Ахмет Байтұрсынұлы аудармасының лингво-когнитивтік ерекшелігі

Ахмет Байтұрсынұлы аудармасының лингво-когнитивтік ерекшелігі

ХХІ ғасырдағы жаһандану дәуірінде қандай да ғылым саласындағы өзекті мәселелерді қайта қарау, жандандыру, жаңғырту арқылы елдің мүддесі мен ұлттық этникалық сипатын оның рухани мол мұрасы арқылы көрсету, сол арқылы өзге ұлттардың арасындағы ментальдік ерекшелігін сақтау мақсатына қол жеткізу аса маңызды. Дегенмен өркениет дамуының талабы мен аударматанудағы сұранысқа орай, ұлттың болмысы мен дүниетаным ерекшеліктері арқылы халықтың өзіндік сипатын таныту келешек ұрпаққа тілдің барлық көркемдігі мен мәнін жеткізуге мүмкіндік береді. Ұлттың архаикалық, дербес (индивидуалдық) тілдік оралымдарын сақтау, насихаттау, сол арқылы тіл байлығын тұтас жеткізу – бүгінгі заман талабы.

Ақпараттық жаһандану жағдайындағы мәдениетаралық қарым-қатынастарды жаңғырту, оның сапалық құзыреттілігін жаңа деңгейге көтерудің бір тәсілі – аударма. Қазіргі таңда қазақ аударматану ғылымы жедел даму үстінде. Қазақ ақын-жазушыларының туындыларының әлемдік деңгейде танымал бола бастауына соңғы жылдары ғана мүмкіндік туды. Аударматану – тілдердің өзіндік ерекшеліктерін айқындап, әлемнің тілдік бейнесін танымдық тұрғыда зерделейтін сала. Соның негізінде аударматану ғылымдар арасындағы ынтымақтастықты орнықтыратын, тілдердің мүмкіндіктерін танытатын ілім ретінде қалыптасты.

Сөз өнерінің дамуы сол елдің өркениетіне, мәдени даму деңгейіне қатысты. Себебі, сөздің мәні, тілдік-стильдік түрленуі ұлттың рухани дамуымен, әдеби шығармашылықтың кемелденуімен тікелей байланысты. Соның ішінде ұлттық тілдің көркемдік-бейнелілік сипатын байытатын тіл жанашырларының орны ерекше. Осындай орны ерекше қаламгерлердің бірі – Ахмет Байтұрсынұлы.  Ахмет Байтұрсынұлының бай шығармашылық мұрасының басым бөлігі – лингвистикалық еңбектері. Бұлар тіл деңгейлерінің жалпы бәріне қатысты болып келеді, тақырыбы жағынан да түрлі. Оның лингвистикалық ізденулері «Тіл – құрал», «Әліпби» сияқты арнайы еңбектерімен ғана шектелмейді. Ғалымның түрлі тіл мәселесіне қатысты өзіндік пайымдаулары, теориялық тұжырымдары бұлардың сыртында көсемсөз түріндегі жазғандарынан да, сондай-ақ «Әдебиет танытқыштан» да үнемі кездесіп отырады. Қазақ тілінің фонологиялық жүйесі, грамматикалық құрылысы жөніндегі негізгі зерттеулерін былай қойғанда, оның назарынан әдеби тіл, тіл мәдениеті, этнолингвистика, прагматикалық (функционалды) грамматика, «оқыту ғылымы» (методика) мәселелері де еш уақыт тыс қалған емес, сонымен қатар келешек ұрпаққа бұлар жөнінде де бірсыпыра құнды бағдарламалық пікір қалдырды [1; 6].

