Көптомдық салалық терминологиялық сөздіктер әзірлеу тәжірибесінен

Көптомдық салалық терминологиялық сөздіктер әзірлеу тәжірибесінен

1999–2000 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысымен «Рауан» баспасында елімізде тұңғыш рет 31 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша салалық ғылыми терминологиялық сөздіктер топтамасы жарық көрді. Сөздіктер топтамасы Германияның доктор-инженері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор А.Қ. Құсайыновтың ғылыми жетекшілігімен дайындалды.  

Елімізде 1999–2000 жылдары тұңғыш рет жарық көрген әрбір томы 5 мыңдай салалық терминді қамтитын 31 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша салалық терминологиялық сөздіктер топтамасын шығаруға 400-ден аса сала мамандары ат салысты. Бұл қоғам өмірінің барлық салаларындағы терминдерді қамтыған алғашқы кешенді еңбек болды.

2012–2014 жылдары «Педагогикалық ғылымдар академиясы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында 30 томдық «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік» топтамасын шығарды. Сөздіктер топтамасы Германияның доктор-инженері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик А.Қ.Құсайыновтың ғылыми жетекшілігімен дайындалды.

 Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы мақұлдаған бұл сөздіктер топтамасының төмендегідей ерекшеліктерін атауға болады:

1) Сөздіктер топтамаларының әзірлеудің ғылыми-теориялық және  әдістемелік-практикалық негіздері

2012-2014-жылдары дайындалған сөздіктер топтамасының ғылыми-теориялық және әдістемелік-практикалық негізін жетілдіру мақ­са­тында профессор А. Құсайыновтың (ғылыми жетекші), ҚазақҰТУ профессоры Н.Сейітовтің және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары – Қ.Ж. Айдарбектің, Б.С. Жонкешовтің авторлығымен «Қазақша-орысша және орысша-қазақша (екі тілді) салалық ғылыми терми­но­логиялық сөздіктер топтамасын әзірлеу принциптерін (ұстанымдарын)» әзірленді.

Бұл сөздіктер топтамасы 1999–2000-жылдары дайындалған сөздіктер топтамасы негізінде әзірленді және оны әзірлеуге осы уақытқа дейін жарық көрген басқа да салалық және жалпы терминологиялық сөздіктер, сондай-ақ терминологияға және тіл біліміне қатысты ғылыми еңбектер, оқулықтар мен әдістемелік құралдар кеңінен пайдаланылды.

2) Сөздікті құрастыруда қойылған мақсаттар

2012–2014 жылдары әзірленген сөздіктер топтамасында 1999-2000 дайындалып, жарық көрген сөздіктер топтамасын сараптамадан өткізіп өңдеу, әр томдағы терминдер санын 9000-ға, тіпті 11-12 мыңға дейін жеткізіп, толықтыру, сонымен бірге халықаралық терминдерді жүйелеп, жарық көрген сөздіктерге енбей қалған және тілімізге жаңадан енген терминдерді барынша қамту мақсаты қойылды.

3) Сөздікті құрастырушылардың біліктілік деңгейі

Сөздіктер топтамасын дайындауға 52 мекемеде – жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында, академияларда, министрліктер мен Парламентте, салалық мекемелерде қызмет ететін 144 ғылым докторы, 120 ғылым кандидаты, жалпы 350-дей ғалымдар мен сала мамандары қатысты.

4) Сөздікті құрастыруға тілші мамандардың қатысуы

Салалық терминология сөздіктер құрастырудың тарихында алғаш рет 2014 жылғы сөздіктер топтамасын әзірлеуде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары бүкіл авторлық ұжым мүшелерімен бірлесе еңбек етті. Салалық терминдер қалыптастыру алдымен сала мамандарының құзыреті болса, Тіл білімі институтының ғалым­дары терминжасам талаптарының, қазақ тілінің төл заңдылықтарының сақталуын басты назарда ұстады.

