САЯСИ КОММУНИКАЦИЯː ТІЛДІК АМАЛДАР МЕН САЯСИ ТЕРМИНДЕР

САЯСИ КОММУНИКАЦИЯː ТІЛДІК 
АМАЛДАР МЕН САЯСИ ТЕРМИНДЕР

Қазіргі таңда саяси коммуникацияның рөлі мен маңызының ерекше болуы халық пен билік арасындағы көптеген саяси мәселелерді дұрыс түсінуге, адекватты түрде интерпретациялауға жетелейді. Ал саясат­кердің ерекшелігі оның сөзінің дискурстық сипаттылығында саясат тек сөз (речь) арқылы интерпретацияланады. Ал «әлемнің тілдік көрінісін­дегі бір-бірімен тығыз байланысқан, бірі екіншісінің шарты болып та­былатын, уақыт пен мерзімге бағынбайтын, көп жағдайларда ұлттық ұғымдардан да жоғары тұратын универсал-концепцияларға экономика мен саясат ұғымдарын жатқызамыз» [1, 56 б.]. «Саясаткер бұқара жұрт­ты өзінің сөзі арқылы басқара да алады, манипуляция да жасай алады, үгіт-насихат та жүргізеді, ақпаратты өз арнасына қолайлы етіп қалың бұқара алдында жеткізе де алады» [2, 697 б.]. Сондықтан кез келген сөз саяси коммуникацияға қатысушыларға белгілі бір деңгейде әсер ету қасиетімен ерекшеленеді.

Прагматикалық қызметті атқаратын құралдардың келесі түрі – қоғам­дық-саяси лексиканың бағалауыштық сипаты. Қоғамдық-саяси лекси­каның бағалауыштық сипатын айтпастан бұрын, жалпы қоғамдық-саяси лексика дегеніміз не деген сұраққа жауап бергеніміз дұрыс болар. Ға­лым Б. Момынова өзінің «Қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси лексика: әлеу­меттік-бағалауыштық, сөзжасам» атты еңбегінде қоғамдық-саяси лекси­каның табиғатын жан-жақты зерттеп, «қоғамдық-саяси құбылыстар мен ұғымдарды атайтын, мағыналық ұқсастығы арқылы топтастырылатын сөздердің жиынтығын қоғамдық-саяси лексикаға жатқызуға болады», – деп тұжырымдайды. «Қоғамдық-саяси лексикаға кейбір эмоционалдық бояулы тілдік элементтерді де қосуға болады. Себебі аталмыш лексика түрін құрайтын тілдік бірліктердің семасында саясилану (идеологиза­ция) үдерісі жүреді, ал саясилану мен саясиландыру көбінесе бағала­уыштықпен тығыз байланысып жатады. Бағалауыштық экспрессиядан гөрі эмоциямен үндес, астарлас», – деп, зерттеуші қоғамдық-саяси лек­сиканың бағалауыштық ерекшелігіне аса мән береді [1, 42-45 бб.].Идеологиялық мақсаттағы саяси мәнді лексика. Баспасөз беттерін­дегі прагматикалық функцияның берілу жолдарының тағы бір түрі – идеологиялық мақсаттағы саяси мәнді лексика қолданысы.

  1. Қоғамдық-саяси термин сөздерге: саясат, халық, билік, үкімет, пар­ламент, мәжіліс, депутат, сенат, ұлт, тіл, партия, президент, елба­сы, әкім, тәуелсіздік, Мәңгілік ел, Нұр Отан, сайлау, референдум, алқалы жиын, Конституция, егемендік, бірлік, Алаш жұрты, үміткер, оппози­ция, зайырлы, құқықтық, саясаткер және т.б. сияқты сөздер жатады.
  2. Идеологиялық мағыналық реңк үстемеленген саяси мәнді лекси­каға: Мәңгілік ел, елдің біріктіруші күші, Нұрлы жол, жалпыұлттық идея, жарқын болашақ, ұрпақ болашағы, қоғам бірлігі, мызғымас бір­лік, биік мақсаттар, тұрақтылық, қоғамдық келісім, жаңғыру жолы, ауызбіршілік, ұлттық идея, ұлттық тұтастық, ұлттық рух, мәңгілік тәуелсіздік, билік партиясы, билеуші партия, ұлтжандылық, отан­сүйгіштік, тіл бірлігі және т.б. сөздер жатады.
  3. Идеологиялық мағыналық реңк үстемеленген эмоциялық-экспрес­сивтік саяси мәнді лексика:

1) жағымды эмоцияны білдіретін идеологиялық мағыналық реңк үстемеленген эмоциялық-экспрессивтік саяси мәнді лексика адресатқа имплицитті түрде әсер етумен ерекшеленеді. Келесі үзіндіде халықтың арман-тілегі экспрессивтік тұрғыдан сипатталған. Мысалы:

Біз бүгін қариясы қамсыз, азаматы алаңсыз, ұрпағы уайымсыз ел­дердің қатарына ұмтылдық. Біз үшін көк аспанымыз ашық, көк бай­рағымыз асқақ болғаннан артық мәртебе жоқ.

Бұл үзінді дыбыстық қайталамаларды қолдана отырып (-сыз: қамсыз, алаңсыз, уайымсыз), ақпаратқа ырғақтық ерекшелік үстейді. Халықтың қандай елдің қатарына ұмтылғаны тізбектеліп, санамаланып беріледі. Соңында «көк» сөзін көк аспан, көк байрақ сөздерімен тіркестіріп, қа­зақ танымы үшін «көк» сөзінің киелігін осы жерде аша түседі.

2) жағымсыз эмоцияны білдіретін идеологиялық мағыналық реңк үстемеленген эмоциялық-экспрессивтік саяси мәнді лексика да баспасөз беттерінде көптеп кездеседі. Олардың қозғайтын мәселелердің бірі – дін мәселесі, ол сананы жаулап, нәтижесінде жер-жерде лаңкестік әрекеттер­ге әкеліп отыр. Бұл қасіреттің өзі әлемдік сипатқа ие болып жатыр.

  1. Идеологиялық реңк үстемеленген тұрақты тіркестер, мақал-мәтел­дер айтылайын деген ойдың экспрессиясын жоғарлатып, оған ерекше мән үстеп, мағынасын әсірелеп, көркемдеп отырып танымдық тұрғы­дан жеткізеді. Діттеген үгіт-насихат қалауынша мақсатына жетеді. Енді мысалдарды қарастырайық:

Өткен 23 жыл – біз үшін ғасырға бергісіз жылдар. Кезең-кезеңімен жүргізілген тұрақты саясаттың арқасында біз бүгінгі белеске кө­терілдік. Қазақ қазақ болғалы қазіргідей төрт құбыласы түгел, қуат­ты елге айналып көрген емес (Е.Қ., 26 ақпан 2015).

Келтірілген мысалда тұрақты саясат, төрт құбыласы түгел ел сияқты тұрақты тіркестер елдің 23 жыл тарихында жеткен тәуелсіздігімізді, ел­дігімізді насихаттауға көмектеседі.

  1. Ауыспалы мағынада қолданылған, идеологиялық реңк үстемелен­ген эмоциялық-экспрессивтік саяси мәнді лексика:

1) жағымды эмоцияны білдіретін, ауыспалы мағынада қолданылған идеологиялық реңк үстемеленген эмоциялық-экспрессивтік саяси мән­ді лексика қолданысы мен прагматикасы тіптен қызық.

Автор өзінің жоспарлаған мақсатына жету үшін түрлі амал-тәсілдер қолданады. Айтайын деген ойын әріден бастайды, тарихқа үңіледі. Со­лай ете отыра, айтайын деген ойдың маңыздылығын көрсеткісі келеді. Мысалы: Өткен ғасырларда ата-бабаларымыз осы жерлерді көз алыртқан басқыншылықтардан ат үстінде жүріп, небір шайқастарда найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалғаны тарихтан белгілі.

Автор тәуелсіздіктің қандай қиын жолдармен келгендігін тарихтан мысалдар келтіру арқылы сол аманатты, яғни ата-бабамыздан келген тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғауға шақырады. Автор аманат сөзін ауыспалы мағынада қолданған. Қазақ үшін «аманат» сөзі бір адам­ның біреуге сеніп, табыстап кеткен маңызды нәрсесі болып табылады. Сол аманат тапсырылған адамға үлкен жауапкершілік артылады. Яғни автор бабалардан мұра болып қалған елдігімізді қорғау, оны ұстап тұру бүгінгі ұрпаққа, яғни біздерге табысталып отырғанын келтіреді. Адресат та өзін бүгінгі ұрпақ қатарына жатқызып, осы аманатқа қиянат етпеу жа­уапкершілігін өз мойнына еріксіз түрде алады. Нәтижесінде адресант өз мақсатына жетіп отыр, ал адресат тілдік ықпалға ұшырап отыр.

