XX ғасырдың басындағы оқулықтардағы терминдердің игерілуі

XX ғасырдың басындағы оқулықтардағы терминдердің игерілуі

Мақалада ХХ ғасырдың басындағы оқулықтардағы терминдердің берілуін талдау негізінде тұтастай сол кезеңдегі терминжасам үдерісі туралы сөз болады. Автор терминдер 1) термин-сөздердің жиынтығы, шоғыры; белгілі бір салада қолданылатын терминдер (атаулар мен ұғымдар) жиынтығы; терминдердің жасалуы, құрамы, қызметі туралы ілім; 4) қандай да бір тілдің белгілі бір саласында қолданылатын терминдердің құрамы, қызметі, терминжасам ұстанымдары, олардың басқа тілдердегі баламасы ретінде сипатталады.

Түйін сөздер:  терминология, термин, оқулықтар, ХХ ғасырдың басы, терминжасам.

В статье на материале учебников начала ХХ века описывается терминологический процесс этого периода. Термины рассматриваются автором как 1) совокупность или некоторое неопределенное множество терминов-слов вообще; 2) совокупность терминов (понятий и названий) какой-либо определенной области знания; 3) учение об образовании, составе и функционировании терминов вообще; 4) учение об образовании, составе и функционировании терминов определенной области знания, употребляющихся в определенном языке, и их эквивалентах в других языках.

Ключевые слова: терминология, термин, учебники, начало ХХ века, терминообразование.

In the article on the material of the textbooks of the beginning of the twentieth century the terminological process of this period is described. The terms are considered by the author as: 1) a collection or some vague set of terminology words in general; 2) a set of terms (concepts and names) of a particular area of knowledge; 3) the doctrine of the formation, composition and functioning of terms in general; 4) the doctrine of the formation, composition and functioning of terms of a certain area of knowledge, used in a certain language, and their equivalents in other languages.

Keywords: terminology,  term, textbooks, the beginning of the twentieth century, term formation.

Термин (лат. тerminus – «шек, шеті, шегарасы» деген мағынада) – ғылыми ұғымға айқын анықтама беретін, оның мағыналық шегін дәл көрсететін сөздер. Әдетте тілдегі қандай сөз болсын көп мағыналы болып келеді де оның мағыналық шегі айқын болмай, жылжымалы болады. Ал ғылыми ой-пікірді дәл білдіру үшін сөздің мағынасы тұрақты, айқын болу қажет. Сондықтан сөздің мағыналық шегін дәл белгілеп, сөзді сол нақтылы бір мағынада ғана алып қолдану арқылы жасалады.

Қазіргі ғылымда терминологиялық құрылымның жүйелене түсуі, жалпы философиялық терминдер, оның әдебиеттану саласы лингвистика, соңғы уақытта математика, семиотика терминдері есебімен толыға түскені байқалады. Бұл әсіресе жазушылардың тіліне, фолклортануға арналған еңбектерден айқын аңғарылады. Қазақ әдебиеттану ғылымында да терминдерді қалыптастыруда бірталай жетістіктер баршылық. Бұл салада айрықша бағалы еңбек сіңірген Ахмет Байтұрсынұлы болды. Оның 1926 жылы «әдебиет танытқыш» атты кітабында халық поэзиясына, әдебиетіне қатысты көптеген терминдер алғаш жүйеге түсірілді. Оның бірталайы әдебиеттану ғылымында орнығып, қолданылып келеді. Ал кейбір кезде мән берілмей, не еленбей қалғандарын жаңадан қарап, орнымен қолдану-келешектегі міндет. Соңғы кездерде қазақ тіліндегі терминдер әдебиеттануда ғылыми ойдың дамуына байланысты одан әрі дамып, толыға түсті. Алайда бұл салада атқарылатын істер аз емес. Ғылыми ұғымдардың қазақ тілінде мағынасын терең ашып жеткізетін және өзі жатық, құлаққа жағымды, көпшілік жақсы қабылдайтын терминдерді әлі де көптеп қалыптастыру қажеттігі бүгін өмір талабынан туып отыр.

