ХХ ғасырдың 60-80-жылдары қазақ тіліндегі сала терминдерінің зерттелуі мүлде тоқтап қалған жоқ. Бұл зерттеулер өздерінің әдістанымдық негіздерін бұрынғы кеңестік лингвистикалық танымнан алғандығы дау тудырмайды.
Сол кезеңге тән басты идеялар мен әдіснама 1959 жылы Мәскеу қаласында өткен бүкілодақтық Терминологиялық мәжілістен бастау алғандығы шындық.
Бұл терминологиялық мәжілістің Қазақстан ғылымының тарихы үшін де маңызды болғандығын кезінде зерттеушілерміз жазған. Мәжіліске Қазақстаннан қатысқан беделді делегацияның құрамында 30-жылдардан бері термин мәселесімен үзбей шұылданған, терминологиялық сөздіктің авторлары болған Қ.Әбішев, Т.Мұсақұлов, сол кездегі аударма тәжірбиесіне, қоғамдық ғылымдардың терминологиясын жасауға еңбек сіңірген М.Жанғалин, Х.Рахимов, Қ.Жабасов, ҚазССР Ғылым академиясының қызметкерлері, ғалымдар М.Балақаев, А.Әбдірахманов, Ж.Болатов, Ә.Қайдаров, Қ.Садуақасов, Е.Рамазанов болды.
Мұнда қазақ терминологиясының мәселелері тұңғыш рет бүкілодақтық деңгейде сөз етілді. Аталған делегация құрамы бұл алқалы мәжіліске жай ғана қатысып қоймай, белсене араласты. Терминологиялық сөздіктер түзу қағидаларына арналған А.Әбдірахмановтың арнайы баяндамасы, тілші ғалымдар М.Балақаев пен Ә.Қайдаровтың, биолог ғалым Т.Мұсақұловтың, аудармашы Х.Рахимовтың жарыссөздері тыңдалды. Қазіргі зерттеушілер бұларды қазақ терминологиясының даму белестерін танытатын құжат ретінде бағалайды [6, 191-б.].
Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының құрамында Терминология және аударма теориясы бөлімі құрылды және бұл өз кезегінде терминологиялық жұмыстарға академиялық сипат берді, жұмыс бағыты түбегейлі жаңа арнаға түскендігі шындық. Картотекалық қор жасалды, кейініректе терминологиялық сөздіктер жасау ісіне электронды есептеу машинасын пайдалану көзделді. Терминологиялық зерттеу жұмыстарының бағыт-бағдары да өзгере бастады.
Аталған мерзімде терминология бойынша да орталықтандырылған саясаттың шарпуына қарамастан, ілгеріде де ескертілгендей, бастамашылдығымен танылған оқымысты тұлғаларымыз болды. Ә.Сатыбалдиев, Е.Аққошқаров, И.Нұғыманов, А.Әбдірахманов, С.Аманжолов т.б. мақалалары – соның дәлелі.
Аталмыш ғалымдар терминдерді қалыптастыру барысында өзіндік ойларымен, ең бастысы, ана тіліне деген парасатты түсінігімен ерекшеленді. Олардың пікірлері баз бір тұстарда өз кезеңінің қатаң қағидасына қайшы да келіп жатты. Айталық, И.Нұғыманов «Пәнаралық терминдер жайлы бірер сөз» атты мақаласында терминдерді халықаралық сипатына байланысты мынадай ой айтқан: «Интернационалдық терминдерді бір ыңғай қабылдап алып, сөздік қорымызды молайту жайлы мәселелені түйіндей келіп, Е.Аққошқаровтың (Білім және еңбек, 1971 жыл, №10) «интернационалдық термин ұғымын абсолюттік емес, салыстырмалы ұғым деп қарау қажет» деген пікіріне қосыламыз. Бұдан кейбір баламасы табылатын ғылыми терминдерді батыл аударуымыз керек деген қорытынды шығады» [9, 207-б.]. Кеңестік идеологияның қылышы жерге түспей тұрған қысылтаяң кезеңде мұндай ой айту өз ана тілін шын сүйген адамның ғана қолынан келері хақ.
60-80-жылдардағы қазақ терминологиясының бет-бейнесін аңғару үшін белгілі аудармашы Ә.Сатыбалдиевтің «Терминология принциптері туралы» атты көлемді мақаласын ерекше атап өту керек [10, 160-178 б.]. Бұл мақаланың негізгі идеясы – ана тілінің ішкі мүмкіншілігін термин жасау және қалыптастыру барысында сарқа пайдалану.