2) жағымсыз эмоцияны білдіретін, ауыспалы мағынада қолданылған, идеологиялық реңк үстемеленген эмоциялық-экспрессивтік саяси мән­ді лексика көбінесі сөздің имплицитті мағынасына жүгінеді. Олар ай­тайын деген ойды неғұрлым қысқа да нұсқа түрінде беріп, аса ықпа­лымен ерекшеленеді. Мысалы, соңғы кездері Түркия мемлекетіне қарсы ұйымдастырылған кері әрекеттер де елде белең алып отыр. Автор Түркия басшылығына қарсы ұйымдастырылған әрекеттерді «билік күштеріне» деп ауыспалы мағынада қолданады. Мәтінді оқи отыра, оның жағымсыз мағынада қолданып отырғанына көзіміз жетеді:

Жер-жерде билік күштеріне қарсы жарылыстар көбейді. Мұның бәрі ресми Анкара «Ислам мемлекеті» тобының лаңкестерінен және күрд жасақтарынан көруде. Кеше ғана тыныш жатқан Түркия­дағы жарылыстардың астарында не жатыр? «Жынды» құмырадан шығарған кім? (А., 21 тамыз 2015).

Келтірілген мысалда автор Түркиядағы бұл мәселені жоққа шығар­майды, бұрыннан белең алғанын көрсетіп, уақыты келіп «жынды құ­мырадан шығарып отыр» деп ауыспалы мағынада қолданып, осы астыртын ұйымдастырылған жарылыстардың артында белгілі бір саяси күштер не идеологиялық топтардың тұрғандығын меңзейді.

  1. Қанатты сөздерге негізделген идеологиялық мәнді саяси лексика. Жалпы, ата-бабамыздан ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан қа­натты сөздері әрбір азаматтың бойына патриоттық сезім ұялатып, жі­герлендіре түседі. Мұндай сөздердің, сөз тіркестерінің қолданысы ай­тайын деген ойды әсірелеп, өрнектей түсіп, әрбір оқырманға рух беріп, адресаттың концептуалдық әлеміне тілдік тұрғыдан әсер етеді. Нәтиже­сінде, үгіт-насихаттың тиімділігі арта түседі. Мысалы:

Қазақ тарихының тұңғиықтағы өркениетті ақиқаты, бабалардан қалған ұлағат, аталардан қалған тәлім тұрғанда, Қазақ елі – мызғы­мас ел. «Өзіңе-өзің мықты бол, қонысыңды ұры тұтпа» – бұл да ба­балардың өшпес өсиеті (А., 27 ақпан 2014).

  1. Медицина саласындағы атаулар ауыспалы мағынада қолданып, ай­тайын деген ойды әсірелеу, көркемдеу үшін қолданылады. Мысалы: Егер тәуелсіздік мемлекетіміздің «жүрегі» болса, көшбасшы пар­тия өз істерімен оның тірегіне айналды (А., 1 наурыз 2014).

«Жүрек» сөзі имплицитті түрде метафоралық сипатта қолданып отыр. Автор жайдан-жай «жүрек» сөзін қолданбаған, адамның өмір сүруі жүректің дүрсілі, соғысымен байланысты, тәуелсіздік те – елдің еркін, егемен болуының шарты, оның өмір сүруінің негізі. Автор, со­нымен қатар, жеткен жетістіктерімізді, бастан кешкен қиыншылықта­рымызды, сол жетістіктеріміз бен қиыншылықтардан кейін жеткен асыл арманымыз – тәуелсіздігіміз жүрегіміз іспетті екендігін көрсету арқылы патриотизмге тәрбиелейді, оны қастерлеуге шақырады.

  1. Әскери терминдер атаулары саясаттың өзі күрес, әскери саланың тактикаларын қолданатын күрделі құрылым екендігімен түсіндіріледі. Әскери терминдер атауларынан ішінен мынадай атаулар мен сөз тіркестері жиі кездесетіні байқалды: күрес, амал-тәсіл, айла, стратегиялық бағыт, саяси қарсыластар, ес жиғызбау тәсілі және т.б.
  2. Спорт терминдері атаулары да прагматикалық қызметті атқару­дың бір амалы болып табылады. Олар жағымды және жағымсыз мәнді үстейді. Мысалы:

Саяси дода, саяси ойын, шабандап қалған, аламаннан сыпырылып қалған, эстафеталық жарыс сияқты спорт саласында қолданылатын атаулар саяси дискурста өзінше көрініс тауып отыр. Олардың қолда­нысы өте қызық, айтайын деген ойды өткір және ауыспалы мағынада жеткізу үшін аса таптырмайтын амалдың бірі болып отыр.

