Қазақ жазуы және орфографиясындағы мәселелер

Қазақ жазуы және орфографиясындағы мәселелер
Бүгінде «қазақ жазуында проблема көп; қазақ орфографиясы тек қиындықтардан тұрады; жазуымыз айтылымымызды бұзып болды, үндестік заңына бағынып жазылмайтын сөздерді өзіміз «сындырып» жазбасақ, бізге кім реттеп жазып береді» деген пікірлер ара-тұра болса да айтылып жүр. Болмаса жазу тәжірибесінде кездесетін бірді-екілі қиындықтарды мыңға балап, «емлеміз ала-құла», «реформа жасау қажеттілігін тілшілер көрмейді, көрсе де көргісі келмейді» деген қоғамдық пікір қалыптастыруға тырысқан көзқарастар бар. Осыған байланысты шынында да жазуымыздың дегейі төмен бе, нақты қиындықтар қай тұста деген мәселелердің басын ашып, жұртшылықтың назарына ұсынудың қажеттілігі бар сияқты.

Әрине, қазақ графикасы мен емлесі тұрақтанып, уәжді жетілдірулер мен түзетулер енгізіліп отырса да, қазақ тілі орфографиялық сөздіктері орфограммаларды негізді заңдастырып келе жатса да, бүгінгі жазу емлемізде заңдастырылуы әлі де қиындық тудыратын проблемалар бар. Олар:

  • бірге, бөлек жазылатын сөздердің емлесі;
  • әәрпінің екінші буында жазылуы;
  • бейүндес сөздердің жазылуы
  • ы, і әріптерінің емлесі;
  • х,ћ, фәріптерінің берілуі;
  • и, у әріптерінің жазылуы;
  • бас әріптің таңбалануы;
  • шеттілдік сөздердің қосымша қабылдау тәртібі;
  • халықаралық, терминдік сөздердің жазылуы.

Қазақ жазуы деген сөз екіұшты пікір тудырып, дүдәмал ойға қалдырмас үшін, бұл ұғым қазақ әліпбиі, қазақ графикасы, орфографиясы, жазба тілі, жазба тілінің морфо-синтаксистік, лексикалық жүйесі дегенді білдіретін кең мағыналы сөз екенін ескерте кеткіміз келеді. Ал латын жазуы, араб жазуы, арамей жазуы деген тіркестер, керісінше, уәжсіз қолданылатын тіркестер, олар латын әліпбиі, араб әліпбиі болып қолданылуы қажет.

Енді бүгінгі қазақ жазуының келбеті қандай? Табиғаты неден шыққан? Бағыты қайда бара жатыр деген сауалдарға қысқаша тоқталып өтсек.

Әліпбиі– 28 қазақ тілінің өзіне тән дыбыстарымен бірге шығыс тілдерінен енген сөздердің жазылуындағы дәстүрлілікті сақтау үшін һ, ф әріптерін және орыс тілі арқылы енген шеттілдік сөздерді орыс тілінің орфографиясына сай жазу үшін в, ц, щ, ч, э, ю, я, ё, ъ, ь, х таңбаларын үстемелеп алып, 31 әріптің орнына 42 әрпі бар, проф. Н.Уәли сөзімен айтқанда, екібасты құбыжық әліпби.

Орфографиясы1925, 1926, 1929ж. емле конференцияларында қабылданып, кейін орыс орфографиясының ережелеріне салынып жазылып кеткен, қазақ тілінің дыбыс үндестігіне негізделіп жазылады деген басты заңдылығынан айырылып келе жатқан емле.

Емле ұстанымы. Кез келген жазуды қалыптандыру үшін алдымен емленің басты ұстанымдарын (орфография принциптерін) белгілеп алудың жөні бар. Сондықтан қазақ жазуының алғашқы кезеңі емле принципін айқындап алу қиындылығымен өлшенді десек, бұл маңызды міндетті А.Байтұрсынұлы “туыс жүйелі емленің де, дыбыс жүйелі емленің де түкпіріне қиналмай өтетін, екеуінің арасынан жол тауып беретін” төмендегі ұсыныстар арқылы шешкенін көреміз:

  1. Әрбір  өз  алдына түбірі  бар  сөз  оңаша  айтылғандағы естілуінше жазылу.
  2. Азған сөз азған күйіндегі естілуінше жазылу.
  3. Үйлестікпен дүдәмал естілетін болған дыбыстар айқын орындардағы естілуінше жазылу» (А.Байтұрсынұлы. Тіл тағылымы. А., 1991). Және осы айтқанын ғалым “Сөздің ауыздан шығуының өзі екі түрлі болады. Сөйлегенде сөздер бір-біріне жалғаса айтылғанда бір түрлі, әр сөзді оңаша жеке алып айтқанда ауыздан екінші түрлі болып шығады” деп айқындаған екен.

