Тілді қарым-қатынас құрал ретінде қолдану деңгейі (тілді білу деңгейі) қоғам мүшелерінің бәрінде бірдей емес... Қоғамның басым көпшілігі тілді тілдесім деңгейінде ғана біледі, яғни сол тілде қарым-қатынас жасайды (сөйлесім, тыңдалым, жазылым, оқылым). Ал сол қоғамның бір әлеуметтік тобы тілді тек қарым-қатынас құралы ретінде ғана емес, сол тілде сол тіл туралы ізденістер жүргізу үшін де қолданылады. Басқа сөзбен айтатын болсақ, сол тілде сол тіл туралы ғылыми тілдесімдік қызмет жасайды. Тілдің құрамындағы осы тілді метатіл (метаязык), метатілдесім (метаречь) дейді. Тіл білімі сөздігінде метатілдің түсіндірмесін былай берген: “Метатіл (грек meta – арқылы, кейін)... тіл – құрал көмегімен объект – тілдің сипатталуы ...” [1, 220 б.]. Бұл түсіндірмеге “жүйелендіру” сөзін де қосуға болар еді, себебі метатіл тек сипаттаймайды, жүйеге де келтіреді. [2, 297-298 бб.].
Сонымен тілдің құқрамындағы бұл тілді (метатілді) арнайы тіл, “екінші қатардағы” тіл десек те болады [3, 232 б.]., себебі бұл тілдің құрамында тілді ғылым саласы ретінде зерттеп сипаттайтын, жүйелендіретін, осы салада қолданылатын тіл бірліктері – терминдер (сөздер, сөз тіркестері) болады. Метатілдің, метатілдесімнің түрлері өте көп. Мысалы, тілтанымның метатілі, математиканың метатілі, геологияның метатілі...
Термин жасаушы маманға жаңа терминді дүниеге келтіру, терминологиялық сөздікті жасаушы маманға бір мағынада қолданылып жүрген бірнеше синоним-терминдердің арасынан ең қажеттісін таңдап алу көп уақытты, үлкен тәжірибені, теориялық және машықтық тапқырлықты талап етеді. Көп жағдайда мамандар өзінің білімі мен сезімталдығына, халықаралық ғылыми тәжірибеге сүйенеді, терминнің ғылыми қолданыстағы жиілігіне басқа сөздіктердегі, оқу құралдарындағы орнына, сипатталуына көңіл бөледі. Мысалы, Н.М. Шанский [4] “Лингводидактика” терминін дүниеге келтірген де орыс тілінің бір сөз жасамдық моделіне сүйенген (лингвостилистика, лингвотипология, лингвоконтрастивный). М. Жүсіпұлы (М. Джусупов) сингармофонема, сингармовариант, сингармовариация терминдерін жасағанда жалпы тіл біліміндегі фонография, фонометрия, фоностилистика сияқты терминдердің сөзжасамдық үлгісіне сүйенген [5, 72-81 бб.; 6, 90-104 бб.]. Ә.Жүнісбеков үндесім, үйлесім терминдерін жасағанда қазақ тіліндегі асым, салым сияқты сөздердің жасалу жолын үлгі тұтқан [7, 262-268 бб.].
Ахмет Байтұрсынов қазақ термині мен терминологиясын жасағанда қазақ тіліндегі сөзжасам үлгілері ғылыми жүйеге келтірілмеген еді, терминологиялық сөздіктер жоқ еді, оқу құралдары өте аз еді. Ахмет Байтұрсынов барлық жағдайда ең алдымен жеке өзінің тәжірибесіне, содан соң сол салада атсалысып жүрген замандастарының тәжірибесіне, содан соң орыс және басқа үнді европа мамандарының тәжірибелерінің, солардың тіл білімінің жетістіктеріне, араб, парсы сөзжасам үлгілеріне сүйенді.
Ахмет Байтұрсынов жат тілдеріндегі терминжасамдық үлгілерді қазақ қазақ тіліне көшіріп өткізбеді, олардың ғылыми-әдістемелік бағытын зерттеді, жетістіктеріне анализ жасады. Яғни, қазақша терминжасамдық творчествосында қазақ тілінің сөзжасамдық, морфологиялық, синтаксистік, стилистикалық ішкі және сыртқы мүмкіншіліктерін толық пайдалана алды. Тек осындай көзқарастың нәтижесінде Ахмет Байтұрсынов жасаған терминдер нағыз ұлттық (қазақша) болып шықты.
Терминжасамдық ізденістер жүргізу үстінде Ахмет Байтұрсынов қазақ тілінің дериватологиясының (сөзжасам), лексикологиясының, семантикасының, сөздердің синтаксистік байланысу жолдарының, сөз және термин стилистикасының ғылыми негіздерін салып кетті. Бұл тарихи маңызы биік ғылыми мәселелер арнайы ізденістер жүргізуді талап етеді.
