Терминдерді бекітудің негізгі қағидаттары

Терминдерді бекітудің негізгі қағидаттары

Әдетте, терминдердің даму динамикасын айқындау лингвистикалық және экстралингвистикалық факторларға байланысты болады. Тіл білімі саласына жататын терминология ғылымын қоғамда болып жатқан құбылыстардан бөліп қарастыруға болмайды. Себепсіз салдар болмайтын сияқты, термин де елдің саяси көзқарасымен бағыттас жүйеде дамиды немесе тоқырауға ұшырайды.

Қазақ терминтанушы ғалымы Ш.Құрманбайұлының еңбектерінен де осымен мәндес көзқарасты байқауға болады: «Тілдің және оның ғылыми-техникалық терминологиясының дамуы мен қалыптасуын елдің қоғамдық-саяси, ғылыми-мәдени өмірінен бөліп қарауға болмайды» [1, 7 б.]. Шындығында да елдің саясатында, мәдениетінде, ғылымында болып жатқан елеулі өзгерістер, сол халықтың термин жүйесіне де өзгеріс енгізіп отырады. Қазақ терминологиясының динамикасының тарихына зер салар болсақ, ХХ ғасырдың басында халықаралық терминдер қатарындағы бірліктер мейлінше қазақ тілінің негізінде жасалғандығын анық байқауға болады. Мысалы, қазір математика ғылымында жиі қолданылатын қосынды, қосу, нүкте, теңдеу, шаршы, шеңбер, үшбұрыш, теріс бұрыш, түзу, жазықтық, алым, бөлім, жатық сызық, сабақ, кесінді, тұйықтаушы вектор, теріс бұрыш, тұрақты шама, нүктелер, іргелес бұрыштар, сыбайлас бұрыштар, тең бүйірлі үшбұрыштар, түзудің берілген кесіндісі, ортақ төбелі бұрыштар, үшбұрыштың қабырғалары мен бұрыштарының арасындағы тәуелділік, шеңбер, қоюшы, түйіндесу, аудан, дөңгелек, түзулер, бұрыштар, амалдар және т.б. қатарлы терминдер сол кездің жемісі деп айтуға болады. Ал кеңес одағының құрамына кірген жылдары, терминдер орыс тілінің ықпалында, мейлінше сол тілдің заңдылығын сақтай отырып тілімізге енгізілгені белгілі. Мысалы, социализм, коммунизм, партия, пойыз, самолет, трактор, автомобиль, сельсовет, контор, большевик, геометрия, физика, география, кресло, парта және т.б. сияқты мыңдаған терминдердің тілімізге енуі сол жылдары елімізде болған саяси, ғылыми, мәдени өзгерістерінің әсері.

Тәуелсіздік алған жылдары таразының екі басы теңдесіп, біршама терминдер «қазақ шекпенін жамылса», енді бірқатар терминдер орыс тілінің заңдылығымен тілімізге еніп жатыр. Мысалы, сусабын, бейнебаян, бопсалау, зайырлы, қолжетімдік, лаңкес, несие, телнұсқа, ғаламтор секілді терминдер тіліміздің заңдылығына сай немесе көне сөздерге жаңа мағына үстелуі арқылы жасалса, менеджер, компьютер, принтер, ксерокс, конгресс, фирма, гудвил, акцепт, эмиссия, депозитор, инкассо, маржа, офшор және т.б. сияқты терминдер шет тілі терминдерінің орыс тілінде таңбалануы негізінде тілімізге енгендігі белгілі.

Ендігі кезекте әр кезеңде бекітілген терминдердің әртүрлі сипатта, ұлттық терминдер өлшемінде әртүрлі пайыздық көрсеткіште бекітілу себептеріне өзімізше талдау жасап, оларға әсер еткен лингвистикалық, экстралингвистикалық факторларына өз деңгейімізше тоқталмақпыз.

Тіл білімінде қазақ терминологиясының зерттеу аясының айқындалып, дами бастауы өткен ғасырдың басы деп көрсетіліп жүр. Нақтырақ айтсақ, терминтанушы ғалымдардың көрсетуі бойынша, қазақ терминологиясының даму кезеңдері үшке бөлінеді:

І кезең. «Қазақ терминологиясының қазан төңкерісіне  дейінгі және кейінгі кезеңі (1910-1935 жж.);

ІІ кезең. Қазақ терминологиясының жалпыкеңестік терминдер қалыптастыру кезеңі (1935-1990 жж.);

ІІI кезең. Тәуелсіз  Қазақстан терминологиясы дамуының  бағыт-бағдарын айқындау кезеңі (1990 жылдан бергі уақыт)» [2, 38 б.].

Қазақ терминологиясының қазан төңкерісіне дейінгі және кейінгі кезеңінде (1910-1935 жж.) тіл білімінде терминология мәселесі ғылыми тұрғыдан сараланып, аталмыш ғылымның іргетасы қалана бастады. Оған  бірнеше экстралингвистикалық факторлар себеп болған. Атап айтқанда, ең алдымен ұлттық тең құқық, халық мәдениетін көтеру, оқу-ағарту ісін жетілдіру, қазақ балаларына сауат ашу оқулықтарының жетіспеу кемшілігін жою мақсатында жарық көрген оқулықтар, қазақтың үн жаршысы «Қазақ», «Айқап», «Дала уалаяты», «Түркістан уалаяты», «Серке», «Жаңа мектеп» және т.б. сынды газеттер мен журналдардың шығуы, осылармен байланысты ғылым тілін қалыптастыру қажеттілігінің туындауы, терминологиялық қағидаттардың белгіленуі және т.б. факторлар.

