Ұлттық тілдегі терминдік жүйе мәселесі

Ұлттық тілдегі терминдік жүйе мәселесі

Қазіргі тәуелсіздік кезеңі мен жаһандану дәуіріндегі өзекті мәселенің бірі – қазақ тілінің қолданыстық, өміршеңдік және ұлтты бірегейлендіру қызметін күшейту. Соның барысындағы оның негізгі сипаты тілдің рухани-әлеуметтік жаңғыртуларға сай жаңа деңгейге көтеріліп, қалыптасушы ұлттық таным мен ой-өрістің мәнін мемлекеттік мүддеге ұластырып, қоғамның түрлі саласында кәсіби тілдік тұлғаның қызмет ету дәрежесін көтеруі және бағдарлауымен тығыз байланысты. Қоғам жан-жақты және жаңа сапада дамыған сайын онымен сабақтас тілдің де сол дәрежеде дамуы – мемлекеттік тіл мәртебесіне сәйкес тілдің қоғамдағы толыққанды қызметінің кепілі. Олай болса, ұлттың этномәдени болмысын сақтаған мемлекеттік тілдің осы бағыттағы даму деңгейі бұзылмауы тиіс. Бұл – қазақ тіл білімінің негізін салушы А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбановтың қазақ тілінің мәні мен қызметін анықтаған ғылыми тұжырымдарынан бастау алған зерделі ой.
Осымен байланысты мемлекеттік тіл мәртебесіне сәйкес қазақ тілінің қоғамдық қызметін жан-жақты жетілдіру үшін ұлттық тілдегі терминдік жүйені қалыптастырудың қоғам алдындағы маңызы ерекше екенін қазіргі қоғамдық-әлеуметтік өмір тынысы көрсетіп отыр. Мәртебесіне сай тіл қолданысының жаңа да кешенді деңгейінің сипаты мен тілдің бойындағы рухани-әлеуметтік әлеуетіне байланысты бұл өзекті мәселе А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми-зерттеушілік назарынан тыс қалған жоқ. Керісінше, тіл білімінің функционалдық парадигмасы контексінде терминология мәселесінің жан-жақты қарастырылуы бұл саладағы көптеген міндеттерді жаңаша шешуді көздейді. Соның бірі – мемлекеттік тілдің жан-жақты қоғамдық қызметіне жан беретін ұлттық терминологиялық жүйе қалыптастырудың негізгі тетігі ретінде терминдену үдерісіне ерекше мән беру, ол үдерісті оған ықпал етуші ұлттық сананың жаңғыруымен сабақтас тану. Осыған орай термин табиғатын түсіндіруде оның қалыптасуын, дамуын жалпы тілдік жүйе мен сол тілде сөйлеуші ұлт танымына сәйкес қараудың көп мәселелердің шешіміне тиімді әсері айқындалуда.
 Нақты айтқанда, ұлттық терминжасамның бастау көзінде белгіленген «әрбір тілдің өз байлығын сарқа пайдалану» қағидасының қазіргі таңда да жаңа сапада жаңғырып іске асуы жалпыхалықтық лексикамен тығыз байланыстырылып, төл тілдік балама табу үрдісі қазақ терминологиясын қалыптастырудың жаңаша көзқарасын сипаттап, ұлттық терминология қалыптастырудың ғылыми қағидасы ретінде анықталды (Ә.Қайдар, Ө.Айтбайұлы, Б.Қалиев еңбектерінде, т.б.). Осыған орай қоғамдық-әлеуметтік қызметінің кеңеюі мен мемлекеттік мүддеге сай ұлттық лексиканың мүмкіндіктерін толығынан іске қосудың негізгі тетігі ретінде терминдену үдерісі ғылыми негіздерінің арнайы зерттелуінің мәні ерекше (Ш.Құрманбайұлы).
Қазақ терминологиялық жүйесі дамуының қазіргі кезеңінде күрделі сипаттамалы терминдер қатары молая түсуде. Осымен байланысты арнаулы лексикадан құралатын терминологиялық аталым мен жалпы лексикалық аталым үдерістерін саралап, бастапқы уәждемелерін анықтау мәселесінің де қазіргі қоғамдағы ғылыми коммуникациямен үндес зерттелуі де (Қ.Айдарбек) А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қабырғасында жүргізіліп жатқан ізденістердің көкейкесті мәнін көрсетеді.
Қоғам дамуының қазіргі жағдайында ұлттық төл мәдениет – рухани қалыптасудың негізгі көзі екені анықталған жайт. Сол сияқты рухани мәдениеттен таралуға тиіс ғылым тілін «қазақыландыру» бағытының да негізгі бастау көзі осы болмақ керек. Осыған орай қазақ ғылыми тілінің басым пайызын құрайтын халықаралық стандарттағы терминдердің қазақша баламаларын жасауға бетбұрысты, терминдерді «қазақыландыру» үрдісін – «солақай» немесе «пуристік бағыт», «әлемдік өркениеттен алшақтау», «ұлттық жырақтық» деп сипаттау – біржақты түсінік. Қазіргі заманда кез келген өркениетті мемлекетте ұлттық терминологиялық жүйенің қалыптасуы – қоғам мен тіл арасындағы байланыстан, ұлттық мүдде мен мемлекеттік мүдденің тоғысуынан, танымдық негіздерімен сабақтасуына мән беруден туындайтын, ғаламдасуға бір бөлшек боп енетін жаңаша дамудың заңды үрдісі. Нақты айтқанда, ол ғылыми түсініктерді белгілейтін тілдік құралдардың атауларын қалыптастыруда ұлттық ұғымды арқау етіп, қазақ терминдерінің төл тілдік баламаларын жасаудың, ғылым тілін қазақша «сөйлету» әрекетінің барысындағы үрдістің жаңаша даму деңгейін көрсетеді. Мысалы, қазіргі қазақ тіл біліміндегі тіркесімділік (валентность), уәж (мотив), уәжділік (мотивированность), тілдік тұлға (языковая личность), тілдік жағдаят (языковая ситуация), үстірт құрылым (поверхностная структура), т.б. терминдер – соның нақты айғағы.
Бірақ көп жағдайда терминдердің құрылымдық табиғилығын сақтап, төл тілдік сөздің нақты, жіктелген ішкі мазмұны тірек етілгенімен, сөздің негізгі, жалпы мазмұны, семантикалық құрылымы, ұғымдық көлемі терминдік дефиницияға толық сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан терминжасамдық үдеріс барысында аталымдар жарыспалылығының, емлелік ала-құлалықтардың, тіл нормасынан ауытқушылықтың, тілді пайдаланушылар тарапынан ұсыныстардың, сыни пікірлердің айтылып жатуы – заңды құбылыс. Мысалы, қазір жарыса қолданылып жүрген отбасы, жанұя, үйелмен сөздерінің «семья» атауына қатысты баламалық қолданысына қатысты пікірлерді қараңыз. Мұның себебін академик Р.Сыздық «термин жасау мәселесінің құрылымдық-тілдік және ұғымдық-семантикалық екі жағы болатындығының ескерілмеуінен» деп санайды. Яғни ғылыми терминдер заттың атын емес, ұғымның атын білдіреді.

