ХХ ғасыр басындағы қазақ терминологиясының дамуы туралы сөз еткенде Елдес Омарұлының есімін ерекше атауға тиіспіз. Ол ұлттық ғылым тілінің дамуына, қазақ терминологиясының қалыптасуына тікелей атсалысқан, бұл салаға қатысты құнды ғылыми еңбектер жазған алаш зиялыларының бірі. Ол алғашқы күндерінен бастап Алашорда жұмысының бел ортасында жүріп, белсене қызмет еткен жетекшілер қатарында болды. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында «Жалпы қазақ-қырғыз съезін» өткізгенде оны ұйымдастырып, шақырғандар қатарында Елдес Омарұлы да болды. Съез қаулысында «Сиез шақырушылар: Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Сағындық Досжанұлы, Міржақып Дулатов»[1]. Осы съезде Алашорда басшысы болып, Әлихан Бөкейханұлы, ал оқу комиссиясына А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабайұлы, Е.Омарұлы, Б.Сәрсенұлы, Т. Шонанұлы сайланды.
Алаш зиялыларының білім беру мен ғылым саласындағы жұмысын ұйымдастыруда бұл комиссия үлкен рөл атқарды. Комиссия хатшысы ретінде Е.Омарұлы комиссия төрағасы Ахаңмен тығыз байланыста жұмыс жүргізе отырып, білім саласының, тілдің көптеген мәселелерін бірлесіп, пікірлесіп, талқылай келіп шешті. Ғалымдардың бізге жеткен еңбектері олардың әліпби, терминология, емле төңірегіндегі көзқарастары бір арнаға тоғысып, ойлары бір жерден шығып, пікірлері үнемі үндесіп отырғандығын көрсетеді. Ахаңмен қатар еңбек еткен алаш оқығандарының арасында тіл білімінің аса көрнекті маманы, оның ішінде терминология мәселелерін ең терең білетіндердің бірі де Елдес Омарұлы болған еді. Тек терминология ғана емес, жалпы қазақ тіл білімінің көптеген мәселелерін арнайы зерттеген, бірқатар құнды ғылыми еңбектер жазып, мектептер мен жоғары оқу орындарында қазақ тілінен дәріс оқыған, сабақ берген Елдес Омарұлы қазақтан шыққан алғашқы кәсіби лингвист ғалымдардың, білікті педагогтің бірі.
Қазақ, орыс, неміс, татар және түркі тілдерін жақсы білген, тіл білімі, математика, физика, заң, география, медицина сияқты салалар бойынша еңбектер жазған кең тынысты, жан-жақты білімді, кезінде замандастары «қазақтың Ломоносовы» деп атаған ғалымның өмірі мен шығармашылығы жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Оның сан салалы еңбектерін сол салалардың білікті мамандары терең зерттегенде ғана елін сүйіп өткен Елдестей азаматтың ғалымдық қыры мен азаматтық тұлғасы мейілінше айқындала түседі.
Елдес Омарұлының ХХ ғасыр басындағы терминологиялық жұмыстарды жүргізуге ерекше атсалысқан, осы іспен тікелей айналысқан алаш оқығандарының бірі екенін оның тергеушіге берген мына жауабынан да байқауға болады. Онда ғалым былай дейді: «Мен онымен (Қаныш Сәтбаев) 1923 жылы, ол Қазақ Оқу-ағарту комиссариатының академиялық орталығына қазақ тілінде жазылған алгебра оқулығының қолжазбасын табыс еткен кезінде таныстым. Мен академиялық орталықтың жанындағы ғылыми комиссияның хатшысы ретінде алгебра терминдерін жасау жөніндегі жұмысқа қатыстым және Сәтбаевтың қолжазбасы жөніндегі хабарламашы болдым» (Тұрсын Жұртбай. Абақтыдағы алаш. «ЕҚ», 7 желтоқсан 2007 жыл).
