Қырғыз бен қазақ – ежелден көрші болып, малын бірге жайып, қоян-қолтық өмір сүрген бауырлас елдер. Тілдері де бір-біріне өте жақын, бұл жақындық әлі күнге дейін аудармашысыз-ақ еркін сөйлесіп, түсінісуге мүмкіндік береді. Сондықтан терминологияда да екі тілге ортақ терминдеріміз, сөздеріміз көп.
Қырғыз терминологиясының негізін қалаушы Қасым Тыныстанов пен қазақ терминологиясының бастауында тұрған Ахмет Байтұрсынұлы – қос халықтың ғылымының да, терминологиясының да қалыптасуында ерекше орын алатын тұлғалар. Олардың еңбектерінсіз қырғыз-қазақ филологиясының дамуын елестету мүмкін емес.
Бүгінгі ғылыми конференцияның Ахмет Байтұрсынұлының үзеңгілестері, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академиктері, филология ғылымдарының докторлары Әбдуәли Қайдар мен Рәбиға Сыздықтың 100 жылдығына арналып өтуі – маңызды оқиға. Өйткені бұл ғалымдар жалпы түркі терминологиясының өзекті мәселелерін қамтитын көрнекті еңбектерімен түркі тілдес халықтардың, түркі тілінің дамуына бір кісідей үлес қосқанын сенімді түрде дәлелдеді. Сондықтан бұл ғалымдардың атқарған жұмыстары бізге үлгі.
Қырғызстанның ғалымдары мен қырғыз тілі қоғамы 1924 жылдан бастап терминология мәселесімен айналысып келеді. Терминология комиссиясы алғашында Қырғыз ғылым академиясының құрамында құрылып, жүйелі жұмыс істеген болса, қазір Қырғыз Республикасы Президентіне қарасты Мемлекеттік тіл және тіл саясаты жөніндегі комиссияның жанында қызмет атқарады. Терминология комиссиясының термин жасау қағидаттарының бірі – терминнің синонимін ана тілінің қорынынан іздеу, ал егер ана тілінде терминнің мағынасын дәл жеткізетін атау табылмаса, оны туыстас тілдерден іздеу.
Өткен ғасырдың басында араб және парсы тілдерінен, кейін орыс пен еуропа тілдерінен, яғни интернационалдық терминдерді қабылдау қарқынды жүріп, туыстас тілдер бір-бірінен едәуір алыстап кеткен. Әйтпесе бұған дейінгі ғасырларда қырғыз, қазақ, өзбек, қарашай-балқар, кабард, шешен, абхаз, адыгей, әзербайжан, алтай, гагауз, дарғын, ингуш, қалмақ, қыпшақ, қарақалпақ, құмық, моңғол, ноғай, осетин, тува, түркімен, ұйғыр, хақас, чуваш, якут сияқты халықтар бір-бірін еркін түсініп, тілмашсыз-ақ сөйлескен [14].
Кеңес Одағы құрамындағы әрбір республикаға әртүрлі әліпби енгізіліп, орыс лексикасына көбірек бейімделу нәтижесінде жалпы түркі тілдес халықтар қолданған кейбір терминдер ұмытылып, архаизмге айнала бастады. Сондықтан термин жасау барысында ана тіліндегі сәйкес атау табылмаса, туыстас халықтардың терминдерін тереңінен меңгеріп, ана тілдің байырғы ресурстарына жүгіну қажет. Туыстас халықтардың ортақ тамырдан шыққан терминдерін семантикалық, морфологиялық, синтаксистік әдістер арқылы меңгеру және калькалау жолдары оң нәтижелер береді. Осылайша, ана тілімізді дамыту, жетілдіру және түркі халықтарын бір-біріне жақындатудың жолдарын табуға болады деп есептеймін.
Әр халықтың өзіне тән диалектілік ерекшеліктері бар, бұл сол халықтың орналасқан аймағына, жағдайына және мәдениетіне байланысты қалыптасады. Туыстас халықтардың тілдерінде де айырмашылықтар бар, бірақ бұл айырмашылықтар олардың өзіндік ерекшелігін сақтап қалуына ықпал етеді. Егер барлық туыстас халықтардың сөздері бірдей болса, олар өз алдына бөлек халық болмай, бір ғана ұлт ретінде қарастырылар еді. Сонымен қатар, туыстас тілдерде жалпы мағынаға ие, бірақ жазылуы немесе айтылуы белгілі жағдайларға байланысты сәл өзгеше болатын сөздер көп. Түркі тілдерінде мұндай ортақ сөздер өте жиі кездеседі. Мысалы:
• Природа – жаратылыш, табият;
• Народ – эл, калк, калайык, журт, улут;
• Объявление – жарыя, кулактандыруу, жар, шардана;
• Житель – жашоочу, тургун;
• Фурункул, чирей – чыйкан, сыздоок.