5) Сөздікке қамтылған терминдерді біріздендіру мақсатындағы ғылыми талқылаулар

Авторлық ұжым мүшелері өз сөздіктерін әзірлегеннен кейін бір-біріне жақын салалар анықталып, топтастырылып, ортақ талқылау жұмыстары жүргізілді. Мұндай ортақ талқылауға бірнеше баламасы берілген терминдер, сондай-ақ авторлық ұжымдар бір шешімге келе алмаған терминдер де ұсынылып отырды. Мысалы, Физика және астрономия, Математика, Информатика және есептеуіш техника, Энергетика, Электроника, Радиотехника және байланыс сөздіктері (1741 термин), Химия, Биология, Медицина, Экология, Дене тәрбиесі және спорт сөздіктері (2114 термин), Тарих, Мәдениет және өнер, Философия және саясаттану, Педагогика және психология, Әдебиет және лингвистика сөздіктері (1656 термин) бірге талқыланды.

Жалпы, осындай отырыстарда 20000-ға жуық термин талқыланды. Талқылаулар Педагогикалық ғылымдар академиясы басқарма төрағасы бекіткен кесте бойын­ша қатаң тәртіпте жүргізілді. Әр талқылауға 20-30, кейбір отырыстарға 35-40 адам қатысты. Осынша терминді талқылауға шамамен 1000-нан аса сағат, яғни 10-11 ай уақыт жұмсалды.

Ұзақ жылдар бойы қазақ тілінде дәріс беріп, сала терминологиясын қалыптастырумен шұғылданып жүрген мамандар мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары біріге отырып, әр терминді жеке-жеке талқылағанда терминжасам мәселесінің ғылыми негіздері, сала терминдерін қалыптастыру жолдары, шетелдік терминдерді дұрыс аудару, көне сөздерді пайдалану тәсілдері, қазақ тілі заңдылықтарының сақталуы және т.б. көптеген мәселелер қарастырылды.

6) Сөздікке қамтылған терминдерді біріздендіру мақсатындағы көпшілікке арналған талқылаулар

Терминком мәжілісінде дайындалған сөздіктерді халықтың талқысына кеңінен салу мақсатында 30 томдық сөздік Педагогикалық ғылымдар академиясының сайтына орналастырылды. Ол туралы «Егемен Қазақстан» және «Ана тілі» газеттеріне арнайы хабарлама берілді.

2012-2014 жылдары «Ана тілі» газетінде «Оқырманмен ойласу» атты айдармен «Терминжасам: Ұсыныс. Пікір» деген тақырыпта 2500-нан астам термин, сонымен бірге 1000-ға жуық термин Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтындағы «Терминдер» айдарында жарияланды. Тілге жанашыр жандардың талқылауға ұсынылған терминдерге қатысты пікірлері ескерілді.

7) Салалық терминдерді барынша біріздендіру және «ұлттандыру» мақсаты

Бұл сөздіктер топтамасының бұрын дайындалған сөздіктерден ерекшелігі – қазақ ұлтына ғана тән, салт-дәстүрімізге, мәдениетімізге, тұрмыс-тіршілігімізге қатысты, өзге тілдерде ұшырыспайтын, ал аударма-нұсқалары қазақ тіліндегі түсінігін дәлме-дәл бере алмайтын терминдер енгізіліп, орыс тіліндегі нұсқасы кирилл қарпімен транслитерацияланып берілді. Мысалы, «бесті қымыз», «езген құрт», «жаппа нан», «майқуырдақ», «айналайын», «жігіттік», «жеңгетайлық», «сүйінші», «бас табақ», «құда табақ», «күйеу табақ», «жоралғы», «бәйге қамшы», «білеу қамшы», «қара шаңырақ», «түндік», «астау», «күбі», «ақсақал», «әмеңгер» және т.б.

8) Сөздікті сараптамадан өткізу

Әзірленген сөздіктер топтамасының сапасын арттыруға Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссия мүшелері мол үлес қосты. Әр сөздік Терминкомның алдын ала анықталған бір мүшесіне тапсырылып, терминком мүшелері сөздіктерді мұқият қарап, мыңдаған терминдерге қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Барлық ұсыныс-пікірлер бойынша авторлар ол кісілермен ақылдаса отырып, тиянақты жұмыс жүргізді.

