Терминнің үш тұғыры

Терминнің үш тұғыры

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...» (Абай) дегендей, термин де көптің көңілінде жүретін, көзі ашық, көкірегі ояу азаматты бейжай қалдырмайтын ортақ, мүдделі мәселе. Тіпті, термин туралы сөз бола қалса, қолына қалам ұстаған зиялы қауымның арқасы қозып кететін қызуқандылығы да бар. Бірақ, ол үшін оларды айыптаудан аулақпыз. Өйткені бұл қазақ табиғатына тән қасиет: айтар сөзін айтып қалмаса, «әкесі өледі» дейтін халықпыз ғой.

Мен ұлтымыздың бұл қасиетін маман ретінде терминология мәселесіне араласа бастаған кейінгі жартығасырлық саналы ғұмырымда көріп келе жатқан адаммын. Сол уақыт ішінде қазақ қауымында термин жайындағы әңгіме бір сәтте тоқтаған емес және ол түбегейлі шешілген де емес. «Баяғы жартас бір жартас...» дегендей, пікірді қайталау бар да, ілгері жылжу аз. Өйткені Ахмет, Сәкен, Міржақып сияқты зиялы қауымның таңдаулы өкілдері 20-30-40 жылдары айтқан, жазған пікірлерін біз бүгін де қайталап отырмыз. Әрине, бұдан «рухани-өміріміздің бұл саласында ілгері жылжу мүлде болған жоқ» деген біржақты пікір тумаса керек. Өзгеріс те, даму да бар. Мәселе олардың замана талабына әлі сай келе алмай, өз деңгейінен көріне алмай келе жатуында болып отыр; термин мәселесінің аяғы жоқ, басы жоқ, үздік-создық ұзақ әңгіме болып көрінуінің себебі де содан.

Осы мәселе бойынша «Терминнің үш тұғыры» деген ойымызды ортаға салғымыз келеді. Бұл мәселе туралы біз бұрын да айтып, жазған едік.

Өркениет өріне қанат сермеп, егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болып отырған қазақ халқының – «ұлттық тіл», «әдеби тіл», «ғылым тілі», «мемлекеттік тіл» деген салалардан тұратын мәртебелі тілінің замана талабына сай жаңарып, өркениет өрісі мен үрдісіне сәйкес өзгеріп, толығып, дамып отыратын сезімтал да сергек, өміршең де өзекті арнасы – осы терминология.

Алайда, «барша тілдердің табиғатына тән осы бір құбылыстың үрдісі біршама кідіріп, жүрісінің кібіртіктей беретін себебі неде» деген заңды сауал тудырды.

Осыған байланысты біздің ойымызға орала беретін бір пікір: терминдердің жасалуы, қалыптасыу, жүйеленуі, дұрыс бағытта дамуы, сайып келгенде, «Адам», «Тіл», «қоғам» деп аталатын үш тұғырға тірелуіне байланысты.

Әр тұғырдың мәнісін түсіндірсек, «Адам» тілді дүниеге келтіруші, оны қолданушы, қорғаушы, дамытушы «тіл иегері», өздері құрған қоғамда бірлесе, қауымдаса ғұмыр кешуші басты тұлға. Тіл сол адамдардың қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар ол Адам ойының, сана-сезімінің, таным-тағылымының айнасы; яғни тіл – адамның танымдық құралы. Өйткені тіл мен ой бір медальдің екі беті, бір таяқтың екі ұшы іспетті, бірінсіз бірінің күні жоқ егіз дүние. Сондықтан да болар, ұлы философ бабамыз Әбу-Насыр әл Фараби ғылымдардың басы етіп, бірінші орынға қойыпты. Тілдің осы бір танымдық қасиетіне, ой мен тілдің астарластығына байланысты сөз табиғатын зерттейтін «филология» мен даналық табиғатын зерттейтін философияны егіз ғылым деп қараудың себебі де осыдан. Демек, Адам мен Тілдің қоғамдық өмірде өзара тоғысып, өзара ой-сана арқылы қауышуы Адамға да, тілге де тікелей қатысты деген сөз.