Тағам атауларына қатысты сөздерге мысалдар: өрүк, жүзүм, алма, дарбыз, сарымсак, буудай және басқалары. Мұндай сөздер түркі тілдес халықтардың әрқайсысында өздерінің үндестік заңдарына сәйкес өзгеше айтылғанымен, мағынасы бірдей. Әсіресе қырғыз және қазақ тілдерінде мағынасы толық сәйкес келетін сөздер өте көп. Бұл тілдердің жақындығын және мәдени байланыстарының тереңдігін көрсетеді.
2024 жылдың 19 сәуірінде Бішкекте «Терминология мен ономастика – қоғам мен уақыт» атты халықаралық ғылыми конференция өткіздік. Конференцияға Қазақстан ғалымдары да қатысты. 20-дан астам баяндама жасалып, онда түркі тілдес халықтардың ортақ терминдерін кеңінен пайдалану мәселесі жан-жақты талқыланды.
Қырғыз Республикасының Үкіметі 2020 жылдың 1 қазанындағы №510 қаулысымен «Қырғыз Республикасында 2021-2025 жылдары мемлекеттік тілді дамыту және тіл саясатын жетілдіру бағдарламасын» қабылдаған болса, Қазақстан халқы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 16 қазандағы №914 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» жүзеге асыруда. Бұл қырғыз және қазақ халықтарының ана тілдерін дамыту бағытында белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Енді қырғыз және қазақ халықтарында бірдей мағынада қолданылатын кейбір сөздер (атаулар, терминдер) туралы сөз қозғайық.
Қырғыз-қазақ тілдерінде адам, жаз, жайдары, жайдак, бүтүн, бүтүндөй, казан, кайда, кыска, от, сегиз, сызык, убакыт және тағы басқа көптеген сөздер бірдей айтылады. Ал бірақ қырғыздарда «ысык» деп айтылса, қазақтарда «ыстық» дейді. Қырғыз тілінде «ырымчыл» десе, қазақ тілінде «ырымшыл» дейді. Әрине, бір-бірінен түп-тамырынан айырмашылығы бар сөздер де бар. Мысалы, қырғызша мечта – кыял, ал қазақша арман. Екеуі екі түрлі мағына беретін терминдер.
Орысша-қырғызша сөздікте [1], орысша-казакша сөздікте [3] гость – конок, мейман. Қырғыз тілінің түсіндірме сөздігінде [5; 9] конок – жол жүріп бара жатқанда тоқтап кеткен жолаушы, ал мейман [5; 206] – қонақ, құрмет көрсетілетін адам деп жазылған. Мейманхана – жол жүріп кеткендер үшін арналған үй-жай. Бұлардың мағынасы толық ашылмаған. Шынында мейман – күндіз немесе кешке келіп, құрмет көрсетіліп кеткен адам болса, ал конок – тоқтап, түнеген адам екен. Қазақ бауырлар мейманхананы қонақ үй деп дұрыс атаған. Біз мейманхана деп дұрыс қолданбай жүрсек те, ендігі бұл термин халыққа жақсы сіңіп кеткеннен кейін өзгерту қиынға соғар деп ойлаймын.
Мұндай сөздердің бірі – болезнь. Бұл термин орысша-қырғызша сөздікте [1]: болезнь – оору, ноокас, сыркоо. Орысша-қазақша сөздікте [3] – болезнь – ауру, науқас, қасте, дерт, сырқат. Ал Қырғыз тілінің синонимдер сөздігінде оору, дарт, илдет, кесел, сыркоо, ноокас деген сөздер синоним ретінде беріледі. Бұған қосымша, біз білетін басқа да синонимдер бар. Олар: дартман, табы жоқ, бейтап, тұмау, чикерт, састумоо, сезгенүү және тағы басқалары.