Бірақ қазақ жазуының даму, қалыптасу кезеңдеріне зер салсақ, емле мен әліпбиді жетілдіру сол жазу тарихымыздың алғашқы тәжірибелерінде айтылып, қабылданып, кейін ескерілмей, ұмыт қалдырылған тұстарды қалпына келтіру, қайта қарау негізінде жүргізіліп келетінін көреміз.

Біртіндеп таратсақ:

1) алғашқы латын графикасына негізделген жазуымыздың емле ережелерінде (1924, 1926, 1929жж.) және алғашқы емле сөздіктерінде (1941,1948ж.) сөйлеуші санасында бір ұғым болып табылатын сөздер бірге жазылады делінді: 1941ж. емле сөздігі атқора, ауажайылу, бейпілауыз, боссөз, ботатірсек, бұлшықет, белбайлау, қаракөк, қаракөлеңке, ашатұяқ, бақайқулық, бойұсыну, бөріойнақ, бұрнағыкүн, жіңішкеауру, кереқарыс, күретамыр, қаракөже, қасбатыр сияқты көптеген сөздерді, 1948ж. емле сөздігі алауыздық, алажаздай, алакөлеңке, алакөз, аласапыран, алатаң, алағоржын, алтатар, алқара, алқызыл, арампейіл, аржақ, асырасілтеу, асықжілік, атсалысу, атүсті, ашықауыз, аяқалыс, аяқасты, ақжүрек, ақжарқын, бассалу, басыбайлы, басыбүтін, беломыртқа, кішіжүз, кішіпейіл, неғылу, көкала сөздерін бірге жазды. Бірақ кейін 1940ж. орыс графикасына негізделген қазіргі жазуымыздың әліпбиі қабылданып, 1952ж. негізгі емле ережелері түзілгенде құрама сөздердің мағынасы емес, олардың екі түбірден тұратын тұрпатына, өзара анықтағыштық қатынастағы грамматикалық белгісіне баса назар аударылды. Және ең сорақысы орыс тіліндегі дәл сол сөздің аудармасы бөлек немесе бірге жазылуына байланысты (носовой платок – бет орамал), (железная дорога – темір жол), сондай-ақ тұрақты тіркестер бөлек жазылатын орыс тілі орфографиясына сәйкес, эмоциялық-экспрессивтік, көркемдеуші сипатынан қол үзген, лексикалық атау дәрежесіндегі фразеологизмдер ретінде бөлек жазылды. Кейін 1983ж. емле ережелеріне енгізіле бастаған түзетулер және 1988, 2000, 2006, 2007жж. орфографиялық сөздіктер енді сол, өткенге қайта оралу, жіберіп алған олқылықтарды толтыру бағытында жүріп келе жатыр.

Мысалға бүгінгі көзі ашық оқырман қазақ тіліндегі бірге жазылатын сөздердің мынадай формалды белгілерінің екшелгенін көрер еді -лық, -қыш, -ар, -қы, -лар ұластыруыш жұрнақтары және хана, ара, аралық, басы, құмар, тану; хат, қап, гүл, бау, шөп, ақы, жай, жегі, тікен, жапырақ, тамыр құрастыруыш сыңарлар арқылы біріккен сөздер жалпы бірге жазылатын сөздердің алдыңғы қатарын құрайды.

Казақ тіліндегі сөздердің бірігуіне көбіне тіркес соңындағы қосымшалар кедергі болады екен: алма ағашы, электр шамы, іс парағы, т.с.с. Белгілі ғалым Н.Уәлиұлы осындағы ы, і езуліктерін түсіріп, бір зат, термин атауы ретінде бірге жазуды ұсынады: электршам, іспарақ, алмаағаш. 1929ж. Қызылордада қабылданған емле ережесінде Т.Шонанұлының ұсынуымен, калька тәсілімен аударылған тіркестердің тәуелдік жалғауынсыз жазылуы қабылданған еді. Ал 1934-1937ж. М.Кемал түрік тіліндегі мекеме аттарын тәуелдіктің ІІІ жақ жалғауынсыз қалыптастыруға күш жұмсаған екен: Тенизбанк, Ітібанк т.б. Біздіңше, атаулардың номинативтенуі үшін, тіл экономиясы үшін, ұғымдардың танымдық сипатын күшейту үшін буын санын азайтып жазу, изафеттің 2-типінің қолданысын шектеуде жазу қызметін пайдалану тиімді болмақ, яғни іс қағазы сөзін, мысалы, ісқағаз деп жазсақ, сөзді жинақылаймыз, екіншіден атауға ие болу процесін жеделдетеміз.