Енді, Қоғамға келсек, ол Адамға да, оның тіліне де тікелей ықпал жасап, өздәсерін тигізіп отыратын құбылыс. Қоғамдық өмірде қалыптасатын замана талабы, идеология, салт-дәстүр ең алдымен адамның санасына салмағын салып, өзгереді, қалыптасады. Ал бұл өзгеріс оның өз тіліне деген көзқарасына да әсер етеді. Санасы сарсылған адамдар айналадағы құбылысқа саналы түрде, ойлы көзбен емес, енжарлықпен қарау қасіретіне, құлдық психологияға ұшырайды. Сондықтан да, сананың сергектігі, сезімталдығы тіпті бір қоғамдағы әр адамда, әрбір әлеуметтік топта, әрбір ұлт өкілінде әр түрлі жүз беруі ықтимал. Бұл қоғамда болып тұратын аумалы-төкпелі жағдайларды әркім өзінше қабылдап, өзінше танып-білуіне, бағалауына мүмкіндік береді.

Адам мен Қоғамның ара қатысынан туындайтын этнопсихологиялық, этнолингвистикалық, әлеуметтік, т.б. ортақ көзқарастар мен таным-тағылымдар сөзсіз сол этностық қауымның тіліне де, тілдің өзекті мәселесі термин жасау проблемасына да өз әсерін тигізері даусыз. Бұған алыстан мысал іздеп, әуре болудың қажеті жоқ. Қазақ тілі терминологиясының өткені мен бүгінгі ахуалы осының айқын айғағы.

Енді солар туралы.Терминге қатысты тұғырдың үшеуіне де ортақ және олардан туындайтын проблемалары өте көп. Мәселен, Қоғамның да, Тілдің де негізгі тұлғасы саналатын Адамның жеке басына байланысты туындайтын проблемаларға не жатады? Әңгіме термин жайында болғандықтан, бұл құбылысқа мен ең алдымен сол Адамның жалпы терминге, термин жасам процесіне деген көзқарасы мен түсінігін жатқызған болар едім. Өйткені бір ғана қазақ терминдерінің төңірегінде (бұрын да, қазір де) жүздеген, тіпті мыңдаған адам жүр. Біреулері бұл істі зерттеген, терең білетін шынайы маман болса, енді біреулері (бұлар басым көпшілігі) әр кәсіптің басы-қасында жүрген кәсіпкер жандар. Термин дүрмегінен табылатын біраз адамдар «бұл тілді мен де бір қазақтай білемін!» деп өз сенімімен жүргендер. Міне, терминге байланысты «өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...» деген сөздің мәні осында.

Бір жағынан елдің бұл ізгі ниетіне, талап-талпынысына шек қоюға да болмайтын сияқты. Дегенмен, бұл тәрізді бәйгеге жаппай атын қосқан қалың дүрмектің терминология мәселесін дұрыс шешуге кейде пайдасынан гөрі зияны көбірек пе деп қаласың. Өйткені термин табиғаты – нәзік құбылыс, ол жапа-тармағай жабылып, асар салу арқылы орындалатын көпшілік қолды іс емес.

Біздің бұл саладағы бүгінгі тірлігімізден де, міне, осы тәрізді әрекет байқалатын тәрізді. Біреулер термин заңдылығын зергерден зерек түсініп барып іс тұтса, енді біреулер дүниені белінен бір-ақ басып, қарадүрсін, қарабайыр «тәсілге» салып, қабырғасын қарқыратып, омытрқасын опыруға бейім тұратын жандар.

Термин проблемасының осы күнге дейін береке тауып кете алмай жүруінің көп себептерінің бірі өз басым осы деп білемін. Ашығырақ айтсақ, «термин» феноменнің табиғатына тереңірек түсініп, оның да өзіндік заңдылықтарымен санаса бермеуге байланысты.

Термин проблемасының «Адам» атты тұғырына қатысты екінші бір мәселесі сол терминдерді жасаушылардың ғана емес, қолданушылардың да «терминжасау» атты жанды да нәзік, өрелі де ауқымды процеске деген көзқарасына, ой-пікіріне, іс-әрекетіне байланысты. Бұл ойымызды ашығырақ айтсақ, ол: қоғам мүшелерінен терминдік процесті өзінің тарихи-әлеуметтік негізі бар, өркениетке беттеген ел үшін болашағы зор жаңа да келелі құбылыс деп тануды талап ететін мәселе.