Бұл кезеңде ең алдымен отарлау саясатына қарсы ұлттық иммунитет қалыптастыру мақсатында ұлт зиялылары білім беру орындарын ашып, түрлі салаларға қатысты оқулықтар жазуды көздеді. «Көрнекті ұлт қайраткерлерінің, сол кезеңнің ең алдыңғы қатарлы, жоғары білікті азаматтарының ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысуы білім мен ғылым саласының қарқынды түрде дами бастауына негіз болды. Мемлекет мүддесі, қазақтың қамы үшін қолда бар билігімен де қаруымен де күресуден аянбаған зиялылар енді сол күрестерін қалам күшімен, халықты ағарту ісімен жалғастырды. 1910 жылдардың орта тұсы мен 1930 жылдардың бас жағына дейінгі аралықтағы уақытта ұлт көшбасшыларының төңірегіне елге қызмет етуді мақсат еткен талантты қауым жиналып, қазақтың білікті ұлттық кадрлар шоғыры қалыптасып, білім беру мен ғылымды ұлт тілінде дамытудың негізі қалана бастады. Аталған уақыт ішінде ғылымның әртүрлі салалары бойынша жазылған қазақ зиялыларының еңбектері жарық көрді»   [2, 8 б.].

Олар: Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» (Орынбор, 1912 ж., 1914 ж., 1916 ж., 1922 ж., 1923 ж., 1925 ж., «Әліп-би» (Қызыл-Орда, 1926 ж., 1927 ж., 1928 ж.), «Сауат ашқыш» (Орынбор, 1924 ж., Семей, 1926 ж.),  «Тіл-құрал (қазақ тілінің сарфы)» (Орынбор, 1914 ж., 1915 ж., Ташкент, 1918 ж., Қазан, 1920 ж., Ташкент, 1922 ж.), «Тіл-құрал (Дыбыс жүйесі мен түрлері)» (Орынбор, 1923 ж., 1924 ж., Қызылорда, 1925 ж., 1926 ж., 1927 ж.), «Тіл-құрал (Сөйлем жүйесі мен түрлері)» (Орынбор, 1923 ж., Қызылорда, 1925 ж., 1927 ж., 1928 ж.), «Баяншы Қазақ мұғалімдері үшін» (Қазан, 1920 ж.), «Тіл жұмсар Сөйлеу оқу, жазу тілін жұмыс тәжірибесі арқылы танытатын І-нші кітап» (Қызылорда, 1928 ж.) атты еңбектері, Міржақып Дулатовтың «Есеп құралы» (Орынбор: «Дин уа мағишат», 1914; 1918, 1925), Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика (Баланы тәрбие қылу жолдары)» (1922, 1923),  Халел Досмұхамедовтың «Жануарлар» (1922), «Табиғаттану» (1922), «Адамның тән тірлігі» (1927), Жүсіпбек Аймауытовтың «Тәрбие жетекшісі» (1924), Елдес Омаровтың «Пішіндеме» (1924, 1928), «Физика» (1930), Қаныш Сәтбаевтің «Алгебра» (1924, 1929) Сұлтанбек Қожановтың «Есептану құралы» (1924) Қыр баласының (Ә.Бөкейханов) «Астрономия әліп-биі (К.Фламмарионнан аударған)»  (Мәскеу, 1924. –225 бет), «Дүниенің құрылысы (Д.Граведен аударған)» (Мәскеу: Кеңес Одағындағы елдердің кіндік баспасы, 1926. –101 бет), «Жердің қысқаша тарихы (Т.Тутковскийден аударған)» (Мәскеу, 1926. –102 бет), «Мұғалімдерге хат: Пыланеттер» (Ж.М., 1926. №14-15. –21-25-бб.), Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» (1926), «Жан жүйесі және өнер таңдауы» (1926), Жұмақан Күдериннің «Өсімдіктану» (Мәскеу, 1927), Қошке Кемеңгеровтың «Оқу құралы» (1928), «Қазақша-орысша тілмаш» (1927), «Химия. Жеті жылдық мектептің 5-інші, 6-ыншы жылдарында оқылатын кітапты (П.Лебедевтің Химия оқулығынан аударған)», «Жабыропалықтар үшін оқу құралы» (Қызылорда, 1929), «Қазақ тілінің грамматикасы» (1927), Әлімхан Ермековтың «Ұлы математика курсы» (Қызылорда: Қазақстан, 1935), «Қазақ тілінің математика терминдері» (Алматы, 1935) және т.б. ғылымның әртүрлі салаларына арнаған еңбектері. Бұл еңбектердің жарық көруі терминология ғылымының қазақ тіл біліміндегі орнын айқындай түсті. Қазақ тіл білімінде термин мәселесі осы оқулықтардан бастау алады.

Екінші, халықты қоғамда болып жатқан жаңалықтармен таныстыру, ғылым мен білімге ынталандыру, халыққа білім тарату, халықтың намысын жоқтау мақсатында газет-журналдардың ашылуы қазақ терминіне деген сұранысты арттырды. Себебі сол кезде ашылған газеттердің негізгі мақсаттары дүниеде болып жатқан жаңалықтармен таныстыру, көзі ашық оқығандардың білгенін халыққа жеткізу және т.б. болған еді. А.Байтұрсынұлының өз сөзімен айтсақ, «Әуелі газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын көру жоқ, не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ. Бүкіл дүние жүзіндегі халықтар телеграмма, телефон, пошталардың арқасында бір-бірімен хабарласып, газет арқылы жұртқа жайып, бір үйдегі адамдардай сөйлесіп отыр. Дүниеде болып жатқан істер, сөйленіп жатқан сөздер – кімге пайдалы? кімге зарлы екендігін күні бұрын біліп, пайдалы болса, шаттанып, зарлысынан сақтанып тұрады.

Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады.

Үшінші, газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетікпекші.

Төртінші, газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықты арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады» [3, 10 б.].

Осы кезеңде жарық көрген газеттер мен журналдар («Қазақ», «Айқап», «Дала уалаяты», «Түркістан уалаяты», «Серке», «Жаңа мектеп» және т.б.) ұлттық терминологиялық қорымызды байытуға ерекше септігін тигізді. Себебі ғылым туралы тұңғыш деректер мен ғылыми мақалалар алғаш рет газеттер мен журналдардың беттерінде жарияланды. Өзге тіл термині тұрмақ, жекелеген сөздерді білу дәрежесі төмен көпшілік халыққа қазақ оқығандары елде, әлемде болып жатқан құбылыстардан (саяси, экономикалық, ғылыми, мәдени) хабардар ету үшін, оларды түсіндіру мақсатында шет тілі терминдеріне қазақ тілінен балама іздеуге тырысты және ол мақсаттарына жетті де. Осы жайында профессор Б.Әбілқасымов «Алғашқы қазақ газеттерінің тілі» атты еңбегінде: « ... бұл газеттердегі ғылыми мақалалардың көбі сол кездегі ғылыми экспедиция материалдары, солардың жұмысы туралы есеп не солар жайында хабар болып келеді. Сонымен бірге тіл, әдебиет, тарих, этнографияға қатысты мақалалар да жарияланып отырған. Бұларда кездесетін ғылыми ұғымдарды газет қазақ ұғымында бұрыннан бар сөздер арқылы түсіндірмек жолымен аударып беруге тырысқан, кей кездерде сол терминдік мағынадағы орыс сөздерінің өзін қалдырып та отырған»        [4, 19-20 бб.]. Осыған ұқсас көзқарасты академик Ө.Айтбайұлынан да кездестіреміз: «... «Айқап» журналы қазақтың жазба әдеби тілін, оның жақсы дәстүрлерін әрі қарай дамытуда, жалпыхалықтық тілдің кейбір стильдік тармақтарын қалыптастыруда, оның терминологиялық лексикасын жасауда орасан зор қызмет атқарды. ... Жалпы «Қазақ» газетінің тіліміздің терминдену сапасы мен сөзжасам процесіндегі жаңалықтары ұшан-теңіз. Бұл газет сол кездегі басқа басылымдардың қай-қайсысынан  болса да сауаттылық жағынан әлдеқайда жоғары деңгейде. Әсіресе қазақ тілінің негізгі байлығын, ішкі өз мүмкіншілігін іске жаратуда теңдесі жоқ үлгілерін туғызған. Сонымен бірге өзіндік қорымыздың көзін ашуы әлденеше ғылыми түйін жасауға мүмкіндік береді» [5, 76-99 бб.].

Осы кезде жасалған ұлттық сипаттағы терминдер әлі де болса өзектілігін жоймады. Қазіргі кезге дейін ғылыми стильге еңбегін сіңіріп келеді. Осы мәселе төңірегінде Б.Момынова: «Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарында пайдаланылып жүрген көптеген қоғамдық-саяси терминдер қазіргі лексикалық мағынасы мен стилистикалық реңктерінде ең алғаш «Қазақ» газеті бетінде қолданылған болатын. Яғни, «Қазақ» газеті жаңа замандағы, жаңа әлеуметтік-саяси бағыттағы қоғамдық-саяси лексиканың негізін қалаған тұңғыш қазақ мерзімді басылымы болды. Сондықтан да, жалпылай алғанда, қазақ тілінің бүгінгі және болашақтағы дамуында, жекелей алғанда, қоғамдық-саяси лексиканың қалыптасу, даму тарихында «Қазақ» газетінің маңызы зор, атқарған қызметі ұшан-теңіз екендігін көрсетеді», - деп тұжырымдайды [6, 7 б.].

Үшінші және сол кезеңде ұлттық терминдерді дамытудағы басты фактор – ұлт зиялыларының ұлттық термин қалыптастырудағы ашық күресі.

Тарихтан белгілі өткен ғасырдың бас жағында Ресей қол астындағы ұлттардың жазу-сызуын, тілін, дінін бір етуді көздеді. Осыған сәйкес білім алушы өзге халықтардың сауатын өз тілінде емес бірден орыс әліппесімен ашуды көздеді. Бұл жағдай А.Байтұрсынұлының «Қазақ» газетінде жарық көрген «Бастауыш мектеп» атты мақаласында анық көрініс табады. Мақалада «Россия қол астында түрлі тілді, түрлі дінді, түрлі жазу-сызуды тұтынып отырған жұрттар бар. Солардың бәрі тілін, дінін, жазу-сызуын орысқа аударса, үкіметке онан ұнамды іс болмас. Сондықтан он төртінші июньде министр қол қойған правиланы он алтыншы ноябрьде министрдің жазған қағазы жеңбекші. Ондай правилалар іске аспай қалу үшін бір миссионер инспектор жазса болғаны - өз әліппесімен, ана тілімен оқытып отырсақ, қай уақытта жазу-сызу, тілі жоғалады? Тегі бөтен жұрттар тілінен, жазу-сызуларынан айырылып, орыспен бірдей болып сіңісу үшін бірден орыс тілімен оқыту керек деп. Бастапқы кезде ана тілімен оқыту тиіс деген сөз 1906 жылғы 31 март правиласында да бар еді. Осы күнге шейін ауылынай, волосной, екі класты бастауыш мектептерде қазақ әліппесімен қазақша басталып оқытылғаны еш жерде естілмейді. Себебі не правила бойынша қазақ тілі мен қазақ әрпін бастап оқыт деп отырған балалардың ата-анасы жоқ. Халықтың өз тілімен, өз әрпімен оқығанын әкімдер жақтырмайтын болған соң, учительдер өз беттерімен ана тілімен, ұлт әрпінен бастап оқытамыз дей қоймайды. Сөйтіп правила қағаз жүзінде бар болса да, іс жүзінде жоқ. Бұл айтылғандардың бәрі де үкімет өз пайдасын  көздегендіктен істеліп тұрған істер» [3, 100 б.] деп сол кездегі саяси көзқарастан айқын көрініс береді. Шындығында да зиялы қауым дінін, тілін, жазуын жоғалтып алу шегінде тұрған өскелең ұрпақтың болашағына алаңдаушылық білдірді. Қазақтың дінін, тілін, жазуын құртпақшы болған үкімет әрекеттеріне қарсы пікірде болды. Ең болмағанда бұл мәселе екі жаққа да зиянсыз, пайдалы болуын көздеді. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, саяси ахуалын, экономикалық жағдайын жақсартуды көздеп әрі осы мәселелер төңірегінде қалам тартып жүрген ұлт зиялыларының біршамасы ендігі кезекте баспа беттерінде тілдің мәселесін, оның ішінде қазақ тілінің Алаш еліндегі орнын ашық көтере бастады. Яғни тіл майданына белсене араласуға мәжбүр болды (Ол туралы толық ақпаратты филология ғылымдарының докторлары Ш.Құрманбайұлы мен О.Жұбаеваның құрастыруымен 2006 жылы жарық көрген екі кітаптан тұратын «Терминология мәселелері» атты еңбектен алуға болады).