Автордың өз сөзімен айтсақ: «Ана тілінің әрбір сөзін де, әрбір жұрнағын да халықтың аяулы асылына балап, сол бір қазынаны қамқорлықпен мәпелеп сақтауға, әр сөздің ішкі сырын ашып, мағынасын жетілдіре беруге атсалысу ана тілінде сөйлейтін әрбір кісінің азаматтық борышы» (160-б.). Демек, ұлттық сөздік қорды термин шығармашылдығында барынша дұрыс пайдалану – аудармашының да, маманның да, тілші ғалымдардың да тікелей міндеті. Осы пікірге сәйкес Ә.Сатыбалдиев қазақша жаңа ұғымдар тудырудан қорықпауға шақырады: «...термин дегеніміз халықтың жалпы әдеби тілінен оқшау тұрған бірдеңе емес, сол тілдің өзі, өзімен біте қайнасып жатқан қаны мен тәніндей бөлінбес бөлшегі. Олай болса, бізде осы уақытқа дейін «термин» десе, оған халықтың жалпы тілінен оқшау тұрған бірдеңе деп қарау, сол себепті оны қолдануда немесе жаңа атаулар жасауда әдеби тілдің ежелгі дәстүрінен, ішкі заңдылығынан шығып кетсе де болады деген сияқты бір теріс ұғымдардың болып келгенін де айта кетуіміз керек.
Ә.Сатыбалдиев былай деп жазады: «Термин деп аталған сөздерімізге балама іздегенде, ең алдымен, өз тіліміздің қазынасын сарқа пайдалануымыз керек. Өйткені сол айтылған ғылыми ұғымдардың көбі біздің тілімізде ескі заманнан бар. Ғылыми ой, ғылыми ұғым дегендер қазақта тек бүгін ғана туды деп ешкім айта алмайды. Олар тілдік негізінде әуел бастан бірге жаралып, бірге дамып отырған. Сол себепті біз ғылыми ұғымдарын, атауларын саралағанда, өзімізде ежелден бар және күн сайын туындап, толысып жатқан ғылыми атауларды өз орындарына қоя білуді, сондай-ақ орыс сөздерімен салыстыра отырып, кейбір сөздердің ұғымдық шектерін ажыратуды, сонан соң өз тіліміздің заңды жүйелерін пайдалану арқылы оның қазіргі бар мүмкіншіліктерін де болашақ потенциалдық мүмкіншіліктерін де аша білуді бірінші мақсат етіп қоюға міндеттіміз».
Автор термин қалыптастыруда ежелгі сөздік қорды, кәсіби сөздерді, жергілікті тіл ерекшеліктерін, тілдің қойнауында жатқан, ұмыт болып жатқан ескі сөздерді жаңартудан, пайдаланудан қашпауды ұсынады. Оны мына жолдардан көреміз.
«Ғылыми терминдердің негізін бұрынғы ауыз әдебиетінен бастап іздеу керек. Халықтың ежелгі салт-санасы, әдет-ғұрып, қарым-қатынастарында да солардың негіздері жатыр».
«Халық тілін термин сөздермен байытудың тағы бір арнасы – сол халықтың өз диалектілері екені мәлім». Көптеген мысалдары бүгінгі күні тілімізде терминдік лексикадан тиянақты орын тепкен сөздер. Айталық, егіншілік, мақта шаруашылығы дамыған кәсіптік мәндегі көптеген сөздер алынды, суландыру жүйесінде бас арық, оман арық, оқ арық, құлақ арық, дақыл мен егіс, пәлек пен жапырақ т.т. осы тәріздес сөздердің мағыналық жағынан сараланып қолданылуы, мақта шаруашылығындағы қозапая, шиіт, көсек, шанақ, жүгері дақылдарына орай жүгері сотасы, собығы, шашағы мен шашының сараланып пайдаланылуы осындай қағидалар негізінде қабылданған сөздер.
Ана тілін жетік меңгерген Ә.Сатыбалдиевтың термин қалыптастыру барысындағы қадау-қадау ойлары бүгінгі күн үшін өзекті болып табылады, атап айтқанда:
Бұл тұжырымды көзқарастар қазіргі терминологиялық ізденістер үшін
де өз құндылығын жойған жоқ әрі тіліміздегі термин қалыптастыру ісін жандандыратын, оның көкжиегін кеңейтуге атсалысатын маңызды пікірлер болмақ.
Міне, осы тәріздес ғылыми жағынан шынайы айтылған көзқарастар сол кездегі салалық терминдердің зерттелу барысын (әрине, зерттелу қарқыны қазіргідей болмаса да) дұрыс арнаға бұруға өз септігін тигізді.