Міне, осы тұста бұл құбылысқа әрбір азаматтың өз тұрғысынан қарап, ой көзімен танып-білуінен, ғалымдық, мамандық қабілетінің ғана емес, азаматтық санасының саралануынан айқын байқалатынын көреміз. Оны біз, басқаны былай қойғанда, қатар жүрген замандас, қаламдас, әріптес, кәсіптес дос-жарандарымыздың көзқарастарында байқай аламыз. Қалай болғанда да, күн тәртібіне жиі қойылып отырған қазақ тіліндегі термин мәселесіне байланысты көзқарастардың бірыңғай болмай, әр түрлі болуы, сан саққа жүгіртілуі өкінішті-ақ, әрине. Біреуінің басы алға қарап, табалдырығынан жаңа аттаған ХХІ ғасырдың өресінен қарай, келешегіне көз жүгірткісі келсе, енді бір замандасымыз «шыққан биізіміз де, алған қамалымыз да осы, бүгінгі қол жеткен табыстарымыз, оған қол тигізбек түгіл, мұртын да бұзбайық» деп байбалам салады. Ал, енді бір қатар зиялы қауым өкілдері: «Ойбай, бүгінімізден кешегіміз артық еді, оны өзгертсек, дүние қарай қалады!» деп сары уайымға салынатына да белгілі бізге.

Адамдар санасына қатысты бұл әңгімені ерекше елеп, тәптіштемейтүсуіміздің түпкі мақсаты терминология «шаруашылығына» байланысты толастамай, жалғасып келе жатқан дау-дамай, талас-тартыс, ырың-жырыңның, екінші бір себебі: соған қатысты жандардың бұл мәселе терең түсіне білу-білмеуіне де, азаматтық санасының биік-аласа деңгейіне, сергектігі мен сарсыла бастауына да байланысты екендігін айқындай түсу. Бұл ойымызды дәлелдейтін нақтылы мысалдар өте көп. Ол үшін барлық баспа бетінде, реті келген бас қосуларда айтылып жатқан ой-пікір, ұсыныс-талаптардың бәрін таразы басына салып, сараптап қарасақ та жеткілікті. Ондағы айтылып жатқан пікірлер сан алуан. Біреулері: «ойбай, тіліміздегі терминологиялық лексиканың, 70 пайыздайы шет тіл элементтері екен, бұл ұлттық тілдің өзіндік қасиетіне (самобытность) нұсқан келтіретін жағдай» деп өзінеше ана тіліне деген қамқорлығын білдіріп жатса, енді бір зиялы қауым өкілі: «жоқ, одан зиян болмайды, қайта бұл тіл байытудың бір көзі, тимеңдер, қалыптасқан орыс, т.б. сөздердің мұртын басушы болмаңдар!» деп байбалам салады. Бұл пікірге қарсы: «шет тілерлен қажетімізге қарай термин қабылдауға ешкім қарсы емес, бірақ өз тіліміздің бар мүмкіншілігі мен сөз байлығын сарқа пайдалану, ол болмаған жағдайда ғана басқа тілге жол беру» деген принцип тұрғанда біздің алдымыздағы ұрпақ өкілдерінің оңай жолға ойысып, оңды-солды ала берген терминдерін сын көзімен бір сыдырғы қарап шығу, «оларды бірден, жаппай ығыстыру емес!», біртіндеп, қажеттігіне, тілдің мүмкіншілігіне қарай өз сөздерімізбен ауыстыру» деген уәжге қарсы шығып, ер-тоқымын бауырына алып, тулап жүрген азаматтар да аз емес.

Осы қылық пен әрекеттің бәрін өз басым азаматтық санаға байланысты, тілді де, адамдарды да, қоғам мен оның идеологиясын да «өзгертіп, дамымайтын, жаңғырып, жаңаланбайтын, мәңгі-бақи томаға-тұйық қалпын сақтайтын тұрақты (консервативті) құбылыс» деп қарайтын жаңсақ пікір, жарамсыз көзқарас деп білемін.