Мұндай синонимдер орыс тілінде де бар. Мысалы, болезнь – недуг, заболевание, хворь, хвороба, недомагание, беда және тағы басқа. Орыс тілінің түсіндірме сөздіктерінде бұлардың әрқайсысына түсіндірме беріліп, әрбір аурудың қандай сатыда екені айтылған, жоқ дегенде “тоже же, что болезнь” деп синоним екенін нақты көрсеткен. Ал Қырғыз тілінің сөздігінде бірі екіншісі арқылы түсіндіріліп келеді. Мысалы, дарт – оору, илдет, кесел; илдет – оору, дарт; кесел – сыркоо, оору, дарт, илдет; бейтап – табы жоқ, сыркоо, оору және тағы басқа. Бір ғана жерде тумоо, сасык тумоо – суық тигеннен болған ауру, ылаң – малдың жұқпалы ауруы деп көрсетілген.
Ал енді шын мәнінде, оору – адамның ауруы, ылаң – малдың ауруы, илдет – өсімдіктердікі емес пе? Орыстар болса бәрін де болезнь деп атай береді. Бұл жаңа нәрсе емес. Бірақ қазіргі кезде бір-бірімен шатастырып, бәрін де оору немесе адамның ауруын илдет деп атайтындар көбейіп кетті. Сондықтан біз болезнь деген терминді нормативтік құжаттарда, жалпы қолдануда заттық мағынасында оору, ал малда – ылаң, өсімдіктерде – илдет деп қана қолдануымыз керек. Оның басқа синонимдерін аурудың деңгейіне қарай ақын-жазушылар, ғалымдар шығармаларында, еңбектерінде қолдана берсін.
Техникада вибрация деген термин бар. Орыстың өзі: вибрация – механикалық тербелістер (қатты денелердің тербелісі), - деп түсіндіреді. Орысша-қазақша сөздікте вибрация [3] – теңселу, дірілдеу, тербелу деп берілген. Ал физика бойынша шыққан сөздіктерде бұл терминді сілкіну, тітіреу, дірілдеу деп әртүрлі қолданған. Терминком бұрын (15 жыл бұрын) тітіреу деп қабылдаған. Түсіндірме сөздікте сілкіну сөзі сілк деген сөзден алынған. Ал тітіреу тербелуге, қалтырауға жақын. Бұл терминнің орыс тіліндегі дрожание – қалтырау, колебание – тербелу, сотрясение – тітіреу деген синонимдерін ескерсек, онда вибрацияны дірілдеу деп алғанымыз дұрыс болар. Осы терминге ұқсас медицинада тремор деген термин бар. Ол адамның денесінің немесе кейбір бөліктерінің тітіреуін білдіреді. Мұны бір ғана терминмен айту мүмкін емес. Ол жүйке жүйесінің белгілі бір органының бұзылуынан пайда болған ауру, оны қолдың қалтырауы, еріннің дірілдеуі, дененің тітіреуі, бастың қалшылдауы, дауыстың қарылдауы деп контекстке қарай бірнеше түрде алу қажет.
Дефицит (лат. Deficit «жетпейді», deficio «тапшы болу, кедейлену») – тапшылық; бір нәрсенің жетіспеушілігі. Бұл экономикалық термин ретінде бір нәрсенің еркін айналымда жетіспеушілігін білдіреді. Дефициттің негізі ұсыныс пен сұраныстың артып кетуімен байланысты. Орысша-қырғызша сөздікте [3] дефициттің екі мағынасы келтірілген: 1. Дефицит (зиян), (шығын; кірістен шығыстың артып кетуі). 2. Тартыш, кемчилдик, жетишсиздик (жетіспеушілік, тапшылық). Сонымен қатар, Атаулар сөздігінде (2010) тартыштық, тартыш, Заңнама сөздігінде (2014) таңсыктык, тартыштык, Салық сөздігінде (2018) таңсыктык деп берілген. Түсіндірме сөздікте таңсык – рекостный: сильно желаемый деп жазылған. Қазақша-орысша сөздікте таңсық – рекостный: қатты қаланған деп беріледі. Демек, бұл термин қазақ пен қырғызда бірдей түсініледі. Тартыштык – жетіспеушілік, кемшіліктер, тапшылық. Демек, егер нәрсе жоқ болса – ол таңсық, ал бар бірақ өте аз болса – ол тартыш. Сондықтан да біз дефицитті – тартыштык деп бір ғана нұсқасын қабылдауымыз керек.
