Мұнай-газ саласы терминдерінің өзіндік табиғаты және оларды біріздендіру мәселесі

Мұнай-газ саласы терминдерінің өзіндік табиғаты және оларды біріздендіру мәселесі

Қазақ мұнай-газ терминологиясы өзге де маңызды халық шаруашылығы нысандары іспетті жалпы тілдегі терминология мәселесінен ешуақыт тыс қалып көрмеген. ХХ ғасыр басында тілімізде арнаулы сала тілі алғаш елеп-екшеліп, зерттеу нысаны бола бастаған сәттен, сол ғасырдың 30 жылдарынан бастап мұнай-газ саласына қатысты алғашқы қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу құралдар жарық көре бастады. Бұл еңбектерде саланың ерекшелігін көрсететін алғашқы терминалды сөздер мен терминүміткер сөздер орын алды. Әрине, олардың көпшілігі арнаулы сала тіліне қойылатын талаптарға сай болмаса да бастама жалғасын тауып, сала тілінің белгілі бір деңгейде жетіле түсіп қалыптасуына негіз бола алды. Мұнай-газ терминдерінің бүгінгі таңда қалыптасқан өзіндік табиғат мен ерекшеліктері бар. Саланың күрделілігі оның біртекті болмауында, бірнеше ғылым салаларының тоғыса отырып халық шаруашылығына қажетті өнім алуға бағытталуында болып отыр.

Мұнай-газ салалық терминологиясы бірнеше тарсалалық терминологиядан тұрады. Мұнай қатысты өндірістік шаруашылықтың әрқайсысы тарсаланы құрайды (барлау, бұрғылау, өндірім, жинақтау, пайдалану, өңдеу т.б.). Осыған орай, кенорындарын игеру және пайдалануға қатысты өндірістік ісшараны жүргізуде тарсалалық терминологияның қолданылатындығы дау туғызбасы керек. Ғалым Қ.Қадырқұлов мұнайға қатысты терминдерді мұнай геологиясы саласына қатысты, мұнай өндіру мен тасымалдау саласына қатысты, мұнай өнімдері саласына қатысты, мұнай саясатына қатысты, мұнай технологиясына қатысты және мұнай мен газ өндірісі саласына ортақ терминдер секілді етіп бірнеше топқа қарастыруды жөн санайды. [1, 4]

Кенорындарын барлап анықтауда негізінен мұнай-газ геологиясы терминдері: қат, қабат, жыныс, әктас, тақтатас, шоғыр, малтатас, тау жыныстары, ойпат, шөгінділер, лықсыма, қиық, қатпар, иірім, қыртыс, дөң т.б. қолданылса, игерім кезінде жаңа игеру ұңғымаларын бұрғылау кезінде бұл терминдермен қатар мұнай-газ техникасы терминдері бұрғылау, дірілдеткіш, науаша, қашау, сорғы, ротор, қондырғы т.б. пайдаланылады. Мұнай-газ геологиясы терминдеріне қатысты: қабаттың өнім бергіштігі, өнімді қабат, горизонт, миграция,  т.б. сөздер қолданылса, барлау және бұрғылау сияқты өндірістік процестен соң ұңғыма, кенжар, ернеу, оқпан, құбыр аралық кеңістік, өңдеу ұңғымаларының торы, мұнайлы алқап жиегі деген бірқатар арнаулы сала терминдері сөз айналымына түседі.

Зерттеу жұмысының нысанын және терминологиялық жүйе мен арнаулы сала тілі шеңберін нақтылау мақсатында Қарашығанақ кенорнында әр жылдардағы, кен игеруге және пайдалануға арнап дайындалған технологиялық құжаттар назарға алынды. Бұл технологиялық сипаттамалар мен ережелер, негізінен, «Өндірім және оны пайдалануға жинақтау» жұмыстарына арналған. Алайда қолданылған арнаулы сала тілі жалпы сала тіліне бара-бар келеді де, Қарашығанақ кенорнындағы объектілерінде кеңінен қолданылып жүр. Сондықтан да бұл сипаттама құжаттардағы және нұсқаулықтардағы лексикалық қор арнаулы сала тілін қарастыруда біздің көпжылдық зерттеуіміздің басты нысаны болып келеді.

Өндірім және оны тасмалдауға жинақтап дайындау ісі аса күрделі өндірістік шараларды қамтиды. Сондықтан бірнеше ғылым саласымен ұштасып жатыр. Атап айтқанда, геология, физика, органикалық химия, техника ғылымдарымен байланыс түзіп салааралық термин сөздер жиі қолданылады. Арнаулы мәтіннен нағыз игеру мен пайдалану үдерісіне қатысты терминдерден салааралық терминдер тобын ажырата қарастырудың практикалық қажеттілігі жоқ. Осы бағытта кенорындарын игеру және пайдалануға қатысты терминдердің қатарының сөзжасамдық ерекшелігін кешенді қарау дұрыс саналады.

