ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНДЕГІ ЖАҢА СӨЗДЕРДІҢ ЗЕРТТЕЛУІ ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛЕНУІ

ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНДЕГІ ЖАҢА СӨЗДЕРДІҢ ЗЕРТТЕЛУІ ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛЕНУІ

Қазақ тіл танымының теориялық мәселелерінің қалыпта­суы көрнекті ғалымдар – А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбановтың есімдерімен қатар аталатындығы мәлім. А.Байтұрсынұлы және Қ.Жұбанов өткен ғасырдың бас кезінің өзінде-ақ қазақ тіл білімінің негіз­гі бағыттарын бағдарлама, тезистер түрінде анықтап берген еді. Объективті түрде қарағанда, қазақ тіліндегі жаңа сөздерді тану мен талдау, ажырату мен сұрыптау қазақ тіл танымының хронологиялық басталған кезеңдеріне – өткен ғасырдың 20-жылдарына тікелей қатысты.

А.Байтұрсынұлы ұлттық философияның бір тармағы тілді сақтап қалу, оның құрметтеу мақсатындағы айтылған көптеген пікірлерімен қатар тіл мен әдебиеттің ұғым категорияларының қазақша баламала­рын табуға елеулі үлес қосып, осы екі саланың терминдерінің жүйе­ленуі мен сұрыпталуының негізін қалады. Академик Р.Сыздық былай деп жазады: «Егер әрбір құбылысты, әрбір іс-әрекетті өз кезеңіне қарап, сол кезеңдегі жағдайға қарап тану керектігін мойындасақ, А.Байтұр­сынұлының термин жасаудағы «қазақшылығының» негізі бар екендігін көреміз, ұстаған принципі дұрыс екендігін танимыз. Ол принцип – жас ғылым салаларының терминдерін жасауда қазақ тілінің өз мүмкіндігіне иек артуға негізделеді» [1].

Академик Ә.Қайдар: «Ана тіліміздің өз мүмкіншілігінен пайдаланып, ғылыми атау – термин жасауға болатындығын іс жүзінде өз іс-өнегесімен дәлелдеген Ахмет Байтұрсынұлы пен оның біраз замандастары болды. Ақырында оның өзі кетіп, жаңадан жасаған бастауыш, баянда­уыш, есімше, көсемше, демеу, үстеу сияқты тағы басқа жүздеген тер­миндері ұрпаққа замана естелігі болып артында қалды, оларды әлі де пайдаланып жүрміз», – дейді [2: 8].

«Баспасөзде, кітаптарда, оқулықтарда, радио-теледидарда қазір кең де еркін қолданылатын сөз дұрыстығы, тіл тазалығы, тіл анықтығы, ... меңзеу, теңеу, алмастыру, кейіптеу, қайталақтау, көсемсөз, уағыз, толғау, шендестіру ... сияқты ұғымдарды тұңғыш рет енгізіп, осы сөз­дерді термин дәрежесіне көтерген А. Байтұрсынұлы екенін айту – тари­хи әділет [3: 13].

Ғалым Қ. Жұбанов жаңа сөздерді қазақ терминологиясының қалып­тасуымен біртұтастықта қараған. Шын мәнінде жаңадан пайда болған белгілі бір сөздің, ұғым мен түсініктің ішкі мазмұна сыртқы формасы­ның сәйкес келуін семантикалық тұрғыдан талдаған алғашқы пікірлерді Қ. Жұбанов айтқан болатын. Бұл ретте көрнекті ғалымның атом, пси­хология, геометрия сияқты халықаралық терминдердің ішкі семанти­касын анықтай отырып, оларға берілген кейбір қазақша баламалардың сәйкес келмейтіндігін (мысалы, психология – жан жүйесі, геометрия – пішіндеме) ғылыми тұрғыдан дәлелдегенін жаңа сөздер туралы ғылым­ның – неологияның алғашқы тұжырымдары деп бағалауға болады.

Академик І. Кеңесбаев былай деп көрсеткен еді: «Қ. Жұбанов Республика Үкіметі жанындағы темринология мен емлені үйлестіру ор­талығын ұйымдастырушылардың бірі болатын. Оның басшылығымен Мемлекеттік терминком бюллетенінің төрт номері басылып шықты, онда көп ғылым саласы бойынша қазақша терминдердің үлгісін жариялады. Қ. Жұбановтың өзі ...терминдердің ерекшелігі емле мәселелерін сөз етті. Бұл мақалалар ...әлі күнге маңызын жойған жоқ [4: 28].

Кезінде Х.Досмұхамедұлы тіпті анық айтқан: «Ғылымды өз тіліміз­ге аударғанда, ең керегі ғылым тіліндегі атауларды (термин) дұрыстап түсінікті қылып аудару. Ғылым тіліндегі қолданылған атауларды қа­зақ тіліне дұрыстап түсінікті қылып аудару – өте қиын жұмыс. Ғылым атауларына келісті ат тағу деген алғашқы уақытта қыйын болса да, өте мұқтаж нәрсе»

А. Байтұрсынұлы мен Қ. Жұбановтың теориялық-практикалық ұсы­ныстары мен тұжырымдары туралы кейінгі тілші-ғалымдардың айтқан пікірлері сол кезеңде жаңа сөздерді жүйелеу бағытының біршама қолға алына бастағандығын көрсетеді.

ХХ ғасырдың І жартысында қазақ әдеби тіліндегі жаңа сөздердің зерттелуі терминтану / терминтаным мәселелеріне тікелей байланысты болды. Бұл жайт сол кезеңде туындаған объективті факторларға – білім беру жүйесіне дендеп енгізіле бастаған халықаралық терминдерді же­делдете меңгерту үшін мағынасын анықтау, жұртшылықты сауаттан­дыру факторларына байланысты еді. Тағы да бір аса маңызды фактор байқалған еді: тілдің тазалығын, өміршеңдігін сақтау жиырмасыншы ғасырдағы қазақ зиялыларының негізгі ұлттық ұстанымына айналып, ғылыми сипат алды. Сол тұстың зиялы қауымы ұлттық-мәдени мазмұн­дағы қазақтың сөз байлығын ғылым мен техниканың тіліне айналды­руға ұмтылыс жасады. Қазақ тілінің ішкі мүмкіндігі, сөздік қорға енетін жаңа атаулардың ұлттық сипаты туралы Х. Досмұхамедұлы былай деп жазады: «Қазақ тілі тексеріліп болған жоқ. Біз жат тілдерге қызығуды қойып, әуелі өз тілімізді дұрыстап тексеруіміз керек. Шындап тексер­сек, қазақ тілінің өзінен пәнге жарайтын көп сөздер табылады» [5].

Сөз болып отырған кезеңде ғылым мен техниканың тілін қазақшаға айналдырудағы іс-шаралардың қаншалықты маңызды болғандығын С. Елубай былайша анықтайды:

– бұл кезең өзінің күрделілігімен қазақ тарихының, оның ішінде мә­дениет дамуы тарихының ішінде сипатталады. Осы күрделі кезеңде өмір сүргендігіне, саяси идеологиялар соққысына қарамастан, ұлт мүд­десі мақсатында тілдік мәселелердің шешілуі – осы кезеңге тән басты ерекшелік.

– тілдің даму деңгейі алғаш рет ірі ықпалдар мен соққыларға ұшы­раған кезең осы тұсқа сай келеді. Алғаш кедергілерге тап болған тіл да­муының тарихындағы кезеңде қазіргіге қарағанда нәтижелі шешімдер қабылдана білген. Мұның айғағы – ұлттық тілді ұлт дыбыстарына сәй­кес дыбыстай білуі, ұлт тілін қолданушы тұлғалардың өзге сананы мең­гермей, таза ұлттық санамен таза тілді сақтап қалуға ұмтылуы, соған сәйкес қазақ табиғатына жат болмайтын ұлт тіліндегі терминдер мен сөздерді жасап, қалыптастыра алғандығы әсер еткен [6].

Өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы жаңа сөздерге қатысты пікір­лерді осылайша қорытуға болады. Тарихи кезеңдерде жаңа сөздердің зерттелуіне қатысты ғылыми тұжырымдарды қазақ әдеби тілінің та­рихына арналған еңбектерден де кездестіреміз. Айталық, XVIII-XIX ғасырдағы әдеби тілдің тарихы, алғашқы қазақ баспасөзінің тілі диахронды түрде зерделенген еңбектерде де жекелеген жаңа сөздер туралы тілдік фактілер келтіріледі [7; 8].

Өткен ғасырдың 1920-30 жылдардағы қазақ әдебиетінде пайда болған неологизмдерге арналған ғалым Ш. Бәйтікованың зерттеуі бар. Бұл еңбектің құнды жағы – Алаш зиялыларымен қатар Сәкен Сейфул­лин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, Сабыр Шәріпов сияқты қаламгерлердің шығармаларынан тілдік фактілердің талдануында [9: 4].

Тілдің лексикалық қабатына тән нормалар басқа қабаттардағы нор­малармен бірге тілдің жалпы нормасын құрайды. Кез келген тілдің әде­билігі оны тұтынатын қоғам мүшелеріне түсініктілігімен және ортақ қарым-қатынас құралының ең жоғарғы түрі болуымен сипатталатынын айта келе ғалым С. Исаев былай деп жазады: «Әдеби тілдің нормалары да тарихи категория, ол қоғамдық өмірге, оның өзгерісіне сай өзгеріп, дамып отырады. Бір кезеңдегі кейбір нормалар кейінгі кезеңде норма болмай қалуы, керісінше, жаңа нормалар қалыптасуы мүмкін. Оны біз қазіргі қазақ әдеби тілінің фонетикалық жүйесінен, грамматикалық құрылысынан, лексикалық құрамынан айқын көреміз. Тілдегі архаизм, историзм сияқты көнерген сөздер мен жаңа туып отыратын неоло­гизмдер, конструктивті үлгілер осыны көрсетеді... Мысалы, бір дәуір­де қазақ әдеби тілінде болыс, старшын, төбе би, болыс айлау, әмең­гер, жар салу, құн төлеу, ұрын бару сияқты сөздер мен сөз тіркестері норма болса, қазіргі қазақ әдеби тілінен олар шығып қалды, керісінше, депутат, дауыс беру, қамқорлыққа алу, ғарышкер, оқулық, оқырман, оқу залы, аялдама, тоңазытқыш тәрізді сөздер мен сөз орамдары – ол кездегі әдеби тілде мүлдем қолданылмаған, кейінгі нормалар [10: 15].

Қазақ әдеби тіліндегі жаңа сөздердің пайда болуы, жасалуы тіл да­муының кезеңдерінде әртүрлі. Өткен ғасырдың 20-30 жылдарында жа­салған жаңа сөздердің пайда болуы тіл тазалығы, ағартушылық бағыт негізінде болды. Одан кейінгі кезеңдерде орыс тілінің қарым-қатынас құралы ретінде басым бағытты иеленуіне байланыста қазақ тіліндегі жаңа сөздердің тілге енуі бәсеңдеді. Мысалы, Ұлы Отан соғысы жыл­дарындағы мерзімді басылымдардың тілі бойынша зерттеуде орыс тілі сөздерінің сөздік құрамға енуі прогрессивті бағыт ретінде баса ай­тылған, жаңа сөздер мәселесі қозғалмаған [11].

1960 жылдары қазақтың зиялы қауымы күнделікті тұрмысқа дендеп енген тұрмыстық заттар мен бұйымдардың, ұғым-түсініктердің қазақ­ша баламасын қалыптастыра бастады. Мысалы, кейбір мәліметтерге қарағанда 1960 жылдары белгілі аудармашы І.Жарылғапов 200-ден аса жаңа сөздер жасаған, бірақ олар ешқандай нұсқада тіркелмеген. Олар­дың ішінде аялдама, балмұздақ, оқырман, көрермен, қолшатыр сияқты бірер сөздер ғана ғылыми талдаудан өтіп, 1970 жылдардың орта тұста­рына қарай әдеби нормаға айналған.  Осы тұтаста, яғни 1960 жылдардың аяқ жағына қарай қазақ тіл ғылы­мында бірқатар қолданбалы проблемаларға, сөз мәдениеті, қазақ тер­минологиясы, аударма, емле мәселелері сияқты маңызды тармақтарға көңіл аударыла бастады. Оларға қатысты айтылған ғылыми пікірлер­деің қай қайсысында да жаңа сөздер және олардың нормалануы туралы айтылды.

Терминологияны қазақыландыру мәселесі ғұлама жазушы М.Әуезовтің пікірі бар: «Ғылым тілі – бұл уақытқа шейін қазақ оқығанының бір қалыпқа қойып, бір негізге құра алмай келе жатқан мәселесінің бірі» деп, ғылыми терминдердің тіл жүйесіндегі маңыздылығын және тер­мин жасамдағы қазақ тілінің ішкі мүмкіндіктерінің мол екендігін атап көрсетеді. Ал қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру мәселесі әлі күнге дейін нақты шешімі табылмаған мәселе» [12].

Қазақ әдеби тілінің неологизмдермен баюы мен толығуы мәселесі қазақ ғалымы М.Б. Балақаевтың еңбектерінде де қарастырылды. Акаде­мик М. Балақаев қазақ тілінің негізгі толығу жолдарын көрсетеді (араб, парсы және орыс тілдерінен сөздердің кіруі) [13: 371], «неологизм» ұғы­мына анықтама береді, алайда шынайы неологизмдер мен окказионализмдерді ажыратпайды, қазақ тілінің сөздік қорының толығуындағы белсенді аффикстерге жан-жақты сипаттама береді.

Қазақ әдеби тілінің сөздік құрамындағы жаңа сөздерді ғылыми- теориялық зерделеудің көш басынан академик Рәбиға Сыздық көрінді. Шын мәнінде академик Р. Сыздық қазақ неологиясы мен неография­сының негізін қалаушылардың бірі деп санауға әбден болады. Ол 1966 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған мақаласында сөздік қорға енген жаңа сөздерді қажеттілігі, семантикалық сәйкестілігі, жасалу жолдары жағынан пайымдап, жаңа сөздердің орнығуы мен нормала­нуындағы жазба нұсқалардың, әсіресе баспасөз тілінің доминант сала екендігін анықтап берді.

«Заман өткен сайын сөздік қазынаның сан жағынан молая түсу тен­денциясын жоққа шығаруға болмайтынын мойындау керек» дей оты­рып, зерттеуші кейінгі зерттеулерінде қазақ тіліндегі лексикалық жаңа бірліктердің теориялық негіздері мен ұстанымдарын, олардың түрлері мен жасалу көздерін, нормалануын талдайды [14].

Ғылымда «неологизм» деп аталғанымен, тіл айналымына түсетін жаңа сөздердің өзі қолданысына, жұмсалатын өрісіне қарай, сон­дай-ақ әдеби тілге енген немесе енуге әлеуеті байқалған, жеке тұлға­ның, ақын-жазушылардың тарапынан жасалған бірқолданыс сөздер, басқа тілдерден енген сөздер түрінде ажыратылатыны белгілі. Әлемдік ғылымда кейде олардың барлығын да «неологизм» деп танушылық бар. Осы аталғандардың нормалық және нормалану дәрежесі, сөздік құрамға қосылу мүмкіндігі әр басқа болатындығын байқап, ұстаз Р. Сыздық оларға «тілдегі жаңалықтар» немесе «тілдік жаңалық» деген нақты атау береді. Тілдегі жаңалықтарды номинация, терминология, ау­дарма, сөзжасам және сөз мәдениеті салаларымен тығыз байланыста қарау, талдау керектігін көрсетеді. Ғалымның пікірі бойынша тілдегі жаңа қолданыстарды ең алдымен «неологизм», «аэлогизм» және «нео­лексизм» қатарларына топтастырып барып талдау керек. Зерттеушінің неологизм деп танығандары қосымшалар арқылы (өтіл, салымшы, ауысым), сөз біріктіру жолымен (орамжапырақ,тұсаукесер, ақуыз), сөз тіркестіру арқылы(атаулы көмек, тұтыну қоржыны), сөз мағы­насының ауысуы (желі, қарымта кездесу, еншілес кәсіпорын) арқылы жасалған, қазақтың төл сөздері негіз болған жаңа бірліктер болса, аэло­гизм қатарын құрайтындары – байырғы сөздердің жаңа мағынаны иеле­нуі (көзқаман), ал неолексизм – сирек қолданыстағы, қазіргі нормативті сөздіктерге енгізілмеген, «қайта тірілген» сөздердің жаңа мағынаға ие болуы (егемен, орынтақ, үйқамақ).

Академик Р. Сыздық тұжырымдарының жаңалығы қазіргі жаңа сөз­дердің пайда болуының тілге деген ұлттық рухани сұраныстың күшеюі мен ұлттық сананың беки түсуіне байланысты қарастырылуында.

Ғалым тарапынан көңіл бөлінген өзекті мәселе – бүгінгі жаңа қол­даныстардың әлеби тілге ену әлеуеті мен нормалануы. Ғалымның көр­сетуі бойынша бірқатар жаңа бірліктер тілден орын алды, оған себеп болған факторлар:

1) беретін ұғымның семантикалық өлшеміне сай келуі;

2) әлеуметтік талғамның үдесінен шығуы; қолданыста олардың ор­тақтық, дәстүрлік, тұрақтылық сипатының қалыптасуы.

Автор айтқан маңызды тұжырымдардың тағы бірі – субъективті түрде, жоғарыда аталғандай өлшемдерге жауап бере алмайтын жаңа сөздердің қалай бағаланатындығы. «Бүгінде еркін және өз орнында қолданылып келе жатқан, басым көпшілігі «кірме сөз» статусына ие бола алатын интербірліктердің баршасын қазақшалап, олардың орны­на қайткенде де қазақша неологизмдер ұсыну ұстанымын (принципін, мұратын, бағыт-мақсатын) толық мақұлдауға болмайды. ... кірме сөз­дерді қазақ лексикасының бір қабаты деп тану керек», – дейді ғалым. Бұл пікір ұсынылған жаңа сөздің қолданысқа қажетсіздігінің, олардың семантикалық сәйкессіздігінің себептерін тануға, жалған жаңа сөздер жасалуының тоқталуына тіреу бола алады.

Өткен ғасырдың 80-жылдарына қарай жаңа сөздер ұғымы тұтастай алғанда қазақ терминологиясын жетілдіру және ғылым мен техниканы қазақша сөйлету мәселесімен біртұтастықта қарастырылды.

Академик Ә.Қайдар «термин (атау) шығармашылығында ана тіліміздің өз мүмкіндіктерін сарқа пайдаланудың орнына термин жасаудың оңай жолы – шет тіл элементтерін қабылдауға көбірек көңіл бөлуден кірме терминдердің көбейіп, ана тіліміздің ұлттық ерекшеліктерімен табиғатына нұқсан келе бастады. Мұндай жағдайдың дами түсуіне бү­гінге дейінгі қалыптасқан мына фактор себеп болып отыр: тілімізге күн санап, апта санап (соңғы кезде шығып жатқан әр түрлі пәндердің сөзді­гі арқылы да) еніп жатқан жүздеген, мыңдаған терминдік ұғымдардың барлығы бір орталықтан, яғни «донор – тіл» деп аталатын орыс тілінен ғана еніп, жаңа терминдер тек соның негізінде жасалып қабылдануынан сақтану керек», – дейді [15: 3].

Қазақ әдеби тілінің сөздік құрамына қандай өзгеру үдерістері тән екендігі және тілдің толығу үдерістері туралы пікірлерді академик Ш. Сарыбаев қорытқан. Ғалым өз зерттеуінде неологизмдердің атау қызметін көрсете келе, кез келген жаңа құбылыс, жаңа нәрсе және жаңа зат өзімен бірге жаңа ұғымды ала келсе, сонымен бірге жаңа сөз де ке­летіндігін айтады. Ш. Сарыбаев сөздік қордың баю жолдарына мысал ретінде сөз мағынасының кеңеюі мен олардың басқа мағынаны иеле­нуін көрсетеді және бұл фактордың қазақ әдеби тілінің баюындағы оң рөлін атайды. Ғалым әсіресе бұрынғы мағынасын сақтаған және со­нымен бірге жаңа мағынаға ие болған сөздер, яғни мағынасы кеңею үдерісіне түскендердің тілді байытудағы қызметін саралаған [16: 106].

Академик Ө. Айтбаев тілдегі жаңалықтар туралы: «белгілі бір дәуірде эволюциялық дамудан революциялық сапаға ауысып, ал кейде керісін­ше қалыпты күйге көшіп отырады. Тілде пәлендей революциялық өз­герістер бола қоймағанмен, ол қоғамдық құбылыстардың бәрін қамтып, соған лайықты ұғым, түсініктерді сөз түрінде таңбалап береді. Барлық өзгеріс, өрістер тілде көрініс бермей тұрмайды, – деп көрсетеді [17: 80]. Қазақ әдеби тілінің сөздік қоры туралы қазақ ғалымдарының ішінде О. Бүркітовтің «Қазақ әдеби тілінің публицистикалық стилі» деп атала­тын диссертациялық жұмысындағы ғылыми тұжырымдар да маңызды. Зерттеуде ғалым публицистикалық стильдің сөздік қормен тығыз бай­ланысына ерекше назар аударады. Сондай-ақ автор тарапынан мерзімді баспасөздегі жаңа сөздердің жасалу тәсілдері және жаңа сөздерді қол­данудағы публицистикалық стильдің рөлі қарастырылады[18, 14].

Қазақ әдеби тіліндегі жаңа қолданыстардың белгілі бір кезеңдегі (1976-1991 жылдар арасындағы) жалпы сипатын, олардың нормала­нуы мен қалыптануындағы нақты коммуникативтік кеңістік – мерзімді баспасөздің рөлін, жаңа сөздердің нормалануына ықпал ететін өзара байланыстағы үш ұстанымды (өзектілік, сәйкестік және эстетикалық ұстанымдар талданған зерттеу неология ғылымының теориясы мен практикасында айрықша атап өтуге тұрарлық [19].

1995 жылға дейінгі мерзімдегі жаңа сөздердің табиғаты Қ. Қадырқұловтың еңбегінде талданған [20]. 1991 жылдан бастап қазақ тіл білімінде жаңа сөздер қазақ тілі терминдерін қалыптастыру мәсе­лелері аясында біртұтас қарастырыла бастады. Терминденетін лексика сөздері, жалпы халықтық тілдегі сөздердің терминдену ерекшеліктері, жаңа атаулардың жүйелену қажеттілігі, тұтастай алғанда, ұлт тіліндегі ғылыми-техникалық терминологияны қалыптастыру, термин шығар­мышылығының әртүрлі қырлары тікелей арқау болған іргелі еңбектер бар [16].

Терминологиялық сөздіктерді шығаруға қойылатын талаптар мен практикалық ұсыныстар, терминді жасауға қатысты әлеумет, тіл, ғылым мүдделерінен туындайтын лингвистикалық талаптар, термин түзудің ғылыми-практикалық қисындары талданған зерттеулерде де жаңа сөз­дердің табиғаты біршама сөз болады [21; 22].

Зерттеуші Н.И. Букетованың еңбегі бірнеше тілдердегі жаңа сөздерді жасайтын түбір морфемаларды талдауға арналған [23]. Қазақ тілінде­гі неологизмдер салыстырмалы-тарихи және салғастырмалы тіл білімі аясында қарастырылған. Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі жаңа сөздердің – қоғамдық-саяси неологимздердің қалыптасуы мен қолда­нысқа түсуінің кешенді талдауы жүзеге асырылған еңбек жаңа сөздердің құрылымы әрбасқа тілдердегі сипаттамасын жан-жақты танытқан [24].

Шамамен алғанда, 1976-2015 жылдарға дейінгі аралықтағы жаңа сөздердің лексикографиялық түзілуін анықтау да жаңа сөздерді жүйе­леу, талдау және сұрыптау мәселелерінде маңызды. Қазақ тіл білімінде жаңа сөздердің тіркелуі 1985 жылы жүзеге асырылды. Қазақ тіліндегі жаңа атаулардың үш жинағы ғалымдар тарапынан «қазақ әдеби тілі лек­сикасының дамуын, жаңа сөздердің жинақталуын көрсетуі жағынан аса құнды еңбек» деп бағаланған [Сагындыкова]. Зерттеу нысанына қарай жаңа сөздер бойынша тілдік фактілерді талдауда, жүйелеуде, сұрыптауда және олардың қалыптану үдерістерін белгілеуде соңғы 25-30 жыл ішінде жарияланған екі тілді терминологиялық сөздіктердің рөлі ай­рықша. Ғалымдардың көрсетуінше, 1991 жылдан бері қарайғы кезең­де ғылымның барлық дерлік салалары бойынша 200-ге тарта екітілді, түсіндірме, терминологиялық сөздіктер жарияланған [25].

Жаңа сөздерге қатысты мәселелерді анықтауда Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен 31 ғылым саласы бойынша қазақша-орысша және орысша-қа­зақша терминологиялық сөздіктер сериясы жаңа сөздерді жүйелеу және қалыптану үдерістерін зерделеу тұрғысынан бірегей басылым болып бағаланады.

Қазақ әдеби тіліндегі жаңа сөздердің зерттеулерінің табиғатына қатысты мынадай қорытынды жасалған болатын: «қоғам өміріндегі жаңғырулар, тілдің өз қозғалысы лексикалық құрамды әрдайым жаңа тілдік бірліктермен толықтырып отырады, сондықтан қазақ тілтаны­мында неология мен неография саласын, әсіресе тілге толассыз ен­ген (және еніп жатқан) жаңа тілдік бірліктердің кодификациялануын теориялық-практикалық тұрғыдан қарқынды дамыту маңызды болып отыр. Осы салалардың кешенді түрде қолға алынуы қазақ сөз мәдениеті, әдеби тіл нормалары, терминология және терминография, аударма және әлеуметтік лингвистика, лексикология мен сөз семантикасы, әдеби тіл­дің функционалды стильдерінің қазіргі сипаты, орта мектептерде білім беру жүйесінде қазақ тілін оқыту әдістемесін жандандыру бағыттарын­дағы зерттеулерді толықтыратыны, ең бастысы – қазақ неологиясы мен неографиясының қалыптасуына жол ашатыны сөзсіз.

  Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Сыздықова Р. Ахмет Байтұрсынов (Өмірі мен қызметі туралы) // Байтұрсынов А. Тіл тағылымы (қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты ең­бектері). – Алматы: Ана тілі, 1992. – Б. 8-30.

2. Қайдаров Ә. Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас. – Алматы, 1993. – 43 б.

3. Байтұрсынов А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу. – Алматы: Жалын, 1991. – 464 б.

4. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – өңд., 3-бас. – Алма­ты: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2010. – 608 б.

5. Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 384 б.

6. С. Елубай. Алаш зиялылары және терминтану. –

7. Сыздық Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы (XV-XIX ғасырлар). – Алма­ты: «Арыс» баспасы, 2004. – 288 б.

8. Әбілқасымов Б. Алғашқы қазақ газеттерінің тілі. – Алматы, 1971. – 187 б.

9. Бәйтікова Ш. Қазақ тіліндегі неологизмдер. – Алматы, 1971. – 122 б.

10. Исаев С. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: Мектеп, 1989. – 192 б.

11. Жұмағазина Р. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы мерзімді ба­сылымдар тілінің ерекшеліктері: фил.ғыл.канд. ... автореф. Алматы, 2009. – 24 б.

12. «Алаштың» тілдік мұрасы: Мақалалар жинағы. – Алматы: «КИЕ» лингвоелтану инновациялық орталығы, 2009. – 364 б.

13. Балақаев М.Б. Қазақ әдеби тілі // Казахский литературный язык. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – 472 с.

14. Сыздық Р. Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар. Ғылыми танымдық зерттеу. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 272 б.

15. Құрманбайұлы Ш. Қазақ лексикасының терминдену үрдісі: фи­лол. ғыл. док. ... дис. – Алматы, 1998. – 250 б.

16. Сарыбаев Ш. Қазақ тіл білімі мәселелері // Вопросы казахского языкознания. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2000. – 624 б.

17. Айтбаев Ө. Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы. – Алматы, 1988. – 159 б.

18. Бүркітов О. Қазақ әдеби тілінің публицистикалық стилі: филол. ғыл. канд. ... автореф. – Алматы, 1996. – 25 б.

19. Алдашева К. Қазақ тілінің сөздік құрамын жаңғырту:тіл саяса­ты және кодификация мәселесі // «Шығыстану және түркітану ғылымы әлемдік кеңістікте» атты Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Магистратура және PhD докторантура институтының 5 жылдығына арналған республикалық ғылыми-танымдық семинардың материалдары. – Алматы, 2014. – Б. 75-77.

20. Қадырқұлов Қ. Жаңа сөздер мен жаңа сөз қолданыстардың айырым белгілері // ҚазҰУ Хабаршысы. Филология сериясы. – Алма­ты, 2012. – №1. – Б. 127-130.

21. Әбдірасілов Е. Қазақ терминографиясының жүйесі. – Астана, 2005. – 208 б.

22. Ақаев С. Терминнің танымдық табиғаты. – Алматы, 2000. – 227 б.

23. Букетова Н.И. Реликтовая корневая морфема как языковая уни­версалия: дис. ... док. филол.наук. – Караганда, 1995. – 346 с.