Тіл мен оның даму заңдылығы да, Адам мен оның ой-санасы да, Қоғам мен оған тән идеология да бәрі-бәрі тұрақты түрде, объективті заңдылықтар бойынша өзгеріп, жаңғырып, жаңаланып отыратын күрделі құбылыстар. Терминология құбылысына да осы заңдылық тұрғысынан қараған жөн деп білеміз.

Енді «тіл тұғырының» өз басына келейік. Мұнда да өзіндік проблемалар аз емес. Солардың бір-екеуіне тоқталып өтейік. Терминология проблемасы бүгінде барлық тілдергі, соның ішінде туыстас түркі тілдеріне де тән ортақ құбылыс. Ал, осылай болса, негі біз әсіресе тілдері жақын, туыс халықтар (мәселен, қырғыз, өзбек, татар, т.б.) ортақ терминология мәселелерін ортақтаса отырып, тәжірибе алмасу арқылы оп-оңай шеше салмаймыз? Шеше алмаймыз. Өйткені, олардың шығу тегі мен түбі бір бола тұрса да, дербес тіл болып қалыптасу тарихы бөлек, грамматикалық құрылымы мен дыбыс жүйесінде, лексикалық құрамы мен сөз саптау мәнерінде, мағына айыру дәстүрінде өзіндік ерекшеліктер қалыптасқан. Тілдердің өздерін жақындатқанымызбен сол тілді тұтынушы иегерлерін жақындату оңай емес, өйткені олардың болмысында қалыптасқан ой, сана, жан дүние, сезім, таным, т.б. зиялы қасиеттерде де бірегейлік жоқ. Міне, сондықтан да отызға тарта ірілі-ұсақты түркі тілдес халықтар бүгінгі таңда терминология проблемасын өз тұрғысынан шешуде. Оның тағы басқа (тарихи, саяси, әлеуметтік, географиялық, дәстүр, идеология, жазу, т.б.) себептері де жоқ емес.

Демек, бұл - «әр тілдің өзіндік, тек өзіне ғана тән ерекшеліктері болады» деген шындықты айқындай түседі деген сөз. Осыған орай біздің пайымдауымыз бойынша: термин жасау процесінде қазақ тілі мен, мәселен, өзбек, әзірбайжан, түрік, татар, ұйғыр тілдерін терезелерін тең етіп, қатар қойып қарауға болмайтын сияқты. Өйткені бұл тілдерде сөйлеуші туыстарымыз кезінде капиталистік дамудың сауда, өндіріс т.б. бастапқы сатыларын басынан кешірген халықтар санатына жатады. Орта Азиялық жазба әдеби тіл дәстүрінен көбірек сусындаған халықтар. Сондықтан да, бұл тілдерде стандарттықа бейім әдеби тілдің дәстүрі мен ресми үлгілері (штамптары) көбірек қалыптасқан. Бұлар осы тілдердегі бүгінгі терминология процестеріне де өзінің оң әсерін тигізіп отыр.

Ал, қазақ тіліне келетін болсақ, ол- иен даланы еркін жайлап, бұғау- құрық көрмей өскен асау тарпаң, ерке- бұлан мінезі бар тіл. Ол өзінің осы табиғатына байланысты 80 жыл бойы терминология «құрығына» бойсұнбай, «әдеби тіл стандарты» деген «бұғауға» көнбей, бұлқынып, бұлаң мінез танытып келе жатқан кешегі көшпелі қауымның ұлы Тұран жерінде сақталған қара шаңырығы, ата-баба мұрасынан бізге жеткен асылдың сынығы (Мағжан). Бірақ осы тілімізді әркім әр саққа жүгіртеді: біреулер «бұл тілдің болашағы жоқ, ол өлуге тиісті» деп (жағына жылан жұмыртқалағыр!) сәуегейлік жасаса, өз қағынан өзі жеріген кейбір көзқамандар «қазақ тілі қойшы-қолаңның тілі ғой, ол бүгінгі өркениетті еліміздің өскелең талабына сай емес» деп, оның мемлекеттік мәртебесіне шәк келтіріп, күстаналаса, «ойбай, тілімізді кемпір-шалдың тіліне айналдырып алмайық» деп, өз ана тілінің табиғи болмысына мұрнын шүйіре қарайтындар да арамыздан табылады. Алайда көпшілігі ауылда тұратын сол кемпір-шал-ата –аналарымыздан ғылым дүниесіне сонау 30-жылдардан бері жақсы таныс, әлі сақталып келе жатқан «орысша қалай айтылса, жазылса, қазақша да (мұртын бұзбай) солай айтылып, жазылу керек» деген ақ қаптал, қасаң қағиданы бүгін де заң ретінде талап етуіміз, тіпті солардың бәрін ана тіліміздің «құдіреті күшті» табиғатына сәйкес ауызекі тілде айтылып жүрген: қалхоз, сапқоз, біргәдір, кәпірәтіп, пошта, кәлектіп, кеңсе, құлып, пәбрике,үстел, кәмпит,мәмәзи,шәйнек, кереует, самаурын, т.б осы тәрізді жүздеген, тіпті мыңдаған кірме сөздердің бәрін өз қалпында («мәдениетті етіп») айтуды талап ету қалай болар екен?