Қондырғы-жабдықтар мен құрал-сайман атауларының барлығы дерлік мұнай-газ техникасына қатысты. Кенорнынан табиғи газ бен мұнайды немесе конденсатты алу, одан соң тасымалдауға жинақтау ісі кезінде алуан түрлі құрал-саймандар мен қондырғы-құрылғылардың аттары мен өндірістік процестердің атаулары бұл саладағы терминдер қатарын көбейте түседі. Мысалы, кенді шоғырдан алу кезінде қолданылатын құрал-сайман атаулары: сорғы құбыр бағанасы  (СҚБ-НКТ), бұрқақ арматурасы, құбыр және баған тізбектері, құйрықша, т.б. немесе жинақтау кезінде қолданылатын құрал-сайман мен қондырғы-жабдық атауы: жылуалмастырғыш, қақпақша, сорғы, айырғыш (сепоратор)  т.б.

Шикізаттың құрамы және оның құрлысы мен құрамына қатысты зат атаулары химия ғылымына тиесілі болып келеді. Мұнай-газ саласында бұндай химиялық терминдер молынан кездеседі: ингибитор, метанол, метан, көмірсутек, азот, сутегі, газ, мұнай, ДЭГ (диэтилен глюкол), күкірт т.б.   

Кенді игеруде оның химиялық құрамы мен жер қойнауында орналасу жағдайы, қоршаған ортамен байланыстылығын дұрыс бағалау міндетті. Оның химиялық құрамы мен құрылысынан басқа физикалық жағдайы да маңызды болып келеді. Осыған байланысты физика ғылымының терминдері  мейлінше кең қолданылады. Мысалы: қысым, салмақ, кеуектілік, өткізгіштік, сығымдылық т.б. кеннің физикалық жағдайын білдіретін сөздермен қатар бұл жағдайды анықтайтын термометр, монометр, дифманометр, газажыратқыш, бақылау-өлшеу аспабы сияқты аспап атауларын атауға болады. 

Кенорындарын игеру және пайдалану саласындағы лексикалық бірліктердің көрсетілген ерекшелігіне орай олардың қатарынан тарсалалық терминдерді, салааралық терминдерді ажыратуымызға болады. Тарсалалық терминдерді кенорындарының игерілуіне қатысты терминдер және мұнай-газ тасымалына қатысты терминдер деп бөлсек, салааралық терминдерді қатыстылығына қарай мұнай-газ химиясы терминдері, мұнай-газ геологиясы терминдері, мұнай-газ физикасы терминдері, мұнай-газ техникасы терминдері деп топтауымызға болады.

Мұнай-газ химиясының терминдері жалпы химия ғылымына тән терминдермен ұштасып, терең байланысып жатыр. Бұлар, негізінен, құрам бөлшектерінің, ерітінділердің, табиғи немесе табиғи емес әрекеттердің атаулары болып келеді. Табиғаттағы бар химиялық бөлшектердің барлығы бірдей атау сөз болып табылып зат есімдер қатарына кіреді. Айталық, азот, көмірсутек, сірне, оттек, күкірт, күміс, алтын тағы басқа.

Химия ғылымында латын, грек тілдерінен енген атау сөздер жиі ұшырасады. Олар ешбір өзгеріссіз тілімізде орыс тілінің нормасына сай қолданыс тауып жүр. Бұл құбылыспен біз толық келісе алмаймыз. Әлемде «халықаралық» деп айдар таққан терминдердің барлығы қазақ ұлтының тіліне өзге  тілдегі заңдылықпен, ешбір өзгеріске түспей қабылдансын деген қағида жоқ. Ешбір халық халықаралық терминді тұтастай, қалтқысыз қабылдамайды. Кез келген жат термин балама табылмаған жағдайда, дыбыстық өзгеріске түсіп, тіл заңдылықтарына икемделуі шарт. Айтылып кеткендей, шет тілдік терминдер орыс тілінен өзгеріссіз жазылып та, айтылып та жүр. Мұнай-газ химиясы терминдерінің басым бөлігі латын немесе грек тілдерінде қалыптасып таралған. Бұл терминдер қазақ тіліне орыс тілі арқылы қолданысқа еніп жүр. Терминнің орыс тіліндегі нұсқаларына зер салсақ, сөз ұлттық тілге енбес бұрын өңделіп, өзгертілген. Терминнің өзегін сақтай отырып, орыс тілінің грамматикасына лайықталған. Ал сол терминнің орыс тілінен қазақ тіліне өтуі кезінде ондай өзгерістер жасалынбайды. Орыс тіліндегі терминдерге тән қосымшалар сол қалпында қазақ тіліне көшіріледі. 

Айталық, +ат қосымшасына біткен химиялық түзілім атаулары көптеп кездеседі. Мысалы, сульф+ат, карбон+ат, гидр+ат т.б. Байыптап қарасақ, +ат қосымшасы қазақша «түзілім» сөзіне мағына жағынан тұтастай сәйкес келеді екен.  +ат-түзілім. Мысалы, сутүзілімі, көміртүзілімі, тұзтүзілімі т.б.

