Мұхтар Әуезов және ұлттық ғылым тілі мен терминология мәселелері

Мұхтар  Әуезов және ұлттық  ғылым тілі мен терминология мәселелері

ХХ ғасырдағы қазақ терминологиясының, ғылым тілінің тарихы туралы сөз қозғағанда М.Әуезовтің есімін атамай кетуге болмайды. Өйткені ол ғасыр басынан бастап-ақ ғылым тілінің, терминологияның маңызын терең түсініп, оны дамыту мен қалыптастырудың өзекті мәселелерін  арнайы сөз еткен қазақ зиялыларының бірі. Оның бұл мәселеге арналған алғашқы мақалаларының 1917, 1918 жылдары-ақ жарық көруі соның айқын дәлелі бола алады. Ғалымның  «Қайсысын қолданамыз?» деген мақаласы 1917 жылы Семейде шығып тұрған «Сарыарқа» газетінде жарияланған.

«Жұрт оянып, көзін ашып, жұрттыққа бетін түзесе, күннен күнге мұқтажы табылып көбеймек. Осы күнгі біздің көп мұқтажымыздың ішінде ең ірісі – ғылым» - деп басталатын осы мақаласында ол « Қазаққа келсек, мектепке арналған ретті бір кітап жоқ. Себебі, мұны ниет қылған талапкерлердің алдынан көлденең шығатын бір зор кедергі барлығы. Ол – ғылым тілі. Ғылым тіліне қазақ сөзі жетпейтіні, жететін болған күнде де, аршылып, арналмағандығы анық. Қандай тілге бай жұрт болсын, ғылым жолына түсе бастағанда тілі кемшілік қылып, қашанғы ескісін алып құрастырып, бөтен жұрттың тілін жамау қылып, неше түрлі болып аламыштанады.

Бір халықтың ғылымсыз күніндегі тілін алып, артынан ғылымды болған күндегі тілін алсақ, соңғы тілі жаңа туғандай болып өзгереді» - деген пікір айтады.

Біріншіден, мақала авторы білім беру ісінде кедергі туғызып отырған мәселенің бірі ғылым тілінің, терминологияның қалыптаспағандығы екенін атап көрсетеді. Екіншіден, ғылыми ұғымдарды білдіретін қазақ сөздерінің жетісе бермейтіндігі, ал бар сөздердің сұрыпталып алынып (Әуезовше айтқанда аршылып) терминдік мәнде, арнайы мағынада жұмсалмағандығы (арналмағандығы) да дәл сол кезеңнің шындығы ретінде өте орынды айтылған пікір. Үшіншіден, ұлттық ғылым тілінің алғашқы қалыптасу кезеңінде болатын қиыншылықтарды атап көрсетеді. Мәселен, көне сөздерге жаңа мағына жүктеп, өзге тілдерден сөз алуға тура келетінін айтуы соның айғағы. Төртіншіден, ғылымның дамып, өркендеуіне  байланысты ұлт тілінің үлкен өзгерістерге ұшырайтынын да («жаңа туғандай болып өзгереді» -М.Ә.) орынды атап өтеді. Тілге сондай өзгерістер енгізу кезеңі жаңа басталған сол уақытта бұл дер кезінде айтылған пікір еді.

М.Әуезовтің ғылым тілінің тарихында ескерусіз қалмауға тиісті еңбегінің бірі – «Ғылым тілі (научный термин)» деп аталатын мақаласы. Бұл мақала жоғарыда сөз болған «Қайсысын қолданамыз?» атты мақаладан кейін арада бір жылдай уақыт өткенде 1918 жылы «Абай» журналының  №7 санында жарияланған. Аты айтып тұрғандай мақала тікелей ғылым тіліне, ғылыми термин мәселесіне арналған. Өткен ғасыр басындағы ғылым тілінің мәселелерін сөз еткен ең алғашқы еңбектердің бірі болғандықтан мақаланың ғылым тілінің тарихы үшін маңыздылығы дау тудырмасы анық.

Бұл мақаланы 1917 жылы «Сарыарқа» газетінде жарияланған алдыңғы сөз болған «Қайсысын қолданамыз» атты мақаласының заңды жалғасы деуге болады.  Автор алғашқы мақалада көтерген мәселелері туралы ойларын одан әрі жалғап, тұжырымдарын тиянақтай түскен.  Мақаланың бірінші сөйлемі – «Ғылым тілі – бұл уақытқа шейін қазақ оқығанының бір қалыпқа қойып, бір негізге құра алмай келе жатқан мәселесінің бірі» – деп басталыпты.

