«Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу» жобасы: нәтижелер, міндеттер

«Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу» жобасы: нәтижелер, міндеттер
Мақала терминдерді біріздендіру мақсатындағы бекітілген терминдерге мониториг жүргізу мәселесіне арналған. 2022 жылдан бері жүзеге асырылып жатқан «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу» жобасы – мақаланың зерттеу нысаны болса, мақсаты – жобаның терминологияны біріздендіруде атқаратын рөлін көрсету, мониторинг нәтижелеріне талдау жасай отырып, өзекті мәселелерге Республикалық терминологиялық комиссия мүшелерінің, сала мамандарының, терминолог ғалымдардың назарын аудару. Мақалада 1971-2019 жылдар аралығында қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша бекітілген терминдерге жүргізілген мониторинг бойынша статистикалық талдау жүргізіледі. Атап айтқанда, 1971-2019 жылдар аралығында мониторинг жүргізілген терминдердің жалпы сандық көрсеткіші, мониторингтен өтпеген терминдердің статистикасы (%-бен), шығу тегі бойынша үлес салмағы шығарылып, терминдердің мониторингтен өтпеу себептері нақты мысаладармен көрсетіледі. Термин нұсқаларының терминологиялық нормаларға сәйкестігін анықтау талаптары кестеде беріліп, мониторингтен өтпеген терминдердің сәйкессіздігі мысалдар арқылы талданады. Терминдердің шығу тегінің үлес салмағының статистикасы арқылы ұлттық терминдердің үлесіне баса назар аударылып, кемшіліктердің объективті, субъективті себептеріне шолу жасалады. Қорытындыда мониторинг жүргізуші жұмыс тобының ұсыныстарына сілтеме жасау арқылы және автордың пайымдауымен сала бойынша Комиссия отырысындағы талқылау барысында терминдерді бекіту үшін қандай мәселелерге басымдық беру керектігі айтылып, ұсыныстар жасалады. Мақалада статистикалық талдау әдісі басшылыққа алынған. Тірек сөздер: терминдерді біріздендіру, жоба, мониторинг, бекітілген терминдер, статистикалық талдау, нәтижелер, терминдердің шығу тегі.

Кіріспе. Қазіргі уақытта титулды ұлт ретінде қазақтардың үлес салмағының артуы мемлекеттік тілде заңнамалық құжаттар тілінің, БАҚ тілінің, ғылым тілінің және т.б. сапалы қолданысын арттыруды қажет етіп отыр. Әсіресе ғылым тілін дамытуға байланысты қордаланған мәселелер жеткілікті. Бұл жерде қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру десек те, дамыту деп айтсақ та,  мәселе салалық терминологияға келіп тіреледі. Әрине, ғылыми тіл  бір ғана терминологиямен шектелмейтіні белгілі. Алайда терминдердің қалыптасуы, қолданылуы, біріздендірілуі ғылыми түсініктерді жеткізуде тіліміздің ішкі мүмкіндіктерін қаншалықты пайдалануға болатындығын айқындап береді.  Бұл тұрғыдан алып қарағанда, терминдердің қазақ тілінің ғылыми әлеуетін арттырудағы үлесі өз деңгейінде емес екені жасырын емес. Атап айтқанда, баламасыз шеттілдік терминдердің молдығы, шеттілдік терминдердің өз тілімізге бейімделмеуі, терминдердің сәтсіз аудармасы мен қолданысы, ғылым салаларының интеграциясы, экстралингвистикалық факторлардың әсері және т.б. ғылым тілін дамытуға кедергі келтіретіні анық [1.10-11]. Сондықтан да мәселе тек айтылып қойылмай, оны шешудің нақты жолы көрсетіліп,  салмақты жобалар орындалып, ой саларлық ұсыныстар болғаны аса қажет. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында 2022 жылдан бері орындалып жатқан «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу» атты жоба терминологияны біріздендіруді, ұлттық ғылым тілін, нормативтік құжаттар, іс-қағаздар т.б. тілін жетілдіруді көздейді.

Негізгі бөлім. Жобада еліміздің ғылым, білім, тіл саласына қатысты нормативтік-құқықтық құжаттар және қазақ ұлттық терминологиялық қорын қалыптастырудың теориялық және практикалық негіздері (түгендеу, жүйелеу, реттеу т.б.) басшылыққа алынды. Атап айтқанда, 2020 жылдың қараша айында жобаны жүзеге асыруға дайындық мақсатында «Бекітілген терминдерге мониторинг жасау әдістемесі» тақырыбында семинар өткізіліп, онда еліміздегі терминолог, лингвист ғалымдардың қатысуымен «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу» әдістемелік құралы (авторлары Қ.Айдарбек, Б.Жонкешов) талқыланды, ұсыныстар берілді.

Жоба 1922 жылы қоғамдық-гуманитарлық бағыт салаларының бекітілген терминдеріне мониторинг жүргізуден басталды. Мониторингтің мазмұндық құрылымына арнайы бағдарламалық жасақтама әзірленді, онда термин атауы, дефинициясы, саласы, құрылымы, шығу тегі, терминнің бекітілген жылы, түрік, орыс, ағылшын тіліндегі аудармалары берілген (қараңыз: «termincom.kz» сайтының «Мониторинг» бөлімі).

 

<!-- [if gte vml 1]> <![endif]--><!-- [if !vml]--><!--[endif]-->

2022-2023 жылдары 1971-2019 жылдар аралығында бекітілген қоғамдық ғылымдар терминдерінің саны мен көлемі нақтыланып, оларға түгендеу жұмысы жүргізілді [2.11-14 ].

Кесте№1

1971-2019 жылдар аралығында мониторинг жүргізілген терминдердің статистикасы

 

р/с

жылы

Бекітілген термин саны

Сала саны

Салааралық термин саны

1

1971-2014 ж.

6039

17

372

2

2015-2019 ж.

8001

16

87

Барлығы

14040

 

459

 

Екі жылғы жұмыс нәтижесінде 1141 термин (басқа саланың термині, терминологиялық бірліктер бір атаумен бірнеше рет бекітілген, прагматикалық, функционалдық және т.б. талаптарға сәйкес келмеуі, т.б.) мониторингтен өтпеді [2.19].

№2 кестеде 1971-2019 жылдар аралығында мониторингтен өтпеген терминдердің статистикасы берілген. 1971-2014 жылдар аралығында 392 бірлік, 2015-2019 жылдар аралығында 301 бірлік бірнеше рет қайта бекітілген.

Кесте№2

1971-2019 жылдар аралығында мониторингтен өтпеген терминдердің статистикасы (%-бен)

 

р/с

жылы

Бекітілген термин саны

2 рет қайталанған термин саны

3 рет қайталанған термин саны

4 рет қайталанған термин саны

1

1971-2014 ж.

6039

348/88,8%

 

41/10,4%

 

3/0,8%

 

2

2015-2019 ж.

8001

301/95,3%

 

15/4,7%

 

0

Барлығы

14040

649/91,7%

 

56/7,9%

 

3/0,4%

 

 

Статистикадан байқағанымыздай, 1971-2014 жылдар аралығында бекітілген термин саны одан кейінгі уақытпен салыстырғанда азырақ болғанмен, терминдердің қайталанып бекітілу көрсеткіші жоғары. Оның бірінші себебі: «1990 жылдардан бері қарай термин жасау мен қалыптастырудың бұрынғы орныққан дәстүрлері бұзыла бастады. Қоғамның саяси-әлеуметтік, мәдени өмірінде болған түбегейлі өзгерістер ұлт тілінің ресми мәртебесін өзге деңгейге көтеруімен қатар, ғылыми-техникалық терминологияны қалыптастыруда басшылыққа алынып келген қағидаларға да сол ұлт тілінің мүддесі тұрғысынан жағаша қараудың қажеттілігін туғызды» [1.10]. Екінші себебі, терминқордың электрондық нұсқасы болмағандықтан, ол уақыттарда бекітілген терминдер жүйелі түрде терминқорға енгізіліп,  талдап, екшелеу жұмысы жүргізілмеді.

«Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу» әдістемелік құралында авторлар:

«4) келесі қадам: термин нұсқаларының терминологиялық нормаларға сәйкестігін анықтау, мысалы:

Талап атауы

Мазмұны

Терминдерге қойылатын

семантикалық талаптар

терминнің ұғымға сәйкес келуі;

бірмағыналылық, яғни категориалдық көпмағыналылықтың болмауы;

термин мағынасында мүмкіндігінше аз белгілердің қамтылуы

Терминдерге қойылатын

формалдық талаптар

тіл нормасына сәйкестігі (фонетикалық, грамматикалық т.б. нормалар тұрғысынан дұрыстығы, кәсіби жаргонизмдерден ажыратылуы т.б.);

лексикалық және формалдық қысқалығы (қысқа формасы);

деривациялық қабілеті;

формасының инварианттылығы;

уәжділігі;

жүйелігі

Терминдерге қойылатын

прагматикалық талаптар

кәсіби коммуникациядағы қолданысы (қолданыс жиілігі мен жалпыға таныс, белгілі болу дәрежесі);

қазіргі заманауи сипаты (көне терминдердің қазіргі заманауи баламаларымен алмастырылуы);

айтылым ыңғайлығы (благозвучность)

 

[1.19]. талаптарды айқындайды және мониторингте осы талаптарды басшылыққа алады. Мысалы, 2018 жылы бекітілген «антиглобализация-антижаһанданушылық» термині семантикалық, прагматикалық, формалдық талаптарға сәйкес келмегендіктен, мониторингтен өтпеді, яғни кәсіби коммуникациядағы қолданысы, айтылым ыңғайлығы, тіл нормасына сәйкестігі, терминнің ұғымға сәйкес келмеуі есепке алынды. Дәл осы жылы «антиглобализм» термині қазақ тілінде де «антиглобализм» болып бекітілген. Қолданыстағы нұсқасы – «жаһандануға қарсылық». Бекітілген термин семантикалық, прагматикалық талапқа сәйкес келмеуіне байланысты мониторингтен өтпеді. Сондай-ақ осы жылы бекітілген  «антиглобалист» термині де «антижаһанданушылық» деп бекітіліпті. Қолданыстағы нұсқасы – «жаһандануға қарсы шығушы». Бірақ, бұл термин техникалық қателіктен «антижаһанданушылық» деп жазылып кеткен, бекітілген нұсқасы – «антижаһанданушы» болуы керек. Әрине, бұл термин де семантикалық, прагматикалық талапқа сәйкес келмеуіне байланысты мониторингтен өтпеді. 2015-2019 жылдар аралығында семантикалық, прагматикалық, формалдық талаптарға сай келмейтін термин саны – 433.

Мониторинг жасау барысында қайталанған терминдерге негізгі тиісті сала белгісі қойылып, санаққа алынды. Мысалы, абзац бірлігінің негізгі  саласы – лингвистика. Бұл термин басқа да салаларда белсенді қолданылғанымен, негізі – лингвистика термині. Сол сияқты кредит валютасы термині бұрын сыртқы экономикалық қызмет, банк ісі сияқты ішкі салаларға қатысты қолданылғанымен, бұл термин экономиканың төл термині. Сондай-ақ, жұмыс тобы терминнің бірнеше нұсқасының ішінен қолданыс жиілігі жоғары терминді бірінші қойып, арнайы метабелгімен көрсетіп отырды.

Жұмыс тобы терминнің шығу тегі бойынша үлес салмағының да статистикасын шығарды.

Кесте№3

Шығу тегі бойынша үлес салмағы:

 

р/с

жылы

ұлт тілі негізінде

ұлт тіліне икемделу негізінде

кірме

гибрид

жалғау-жұрнағы ғана ұлттық

 

1

1971-2014ж.

3447/57%

27/0,44%

717/12%

1522/25,2%

326/5,4%

2

2015-2019ж.

3662/45,8%

118/1,5%

1744/21,8%

2007/25%

470/5,9%

Барлығы -14040

7109/50,6%

145/1%

2461/17,5%

3529/25,1%

796/5,7%

 

№3 кестеге назар аударсақ, 2015 жылдан бері ұлт тілі негізіндегі термин пайызы азайып, кірме терминдердің үлес салмағы артқан. Оның басты себебі – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттік тілдегі қоғамдық-саяси терминдердің қолданыс деңгейінің артуы. Мысалы, 1993 жылы «ассоциация-қауымдастық», «гвардия-ұлан», «вертолет-ұшақ», «беженец-босқын», «вознаграждение – сыйақы» т.б. терминдері бекітілген. Аталған жылы жиыны 48 термин бекітілсе, соның ішінде 2018 жылы «бартер-баспабас», «брокер-делдал» терминдері «бартер», «брокер» болып қайта бекітілді. Қалған ұлт тілі негізінде жасалған 46 термин толық қолданысқа еніп, тіпті термин ретінде де, жалпыхалықтық атау ретінде де сәтті қолданысқа ие болды. 

 Дегенмен де тәуелсіздіктің алғашқы он жылында бекітілген терминдердің біразы қолданысқа түспегендіктен немесе басқа да себептермен кейіннен қайта бекітілді. Атап айтқанда, «аукцион-бәссауда» 2009 жылы бекітілсе, 2018 жылы «аукцион» деп бекітілген. Сондай-ақ, мысалы, «анкета» термині 1971-1981 жылдары «анкета, сауал-сұрақ», 1990 жылы «сауал-сұрақ», 2000 жылы «сауалнама», 2019 жылы «анкета», 2022 жылы «анкета смешанного режима – аралас режим сауалнамасы» деп бекітілген, яғни аталған термин 1971-2022 жылдар аралығында 5 рет бекітілген Біздіңше, мониторинг қорытындысында соңғы жылдағы терминдік тіркестегі бекітілуіне, заңнамалық құжаттардағы қолданыс жиілігіне байланысты «сауалнама» термині қайта-қайта бекітуге ұсынылмайтындай болып қалуы тиіс.

Жұмыс тобы соңғы нәтижені шығарарда осылардың ішінде қайсы нұсқаны қалдыру керектігін уәждеп отырып, нақтылауы қажет, мысалы, «приемная»1971-1981 жылдары «қабылдау бөлмесі» деп бекітілсе,  2000 жылы «қабылхана» деп, 2016 жылы «қабылдау» деп бекітілген. «Абонентная задолженность» термині 1971-1981 жылдары «абоненттік борыш», 2004 жылы «абоненттік берешек» деп бекітілген.

 Сонымен қатар жоғарыда айтқандай, қолданысқа сіңіп кеткен, бірақ базада екі түрлі бекітілген формада жүрген терминдер көптеп кездеседі, мысалы, «адрес»-«мекен-жай», «мекенжай», «инвентарь» термині «мүкәммал», «мұқаммал»-«құрал-сайман», «құрал-жабдық», «контекст»-«мәнмәтін», «қызмет запискасы»-«қызметтік жазба», «текст»-«мәтін» және т.б. Мысалы, «контекст» терминінің этимологиясы латынның «contextus» «өру, тоқу» сөзінен шыққан [3.392]. Ал 2003 жылы бекітілген «мәнмәтін» терминнің бүкіл дефинициясын айқындап тұр. Ал бұл термин терминдік тіркес құрамында 2022 жылы «мәдени контекст», «жоғары контекстілік мәдениет», «төменгі контекстілік мәдениет» түрінде бекітілді. Бұл біздің жұмысымыздағы ортақ олқылық деп қарауымыз керек.

Мониторинг нәтижесінде бірқатар терминнің грамматикалық  жағынан қай қолданысының дұрыс екені нақты берілуі қажет, мысалы, «норматив грамматика» немесе «нормативті грамматика», «Даму банкілері»  немесе   «Даму банкі», «кредит қоржыны» немесе «кредиттік қоржын», «валюта дағдарысы» немесе «валюталық дағдарыс» және т.б. Орфографиялық ережеде мұндай жарыспалы нұсқадағы терминдік тіркестерді реттейтін, шеттілдік терминдердің жазылуы мен олардың ұлт тіліндегі қосымшаны қабылдауын реттейтін параграфтарды қосу – кезек күттірмейтін мәселенің бірі.

Қорытынды. Қорыта айтқандай, жұмыс тобы бекітілген терминдерге мониторинг жасау барысында мынадай қорытынды жасады және алдағы уақытта Республикалық терминологиялық комиссия осы жасалған қорытындыны ескерсе деген ұсыныс берілді:

«1. терминнің терминологиялық жүйе саласына қатысы көп жағдайда ескерілмейді;

2. термин білдіретін ұғымның бірмағыналылығы мен дәлдігі терминологияға ғана тән. Терминдерді бекіту барысында аталған талап қатаң сақталуы қажет;

3. жүйелілік: кез келген термин белгілі бір терминологиялық жүйеге жатады. Термин өз мағынасында онда қолданылатын параметрлерге негізделеді;

4. тілдік дұрыстық: аталымдардың кез келген түрлері мен категорияларының белгілі бір үлгілеріне сілтеме жасау заңдылығына негізделген сөзжасамдық құралдардың дұрыс қолданылуына мән беріліп, ол терминдерді бекіту барысында ескерілуі қажет;

5. қолданылуы немесе жұмсалымдық критерийі: қолданыс жиілігі тек заңдастырылған түрде (ресми құжаттарда) ғана реттеледі, алайда кей ғылыми дискурстардағы қолданылу басымдылығы ұлттық дәстүрмен, ауызша кәсіби тілдесіммен тікелей байланысты ерекшеліктер де ескерілуі керек.

6. термин білдіретін ұғымның бірмағыналылығы мен дәлдігі терминологияға ғана тән» [4.17]. Сондай-ақ біз өз тарапымыздан Республикалық терминология комиссиясының ережесіне термин бекітудің шекті уақытын белгілеуді енгізуді ұсынған болар едік. Атап айтқанда, бір термин 5 жылдан кейін ғана қайта қаралуы тиіс.

«Бектілген терминдерге монитроинг жүргізу» жобасы барысында ғылыми тұрғыдан іріктелген, сұрыпталған, яғни нормаланған терминдер жинақталатыны сөзсіз. Нәтижесінде автоматтандырылған электрондық терминологиялық қорды (дерекқор) жетілдіру жұмысы оңтайланады; мониторинг бойынша статистикалық мәліметтерді жариялау мүмкіндігі артады. Электрондық және баспа түріндегі Нормативтік терминологиялық сөздік жарыққа шықса, жобаның мақсаты орындалады және Республикалық терминологиялық комиссия жұмысының сапасын арттыруға жаңа қадам жасалады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

<!-- [if !supportLists]-->1. Құрманбайұлы Ш. Қазақ терминологиясы – Алматы, 2014. – 952 б.

<!-- [if !supportLists]-->2. Айдарбек Қ., Жонкешов Б. Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу – Астана, 2022. – 22 б.

<!-- [if !supportLists]-->3. Литературная энциклопедия терминов и понятий /Под ред. А.Н. Николюкина. Москва, 1596 с.

<!-- [if !supportLists]-->4. «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу» атты жоба бойынша орындалған жұмыстардың қорытынды есебі, Астана, 2023. -17 б.

<!-- [if !supportLists]-->5. «termincom.kz» сайтының «Мониторинг» бөлімі.