Тіл білімінің бір саласында бірнеше ғылыми теориялар болуы мүмкін. Мысалы, орыс тілі фонологиясында Ленинград фонология мектебі (ЛФМ), Москва фонология мектебі (МФМ), Р.И.Афанесовтың фонологиялық теориясы, т.б. концепциялар бар. Осы теориялардың терминдік айырмашылықтары күрдлі, себебі ұғымдарының айырмашылықтары күрделі. Мысалы, сөздің мағынасын өзгертетін дыбыстың (фонеманың) сөз құрамындағы позициялық түрлерін Ленинград фонология мектебінде типичный оттенок (звукотип, звуковой тип – негізгі түр), оттенки (түрлер) деп атайды. Москва фонология мектебінде инвариант (негізгі түр), вариация (сәл өзгертілген түр), вариант (толық өзгертілген түр) деп атайды. Сонымен тілдің бір саласындағы теориялардың айырмашылықтары ғылыми мәселенің сапа жағын да, сан жағын да қамтиды. Бірақ әр ғылыми мектептің өкілдері қолданатын терминдер – сол ғылыми мектептердің теориялық ұғымдарының семиотикалық таңбалары. Яғни, бір тілдегі бір құбылысты, бір тіл бірлігін әр түрлі терминдермен атау – тілтанымдық ғылыми мктептердің ұғымдық, категориялық ерекшеліктерінің қалыптасқандығының нәтижесі.
Ахмет Байтұрсынов қазақ терминологиясын жасаған кезде ғылыми мектептер, ғылыми терминдер қалыптаспаған еді. Тіпті орыс тіл білімінің өзінде бұл жағдай (әсіресе, лингвистикалық терминология) енді тұрақты бір қалыпқа түсу жолында еді. Сондықтан А.Байтұрсыновтың алдында екі үлкен мәселе тұрды:
а) қазақ тіл білімінің, әдебиеттанымының, тілге оқыту әдістемесінің ұғымдарын анықтау;
ә) сол ұғымдарды терминдермен таңбалау.
Термин пайда болу үшін, ең алдымен, ұғымды анықтау керек. Мысалы, заттық ұғым – зат есім, қимыл-әрекет ұғымы – етістік, т.б. Яғни, А.Байтұрсынов ғылыми ұғымдар қорын анықтап, терминдер қорын жасап тілтанымдық, әдебиеттанымдық, әдістемелік және терминологиялық ғылыми мектептерді дүниеге келтіріп қалыптастырды.
Терминдер қолданысы әркез бірдей емес. Кейбір терминдер қолданыстан шығып, олардың орнына жаңа терминдер қолданылуы мүмкін. Бұл жағдай жалпы ғылым тарихында да, ғылыми мектептердің өмірінде де кездеседі. Терминнің қолданыстан шығуының негізгі себебі терминнің ұғымды толық қамти алмайтындығында, сол ұғымды толық қамтитын жаңа терминнің дүниеге келуінде. Жаңа термин сол тілдің сөзжасамдық мүмкіншіліктерінің негізінде де, жат тілдерден еніп келуі негізінде де пайда болуы мүмкін. Мысалы: негізгі түр (негізгі нұсқа) – инвариант. Кейбір жағдайларда бұрын қолданылып жүрген термин де, жаңа термин де бірдей (синонимдер ретінде) қолданыста болуы мүмкін. Мысалы: тәлім-тәрбие – педагогика, пәлсафа – философия. Бұл жағдайда бірінші қатардағы терминдер де, екінші қатардағы терминдер де ұғымды толық қамтиды. Жаңа терминдердің еніп келуінің себебі олардың әлем ғылымында термин – доминанта ретінде өте жиі қолданылуы.
Ұлттық тіл білімінде ана тілінің негізінде жасалған термин интернационалдық терминнен кейін де пайда болуы мүмкін. Мысалы, 1924 жылы Х.Досмұхамедұлы қазақ тілінің дыбыс жүйесін зерттегенде сингармонизм терминін пайдаланған [8, 81-99 бб.], одан соң осы ұғымды атайтын аударма терминдер тіркестері пайда болды (дауыстылар гармониясы, дауыстылар үндестігі – гармония гласных); одан соң (ХХ ғасырдың соңында) осы ұғымды атайтын үндестік, үндесім терминдері пайда болды.
