А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ «ТІЛ-ҚҰРАЛ» ЕҢБЕГІНДЕГІ ТЫНЫС БЕЛГІЛЕР

А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ «ТІЛ-ҚҰРАЛ» ЕҢБЕГІНДЕГІ ТЫНЫС БЕЛГІЛЕР
Қазақ тілінің ғылыми негізін қалыптастырған А.Байтұрсынұлының еңбектері – бүгінгі қазақ терминологиясының негізі. Аталған ғылыми еңбекте 300-ге жуық термин бар. Олардың басым көпшілігі қазіргі қазақ тіл білімінің ғылыми базасына айналып отыр.

Қазақ тілінің ғылыми негізін қалыптастырған А.Байтұрсынұлының еңбектері – бүгінгі қазақ терминологиясының негізі. Аталған ғылыми еңбекте 300-ге жуық термин бар. Олардың басым көпшілігі қазіргі қазақ тіл білімінің ғылыми базасына айналып отыр.

Ғалымның термин жасауда өзіндік қағидаттары бары бәріне белгілі. Солардың бірі – термин түзуде қазақ тілінің төл бірліктерін қолдану. А.Байтұрсынұлының бұл қағидаты тыныс белгілеріне атау беруде де негізге алынды. «Тіл-құрал» еңбегінің «Сөйлем жүйесі мен түрлері» атты үшінші кітабынан кіші сызықша, үлкен сызықша, ноқат, үтірлі ноқат, теріс үтір, қос ноқат, сұрау белгісі, леп белгісі, көп ноқат, қабат үтір, жақша сынды терминдер қатарын көруге болады.

 

Термин

Тыныс белгісі

Қосымша атауы

 

1

Кіші сызықша

-

Тіркестіру белгісі

2

Үлкен сызықша

Жұмақтау белгісі

3

Ноқат

.

Ұлы тыныс

4

Үтірлі ноқат

;

Орта тыныс

5

Теріс үтір

,

Кіші тыныс

6

Қос ноқат

:

Бәшелеу белгісі

7

Сұрау белгісі

?

-

8

Леп белгісі

!

-

9

Көп ноқат

...

Қалдыру, тастау белгісі

10

Қабат үтір

«»

Қабатша қос тырнақ

11

Жақша

( )

Қамау белгісі

 

Көріп отырғанымыздай, ғалым тыныс белгілерін беруде ең алдымен қазақ халқының болмыс-бітімінен, мәдениетінен, ұлттық танымынан хабар беретін тілдік бірліктерді қолданған. Мәселен, бүгінгі қазақ тіл білімі саласы терминдері - дефис пен сызықша терминжасам қағидаттарына сай емес. Оның себебі, біріншіден, бір-біріне ұқсас екі белгінің біреуі төл бірлікпен, екіншісі кірме терминмен берілуінде. Екіншіден, бұл белгілердің қазақ тілінде түзілген нұсқасы бар. Біреуі үлкен, екіншісі кіші сызықпен берілетін дефис пен сызықша таңбаларын А.Байтұрсынұлының терминімен «үлкен сызықша» және «кіші сызықша» деп беру тілді тұтынушы үшін қашанда түсінікті болмақ. 

Жоғарыда берілген кестеден ғалымның терминдерге қосымша атау бергенін көруге болады. Ғылым нақтылықты, жинақылықты талап етеді. Ал терминнің талаптары одан да жоғары. Нақтырақ айтсақ, терминнің бірмағыналы, қысқа, ықшам, тілдік нормаға, сөзжасам заңдылықтарына сәйкес болуы шарттылық. А.Байтұрсынұлының тыныс белгілеріне қатысты терминдері осы талаптардың барлығына сай келеді. Бірінші бағаннан нақтылықты, уәжділікті, тілдік нормаға сай жүйеленген терминдерді көрсек, үшінші бағаннан ғалымның осы терминдердің қызметі мен қолданысына қарай тіркестіру, жұмақтау, бәшелеу, қамау, тастау белгілері деп халыққа түсінікті тілмен түсіндіргенін аңғарамыз. Сонымен қатар ғалым ноқат, үтірлі ноқат, теріс үтір терминдерін ұлы тыныс, орта тыныс, кіші тыныс деп атау арқылы тыныс белгілердің қолдану деңгейін көрсетеді. Аталған атаулар А.Байтұрсынұлы терминдерінің негізі қазақы танымда, ұлттық мәдениетте жатқанын аңғартады. Ғылым тілі мен қарапайым халық арасындағы алшақтықты жақындату мақсатында түзілген А.Байтұрсынұлының терминдері – бүгінгі қазақ терминологиясының озық үлгісі іспеттес.