Терминнің қалыптасу кезіндегі тілдік менталитеттік көрініс (Қазақ, түрік, орыс тілдерінің негізінде)

Терминнің қалыптасу кезіндегі тілдік менталитеттік көрініс (Қазақ, түрік, орыс тілдерінің негізінде)

Ежелгі ойшыл Конфуций: «Егер мен бір елді басқару құқығына ие болсам, өз міндетімді ең алдымен оның тілін қайта қарап, жүйелеуден бастайтыным сөзсіз. Өйткені тіл жетілмеген болса, сөз ойды дұрыс жеткізе алмайды. Ойды дұрыс жеткізе алмасақ, міндеттер мен қызметтердің толыққанды орындалуы мүмкін емес. Міндеттер мен қызметтер дұрыс атқарылмайтын жерде әдет-ғұрып, тәртіп пен мәдениет бұзылады. Әдет-ғұрып, тәртіп пен мәдениет бұзылса, әділдік өз жолынан адасады. Әділдік адасса, абдырап қалған халық не істерін, жағдайдың қайда апарарын білмей дал болады. Сондықтан бір мемлекетте тілден әлдеқайда маңызды бола алатын ешнәрсе жоқ», - дейді [1; 6].

Конфуций жазған осы тәмсілден тіл, ой, әдет-ғұрып, тәртіп пен мәдениеттің арасында жүретін тамыры терең байланысты анық аңғаруға болады. Яғни тіл ойға, ой іс-әрекетке, іс-әрекет қоғамға, қоғам біздің ұлттық мәдениетімізге өз әсерін тигізеді.

Тіл – бір халықпен қатар жүретін ең негізгі фактор болса, тілдің қалыпты сөздерінен құрылымы мен мағынасы жағынан ерекшеленетін терминдер – тілдің мәдениет пен өркениет тілі ретінде дамуының негізгі көрсеткіші. Қазіргі дамыған индустриалдық қоғамның әсерінен терминдер тілдің ең негізгі күшіне айналып үлгерді.

Термин сөзінің шығу тегін Қазақ және орыс тілтанушылары латын тіліндегі «соңғы, шек, шекара» деген мағынаны білдіретін «terminus» сөзіне негіздейді. Ал түрік тілтанушысы Хамза Зүлфикар қазіргі түрік тілінде «terim» түрінде қолданылып жүрген сөздің шығу тегін латынның «соңғы, шек» деген мағынаны білдіретін «terminus» сөзімен үндес көне түркі тіліндегі  «құрастыру, теру, біртұтас қалыпқа келтіру» мағынасында қолданылатын теру/термек етістігіне -im жұрнағының жалғануы арқылы жасалған деп көрсетеді [2; 267].

Терминдер тұтас бір ұғымның атауын білдіреді. Яғни тұтас бір ұғымды теріп, жинап бір ғана сөзбен түсіндіру өнері. Сол себепті көне түркі тілінен бері қолданыста жүрген «теру/термек» сөзімен мәндес латын тілінен келген «термин» сөзін қазақ, түрік тілдерінің атау ретінде бірден қабылдауы – терминжасамдағы менталитеттік құбылыстың әсерін көрсетеді.

Әр тілдің терминдік атауларында сол ұлттың менталитеттік, дәстүрлі, мәдени құндылықтарының көрініс беретіні анық. Қазақ, түрік, орыс тілдерінде қолданылып жүрген төмендегі терминдердің менталитеттік әсері мен ол әсерден туындайтын саналық процесстер қоғамға да әсерін тигізбей қоймайды.

мемлекеттік билік

devlet yönetimi «мемлекеттік билік»

государственная власть «мемлекеттік билік»

 

мемлекеттік лауазым (лауазым. Ар. Levâzım – لوازم – «қажеттілік, қажеттілік туындататын нәрсе» [3])

kamu görevi «баршаға қызмет ететін міндеттілік/лауазым»

государственная должность «мемлекеттік міндеттілік (долг-міндет, борыш)»

 

мемлекеттік қызмет

kamu hizmeti «баршаға жасалатын қызмет»

государственная служба «мемлекеттік қызмет»