Қазіргі түсінік бойынша салалық терминология дегеніміз – ғылым мен техникада, өндіріс пен шаруашылықта және т.б. түрлі салаларда қолданылатын терминдер мен ұғымдар, солардың жиынтығы.
Қазіргі мерзімде салалық терминдер жайындағы көзқарастар ғылымилығы жағынан болсын, зерттелу әдіснамасы жағынан болсын жаңара түскені мәлім.
Терминнің өз ішінде әлденеше қабаттан тұратындығы (жалпығылыми, ғылымаралық және жеке ғылымға тән терминдер) күрделі тілдік категория екендігі ескерілу керек. Осы тұрғыдан келгенде, проф. Ә.Жүнісбектің мына бір ұсынысы назар аудартады. Ғалым: «Біздің ойымызша, ұғым-атаулардың деңгейін алдымен сатылап алған жөн», – дей отырып, оларды үш топқа бөліп қарастыруды ұсынады:
Осылай терминдердің құрамы мен жүйесін таза ғылыми, орта ғылыми және көпшілік ғылыми деп жіктейді де, “Мұның өзі терминжасам ісін біршама ретке түсіріп, оның желі бойындағы кезегінің басын ашып алуға мүмкіндік берері сөзсіз” [12, 31-б.] – деп түйеді.
Алайда осы жіктеудің өзі айналып келгенде, терминологиялық лексика деп аталатын әдеби тілдің үлкен бір саласын құрайды. Қазіргі зерттеушілер осымен байланысты салалық терминология терминін көп қолданып жүр.
Қазақ тілінде сала терминдерін қалыптастырудың алғашқы тәжірибелері Қазан төңкерісіне дейін де болған. Бұл пікірді барлық зерттеушілер растайды. Алғашқы қазақ газеттерінің тілін зерттеуші Б.Әбілқасымов: “Газет бетінде әр түрлі ғылыми, публицистикалық материалдардың көп басылуымен байланысты ғылымның белгілі тарауларына қатысты терминдік мағынадағы орыс сөздерінің ұғымын халыққа жеткізу қажеттігі туа бастады. Газеттегі ғылыми мақалалар көбінесе Орта Азияға шыққан ғылыми экспедициялардың есебі не солар туралы информациялық хабарлар болып келеді. Бұлардан басқа тарих, этнография, әдебиет, тіл ғылымдарына қатысты мақалалар да басылып тұрған. Бұл жағдайда газет редакциясы көбіне оны қазақ ұғымында бұрыннан бар сөздер арқылы түсіндірме жолымен аударып беруге тырысқан, кей кездерде сол терминдік мағынадағы орыс сөздерінің өзін қалдырып та отырған” [13, 92-93 б.]. Газет тіліндегі термин жасаудың осындай тәжірибелерін айта келе, ғалым қазақ тіліндегі “ғылыми түсініктердің жарық көре бастаған дәуірі де сол кезеңдерден басталады” деген қорытындыға келеді. Осындай мазмұндағы пікірді кезінде Ғ. Мұсабаев та кезінде айтқан: “Ғылыми терминологияның элементтері Октябрь революциясына дейін болғаны да сөзсіз... Орыс мәдениетінің белгілі ұғымдарын қазақ тіліне қазақтың ХІХ ғасырдағы ағартушылары біраз енгізген болатын” [14, 137-б.]. Қазақ тілінде терминологиялық сөздіктер құрастыру ісінде, термин қалыптастыру тәжірибесінде өзіндік ой-пікір қалдырған зерттеуші А. Әбдрахманов салалық терминдерді зерттеуде мынадай ой айтады: “Қазақ терминологиясының жасалуын, дамуын және қалыптасуын зерттеуді, біздіңше, Октябрь революциясынан бұрынғы кезеңнен бастау керек. Бұл кезеңде мал шаруашылығы, халық медицинасы, жер бедері, өсімдіктер дүниесі т.б. салалардан жасалған халықтық кәсіби сөздер, атаулар болды, бұлар революциядан кейінгі дәуірде ғылыми терминологияға үлкен бір сала болып енгенін айқындау қажет” [15, 71-б.].