Қазақ терминологиясындағы мәселелерді шешуге қатысты пікір-ұсыныстарды жинақтай келе, терминологиялық сөздіктер түзу негіздерін жетілдіру туралы төмендегідей тұжырым жасаймыз:

І. Терминологиялық сөздік түзудің ғылыми-теориялық негізін жетілдіру. Ол үшін мынадай іс-шаралар атқарылуға тиіс:

  • салалық терминологиялық сөздіктерге (жалпы терминологияның дамуы мен терминжасам процесіне) лингвистикалық іргелі ғылыми зерттеу жүргізу үшін арнайы нысаналы бағдарлама әзірлеп, жүзеге асыру;
  • терминдердің ғылыми түсінігін, дифинициясын ашу және салалық терминдерді лингвистикалық тұрғыдан сараптау үшін сала мамандары мен тілшілерден тұратын зерттеу ұйымын құру және оның жұмысын нысаналы түрде жүзеге асыруға жағдай жасау.

 ІІ. Терминологиялық сөздік түзудің әдістемелік негізін жетілдіру. Ол үшін мынадай іс-шаралар атқарылуға тиіс:

  • термин қабылдау қағидаттарын қайта қарап, ғылыми түрде негізделген жаңа қағидаттар ұсыну, оларды бекіту;
  • терминологиялық сөздік жасауға арналған әдістемелік нұсқаулық жасау;
  • терминологиялық оқыту (мектеп терминологиясын қалыптастыру және дамыту; жоғары оқу орындарына терминология пәнін міндетті пән ретінде енгізу);
  • терминологияны үндестіру және үйлестіру (әрбір жоғары оқу орнында салалық терминологиялық комиссиялар құру); 
  • оқытушы-профессорлар құрамының, журналистердің, жалпы жұртшылықтың терминологиялық білімін жетілдіру курстарын ұйымдастыру.

ІІІ. Терминологиялық сөздік түзудің практикалық негізін жетілдіру. Ол үшін мынадай іс-шаралар атқарылуға тиіс:

  • терминдерді түгендеу (ревизиялау) ісін қолға алу;
  • сала мамандары мен лингвистердің құзыреттілігін айқындау;
  • сала мамандары мен лингвистердің бірігіп сөздік жасау практикасы мен техникасын жетілдіру (семинарлар, конференциялар, басқосулар, онлайн конференциялар және т.б. ұйымдастыру);
  • сала мамандарының тілтанымдық еңбектермен (шет тілдер сөздіктері, түсіндірме сөздіктер, синонимдер сөздігі, орфографиялық сөздік және т.б.) жұмыс істеу практикасын жетілдіру;
  • қазақ терминдерінің корпусын жасау (қазақ тілінде мектеп терминологиясына, студенттер деңгейіндегі, академиялық дәрежедегі терминологиялық сөздіктерге арналған сайттар ашу).

IV. Терминологиялық сөздіктерді сараптамадан өткізудің негізін жетілдіру. Ол үшін мынадай іс-шаралар атқарылуға тиіс:

  • баламалы немесе Терминком мақұлдаған сөздіктерге терең лингвистикалық талдау жасау (терминологияны тілішілік және тіларалық біріздендіру);
  • бекітуге ұсынылған терминдерді немесе талқылауға ұсынылатын сөздіктерді БАҚ («Терминологиялық хабаршы», әртүрлі газет-журналдар, телевидение) арқылы таратып, жұртшылықтың пікірін біліп отыру;
  • лингвистикалық талдаудан өткен терминдерді стандарттау.

V. Терминологиялық сөздіктерді ортақтандыру негізін жетілдіру. Ол үшін мынадай іс-шаралар атқарылуға тиіс:

  • туыстас тілдерге ортақ терминологиялық қор құру;
  • бір-біріне жақын салалардың ортақ терминологиялық сөздіктерін шығару (политехникалық, гуманитарлық және т.б.).
Бөлімнің презентациясы