Келтірілген мысалдардан түрік тіліндегі «мемлекеттік» сөзінің екі жағдайда екі түрлі қолданылғанын бірден байқаймыз. Мемлекеттік билік - devlet yönetimi «мемлекеттік билік». Өйткені билеп отырған мемлекет. Ал мемлекеттік лауазым - kamu görevi «баршаға қызмет ететін міндеттілік/лауазым». Өйткені мемлекеттік лауазымдағы адам баршаға, тұтас бір ұлтқа қызмет етуге міндетті. Қазақ және орыс тілдерінде екі жағдай үшін де «мемлекеттік» сөзі қолданылған болса, түрік тілінде екі түрлі ұғым, екі түрлі сөз қолданылуы тілдік менталитеттік көрініске жатады. Осы тұстағы kamag – kama – kamu  өзгерісін айта кету керек. Камаг/қамағ сөзі көне түркі тілінде «қалың, көп, бұқара халық» сынды мағыналарда қолданылған төл сөзіміз. Тағы бір қызық жағдай бұл ұғымның қазақша нұсқасында қолданылған лауазым сөзінің шығу тегі араб тілі болуы. Бірақ араб тілінде бұл сөздің мағынасы «қажеттілік, қажеттілік туындататын нәрсе» дегенді білдіреді. Бұл сөздің араб және түрік тілдеріндегі қолданыстық мағынасы ұқсас:

<!-- [if !supportLists]-->1.     <!--[endif]-->Жұмыстың әртүрлі салаларында қажет заттар, құралдар мен жабдықтар;

<!-- [if !supportLists]-->2.     <!--[endif]-->Қажетті құралдар мен жабдықтарды қамтамасыз ететін кеңсе;

<!-- [if !supportLists]-->3.     <!--[endif]-->Әскерлердің тылдағы қызметіне қажетті заттар немесе осы заттарды беретін бөлім (Türk Dil Kurumu Sözlüğü) [4].

 

мемлекеттік сыртқы борыш (борыш. Соғ. pwrch «қарызға алынған немесе берілген нәрсе» [3])

kamu kesimi dış borçlanması «баршаға ортақ сыртқы борыш»

внешний государственный долг «сыртқы мемлекеттік борыш»

 

мемлекеттік ішкі борыш (борыш. Соғ. pwrch «қарызға алынған немесе берілген нәрсе» [3])

iç borçlanma «ішкі борыш»

внутренний государственный долг «ішкі мемлекеттік борыш»

Борыш сөзі соғды тіліндегі pwrch «қарызға алынған немесе берілген нәрсе» сөзінен алынған. «Кодекс Куманикус» (1303 ж.) еңбегінде debitum - Tr: borǵ ... debitor: borǵli нұсқасында қолданылған [5]. Сыртқы борыш терминінде түрік тілінде тағы да kamu «барша» сөзінің қолданылуы қарызды мемлекет емес, жалпы халықтың қалтасынан жиналған тұтас халықтың өз ақшасының есебінен төленетіндігінен болып отыр. Ал iç borçlanma ішкі борыш терминіне «мемлекеттік» мағынасын беретін devlet сөзін қосудың қажеттілігі туындамаған. Өйткені ол онсыз да сол мемлекеттің ішінде орын алады. 

 

бас директор (директор. лат. director «жолбасшы, жетекші»)

yönetim kurulu başkanı «басқарма кеңесінің басшысы»

генеральный директор «бас директор»

Түрік тілінде «басты, негізгі» мағынасын беретін ana сөзінің көптеген қолданысының бар екенін көреміз: ana konu басты тақырып, ana duruşma негізгі сот отырысы, ana atardamar басты күретамыр, ana yol негізгі жол/негіз жол”.

Бұл түркілік әлемде ананың ежелден алғашқы, басты орынға ие болғанын көрсетеді. Ал енді жоғарыда көрсетілген бас директор терминінің түрік тіліндегі баламасы болып табылатын yönetim kurulu başkanı  термині «ана» сөзінің негізінде жасалмауы, әрі оның мекеменің қызметкерлерін емес, «басқарма кеңесін» басқарушы ретінде көрсетілуі түрік менталитетіндегі қарапайымдылық пен минималистік қасиеттерді айқындамақ.