Бұл арада алдын ала бір нәрсенің басын ашып алғанымыз жөн: ол- текетіресте жүрген екі жаққа бірдей зиян, тіл дамуына кесірлі-радикализм, мәселені қайткен күнде де бір жақты етіп шешуге тырысу. Бұл әсіресе тіл үшін тиімді де өрениетті тәсіл емес.

Бұл жерде мәселе басқада емес, ана тіліміздің табиғи қалпын сақтап қалуда. «Орыс тілінің игілікті әсерінен тілімізде «жаңа» фонемалар пайда болды» деп те әсірелеп келдік. Тілімізде жат фонемаларды айтуды үйренгеніміз рас, бірақ тілімізге тән дыбыс заңдылықтарының бәрін өзгерткеніміз жоқ, өйткені олар сыртқы әсерге ыңғайлануы мүмкін, бірақ, оңайлықпен өзгере қоймайды.

Қалай болғанда да, тілдік санамызда әлі сақтаулы және қайтадан ояна бастаған осы бір-табиғи сезімді өшіріп алмай, алдымен тілімізге еніп, етене сіңісіп кеткен тұрмыстық заттар мен құбылыстардың шетелдік атауларын өз тіліміздің табиғатына икемдесек, одан кейін ғана термин саласында да, онда да мүмкін болғанынша, бірден емес, біртіндеп осы заңдылықты сақтауға, жүзеге асыруға тырыссақ. Бұл қолма-қол тез орындалатын және, кейбіреулердің ойлайтынындай, еріккендердің ісі емес. Бұл ана тіліміздің, бүгінде мемелекеттік тіліміздің, болашағын ойлаудан туындаған үрдіс. Оны қолдау, қолдамау жұртшылықтың, саналы азаматтардың еркінде.

Соншама бай, көркем де бейнелі ана тіліміздің бүгінгі таңда өмір тіршіліктің барлық саласы бойынша қауырт қолға алынып, жаппай етек жайып отырған терминжасам (терминотворчестволық) процестің қарқынды үрдісіне төтеп бере алмай отыруының басты себебі басқада емес, оның сайын даланың асау тарпаңына ұқсас ерке-бұлан табиғатына байланысты дедік. Оны бас-аяғын елшеп-пішкен, сөз мағынасын зат пен құбылыстың, болмыс-бітіміне қарай шектеп, нақтылап қолдану арқылы ғылыми стандартқа салуға бірден көне қоймайтын тіл дедік. Халқымыздың болмысында тіршілік-тірлігінде бұрын болмаған заттар мен құбылыстарға атау етіп, басына «терминдік» ноқта салып, көндірген байырғы қазақ сөздерінің қалай болғанда да астарынан оның сол табиғатына тән бейнелеуіш, ауыс та көркем мағыналары «менмұндалап» көрініп тұрады. Ал, қазақ сөздерінің көбісіне тән бұл қасиет термин талабына сай емес. «Кез келген термин сөз, кез- келген сөз термин емес» дейтін себебіміз осыдан.