Кезінде 1929ж. Қызылордадағы емле конференциясына қатысушылар  “тілді тұтынушылар санасында біртұтас ұғым болып танылатын, екі сөзден тұратын, аралық қосымшасыз” сөздер бірігіп жазылады деген ереже шығарған. Бұл принцип 1929ж. емле ережесінде де, 1940ж. орыс графикасымен бірге түзілген емле ережесінің жобасында да, 1941ж. орфография сөздігінде де, 1948ж. М.Балақаев құрастырған сөздікте де ұсталынды. Алайда сол сөздердің орыс  тілінде бөлек жазылатын емлесінен (народное хозяйство - халық шаруашылығы, т.с.с.), орыс орфографиясында фразеологиялық тіркестердің бөлек таңбаланатындығынан, қазақ тіліндегі идиомалық атаулар мен лексикалық атаулардың арақатынасы сөзайналым процесі тұрғысынан дұрыс пайымдалмағандықтан бөлек таңбаланатын сөз қатары көбейді. Бұл мәселені одан әрі ұшықтырды. Сондықтан емле ережемізге енгізілген түзетулер, емле сөздігіне енген өзгерістер, негізінен, бірге  жазылатын сөздердің емлесін толықтыруға бағытталды, бір зат пен ұғым атауы болатын, қатар тұрып жұрнақтармен түрленетін тұрақты тіркестер соңғы 2007ж. сөздікте бірге жазылды: ақкөңіл, ақкөңілді, ақкөңілділік, ақкөңілдену, ақниет, ақниетті, ақниеттену, ақниеттілік, ержүрек, ержүректену, ақжағалдану,   ақжарқындылық, ақжүректену, ақжүректену, ақжүректік, ақниетті, ақниеттену, ақниеттілік, ақпақұлақтану, ақпейілді, ақпейлділік, ақпейілдену, алакөңілдену, алакөңілдік, алақолдық, алаяқтық, атқамінерлік, атсалысушылық,атүстілік, ашкөздену, ашкөздік, ашықауыздық, ашықауызданубасбұзарлық, баскесерлік, бассауғалау, бозөкпелік, бойұрушылық, боркеміктену, босбелбеулік, боссөзділік, бұлаңқұйрықтану, шаласауыттылық, бірбеткейлік, бірмінезділік, бірсөзділік, дүниеқоңыздану, дүниеқоңыздық т.б.  

2) Қазіргі қазақ емлесінің бір алуан қиындығын ә әрпінің екінші буында жазылуы құрайды. Мысалы, ділда-ділдә, күстана-күстәна, ділмар-ділмәр, тілмаш-тілмәш, тәкаппар-тәкәппар, кінарат-кінәрат, мүбарак-мүбәрәк, нәпақа-нәпәқа, мүшайра-мүшәйра, мінажат-мінәжат, көгершін-көгаршын, әмәнда-әманда, дүбәра-дүбара (дүбәралық), дүдәмал (дүдәмалдану, дүдәмалданбау, дүдәмалданған, дүдәмалды, дүдәмалдылық)-дүдамал, жүдә-жүда, жүмлә-жүмла, күләпара-күлапара, күмәжнік-күмажнік, күмән (күмәні, күмәндану, күмәнданбау, күмәнданған, күмәнді, күмәнділік, күмәнсіз, күмәншіл) - күман, күнә-күна, кәмшат-кәмшәт, кәусар-кәусәр, кінә-кіна,мәмпәси-мәмпаси, мәрмәр-мәрмар, нәмәрт-нәмарт, піллә-пілла, шүбә-шүба, іңгә-іңга, бәдәуи-бәдауи, кәртеміс-қартамыс, ажуа-әжуә, азар-әзер, баз-бәз, аппақ-әппақ, лазым-ләзім, қане-кәне, қазір-кәзір, тауба-тәуба, жәрәкімалла-жаракімалла, уәләят-уалаят, күлмән-күлман, күстәна-күстана, мүкәммал-мүкаммал, пәруай-пәруәй, пәруана-пәруәна, пәтуа-пәтуә, тәурат-тәурәт т.б.сөздері бірде а, бірде ә әрпімен жазылады, сондықтан қазақ емлесі бұларды босаң норма санайды. Соңғы буында ә әрпі жазылмайтыны туралы ереже алғашқы емле конференциясында (1924) кірме сөздерді не а, не е әрпі арқылы игеру керек деген ұстанымнан басталған еді (не адабиат, не әдебиет). Проф. Қ.Жұбанов а/ә дыбыстарының дүдәмалдығын анықтау алғаш қосымша жалғау әдісімен тексеруді ұсынды: “Көп буынды түбірдің соңғы буынындағы дауысты дыбыстың а-ә екені дүдамал болса, немесе дүдамал болмай-ақ, анық ә дыбысы болса да, қосымша жуан түбірге жалғанғандағыдай жуан айтылады да, амен е, қмен к, ғ мен гбір келетін қосымшаларда а, қ, ғ жазылады. Оңайлық үшін ондай түбірдің соңғы буынына да ә жазылмай, а жазылады: кітапқа (кітәпке емес)” (Қ.Жұбанов. Қазақ тілі жайында зерттеулер. А., 1966.)