бас, басты

ana «ана, басты»

главный «басты»

 

басты сот талқылауы

ana duruşma «басты сот тұрысуы (қарсы тараптардың өзін қорғау үшін тұрысуы»

главное судебное разбирательство «басты сот талқылауы»

«Басты сот талқылауы» терминінің қазақша бекітілген нұсқасы орыс тіліндегі нұсқаның дәлме-дәл аудармасы екенін көруге болады. Ал түрік тіліндегі нұсқасында ana duruşma терминінде көне түркі тілінен бері келе жатқан «тұр-» етістігінің қолданылу негізі қазақ тілінің тілдік лексиконында да кездеседі. Оған дәлел ретінде Қазыбек бидің жоңғар ханы Цебан Рабданға айтқан мына сөзін келтіруге болады:

Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт! [6]

дауыс беру

oy verme «ой беру»

голосование, голосовать «дауыс беру»

 

дауысқа салу

oylama «ойлау/ой беру»

голосование «дауыс беру»

Дауыс – үн. Дауыс беру рәсімі сөйлеу, үн қосу арқылы өте ме? Әлде қол көтеріп дауыс береміз бе? Осы сұрақты ойлана келе түрік тіліндегі нұсқасына тоқтала кеткеніміз жөн. Оy verme «ой беру» термині түрік ұлтында дауыс беруші өзінің ойындағы адамды айтуы, көрсетуіне негізделгені байқалады. Яғни қазақ, орыс ұлттары дауысын берсе, түрік ұлты ойын береді, ой қосады деген қорытындыға келе аламыз.

 

мемлекетке жасалған опасыздық

vatana ihanet/vatana yapılan ihanet «мемлекетке қиянат, мемлекетке жасалған қиянат»

государственная измена «мемлекеттік опасыздық»

«Мемлекетке жасалған опасыздық» термині түрік тілінде «мемлекетке қиянат», орыс тілінде «мемлекеттік опасыздық» түрінде қолданылады.

Қазақша нұсқасындағы опасыздық терминінің түбірі этимологиялық тұрғыдан араб тіліндегі вфи түбірінен шыққан вафāˀ وفاء «сөзінде тұру, қарызға адал болу, міндетін өтеу» деген сөзден алынған [3]. Ал түрікше нұсқадағы қиянат термині араб тіліндегі ihāna(t) إهانة «қорлау, менсінбеу, төмендету, сату» сөзінен алынған [3].

Былай қарағанда, екі тілде қолданылған түбір терминдер бір-біріне қарама-қайшы мағынада. Бірақ қазақ тіліндегі нұсқада осы қарама-қайшы антонимдік қатарды синонимге айналдыру үшін опа түбіріне -сыз зат есімнен сын есім жасаушы жұрнақты жалғаймыз. Осылайша түпкі терминдік мағына бірден «сөзінде тұрмау, қарызға адал болмау, міндетін өтемеу» болып өзгеріп шыға келеді. Мұндай жағдайда, менталитеттік санада қазақ ұлты мемлекетке белгілі бір сөз берген және сол сөзде тұрмаушылық факторын қарастырады немесе бұл ұлттың мемлекетке деген белгілі бір қарызы бар және сол қарызды ұмытып, өтемей кету факторын қарастырады, яки мемлекет алдында бұл ұлттың белгілі бір міндеттері бар және сол міндеттерді орындамау факторын осы термин қарастырады. Ал түрік ұлтында «мемлекетке» емес, «отанға» деген белгілі бір құрмет бар және сол құрметті өзімсінбей отанды қорлау, менсінбеу, төмендету, сату факторлары қарастырылады. Терминнің «мемлекет» мағынасын беретін devlet сөзімен емес, «отан» мағынасындағы vatan сөзімен қолданылуы бұл қиянаттың салмағын да ауырлата түспек. Өйткені «отан» ұғымының тұтас түркі халықтарындағы қолданысы тым терең мағынаға ие екенін мақал-мәтел, даналық сөздерден көре аламыз:

Ana gibi yar, vatan gibi diyar olmaz надан асқан махаббат жоқ, отаннан асқан жер жоқ) [7;71].

Bülbülü altın kafese koymuşlar, ille de vatanım demiş (бұлбұлды алтын торға кіргізсе де, отаным деп сайраған екен) [8; 99].

Отансыз да бір, опасыз да бір [9; 54].

Отансыз ұл — ормансыз бұлбұл [9; 54].

Ал орыс тіліндегі государственная измена терминінің сөзбе сөз мағынасы «мемлекеттік опасыздық». Бұл тұста тұтас мемлекет опасыздық жасай ма, мемлекетке тиесілі опасыздық па деген сұрақтар туындап жатады. Мұны көрсету үшін терминнің сөйлем ішіндегі қолданысын алып қарайтын болсақ:

Он совершил государственную измену (Ол мемлекеттік опасыздық жасады).

Это – государственная измена (Бұл – мемлекеттік опасыздық).

