Қазақ салалық терминологиясының қалыптасуы

Қазақ салалық терминологиясының қалыптасуы

Қазақ салалық терминологиясының бастау кезеңі

Қазақ салалық терминологиясының бастау кезеңіне әртүрлі салаларға қатысты терминдер кездесетін М. Қашқаридың «Диуани Лұғат ат-түрк» сөздігі, «Қорқыт Ата» кітабы, «Кодикус Куманикус» сияқты еңбектер жатқызылады. Бұл кезеңде салалық жəне ұлттық ғылыми терминологияның негізі толық қаланды деп тұжырым жасауға болмаса да, түрлі ғылым салалары бойынша терминдердің қалыптаса бастады.

XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ салалық терминологиясы (1910-1930)

Бұл кезеңде ғылымның əртүрлі салалары бойынша А.Байтұрсынұлы, Ш.Құдайбердіұлы, X.Досмұхамедұлы, Ж.Күдерин, М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы, С.Қожанұлы, Е.Омарұлы, Т.Шонанұлы, Н.Төреқұлұлы, Қ.Жəленұлы, Н.Қаратышқанов сияқты қазақ зиялыларының еңбектері жарық көріп, білім беру мен ғылымды ұлт тілінде қалыптастыру мен дамытудың ғылыми-практикалық және әдістемелік негізі қаланды.

Бұл кезеңде қазақ салалық терминологиясының қалыптасуына ғылымның жеке салалары бойынша жазылған алғашқы қазақ тіліндегі  оқулықтар, ғылыми еңбектер де тікелей әсер етті.

Сонымен қатар «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті», «Қазақ» газеттерінде, «Айқап», «Жаңа мектеп» журналдарында қазақ тіліндегі терминдер жарияланып тұрды.

Аталмыш кезеңде қазақ тілінде термин жасаудың, шет тілдерінен термин қабылдаудың, яғни қазақ терминологиясын дамыту мен қалыптастырудың ұлттық қағидаттары айқындалды.

1930-1990-жылдар арасындағы қазақ салалық терминологиясы

Бұл кезеңде қазақ зиялыларының термин жасауда ұстанған бағыттары Кеңес үкіметінің əкімшіл-əміршіл жүйесі тарапынан күшпен өзгертіліп, терминологиялық жұмыстардың бағытын жергілікті ұлт кадрлары емес, орталық белгіледі.

1930 жылы Мəскеуде Бүкілодақтық партия мəжілісінде КСРО халықтары тілдерінде термин жасаудың негізгі ғылыми қағидаттары бекітіліп, терминология мәселелерін Жаңа əліпби комитеті қадағалайтын болды.

1933 жылы Қазақстанда да Мемлекеттік терминология комиссиясы құрылып, өз жұмысын КСРО-ның тіл саясатына сəйкес жүргізе бастады.

1935 жылы мамыр айында өткен Бүкілқазақстандық мəдениет қызметкерлерінің съезінде профессор Қ. Жұбанов ұсынған қазақ терминологиясының жаңа қағидаттары бекітіліп, термин жасау, шет тілдерінен термин қабылдау және терминдерді қазақ тілінде жазу мəселелері осы қағидаттарға сəйкес жүзеге асырылатын болды. 30-жылдары Кеңес одағының тілдік саясаты негізінде жасалған аталмыш қағидаттар 90-жылдарға дейін басшылыққа алынып келді.

Қазақ салалық терминологиясының дамуы сатысында 1950-жылдардың соңы мен 1960-жылдардың бірінші жартысында ғылым мен техниканың əртүрлі салалары бойынша көптеген терминологиялық сөздіктер жарық көрді.

Термин шығармашылығының аталмыш кезеңінде ғылыми терминологияның ұлттық сипатын арттырудан гөрі кеңес халқына ортақ терминологиялық қор құру мақсат етілді.

Қазақ лексикасының қазіргі кездегі терминденуі

Тәуелсіздік алған жылдары жалпы мемлекеттік тіл саясаты қоғамдағы өткір мәселеге айналса, оның ішінде терминология мəселесіне тілші-ғалымдармен қатар салалық мамандар да белсене кірісті. Қазақ салалық терминолагиясының бұл кезеңінде 90-жылдарға дейін басшылыққа алынып келген қағидаттарды өзгерту, жетілдіру көзделді. Осы кезеңде жасалып, қазіргі қазақ терминологиясында басшылыққа алынып келе жатқан 11 қағижатты академик Ə. Қайдар ұсынды.

Бұл кезеңдегі негізгі үрдіс ғылым мен техниканың көптеген салаларында қазақ тілінің ішкі мүмкіндігін барынша пайдалану арқылы жаңа терминдер жасап, тілімізге орыс тіліндегі қалпын сақтап қабылданған кейбір кірме терминдердің орнына қазақша баламалар ұсыну, термин қабылдауда қазақ тілінің фоно-морфологиялық заңдылығын ескеру болды.

Тілші-ғалымдар мен салалық мамандардың, жалпы зиялы қауым өкілдерінің терминологиядағы бұл үрдіске қатысты пікірлерін былайша топтастыруға болады: біріншісі ана тілінің өз мүмкіндігін пайдаланып термин жасау, ондай мүмкіндік болмаған жағдайда шет тілдерінің терминдерін қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне үйлестіре қабылдау; екіншісі терминологияда етек алып отырған пуризмге жол бермей, осыған дейін қалыптасқан терминдерді бұрынғысынша қалдырып, шет тілдерінен термин қабылдауға шек қоймау.

Қазақ салалық терминологиясының бұл кезеңде дамуына ғылыми еңбектердің көптеп жазылуы, түрлі салаларға арналған терминологиялық сөздіктердің жарық көруі, сонымен қатар терминдерді бекітіп отыратын ұйымның – Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 30 маусымдағы № 744 қаулысымен құрылған «Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетi жанындағы Мемлекеттiк терминология комиссиясының» құрылуы болды. «Мемлекеттік терминология комиссиясының» атауы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 21 сәуiрдегi № 367 Қаулысымен «Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Республикалық терминология комиссиясы» болып өзгертіліп, оның құрамы, ережесі бекітілді. Аталған қаулыға Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 24 сәуірдегі № 397 қаулысымен өзгерістер енгізілді.

Аталмыш комиссия 1971 жылдар бастап осы кезге дейін 20000-нан астам терминдердің баламасын бекітті.

Бөлімнің презентациясы