Осынау бір объективті заңдылыққа байланысты терминжасам процесінде ғалымдар мен мамандар мына бір жағдайды әрдайым есінде сақтауы қажет сияқты. Ол- терминжасамдағы шарттылық (условность). Ол не деген сөз? Ол- белгілі ғылым мен техника,білім мен өнер т.б. саласында қабылданған кез келген термин осы саларға қатысты адамдардың өзара пәтуаласып, келісіп алған тіл негізіндегі шартты белгісі. Ондай шарттылық принципі сақталмаса, мыңдаған терминдер дүниеге келмеген болар еді. Шарттылық принципі терминді бір тілдің өзінде, өз негізінде жасауда да, әсіресе, бір тілден екінші бір тілге баламасын тауып (калька т.б. жолдармен) аударып алғанда да сақталып отырады. Шетел терминдеріне балама етіп тіліміздің, не жаңа сөздерін ұсынғанда ешкім де шетел терминдерінің шығу тегін, түп-төркінін тексеріп, «тісін ашып көріп», тәптіштеп, соған сәйкес балама іздеп жатпайды. Демек, шарттылыққа терминнің, жалпы мағынасына, атқаратын қызметіне, қолданыс аясына қарап-ақ термин сайлап алу принципі жатады деген сөз. Бірақ мысал.Медицина саласындағы хирургиялық құрал саналатын халықаралық термин скальпель о баста ағылшын тіліндегі скальп «Африка қара нәсілдерінің бас терісі» де, скальпель сол теріні айналдыра кесіп, салып алатын арнайы құрал атауы. Енді осы атауды қазақ дәрігерлері қандауыр деп қазақшалап алып, термин ретінде тілімізге енгізіп жібергеніне де көп жылдар өтті. Ал, бұл балама термин болмысынан біз шарттылықты айқын көріп отырмыз. Қан қысымы көтерілгенде бас тамырларын шекіп жіберіп, қан шығаратын нағыз қазақы да байырғы қандауыр ағылшынның скальпелінің баламасы ретінде оның атқаратын хирургиялық операциялардың бәрін атқарып келеді.

«Терминологиядағы шарттылық» деп біз осыны айтамыз. Бұл принципті заңдастырғанда ғана терминжасам процесі жөнделіп, әрбір термин додаға түсе бермейтін болады.

Қазіргі кезде терминжасам процесінде атсалысып, мемлекеттік тіл үрдісіне байланысты басталып кеткен қарбаласқа қатысушы мамандар мен зиялы қауымның баршасын термин табиғаты мен терминжасам табиғатын терең де жетік біледі деп айту қиын. Бұл салада еңбектеніп жүрген азаматтарда, әрине, ниет, талпыныс, ынта-жігер бар. Бірақ кей-кейде профессионализм (кәсіперлік қабілет) мен тіл заңдылығын білу жетіспей жататыны да байқалып жатады. Мәселен, «термин» деген ұғымның ең басты белгісі ол тек зат пен құбылыстың ғана атауы, номинанты. Ал, біздің кейбір терминологиялық сөздіктерді қарап отырсақ, сөздердің етістік, сын есім, үстеу тұлғалары да термин болып жүр. Терминдерді ғылым- білім, техника, т.б салаларына жіктеп, салалық сөздіктер, тақырыптық (предметно- тематические словари) сөздіктер жасау, сондай-ақ терминдерді іштей ұяға бөліп топтастыру тәсілдерін,т.б. осы тәрізді әрекеттердің жақсы да тиімді жақтары мен кемістіктері де жоқ емес.

Осыған орай, ең алдымен назар аударатын бір нәрсе бір саладағы терминдердің екінші бір саладағы терминдермен өзара қатысты, сәйкестігі мен жүйелігі. Осыны ескеріп, термин жасаушы мамандардың бірлесе істеудің орнына өз бетінше әрекеттенуі басым. Міне , соның салдарынан термин процесінде жапы әдеби тіл тұрғысынан бірізділік, жүйелілік, сәйкестілік бұзылып жатады. Қоғамдағы терминологиялық сауатсыздық, талас-тартыс, дау-дамай міне, осыған байланысты.

Осы мәселеге қатысты біздің көптен бері айтып та, жазып та жүрген бір ұсынысымыз салалық терминологиялық сөздіктерді дайындап, шығару қарқынын бәсеңдетпей, сонымен қатарластыра сөздікшелердің баршасы бас қосып, барлық салаға ортақ, не қатысы бар, бірақ бірде-біреуін толық қайталамайтын, қоғамдық өмірде өте жиі қолданылатын, іріктелген терминдерді ғана қамтитын «Базистік терминологиялық сөздікті» шығару.