Ғылым тілін қалыптастырып алмайынша, қазақ тілінің мәртебесін көтеру мүмкін емес екендігіне, қазақ тілінің орыс тілінің аясында қалып қалатындығына көз жеткізген А.Байтұрсынұлы бастаған ұлт зиялылары «Қазақ білімпаздарының съезін» ұйымдастыруға мәжбүр болды. 1924 жылы Орынбор қаласында «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі» өтті. Онда Елдес Омарұлының жасаған баяндамасы негізінде терминқор қалыптастырудың алғашқы қағидаттары қабылданады. Ол қағидаттар мынадай сипатта болды:

  1. Қазақша пән сөздері қазақтың өз тілінен алынатын болсын;
  2. Қазақтың өз тілінен табылмаған пән сөздер, басқа түркі халықтарынан ізделінсін. Басқа түріктер тіліндегі пән сөздер – жалпы түркі сөзі болып, жат тілдің әсерінен аман болса, ондай сөздер жатырқамай алынсын;
  3. Еуропа халықтарының бәріне де сіңіп кеткен жалпы жұртқа ортақ пән сөздер, қазақ тілінің заңдарына келтіріліп, бізге де пән сөз болып алынсын; ондай сөзге мағынасы дәл келетін қазақтың сөзі болса, жалпы еуропа сөзімен қазақша сөз, түбінде екеуі жалпы халықтардың талғауына түсіп, қай қолайлысы алынатын болу үшін, екеуі қатар жазылып отыратын болсын;
  4. Қазақтың өз тілінен басқа тілдерден алынған пән сөздер қазақ тілінің баяндамада көрсетілген заңдарша өзгертіліп алынсын;
  5. Қазақша пән сөздерін тексеріп қабылдап алатын орын, қазақша білім кеңесі, жалпы қазақ халқы үшін жалғыз болсын. Пән сөздер әуелі білім кеңесінің жанында әр пәннің мамандарынан сайлаған, әр пәннің өзіне дербес комиссияларда тексерілетін болсын. Комиссияның қабылдап алған сөздері баспа жүзінде жарияланып, көптің сынына түскеннен кейін, білім кеңесінің қарауына тапсырылып, содан бекіп шығатын болсын;
  6. Қазақша сөздер әліпби ретінде тізіліп, сөздік болып шығарылсын     [7, 25 б.]. Байқағанымыздай, қабылданған терминқор қалыптастыру қағидаттары қазақ тілінің пайдасына шешілген. Осыдан бастап қазақ тілінің терминология мәселесі біртіндеп дамуға бет бұрды. Қазақ тілінде терминология мәселесінің көңіл толтырарлық болғандығы соншалық, ендігі кезекте түркі халықтарына ортақ ғылым тілін қалыптастыру мәселесі кезекте тұрды. Осыған орай түркі халықтарының зиялы қауымының ұйымдастыруымен 1926 жылы Баку қаласында түркологтардың Бүкілодақтық І съезі өтті. Съездің негізгі мақсаты А.Байтұрсынұлының жасаған мақаласынан белгілі болғандай, түркі халықтарына ортақ мәдениет, ортақ тіл қалыптастыру еді [8, 51-59 бб.]. Бірақ бұл келелі мәселенің ғұмыры ұзаққа бармады. Түркі халықтарының зиялы қауымы қатысқан бұл съез алғашқы және соңғысы болды. Оған себеп Кеңес Үкіметінің оларға «түркішілдік» деген кінә тағуы еді. Осыдан бастап қазақ терминологиясы тоқырауға ұшырады. Ш.Құрманбайұлының көрсетуінше, оған мынадай бірнеше себептер әсер еткен:
  • алаш зиялылары белгілеген терминология қағидаттары КСРО орталығы белгілеген саяси курсқа сай келмеді;
  • ұлттық республикалардың терминологиялық қорды әрқайсысы өздерінің тіл байлығы негізінде қалыптастыруға ұмтылған бағыты орыс тілін Кеңес Одағының мемлекеттік тіл, ұлтаралық қатынас тілі мәртебесіне ие дара тіл, кеңес халқына ортақ тіл ретінде қалыптастыру саясатына қайшы келді;
  • қазақ терминологиясы дамуының бағыт-бағдарын, ғылыми қағидаттарын белгілеп, ұлт тіліндегі терминжасам мәселесімен және терминологиялық жұмыстарды жүргізу ісімен тікелей айналысқан білікті ұлттық кадрлардың барлығы дерлік саяси қуғын-сүргін құрбаны болды;
  • алаш оқығандарының терминологиядағы дәстүрін жалғастыратын, оны қорғай алатын ұлттық ғылыми элита, зиялы қауым, тілшілер шоғыры болмады. Бірлі-жарым табандылық танытқандар, ұлтшылдардың ізбасарлары, «халық жауларының» жақтастары ретінде қуғындауға ұшырады. Керісінше, кеңестік тіл саясатына сәйкестендірілген бағыт кеңінен насихатталды. Оны жақтағандарға сенім артылып, жол ашылды» [1, 28 б.].

