Алаш және ұлттық терминқор

Алаш және ұлттық терминқор

Тірек сөздер: Термин, алаш кезеңі, ұлттық терминқор, ғылым тілі, терминжасам, терминалмасым, қалыптасуы.

Түйін: Мақалада қазақтың ғылым тілін, ұлттық терминдер қорын қалыптастырудағы ХХ ғасырдың басындағы алаш кезеңінің алатын орны, кезеңдік ерекшеліктері, алаш зиялыларының терминжасам мен терминалмасымдағы негізгі ұстанымдары қарастырылады.

Ключевые слова: Термин, период алаша, национальный терминофонд, научный стиль, терминообразование, терминозаимствование, формирование.

Аннотация: В статье рассматривается роль и периодические особенности алашского периода в начале двадцатого века в формировании казахского языка науки и национального фонда терминов, а также освещены основные принципы алашской интеллигенции в терминообразовании и терминозаимствовании.

Key words: The term, the period of Alash, the national terminology fund, the scientific style, the term formation, the borrowing of terms, formation.

Abstract: The article examines the role and the periodic features of the Alash period at the beginning of the twentieth century in the formation of the Kazakh language of science and the national fund of terms. It also highlights the basic principles of the Alash intelligentsia in terms of the term formation and the borrowing of terms.

Қазақ терминологиясының бүгінгі жай-күйін шынайы бағамдап,  болашақтағы даму жолын айқындау үшін оның өткен кезеңдерін жан-жақты зерттеп, зерделеудің мәні зор. Бұл тұрғыдан келгенде қазақ терминологиясының даму тарихындағы айрықша кезеңнің бірі – ХХ ғасыр басындағы алаш кезеңі. Алаш кезеңінің ұлттық терминқор қалыптастырудағы жалпы бағыт-бағдарын, басты қағидаттарын, негізгі ерекшеліктерін анықтап, оларды өзге кезеңдермен салыстыра талдап, әр заманның, уақыттың талаптары мен әсер-ықпалын да ескере отырып қорытындыға келу – қазақ терминологиясының бүгінгі және болашақтағы даму жолын белгілеу үшін өте маңызды. Ал ХХ ғасырдың бас кезіндегі алаш зиялылары қарқынды еңбек еткен  жылдарға келер болсақ, бұл кезең қазақтың ұлттық әдеби тілінің функционалдық стильдерінің негізі қаланып, соның ішінде ғылым тілі мен ұлттық терминологияның да қалыптасуындағы елеулі белес. 

Алаш оқығандарының қазақтың ұлттық терминқорын қалыптастырудағы орны мен рөлі туралы айтқанда ең алдымен мына екі сұраққа жауап беру қажет деп ойлаймыз. Оның біріншісі – Алаш қайраткерлерінің терминологияны жасаудағы ұстанымдары, мақсаттары қандай болды? Екіншісі – ХХ ғасыр басында еңбек еткен алаш білімпаздарының ұлттық терминқорды қалыптастыруға қосқан үлесі қандай? деген сұрақтар.

Бірінші сұраққа келер болсақ, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алаш қайраткерлері ұлт тілінің терминологиялық қорын қалыптастыруда  тіл тазалығын сақтауды,   бөтен сөзді көп алмай ұлт тілінде сөз жасап, төл сөздерімізді пайдалануды басты ұстаным етіп алды. Бұл бағытты ұстанушы алаш зиялыларының басында қазақ тіл білімінің негізін қалаған аса көрнекті ғалым, тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдары терминологиясының авторы Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Оның бұл мәселедегі негізгі ұстанымы  мынадай болды: «Тіл тазалығы дейтініміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау. Басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңіп құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу. Қазақ əдебиеті қатып-пісіп жетпеген уақытта біз қазақ сөзін ескі, жаңа деп талғамаймыз, жергілікті сөз екен деп, ол жағынан қатал қарап, қашып тұрмаймыз. Жалғыз-ақ біздің мықтап қашатынымыз жатшылдық (жат сөзшілдік). Біз сияқты мəдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт өз тілінде жоқ деп мəдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей айрылып қалуы ықтимал. Сондықтан мəдени жұрттардың тіліндегі əдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда пəн сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің əдебиетіміздің тілі таза болып, жоғарыда айтылған талғау салтының шарты орындалған болады.»[1].