Салалық сөздіктер жасаушы мамандардың әрдайым есінде болатын тағы бір жағдай өз күйімізді ғана күйттеп, өзімізбен-өзіміз ғана болып, томаға-тұйық қалу әдеттен сақтану. Бұл талап, біріншіден, бәріміздің «илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы» екендігін ескерсе, екіншіден, қоғамдық өмірімізде зор өзгеріс, жіті даму, жаңа үрдіс бар екенін ұмытпауды ескертеді; үшіншіден, бүгінгі мемлекет ұстанып отырған бағыт-бағдар мен жүргізіліп отырған тіл саясатын кешегі идеологиямен салыстыруға болмайтынын аңғартады. Кеше ғана біз ана тіліміздің тағдырына «сближение нации с последующим их слиянием» деген коммунистік идеология ұраны тұрғысынан қарап келсек, егеменді еліміздің бүгінгі ұраны – «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» (Н.Назарбаев) екенін ұмытпау.

Міне, сондықтан да, біз кешегі ұранмен әдеби тіліміздің жон арқасы болып саналатын терминологиялық лексикамыздың 60-70 пайызын шет елдер тілінің элементіне айналдырып алып, өз тіліміздің ұлттық болмысына («национальная самобытность» мағынасында) нұқсан келтіріп алсақ, енді сол кемістікті бірден болмаса да, біртіндеп реттеуге тырысуымыз керек. Терминжасам процесі зиялы қауымнан жалқаулық, енжарлық, тоғышарлық емес, шын мәнісіндегі творчестволық (шығармашылық), саналы да сапалы еңбек етуді талап етеді. Ондай игі мақсатты жүзеге асырудың тетігі де, тәсілі де көп. Бірақ солардың ең бастысы – адам факторы және дәл қазір бұл мәселенің түйіні қазақ қауымының өз қолында. Кейін қарап, жалтақтай беру керек пе, амалын іздемей төмен қарап отырып қалу керек пе, жоқ әлде замана талабына сай барлық мәселені ілгері қарап шешу қажет пе, міне, бұлардың бәрі енді өзіңізге байланысты.

Егер біз ендігі өмірімізге алдағы асыл арман, зор үміт тұрғысынан қарай алсақ, онда ана тіліміздің түйінді мәселесі терминжасам шығармашылығында да, оның жайда үрдісі мен болашағына да жаңаша қарағанымыз жөн.

Осы орайда менің өз әріптестерім мен жалпы терминге қатысты қауымға ескертетінім сол бір асыл арман биігіне бірден емес, біртіндеп, тек ақыл- парасатпен ғана жетуге болатындығы. «Біртіндеп» деген сөздің мәнісін ең қарапайым мысалмен түсіндірсем, оған оқырман R, көрермен С, тыңдарман R, оралман, т.б. терминдердің бірден емес, әр кезде (1950-2000) дүниеге келуі, жасалу моделінің әрі көне, әрі жаңалығы үлгі бола алады. Басқаша айтсақ, олардың жасалуына «атарман», «шабарман» моделі негіз болса, дүниеге келу мерзімі шамамен 50 жыл («оралманның» туған жылы- 2000 ж.) аралығымен өлшенеді.

Терминжасам процесінде жаңаша көзқарасқа байланысты, мен туысқан жақын тілдердің өз басына жеке-жеке отау тігіп, өзімен-өзі болудан гөрі, бірінің озық тәжірибесінен бірі пайдаланып, бірлесе, кеңесе отырып, ортақтаса шешуді ұсынған болар едім. Күні кеше ғана терминология саясаты туысқан түркі халықтарынан халықаралық терминдерді көбірек қабылдау арқылы ортақ «интернационалдық қор» құруды талап етіп келгені белгілі. Бүгінгі үрдіс пен бағдар басқаша болса керек.

Қорыта айтқанда: Терминнің үш тұғырының үшеуі де мәнді. Алайда Адам факторының, ұлттық сананың орнын бұл үштіктің ішінде ерекше екенін білген жөн.

«Қазақ терминографиясының өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық семинар материалдары. – Астана, 2004. 16-28 б.