Энциклопедияда термин ұғымына берілген осы түсініктемеге қарап отырып-ақ,  терминдердің бір халықтың тіптен мемлекеттің тіліндегі алтыннан қымбат маңыздылығын түсінуге болады. Терминдер яғни жаңа сөздер (кірме сөздер) бір ұлттың тілімен бірге пайда болып, сіңісіп, сол тілдің бір атауы ретінде қалыптасады. Әсіресе, көршілес яки жақын қоныстанған халықтар арасында, солардың ішінде билеуші елдің тіл-жазуының ықпалынан құрамындағы ұлттар мен ұлыстардың тіліне көптеген атаулар енетіні табиғи құбылыс. Дегенмен, аз халықтың тілдерінен көп халықтың тіліне ықпал етіп, көптеген терминдерін сіңіреді.

Қалай болған күннің өзінде бір халықтың тіліне кірме сөздер бірден кірігіп кете бермейді. Ұзақ жылдар, ғасырлар тіпті мыңжылдықтарда барып, ол сол ұлттың тіліне түбегейлі сіңеді.  Оған бір-бірлеп санап көрсетпесек те, сан ғасырлық тарихымыздан бергі жақыннан мәдени байланыста болғандықтан, Араб-парсы тілдерінен енген сөздердің тілімізге сіңіп, сынып, ана тіліміздің қорын толықтағаны дәлел.  Тіл – Жаратқаннан қауымдарға берілген теңдессіз байлық болғандықтан, қайсы бір ру-тайпалар, ұлыс пен ұлттар ана тіліне кіргелі тұрған екінші бір тілдің атауларын талғаусыз қабылдай бермейді.

Күллі түркі жұртына ортақ орта ғасырлық әдеби мұралардың бір бөлімі Араб тілдерінде, Парсы тілдерінде жазылғанымен, кей кезеңдерде шығармаларды таза Түркі тілдерінде жазуға, кірме сөздерден барынша сақтануға тырысқанын тарихи жазбалардан айқын көруге болады. Бұл жөнінде шағатай тілін зерттеп жүрген белгілі профессор, түркиялық ғалым Біләл Южел: «Бастапқы дәуірде түркілер ежелгі дәстүрін сақтай отырып Араб-парсы жұртының сөздерін түркілерстіріп отырған. Мәселен, XI-XII ғасырларда түркілер Араб-парсы жұртының терминдерін түркілестіруге белсенді болған. «Құтты білік»,  «Ғибатұл-Хақайх»  шығармаларын оқып отырсаңыз көптеген діни атаулар, өзге де атаулардың бәрі түркі тілімен қолданылған.

Османлыларда бұндай бесленді үрдіс болмағандықтан, Араб-Парсы жұртының әдебиеті мен тілінің ықпалы біршама үстем орында болған. Хорезім шах,  Селжұх дәуірінде,  тіпті керек десеңіз, Қараханиттер кезінде үкімет ісқағазы,  дипломатиялық қаттамалар Араб-парсыша жазылған. Ал, қарапайым халық түркі тілінде сөйлеген. Тек жазба тілде Араб-парсы тілі мен хат үлгілерін қолданған. Әрине, Араб-парсы тілінің мұндай ықпал жасап кірігуін Әлішер Науайы мен Шідедтін қатарлы тұлғалардың сын тезіне алғанын білеміз. Мәселен,  Әлішер Науайы  «Мүһакеметүл-Лұғатейн» атты шығармасын осы себепті жазған. Ол кітаптың алғы сөзінде түркі тілінің күш-құдыретін, тереңдігін білмегендерді, сезінбегендерді сынап, Парсы тіліне үстемдік бергендерді айыптайды...» дейді сұқбатында.