  1. Метеорология және география, экология саласындағы атаулар да саяси дискурста көрініс тапқан. Мысалы:

Осыдан 23 жыл бұрын адамзат көгінде жарық жұлдыз пайда бол­ды. Ол – көк байрағын шалқытып, әлем тарихына мөрін басқан Тәуел­сіз Қазақстан.

... Тарихи әділет салтанат құрып, азаттық үшін төгілген өлшеусіз қанның өтеуі қайтқан Ұмытылмас күн! Сан дәуір өтсе де ұрпақта­рымыз ұлықтап өтетін Ұлағатты күн! Алтай мен Атыраудың, Сыр­дария мен Есілдің арасында еліміздің жылнамасы алтын әріппен жа­зылған Ардақты күн (Е. Қ., 16 желтоқсан 2014).

  1. Техника және өндіріс құралдары саласындағы атаулар:қолшатыр, билік тетіктері, өсім драйвері, механизм, шегелей айту, көпір, елдік­тің өлшемі, тұрақтылықтың тұтқасы, техникалық прогресс, билік­тің дөңгелекшелері мен бұрандалары, елдің айнасы, құралы және т.б. лексикалық бірліктер.
  2. Көптік мағынада жұмсалған саяси термин атаулары саяси дискурста өте көп кездеседі. Олардың көптеп кездесуі, ең біріншіден, қоғамда мәртебесіне, шен-шекпеніне байланысты бөлінетін әлеуметтік топ­тардың көбеюімен түсіндіріледі, екіншіден, жалпылама мағына үстеу арқылы белгілі бір тұлғаны емес, қоғамда белең алып отырған пробле­малардың көптегі де әсер етіп отыр.

а) көптік мағынада жұмсалған жағымды эмоцияны білдіретін саяси термин атаулары көбінесе сол атаудың айқындайтын лексикалық бір­ліктердің тіркесуімен жасалады және солай оның жағымды эмоциясы байқалады.

Бұл топқа мынадай лексикалық бірліктерді жатқызуға болады: төрт құбыласы түгел қуатты ел, зиялы қауым, кездесуге қатысушылар, бейбітшілік пен келісім үшін дауыс беретіндер, ұлы істер жолында ұйысқан барша халық, сайлаушылар, Отанымның жолында жаным са­даға дейтін адамдар, аға буын өкілдері, келешек ұрпақ, жерді қорғаған қайсар жандар, серіктестер, жақтастар, парламент ғұмырындағы қалаулылар және т.б.

ә) көптік мағынада жұмсалған жағымсыз эмоцияны білдіретін саяси термин атаулары да саяси дискурста көрініс тапқан елдегі саяси құрылымның кемшіліктерін көрсетеді.

Мына мысалда ескінің елегінен шыға алмай жүргендер туралы сөз етіледі. Оның прагматикалық мәні – сананы өзгертпейінше, жаңаны қа­былдау мүмкін еместігін көрсету:

Сілкінуге ешқандай құлқы жоқ адамдарды қалай сілкіндіруге бола­ды? Бітпейтін съездердің тізбегімен әрі марксизмнің ұлы және ұлы емес классиктерінің сілтемелерімен сіресіп біткен миллиардын қалай тазарту керек?», – деп жазды кейінірек Нұрсұлтан Назарбаев. Өзі де кеңестің шекпенімен шыққан адам болғандықтан, ол қалыптасып қалған көзқарастардан, түсініктер мен өмір салтынан бас тартудың қаншалықты қиын екенін түсінді (Е.Қ., 1 шілде 2014).

 

      Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Момынова Б. Қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси лексика: әлеуметтік- бағалауыштық сөзжасам. – Алматы: Қазақ университеті, 2005. – 140 б.
  2. Кенжеқанова Қ.К. Саяси дискурс мәселелері: саяси коммуника­ция және саяси дискурс // ҚазҰУ хабаршысы. Журналистика сериясы. – Алматы, 2015. – № 1/2 (37). – Б. 697-699.
  3. Чудинов А.П. Политическая лингвистика: учебноепособие.