Жан-жақты білімділігімен, көп тіл білетіндігімен ерекшеленген ғалым математика, геомертия, физика, тіл білімі сияқты бірнеше саланың терминдерін жасауға белсене араласқан. 90-жылдардан кейін Е.Омарұлы еңбектерінің бірқатарын жинақтап, алғаш жариялаушылардың бірі М.Шуақаев «Елдестің медицина инстиутында сақтаулы жеке ісінде оның медицина қызметкерлеріне арнап қазақ тілінде сөздік дайындағаны туралы анықтама бар. Сөздік күні бүгінге дейін табылмай отыр» деп жазады. Бұл деректер оның медицина терминдерін жасаумен де айналысқандығынан хабардар етеді.
Елдес Омарұлы тіл маманы, ұлт тілінің үлкен жанашыры ретінде қоғамдық өмірдің өзге де салаларына қатысты жаңа сөздерді, терминдерді жасауға атсалысқан. Мәселен, Г.Әлімбекова ғалымның физика оқулығы туралы сөз еткен мақаласында «Сол кездегі Министрлер Советі Председателін» тұңғыш рет «Кіндік Үкімет Төрағасы» деп өзі аударып, жоғарыға арнайы ұсыныс құжатын түсіртеді»[1] деп жазады. Термин қалыптастыру ісінің үнемі басы-қасында болған ғалым қаламынан туған атаулар мұнымен де шектелмесе керек. Ғалым мұрасын жинақтап, арнайы зерттесек, әлі де оның қаламынан туындаған көптеген терминдердің табылатындығына күмән келтірмейміз.
Елдес Омарұлы пән сөздерінің баспасөзде қолданылуына, ерекше мән берген. Ол өзінің білімпаздардың тұңғыш сиезінде пән сөздері туралы жасаған баяндамасын баспасөз тіліне тоқталудан бастайды. «Басылып шыққан газет, жорналдарды қазақ оқи алатын болуы үшін, оның пән сөздері де қазаққа түсінікті болуы керек» деп жазады ғалым. Баспасөздің қоғамдағы атқаратын рөлі қашан да айрықша. Ал ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы хат таныған, білімі барлардың саны халықтың белгілі бір бөлігін құраған кезеңде баспасөздің орны тіптен айрықша болды. Ғылымның түрлі салаларын меңгерген ғалымдар мен жоғары білімді мамандар қауымы жаңа-жаңа қалыптасып келе жатқан уақытта қазақ тіліндегі ғылыми әдебиеттер де көп болған жоқ. Барларының өзін жаппай қолданатындай сауатты қауым әлі қалыптаса қоймап еді. Қалың жұртшылық қоғам өмірінде болып жатқан күнделікті жаңалықтармен қатар ғылым-білім саласындағы жаңа ақпараттарды да негізінен газет-журналдар арқылы алып отырды. Көптеген жаңа терминдердің баспасөз беттерінде жиі қолданылыуына да осындай факторлар әсер етті. Терминдерді алғашқы сәттен бастап дұрыс қалыптастыру мен жұртшылықты жаңылыстырмау үшін термин қолданысына ерекше мән беру керек те еді. Осыны жақсы түсінген Е.Омарұлының өз баяндамасында бұл мәселеге арнайы тоқталуы да сондықтан. Терминдердің негізгі қолданылатын жері арнаулы мәтіндер, ғылыми әдебиеттер мен оқулықтар, оқу құралдары. Алайда қазақ тіліндегі ондай әдебиеттердің де, оларды кәсіби қызметінде пайдаланатын ғылыми қауымның да қалыптаса қоймауы себепті баспасөздің осы кеңістікті толтыруына тура келді. Е.Омарұлының «газет, жорналдарды қазақ оқи алатын болуы үшін, оның пән сөздері де қазаққа түсінікті болуы керек» деген сөзі сол кезеңдегі қазақ баспасөзінде терминдердің көптеп қолданылғанынан хабардар етсе, екінші жағынан терминологияны қалыптастыруда терминдерді ұлт тілінде жасауға ерекше мән беру керектігін атап көрсетіп отыр.
