазақша-орысша сөздіктердің 14-томы және т.б., олардың бәрі орысша-қазақша сөздіктер деп аталады, бірақ ол жердегі қазақша терминдер, орыс терминдерінен кейін, екінші, үшінші орында жазылады.                             

Ө. Айтбайұлының [8] «Біз орыс терминін ғана дамытып келген екенбіз ғой», – деп өкінуі бекер емес. Енді қазақ терминін алға шығаратын кез келді, ал келешекте сөздіктерді «Қазақша-ағылшынша-орысша сөздіктер» деп атау керек. Мысалы:

 

 

Қазақша

Ағылшынша

Орысша

1.

Аборт(түсік түсу)

Abortion

Аборт

2.

Бейімделу

Adaptation

Адаптация

3.

Жалғама

Anastomosis

Анастомоз

4.

Қолқа қабыну

Aortitis

Аортит

5.

Сему

Atrophy

Атрофия

6.

Таралу

Generalization

Генерализация

7.

Бауыр қабыну

Hepatitis

Гепатит

8.

Бүйрек қабыну

Nephritis

Нефрит

9.

Жетіспеушілік

Deficiency

Дефицит

10.

Жемсау

Goiter

Зоб

11.

Тығыздалу

Induration

Индурация

12.

Сіңбелену

Infiltration

Инфильтрация

13.

Дәнекер тіндену

Carnification

Карнификация

14.

Тас

Calculus

Конкремент

15.

Қызба

Fever

Лихорадка

16.

Рак

Cancer

Рак

17.

Шемен

Hydrops

Водянка

         Кестеде берілген бұл терминдер «Патологиялық анатомия» [9] атты оқулықтан алынды.

          Орыс ғалымдарының өзі өз терминдерінен қашып жатыр. 2012 жылы Прагада онкология саласының Халықаралық конгресі болды. Сол жерде біз қимай жүрген «рак» (қатерлі ісік) термині қолданылған жоқ ресейліктердің өзі баяндамаларында ракты «карцинома» деп атады, міне, нағыз халықаралық термин осы. Біздің онкологтар әлі де сол қатерлі ісікті «рак» деп, кейбір ғалымдар «обыр» деп атап жүр. Сонда қалай «канцерогенез» деген терминді «обыргенез» дейміз бе?    

Енді осы кемшіліктерді түзететін кез келді. Байынқол Қалиұлы айтқандай: «Күшпен, зорлықпен қалыптастырған терминдерді күшпен, зорлықпен ғана жоюға болады» [10]. Қазақ терминдерін алға шығарып Ұлттық ғылыми терминология қалыптастырып қана өзіміздің елдігімізді, қазақ деген ұлттың бар екендігін көрсете аламыз.                                                          

Қорытындылай келе айтарымыз, қазақтың сөз байлығын сарқа  пайдаланбай, шет елге жалтақтап отырсақ, бізде еш уақытта қазақтың ғылыми терминологиясы қалыптаспайды. Балаларымыздың, немерелеріміздің сауатын орысша ашсақ немесе қазақ мектебіне берген балаларымыз орысша сөйлесіп отырса, олар келешекте қазақ терминологиясын қалыптастыра алады деу бекер әңгіме, сондықтан біз, таза қазақ тілімен сусындаған, ауылдық мектептерде білім алған азаматтар, бүгін өз миссиямызды орындап, Ұлттық терминологияны қалыптастырып кетуіміз керек.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

<!-- [if !supportLists]-->1.     <!--[endif]-->Қайдаров Ә. Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас. – Алматы,  1993.     – 42 б.

<!-- [if !supportLists]-->2.     <!--[endif]-->Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы. – ІІІ т. – Алматы: «Алаш», 2005ж. – 352 б.

<!-- [if !supportLists]-->3.     <!--[endif]-->Досмұхамедұлы Х. Екінші том. Тән саулығы. Алматы: «Арыс» баспасы, 2017. – 496 б.

<!-- [if !supportLists]-->4.     <!--[endif]-->Құрманбайұлы Ш. Қазақ терминологиясын қалыптастыру мен дамыту қағидаттары. http://termicom.kz/articles/?id=70

<!-- [if !supportLists]-->5.     <!--[endif]-->Исамбаев М., Сарсенова Ш. Медицина терминдерінің орысша-қазақша сөздігі. – Алматы, 1982ж.

<!-- [if !supportLists]-->6.     <!--[endif]-->Ахметов Мухамбедия Ахмет-Төре Медицина терминдерінің сөздігі.             Алматы:«Сөздік-Словарь», 2005. 640 б.

<!-- [if !supportLists]-->7.     <!--[endif]-->Ахметов Ж.Б. Медицинада жиі қолданылатын аталымдар. «Ана тілі», 1994 жыл, №18.

<!-- [if !supportLists]-->8.     <!--[endif]--> Айтбайұлы Ө. Қазақ сөзі. Алматы: «Рауан», 1997. – 240 б.

9.  Ахметов Ж.Б. Патологиялық анатомия. Москва: «Литтерра», 2016.792 б.

10.  Қалиев Б. Халықаралық терминдерді неге аударуға болмайды? «Жас Алаш», № 9, 2018 ж.