Терминнің сәтті баламасын тауып, ұлт тілінде термин қалыптастыру үздіксіз жүргізілетін үрдіс. Сондай үздіксіз ізденіс нәтижесінде туған термин бөлшектері де баршылық. Сала тілінде +тек қосындысы арқылы жасалған тамаша үйлесімді химиялық бөлшек атаулары ұшырасады: сутек, оттек, көмірсутек т.б.

Мұнай-газ химиясы саласында +ид қосымшасына біткен терминдер жеткілікті. Мысалы, оксид, нитрид, гидрид, карбонид т.б. +ид қосымшасы гректің eidos деген сөзінен алынған. Қазақша «түр» деген мағынаны білдіреді. Мысалға алынған сөздердің барлығында дерлік ортақ қасиет байқалады. Бұл химиялық заттар келесі бір затпен қоспада болады. Мысалы, химиялық элементтердің оттекпен қоспасы бұл - оксид (СИС, 460 б.) деп аталса,  содамен қоспасы - нитрид (СИС, 451 б.), сутекпен қоспасы - гидрид (СИС, 166 б.), көмірмен қоспасы - карбонид (СИС, 290 б.) деп аталады. Осындай ортақ қасиетті саралай отырып жат тілдік +ид қосымшасын «қоспа» сөзімен теңестіруімізге болады. +ид – «қоспа». Нәтижесінде, оттек қоспасы, тұз қоспасы, су қоспасы, көмір қоспасы деп қазақша толық мағыналы сөзбен атауымызға болады.

  Мұнай және газ саласында қолданылатын химия терминдері негізінен заттық атау сөздер болған соң басым көпшілігі зат есім тұлғасында болып келеді. Айталық, талдауға алынған 30 сөздің ішінде 25 дара сөзден тұратын термин кезедеседі. Олардың барлығы бірдей зат есім сөздер. Соның ішінде: 6 біріккен сөз (суаңзат, жермай, оттек, қарамай, күкіртсутек, көмірсутек), 1 кіріккен сөз (балауыз), 5 түбір сөз (азот, аргон, баббит, бензин, сұрып), және 13 туынды сөз (жұтқыш, жұтылым, сіңіргіш, сіңірілім, тамызылым, қоймалжың, таттану, ыдыратылым, тотық, ертінді, тежеткі, тұнба).

  Термин мәнде қолданылған біріккен сөздер қос сыңарлы және үш сыңарлы болып келеді. Қос сыңарлылар: суаңзат, жермай, оттек, қарамай; Үш сыңарлылар: күкіртсутек, көмірсутек. Қос сыңарларының екеуі де негізінен зат есім сөздерден жасалған. Су+зат, жер+май, от+тек. Ал біреуі сын есім және зат есім түбірлерінің бірігуі арқылы құралған: қара+май. Үш сыңарлы біріккен сөздің барлық түбір сөздері де зат есімнен болып келеді.

  Түбір сөзді терминдердің барлығы дерлік өзге тілден енген сөздер болып шықты (азот, аргон, баббит, бензин, сұрып). Бұл ретте тек «сұрып» сөзі сөзалмасым арқылы «сұрыптау» сөзінен шығып отырған қазақша терминдік атау. Көрсетілген терминдердің ішінде адам атымен байланыстысы (эпоним) «баббит» термині. Қалған сөздер қазақ тілінің дыбыстық және сөзжасамдық қағидаларына сәйкес деп саналып тілімізге енгізіп алған кірме терминдер.  Алайда, мұнай-газ химиясы саласында түгелдей тек қана кірме терминдер түбір термин екен деген көзқарас тумасын. Өйткені бұл талдауға алынған терминдер шартты алынып отыр. Бұл салада қазақ тілінің төл түбір сөздері жиі кездеседі. Мысалы, су, күміс, бор, тұз, темір, мыс, мырыш, алтын т.б. 

Зерделеу кезінде туынды термин сөздер саны жағынан сала тілінде көбірек қолданылатынын аңғартты. Бұл терминдер негізінен үдеріс (жұтылым, сіңірілім, тамызылым, ыдыратылым) және зат (жұтқыш, сіңіргіш, ертінді, тежеткі, қоймалжың, тұнба)  атауы болып келеді екен. Туынды терминдердің басым көпшілігі етістік тұлғалы сөзден қосымша арқылы заттық мәнге ие болып зат есімдер қатарына өткен сөздер. Мысалы, жұт(ет)+қыш, тамыз(ет)+ ыл+ым, ерт(ет)+ін+ді, сіңір (ет)+іл+ім т.б. Үдеріс атауын білдіруде мынадай екі үлгі қолданылады:

  • түбір етістік + ырықсыз етіс жұрнағы + -ым, -ім өнімді жұрнақтары; 
  • түбір етістік + ырықсыз етіс жұрнағы + -ыс, -іс өнімді жұрнақтары; 

Ал үдеріс нәтижесінде алынған зат атауын білдіруде:

  • түбір етістік + өздік етіс жұрнағы + -ды, -ді, -қы, -кі өнімді жұрнақтары;

Сол процесті жүргізуде қызмет ететін құрал атауын танытуда:

  • түбір етістік + -қыш, -кіш, -ғыш, -гіш өнімді жұрнақтары.