Біздің ғалымдарымыздың көпшілігі қазір ғылым мен техника саласындағы жаңа ұғымдардың атаулары туралы сөз бола қалса, мұндай ұғым қазақта болмаған, сондықтан оны басқаша атап бас қатырып жатпай, ең дұрысы сол ұғымның атауын да өзге тілдегі қалпында өзгеріссіз қабылдау деп жатады. Мұндай уәжге тоқталатындар аз емес. Тілші ғалымдар мен сала мамандарының арасында жаңа термин жасауға мейілінше қарсы, еуропа халықтары тілдерінің сөздерін өзгертпей алуға бейілділер жиі ұшырасады. Ал жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ ғылымы мен білім саласының дамуына аянбай еңбек еткен алаш оқығандарының көпшілігі бұл мәселеде басқаша ұстанымда болды. Соның ішінде алаш зиялы қауымының көрнекті өкілі, тіл білімпазы Елдес Омарұлының пікірі айрықша көңіл аудартады. «Пән кітебтері үшін пән сөздері керек. Ондай сөздер қазақтың өз тілінде бұрын болмаған; Оны жаңадан ойлап шығару керек» – деп жазады ол. Ғалым бізде бұрын болмаған cөздерді ала берейік деген ойдан мүлде аулақ. Ол керісінше, ондай атауларды «жаңадан ойлап шығару керек» дейді. Жоқты бар етуді, өзгенікін дайын қалпында қабылдай бермей, өзіміздікін жасауды міндет санайды. Алаш зиялылары «осылай істеу керек», «жаңадан жасау керек» деп өзгелерге жол сілтеп, ақыл айтып қана қоймай, өздері пән атауларын жасап, қолданысқа енгізіп үлгі көрсете де білді. Олардың сөзі мен ісінің арасында қайшылық, алшақтық болмады. Елдес Омарұлы да өзінің бұрын қазақта болмаған терминдерді «жаңадан ойлап шығару керек» деген сөзіне сәйкес іс істеді. Ол көптеген геомертия, физика, медицина терминдерін қазақша тұңғыш рет өзі жасап, жазған оқулықтары, мақалалары мен құрастырған сөздіктері арқылы тілдік қолданысқа енгізді. Айтып қана қоюмен шектелмей, ол өз айтқандарын ісімен де дәлелдей білді. Мәселен, оның «Пішіндеме» (геометрия) оқулығындағы мына атаулардың барлығы да автордың қаламынан туындаған терминдер: аудан, аттас көбкіл, берне, бернелес шама, бет, бөлу амалы, буын, доға, дөңгелек, жанама, жарма, жиек, екінші дәрежелі өрнек, еселік арасы, керме, кесе, кесінді, көбкіл, көлденең, кіндік сызығы, кіші кесінді, кіші өріс, қабырға, қар, қатар сызық, қима, қиықша, қия, қоршаулы бұрыш, қостабан, құрылымдастық, одағай сан, ортан бөлек, өлшемдестік, өлшеуіш, өріс, өрістік, өсінді, пішін, ұқсастық, ұлы өріс, сүйір бұрыш, табан, ен, пішіндеме, сабақтас пішіндер, сабақ кіндігі, саты, сыртынан сабақтас пішін, текше, тетік, төбе, түбір, тікше, тұрлаулы шама, тұрлаусыз шама, түзу сызық, түйін, теңгіл, тік бұрышты үшкіл, тең бүйірлі үшкіл, үлес, үшкіл, шаршы, шек, шеңбер, ыңғайластық, ыңғайлас пішін, ішінен сабақтас пішін т.б.
Ғалым тілде бұрыннан бар бірқатар бет, буын, жиек, өріс, табан, ен, төбе, түбір іспеттес сөздерді пән сөзі ретінде қолданып, оларға терминдік мағына жүктесе, енді бірқатар терминдерді жаңадан жасайды. Ондай жаңа терминдерді өзге тілдерге жүгіне бермей, қазақтың өз сөздерінен өрбітеді.
Елдес Омарұлының жаңа терминдердің түсініктілігі туралы сонау жиырмасыншы ғасыр басындағы айтқан пікірі күні бүгінге дейін құнын жоғалтқан жоқ. Ол былай деп жазады: «Бұрын естілмеген жаңа сөз елге бірден түсінікті бола қоймайды. Бірақ пән сөз қазақтың өз тілінен алынып, мағанасы аз да болса тиісті ұғымды сездірерлік болса, оны түсіну қиын болмайды. Сондықтан пән сөзді қолдан келгенше қазақтың өз тілінен алу керек».