Енді осы тамаша дәстүр яғыни жат сөздерден сақтану мен қырағылықпен қабылдау әдеті біз тілге алғалы отырған XX ғасырдың басында көрініс береді. Әмбеге аян, XX ғасыр адамзат баласы үшін арпалысқа толған ғасыр болды. Елдер мен елдер қосылып, «үлкен балықтар кіші балықтарды жұтып», жаңадан тарих сахнасына көтерілген империялар өзге мемлекеттерді қосып алды. Басқа халықтың боданына бір-ақ жолда айнала салмай, еті тірі халық қарсы күрестерді қанат жайдырды. Руханият, мәдениет, тіл,  дін шабуылға ұшыраған тұста, ашық көтерілістерден де идеологиялық күрестер маңызды болды. Ұлттың ұлы тұлғасын сақтап қалу үшін ахпарат, баспасөзді, оқу оқытуды мықтап қолға алған Алаш зиялылары теңдессіз еңбектер жасады. Соның ішінде А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгер, Ж.Аймауытұлы,  Елдес Омарұлы т.б., ғалымдар қазақтың тілін, тілдің тазалығын сақтап қалу үшін шыр-пыр болып, ұшан-теңіз шығармалар жазды. Олардың жаһандану мен жаулап алудың толқынына қарсы жүзген осы өлшеусіз күрестерінің жемісін бүгінгі бақытты ұрпақ татып отыр. Өйткені, ел қолынан биліктің тізгіні кете бастаған тұстарда қоғамдық өмірдің жалпы саласында жаңаша сөздер мыңдап, түмендеп біздің тілге әсерін бере бастады. Қазақ тіл ғылмының іргесіне берік негізін қалаған сол ғалымдардың терминжасам жұмысындағы шеберліктері қай ғасырда да халқымыз үшін баға жетпес байлық. Әсіресе,  аталған ғалымдар сол кезде тез арада өркен жайған басылымдардағы әрбір сөйлемді, сөзді тіпті, дыбсытар мен әріптердің орынды-орынсыз қолданылған тұстарын сын-тезіне алып отырған. Ғасырда бір туатын тұлғалардың жауапкершілік рухтары,  жат сөздердің жақындатудағы ұстанымдары бүгінге де,  ертеңге де ұлы бағдар бола алады.

Ендеше, XX ғасырдың басында тіл ғалымдарының жат сөздерді қырағылықпен қабылдау туралы пікірлерін айқындайтын ситаттарға көз жүгіртелік:   ...Елдің ұғымында «Жылқышылық» жылқы өсіру мағанасында емес. Жылқышылық деген жұрттың көбі жылқышы болады екенбіз деп ат тонын ала қашып жүрмесін біреуді айта-ды: «Жылқышылық» пен «Өмірі өтті» деп. Жылқышылық орыстың «Пастушество» дегеніне келеді. Жылқы өсіру десе ел қазағы тез түсінбей ме? Даяр сөз тұрғанда «Бүйректен сирақ шығарып» не керек. Қазақ тілі осы күнде мемлекет тілі болып отыр. Сондықтан жазуға талабы бар азаматтар «Тіл құралдары» мен Нəзірдің, Қалелдің «Үндестік заңы» туралы жазған кітапшелері мен танысу керек. Білімпаздар тобының қаулысы мен есептеспей жазған-дарды талқыға салу керек. «Үндестік заңына» бағынбайтын, Ерте зманда сіңіскен жат сөздер бар. Бұларды өзгерту қиын. Ал енді төңкерістен бері кірген жат сөздерді қалайда болса, «үндестік заңына» бағындыру керек [1].

Осы күні қазақ азаматтары араларынан кітап жазушылар, басқа тілден аударушылар есепсіз өсіп барады. Бұлар кітаптың алдында келетұн орыстың Введение деген сөзін əр қайсылары өз беттері мен түрліше аударып, атап жүр. Мисал есебінде төрт-бесеуін санап өтейік: «Кіріспе, таны-стыру, дəйектеме, бет ашар, жетектеме» деген сықылдылар. Введение, вступитильное Слово деген сөздердің мағынасын біздің кіріспе, таныстыру, жетектеме деген сөздеріміз толық түсіндіретін болса, дəйектеме, бет ашар деп бет беттеріне тіл шығарып атау жасап орыстың бір сөзіне қазақтың бар-лық сөздерін жабыстырудың не қажеті бар. Жоқ, бет-бет-теріне атау тауып қолданғанды мəз көреме?  Əйтпесе, тілдің бағынасын жойып бұзуды қызық көреме?  Тілді түзеп, елді жолға саламын деп, кітап жазып жүрген азаматтардың бұлары не?  Бұлар бүйтіп жүргенде, кейінгілер мен қара халық не қылмақ. Сондықтан кітап жазған азаматтарға айтатұн сөз: білім кемесиесінің қолданған атауларын қолданулары керек. Тілді бұзуға тырысбай түзеуге керек [2, 314].