Сала тілінде мұнай-газхимиясына қатысты тіркесті термин сөздер де орын алған. Айталық, төменқызудағы айырылым, мұнай буы, сусыз күкірт, инертті газ. Тіркесті терминдер біртұтас ұғым атауы болғанға дейін жалпыхалық тілінде бағыныңқы және басыңқы сыңарлы сөз тіркестері екендігі жеке-дара тұрғанда айқын көрінеді. Негізінен, бірінші сыңары бағыныңқылық қызмет атқарып, анықтаушы сөз ретінде қолданылады. Айталық, төменқызудағы айырылым, мұнай буы, сусыз күкірт, инертті газ. Көпшілік тіркесті терминдер қатаң орын тәртібі арқылы қабыса байланысса, «мұнай буы» термині жасырын ілік септігінің формасындағы сөз бен тәуелдік жалғаудың үшінші жағындағы сөздің тіркесуі арқылы матаса байланысады.

Орташа есеппен  мұнай-газ химиясы терминдерінің арнаулы саладағы қолданылуы:

 

Бір сөзді термин

Тіркесті термин

Жалпы термин

83,30%

16,70%

Түбір сөз

16,60%

 

Туынды сөз

43,30%

 

Біріккен сөз

23,30%

 

Жалпы талдауға алынған 30 сөздің 25 біртұтас дара сөз болып келсе, 5-еуі ғана тіркесті термин болып табылады. Пайызға шаққанда төмендегіше болып шығады:

 

 

Кенорындарын игеру және пайдалану ісінде мұнай-газ физикасы терминдері де молынан қолданылады. Жабдық, құрылғы, өлшем аспаптары, заттардың физикалық қасиетінің атаулары арнаулы сала тілін құрайды. Физика терминдері салааралық қолданыстағы терминдер болып саналады. Бұл терминдер өзгеде сан алуан өндірістік-шаруашылық, тіпті, тұрмыстық ортада қолданыла береді.  Бірқатар физика терминдері өз дефиницияларын барлық салада бірдей сақтайды.

Физика терминдері салааралық қолданыста кең таралған. Өйткені негізінен аспап атаулар және электр үдеріс атаулары болғандықтан жиі қолданылады. Бұл сала бойынша мұнай және газ саласына қатысты 64 сөз шартты түрде талдауға алынып, оның 13-і ғана орыс тілінің нұсқасын сақтап қолданысқа енген. Термин құраушы «электр» бөлшегі ең кең қолданылатын сема болып саналады.

Осыған сәйкес, электрон, электрод сияқты сөздер туып, жазылу және айтылу нұсқасы қазақ тілінде сақталынып қолданылып жүр.

Сөзалмасым тәсілмен жасалған термин сөздердің ішінде сөзқуалаушылықтар да байқалады. Айталық,    «Щит отключения» дегенді  «бөлініп қалу қалқаны» деп аудара салған. Осы жерде бөлініп қалу ұғымымен, орыстың «отключение» ұғымының арасында алшақтық байқалады.

Жалпы физика терминдерінің қазақша баламасын тауып, ұлт тілінде өрбітуде сәтті қадамдар жасалып жүр. Дыбыстық өзгеріске түсіп қазақша тұрмыстық тілде кең қолданылған сөздердің терминденуі де байқалады. Мысалы,  электр қорабы. «Коробка» деген сөздің баламасы ретінде «қорап» деген дыбыстық өңдеуден өткен сөз қолданылған.

Орыс тілінің жазылу және айтылу нормасын сақтап қазақ тілінде қолданылып жүрген бірқатар термин сөздердің шыққан тіліндегі сөз мағынасын анықтап, қазақша балама іздеу әрекетін жүргіздік. Аспап немесе қондырғы атауы ретінде қолданылатын термин сөздердің көпшілігі -қыш, -кіш, -ғыш, -гіш жұрнақтарының  көмегімен және түбір сөздердің бірігуі арқылы жасалынған. Айталық, жинақтағыш, электрөткізгіш, оқшаулатқыш, жылужеткізгіш, ажыратқыш, газанықтағыш, барометр, амперметр т.б. Мұнай-газ, физика терминдерінің ішінде үдеріс атауын білдіруде +ыл+ым, +іл+ім, +ім жұрнақтары арқылы бірнеше ұғым атауы туындаған. Мысалы: газтүз+іл+ім, шарп+ыл+ым, бер+іл+ім, суиір+ім т.б. Өлшем бірлік мағынасында қолданылған физика терминдерін қалыптастыруда етістіктен +м, +ім, +ым қосымшалары пайдаланылған: шығ+ым, өлше+м. Грамматикалық тұлғасы жағынан түбір зат есімнен болған терминдер қатары да кездеседі: газ, мөлшер, жарық, шама т.б. Терминнің қазақша баламасын анықтауда терминжасамның бағыты ретінде шетел сөзін қазақша сөйлеу дағдысына лайықтап дыбыстауына орай жазу мәнерін ұсынамыз. Мысалы, (пратон), (диапырағыма), (ғаз), (електір)  т.с.с. Пайызға шаққанда төмендегіше болып шығады:

 

Бір сөзді термин

Тіркесті термин

Жалпы термин

59,9%

40,1%

Түбір сөз

15,8%

 

Туынды сөз

84,2%

 

Біріккен сөз

36.8%

 

 

 

 

 

 

Талдауға алынған мұнай және газ, физикасы саласында қолданылатын 64 терминді «бір сөзді» және «тіркесті терминдер» деп қарастыруымызға болады. Олардың басым бөлігі туынды сөздер екені анықталды. Барлық терминдер ұғым атауы болуға лайықталуына орай грамматикалық тұрғыдан зат есім тұлғасына енуі жиі байқалады. Алайда, бұл салада негізінен, әрекеттің басым болуына байланысты сөздер етістік категориясынан зат есім қатарына туынды жұрнақтар арқылы (-ғыш, -гіш, -қыш, -кіш) ауысып отырады. Сөздердің морфологиялық құрылымын шартты түрде бейнелер болсақ, мынадай кестелер түзіледі: Бір сөзді терминдер, з. е. + ет. =з. е., ет. +۸ = з. е., з.е.+з.е. =з.е., сын е.+ ۸ = з. е., үст.+ет.= з.е. Тіркесті терминдер, з.е. + (ет.+ ۸=з.е.), үст.+з.е., з.е.+ (ет.+ ۸=з.е.), (з.е.+ ۸ )+ ет., (з.е.+ ۸ )+ з.е., з.е.+(з.е. ۸=з.е.)+ет.

Мұнай-газ өндірісінің негізін құраған, барлау, анықтау жұмыстарын жүргізуде жетекші болып табылатын геология саласы. Жалпы геологияның даму қарқыны бұл сала тілінің жан-жақты қолданысына алып келді.

Кенорындарын игеру ісінде арнайы геологиялық білімнің маңызы зор. Осыған орай, бұл істі жүргізуде мұнай-газ геологиясының терминдері жиі қолданылады. Олардың өзіндік лексикалық ерекшеліктері бар. Мұнай-газ геологиясы терминдері мұнай мен газ саласынан өзге көмір өнеркәсібі, алтын өндірісі секілді шахта немесе ұңғыма тәсілімен өнім алатын шаруашылықтарда жиі ұшырасады. Бұл терминдер салааралық тіл қатарына жататыны сөзсіз. Бұл терминдердің орнына қазіргі таңдағы салалық қолданыста негізінен латын тілінің семасы сақталынған орыс тілінің нұсқасындағы терминдермен алмастырылып беріледі. Алайда соңғы жылдары жалпыхалық қолданысындағы лексика терминденіп, қазақша балама сөздер қолданылып жүр. Мысалы, ұңғыма, күкірт, саға, дің, бағана, қабат т.б. Негізінен, бұл сөздер халық шаруашылығында бағзы замандардан бері қолданылып келген атау сөздер. Геология саласы бойынша атау мағыналы балама терминдер туғызуда «тас» сөзі өнімді қызмет атқарып жүр. Мысалы, қиыршық+тас (гравий), жұмыр+тас (галька, булыжник), қой+тас (валун), зер+тас (глазурь), шой+тас (глыба), малта+тас (галька), анар+тас (гранаты), әк+тас (известняк), шақта+тас (кремень) т.б.

Барлық өндірістік жұмыстарды жүргізуде жетекші қызмет атқаратын жұмыс құралы мен аспаптарының атаулары, күрделі өндірістік әрекеттер мен әдістердің атаулары болып келеді. Мұнай-газ саласында жиі қолданылатын терминдердің ішінде «қолданбалы техника» терминдері кездеседі.

Ізденіс барысында тарсалада жиі қолданыс тауып жүрген бірқатар терминдерді арнайы қарастыруды дұрыс көріп, оларды талдауға алдық.

Кенорындарын игеру ісінде арнайы геологиялық білімнің маңызы зор. Осыған орай, бұл істі жүргізуде мұнай-газ геологиясының терминдері жиі қолданылады. Олардың өзіндік лексикалық ерекшеліктері бар. Мұнай-газ геологиясы терминдері мұнай мен газ саласынан өзге көмір өнеркәсібі, алтын өндірісі секілді шахта немесе ұңғыма тәсілімен өнім алатын шаруашылықтарда жиі ұшырасады. Бұл терминдер салааралық тіл қатарына жататыны сөзсіз. Бұл терминдердің орнына қазіргі таңдағы салалық қолданыста негізінен латын тілінің семасы сақталынған орыс тілінің нұсқасындағы терминдермен алмастырылып беріледі. Алайда соңғы жылдары жалпыхалық қолданысындағы лексика терминденіп, қазақша балама сөздер қолданылып жүр. Мысалы, ұңғыма, күкірт, саға, дің, бағана, қабат т.б. Негізінен, бұл сөздер халық шаруашылығында бағзы замандардан бері қолданылып келген атау сөздер. Геология саласы бойынша атау мағыналы балама терминдер туғызуда «тас» сөзі өнімді қызмет атқарып жүр. Мысалы, қиыршық+тас (гравий), жұмыр+тас (галька, булыжник), қой+тас (валун), зер+тас (глазурь), шой+тас (глыба), малта+тас (галька), анар+тас (гранаты), әк+тас (известняк), шақта+тас (кремень) т.б.