Бұл тұжырымы арқылы ол алдымен «пән сөзді қолдан келгенше қазақтың өз тілінен алу керек» дей отырып, екіншіден, неліктен сол пән атауларын ұлт тілінен алу керектігіне жауап береді. Қазақ зиялысының терминтану ғылымы едәуір дамыған кейінгі кезеңдерде сөз болған мәселелерін ерте ұғынып, тіліміздің терминологиясын қалыптастырудың алғашқы жылдарында-ақ айтып кеткендігі ерекше назар аудартады. Бұл оның асқан аңғарымпаз, өресі биік, зерделі жан екендігін көрсететін фактор. Біздің бұл жерде айтып отырғанымыз – «термин ұғынықтылығы» мәселесі. Бізде күні бүгінге дейін «терминді өзге тілден алғанда тұрған ештеңе жоқ» деген пікір үстемдік етіп келеді. Кеңестік дәуірде көп насихатталған осы пікірді жақтаушылар қазір де аз емес. Ал Елдес Омарұлының айтып отырғаны – терминнің атау болған ұғымы жөнінде мәлімет беріп тұруы. Ол дегеніміз – сол терминнің жасалуына негіз болған сөздің мағынасы тілді тұтынушыға түсінікті болып, ұғым жөніннен хабардар етуі. Ұлт тілінің өзінен алынған сөздің мағынасы сол тілде сөйлейтіндер үшін көмескі, жат болмайды. Сондықтан да белгілі бір ұлттың тіліне негізделіп жасалған атау жаңа сөз болса да, тез ұғынылады, оңай түсініледі. Елдес Омарұлының «пән сөз қазақтың өз тілінен алынып, мағанасы аз да болса тиісті ұғымды сездірерлік болса, оны түсіну қиын болмайды» деп отырғаны осы. Орыс, неміс терминтанушы ғалымдарының кейінгі 20-30 жыл көлемінде айтып жүрген «термин мағынасының ұғынықтылығы» (прозрачность термина) дегені осы. Көріп отырғанымыздай, қазақ тіл білімінің мамандары бұл мәселеге жиырмасыншы ғасыр басында-ақ назар аударған.
Елдес Омарұлы термин жасау кезінде жұрнақтарды дұрыс пайдалануға алғаш мән берген қазақ зиялыларының бірі. Ол сөзге жалғанғанда тұрақты мағынаны білдіретін -лық, -шы, -шыл, -лы, -сыз, -уыш, -тар сияқты жұрнақтарды «тұрлаулы жұрнақтар» деп, ал ондай тұрақты мағынасы жоқ –қ, -н, -ақ тәрізді жұрнақтарды «тұрлаусыз жұрнақтар» деп екіге бөледі.
Елдес Омарұлының «тұралуы жұрнақ» және «тұрлаусыз жұрнақ» терминдері Ахмет Байтұрсынұлы жасап қалыптастырған «тұрлаулы мүше», «тұрлаусыз мүше» терминдерінің үлгісімен жасалған. Сондай-ақ жоғарыда атап көрсеткеніміздей, оның 1928 жылы Қызылордада жарық көрген «Пішіндеме» оқулығындағы «тұрлаулы шама», «тұрлаусыз шама», «сабақтас пішін» (сабақтас сөйлем), «одағай сан» (одағай сөз) терминдері де Ахаң үлгісімен жасалған атаулар.
«Қазақ тілінің жұрнақтары жете тексерілген емес. Тұрлаусыз жұрнақтардың да түбір сөздің мағанасына дыбыстарына қарай, айрықша бір мәнісі болуы мүмкін, сондықтан түбірге тұрлаусыз мүше жалғағанда аса сақ болу керек. Қазақша түбір сөзге жұрнақ жалғап жаңа сөз шығарғанда – қолдан келгенше тұрлаулы жұрнақпен шығару керек; тұрлаусыз жұрнақтарды тексеріп сырын біліп алу керек» дейді ғалым.