Алаш зиялыларының арасында аса беделді тіл маманы ретінде мойындалған Ахаңның осы пікіріне замандастары, тіл мәселелерін зерттеген әріптестері де ден қойды. Олардың бұл мәселе жөніндегі пікірлері бір арнаға тоғысты.  Соның нәтижесінде ХХ ғасыр басында еңбек еткен қазақ зиялылары термин шығармашылығында, термиқорды қалыптастыруда ортақ ұстаным төңірегінде топтаса білді. Оны сол кезеңнің білікті тіл маманы Қошмұхамед Кемеңгерұлының мына пікірінен де байқауға болады: «… Терминдерді алу туралы кейбіреу басқа елдер қалай атаса, қазақшаға айналдырмай-ақ, біз де  солай атайық десті. Бұл – тіпті адасқан пікір. Күйіміз жетсе, шамамыз жетсе, қазақшаландырып алуымыз керек. Мәселен, геометрияны қазаққа геуметрие десең, көзіне түк елестемейді. Ал пішіндеме десең, қазаққа таныс, көзіңе елестейді. Сондықтан терминдерді қазақша алуға дауласуда мән жоқ[2]. 

Бұл алаш зиялыларының кірме сөздерді қабылдау, ұлт тіліне аудару жөніндегі ортақ ұстанымы. Алаш зиялыларының барлығы дерлік терминқорды қалыптастыруда осы ұстанымды басшылыққа алды. Сондықтан олар жазған, өзге тілден аударған оқулықтар мен оқу құралдарында, ғылыми, ғылыми-көпшілік еңбектер мен мақалаларында қолданылған терминдердің негізгі басым бөлігі (көбінде 90 пайыздан астамы) қазақтың өз сөздері немесе солардың негізінде жасалған жаңа терминдер болды.

Қазақ зиялыларының арасында шет тілдері сөздерін түпнұсқа тілден алудан қашпағандар да болды. Мәселен, Ж.Аймауытов, М.Қайыпназарұлы сияқты оқығандардың кейбір пікірлері соған дәлел бола алады.   Мәселен, Ж.Аймауытов: «Пән тілдерін табу қиын болатын көрінеді. Сондықтан жоғарыда айтылғандарды еске алып, сөз табу туралы менің ұсынатын жобам: 1. Сөз туралы қиналмай, тілді өз ағымына жіберейік. Ұнамды сөз алынып отырар да, ұнамсызы шығып қала берер. 2. Кіріп қалған жат сөздерден қашпайық. Орынсыз тілге зорлық қылмайық» – деген ұсынысын айтты.

Алайда осы пікірді айтып отырған Ж.Аймауытовтың өзі де ұлт тілінде термин жасауға көп үлес қосты. Ал кірме терминдерді жазу мәселесінде  Ахаң бастаған замандастарының ұстанымынан алшақ кеткен жоқ. Н.Төреқұлұлының да жекелеген жат сөздерді қабылдау жөніндегі пікірлері болмаса, жалпы алғанда өзге алаш сияқты шет тілі сөздерін өзгеріссіз алуға қарсы болды. Оны «...сертсіз, заңсыз жат сөздерді бос қоя беру де жарамайды, опыр-топыр болып,  тіліміздің  негізгі  заңдылықтарын  бұзып,  тас-талқанын  шығарып жібереді» – деп жазған ғалым пікірінен анық көруге болады.

Ал олардың кірме сөздерді игеру, тілге сіңіру, шет тілдері сөздерін қазақша жазу жөніндегі көзқарастарын, негізгі ұстанымдарын мына төмендегі тұжырымдарынан көруге болады:

 «Қазақша сөз жазушыларға»  деп аталатын мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы: «…Сырттан бірен-саран  жат сөздер келсе, оны жаншып кеміріп, өз тілінің қалпына түсіріп алған – қазақ» [3] – деп жазады.

Бірнеше шет тілін білген көрнекті алаш зиялысы Нәзір Төреқұлқұы  «Жат сөздер туралы» деп аталатын бүгінге дейін ғылыми құнын жоймаған еңбегінде «Қазақ тіліне кіретін жат сөз болса, қазақтың тымағын киіп жалпақ қазақ сөзі болып кірсін» [4] – дейді.