Бірінші жағдайда мемлекеттік опасыздықты жасаған адам (ОН) белгілі. Ал екінші жағдайда опасыздықты біреу жасады ма, әлде тұтас мемлекет жасап отыр ма, бұл жағы түсініксіз қалып кетпек. Яки бұл терминдік қолданысты «мемлекеттегі бір адам опасыздық жасаса, тұтас мемлекет опасыздық жасаған болып есептеледі, яғни бір мемлекеттен сондай адамның шығуына тұтас мемлекет кінәлі болады» деген сынды менталитеттік санамен түсіндіруге де болатын секілді.

        

мемлекеттік баж

devlet vergisi «мемлекеттік салық»

государственная пошлина «мемлекеттік салық»

 

мемлекеттік меншік

kamu malı «баршаға ортақ мал/мүлік»

государственная собственность «мемлекеттік меншік»

Қазақ тіліндегі мемлекеттік баж терминіндегі баж сөзі парсы тіліндегі bāc باج – «салық, кедендік салық» сөзінен алынған [3]. Ал түрік тіліндегі нұсқада қолданылған vergi  сөзі көне түркі тіліндегі birgü «берілген нәрсе, қарыз, төлем» мағынасындағы сөзден шыққан. Бұл сөз көне түркі тілінде bir- “беру” етістігінен +gü жұрнағы арқылы жасалған. Қазіргі түрік тілінде фонетикалық өзгерістерге ұшыраған: birgü – birgi – bergi - vergi. Ал енді «мемлекеттік баж» және «мемлекеттік меншік» терминдерінің түрік тіліндегі нұсқасын қарағанымызда, тағы да менталитеттік сананың көрінісіне тап боламыз. Салық – мемлекеттікі. Өйткені ол салықты бекітіп, игеруші – мемлекеттік органдар. Ал меншік термині тағы да kamu «барша, баршаға ортақ» сөзімен қатар қолданылып тұр. Өйткені мемлекеттік меншік – баршаға ортақ, тұтас халыққа тиесілі меншік. Енді kamu malı «баршаға ортақ мал/мүлік» терминінің екінші сөзі mal жайлы айтар болсақ, тағы да түркілік санаға келіп тірелеміз. Көшпенді түркі халықтарының бар мүлкі, бар меншігі төрт түлік малы болғандықтан, түрік тілінде мал сөзі өзінің бастапқы мағынасын кеңейтіп, мүлік, меншік деген мағынаға ие болған. Ал қазақ тілінде тек әдеби немесе ауызекі тілде мал-мүлік қосарламасы кездеседі.

 

азаматтық құқықтар

medeni haklar «мәдени һақтар/құқықтар»

гражданские права «азаматтық құқықтар»

Азаматтық құқықтар термині түрік тілінде medeni haklar «мәдени һақтар/құқықтар» түрінде қолданылады. Осы жердегі мәдени сөзі араб тіліндегі madanī مدني «қалалық адам, қалаға қатысты, Мәдина қаласынан» дегеннен шыққан [3]. «Мәдениеттің бесігі – қала» деген ұғым да осы түсініктен шыққан болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, түріктердің танымындағы азаматтық құқық – мәдениеттің, мәдени қоғамның шекарасынан шығып кетпейтін құқық деген танымға ие екенін көре аламыз.

Ал азаматтық құқықтар терминінің қазақша нұсқасындағы «азаматтық» сөзінің түбірі араб тіліндегі ˁaẓama(t) عَظَمَة «өте үлкен болу, зор болу, асқақ болу» сөзінен алынған [3]. Кейін қазақ тіліндегі «еркек» сөзінің орнын алып, қатар қолданыла бастады. Османлы түрікшесінде де тура осы мағынада қолданылған бұл сөз Түркия Республикасы кезінде қолданыстан шығып қалады. Бұған бір дәлел ретінде Османлының соңғы әрі ең үлкен сөздіктерінің бірі «Камус-и Түрки» сөздігінде кездесетіндігін айта аламыз [10]. Бастапқыда қазақ тілінде еркек мағынасында ғана қолданылған бұл сөз кейіннен тілдің саналық, менталитеттік құрылымына әбден сіңісіп, отандас мағынасында да қолданылатын болды. Азаматтық құқықтар терминінің заңнамалық құжаттарда көптеп кездесуі мұның бір дәлелі болмақ. 