Бізде қазір терминжасам барысында төл жұрнақтарымызбен қатар көптеген латын, грек терминбөлшектері мен кірме жұрнақтар да пайдаланылады. Алайда сол жұрнақтардың терминжасам үрдісіндегі үлесі мен пайдаланылу жиілігі анықталып, статистикалық есеп жүргізіліп жатқан жоқ. Елдес Омарұлының өткен ғасыр басында-ақ жұрнақ жалғау арқылы термин жасау мәселесіне ерекше көңіл бөлуі назар аудартады. Ол тіліміздегі жұрнақтардың жете зерттелмегендігін айта отырып, жаңа атаулар жасағанда оларды орнымен пайдалану керектігін ескертеді. Ғалым термин жасағанда мүмкіндігінше тұрлаулы жұрнақтарды жалғаған дұрыс деп санайды. Оның тұрлаусыз жұрнақтарды пайдаланғанда аса сақ болу керек дегенінде үлкен мән жатыр. Мәселе мұнда жұрнақтың тұрлаулы немесе тұрлаусыз болуында емес. Автордың өзі атап көрсетіп отырған тұрлаусыз жұрнақтардың мағыналарының анық ажыратылмағандығында. Лингвистика тілімен айтқанда әңгіме жұрнақтардың семантикасы туралы болып отыр. Ғалымның бұл пікірі күні бүгінге дейін құнын жойған жоқ. Бүгінгі уақытта морфологиялық тәсілмен термин жасау барысында ең бір жиі кездесетін кемшіліктің бірі сөз тудырушы жұрнақтардың мағынасын білмей жалғау. Тіл мамандарынан гөрі терминологиялық сөздік жасаушы өзге салалардың мамандары бұл кемшілікке көп жол береді. Елдес Омарұлының «тұрлаусыз жұрнақтарды тексеріп сырын біліп алу керек» деуі олардың семантикасын анықтап алу керек дегені.
Ғалымның төл жұрнақтар мен кірме жұрнақтарды пайдалану мәселесіне қатысты да өзіндік ұстанымы бар. «Үндестік заңына бағынбайтын жұрнақтардың көбі қазақ тіліне сіңіп кеткен жат жұрнақтар. Олармен мәнілес түбірмен үндесіп жалғанатын қазақтың өз жұрнақтары бар. Жаңа сөзді түбірге жат жұрнақ жалғап шығарғаннан өз жұрнағымызбен шығарған артық» деп жазады ол. Мұнда алаш зиялысы екі мәселеге қатысты өз пікірін ашық білдіріп отыр. Біріншіден, ол тілімізде кірме жұрнақтармен мағыналас, үндестік заңын бұзбайтын төл жұрнақтар бар екендігін ескертіп отырса, екіншіден, терминжасам үрдісінде төл жұрнақтарды пайдаланған артық деп көрсетеді.
Елдес Омарұлы да өзге замандас әріптестері сияқты қазақ тілінен терминге лайық сөз табылмай жатқан жағдайда, еуропаға кең тараған латын сөзін алуға болады деп санайды. «Пән сөзді өз тілімізден таба алмаған күнде, иаурыпа қолданған латынша пән сөздерді алуға болады. Бірақ ондай жат сөздерді алғанда, оны тіліміздің заңына келтіріп, өзгертіп алу керек» дейді баяндамашы. Ғалымның өз сөзін келтірсек, баяндамада былай делінген: «Жат сөздің асыл түрін бұзбай алсақ: ондай сөзге қазақтың тілі келмейтұн болады; Жана қазақ тілінің заңына келмеген сөзді, оған қазақша жұрнақ, жалғаулар жалғап өзгертуге де болмайды. Ондай сөз қазақ тіліне қазақтың өз сөзіндей болып сіңісе де алмайды, бір түрлі ерсі сөз болып қалады. Жат сөз қазақ тіліне сіңіп түпкілікті қазақ сөзі болып шығуы үшін, - мағанасы түсінікті болмаса да, айтуға жеңіл, құлаққа ерсі болмауы керек».