...Жазушыларымыздың көбі орысша оқығандар болған соң, олардың қазақша жазға-ны орысшаға ұсаған соң, – Басылып шығып жатқан кітептері-міздің де, газет жорналдарымыздың да тілі қазақша болмай, орысшылаған қазақ тілі болып отыр.

Орысшадан алынған сөздерді бұлжытпай дəл Мəскеу орысының айтуынша жазады: Мəселен «Мəскеу» демей «Москыва» деп жазады, «Көменес») комунизим йə «Коммунист» дейді. Осықылды сөздердің көбі ақ білім ке-ңесінде тексеріліп, қазақ тілінің дыбыс жүйесінше қабыл алынған; қазақ білімпаздарының сиезінде ондай сөздердің жалпы негізі де ашылып, тиісінше қаулы да шығарылған. Сондықтан қазақша деп жазылған сөздерді қазақша жазып, қазақша айтып үйренгісі келген кісі оны оп-оңай ақ үйрене алса керек.

Жалғау, жұрнақтарды елемегеннен болатын кемшілік жа-зушыларымыздың көбі қазақша деп жазған сөзіне басқа тіл-дердің жұрнағын жалғап жібереді. Мəселен «Социализм»  деген сөз қазақша сатсиал деп қабылданған, сондықтан сат-сиал деп сатсиал жолын жақтайтын кісі  «Сатсиалшыл болу керек» . Бірақ біздің жазушыларымыз олай демейді, – «Са-циалист» йə «Сотсиалист»  деп жазады, – Қазақ тілінде  «Ист»  деген жұрнақ жоқ екенін елең қылмайды. «Техника» қазақша «Текнике» болса, техникті қазақша «Текникеші» деу керек[2].

Тау суындай тұнық тілді сақтап қалу жөнінде жазылған мақалалар бұл ғана емес. Тек қана термин туралы Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, басқа да ғалымдардың оншақты жылдар ішінде жазған жанайқайларының басын қосса жүздеген жазбаны табуға болады.

Тіл жанашырлары сол кездің өзінде ұйымдық кеңестерді көбірек өткізіп, арнайы терминдерді жасап, жариялап отырған. Мысалы: «ҚАЗАҚСТАН ОҚУ КЕМЕСЕРЕТІНІҢ БІЛІМ СЕКСИЕСІ АЛҒАН ПƏН СӨЗДЕРІ» деп алфавит бойынша мыңдаған сөзге қазақша мағына беріп, арнайы қаулы бекітіп, қолданысқа енгізсе, «ҒЫЛЫМ ОРДАСЫНЫҢ ҚАЗАҚША ҒЫЛЫМ-ƏДЕБИЕТ КЕҢЕСІНДЕ ҚАБЫЛДАНЫП АЛЫНҒАН ПƏН СӨЗДЕР» деген атпен жүздеген сөздерді термин ретінде қабылдап, қолданысқа біртұтас кіргізген. Мінеки, осы терминдердің көбі күні бүгінге дейін тіл қолданысында өзінің маңызды қызметтерін атқаруда.

XX ғасырдың басында тіл ғалымдарының жат сөздерді қабылдауда бірқанша өзгеше ұстанымдар қолданды. Ұстанымдар ғалымдар жазған әрбір мақаланың мазмұнынан аңғарылып тұрады. Сонымен бірге, сол тұстағы қазақша пəн сөздер туралы қаулыдан көп нәрсеге көз жеткіземіз:

1. Қазақ тілінде үндестік заңы бар. Үндестік заңына келмейтүн сөздердің бəрі де қазақтың өз сөзі емес, Қазақ тіліне кіріп кеткен жат сөздер... Сөздің ішіндегі дыбыстарының бəрін де бірыңғай жіңішкертіп, иə бəрін де жуандатып алу керек.