Сөйтіп осы негізге орай қазақ орфографиясының алғашқы (1941ж, 1948ж.) емле сөздіктері бірінші буынның әсерінен екінші буында дүдәмал естілетін сөздерді а әрпімен таңбалады: когаршын, кіна, күман, шүба, іңга, күна. Ал 1963 жылдан бастап бұл сөздерге “тыныштық” болмады. Емле сөздігінің академиялық басылымы күмән, куә, күнә, кінә, іңкәр, шүбә сөздерін ә әрпімен таңбалап, қосымшаларды жуан жалғады. Осы қатардан айырмасы жоқ ділда, ділмар, ләззат, күстана, пәтуа, рәсуа, мінажат, дүбара, дүдамал сөздерін а әрпімен заңдастырды. Тек 1988ж. ІІІ басылым дүбәра, дүдәмал, күләпара сөздерінің екінші буынына ә “түсірді”. Керісінше, алдыңғы екі басылымында жоқ мүшәйра, әманда сөздерін екі түрлі заңдастырды. Мүшәйра алдыңғы қатармен жіңішкеру бағытында тұрса, әманда сөзі тілдегі аман түбірімен тексеріліп, жуан нұсқасымен жазылатын болды. Сөйтіп, бір позицияда тұрып, күстана, дүбара, мүбарак, мүбада, мүттайым, мінажат, күшала, нәпақа, кінәрат, мүшайра, дүдамал, әмәнда, пірәдар, пітуана, күлапара сөздері әртүрлі таңбаланды.

Сөйтіп 1963ж. емле сөздігінен бері жазылуы күмән, күмәнды, күмәнсыз, кінәға, кінәсы, кінәмшыл, кінәсыз, шүбәлы, шүбәсыз деп ұсынылып келсе де, бұлардың күнделікті жазу тәжірибесінде күмәні, күмәнді, кінәсі, кінәшіл, шүбәсіз т.с.с. деп жазылуы қатеге саналмайтын болды. Кейін жазу практикасы мен сөздік арасында қайшылық туған соң, алдыңғысы ескеріліп, емле сөздігінің кейінгі басылымдары ә-мен қалыптандырыла бастады. 2001ж. сөздік тек барыс жалғауын ғана жуан вариантта, басқа қосымшаларды жіңішке формада жалғауды ұсынды.

Бұл ереже осы қиындықтардан шығудың теориялық таянышын іздеген Н.Уәлиұлының негіздемесіне сүйенді: “Тегінде, жазудағы  бірізділік  үшін екі түрлі варианттың біріне тоқталған дұрыс. Бұл сөздерді дегенмен шәй, жәй, жәйлау, күнә, шүбә, күмән деп бірізді жазып, қосымшаларды жуан вариантта жалғау орынды да деп ойлаймыз. Жуан варианттағы қосымшалар өзінің негізгі грамматикалық қызметімен қатар, түбір морфемадағы фонеманың  <а> екендігін көрсететін белгі /сигнал/ ретінде графикалық  қосымша қызмет атқарады деп қарауға болады» (Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. А., 1988.).

Бүгінде жазу практикасы мен нормасы арасындағы қайшылықтан арылу үшін 2005-те орфографиялық сөздік атанған сөздерге тек барыс септігі мен көптік жалғауын жуан вариантта, қалған жалғауларды жіңішке вариантта жалғауда заңдастырды.Екінші буында [ә] естілетін түбірлер /ә/ - әрпімен жазылып, барыс, шығыс, көптік жалғауларынан және етістік тудыратын жұрнақтан (лан) басқа қосымшалар жіңішке  жалғанатын болды. Яғни 2000 жылға дейін әртүрлі жазылып келген осы қиындық орфографиясының фонетикалық принципіне сай дыбысталуынша жазылады, яғни [күмәндәніп], [кінәләрің], [күуәләндіру] деп айтылатын сөздердің үшінші, соңғы буында /ә/ әрпімен жазылмайтынын қазіргі кез келген тілтұтынушы біледі: куәлік, куәлі, куәсіз, куәсі, бірақ куәсіна, куәландыру, куәға, куәлар, куәдан; күмәнді, күмәнсіз, күмәнділік, күмәні, бірақ  күмәндану, күмәнға, күмәндар, күмәніна, күмәннан; кінәлі, кінәсіз, кінәсі, бірақ кінәға, кінәлар, кінәсіна, кінәсінан, кінәдан, кінәлану, шүбәлік, шүбәлілік, шүбәсіз, шүбәсі, бірақ шүбәлану, шүбәға, шүбәсіна, шүбәлар, шүбәдан.

3) Үндесім заңы. Қазақ жазуына құбыжық ретінде қарайтындардың енді бір уәжі – қазір, кітап, мектеп, қате, қадір, қайтіп, қайтсе, күнәкар, кінәрат, бірақ, қызмет, құдірет, құзірет, қабілет  сөздерінің үндесім заңына бағынбай жазылатыны, сөйтіп, қазақ тілінің сөз сазын өзінің жазуы бұзып келе жатқаны. Ата буын өкілдері біледі: аталған сөздердің осы тұрпатта жазылуы орыс жазуына көшкенде емес, 1929ж. латын жазуы тұсында белгіленді. Латын жазуы алдыңғы қазақ жазуларына (көне түркі, араб, төте жазу) қарағанда «өте» дыбыстық жазу болды.  1924ж. Орынборда өткен конференцияда қазақ емлесінің негізі үндестік заңынан шығарылды. Жазу сөздің үндесім нормасына жақын жазылатыны белгіленді. Бірақ, бір таңқаларлығы, ереженің 1-бабының 1-ескертуінде-ақ «нікі жұрнағы бар сөздерде, парсы тілінен басқа тілден енген кірме сөздерде үндестік сақталынбайды» және «үндестік заңына бағынбайтын сөздер айтылуы бойынша жазылады (бірақ, кітап)» делінді (Қазақ білімпаздарының тұңғыш сійезі, Орынбор, 1925.). Таңғаларлығы деп отырғанымыз, үндесіммен айтылмаған сөздер ендеше, осылай орта үндесім болып дыбысталғаны ғой. Яғни айтылуда бұл сөздер бейүндес емес: [қ'а'дір], [кіт'а'п], [қ'а'те], [м'үғ'әлім], [қ'а'зір], [б'ір'әқ'], [қ'ізмет], [қ'а'б'лет], бірыңғай жіңішке немесе бірыңғай жуан емес, тіл ортасы қалпын сақтап айтылады.

Түркі халықтарының ішінде тілдің ата заңын қағазға бекіткен жалғыз қазақ халқы десек, осы қатарды да бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке жазуға болатын еді.  Бірақ олай болмаған. Ендеше алғашқы ережені қазақ тілінің үндестік заңын бұзған ереже емес, жуан үндесім мен жіңішке үндесім арасында аралық үндесім бар екенін жазу арқылы заңдастырған ереже деп танимыз.

Мәселе мынада. Сөз жеке тұрып болмаса түбір қалпында ғана жұмсалмайды. Ал сөздің түбір тұрпатын грамматикалық тұлғалары анықтайды. Мысалыға қадір, кітап, қате, мұғалім сөздері қадырлану, қадырлары өту, қадырына жету болмаса, кәдірлену, кәдірлері өту, кәдіріне жету; қытаптар, қытапқа, қытабы болмаса, кітәптер, кітәпке, кітәбі; қатасы көп, қаталасты болмаса, кәтесі көп, кәтелесті; мұғалымға, мұғалымдар, мұғалымы немесе мүгәлімге, мүгәлімдер, мүгәлімі болып айтылмайды, я жергілікті сөйлеу ерекшеліктерінде кездеседі.

1929ж. емле ережесі қазақ жазуы тіліміздің басты заңдылығы – үндесім заңына табан тірейтінін, оны қазіргі ережедегідей сөздің соңғы буынына ғана қатысты емес, сөздің бүкіл өн бойына (түбір, қосымша) қатысты алатынында жатыр.

4) Сол сияқты ы,і әріптерінің сөз мағынасына, дыбысталуына әсер етпесе, түсіріліп таңбалануы да жазу тарихымыздың алғашқы кезеңдерінде негізделген, кейін қабылданбаған емле тұстары деп ойлаймыз.

Мысалға қорытынды, тағылым, құрылыс, ауыру, қазына, лағынет, нақұрыс, хазірет, қатынас, қазына, меңіреу, саңырау, саңылау, самұрық, жауырын, қайырыл, мәжіліс, ғылыми, жапырақ, шаңырақ, мәлімет, қабылан, жұмырық, үңірей, мейірім, құдірет, айырым, қабілет, абырой, төңірек, қайырым, қоңырау, тағылым, сұмырай, мәміле, құбылыс, тақырып сияқты сөздер бүгінгі жазарман үшін ы әрпімен жазамыз ба әлде, ы әрпін түсіріп жазамыз ба деген  қиындық тудырады.

А.Байтұрсынұлы араб жазуының дәстүріне сай ы, іәріптерін сөз мағынасына әсер етпесе, түсіріп жазуды ұсынды. Аталған мәселеге Қ.Жұбановтың ойы да А.Байтұрсынұлымен үндес болды. Алайда 1929ж. емле конференциясында Е.Омаров пен Қ.Кемеңгерұлы ы, ұ әріптерін барлық позияцияда таңбалауды дұрыс деп тапты.

Бірақ 1940ж. орыс графикасымен бірге қабылдаған орфография ережелері  “ы әрпі орыстың толық дауысты “ы” - сы есебінде және қазақтың қысаң “ь” - сы есебінде де қолданылады. Мысалы: былтыр, қалық, орын, арық, рынок, рычаг. Ескерту: “ы” әріптері дүдәмәл естілгенде я буын араларында алып тастағанда, сөз мағынасы бұзылмайтын болса, жазылмайды. Мысалы: Смағұл (Ысмағұл емес), рет (ірет емес), Ахмет (Ахымет емес), мағна (мағына емес), жұрт (жұрыт емес), жалт-жұлт (жалыт-жұлыт емес) т.б.” деген емле қабылдады. Сөйтіп, қатардағы тілтұтынушы үшін қысаң езуліктердің мағына ажырату сипатын тану қиындық тудырды. Сөйтіп, орфографиядағы ала-құлалық басталды.

Алайда қысаң дауыстылардың барлық буында таңбалану емлесіне жұртшылық бірдей келісе қойған жоқ. Мысалы, Қ.Аманжолов “Қазақ жазу ережемізде ерекше көзге түсіп жүрген кемшіліктер ы, і әріптерінің таңбасын өте көп қолданып жатқандығымыз. Әліппе – миллион құралы. Сол миллиондардың ішінен “Япырай, осы ы, і әрпін азырақ қолдансақ қайтеді екен” дегенді үнемі естуіміз тегін емес. Шынында да, жыйылысымызды деген сөздің өзінде алты  ы  бар. Ы, і-ні неғұрлым аз жазуға тырысушылықты екінің бірінің жазуынан көруге болады. Айталық: ДауылбайДаулбай, НұрпейісНұрпейс, жиын, қиынШырақ деудің орнына шрақ деп жазсақ қателесе қоймаймыз” деді. Бірақ проф. М.Балақаев бұл қиындықты шешу үшін “ы, і дыбысы естілген жердің бәрінде жазылады” деген ереже ұсынады.

Сонымен, ол – ы, і әріптерінің емлесіне қатысты бір-біріне қарама-қарсы екі бағытты көреміз. Бір бағыт жазуды нормалаудың алғашқы сатысында  ы,  і-лерді мүмкіндігінше қысқартып жазады және кейінгі кезеңдерде де, қысқартып жазуды негізгі мақсат етеді (мысалы, тәуелдік жалғауын қосқанда түбірдің соңғы буынындағы қысаңдарды халық-халқы, көрік-көркі немесе біріккен сөз жігіндегі екі дауыстының қысаңдарын түсіріп жазуды алыңыз: өлі ара – өлара, алтыатар – алтатар (Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі, 1988), ешкіемер – ешкемер, алтыаяқ – алтаяқ, саптыаяқ – саптаяқ, сарыағаш – сарағаш, сарыөрік – сарөрік (Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі, 2000ж.).

Екінші бағыт селбеспе (дәнекер, қыстырынды) дыбыс ретінде 2-3 дауыссыз дыбыс қатар келмейді, түбір мен қосымшаның (фондыға, киоскіге), сөз, буын аяғы б, д, ғ, г ұяңдарына аяқталмайды деп тағылым,  абырой, әділет, әбілет, жағылан, жебірейіл, жұдырық, қабылан сөздерінде ы,  і  әріптерін пайдалануды ұсынады. Сөйтіп, осындай бағыттардың үрдісінен ы,  і әріптерін қысқартып жазудың мынадай сатылары болды:

І-саты. Соңғы буынында қысаң дауысты бар түбірге құрамында ашық дауысты бар қосымша жалғанғанда түбірдегі ы,  і  әріптерінің түсіріліп жазылуы. Мысалы,   бүйір – бүйрек, дәуір – дәурен, ерін – ернеу,  бауыр – баура,  бауыр – баурай, жиын – жина, қорық – қорқа, қойын – қойнау, мойын – мойнақ, қайыр – қайрақ, күйіс – күйсе, айыр – айран, үрік – үркек, қиын – қина, жалық – жалқау, жайыл – жайлау, жайла,  қайыр – қайрақ,  қайра, қорық – қорқақ, қорқу, қорқыт,  сарын – сарна, зорық – зорға, ойын – ойнақ, ойын – ойна, жұрын – жұрнақ,  түйін – түйнек, сарық – сарқы, жалық – жалқау, жайыл – жайла, көрін – көрнеу,  жерік – жеркен,  көрік – көркем, сары – сарғай, орын – орна, уақыт – уақтылы, қырық – қырқыншы, айыр – айрықша, ресім – ресми,     алты – алтау, жеті – жетеу. Бұл саты қазақ орфографиясында дау тудырмайды.

ІІ-саты соңғы буында қысаң дауыстылары бар түбірге тәуелдік жалғауының ІІІ жағын жалғағанда ы, і әріптерінің түсірілуімен байланысты: мойынмойны, ауызаузы, дауысдаусы, ерінерні, құлыққұлқы, бөрікбөркі, көріккөркі, мүлікмүлкі, халықхалқы, ерікеркіқарынқарны, сиықсиқы, қайынқайны, кеуілкеулі, қалыпқалпы, әліпәлпі, ғұрыпғұрпы, қырыққырқы, әріпәрпі, мұрынмұрны, сұрықсұрқы, шырықшырқықайынқайны, нарықнарқы, парықпарқы, ырықырқы, тәйіртәйрі, тәріктәркі. Бұл орфограммалар 1929ж. емле ережелерінде қабылданғанмен, 1988ж. Емле сөздігімізде ғана  кодификацияланды. Біраққысаңдауыстыларды үнемдептаңбалаудыңосысатысындапроблемаболды. Ол Н.Уәлиұлының айтуы бойынша, ы, і қысаңдарын редукциялап жазғанда семантикалық қарсылыққа ұшырайтын мына сияқты сөздерге қатысты: ауылауылы, көңілкөңілі, бауырбауыры, жиынжиынысайынсайыны, жайынжайыныақылақылы. Сондықтан емле сөздігінің 2000ж. басылымы екі орфограмманы да норма ретінде ұсынды. Алайда ауылы, бауыры, көңілі, ақылы, жиынынұсқаларын заңдастырудың негізі бар деп білеміз.  

ІII-сатыға біріккен сөз жігінде қатар келген екі дауыстының қысаң дауыстысын түсіріп жазу үрдісі алынады. Мысалы, 1988ж. емле сөздігінде саратан, сарауру, сарбалақ, сарбуын, сарбұға, саргідір, сарқұлақ, сарсолма, сарсу, сартабан, сартаңдақ, сартап, сартұқым, сарүйек, саршұнақ, өлара, алтатар, 2000ж. сөздікте ешкемер, алтаяқ, саптаяқ, сарағаш, сарөрік, келсап, кертартпа, жақсат (2000ж.) сөздері ыі-сіз заңдастырыла бастады. Жалпы, бұрын қазақ емлесі морфологиялық принципке құрылған, ал морфологиялық принцип сөздің түбірін сақтап жазу деген ұғым біріккен сөздердің түбірін сақтап біріктіруді (кіріктіруді емес) заңдастырды. Алайда әсіресе екі түбір жігіндегі қос дауыстының (алааяқ) немесе қысаң мен ашық дауыстының (сарыала) біреуін, оның ішінде ашық дауыстыны ғана таңбалау (!) үрдісі көбейді. Осыны ескеріп, емле сөздіктері қысаң дауыстыны және екі ашық дауыстының біреуін түсіріп жазуды нормалай бастады. Бұл қазақ орфографиясының түбір, не түбір мен қосымша жігінде фонетикалық принципті ұстанатынынан шықты. Алайда біріккен сөздің жазба тұрпаты сөздің этимологиясынан ақпарат беріп тұруы шарт деп санаймыз. [сармай], [сарсазан], [сарсұу] деп айтылатын сөздердің сары түбіріне қатысын жазу ғана сақтап, тіл қойнауына апара алады. Сондықтан сарымай, сарысазан, жақсыат, келісапдеген орфограммалардың заңдастырылуы заңды болар еді дейміз.

ІV-саты. /ы/ - әрпін үнемдеп жазудың келесі сатысы бітеу буын аралығында келген қысаңдарға байланысты: Мысалы: қызмет, сахна, сіңлі, ресми, рақмет, құрмет, емле, мемлекет, ауру, бағлан, тарлан, жарлық, жирен, зәулім, қайрылу, құрлық, лоблу, мақлұқат, мақрұм, мәкрүк, мәслихат, саңдақ, тәурат, емеурін, саңлақ, медресе, бұйрық, құрлық, мағлұм, мағлұмат, айрық, айрықша, даурық, қайрақ, сәурік, самаурын, қайны, салбурын, наурыз, бурыл, тегеурін, мойнақ, мейлінше, арлан, ғибрат, ғұрлы. Сонда фонемалық (ақпараттық) мәні жоқ, таңбаланбауы мазмұнға нұқсан келтірмейтін әріптерді түсіріп жазу болашақ жазу бағыттары үшін негізгі үрдіс болу керек дейміз. Енді қысаңдар түсірілмей жазылатын жоғарыдағыдан айырмашылығы жоқ мына сөздерге назар аударайық:сүмірей, кекірік, құбыла, топырақ, айырыл, жымырай, әзірейіл, бекіре, қазымыр, аңызақ, еңіре, ақырет, қымыран, мағына, дәрігер, қорытынды, әділет, бекіре, ақырын, атырап, әбілет, емірен, жағылан, жамыра, жебірейіл, жұдырық, запыран, кекілік, көкірек, қойылым, қаңыра, қапырық, құмыра, тоқыра, мекіре, құбыла, мәжіліс, тоқырауын, құбылыс, шақырым, ықылым, ыңыран, ысырап, ібіліс, оқыра, омырау, саңылау, тәжірибе, текірек, шатыраш, шежіре, шүңірей, ықылас, ықылық, ғылыми, бүкірей, иірім, ерітінді, басылым, көрініс, жұмырық, сауырын, жайылым.

Қазақ тілінде тірек дауыссыз ретінде дауыссыздардың жуан езулік үндесім варианты алынатынын еске алсақ (бы, ғы, ды, жы, зы) және сондай шепте түсіріп жазылу қазақ жазуында бар үлгі болғандықтан, 3 буыннан артық ашық буынмен келетін, екінші буындағы дауыссыз бен үнді арасындағы ы, і езуліктері таңбаланатын сөздерді ықшамдап, ы, і әріптерінің дәнекерінсіз, бітеу буынмен таңбалауға болады деп ойлаймыз: тағлым, мейрім, қайрым, аброй, ажрасу айрылу, ақрет, атрап, атрау, ауру, базна, баслым,  қаблан, қаблет, қағлез, қазмыр, қазна, жаурын, қапрық, қасрет, қатнас, қортынды, қослыс т.б.

Әрине, бұл – ойда жүрген, ойласуға шақырған пікірлер. Сөз соңында жоғарыда аталған емле қиындықтарына тап болған тұста Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің Арыс баспасы, 2007ж., 2013ж. басылымдарын басшылыққа алуды ескертеміз.