Бір қарағанда баяндамашының бұл пікірінде негізгі бір ғана ой айтылып тұрған сияқты болғанымен, оның осы сөзінде кірме терминдерді қабылдаудың бірнеше мәселесі қамтылып тұр. Ол бұл жерде «Жат сөздерді қазақ тіліне неліктен икемдеп, өзгертіп алу керек?» деген сұраққа лингвистикалық тұрғыдан жауап беріп отыр. Яғни, баяндамада кірме сөздерді ұлт тіліне өзгертіп қабылдаудың себептері атап көрсетіледі. Ал енді ғалымның баяндамасындағы сол айтылған себептерді нақтылып, айтқан тұжырымдарының аражігін ашып, жіктеп көрсетер болсақ, олар мыналар: Біріншіден, өзгертілмей алынған сөзге қазақтың тілі келмейтін болады. Екіншіден, қазақ тілінің заңына бағындырылып алынбаған сөзге төл жұрнақтарымызды жалғап өзгертуге де болмайды. Үшіншіден, өзгеріссіз қабылданған сөз қазақтың өз сөзіндей болып тілге сіңіп кете алмайды. Төртіншіден, сөздің дыбысталуы жағымды және айтылуға жеңіл болуы керек деп түйіндейді.
«Тілдің заңына келмейтін жат сөздер көбейіп кетсе, тіл бұзылады, - тілдің негізгі қасиеттері, тұрлаулы заңдары бұзылады» деп, ұлт тілінің қадір-қасиетін терең сезінген, оның негізгі заңдары мен тазалығын, әуезділігін сақтау қажеттігін ғылыми тұрғыдан дәлелдей білген ғалым, өз идеясына, ғылыми ұстанымына беріктігімен де еркшеленеді. Оны ғалымның шығармашылығынан және ұлтшыл, алашшыл, пурист деп айыптаған жылдыарда да алған бағытынан бас тартпағандығынан, табандылық танытқандығынан да байқауға болады.
Елдес Омарұлының білімпаздардың тұңғыш сиезінде жасаған баяндамасына ерекше мән беріп, айрықша тоқталып отырумыздың өзіндік себептері бар. Ең бірінші себебі – бұл бүкіл қазақ-қырғыз зиялылары, алаштың ең білімді азаматтарының бас қосқан алқалы жиынында терминология мәселелерін алғаш рет ресми түрде талқылауға ұсынған баяндама. Оған дейін де түрлі басылымдарда жеке ғалымдар мен қазақ оқығандары тарапынан термин, терминология мәселелері туралы сөз қозғалғанымен, бірақ дәл білімпаздар құрылтайындай жоғары деңгейде өткен салиқалы жиында арнайы сөз болмаған еді. Сондықтан да терминология мәселелерінің елдегі түрлі көзқарастағы бүкіл ғалымдарының жиналған съездің күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі ретінде қаралуы – қазақ терминологиясының тарихындағы айтулы оқиға еді. Екінші себебі – осы баяндамада тұңғыш рет ұлттық терминологиялық қорды қалыптастырудың негізгі бағыттары, терминологияны дамытудың қағидаттары ұсынылып, жан-жақты талқылаудан кейін съезд оны ресми бекіткен болатын. Сонымен 1924 жылы съезд қаулысымен ресми бекітілген қазақ терминологиясының тұңғыш ғылыми қағидаттары Елдес Омарұлының баяндамасына негізделді. Нақтырақ айтқанда, пән сөздерге арналған баяндама съез делегаттары тарапынан қызу талқыланғанмен, баяндамашының ұсынған мәселелері бойынша айтарлықтай өзгеріс енгізілген жоқ. Жалпы көтерген мәселесі, ғылыми құндылығы жағынан да Е.Омарұлының бұл баяндамасын қазақ терминологиясының тарихындағы алатын орны айрықша «Елдестің ерекше баяндамасы» деп атауға толық негіз бар.
Е.Омарұлының баяндамасында ұсынылған жобаға Нәзір Төреқұлұлы, Манан Тұрғанбайұлы, Халел Досмұхамедұлы, Ишанғали Арабайұлы сияқты сиез делегаттары өз тараптарынан пікір білдіріп, ұсыныстарын енгізген. Қабылданған қаулыда сол ұсыныс-пікірлердің де ескерілгенін айту керек.
Тағы бір назар аударатын мәселе қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде термин жөніндегі баяндаманы Елдес Омарұлы жасап, қазақ терминологиясын дамыту қағидаттары осы баяндама негізінде бекітілгеніне қарамастан, 1926 жылы Бакуде өткен Бүкілодақтық түркология съезінде терминология қағидаттары жөніндегі баяндаманы А.Байтұрсынұлының жасағаны. Ахмет Байтұрсынұлы баяндамасын былай деп бастайды: «Основные мои мысли по выроботке терминологии мною высказаны в тезисах, с котрыми, пологаю, все делегаты Съезда знакомы. Настоящий мой доклад к ним ничего нового в основе не прибавить».