3. Қазақша сөздерде «О» дыбысы бас буындарда ғана болады. Тіліміздің ымырасын-ша «О» дыбысы бас буыннан басқа жерде тұра алмайтұн болған соң: бас буыннан басқа буындарында «О» сы бар жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде «О» ны басқа бір дауысты дыбысқа айналдырып алу керек. (Покров – «Боқырау)

4. Қазақша сөздің аяғы «Ғ», «Г», «Д» болып тынбайды, – «Қ», «К», «Т» болады. Сөз аяғындағы «Ғ», «Г», «Д» ларды мүлде жоғалтып жіберу керек.

(Оренбург – «Орынбор»).

5. Қазақша сөздің екпіні соңғы буынында болады. Сондықтан екпіні б соңғы буынынан басқа буындарында болған жат сөздерді қазақшаландырғанда екпінін соңғы буынына келтіріп алу керек. Самара – «Самар» , Пуховой – «Бөкебай»[2].

Қаулы басында Елдес Омарұлының осылай көрсетілген он шақты пікірін толығымен жазады да (біз бұл мақаламызда ықшамдап алдық), термин туралы төмендегідей қаулы шығарады.

«Бүтін дүниедегі қауымға бірдей жүріп кеткен пəн сөздері бізгеде бір болып алынсын.

Сол бүтін дүниеге жүріп кеткен пəн сөздерінен дəлме-дəл келіп тұрған қазақ сөзі болса, сол қазақ сөзі мен ананы жарысқа қойғанда, қайсысы өтерлігі ашық мəлім болмаса, өмір жүзінде жарыстырып, екеуі қатар жазылып қойылсын.

Пəн тілі ең əуелі қазақ халқының сөзінен ізделсін. Онан табылмағаны басқа түрік қаумдарының сөзінен ізделіп, табылғаны жатырқаусыз алынсын.

Жат қауымнан пəн тілін алғанда қазақ тілінің заңына бас идіріп, бұрылып алынсын, пəн сөзін белгілеп, тексеріп отырсын[2].

Осы бірқанша дәйектемелерге қарап біз тілге тиек етіп отырған XX ғасырдың басындағы терминдердің игеріліуі жөнінде белгілі деңгейде түсінік орнатамыз. Дегенмен, сөздіміздің тіпті де дәлелді болуы үшін, қолымызға түскен сол кездегі оқулықтардан теріп алған терминдеріміздің тізбегімен бөлісейік. Мұнда көзге көрінген термиін атаулының бәрін сыпырмайым жіпке тізген маржандай қатарға тұрғызбай, өзгешелеу атаулар төңірегінде ой бөліссек дейміз.

1923 жылы Орынборда баспадан шыққан Н.Құлжанова аударып, құрастырған «Мектептен бұрынғы тәрбие» атты оқулықта мынадай терминдер кездеседі:

  • От-арба (пойыз)
  • Тетікті машиналар
  • Отырғыштар (орындықтар)
  • Жасалысы (жаратылысы)
  • Оқымыстар (оқымыстылар)
  • Мұжық (шаруа)
  • Бала бақшасы т. б. [4].

Бұдан сырт, аталған оқулық ертерек жазылғанынан қарамастан (1923 ж.) онда орыс тілінен қалпын құрғатпай тікелей алынған терминдер бар.

«Учебный материял»

Летний площадка – жаз уақытында үйден ашық жерге шығарған бала бақшасы.

Детский дом – (балалар үйі) – ата-анасы жоқ, панасыз балаларға өз үйі болғандай қылып жасалған орын.

Педагогический институт (педагогикалық институт) т.б.

Демек, бұл термин жөніндегі қаулының жариялана қоймаған тұсы болғандықтан, осылай жазылған деп ойлауға болады. Әйтпегенде, жоғарыдағы қаулыдағы ережелерге сәйкес, орыс тілінен алынған терминдерді кем деген қазақ тілінің үндестік заңына, және басқа да дыбыстық ерекшеліктеріне сыйғызып,  қазақшаластырып алуы керек еді.