Осыдан барып мына бір факторлар белең ала бастады: орыс ұлты қазақ ұлтына мәдени негізде күшті әсер ете бастады; қазақтар арасында орыс тілін үйренуге деген қызығушылық артты; қазақ жерінде орыс тілінің беделділігі күшейе бастады.

Бұлардан өзге патшаның жер аударту саясаты, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, Кеңес Одағының орнауы 1921, 1928 жылғы байларды тәркілеу, 1932-1933 жылдардағы ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы репрессия сынды саяси оқиғалардың қазақтардың (қазақ тілін тұтынушылардың) санын төмендетіп жіберді. А.Амирхамзиннің көрсетуінше, 1916 жылы қазақтар түркі халықтарының ішінде санақ бойынша түріктерден кейін екінші орында тұрған екен [9]. Кеңес Одағы  орнағанға дейін қазақтардың саны 5 млн. 650 мың адам болса, 1945 жылы олардың саны 2 млн. 500 мыңға дейін төмендеген екен. Бұл фактор да қазақ тілінің қолданылуына кедергі келтірді.

Қазіргі терминтанушылар осы кезеңде пайда болған терминдердің орта есеппен 90 пайызы қазақ тілінің төл сөздері немесе солардың негізінде жасалған жаңа атаулар болып табылатындығын, кірме атаулар 10-15 пайыздан аспағандығын және олардың дені тіліміздің дыбыстық ерекшеліктерін ескеріп, үндестік заңын сақтай отырып, өзгертіліп алынған деп көрсетіп жүр.

Терминология дамуының келесі кезеңінде (қазақ терминологиясының жалпыкеңестік терминдер қалыптастыру кезеңі (1935-1990 жж.)), «Әміршіл коммунистік партия басшылығы ұлттық ғылымның да даму бағытын өз мақсаттарына қарай икемдеп бұрып, кеңестік даму жолын, моделін ұсынды. Сөйтіп, қазақ терминологиясы дамуының Алаш оқығандары белгілеген қағидаттары теріске шығарылып, орыс тілінің КСРО-дағы басты тіл ретіндегі орнын нығайтуға бағытталған жалпыкеңестік терминқор қалыптастыру бағытына қарай бет бұрдық. Кеңестік идеология мен тіл саясатына сәйкес келетін терминология дамуының жаңа бағытын, жаңа қағидаттарын белгіледік» [1, 27-28 б.].

Бұл кезеңнің өзін іштей 3 кезеңге бөліп қарастырған Ө.Айтбайұлы осы кезеңнің басты белгісі – интернационалдық терминдер мен орыс атауларын тілімізге түпнұсқадағы пішінін бұзбай, сол қалпында қабылдау болып табылады (30-40-жылдарды қамтиды), бұл жылдардың ұлттық лексиканы дамытуға қосқан үлесі шамалы (40-50 жылдар), сол кездегі баспасөз материалдарынан көптеген интертерминдердің қазақша баламалары жасалып, орыс сөздерінің қазақша сөйлей бастағанын байқауға болады (50-70-жылдар) деп көрсетеді [5, 65-66 бб.]. Шындығын айтқанда, бұл келтірілген себептер ұлттық терминологияның дамуына кері әсерін тигізді. Алаш автономиясын толық таратқан Кеңестер Одағы ендігі кезекте білім беру, мәдениет, экономика және т.б. ғылым салаларын өз қолына мықтап алды. Атап айтқанда, іс қағаздары орыс тілінде жүргізілді, орыс тіліне басымдық берілді,  орыс тілінің беделділігін арттыру мақсатында саяси жиналыстардың орыс тілінде өтуін міндеттеді, қаржы, денсаулық сақтау және т.б. салаларды орыс тілінде сөйлетті. Жалпы айтқанда, қай жағынан алсақ та қазақ тілінің қажеттілігіне шама шарқынша мүмкіндік бермеді, тіпті, қазақ тілін күнделікті қолданыстан шығаруға да барынша күш салды.

Оның алғашқы сатысы – қазақтардың санының азайып кетуі. А.Амирхамзиннің айтуынша, 1916-1945 жылдар арасында, «29 жылдың ішінде біз 45% қазақ тұрғындарын жоғалтып алдық. Табиғи өсімді есептегенде, біз 65% ұлтымызды жоғалттық. Осының нәтижесінде қазақтар тарихи отанында тым аз қалды.

Бұның барлығы 1950 жылдар мен 1980 жылдар аралығында Қазақстанда 600 қазақ мектептерінің, ЖОО-дағы көптеген қазақ тіліндегі бөлімдердің жабылуына әсер етті. Нәтижесінде ана тілін білмейтін қазақтар пайда бола бастады» [9]. Бұл дегеніңіз тілмен бірге ұлттық ғылым тілінің мүмкіндігін шектеу деген сөз.

