География терминдерінің халықаралық атаулармен үйлесімділігі

География терминдерінің халықаралық атаулармен үйлесімділігі

           «Жаратылыстану» термині екі сөзден, екі түбірден құралады: «жаратылыс» неғұрлым кең мағынадағы «табиғат» және «тану» - білу, зерттеу. Демек, терминнің сөзбе-сөз мағынасы – табиғат туралы білім. Жаратылыстану – табиғат туралы ғылымдардың жиынтығы, табиғат туралы ғылымдар кешені. Қазіргі кезде жаратылыстану физика, химия, биология, геология, география, астрономия жэне т.б. ғылымдарды камтиды және де ол ғылымдар, өз кезегінде, тағы да косымша салаларга жіктеледі. Сондықтан да жаратылыстану табиғат нысандары мен табиғат кұбылыстарына катысты көптеген мәселелерді әртүрлі қырларынан қарастырады. Сол себепті терминдерге деген көзқарасты жан-жақты  ескерулеріміз қажет. Табиғатты зерттеу – адамның өзін қоршаған әлемді түсініп, білуге талпынысынан туындаған заңды кұбылыс. Зерттеулер қоршаған табиғатка қатысты негізгі ұғымдардың, терминдер мен атаулардың шығуына, табиғат кұбылыстарының көрініс беруі, өзгеру заңдылыктары туралы пікірлердің қалыптасуына алып келеді. Табиғатқа, ондағы жүріп жаткан құбылыстарға қатысты көзқарастар адамзат өркениеті дамуының әртүрлі кезеңдерінде ғылыми жүйелер мен философиялық мектептердің негізінде пайда болды. Жаратылыстану саласындағы зерттеулердің нәтижелері техникалык, технологиялық терминдерге қатысты екендігін көреміз, экономиканың түрлі салаларында күнделікті адамзат тұрмысының ажырамас бөлігі ретінде қолданыста.

Терминдердің қолданысы адамзат мәдениетінің құрамдас бөлігі болып қалыптасып келеді. Терминдердің атаулары әр ғылым саласында түрлі мағынаны беретіні анық. Географиялық  атаулар мен терминдер қолданысы мазмұн мен мағыналық тұрғыда айырмашылықтарға ие. Техникалық терминдердің айырмашылығы – қолдану бағытына сәйкестігі және оны танып білуінде, философиядан айырмашылығы – ғылыми қорытындылары эмпирикалық тексеруді кажет етуінде. Сонымен катар ғылым ешқашанда терминдерге қатысты  мәселелерді толықтай шеше алмайды [1].

Терминдердің халықаралық атаулармен үйлесімділігі тек географияға ғана емес басқа пәндерге де тікелей қатысы бар. Географиялық қоршаған орта компоненттерінің орналасуы мен өзара әрекеттесуінің заңдары мен заңдылықтары және олардың әртүрлі деңгейлердегі комбинациясы, қолданыстағы кейбір терминдердің күрделілігі және пәндік саланың кеңдігі пәнді географиялық ғылымдар жүйесін құрайтын бірқатар мамандандырылған (салалық) ғылыми пәндерге бөлуге әкелді. География физикалық, экономикалық-әлеуметтік тармақтарға бөлінеді. Халықаралық атауға ие терминдер көптеп кездеседі.

География – ерекше дүниетанымдық пән. Сонымен бірге географиялық білім ғаламдық, аймақтық және жергілікті деңгейдегі әлеуметтік-экономикалық және ғаламдық-экологиялық тұрақты даму проблемаларын шешу үшін де қажет. Географиялық білімнің негізгі мазмұнын меңгеруде білім алушылар геоэкономика, геоэкология, демография, әлемтану, және т.б. ғылым салалары бойынша түрлі терминдерді қолданып келеді.

География жаратылыстану (7-9 сыныптар) және қоғамдық–гуманитарлық бағыттағы (10-11сыныптар) оқу пәндеріне кіретін бірден-бір мектеп пәні болып табылады. Географиядан берілетін білімнің маңыздылығы қоршаған ортаға қатысты оқушылардың көзқарастары, ұстанымдары, тәртіп нормалары, өмірлік біліктіліктерінің жүйесін және алған білімдері негізінде табиғи, шаруашылық, әлеуметтік және әр түрлі аумақтардың экологиялық жағдайларын бағалауға қатысты біліктерін қалыптастыруға бағытталумен ерекшеленеді. Бірақ қазіргі кезде кей оқулықтар мен оқу бағдарламаларында географиялық терминдердің бұрмаланып берілуі оқу процесіндегі ең басты мәселелердің бірі болып отыр.

Ал жалпы қазір біздің сөздік қорымызда 27 мыңнан астам термин бар. Олардың бәрі тіл ғалымдарының мұқият тексеріп, жан-жақты зерттеп, мақұлдауымен бекітілген. Бүгін ғалымдар медицина, физика, химия мен ақпараттық технология саласында аударылған сөздердің қаншалықты дұрыс аударылғанын қарастыруда.

Мысалы еуропалық тілдердің көпшілігінде, соның ішінде орыс тілінде де, «культура» сөзі бар. Бастапқыда латын тілінен (лат. cultura «егу, өңдеу, тәрбиелеу, даму, дәріптеу») алынып, кең таралып кеткен. Осыған байланысты, оқулықтарда мәдени өсімдіктер, мәдени орта терминдері қолданыста жүр.

Бір анығы, уақыт өте келе бәрі өзгереді. Кей сөздер өледі, жаңа сөздер қолданысқа енеді. Қазіргі мектеп оқулықтарында қолданыста жүрген кей терминдерге назар ауаратын болсақ:

Аккумуляциялық процесс – су, жел, т.б. әсерінен әр түрлі бос жатқан минерал шөгінділері мен органикалық тұнбалардың бір жерге жиналуы, үйілуі.

Аллювий – үйінді жыныстардың өзен суымен шайылып, өзен арналарына жиналған шөгіндісі.

Альпілік тектогенез – жер қыртысының неоген дәуірінен осы кезге дейінгі тауларды жаратушы қозғалысы.

Мортмасса – өсімдіктер мен жануарлардың қурап қалған қалдықтары.

Морфомүсін – сыртқы күштердің (су, жел, мұздық, т.б.) әсерімен түзілетін жер бедері пішінінің кешені (өзен аңғары, құмды шағыл, т.б.).

Морфоқұрылым – ішкі және сыртқы, әсіресе ішкі күштердің басым әрекет етуінен түзілген жер бедері пішіндерінің кешені. Мысалы: тау жотасы, тау іші жазығы, т.б.

Неоген дәуірі – жердің геологиялық тарихындағы кайнозой эрасының жаңа дәуірі, қазіргі өтіп жатқан антропоген дәуірінің алдында өткен.

Неотектоникалық қозғалыс – неоген, антропоген дәуірлеріндегі жер қыртысы қозғалысы.

Нивальды белдеу – таудағы мәңгі қар басқан белдеу.

Оазис (жазира) – шөл мен шөлейттегі тұщы суы бар көгектарлды алқап.

(Жазира немесе тұщы суы бар көгектарлды алқапты қалай түсінуге болады?)

Андезит – орташа қышқыл темір мен магнийге бай эффузивтік тау жынысы.

Сіреқар – фирн, қарғын – снежница сөздері ене қойған жоқ.

Топырақ үрленуi – дефляция сөзі неге қалмасқа?

Акведу́к (лат. aqua «вода», duco «веду») сөзінің қазақша нұсқасы тарнау сөзін ешкім түсініп жатқан жоқ.

Ұйықтану, тұнба шөгу – заиление, абразивы – түрпітас сөзі мағынасынан ауытқып кеткен.

Шірік тұнба сөзі сапропель (греч. σαπρός «гнилой», πηλός «глина») түрінде беріліп жүр. Бұл терминді барлық тілде сопропель деп неге атамасқа? Батпақтың түрін тұнба деп атауға келмейді.

Депрессия – жер бетінің немесе жер қыртысының ойыс жері.

Дигрессиялық ландшафт өзгерісі – ландшафтының құнарсыздануы.

Көрсетілген терминдер қатарынан шеттілдік атаулардың өзгертіліп берілген нұсқаларын көруге болады. Біраз терминдер құлаққа сіңіп өз орнын тапқандай.

Литосфера бөліміндегі терминдерге тоқталсақ: спрединг (ағылш. spread «созу, кеңейту») – тақталардың мұхит ортасы төңірегіндегі айырыстары. Субдукция – спрединг процесі нәтижесінде континент жағалауларына жылжып жеткен мұхиттық литосфераның сол литосфера қозғалысына қарсы бағытталған немесе «тыныш тұрған» континенттік литосфера астына қарай сұғынуы. Коллизия (лат. collіsіo «қақтығыс») – қарама-қарсы мүдделер мен күштердің, көзқарастардың қақтығысы. Коллизия термині географияда материктер тақталарының соғысуы. Бұл термин әдебиет пен өнер туындыларындағы тартыстың, сезім арпалысының шебер бейнеленуін көрсету үшін де қолданылады. Осы тұста көрсетілгендей қазіргі кезде шетелдік терминдер қолданысы әлі де болса ретке келмегендігін көрсетеді.

Жоғарыда келтірілген мысалдардан кей терминдердің түсініксіз екендігін, мазмұндық сәйкестігінің жоқтығын байқауға болады. Осыған орай терминдік мәселелер жеке ғылым салалары бойынша қарастырылып ретке келтірілуі шарт. Себебі интернет жүйесі мен оқулықтарда кеткен қателер оқырманды шатастырады.

  

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазіргі жаратылыстану концепциялары: оқу кұралы / К. Кошкимбаев, Г.А. Тусупбекова, А. Ыдырыс, Г.К. Атанбаева [және т.б.]. - Алматы: Қазақ университеті, 2018. -252 6

2. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі [Мәтін] / К. Биекенов М. Садырова ... – Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. - 342, [1] б. – 2000 дана – 9965-822-10-7 (мұқ.) : 517, 22 тг.