Орыс тіліндегі нұсқада гражданские сөзі гражданин-горожанин (город-қала) сөзінен келеді [11; 451]. Яғни араб тілінен қазақ тіліне енген азамат сөзі мен орыс тіліндегі граждан сөзінің екі тілдегі ену, қолданылу жолы ұқсас. Гражданин сөзі де өз кезегінде орыс тіліне грек тіліндегі πολίτης «қауымның саяси, заңдық және басқа да құқықтарға толық ие болған мүшесі» сөзінен калькалау әдісі арқылы енген [11; 451].

азаматтық неке

resmi olmayan evlilik/dinî evlilik «ресми емес неке/діни неке»

гражданский брак «азаматтық неке»

Азаматтық неке терминінің түрік тілінде dinî evlilik «діни неке» түрінде қолданылуы бұл халықтың менталитеттік санада дінге деген беріктігін көрсетеді. Түрік танымында неке заңды болуы да, болмауы да мүмкін. Бірақ діни неке міндетті түрде қиылуы керек.

 

шетелдік

yabancı «бөтен/шетелдік»

иностранный «басқа елдікі/шетелдік»

Тілдің ой мен дәстүрлі санаға әсер ету функциясына қалтқысыз сенетін түріктер шетелдік сөзінің балама атауын қалыптастыруда мұны барынша ескергендігі көрінеді. Yabancı сөзі парсы тіліндегі yābānī «шөлде жататын, мәдениетсіз, жабайы» сөзіне түрікше + (+шы) жұрнағы жалғану арқылы жасалған [3]. Қазіргі түрік тілінде «бөтен» деген мағынада қолданылып келеді:

Evde yabancı biri var (үйде бөтен біреу бар).

Yabancı uyruklu (бөтен/шетелдік азамат).

Яғни түрік тілінде шетелдік адамды өз ұлтына жатпайтын, бөтен адам ретінде қабылданып, аталып жүр. Бұл терминжасам барысында ұлтшылдық пен дәстүршілдікті санаға сіңіру үшін қызмет ететін әдістің бірі дей аламыз.

Қорыта айтқанда, белгілі бір ұғымның жиынтық атауы болып табылатын терминдер әр ұлттың сөз байлығын ғана емес, саналық, менталитеттік құндылықтарын да өзімен бірге алып жүреді. Мемлекеттік билік, мемлекеттік меншік, шетелдік терминдері сынды мақалада мысал ретінде берілген тағы басқа терминдер бұл пікірді қуаттай түседі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

<!-- [if !supportLists]-->1. Uygur N. Dilin gücü. – İstanbul: Yapı Kredi Yay., 2001.

<!-- [if !supportLists]-->2. Pilav S. Terim sorunu ve eğitim öğretimde terimlerin yeri ve önemi. Kastamonu Eğitim Dergisi, Mart 2008, Cilt:16 No:1, 267-276 бет

<!-- [if !supportLists]-->3. Nişanyan S. Sözlerin soyağacı çağdaş türkçenin kökenbilim sözlüğü. – İstanbul: LiberUS2020.

<!-- [if !supportLists]-->4. Türk Dil Kurumu Sözlükleri https://sozluk.gov.tr/

<!-- [if !supportLists]-->5. Argunşah M., Güner G. Codex Cumanicus. – İstanbul: Kesit Yay., 2015.

<!-- [if !supportLists]-->6. Сулейменов П. Әл - Фараби және қазақ даласының ойшылдары (оқу құралы). – Алматы: Университет, 2022

<!-- [if !supportLists]-->7. Akçay İ. Bir çınar yaprağı. – İstanbul: Payidar Yay., 2018.

<!-- [if !supportLists]-->8. Mindivanlı E., Küçük B., Aktaş E. Sosyal bilgiler dersinde değerlerin aktarımında atasözleri ve deyimlerin kullanımı. Journal of Research in Education and Teaching, Ağustos 2012 Cilt 1 Sayı 3.

<!-- [if !supportLists]-->9. Бабалар сөзі: Жүзтомдық.—Астана: «Фолиант», 2010. Т. 65: Қазақ мақал-мәтелдері.

<!-- [if !supportLists]-->10. Şemseddin S. Kâmûs-ı Türkî. – Konya: Paift Yay., 2020.

<!-- [if !supportLists]-->11. Фасмер М. Этимологический словарь русского языка. – Москва: Прогресс, 1986. (Перевод с немецкого О. Н Трубачева)

12. termincom.kz