Екінші әрекеті – жоғарыда аты аталған Алаш қайраткерлерін халық жауы деген айыппен қамауға алып, артынан ату жазасына кесті.

Үшінші фактор – А.Байтұрсынұлы жасаған төл жазуымызды латын қарпін көпір етіп алып, кириллицаға ауыстырды. Ондағы мақсат орыс тілінде таңбаланған халықаралық терминдерді (Алаш азаматтарының тануынша жат сөздер) дәл сол күйінде қазақ тілінде таңбалату еді. Осыған сәйкес өз
ішімізден «Шынында, тіліміздің қазіргі даму деңгейін дөп таңбалап отырған қазіргі жазуымыз осылайша өрістемесе, біз сөздік құрамымыздағы мыңдаған сөздерді әлі күнге дейін былықтырып жазып келген болар едік. Әсіресе түбегейлі байлығымызға айналған қатары сан мыңдап саналатын халықаралық терминдер мен орыс тілі арқылы келген сөздерді таңбалауда есепсіз былыққа батқан болар едік. Әрбір сөздің, әрбір терминнің графикалық пішінін дәл түсіруде орыс алфавитінен асқан үлгіні табу қиын. Халықаралық терминдер түгілі, байырғы қазақ сөздерінің өзінің мағыналық әрі құрылымдық ерекшелігін, тұлғалық өрнегін  беруде араб жазуының да, латын әліппесінің де қауқарсыздығын өмір көрсетті. Аталған екі жазу үлгісі бойынша бейнеленген қаншама термин сөздер жазу жүйесін қиыншылыққа душар етіп келгені мәлім» [10, 209-210 бб.] – деп, еріксіз сөйлетті.

Қазақ терминологиясының дамуына тосқауыл қойылған төртінші фактор – орыс терминологиясының одақтас өзге тілдерге еркін енуге мүмкіндік туғызатын ұйымдардың ашылуы. 1933 жылы СССР Ғылым академиясында қазіргі ғылыми-техникалық терминология Комитеті (КНТТ) құрылды. Бұл комитеттің басты мақсаты – орыс терминологиясын, сонымен бірге бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы елдердің терминологиясын реттеу болып табылды. Осы негізге сүйеніп 1933 жылы Қазақ Автономиялы Республикасы Халық комиссарлар Советінің 508 санды Қаулысымен қазақ жерінде Мемлекеттік терминология комиссиясы құрылды. Бұл комиссияның басты мақсаты - әр салаға қатысты терминдерді бекіту болып табылатын. Сонымен бірге «жаңа кезеңдегі» терминологияның даму бағытын айқындау да ең басты мақсаттарының бірі болды. Осы комиссия жұмысының барысында 1935 жылы Мәдени жұмысшылар съезінде Қ.Жұбановтың ұсынған қазақ терминологиясының қағидаттары бекітілген еді. Ол мынадай:

  1. Термины, имеющие в практике литературных языков международно-единые обозначения без перевода на национальные языки, вроде: революция, совет, теория, практика, тенденция, медицина, хирургия, климат, абсолютный, конкретный и т.д., принимать в том же международно-едином обозначении, без перевода их на казахский язык.
  2. Международные термины, которые в практике литературных языков переводятся на национальные языки, как то: производство, труд, деньги, корень, стебель, мышцы, деление, умножение и т.д. переводить на казахский язык. Если подлежащий переводу термин не имеет эквивалента в казахском языке или же если казахский перевод делает его менее понятным (в иных случаях искажает смысл термина), то принимать соответствующее русское слово: сословие, состав, клетка, слет и т.д.
  3. Термины, употребляющиеся в различных дисциплинах, но в одном и том же значении или в значениях, близких друг к другу, принимать в едином обозначении: форма – porma (в философии и физике), материя – materija (в философии и физике), корень – tybir (в математике, ботанике и лингвистике), морфология – morpologija (в ботанике и лингвистике), реакция – reaksija (в химии, биологии, политике), экскурсия – ekskursija (в области просвещения и физиологии).
  4. Термины, имеющие в различных случаях различное значение, вроде мануфактура (в историко-экономическом и товароведческом значениях), продукт (продукт производства и продукт как продовольствие), легенда (как фольклорный жанр и как аннотация) и т.д. принимать как термин для одной дисциплины, а в остальных случаях переводить. Например, мануфактура как этап экономического развития – термин (не переводится), но как вид товара – не термин (переводится).
  5. Международные термины принимаются в той форме, в какой они пишутся в русской литературе. В том случае, если казахском языке будут отсутствовать какие-либо звуки (для передачи этих терминов), токовые изображаются буквами в пределах казахского алфавита (форма – porma, химия – qijmia, революция - rebolutsija) и т.д.
  6. Термины, переводимые на казахский язык (см. п. 2), должны сохранять при переводе полное соответствие их научному значению. При переводе этих терминов следует точно учитывать грамматические особенности казахского языка, не прибегая к искусственным словообразования, делающим термины непонятными, как, например: berilis – передача, kopkil – многоугольник, toqьma – текстиль, tecirijbe – практика и т.д.
  7. Международные термины, выраженные в именной и отглагольноименной формах, за исключением образований с каузативной формой, созданной при помощи формальных элементов -изация, -ификация, -ация (в словах машинизация, электрификация, объективация), которые соответствует казахским формам macijlandьyrv, elektirlendьruv, obijekteptenuv, принимать в том же виде. Международные термины как определения, образованные из прилагательных на -ский, -ный, в казахском образовании принимать усечено, т.е. без -ский, -ный: популярная книга – popular kitap, абсолютная величина – absolute cama, буржуазная идеология – burcuaz ijdeologija, экстенсивное хозяйство – ekstensijp carnacьlьq дифференциальное уравнение – dijperensial tengerme. Прилагательные, оформленные суффиксом «-ский» с преврашением звука «к» основы в «ч», оставлять в существительном оформлении без всяких наращений: электрическая лампа – elektr cam, физическая география – pijizijka cagrapika и т.д. Глагольные формы от существительных и прилагательных основ образовывать при помощи соответствующих казахских суффиксов: изолировать – ijzolatsijalav, машинизировать – macijnalandьruv и т.д. Термины же, имеющие в русском языке лишь глагольные формы и не имеющие именных форм или слишком отдаленные от именных значений, переводить сообразно с контекстом (игнорировать, регулировать, реагировать – последнее слишком отдалено от именной формы «реакции»).
  8. Вместе с терминами ввести в казахский язык ряд приставок, употребляющих в международной терминологической практике, которые не могут быть заменены казахскими суффиксами, например «-ист», «-изм» (суффиксы), «ре-», «син-», «де-», «анти-», «контр-» (префиксы). Большинство же других аффиксов, встречающихся в терминах, сохранять в казахском употреблении, но не выделять как формальные элементы, а считать их органической частью основы.
  9. Сокращенные формы терминов, присоединяемые к другим словам (авто-, аэро-, авиа- и пр.), иметь в сочетании с казахскими словами: aptojol, aptoqatynas, aviacana и т.д. Термины диктатура, революция, совет, теория, практика, контрреволюция, милитаризм и пр., употреблявшиеся в казахском языке только переведенными, принимать без перевода в интернациональной их форме.
  10. Ввести в практику казахского словообразования сокращенные сложные слова, широко принимаемые в современном русском языке со времен Октябрьской революции, считая такие образования вкладом, внесенным достижениями революции (политэкономия – polijtekonomia, райисполком – avatkom и т.п.)