1924 жылы Тілеуұлы Жұмағали аударып құрастырған «Гигиене» атты оқулықта терминдер өте мол.

Біз әуелі қазақ тілінен балама алып жасаған терминдерден бірқаншасына назар аударайық:

  • Саулық сақтығы (гигиене,  денсәулық қорғау ғылымы)
  • Жұрт (мемлекет ұғымын білдіреді:  Грек жұрты,  Жапан жұрты деген тіркестер бар)
  • Тән жүйесі (анатомия)
  • Шәр (қала)
  • Айырықша (айырмашылық,  парық)
  • Уыз (белок)
  • Ұлпа
  • Әурірілу (айналу)
  • Кіреуке (тістің қабы)
  • Түйіртпектер (ішектің ішкі бұдыры)
  • Сүтсімақ (алғашқы тамақтардан пайда болған сүт секілді сұйық нәрсе)
  • Ыдыс (қан жүгіретін бостық)
  • Сіңім (көзге көрінбейтін ыдыс)
  • Деңк (қанға қызыл рең беретін зат)
  • Бақалшақ (башбай сүйектері)
  • Сәрсендеме (гимнастика)
  • Ереуіл қызмет (денедегі мүшелердің, буындардың бір біріне қарсы қызметі) [5].

Осы секілді қазақтың ұғымына өте жақын атаулар бұл оқулықтан көптеп табылады. Әсіресе, жұлын тұтасы, төрт төбе, қауыз, қапшық, орда, бұршақ, мүйіз, шымылдық, жыланбас, құйрық, бұтақ, жік, ожау, түйін, қалқан, оймақ қатарлы күнделікті тұрмыста көп қолданылатын сөздерді ғылым тіліне, жүйеден сол кезде қазақ арасына енді ғана жайыла бастаған денсаулық қорғаудың заманауи құралы саналатын оқулыққа, микро елементтер атауының түсінікті болуы үшін көбірек қолданған.

Ал минерални тұз, кійсіларод, бактерия, мекроб, канализация т.б., орыс тілінен немесе халықарада бір тұтас аталып кеңінен жайылып бара жатқан терминдерді сол күйінде алған.

Кемелұлы Ғали аударып құрастырған М.Грематскейдің «Жер үстіндегі тіршілік қалай басталып жаралды һәм өсіп-өнді» (С.С.С.Р. Халықтарының кіндік баспасы. Мәскеу-1924 жыл) атты оқулықта аудармашы аталған кітаптың кіріспесінде былай делінген:

Бірсыпыра атауларды жаңа басылып шыққан қазақша кітаптардан һәм газет-журналдарда жарияланған атаулардан алдық. сөз таба алмай тіпті тұйықталып қалған кезде, кітаптағы сөздердің өзін қалдырып, қазақша ұғыныс беруге тура келді.

Оқушыдан бір-бірімізге Риза болып, кемшіліктерін көрсетуін тілейміз» [6].

Кемелұлының кішпейілдікпен өтінген осы сөзінен кейін, оқулықтың ішіне үңілген адамға шынымен, енді-енді қазақ тіліне әсерін беріп жатқан терминдерге қазақшадан балама іздеуге ерекше тырысқаны байқалады. Сондай-ақ, біз мақаламызда атап өткен алғашқы қаулының мақұлданғаннан кейін, сол бойынша терминдер де бірізділкке түсе бастағанын көреміз. Афтамабел (автомобил), үйез (уезд) секілді көптеген терминдер осыған мысал болады. Бір қызығы, осы оқулықта дарияны теңіздің орнына пайдаланған. Арал дариясы, каспи дариясы деген атаулар кездеседі.

«Пыйзыйкалық жағырапыя» (физикалық жағрапия) атты бесінші жылдыққа арналған оқулықта жер қабығы (жер қыртысы),  айырық (тарау,  тарауша),  жер кіндігі (жер өсі), рет (есе),  торкөздер (мердияндар мен параллелдердің қиылысуы), қотан, күн қотаны (жүйе, күн жүйесі), күн қотанының өсі (күн жүйесінің өсі), капиталшіыар (капиталистер) ,  алпауыттар (пөмешшиктер)  т.б.,  барынша қазақшаласқан жағырапия ғылымынң атаулары көбірек қолданылған.