Талдауға алынған мұнай-газ геологиясы сөздерінің жалпы саны 30 сөз болды. Олардың бір сөзден құралғаны 24 болса, екі сөзден тұратыны 4 ғана.  Бір сөзді терминдердің ішінде 10 түбір сөз, 8 туынды сөз, ал 6 біріккен сөз болып келеді. Тіркесті терминдердің өзара байланысуында матасу (мұнай ұңғымасы, сұйыққойма арыны, мұнай таушайыры), қиысу (өнімді қабат, мұнайлы қабат), меңгеру (газ табу) секілді тәсілдері пайдаланылған. Басыңқы және бағыныңқы сыңарларының ішінде біріккен сөздер, түбір сөздер және туынды сөздер де кездеседі. Сол секілді бір сөзді терминдердің басым бөлігі (21) зат есімнен тұрады, тек қана 2 сөз сын есім тұлғасында және 1 сөз етістік түрінде қолданылған. Алайда етістік тұлғасындағы «жылжу» сөзі де атау мағынасында заттық мәнге ие болып тұр. Пайызға шаққанда «5-суреттегідей» болып шығады:

 

Бір сөзді термин

Екі сөзді термин

Жалпы термин

86,6%

14%

Түбір сөз

38,4%

 

Туынды сөз

30,7%

 

Біріккен сөз

30,7%

 

 

 

 

 

 

Қандай болмасын өндірістік ісшара техникасыз жүзеге асуы мүмкін емес. Осыған орай, кенорындарын игеру кезінде де, өнімді пайдалану кезінде де  техниканың қатысы міндетті. Тарсалада көптеген техника терминдері қолданыс табады. Олардың көпшілігі салааралық сипатта. Біз зерттеу нысанымыз болған салада жиі қолданылатын терминдерді талдауға алуға тырыстық.

Қандай болмасын өндірістік іс-шара техникасыз жүзеге асуы мүмкін емес. Осыған орай, кенорындарын игеру кезінде де, өнімді пайдалану кезінде де  техниканың қатысы міндетті. Тарсалада көптеген техника терминдері қолданыс табады. Олардың көпшілігі салааралық сипатта. Біз зерттеу нысанымыз болған салада жиі қолданылатын терминдерді талдауға алуға тырыстық.

Талдауға алынған 30 сөздің 17-сі қазіргі таңдағы негізгі қолданыстағы сөздіктерде орыс тілінің дыбыстау және жазу нормасына сәйкес берілген. Тек қана 13 сөзге калька жолымен қазақша балама беріліп, қазақ тіліндегі нұсқасы жазылған. Қазақша баламасы беріліп  жазылған сөздер орыс тілінің жалпыхалық тілінен алынып терминденген атаулар. Сондықтан ол сөздерге қазақша балама табу жеңіл. Ал өзгеріссіз алынған сөздер ғылыми-техникалық жетістік кезінде пайда болған жаңа ұғым не зат атаулары. Көбіне латын не грек сөздері болып келеді. Айталық, фракция, адсорбер, аргон, азот, парофин, мазут т.б. Бұл сөздерге жалпыхалық тілінен балама табу өте қиын. Әйтсе де түпкі тілде берер мағынасын қазақ тіліндегі сөздер мағынасымен сәйкестендіріп сөз мағынасын ұғымға ұластыру арқылы да жаңа термин түзуімізге болады деген ойдамыз. Термин міндетті түрде белгілі бір ұлттың жалпыхалықтық тілі аясында туғаны дұрыс. Сол халықтың тіліне терең үңіліп, ұғымның мән-мағынасын ашуға, болмаса кеңейтуге тырысу қажет. Егер мағыналық жақыншылық табылмаған болса, барлық терминнің түп мағынасы семасын тіл заңдылықтарына бағынатындай етіп қабылдап пайдалануымызға болады. Айталық, бензін, енгебитір т.б. Бұл жерде өзгерткеннің өзінде сақталынып қалып отырған бөлшектер айқын көрінеді. Олар: «бенз», «нг+бит». Бұл сема код тәрізді. Ал код терминқұраушы болып табылады. Бөлшектің көмегімен жаңа термин жасау мүмкіндігі мол. Айталық, апатит сөзі ангидрит, сульфит т.б. сөздерді байланыстырып тұрған –ит бөлігі болса, жеке-жеке қарасақ 1-сөз: ап+ат семаларынан, 2-сөз: ан+гид бөлшектерінен, 3-сөз: сульф сөзінің кодталуынан тұрады.

Сөз бөлшектерінің кодқа айналуы белгілі бір ұғымды вербалды бөлшекке байланыстырып белгілеу деген сөз. Айталық, латын тілінен алынған: гидро, аэро, тон, ит, сульф т.б.