Медицинадағы осындай терминдердің бірі – фаланга. Бұл Орысша- қырғызша сөздікте [1] – шыйбылчак, бейбелчек, медициналық сөздіктерде – фаланга, шыйбылчак, бейбелчек деп алынған. Ал Түсіндірме сөздікте шыйбылчак [5; 725] – 1. Аша тұяқты жануарлардың тұяғы мен бақайының арасындағы бөлігі. 2. Аша тұяқты жануарлардың шұбарғысының бақайдан төменгі бөлігінің бір жақ асты. Бейбелчек [5; 228] – аяқтың саусақтарының сүйектері. Қол мен аяқ саусақтарының қаңқасын құрайтын қысқа, түтік тәрізді сүйектері деп нақты жазылған. Демек, семантикалық мәні бойынша бейбелчек адамға, ал шыйбылчак аша тұяқты жануарларға қатысты айтылады екен. Енді бұларға ғылыми зерттеу жүргізудің қажеті жоқ. Тек халық не деп атағанын нақты білсек болғаны.
Сөзсіз барлық мағынасы тең алынатын сөздер де көп. Мысалы, трещина деген терминді үш мағынада қолдануға тура келеді – жарака, кесилүү, жик (бузулуу). Мысалы, “трещина на стенах” – “дубалдын жаракасы”, “трещина губы” – “эриндин кесилиши”, “в их отношениях появилась трещина” деген сөз тіркесінде “жарака” да, “кесилүү” де жарамсыз, оны “алардын арасына жик түштү”, немесе “алардын мамилеси бузулду” деп қолданғанымыз дұрыс болады.
Тағы бір көп айтылып жүрген термин – туу, желек, асаба, байрак. Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздікте [8] «знамя» – ту, жалау, «флаг» – жалау, «штандарт» – байрақ деп берілген. Ал, «стяг» деген термин мүлдем алынбаған. Бұлар орыс және басқа тілдерде бунчук, флюгель, прапор, кумач, хоругвь, вымпел, стяг, орифлема, штандарт, знамя, флаг және басқа синонимдермен айтылады. Алғашқыда жылқының немесе топоздың құйрығын ағаштың ұшына байлап, 15–18 ғасырларда татар-моңғол шапқыншылығында, Осман түрктерінде биліктің белгісі ретінде қолданылып, бунчук деп аталыпты. Кейін бұл «штандарт» мағынасына өтеді. Міне, осыны қырғыздар түпөк, байрак деп атаған екен. Міне, тіл – жанды процесс деген осы. Уақыт өте келе өзгеріп, бунчуктан бүгінгі ту деген атауға дейін қолдану ауқымы (діни, кемеде, әскери және т.б.) бойынша түрлі атауларға ие болған. Түсіндірме сөздікте: «Ту – әскери бөлімнің, бірлестігінің, мемлекеттің, қандай да бір ұйымның ж.б. эмблемасы ретінде саналатын, белгілі бір немесе бірнеше түсті, бетінде жазуы, әшекейлері және т.б. бар, ағашқа бекітілген мата. Желек – түрлі формадағы және түрлі түстегі матадан таяқшаға немесе ұзын ағашқа байланған, бір нәрсенің белгісі, символы ретінде қолданылатын байрақ, тілек мата. Байрак – желек, туу. Асаба – туу, желек асылатын ағаш… Желектің, туының ағашы мен шүберегі біртұтас ұғым ретінде қабылдануының нәтижесінде жалпы алғанда желекті (ту емес) білдіреді», - деп берілген. Орысша-қырғызша сөздікте «знамя» – туу, «флаг» – желек, «стяг» – туу, «асаба», «штандарт» – штандарт, желек, туу деп алынған. Қырғызша-орысша сөздікте «асаба» – флаг, «байрак» – флаг, «желек» – флаг, «туу» – знамя, «стяг» деп берілген. Терминком бұрын «знамя» – туу, байрак; «флаг» – желек деп қабылдаған (Атоолар сөздігі, 2010).
«Юридикалық сөздікте» (2014) «флаг» – желек, «флагшток» – асаба, «штандарт (флаг) Президента» – Президенттің штандарты (байрагы) деп алынған. Б.Кыштообаев «Әскери терминдер мен түсініктердің орысша- қырғызша түсіндірме сөздігінде» «знамя» – байрак, «флаг» – туу; К.Усенбеков және басқаларның әзірлеген «Әскери терминдер мен түсініктердің орысша-қырғызша сөздігінде» «знамя» – туу, «флаги» – желек, туу, байрак, «стяг» – асаба деп алынған. Кейінгі ІІМ-нің сөздігінде «флаг» – 1) желек; 2) туу деп алынған. Көрдіңіздер ме, осы қарапайым терминдер бойынша қаншама шатасу орын алып келеді.