Ол алғашқы мақаласында алға тартқан мәселені қайтадан қозғап, былай деп жазады: «Қазіргі қазақ тіліндегі оқу екі ағысқа бөлініп барады. Бірі – мұсылманша оқығандардың жолы. Ғылым тілін арапшаға, мұсылман негізіне тартады. Екіншісі – орысша оқығандар, ғылым тілін орысшаға, европа негізіне тартады. Бұл жік тәртіпті бастауыш мектептердің һәм курстардың оқуында айқын білініп отыр. Әркімнің өз білгеніне тартатыны мәлім нәрсе». Дәл осы ойды ол алдыңғы  мақаласында да айтып, бұл мәселеге ерекше мән беру қажеттігін көрсеткен. Алдыңғы мақаласында ол екі бағыттың бірін таңдап, ғылым тілін бір ізге түсіру қажеттігін айтса, соңғы мақалада өзінің қай бағытты қолдайтынын білдіріп,  неге ол бағытты ұстану керектігінің себептерін көрсетеді, өзіндік дәлелдерін алға тартады. Қазан төңкерісінен бастап 30-жылдар ішінде терминологияны қалыптастыру ісінде пантүркішілдер, панисламистер, бұқарашылдар (демократшылдар), европашылдар бағыты болғаны мәлім.

Мақаладағы  М.Әуезовтің орыстар мен жапондардың  тіл жолындағы қателіктерін қайталаудан сақтандырған  пікірі де айрықша назар аудартады. Ол орыс әдебиеті аяғын апыл-тапыл басып, буынын бекіте алмай жүргенде «шіркеулік-словян» (церковно-словянский) тілімен аламыштанғанын айта келіп, «Орыс ол қатесін бері келген соң зорға түзетті» – дейді.

Бұл жөнінде де 21 жастағы  Мұхтар Әуезовтің салиқалы пікір айтқанын көреміз. Ол «Біреу оңға, біреу солға тартып, илей беруге көне беретін ғылым жолы – терінің пұшпағы емес. Әуелде қалай беттесе, көп уақытқа шейін сол бетінде жол болып бекіп қалады. Сол себепті қазақ оқуының бетіне қандай жаңалық кіргіземіз десек те, әуелі кеңінен толғап ойланбай іс қылудың артынан талай аурулы мәселе туып кетуін ұмытпау керек» – деп жазды.

Мұхтар Әуезовтің ғылым тілі мен терминологиялық қорды қалыптастыру жөніндегі көзқарасын анықтап, оның бұл мәселедегі негізгі ұстанымдарын жан-жақты ашып көрсету үшін оның кейінгі кеңес дәуірі тұсында жазған еңбектеріне де тоқталуға тура келеді. Оның ұстанымдарының қалыптасуына алаш зиялыларының, Ахмет Байтұрсынұлының қаншалықты ықпалы болғанына сонда ғана көз жеткізе аламыз.      М.Әуезовтің қазақ әдеби тілінің, оның ішінде, ғылым тілінің мәселелерін жан-жақты сөз еткен «Тіл және әдебиет мәселесі» деп аталатын көлемді мақаласынан да терминологияны қалыптастыруда қажетімізге жарататын көптеген құнды пікірлерді табуға болады. Ғалымның бұл мақаласы 1951 жылы «Әдебиет және искусство» журналының № 4 санында жарияланды. Ғалымның осы мақаласында айтылған ойлары  мен жасаған тұжырымдары төңірегінде де талай мәселені қозғап, талдап, таратып көрсететін жайттардың аз емес. Академик жазушының ғылым тілі, термин және терминология  туралы пікірлері айрықша назар аудартады.

Біріншіден, ғалым кеңестік кезеңге дейін де қазақ тілі арнаулы лексикасының бақташылық, аңшылық немесе балықшылық сияқты кәсіптер мен салтқа қатысты атауларға бай болғандығын айта келіп, керісінше, қай салада ондай атаулардың өте аз ұшырастынын  атап көрсеткен. Оған ғалымның «Абай заманындағы ғылым, техника, философия, социология, саясат – баршасынан қазақ тілінің сөздігі мүлде құралақан еді» деген пікірі дәлел бола алады.