Қолданбалы техника саласы терминдерінің басым бөлігі жоғарыда келтірілгендей, құрал-жабдық атауы болып келеді. Сөзжасамда -қыш, -кіш, -ғыш, -гіш жұрнақтары өнімді пайдаланылғаны аңғарылды. 46 туынды түбірдің 22-сі осы жұрнақ түрлерінің көмегімен жасалынған. Сол секілді -ма, -ме, -па, -пе қосымшаларының көмегімен 10 сөз, -қы, -кі, -ғы, -гі көмегімен 6 сөз, -ша, -ше көмегімен 1 сөз, -қ, -р, -лық, -шық және –ық қосымшаларының көмегімен бір-бірден термин сөз жасалса, -л+ым  жұрнақтары арқылы 2 термин сөз қалыптасқан.  

  Қорыта айтқанда, өндірістік процестің жалпы сипаттамасы мен №23858-3ОL -500-2200-00001 Қарашығанақ кенорнын дамытудың жобалық құжаттарында қолданылған арнаулы сала тілін негізінен мұнай-газ химиясы, мұнай-газ физикасы, мұнай-газ геологиясы және мұнай-газ техникасы терминдері бағытында топтауға алдық. Көрсетілген салалардың ішінде тарсалада басым қоланылатыны мұнай-газ техникасы терминдері болып шықты. Сөзжасамы түрліше талдауға алынған екі жүзден астам сөздің 102 мұнай-газ техникасы терминдері, 63 мұнай-газ физикасы терминдері, 30 мұнай-газ химиясы терминдері және 30 мұнай-газ геологиясы терминдері болды. Терминдер мен термин мәндес сөздердің қолданысын бір сөзді терминдер және тіркесті терминдер деп алып, дара немесе бір сөзді терминдердің сөзжасамдық құрылымын талдауға алдық. Нәтижесінде, талданған сөздердің басым бөлігі дара терминдер екендігі анықталды. Мұнай-газ химиясы бойынша дара сөз 83,3 %, мұнай-газ физикасы терминдері 59,9 %, мұнай-газ геологиясы терминдері 86,6 % және техника терминдері 81,6 % құрады. Салыстыра талдау барысында барлық сала бойынша дара терминдердің негізгі бөлігі туынды түбір болып келеді екен. Алайда арнаулы сала тіліндегі дара терминдердің әрқайсысы бірнеше тіркесті терминнің құрамында болуын ескерсек, жалпы алғанда тіркесті термин дара терминге қарағанда басым екендігін де айтқымыз келеді. Бұл турасында мұнай-газ терминологиясының құрылымын арнайы зерттеген А.Смагулова сала тіліндегі тіркесті терминдердің ағылшын тілінде де, қазақ тілінде де басым екендігін айта отырып, үш, төрт тіпті, бес сөзден тұратын тіркесті терминдердің бар екендігін айтады [2, 125 б.].

Біз талдауға алған ғылыми мәтінде негізінен, терминжасамның морфологиялық тәсілі жиі қолданылатыны аңғарылды. Мұнай-газ химиясы бойынша жалпы дара терминдердің 43,3 %, мұнай-газ физикасында 84,2 %, мұнай-газ техникасында 36,8 %, ал геологияда 30,7 % морфологиялық тәсіл арқылы жасалынған. Жалпы мұнай-газ саласындағы арнаулы сала тіл құрамында бір түбірлі терминдер мұнай-газ геологиясында басым қолданылатындығы зерттеу кезінде анықталды, туынды сөздерге қарағанда 8 % жоғары болды. Ал терминжасамның аналитикалық тәсілімен жасалған терминдер негізінен мұнай-газ физикасында (40,1 %) жиі ұшырасты. Терминжасамның бұл тәсіліне жататын түбірлердің бірігуі арқылы термин қалыптастыру іріктелген терминдердің ішінен техника саласында ең аз болып шықты (6,4 %).

Салааралық терминдердің басым бөлігі орыс сөзі арқылы өзге тілдерден сөзалмасым тәсілі арқылы қабылданған. Олардың грамматикалық тұлғалары кейбір кезде қазақша баламасында өзгеріске ұшырап отырады. Мысалы, орыс тілінде зат есім болып саналған «перегонка газа» термині қазақша баламада қимылдық сипаты басым болып «газ айдау» болып алынған.

Талдауға алынған термин сөздердің басым бөлігі атау мәнінде жұмсалғандықтан зат есім категориясында қолданылған. Бұл сөздер зат есімнен, етістіктен, сын есімнен өзге де сөз таптарынан жасалынған туынды зат есімдер болып келеді.

Салааралық терминдер бір терминологиялық өрістен екінші терминологиялық өріске еркін өтетін аралық сипатта болғандықтан, олардың лексика-грамматикалық тұлғасын біріздендіру маңызды. Бұл тұста үдеріс атауын білдіретін терминдердің етістік тұлғалы болып келуі, құрал атауы ретінде орын алған терминдердің етістіктен зат есім қалпына түскен тұлғасын өзге терминдерді қалыптастыруда ескерілуі тиіс деген ойдамыз.