Алаштың көрнекті қайраткерінің бірі Халел Досмұхамедұлы ғылыми құндылығы өте жоғары «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы» атты мақаласында  «Елдің тілі бұзылуына оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жол ашып береді» дей келіп, жат сөздер туралы былай деп жазады: «Тілге кірген жат сөздер де сіңу үшін, тілге «өзілік» болуы үшін сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай халге келуі керек. Бүйтпесе, жат сөздер бұралқы болып, тілдің шырқын бұзады, тілге зиян береді. Тілдің қорықшысы қара халық мұны жақсы біледі. «Жапатармағайдың» арабтың 3 сөзіне қандай ұқсасы бар?!
Жат сөздерді қолданғанда, тіліміздің заңымен өзгертіп тілімізге ылайықтап алу қажет. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады.Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз деген шатасқандық. Бұл жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді.
Жат сөздерді өзгертпей жүргіземіз деп қазақтың тілін бұрағандар да, «мәдениетке үйретеміз, өнер шашамыз» деп арақ пен шылым, жұқпалы ауру таратқандар да бір есеп. Арақ, шылым, аурулар адамның денесін бұзса, зорлықпен кіргізген жат сөздер елдің түп қазығы болған тілді бұзады» [5].

Осы еңбегінде ол: «Біздің қазақ-қырғыздың ішінде Аурупа тілдерін жақсы білетініміз аз, көбіміз білмейміз. Аурупа сөздері бізге орыс арқылы жалғасады.
Сондықтан, Аурупа сөздерін орыстың айтуынша қолданып жүрміз. Бұл дұрыс емес, Аурупа сөзін асыл нұсқасынан алып, өзгертіп қолдану керек» [6,151] – деп жазады.

1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде пән сөздері туралы негізгі баяндаманы жасаған  Елдес Омарұлы былай дейді: «Қазақ тіліне жат сөздерді кіргізгенде, оның жат дыбыстарын бұзбай кіргізуге болмайды; жат дыбысқа жалпы бұқараның тілі келмейді де ішінде жат дыбыс бар жат сөз жалпыға жат болып қала береді; сөйте келе қазақша әдебиет тілі бұқараның тілінен мүлде басқаланып, қат танитұн бұқара біздің жазған сөзімізге түсінбейтін болады. Ол болмай, ойда жоқ бір керемет себептер болып, бұқара оқығандардан қалыспай, жат сөздерді жат дыбыстармен бұлжытпай айта алатұн болып кетсе, қазақтың тілі бұзылады. Мұның қайсысы болғанда да жақсы болмайды» [7].

Сонымен бірінші сұраққа алаш оқығандарының жоғарыдағы тұжырымдары мен пікірлері толық жауап беріп тұр деуге болады. Қорыта айтқанда алаш зиялылары ұлттық термидер қорын қалыптастыруда шет тілінің сөздерін  өзгеріссіз алуға жол бермей, терминқорды қазақ сөздерінің негізінде, тілдің ішкі мүмкіндігін барынша пайдалана отырып жасауды мақсат етті. Олар өмірінің соңына дейін осы мақсатқа қызмет етіп, өз ұстанымдарынан айнымай, оны ұдайы басшылыққа алып отырды. Оған олардың соңында қалдырған еңбектерінде қолданған терминдері, қаламынан туындап, тілдік қорымызды байытқан ондаған, жүздеген атаулар бұлтартпас дәлел бола алады.

Енді екінші сұраққа жауап іздер болсақ, Оны осы кезеңде атқарылған мына төмендегі қыруар жұмыстардан анық көруге болады.

Біріншіден,  алаш оқығандары ХХ ғасыр басында-ақ ұлттық терминқорды жасау мен қалыптастырудың ғылыми қағидаттарын белгілеп, оны бүкіл ел қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде бекітті [8].

Екіншіден, Термин кемисиесі (терминология комиссиясы) құрылып, түрлі саланың пән атауларын (терминдерді) жасаумен, терминологиялық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді қолға алып, бұл істі жолға қойды, жүйеге салды. 

Үшіншіден, олар өздері мақұлдаған терминқорды қалыптастыру  қағидаттарын басшылыққа ала отырып сала терминдерін сол кезеңнің терминімен айтқанда пәнсөздерін жасаумен айналысты. Алаш қайраткерлерінің қаламынан туындаған түрлі саланың терминдері жүздеп саналады.