Екіншіден, ол төңкерістен кейінгі молыққан терминологиялық лексиканы қамти отырып, терминдер сөздігін шығаруды тіл мамандарының алдындағы міндет деп көрсетеді. Ол Армения, Латвия сияқты одақтас республикаларда бірнеше ғылым салалары бойынша үлкен терминологиялық сөздіктердің шығып жатқандығын мысалға келтіріп, бізде «...проф. Н.Сауранбаевтың басқаруымен терминдік сөздіктер енді-енді шыға бастады... ...бұл күнде  аса қажет болып отырған  сөздік томдары  тумай келе жатқаны, үлкен өкінішті жай» – деп қынжылыс білдіреді. Бұл ұлттық ғылым тілін дамытудың маңызын терең түсінген, терминографиялық жұмыстардың уақыт талабына сай жүргізілмей, кенжелеп қалып жатқандығына алаңдаушылық білдірген ұлт зиялысының сөзі.

Үшіншіден, термин сөздердің ақын-жазушыларымыздың  шығармаларында аз қолданылатынын айта келіп, олай болуының себептерін де атап көрсетіп, өзі көтерген мәселеге өз жауабын да береді. «Қазақ тілінде шығып жатқан ғылымдық кітаптарда жаңа атаулар көп, сондай-ақ жұмысшы, колхозшы, интеллигенция арасында мол тараған жаңа сөздер де көп. Бірақ осы сөздік байлықты қазақ жазушылары өз шығармаларына тым сараң кіргізеді. Орыс поэзиясын алсақ, неше алуан ғылым-техника сөздіктерін барынша батыл, мол араластырады» – дей келіп, оның себебін орыс және шет тілдерінен алынған атаулардың бізде әлі дұрыс жолға қойылмағандығымен түсіндіреді. Орыс сөздері, шетел атаулары орысша қалай жазылса, қазақта да солай жазылуы керек деген қағидамыздың қайшылықтарын көрсетеді. Бұл ереженің мұғалімдер мен оқушыларға үлкен қиындық туғызып жүргенін айтады. “Орыстың тілінде француз, ағылшын, неміс, латыннан кірген ұшан-теңіз сөздер бар екен. Олар орыс тілінің заңына бағына айтылады да, жазылады да. Қазіргі орыс балалары сол сөздердің неміс, француз, ағылшын тілдерін оқи бастағанда, басқаша айтылып жазылатынын жолай қиналмай-ақ түсініп, ұғынып келе жатқан жоқ па?  Біздің грамматикамызда осы жөнде асыра сілтеу, сыңаржақтық бар сияқты» деп өте орынды пікір айтады. Қазақ ақын-жазушыларының кірме сөздерді сирек қолдануының себебін де сұңғыла ғалым дұрыс аңғара білген. «Біз жоғарыда, қазақ жазушылары ғылым, техника сияқты, қазақ тіліне молынан кірген сан-сала жаңалық атауларды қолданбайды дедік. Соларды тілдің грамматикалық көп түрлеріне өзгертіп, өлең жолына қолданудың ақындарға қиын соғатыны да бар. Әсіресе, орыс сөзі мен шет сөздерді алу, жазудағы біздің бүгінгі орфографиямыз қиындық туғызады. Өлең жолына дәл орысша орфографиясын аудармай кіргізсе, оған қазақтың тіліндегі жаңағы аталған жалғау, жұрнақтар сияқты қосымша буындарды үстемелеп жалғатса, өлең жолына симайтын шұбыртпа шығатыны даусыз» -дейді ғалым. Мағыналары көмескі, тіпті көбінің мағынасын салалық мамандардан өзгелер арнайы түсініктеме арқылы ғана түсінуге болатын шет тілдері сөздерінің құрамындағы кірме дыбыстар жатық айтылуға илікпей, қазақ сөздерімен үндесіп, ұйқасқа көнбей тұратыны белгілі. Шет тілдерінің сөздерін қабылдауда орын алған бұл кемшілікті және соның салдарынан олардың тілге сіңбей, қолданысқа енбей жатқанын әділ атап көрсеткен. Одан әрі ол революциядан кейінгі кезде орыс тіліне көршілес халықтар тілінен еніп жатқан көптеген сөздерді олар өз тілінің заңдылықтарына бағындырып алып жатқандығын нақты мысалдармен көрсетеді. «Джайлау, акын (ақын емес) тәрізді сан сөздер орыс тілінің фонетикалық, грамматикалық жағдайларына бейімделіп алынып отырған жоқ па?» деу арқылы ол – біз неге осылай істемейміз, біздің тіліміздің заңдылықтары неліктен аяқ асты болады? – деген ойды ашық айтқан. Орыс тілін совет халқының ана тіліне айналдыруды мақсат етіп отырған тіл саясаты үстемдік етіп тұрған сол кезеңде бұдан артық қалай айтуға болады.

Орыс терминологиясы өзге тілдерден өз тілінің заңдылықтарына сәйкестендіріп қабылдаған терминдерді біз олардан сол қалпында өзгертпей алдық. Сөз соңындағы кейбір қосымшаларды ғана қазақыландырған болдық. Бұл кейінгі кеңестік кезеңнің термин қалыптастыруда бізге ұсынған принциптерін басшылыққа алу еді.  Нәтижесінде М.Әуезов атап көрсеткендей, ақын-жазушылардың шығамаларында қолдануға икемсіз, жаттығын жасырмай өзге тілдің заңдылықтарын мойындамай қасарысып тұрған кірме сөздер қатары көбейгенмен олар бейтерминденіп, жалпы қолданысқа көшіп, тілге сіңіп кете алмады. Оларды кезінде самаурын, кереует, бәтеңке сынды тіліміздің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне икемдеп қабылдағанда арада өткен 60-70 жылдың ішінде тек арнаулы лексика шеңберімен шектелмей қолданыс жиілігі де артып, қазіргі кезеңде болып жатқан қарсылыққа ұшырамай Халелше айтқанда, тілге «өзілік» болып кетер еді. М.Әуезов  Ахаңның осы принципін толық қолдап отырғанын көреміз. 20-жылдары А.Байтұрсынұлы мен Х.Досмұхамедұлы дәлелдеген мәселенің араға отыз жылдай уақыт салып барып, кеңестік академик М.Әуезов тарапынан қайта көтеріліп жатуы бір жағынан ең көрнекті қазақ зиялыларының ой-пікірлерінің бір жерден шығып үндесіп жатқанын көрсетсе, екінші жағынан, сол пікірдің ғылыми негізінің беріктігін де дәлелдей түссе керек.

Төртіншіден, М.Әуезов тек орыс тілінен ғана емес туыстас түркі халықтарының тілдерінен де сөз алмасу қажеттігін кеңестік кезеңде атап көрсетіп, Ахаңның терминологияны қалыптастырудағы тағы бір  принципін қолдаған ғалым. Кеңестік дәуірде терминологиямызды қалыптастырудың сыртқы көзі ретінде біз тек орыс тілін таныдық деуге болады. Еуропа тілдерінен енген терминдерді орыс тілі сіңіріп алғаннан кейін ғана солар арқылы біз қабылдадық. А.Байтұрсынұлының терминологияны қалыптастыру принциптерінің бірінде «В случае отсутствие в казахском языке подобного рода слов, заимствовать таковые из родственных казахскому языков» – дей отырып, оның себептерін де атап көрсетеді. Ал М.Әуезов «Советтік әдеби тіліміздің байып, өсуіне қосымша қорды біз қазір жалғыз орыс тілінен аламыз да қоямыз деп, кесіп байлау да дұрыс емес. Орыс халқының тілінен алудың үстіне, қазақтың әдеби тіліне көршілес туысқан елдер тілінен келіп араласқан, біте қайнасып кеткен көп сөздерден де жазба әдебиетіміз қашпау керек» – дейді.  Бұл мәселеде де қос ғұламаның пікірлері бір жерден шығып, Ахаңның терминологияны қалыптастырудың бір сыртқы көзі ретінде туыстас түркі тілдерін  таныған ұстанымының Мұхаң тарапынан кеңес дәуірінің күшейіп тұрған кезінде қолдау тауып отырғанын  анық көруге болады.

Бесіншіден, М.Әуезов қазақтың жазба әдебиетінде, ғылым тілінде қазақ тілінің бар байлығын, оның ішінде, архаизмдер, кәсіби сөздер мен жергілікті тіл ерекшеліктерін  сарқа пайдалануды ұсынған.  Ғалымның мына төмендегі айтқан пікірлері соның айқын дәлелі бола алады: «...жазба әдебиетіміздің өзіне де әлі халқымыздағы таза қазақ тілінің бар байлығы, барлық ерекшеліктері мен сөздік байлығы түгел кіріп болған жоқ.  ...Тарихтық, мәдениеттік жағдай енді бізден қазақ халқының бар шет түкпірлеріндегі бұрын оқшаулық, өзгешелік күйде жүрген сөздік қорлардың бәрін ортаға салып, түгел туыстыра, араластыра қосып, пайдалануды тілейді.  ...әдебиет тілін жасауда, жоғарыдағы саналған жолдармен көп ізденіп, ғылым, техника сөздіктерін және бүгінгі Қазақстанның бар өлкесіндегі халықтық тіл байлықтарын мол пайдалану мәселелерін үнемі шартты талап етіп, сынап отыру керек».

Ғалым қазақ тілінің барлық лексикалық қабаттарын ұтымды пайдаланудың қажеттігін атап көрсетіп отыр. Диханшылық, балықшылық сияқты әр түрлі кәсіптерге байланысты сөздерді  шығармаларында молынан пайдаланбай жүрген белгілі ақын-жазушылардың онысын кемшілік деп бағалау керек дейді. Көркем шығармалар мен ғылым тілінде аталған қабаттардың елеусіз қалып жатқанын көрсетудің үлкен жетістік екенін айтқан жөн.

Алтыншыдан, М.Әуезов осы мақаласында ғылым тілін, терминолгияны қалыптастырудағы ұлттық кадрлардың, ғалымдардың рөлін атап көрсеткен.  Ол қазақтан шыққан инженерлер, дәрігерлер, биологтар мен математиктердің  еңбектерін өз халқының тілінде жазбауын еш ақтауға болмайтынын үлкен күйінішпен айта отырып, сол арнаулы салалардағы ұғымдар атауларын, тілін қалыптастыру солардың тікелей міндеті екендігін ескертеді. Ғалымдардың «диссертациялық еңбектерін, ең алдымен қазақ тілінде жазуды шарт етіп қою, анық орынды орайлы шараның бірі болар еді» дейді. Ғылым тілінің мектеп оқулықтарынан бастап, қоғамдық өмірдің сан түрлі салаларында еңбек етіп жүрген ғалымдардың жазған оқулықтары, ғылыми еңбектері, түзген сөздіктері арқылы қалыптасары сөзсіз. Ал тілдің ғылым саласындағы қызметін қалыптастырады деп жүрген білікті мамандарымыз ғылыми еңбектерін өзге тілде жазса, ұлт тілінің бұл салалардағы қолданысына үлкен нұқсан келері күмәнсіз.

Бұдан  ұлт зиялысының елдегі тілдік ахуалды, тіл саясатын ескере отырып, ғылым тілінің, терминологияның ең өзекті мәселелерін, орын алған кемшіліктерін дөп басып айта білген кең тынысты, ірі филолог ғалым екендігі көруге болады.

М.Әуезов профессор  В.Эвальдтің «Құрылыс материалдары»  деп аталатын көлемді еңбегін қазақшаға аударып, 1933 жылы бастырып (Қызылорда), қазақ тілінде техникалық терминдердің жасалуына да үлес қосты.

Қазақ жазушыларының, әдебиетші ғалымдарының тілдің әр түрлі мәселелеріне еңбек жазғандары аз емес. Сөз зергері, академик-жазушы Ғ.Мүсіреповтің, қаһарман қаламгер Б.Момышұлының тіл жайында жазғандарын кім білмейді?  Ал тікелей ғылым тілінің, терминологияның  мәселелерін ең алғашқылардың бірі болып көтеріп, шығармашылығының әр кезеңінде арнайы сөз етіп, оның даму бағытын белгілеуге белсене араласып, өзекті мәселерін көтеріп, салиқалы ой, салмақты пікір айта білген М.Әуезовтің орны айрықша. Ол қазақтың ғылым тілінің қалыптасуына ат салысып, өзіндік үлес қосқан  көрнекті ғалым. Сондықтан қазақ терминологиясының  даму, қалыптасу тарихы, ғылым тілінің, оның терминологиясының дамуы мен қалыптасуы туралы сөз болғанда М.Әуезов есімі ерекше аталуға тиіс.

Бөлімнің презентациясы