Мұнай және газ кенорындарын игеру мен пайдалануға қатысты арнаулы сала тілін дамытуда және оны біріздендіруде ескерілетін басты жағдай – оның бірнеше саламен ұштасып жататындығында. Осыған орай, кешенді түрде бірнеше сала тіліндегі терминдердің бірізділігі мен біртектілігін сақтау маңызды. Тек мұнай-газ саласындағы бірізділігі ғана емес салааралық бірізділікті ұстану қажет.

Мақала көлемінде қойылған мәселені ширату мақсатында арнаулы сала тілінің оның ішінде сала терминологиясының қалыптасуының негізі саналатын басты жағдайларды елеп-екшеп шолып көрелік. Кез келген терминологиялық жүйе жұмыс жасау үшін ең қажеттісі саладағы зор сұраныстың болуы. Сол тілге деген кіріптарлық, қажеттілік. Салалық тіл терминологиясы өз ішінде терминдік талаптардың болуын (принциптер), жетілген базалық терминдерді, олардың жасалу үлгілерін, қалпыпты терминжасам тәсілдерінің болуын қажет етеді. Үшіншіден, барлық салаға қатысты статикалық (жазбаша) материалдардың бірізденіп, стандартталуы, нормалық тәртіпке түсуі маңызды.

Сұраныс сыртқы тілдік факторларға тікелей бағынышты. Сыртқы фактордың бағыты да жағдайға орай құбылатынын ескерсек, арнаулы сала тілінің жүйелі қалыптасуында бұл үлкен қиындықтар туғызады. Сондықтан өндіріс орнында күрделі сала тіліне қатысты өзгерістерді енгізу күрделі мәселе. Тәуелсіздік алған таңнан бастап бүгінгі күнге дейін осы үлгіде өзге салалардағы секілді мұнай-газ саласы тілін қалыптастыруға бір қатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтиже жоқ емес, бар, десек те қазақ арнаулы сала тілінің өндіріске енуі өте баяу. Негізінен, аударма сипатында, қағаз жүзінде. Бұндағы қазақ арнаулы сала тілі орыс нұсқасымен теңесе алмай тұр. Сондықтан тіліміз мешеу сипат танытып, көлеңке тіл ретінде қалып отыр. Бұл жағдайды түзеу үлкен ғылыми негіздегі жүйелі жұмыстарды қажет етіп тұрғаны сөзсіз. Жасанды ұйымдастырылған сұраныс ары қарай тереңдеп жұмыс жасау үшін сауатты түрде ұйымдастырылған ғылыми-практикалық негіз қажет, келесі мамандар буынының қазақ арнаулы сала тілінде жұмыс жасауына икемделуі, үйренуі керегі анық.

Мәселенің шешімі ретінде қарастырылатын алғашқы саты бұл маман даярлау кезінде сала тілін меңгерту. Сол арқылы жаңа буынға білімді қалыптасушы арнаулы сала тілінде беру мәселесі туындайды.

Қазақ арнаулы сала тілінің жетіліп дамуы жолында жүргізілетін жұмыстардың бастамасы бүгінгі таңда бар. Бұл – статикалық материалдардың жарық көруі. Алайда бүгінгі таңда бұл материалдардың сапасы мен қолданысы нашар болуы себепті мәселенің созыла беруіне алып келіп отырады. Егер шығарылған материалдардың сапасы мен бірізділігін қадағалар болсақ, олай болмас еді. Сондықтан бұл мәселеде де орталықтандырылған жүйелі жұмыстар жүргізілуі тиіс. Әсіресе оқытуда құрал болатын сапалы оқулықтар мен оқу құралдары, сөздіктер мен техникалық анықтағыштар бір арнаулы сала тілінде, бір текті терминдерді қолданып шығып отырса, көп мәселені шешер еді. Мәселен, салаға қатысты терминдердің, ғылыми-техникалық анықтамалардың, тіпті арнаулы сала ғылыми тілінің бірізділігіне қол жеткізер едік. Бұл жұмыс мемлекеттік терминологиялық комиссия басшылығымен, сала мамандарын, тіл мамандарын қатыстыра отырып ұйымдастырылып, бақылауға алынса ғана жедел әрі сапалы нәтижелер болады. Бұл орайда қазіргі кәсіби білім беру жүйесінде өзекті болып жүрген дуалды білім беру жүйесін де оң пайдалану қажет. Яғни өндіріс пен оқу орнының арасындағы байланыс олардың кәсіби білігі турасындағы жетілуін ғана қамтамасыз етпей, арнаулы сала тілінің бірізденуіне, ақпарат пен білімнің ортақ бір тілдік база негізінде беріле отырып дамуына жағдай жасайды деп білеміз. 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Қадырқұлов Қ. Мұнай өндірісі терминдерінің салалық қалыптасуы // Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде. – Алматы, 2002.-№6. –Б.3-7.
  2. Смагулова А.С. Анализ Формально-структурной организации слов, входящих в терминосистему «нефть-газ» в английском и казахском языках // Вестник Казахского национального университета им. Аль-Фараби. – Алматы, 2009. -№5-6 (121-122).-Б. 125.
  3. СИС - Словарь Иностранных слов. –М.: Русский язык медиа, 2003.