Туу негізінен мемлекеттің, оның әскери күшінің атрибуты ретінде тиісті жерде бір ғана нұсқада жасалып, ұзын сапқа бекітіліп, сабының басы ұшталған металл, шашы, түпөк тағылып, қымбат бағалы матадан жасалады екен. Мұны «Туу түбінде тұрып» деген қырғыз фольклорын еске алсақ, знамяны – туу деп қана алғанымыз дұрыс. Ал флаг – бұл кішірейтілген ту, яғни үстелге қоюға шығарылған нұсқасы екен. Демек, флаг – желек, стяг – асаба, штандарт – байрак.
Қарашайлар мен балқарлар өткен ғасырдың басында Орталық Азияға қоныс аударған кезде көпчүлүк, чыгарма, кемчилик «көпшілік, шығарма, кемшілік» деген сөздерді қазақ және қырғыз тілдерінен өздерінің тілдеріне қабылдағанын атап өткен [13; 10].
Қазіргі уақытта қырғыз тілінде ардагер термині кеңінен қолданысқа енген. Бұл сөз айтылуға оңай әрі «ветеран» терминінің мағынасын толық ашып береді. Бұл терминді қырғыз терминологтары қазақ тілінен қабылдағаны айқын байқалады. Ал орыс тіліндегі «награда» термині орысша-қазақша сөздікте және Қазақ Совет энциклопедиясында да «наград, наградталған» деп жазылған. Қазақ бауырларымыз осы терминді соңғы уақытта түркі тілдес халықтардан, әсіресе қырғыз тіліндегі “даража, кадыр-барк, ардактуу, сыйлуу” деген сөздердің мағынасына үндес “мартаба, мартабалуу” сөздерімен байланыстырып, “марапатталған” деп алғандары қуантады. Мұндай қабылдаулар туыстас халықтардың бір-біріне жақындығын сақтау үшін маңызды болмақ.
Қорытынды. Осылайша, бауырлас қырғыз-казақ тілдеріндегі ортақ терминдерді біліктілікпен қолдану терминнің мазмұнын нақты ашып береді, термин жасау барысында кейде қиын мәселені шешуге жағдай туғызады деп сеніммен айта аламыз. Түркі тілдес халықтардың ортақ лексикалық қорын құру үшін түпкі тегі бір, мағынасы жақын терминдерді бірдей қолдану бауырлас халықтарды жақындастырудың тиімді жолы болып табылады. Бұл принцип жаңа терминдер жасау кезінде бауырлас халықтардың сөздік қорларын пайдалану арқылы жүзеге асырылуы керек. Демек, жалпы терминдерді қайтадан жаңғырту қазіргі уақыттың талабына сай болуы тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Орусча-кыргызча сөздүк. Түзүүчү К.К.Юдахин. – Бишкек, 2019. – 1136 б.;
2. Кыргызча-орусча сөздүк. Түзүүчү К.К.Юдахин. – Бишкек 2015. – 1092 б.;
3. Орусча-казакча сөздүк., 1-том, – Алматы, 1978. – 574 б.;
4. Х.Махмудов, Г.Мусабаев. Казакча-орусча сөздүк. Алматы, 1989;
5. Кыргыз тилинин түшүндүрмө сөздүгү. – Бишкек, 1-том. – 800 б. 2- том. – 800 б. 2016;
6. Вл.Даль. Толковый словарь. М.:1978;
7. С.И.Ожегов и Н.Ю.Шведова. Толковый словарь русского языка. М.: 1999;
8. Казакча-орусча, орусча-казакча терминологиялык сөздүк. Аскер иши. 11-том. – Алматы, 2014. – 568 б.;
9. Юридикалык атоолордун жана башка түшүнүктөрдүн орусча-кыргызча сөздүгү. – Бишкек, 2014. – 532 б.;
10. Атоолордун (терминдердин) орусча-кыргызча сөздүгү. Бишкек, 2010. – 256 б.;
11. Б.Кыштообаев. Аскердик терминдердин жана түшүнүктөрдүн орусча- кыргызча түшүндүрмө сөздүгү. – Бишкек, 2015. – 944 б.;
12. К.Усенбеков, Б.Абылгазиев, Ы.Кадыров, А.Айтмаматова. Аскердик терминдердин орусча-кыргызча сөздүгү. – Бишкек, 2017. – 364 б.;
13. И.М.Отаров. Очерки карачаево-балкарской терминологии, – Нальчик, 1987. – 96 б.
14. Ысмайыл Кадыров. Тил. Котормо, Терминология. – Бишкек, 2023. – 182 б.