Төртіншіден, алаш зиялылары қазақ мектептері мен жоғары оқу орындарына арналған төл оқулықтар мен оқу құралдарын жазып немесе өзге тілдерден аудару барысында өздері жасаған, мақұлдаған терминдерін қолданысқа енгізді. Мысалы, А.Байтұрсынұлының «Тіл – құрал»  оқулығында бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш, есімше, көсемше, ашық рай, шартты рай, қалау рай, есімдік, етістік, етіс, шылау, үстеу, жұрнақ, одағай, болымды сөйлем, болымсыз сөйлем, толымды сөйлем, толымсыз сөйлем, жалаң сөйлем, жайылма сөйлем, Е. Омаровтың оқулығында пішіндеме (геометрия) оқулығында қар (катет), қима (гипотенуза), түйін (теорема), үшкіл (үш бұрыш), Х.Досмұхамедұлының «Жануарлар», «Адамның тән түрлігі» еңбектерінде ұлпа (ткань), жатық жазықтық (горизонталь), таптастыру (классификация), қаңқа, сүйек жүйесі (скелет),  Ж.Аймауытовтың«Псиқолоғия»оқулығында  берне (представление), берне (представление), жад (память), қиял (воображение), мұрат (идея),  соқыр сезім (инстинкт), сыртқы сезім (ощущение), ырықсыз қозғалыс (рефлекс), шіміркену (раздражение), шіміркендіргіш (раздражитель), Қаныш Сәтбаевтың «Алгебра» атты оқулығында  берне (функция), жарнақ (числитель), өре (диаметр), өрнек (формула), түйін (теорема), қос шаршылы теңдеу (биквадратное уравнение),  шаршылық теңдеу (квадратное уравнение), Ж.Күдериннің «Өсімдіктану» оқулығында аналық (пестик), аталық (тычинка), қышқыл (кислота), жарықтуым (фосфор), қышқылтуым (кислород), сутуым (водород) сияқты ондаған, жүздеген терминдер қолданылды. Осы оқулықтарды жазған, орыс тілінен аударған алаш зиялылары  жүздеген ғылыми атауларды тұңғыш рет жасап, бұрын тілімізде болмаған ғылыми ұғымдардың өзге тілдегі атауларының баламаларын табумен бірге оларды білім беру жүйесі, алғашқы оқулықтар мен оқу құралдары арқылы қолданысқа енгізді.

Бесіншіден, алаш оқығандары екітілді аударма сөздіктер мен  терминологиялық сөздіктер шығарумен айналысты. Мәселен, Қ.Кемеңгерұлының жетекшілігімен жарық көрген «Қазақша-орысша тілмаш» (Мәскеу, 1925), «Орысша-қазақша әскерлік атаулары» (Қызылорда, 1926), «Атаулар сөздігі» (Қызылорда, 1931), А.Байтұрсынұлының басшылығымен дайындалып, Н.Қаратышқанұлы құрастырған «Пән сөздері» (Қызылорда, 1927) солардың қатарына жатады[9].

Алаш білімпаздарының арнаулы сала сөздіктерін шығаруы, бекітілген, талқылаудан өткен терминдердің  жинақтарын жариялап халыққа таратуы, оқулықтарға енгізуі – терминдердің нормалануы мен қалыптануын (кодификация) қамтамасыз ету бағытында атқарылған, мақсатты түрде жасалған жұмыстар еді.  Олар пән атауларын жасап қана қоймай, өздері жасаған ондай терминдердің қолданысқа ену, елге таралып, жұртшылық санасына сіңуінің де тиімді тетігін, ұтымды жолдарын таба білген. 30-жылдардан кейінгі олардың атын атап, еңбектерін оқуға тыйым салынған кезеңде де ХХ ғасыр басындағы алаш білімпаздарының қаламынан туындаған атаулары халық жадынан өшіріп, қолданыстан шығарып тастай алмады. Қолданыстан шеттетілгендерінің өзі 90-жылдардан кейін еңбектері жарияланғанда  халық тіліне қайта оралып, терминқорымызды толықтырды.

Кейбір тілші ғалымдар мен сала мамандары шет тілі сөздері мен халықаралық терминдерді ұлт тіліндегі атаулармен алмастыруды қажетсіз, кері кеткен жол деп санайды. Терминологияны халықаралықтандыруды дамудың, өркениеттіліктің белгісі, тілді байытудың көзі деп есептейтін ғалымдар болуымен қатар өзге де көзқарастар бар. Терминолог ғалым В.А.Татаринов бұл жөнінде – «Деинтернационализация терминологии – это понятийный рост на национальной почве. (қою әріппен ерекшелеген біз – Ш.Қ.) Интернациональная терминология  не бывает наднациональной, с ее помщью можно проследить  особенности технологической конкуренции между культурами и сделать выводы о жизнестойкости той или иной национальной культуры»[10].