Однако при образовании подобных сокращений необходимо увязывать их с законами казахского литературного языка, используя на практике лишь те из образований, которые были приняты Государственной терминологической комиссией» [11, 528-530 бб.].

Байқағанымыздай, терминжасам қағидаттары осы кезеңде орыс тілінің ыңғайына қарай өзгерді. Орыс тілінде стандартталған халықаралық терминдерді кеңес одағындағы елдер сол қалпында, еш өзгеріссіз тілдеріне қабылдауға  міндетті болды. Ал халықаралық деп танылып жүрген терминдер орыс тілінің заңдылығына сәйкес таңбаланғандығы белгілі.

Дегенмен де, 1970 жылдары ұлт зиялылары тіліміздің шұбарланып бара жатқандығын байқап, газет беттерінде терминдерді мүмкіндігінше қазақ тілінде жасау жайында бастама көтереді. Арнайы ғылыми жұмыс-
тар да жазылды. Осымен байланысты газет беттерінде жекелеген терминдердің қазақша нұсқасын ұсынған да ұсыныстар болды. Дерек көздеріне сүйенсек, Мемлекеттік терминология комиссиясы 1971-1981 жылдар аралығында 2748 терминдер мен атауларды бекітіпті [12]. Оның 1600-дей шамасы таза қазақ тілінде қабылданған терминдер болса, қалған 1148-і орыс тілі заңдылығына сәйкес немесе қазақ тілі мен орыс тілі негізінде жасалған терминдердің тіркесуі арқылы пайда болған терминдер. 1990 жылы 79 терминнің 58-і таза қазақ тілінде қабылданған екен.

Бір сөзбен айтқанда, осы аралықта орыс ұлтының құрамындағы ұлттарға, оның ішінде қазақ ұлтына  мәдени негізде әсері артты; іс-қағаздары тек орыс тілінде жүргізілді; халық арасында орыс тілін үйренушілер саны артты; осымен байланысты орыс тілінің беделі бірінші орынға шықты; орыс мәдениетін әлеуметтік тұрғыдан күшейтуге астыртын түрде болсын, ашық түрде болсын белгілі бір уағдаластық жасалды; жаңа сөз қабылдауға қойылған шарттар орыс тілінің ыңға-
йына жығылды. Осы және осымен байланысты тілден тыс факторлар қазақ тілін қоғамдық сахнадан ығыстырып, мүлдем әлсіретіп тастады. Ұлттық ғылым тіліне сұраныс болмай қалды.

Терминология дамуының келесі кезеңінде (Тәуелсіз  Қазақстан терминологиясы дамуының  бағыт-бағдарын айқындау кезеңі (1990 жылдан бергі уақыт)), ұлттық лексикамыздың дамуына біршама жағдай туындады. Тіл туралы заң қабылданды, Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламалары құрылды, Тіл дамыту құрылымдары ашылды, Мемлекеттен тілді дамытуға деп арнайы қаржы бөлінді, қазақ мектептері ашыла бастады және т.б. іс-шаралар атқарылды.

Дегенмен де, бұл көрсетілген іс-шаралардың ұлттық лексикалық қорды қалыптастыруға қауқары жетпеді. Кеңес дәуірінде тоқырауға ұшыраған қазақ терминологиясы, алпауыт орыс терминологиясының аясында қалып қала берді. Тіл туралы заңда мемлекеттік тіл қазақ тілі деп көрсетілгенмен, орыс тілі мемлекеттік тілмен тең дәрежеде деп көрсетілгендігі белгілі. Бұл қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуін тежеді.

Дегенмен Тәуелсіздік алған жылдары Академик Әбдуали Қайдар терминжасамда өзінің 11 қағидатын ұсынды. Олар төмендегідей:

1-принцип: Егеменді ел, тәуелсіз мемлекеттің басты белгілерінің (атрибуттарының) бірі − мемлекеттік тіл десек, оның негізгі тіректерінің бірі – терминологияны жан-жақты дамытуға, реттеуге, қалыптастыруға, кеңінен қолдануға сол мемлекеттің көзі қамқорлық жасауы керек.

2-принцип: Қазақ тілі терминологиясының жақсы дәстүрлерін жалғастыра, өскелең өмірдің биік талап талғамына сай жүз беріп отырған бұқаралық процестің тіл үшін тиімді де қажетті жақтарын саналы түрде пайдалану.

3-принцип: Салалық терминдер мен атауларды жаңадан жасауда, өзгертуде, ауыстыруда ең алдымен қазақ тілінің төл, және бұрыннан қалыптасқан байырғы лексикалық байлығын сарқа пайдалану.

4-принцип: (қазақ терминологиясы үшін жаңа бағыт): Термин шығармашылығында бұдан кейін туысқан түркі тілдерінің (әсіресе терминология дәстүріне бай жазба тілдердің) озық тәжірибелерінен, терминдік өрнек үлгілерінен, оңтайлы да үйлесімді сөз жасау модельдерінен мүмкіндігіне қарай пайдалану.

5-принцип: (бұрынғы принциптің жаңаша баяндалуы): Тіліміз үшін қажет, бірақ дәл баламасы жоқ, аударуға келе бермейтін интернационалдық терминдер мен атауларды қазақ тілінің өз ерекшеліктеріне икемдеп қабылдау.

6-принцип: Орыс тілінен (жалпы славян тілдерінен) енген термин-атауларды мүмкін болғанынша қазақша аударып қолдану; аударуға келмейтіндерін бұрынғыдай сол қалпында емес, қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне үйлестіре қабылдау.

7-принцип: (қысқартылған терминдер мен атаулар жайында): Салалық күрделі терминдер мен атауларды қазақ тілінің өз негізінде алғашқы әріптері мен буындары бойынша (сөз араластырып та) кеңестік-интернационалдық термин-атаулардың үлгісімен қысқартып қолдануды заңдастыру.

8-принцип: Күн санап толассыз туындап жатқан терминдік ұғымдарға тілімізден дәл балама іздеуде де, термин-атауларды жаңадан жасауда да жалпы терминдерге тән талаптарды сақтай отыра, дәстүр мен шарттылық заңдылығын мойындау.

9-принцип: Тілімізге қабылданатын терминдер мен атаулардың мағыналық, тұлғалық жағынан жақындарын өзара топтастырып, салыстыра отырып, лексикалық байлығымызды салалық жүйе бойынша жіктеп, саралап пайдалану.

10-принцип: Тіліміздегі ұлттық және интернационалдық термин-атаулардың сандық және сапалық арасалмағын табиғи қалыпта сақтаудың жолдарын іздестіру.

11-принцип: Терминдер мен атаулардың емлесін тіл заңына, жазу дәстүріне сәйкес реттеу [13, 135-137 бб].

Осы кездері ұлттық терминологиялық қор оң бағытта дами бастады. Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «қазақ тілінің реттелген терминологиялық қорының үлесі (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай - 100%)» деген міндет қойылған. Біздіңше бұл жерде «реттелген» деген термин өз орнымен қолданылмаған. Терминдерімізді тек реттеу арқылы қандай да бір ұтымды жетістіктерге жете аламыз деп айта алмаймыз. Бұл сөйлем «қазақ тілінің стандартталған терминологиялық қорының үлесі» деп берілуі қажет еді. Сонда ғана ұлттық терминологиялық қорды қалыптастыруда қандай да бір жетістіктерге жетуге мүмкіндік туар еді.

Бізде терминологиялық жұмыстарды жүргізіп отырған ғылыми мекемелер мен мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың ешқайсысы терминологияны стандарттау жұмысымен арнайы айналысып отырған жоқ. Әртүрлі салалар бойынша дайындалған терминологиялық стандарттарды Терминкомның келісімінен кейін Қазақстан Республикасы Техникалық реттеу және метрология комитетінің «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» жариялайды. Ал аталмыш мекеменің (Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты) дайындаған стандарттары ағылшын тілінен орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне аудару арқылы ғана дайындалып жатқаны шындық.

Ал Министрлік комитеті мен Терминология комиссиясының бұл саладағы жұмысы шығармашылық, сараптамалық тұрғыда емес, мемлекеттік құрылымдар арасындағы құжат айналымы деңгейінде жүзеге асып жатыр десек артық айтқан болмас едік. Жалпы бізде терминологияны стандарттау жұмысы кейбір басқа елдердегідей үлкен маңызға ие болып отыр деуге болмайды. Бізде терминологияны стандарттау жұмысы, негізінен Терминкомның ресми бекіткен терминдерін ұсынумен шектеліп келеді. Терминком – консультациялық-кеңесші орган. Сол себепті оның шешімін орындау міндетті болмағандықтан, бекіткен терминдері де Мемстандарт бекіткен стандарттар сияқты жалпыға міндетті емес. Сондықтан да Терминология комиссиясы бекіткен терминдердің елеулі бөлігі бірізді қолданысқа түсіп, тұрақты терминдер қатарына қосылып кетпей, бекітілген қалпында, қағаз жүзінде қалып қоятындығы да шындық. Бұған Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетін де Қазақстан стандарттау және сертификаттау институтын да кінәлай алмаймыз. Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінде терминдерді үйлестіру жұмысымен бір ғана маман айналысса, Қазақстан стандарттау және сертификаттау институтында аудармашы мамандардан басқа терминолог мамандардың жұмыс істейтінін кездестіре алмадық. Бұл өз кезегінде тұралап қалған ұлттық терминқорды аяғынан тұрғызып жібере алмады.

Бөлімнің презентациясы