Көріп отыранымыздай, баяндамашы тезистегі айтылған ойларды да, баяндаманы да өз атынан айтып отыр. Осы мәліметтерге сүйенсек, Елдес Омарұлының қазақ білімпазадарының тұңғыш съезінде жасаған пән сөздері жөніндегі баяндамасында Ахаңның ұсыныс-пікірлері де ескерілген деуге негіз бар. Бір жағынан басқаша болуы да мүмкін емес. Ғасыр басындағы термин шығармашылығының басы-қасында болған, термин комиссиясының төрағасы Ахаң мен комиссия хатшысы, бірнеше саланың терминдерін жасауға тікелей өзі қатысқан Елдес Омарұлының қазақ терминологиясының болашақ даму бағытын белгілеп отырған маңызды ғылыми құжат болып табылатын негізгі қағидаттарды өзара ақылдаспай съез қарауына ұсынуы да қисынсыз болар еді. Іс жүзінде, 20-жылдардан бастап, термин шығармашылығында алаш зиялылары өздері ұстанып келген жолдарын, жүйелеп, тиянақтап ресми бекітуді қажет деп тапқан. Мұндай маңызды істің Елдес Омарұлына тапсырылып, съезде пән сөздері жайындағы баяндаманы оның жасауы да жайдан-жай емес. Тіл білімпазы, термин жайын жақсы білетін ғалым ретінде ол өзіне тапсырылған міндетті абыроймен атқарып, ғылыми құндылығы аса жоғары баяндама дайындады. Съез делегаттары баяндаманы талқылағанда ол, айтылған сын-пікірлер мен қойылған сұрақтарға нақты дәлелдер келтіре отырып анық та айқын жауап берді. Ұсынылып отырған қағидаттардың дұрыс екендігіне мамандардың көзін жеткізіп, өз ұстанымын дәлелдей білді. Нәтижесінде оның баяндамасы негізінде терминологияға байланысты съез қаулысы қабылданды. Бұл қазақ терминологиясының, ғылым тілінің даму тарихындағы айрықша оқиға болды. Қазақ терминологиясы дамуының алғашқы кезеңінде бекітілген бұл тұңғыш ғылыми қағидаттар алаш зиялыларын әкімшіл-әміршіл жүйе жойғанға дейін он шақты жыл басшылыққа алынды. Қазақтың ұлттық ғылыми терминологиясының негізі дәл осы қағидаттарды басшылыққа ала отырып жасалды. Сонау ХХ ғасыр басында жасалған бұл қағидаттардың ғылыми негізінің беріктігіне, құндылығын еш жоймағанына бүгін де көз жеткізіп отырмыз. Сондықтан да қазақ терминтануының тарихында Елдестің баяндамасы ерекше ескерілуі тиіс. Бұл баяндама қазақ терминологиясының мәселелерін елдің бүкіл зиялы қауымы бас қосқан алқалы жиында, биік мінберден тұңғыш сөз еткен тарихилығымен құнды. Сонымен қатар Елдес жасаған баяндама ұлттық терминологияны дамытудың 30-жылдарға дейінгі тұтас бір кезеңінің бағыт-бағдарын белгілеген, қазақтың терминқорын қалыптастыруға ғылыми-лингвистикалық тірек болған тұғырнамалық құжат.
1924 жылдың маусым айында Орынборда «Қазақ ғылыми қызметкерлерінің 1- съезінде Елдес Омарұлы жасаған «Қазақша пән сөздер» тақырыпты баяндаманың негізінде бекітілген қазақ терминологиясын қалыптастырудың алғаш рет (съез қаулысымен) ресми бекітілген қағидаттар мыналар:
Сондай-ақ қаулыға қосымша есебінде, Әлиқанның: қағаз бетіне кісінің аты-жөнін жазғанда, орысшаға еліктеп, әкесінің атына «оп» деп қосып жазу қалсын – деген ұсынысы тіркелді.