Ө. Айтбаев қазақ баспасөзінің термин жасаудағы қызметін ерекше атап көрсетеді. Ғалым былай деп жазады: “Баспасөз материалдарына қарап отырсаңыз термин түзудің әр алуан амалдарын байқайсыз. Бірде ана тілінің өз мүмкіндігі іске жаратылып жатса, екінші бір тұста өзге тіл үлгілері сол қалпы, не аздаған өзгеріспен қабылданады (залог, каталажка, дознание, доверенность, приговор, квитанция т.б.), ал үшінші бір тұста көптеген терминдер қазақ тілінен баламасын тауып аударылып отырады, немесе аударма қатарында түпнұсқа да бірге жүреді (Мәселен, заң сөзінің орнына низам, мен закон сөзі қатар қолданылған)” [16, 153-б.].
Қазақ терминологиясын кезең-кезеңге бөліп баяндаудағы соны көзқарасты Ш. Құрманбайұлының еңбегінен табамыз. Зерттеуші қазақ тілі лексикасының терминденуін төрт кезеңге бөліп қарастырады: 1) ХІХ ғасырдың екінші жартысынан ХХ ғасырдың 10-жылдарына дейінгі – І кезең; 2) 1910 жылдан 1930 жылға дейінгі – ІІ кезең; 3) 1930 жылдар мен 1990 жылдарға дейінгі аралықты қамтитын – ІІІ кезең; 4) 1990 жылдан бергі – ІV кезең [17, 118-б.]. Автор аталған кезеңдердің әрқайсысының ерекшеліктеріне тоқталады.
Бұл айтылғандардан қазіргі қазақ терминологиясының, яғни сала терминдерінің бірден қалыптасып кете қоймағанын, оның даму, қалыптасу барысының түрлі жолдардан өткенін көреміз.
Терминдік жүйенің дамуы ғылым мен білімнің, техниканың өрлеуіне байланысты. Оның қалыптасуында жеке тұлғалардың да атқаратын қызметі зор. Қазақ терминологиясында А.Байтұрсынұлының есімі айрықша аталады. Көптеген ғалымдарымыз А.Байтұрсынұлының термин жасау ісіне егжей-тегжейлі тоқталады. Сонымен бірге, мамандар тарапынан болсын, тілші ғалымдар тарапынан болсын белгілі бір сала терминдерінің зерттелуіне көп көңіл бөлінеді. Олар жеке-жеке сала бойынша да [18], төркіндес ғылымдар бойынша топтастырылып та [19] жан-жақты зерттеудің нысаны бола түсуде. Осы уақытқа дейін жарияланып жатқан сөздіктер қаншама. Солардың барлығы қазақ тіліндегі терминологиялық жұмыстардың қауырт жандануына негіз болып отыр.
Жиырмасыншы ғасырдың 60-80-жылдарынғы терминологиялық зерттеулерде сала терминдерінің жасалуы, дамуы мен тұрақтануы бірқыдыру сөз болды.
Зерттеушілер белгілі бір сала терминдерінің қалыптасуын кезеңдестіру жағына зерттеушілер көп мән береді.
Айталық, С. Елубаев қазақ тіліндегі математика терминдерінің қалыптасуын үш кезеңге бөліп қарастырады: 1) 1920-1933 жылдар; 2) 1934-1949 жылдар; 3) 1950 жылдан қазірге дейін [20, 9-б.]. Сол сияқты И. Нұғыманов та қазақ тіліндегі химиялық терминдердің қалыптасуын шартты түрде үшке бөледі: 1) 1920-1933 жылдарды қамтитын алғашқы кезең; 2) 1934-1949 жылдар аралығындағы кезең; 3) 1950-1964 жылдар аралығындағы кезең. Зерттеуші әр кезеңге тән ерекшелікті төмендегідей сипаттайды.
Бірінші кезең қазақ мектебін ана тіліндегі оқулықтармен қамтамасыз ету міндетін жүзеге асырумен байланысты сипатталады. Бұл кезеңде қазақша химия оқулықтарын жазумен қоса, орыс тіліндегі химия оқу құралдарын қазақшаға аудару ісі белең алды. Терминдер жасалуының мынадай тәсілдері байқалды:
Бұл кезеңде қазақтың химиялық номенклатурасының негізі қаланды. Олардың көпшілігі осы кезеңге дейін пайдаланылады. Алайда бұл кезде химиялық терминдер саны жағынан аз, мектеп көлеміндегі материалдарды ғана қамтыды.