Белгілі терминтанушы ғалым халықаралық терминология ұлт тілінде жасалған терминдерден жоғары, одан биік тұрмайтынын айта келіп, халықаралық терминдерді ұлт тіліндегі баламалармен алмастыру ұлт тіліндегі ұғымдар жүйесінің баюы, өсуі деп санап отыр. Ғалым мұны ұлт мәдениетінің өміршеңдігі, мәдениеттер арасындағы технологиялық бәсекелестіктің көрсеткіші ретінде көреді. Мәселеге осы тұрғыдан қарар болсақ, алаш қайраткерлерінің шет тілі сөздерін, халықаралық атауларды көп қабылдай бермей, оларға балама тауып, терминжасамға басымдық беруін олардың о бастан ғылыми ұғымдар жүйесінің негізін ұлт тілінде қалау жолын таңдаған деген қорытындыға келуімізге негіз бар.

Алаш қайраткерлінің жоғарыда аталған еңбектерін саралай келгенде екінші сұрақтың жауабы мынадай болуға тиіс деп ойлаймыз: ХХ ғасыр басында еңбек еткен алаш оқығандары ұлт тілінің терминқорын жасауға, қазақ тілінің ғылыми атаулар қорын байытуға өлшеусіз үлес қосып, қазақ ғылым тілінің, терминологиясының негізін қалады.

Сөз соңында айтарымыз, бүгінгі терминқорымызды жетілдіру, толықтыру кезінде, термин шығармашылығы мен терминжасам саласын дамытуда  ХХ ғасыр басындағы қазақ терминологиясы дамуының алаштық кезеңінен сабақ алып, алаш зиялыларының ғылыми ұстанымдары мен тәжірибесін ескерудің маңызы аса зор деп білеміз.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Ахмет Байтұрсынұлы. Әдебиет танытқыш//Алты томдық шығармалар жинағы. Бірінші том. –Алматы: «Ел-шежіре», 2013. -165-166 бб.
  2. Кемеңгерұлы Қ.
  3. Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақша сөз жазушыларға//Алты томдық шығармалар жинағы. Төртінші том. –Алматы: «Ел-шежіре», 2013. 271-б.
  4. Халел Досмұхамедұлы. Таңдамалы. –Алматы: «Ана тілі», 1998. 147-148- бб.
  5. Қазақша-орысша тілмаш. Казакско-русский словарь. Басқарушы (жалпы редакциясын басқарған): Қ. Кемеңгерұлы Мәскеу, 1925.
  6. Аймауытұлы Ж. Псиқолоғия. Қызыл-Орда – Ташкент, 1926.
  7. Қазақ білімпаздарының бірінші сіиезі. Екінші басылымы. Кітапты араб графикасынан кириллицаға түсіріп, баспаға дайындаған, алғы сөзін жазған Ш.Құрманбайұлы.  –Алматы, 2005. -105-106 бб.
  8. Төреқұлұлы Н. Жат сөздер. Екінші басылымы. Араб графикасынан киррилицаға түсіріп, баспаға дайындаған, алғысөзін жазған Ш.Құрманбайұлы. (Бірінші басылымы 1926 жылы Мәскеуде жарық көрген). – Астана, 2005. 12-б.
  9. Қазақша-орысша тілмаш. Басқарушы [жалпы редакциясын басқарған] Қошке Кемеңгерұлы.  –Мәскеу, 1925;  Орысша-қазақша әскерлік атаулары. Екінші басылымы. Араб графикасынан кириллицаға түсіріп, баспаға дайындағандар Ш.Құрманбайұлы (алғы сөзін жазған), О.Жұбаева, (Қызылорда, 1926), –Астана: «1C-Сервис»,, 2005. -136 б.,   Атаулар сөздігі. Екінші басылымы. Латын графикасынан кириллицаға түсіріп, баспаға дайындағандар Ш.Құрманбайұлы (алғы сөзін жазған), О.Жұбаева,  (бірінші басылымы 1931 жылы Қызылордада жарық көрген).      –Алматы:«Cөздік-Словарь», 2004. –184 б., А.Байтұрсынұлының басшылығымен дайындалып, Пән сөздері. құрастырған Н.Қаратышқанұлы. Екінші басылымы. Араб графикасынан кириллицаға түсіріп, баспаға дайындағандар Ш.Құрманбайұлы (алғы сөзін жазған), О.Жұбаева, (бірінші басылымы 1927 жылы Қызылордада жарық көрген) –Алматы: «Ер-Дәулет», 2004. – 128. [2].
  10. Татаринов В.А. Теория терминоведения. – Москва, 1996. Том 1.С. 226-227.

Шерубай Құрманбайұлы,  филол. ғыл. докт., проф., ҚР ҰҒА-ның корр. мүшесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Астана.