Бұл оқулықтар қазақ тілінде жазылған тұңғыш еңбектер және кейінгі қазақ тілі морфологиясының ғылыми негіздерінің қалыптасып, дамуына негіз болдыЫқшамды түрде баяндала тұрса да, көптеген мәселелерді өте білгірлікпен, көрегендікпен айта алған. Сол себептен Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін шет тілдеріне аудару қазақ тілінің байлығын, жүйелілігін жеткізуді көздейді. Атап айтқанда, ағымдағы жылда әр түрлі тілдерге аударылған «Таңдамалы шығармалары» қазақ тілінің дербестігі мен ерекшелігін әлем деңгейінде танытатын дүниелердің бірі болып отыр. Бұндай деңгейдегі еңбектің аудармасын жасау аудармашы тарапынан кәсіби шеберлікті ғана талап етіп қана қоймай, екі тілде де терең білімділік пен жан-жақтылықты міндет етеді. Себебі, Ахмет Байтұрсынұлының еңбегінде қолданылған тілдік түрленулер, сөз орамдары мен морфологиялық тұрғыдан сөз жасалымдары аударма барысында заман талабына сәйкес сүзгілеп, саралануы қажет. Осы кезде аудармашы көптеген мәселелерді шеше алатын жағдайда болуы керек. Мәселен, сол кездегі сөздік бірліктердің қазіргі жазылуы. Жер түгі - өсімдік, ізашар – негізін салу, әжл – ажал, држе – дәреже, файде – пайда [2]  т.б. секілді сөздік бірліктердің аудармасын бермес бұрын қазіргі атауларын анықтау қажет. Көмекші құрал ретінде ұсынылған түсіндірме сөздік көп уақытты үнемдеуге септігін тигізді. Келесі мәселе – транскрипциялау. Еуропаның түркологтары Turkic Languages журналында берілгендей Ларс Йохансонның (Lars Johanson) әліпбиін қолданады. Әр түрлі халықаралық журналдарда басылымға шығатын мақалаларды жазуда да осы транскрипция қолданылады. Аудармашылар жұмысын жеңілдететін интернет желісіндегі онлайн конвертерлер мүлдем басқа. Мәселен, ә дыбысын  æ (Lars Johanson) және ã (kaznews.mn/converter/, astanatimes.com, qazlat.kz) символы арқылы беру. Әдебиет танытқыш – Guide on Literature – Ädebiyet Tanïtqïš. Бұл тұрғыда ең маңыздысы аудармашы оқырманның аударманы дұрыс қабылдауына жағдай жасау үшін дұрыс таңдау жасауы қажет. Бірақ әр дыбысты траникрипциялау үшін қажет символды тауып қоюдың өзі, яғни, техникалық жұмыстар ұзақ уақыт алады. Бұл уақыт аудармашының аударма жасау барысында мағыналық дұрыс берілуін пысықтауға жұмсайтын уақыттан едәуір көп. Бұл мәселенің шешімін табу үшін транскрипциялауды бір жүйеге келтіру қажет екені анық. Бұл бір күнде шешілетеін мәселе емес. Дегенмен, қазіргі буындағы аудармашылардың жұмысын қажет деңгейде дұрыс жасалуын талап етсек,  техникалық тұстарын ретке келтіруге көңіл бөліну керек.

Аудармашының жұмысы межесіне жеткен соң, аударма әрі қарай редакциялауға ұсынылады. Аударманы редакциялау дегеніміз күрделі процесс, сонымен қатар, қазіргі талапқа сай қазақ – ағылшын тілінің аудармасын тексеріп, түзете білетін білікті мамандарды дайындайтын арнайы орындар жоқ. Нақты Ахмет Байтұрсынұлының «Таңдамалы шығармаларын» айтатын болсақ, аударманы редакациялауға қазақ тілін жетік білетін ағылшын өркениетінің өкілі керек. Сонымен қатар, тек қазақ тілін жетік біліп қана қоймай, Ахмет Байтұрсынұлының тілдік тұлғасымен таныс, стилистикалық ерекшелігін айқындай білетін, жоғары деңгейде нәтиже көрсетуі қажет. Себебі, аудармашының жасаған жұмысына дәлелдеу базасы дайын дұрыс не бұрыс пікір бере алатын дәрежеде болуы қажет. Мысалы, Орынбор қала атауы  аудармада ағылшынша транскрипциясымен Orynbor деп берілсе, редакциядан соң Orenburg деп өзгертілген. Осы тұста көп сұрақ туындайды. Жалпы бұндай мысалдар көп кездеседі.

Қорыта айтсақ, бұндай туындылар қазақ халқының ортақ құндылығы болып табылады, сондықтан бұндай жұмыстардың қолға алынуы ұлттық құндылықтарымыздың болашақ ұрпаққа дәріптеліп, аса биік дәрежеде берілуін көздейді. Жас буынды көркем шығармаларды аса қызығушылықпен оқып, аударудың қыр-сырын игеруге итермелейді.  Көркем туындыларды аудару арқылы түпнұсқада қамтылған әлеуметтік мәселені, негізгі ойды басқа тіл оқырманына жақын етіп кескіндеуге тырысады, оған қоса, өзге жұрттың наным-сенімін, дүнеитанымын беру арқылы сол ұлттың рухани әлемінен, жан дүниесінен, оқырманын хабардар етеді. Бірақ, қазіргі таңда жас буынның көркем шығармаларды оқуға деген ынтасы төмен. Бұл әрине басқа мәселе.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Мұхтаров С.Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ тіл біліміндегі сөз таптастыру проблемасы. // Ахметтану тағылымдары – Алматы: Ғылым, 1998. – 294 б.
  2. Ахмет Байтұрсынұлы. «Таңдамалы шығармалары» – Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы – Астана: 2022. – 240 б.
  3. Akhmet Baitursynuly. «Selected works» – National scientific and practical center «Til-Qazyna» named after Shaisultan Shayakhmetov – Astana: 2022. – 240 p.