Бүгінде осы бес термин де қолданылады, бірақ тіл білімінде сингармонизм ұғымы кеңейгендіктен, дауыстылар гармониясы, дауыстылар үндестігі терминдері ол ұғымды толық қамти алмайтын болды, сондықтан, біздің пікіріміз бойынша, келешекте бұл терминдер қазақ сингармофонологиясында актуальды қолданыстан шығуы мүмкін, себебі соңғы 10-15 жылда жарияланған ірі ғылыми еңбектерде [7; 6;] бұлар ғылыми коммуникацияның периференциясынан орын алды.
Бүгінде сингармонизм терминінің тағы да қазақша баламалары қолданылып жүр:
а) дыбыстар гармониясы. Бұл пікірді (сингармонизм – сөз құрамындағы барлық дыбыстардың гармониясы) бірінші болып Х.Досмұхамедұлы айтқан еді [8, 81 б.; 5, 48 б.; 6, 70-71 бб.].
ә) үндесім [7, 266 б.].
б) үндестік [6; 9]
Сонымен қазіргі қазақ тіл білімінде дыбыстардың сөз құрамында я жуандық, я жіңішкелік үндестігін төмендегі терминдермен атайды:
а) сингармонизм;
ә) дауыстылар гармониясы;
б) дауыстылар үндестігі;
в) дыбыстар гармониясы (үндестік заңы)
г) үндестік;
д) үндесім (дыбыстар үндесімі).
Сонымен қатар герман тіл білімінде (ағылшын т.б.) сингармонизмді алшақтық ықпал (дистантная ассимиляция) деп те атайды.
Доминанта – сингармонизм термині. Келешекте осы терминдердің қайсысы сингармонизм термині сияқты, доминанта болатындығын уақыт анықтайды (біздің болжамымыз бойынша келешекте қазақ тілтанымында сингармонизм терминімен қатар үндестік, үндесім, дыбыстар үндестігі терминдері де жиі қолданылатын болады).
А.Байтұрсынов қалдырған терминологиялық мұраның маңызы өте кең, өте биік, себебі, ол мұра бір әлеуметтік саланы емес, бірнеше әлеуметтіксалаларды қамтиды: тілтанымды, әдебиеттанымды, әдістемені, этнографияны, тарихи мәдениеттанымды, философияны, психологияны, педагогиканы, т.б. Сол терминдер осы әлеуметтік салалардың әрқайсысына енетін бірнеше ғылыми ағымдарды да, тармақтарды да қамтиды. Мысалы, А.Байтұрсыновтың тілтанымдық терминдері тіл білімінің барлық барлық саласында қолданылады (фонетикада, фонологияда, сөзжасамда, ...). А.Байтұрсыновтың ғылыми ізденістерінің нәтижесінде дүниеге келген терминдер моностильдік те, полистильдік те қызмет атқарады. Себебі олар ғылыми стильдің нақ ғылыми түрінде ғана емес, ғылыми-әдістемелік, ғылыми-публицистикалық түрлерінде де, ресми құжаттарда да қолданылады. Бірақ сонымен қатар ол терминдер өздерінің негізгі терминдік қасиеттерін (бір мағыналықтығын, бейэмоциялықтығын, ...) толық сақтайды.
Сонымен, А.Байтұрсынов жасаған ғылыми терминдер қазіргі тіл танымының биік талаптарына жауап береді, себебі ол терминдер терминология теориясының – салалық терминология, метатіл, терминдер номенклатурасы тағы басқа ұғымдарына сәйкестендіріп жаратылған.
Әдебиеттер
1. Тіл білімі сөздігі / Жалпы ред.басқарған проф. Э.Д.Сүлейменова.-Алматы: Ғылым, 1998.-544 б.
2. Большой энциклопедический словарь. Языкознания / гл.ред. В.Н.Ярцова.-М., 2000.-687 с.
3. Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов.-М.: Советская Энциклопедия, 1966.-608 с.
4. Шанский Н.М. О некоторых актуальных вопросов методики русского языка как наука // Пролемы совершенствования содержания и методов обучения русскому языку в 4-8 классах.-М.: Педагогика, 1969.-С. 9-14
5. Джусупов М. Фонемография А.Байтурсынова и фонология сингармонизма.-Ташкент: Узбекистан, 1995.-176 с.
6. Жүсіпұлы М. (Джусупов М.) Ахмет Байтұрсынұлы және қазіргі қазақ тілі фонологиясы. Алматы: Ғылым, 1968.-216 б.
7. Жүнісбек Әлімхан. Фонетикалық атаулар жайында // Ұлттық рухтың ұлы тіні.-Алматы: Ғылым, 1999.-262-268 бб.
8. Досмұхамедұлы Х. Қазақ-қырғыз тілінің сингармонизм заңы. Аламан.-Алматы: Ана тілі, 1991.-81-99 бб.
9. Жүсіпұлы М. (Джусупов М.) Сингармонизм фонологиясы // Тілтаным (Языкознания).-2001.-№2.-23-34 бб.