Мұнда да қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне бағынған халықаралық терминдер бар: пылан (план), қарта (карта), ғаз (газ), пебірәл (Февраль), сыйпыр (сифр), мүйнет (минут), үйен (юнь), пөліс (полюс), мүлиәрт (миллиярд), айырпылан (аиреоплан), т. б.

Бегәліұлы Ғ.  құрастырған «Үлкендерге бастауыш есеп» тты оқулықта «=» теңдік белгісі «шығады» деген атпен қолданылған. Яғни (1+1=2) бір қосу бір, шығады екі.

Үскі сан, алым сан, бөлім сан, өсіру (көбейту), өсінді (көбейтінді), өнерлі кәсіп (өнеркәсіп), адақ (есеп-қисап), т. б. түсінікке жеңіл атаулар қолданыста болған. Сондай-ақ, жоғарыдағы оқулықтар секілді халықарада бір тұтас қолданылатын немесе орыс тілінен қазақша балама алу қажет болмаса да, қазақ тілінің дыбыстық ережесіне бағынған терминдер молынан кездеседі. Кәперетіп (коператив), дәкменіт (документ), кәссе (касса), пүрсент(процент), дыяғырам (диаграм), қалқоз(холхоз), гірәдіс(градус), мәшине (машина), менерел (минерал) т. т.  [7].

XX ғасырдың басында жарық көрген оқулықтардағы терминдердің игерілуі жөнінде осыларды атауға болады. Дегенмен, біздің бүгінгі таңда осыдан бір ғасыр бұрынғы ереже-қағидалардан үлгі алатын тұстарымыз баршылық. Себебі, қолымызға түскен азғантай оқулықтар әр түрлі әліпбилермен (төтеше және латынша) жазылғанына, жазылған уақыттағы айырмашылықтардың ұзақтығына, сондай-ақ, саяси және қоғамдық түрлі өзгерістердің болғанына қарамастан, ондағы терминдердегі біріздіілік, қалам иелерінің туған халқының тіліне болған аса жауапкершілігі, әрі бекітілген қаулыдан алқып, өз бетінше атауларды бұрмаламай қолдана білген адалдықтары мен ізгі әдеттері бүгінгі тілші мамандарды да тәнті етеді.

Елбасымыздың ұлы бастамасымен қолға алынған латын әліпбиіне көшудің осы бір алтын мезгілінде ғасыр бұрын қазақ тілі деп от кешкен бірегей тұлғалардың мұраларынан осы ғасырдағы тіпті келешек ұрпақтың терминжасамына игіліктенетін атаулар жетіп асады.

Әдебиет:

  1. ҚошкеҚотыр сөздер // Жаңа мектеп. - 1926. - № 14-15.
  2. XX ғасырдың басындағы қазақ тілі жөнінде зерттеулер. – Алматы: Қазығұрт, 2013. – 640 б.
  3. Қазақша пəн сөздер туралы қаулы //XX ғасырдың басындағы қазақ тілі жөнінде зерттеулер. – Алматы: Қазығұрт, 2013. – 351-356-б.
  4. Құлжанова  Н. Мектептен бұрынғы тәрбие. – Орынбор, 1923.
  5. Гійгійене. II басқыш мектебтер үшін. Екінші басылуы. Қазақшаға аударыушы:Тілеу ұлы Жұмағалый.  Қызылорда, 1929
  6. Грематскей  М. Жер үстіндегі тіршілік қалай басталып жаралды  һәм өсіп-өнді Аударушы: Кемел ұлы Ғали. - Мәскеу: С.С.С.Р. халықтарының кіндік баспасы, 1924.
  7. Бегәлі ұлы  Ғ. Үлкендерге бастауыш есеп.  – Алматы: Қазақстан, 1930.

Әділет АХМЕТҰЛЫ

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері