БАНК САЛАСЫ ТЕРМИНДЕРІНІҢ ТҰРАҚТАЛУ МӘСЕЛЕСІ

БАНК САЛАСЫ ТЕРМИНДЕРІНІҢ ТҰРАҚТАЛУ МӘСЕЛЕСІ
Терминология – арнаулы сала ұғымдарының жүйелік ерекшелігін көрсете отырып, оның коммуникативтік қажеттілігін өтеуге қызмет ететін атаулар жиынтығы.

Терминология – арнаулы сала ұғымдарының жүйелік ерекшелігін көрсете отырып, оның коммуникативтік қажеттілігін өтеуге қызмет ететін атаулар жиынтығы [1, 13 б.].

Орыс ғалымы В.Бондалетов терминологияның дамуының үш негізгі сатысын көрсетеді:

<!-- [if !supportLists]-->1. Бастапқы саты. Кәсіби лексика негізінде біртіндеп терминдену үдерісі жүреді. Бұл сатыда терминдердің жүйелігі байқалмайды. Терминдердің синонимдік қатары көп болады. Арнайы терминжасам тәсілдері болмайды.

<!-- [if !supportLists]-->2. Қалыптасқан терминология кезінде терминдердің жүйелілігі пайда болып, олар өзге терминдердің жасалуына негіз болады. Белгілі бір терминологияның ерекшелігін көрсететін сөзжасамның тәсілдері іріктеліп алынады. Терминдер дефинициаланып, терминнің логикалық, лингвистикалық белгілері талданады. Негізінен, терминология унификациялауға және стандарттауға дайын болып саналады.

<!-- [if !supportLists]-->3. Дамыған терминология кезінде ғылым мен техника терминдерінің иерархиялық жүйесі құрылып, жалпы терминологиялық жүйені нақты және толық көрсетуге болады [2, 137 б.].

Осыдан шығатыны, терминология – бұл терминдердің түгенденіп жүйе құра бастаған шақтан бастап қалыптасу сатыларын, олармен жасалынатын жұмыс түрлерін, кіші терминжүйелердің жиынтығы мен құрылуын және олардың ерекшеліктерін зерттейтін ғылым саласы болып шығады. Терминжүйелердің жалпы терминологияны құрап, ғылыми ақпарат алмасу қажеттілікті өтейтіндігі жайында Ш.Құрманбайұлы: «Терминология – арнаулы сала ұғымдарының жүйелік ерекшелігін көрсете отырып, оның коммуникативтік қажеттілігін өтеуге қызмет ететін атаулар жиынтығы», – дегенді айтады [1, 45 б.].

Қазіргі таңда терминологияны өзге ғылыми бағыттармен сабақтастырып та, даралап та қарау жағдайы бар. Ғылым салалары көбейген сайын терминжүйелер молайып терминдік қатар кейтұста ажырамастай бір болып, ал бір жерлерде оқшау дараланып тұруы да мүмкін. Мәселе төңірегінде ой жүгірткенде, біздіңше, жалпы ғылыми терминология және салалық терминология деген екі үлкен бағытты айқын көре аламыз.

Біздің назарымызды аулағаны – салалық терминология бағыты болып отыр. Оның ішінде банк саласы терминдерінің тұрақталуы төңірегінде ортаға ой қосу еді.

Жалпы терминдермен жүргізілетін маңызды жұмыстардың бірі – біріздендіру (унификация). Біріздендіру – ғылыми-техникалық байланыстың кепілі және тілде әлемдік ақпараттар ағымын ұлттық тілде өңдеп көрсете білу қабілеті деп бағаласақ болады. Бұл әрекет термин қалыптастыру, терминдену үдерісі кезінде міндетті түрде жүргізіледі. Ш.Құрманбайұлы берген анықтамаға сүйенер болсақ, біріздендіру (унификация) бұл: «Әртүрлі ұлттық тілдердегі терминдермен аталатын ғылыми және техникалық ұғымдардың сәйкес келуі» [1, 55 б.]. Алайда біріздендіруді сөзбе-сөз сәйкес ету, ұқсас қылу деп түсінбеу керек. Бұл бірізділік бір халықтың тіліндегі ұғымның екінші халықтың тілінде көрініс тауып өзіндік атауға ие болуы. Біріздендіру – ұғымдардың сәйкестігі болып табылады.

Терминдердің бірізділілігіне қол жеткізуде олардың тұрақталуы қоғамға сіңу мәселесі де аса өзекті. Бұл ретте бүгінгі қоғамға кең таныла бастаған, өзіндік бір терминжүйе түзген банк саласын айрықша атауымызға болады. Еліміз тәуелсіздік алған таңнан бастап банк саласы лексикасы біздің қарапайым күнделікті өмірімізге ене түсті. Бұл нарықтық қатынасқа түсуімізбен тығыз байланысты болды. ХХ ғасырдың соңында қазақ тіліндегі банк терминдерінің дені орыс тілінен сол өзгертілмеген қалпындағы лексикалық бірліктер болды (вклад, фонд, счет, клиент, аренда, сумма т.б.) кейінгі тәуелсіз Қазақстан жағдайында терминологиялық айналымда үрдіс өзгере түсіп орыс тілінен еш өзгеріссіз алынып қолданылып жүрген терминдерге балама лексикалық бірліктер таңылып терминдік қатарда варианттылық пайда болды. Мәселен, вклад – салым, вкладчик-салымшы, фонд – қор, счет – шот, аренда – жалға алу, сумма- сома т.б. Осындай екі қатарлы кейде үш қатарлы жарыспалық орын алды. Лексикалық бірліктердің терминдену үрдісінде (бұл ұзақ уақыт болуы мүмкін) жарыспалық сипаттың болуы заңды құбылыс. Ал бұл мәселенің шешілуінде маңызды рөл атқаратын узуалдану құбылысы. Яғни бірліктің өрісі артып тұрақталуы, қоғамдағы кеңінен қолданысы. Салада жиі қолданыла түскен терминүміткер терминдене түседі. Қолданыс артып терминдік сипат таныта бастайды. Осындай белгілерден соң терминүміткер бірлік статикалық материлдарда  нормаланады, стандартталады. Мәселен, «кредит» сөзін алайық. ХХ ғ. 90 жылдары орыс тіліндегі нұсқасымен тілімізде қолданылды. Кейінгі жылдарда жарыспалы түрде қазақ тіліне араб тілінен енген «несие» сөзі о бастағы түпкі тілдегі мағынасынан сәл өзге сипатта «кредит» терминінің орнына қолданыла бастады.

Қаржы саласында бүгінгі таңдағы терминжасамның өнікті саналатын лексика-семантикалық, морфологиялық, синтаксистік тәсілдері жете қолданылып сәтті терминдер туындап жатыр. мәселен, лексика-семантикалық жолмен пайда болған терминдер кіріс – бюджеттік кіріс (бюджетный доход), теңгерімдік кіріс (балансовый доход), жалпы кіріс (валовый доход), қашықтан қадағалау (дистанционный надзор), кепілдік берілген шарт (договор гарантийный), жәрдем қаражат (субсидия) т.б. болса, морфологиялық тәсілде жасалған термин сөздер: -гер, -кер (қаржыгер, мердігер, борышкер, саудагер, мұрагер) -шы, -ші (салымшы, есепші, несиеші, пайызшы, бақылаушы, байқаушы, тұтынушы -лы, -лі -ды, -ді қосымшалары арқылы – қолжетімді, тиімді, жылжымалы, -ма, ме арқылы - есептеме, тұжырымдама, көшірме сияқты ұлт санасына таныс, әбден тұрақтанған терминдерді мысал етсек болады.

         Салада өнікті тәсіл ретінде жұмыс жасап келетін тағы бір тәсіл – терминжасамдағы терминбөлшектердің көмегімен синтаксистік жолда жаңа терминдердің ұясын қалыптастыру мүмкіндігі туындады. Мысалмен айтсақ, демеуқаржы - демеуақы, ақы – үстемеақы, төлемақы, жәрдемақы, өтемақы, өсімпұл, айыппұл т.т. сонымен қатар банктерде, жалпы қаржы саласында қысқарған терминдердің қатары да көптеп кездесіп жүр. Мәселен, БСН, ЖСК, БеК, ҚҚС, баж т.б.

Терминжасамда қазіргі таңда жаңа бағыт алып келетін тағы бір тәсіл – транслитерация жолы. Бұл тәсіл бізге жат емес. Етене таныс. Сонау ХХ ғасырдың басында тілімізге енген орыс сөздерінің қарасын мысал етсек, кереует, самаурын, бәтеңке, үстел, зауыт, бөкебай т.б. сөздер еске түседі. Қазіргі таңда да бұл жолдың өміршеңдігі байқалады. Келешекте негізгі терминтүзудің тәсілі ретінде қарауға әбден болады. Мәселен, қазірдің өзінде біздің банктерімізде сома, тауар, шот, шәкіл, жәрмеңке сияқты сөздер еркін қолданысқа енген.

Қорыта айтқанда, банк саласының терминдерінің ұлттық терминологиялық жүйесінің негізі бар. Бастама үрдісі оң, адымдап дамып келеді. Қазіргі қазақ тіліндегі терминжасамның өнікті тәсілдерінде жаңа ұғымға атау беру жұмысы мамандар тарапынан үздіксіз жүргізіліп келеді. Бұл ретте Қазақстан банктерінің тілді қолдану немесе терминдерді үйлестіру мәселесі төңірегінде ҚР Ұлттық банкі жетекші рөл атқарып келетіндігін баса айтудың реті бар. Жалпы сала терминдерінің тұрақтануында жетекші ұйымның болғаны дұрыс. Өйткені терминдердің тұрақтануында статикалық  материалдардың (құжаттар, БАҚ беттері, сөздіктер т.б. жазбалар) жүйелі түрде, үйлесімділік тауып жұмыс жасауы аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарады, сол арқылы қоғамға кеңінен таныла түседі екен.

Пайдаланылған әдебиеттер:

<!-- [if !supportLists]-->1. Құрманбайұлы Ш. Терминтанушы құрал. –Астана: Ер-Дәулет, 2007. – 243 б.

<!-- [if !supportLists]-->2. Бондалетов В.Д. Социальная лингвистика. – М.: Просвещение, 1987.–160 с.