Екінші кезеңде, яғни 1933-1949 жылдарда қазақ тіліндегі химиялық терминдердің молаюы және әрі қарай жетілуі жүзеге асты, оларға әсер еткен жағдайлар мыналар болды:
1) Әдеби тілдегі ғылыми терминологияның орнын, маңызын, жасалу
принциптерін және даму перспективаларын анықтау мақсатымен республика көлемінде бірсыпыра шаралар іске асты. Мемлекеттік терминология комиссиясы құрылды. 1935 жылы мәдени құрылыс қайраткерлерінің бірінші съезінде қазақ тілі және оның терминологиясы жөнінде арнайы мәселе қаралды. Съезд қарсаңында Мемлекеттік терминология комиссиясының төрт бюллетені жарық көрді. Бұларда және бұдан кейін жарияланған тіл мамандарының мақалаларында термин сөздердің ерекшелігі, оларды жасаудың және орыс тілінен аударудың принциптері талданды.
2) Терминологияның теориялық мәселелерімен бірге іс жүзінде қажет
екі тілді сөздіктер құрастыру қолға алынды.
3) Химия терминдерін жасау – химия мамандарының ісі. Сөз болып
отырған кезеңде химиядан ғылыми дәрежесі және жоғары білімі бар мамандар шықты.
4) Қазақ тілінде химияның тұрақты оқу құралдары жазылды.
Үшінші кезеңде, яғни 1950-1964 жылдарда химиялық терминдер саны
молайып, жоғары мектеп көлемін және химия ғылымын толық қамтитын дәрежеге жетті [21, 6-9 б.].
Қазақ тіліндегі медициналық терминдерді қарастырған К.Г. Аяпбергенова олардың қалыптасуын төңкеріске дейін және төңкерістен кейін деп үлкен екі салаға бөле отырып, оны үш кезең арқылы көрсетеді. Төңкеріске дейінгі медициналық терминдердің дамуына халықтық медициналық атаулар, сондай-ақ сол мерзімдегі баспасөз беттерінде (“Түркістан уәлаятының газеті”, “Дала уәлаятының газеті”, “Айқап”, “Қазақ” т.т.) жарияланған материалдар қызмет етті. Әсіресе бұрыннан келе жатқан халықтық медицина атаулары (Мысалы: безгек, шаншу, тұмау, бас ауру, жөтел, көк жөтел, шешек, қызылша, безеу, теріскен, талақ, ақыл тіс, шел, қышыма т.б.) медициналық терминологияның шығуының қайнар көзі болды.
Төңкерістен кейінгі кезеңді аталған зерттеуші іштей екіге жіктейді: 1) 1926-1950 жылдар; 2) 1950 жылдан қазірге дейін [22].
Сала терминдерінің қалыптасуын кезеңдестіру қоғамдық ғылымдарға да тән.
Сөйтіп, сала терминдерінің қалыптасуын кезеңдестіру 60-80-жылдардағы, сондай-ақ кейінгі көп зерттеушілерге де тән болды. Бұлай болуы бір жағынан, заңды да. Өйткені термин сөздердің тілде тұрақты қалыптасуы сол саланың дамуы мен таралуына, қанат жаюына тәуелді, сонымен тығыз байланысты.
60-80-жылдардағы терминологиялық зерттеулер А. Тәжімұратовтің [23], Р.А. Өрекенованың [24], М.Р. Насырованың [25], Ж.М. Молдажаровтың [26], Ш.Б. Бәйтікованың [27] т.б. ғалымдардың еңбектерімен толыққаны мәлім.
Қазақ терминологиясында сол мерзімдегі ең үлкен ғылыми жаңалық болып табылған еңбек академик Ө. Айтбаевтың «Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы» атты (1988) монографиясы. Бұл еңбек кезінде зерттеушілеріміз тарапынан жоғары бағасын алды. Тәуелсіздіктен сәл бұрынырақ жарық көрген бұл кітап қазіргі зерттеушілеріміз әлі күнге пайдаланып келе жатқан құнды зерттеу болып табылады. Қазақ терминологиясының жасалу көздері, терминология мен аударманың байланысы, термин жасаудың негізгі деген амал-тәсілдері, терминнің практикалық мәселелері (Терминком жұмысы т.т.) басқа да көптеген мәселелер аталған монографияда тиянақты қарастырылады. Біз осы орайда осы еңбекке тұрақты түрде сілтеме жасап отыратынымызды ескере отырып, оған жан-жақты тоқталмаймыз.
Сөйтіп, 60-80-жылдарда салалық терминдердің зерттелуіндегі, сондай-ақ терминнің басқа да мәселелерін көтерудегі академиялық сипат осындай еңбектерден бастау алады. Бұл мерзім Тәуелсіздіктен кейінгі термин мәселелерінің қауырт зерттелуіне іштей дайындық мерзімі болды десе болады.