Осы тектес терминдерді қабылдауда әртүрлі «көру бұрышының» пайда болуын да, жоғарыда көрсетілгендей, бүгінгі күні біртекті сөз мағынасы дефинициясының әртүрлі сипатталуымен түсіндіруге болады. Дәл қазіргі қоғамдық-әлеуметтік ахуал мен тілдік жағдаят контексінде терминденген сөзді индивидтің жетістігі ретінде қабылдаудың қажеттілігі психолингвистикалық тұрғыдан адамның тілін сөйлеу тетіктерінің қызметі мен әрекеті тұрғысынан сипаттайды. Басқаша айтқанда, қабылданатың терминді түсіну барысында адам өзінің жадындағы таныс сөздерді іздестіріп, оны жаңа терминмен байланыстыруы үшін қандай тәсілдерге сүйенетінін анықтайды. Себебі адамның күнделікті өмірінің барысында қалыптасқан     ой-саналық (ментальді) құрылымы индивидтің жан дүниесінде пайда болған жаңа әлемді (дүниені танудың тілдік әлеміне сай), социумды айқындайды. Психолингвистикалық әдісті білімге қол жеткізу мүмкіндіктері деп қана емес, білім алу, түсіндіру тәсілдерін де қамтитын талдау үлгісі ретінде бағалауға болады. Мұндай тәсілді қолдану барысында тіл мен оны тұтынушы қатынасына сай туындайтын тілдік процестер және оның нәтижесіндегі индивидтің тілдік санасында «қандай жаңа мағына қалыптасады, оның сөйлеу қызметіне байланысы қандай?» деген мәселелерге мән беріледі. Сондықтан да сол мағынаны анықтайтын, яғни индивид қолданатын лексикалық мағынаны таза вербалды тілдік құралдардың орнын толтыруға көңіл бөлінеді. Мұндай мағынаның орнын толтыру адамның сөйлеу әрекетінің, коммуникативтік қызметінің жетістігі ретінде қажет. Осымен байланысты тілдің ішкі құрылымындағы когнитивтік (танымдық) процестер немесе тілдік санадағы қайта өңдеу әрекеті (терминдену) арқылы тіл шығармашылығында жаңа мағынаны қалыптастыру іске асады, ұлттық санадағы танымдық сабақтастықтың жемісі үзілмейді. Мысалы, тұсаукесер, құрықтау, билік, т.б.

Адамның жан дүниесінің мазмұны вербалды сипатта жинақталған білім, ассоциация, түрлі әсерлер, т.б. қорынан құралып, тіл тұтынушы танымындағы жалғастырушы, тұтастырушы арқау ретінде оның тілдік санасында бейнеленеді. Мысалы, көсем сөзінің бұрынан түсініктілігі – «алда жүруші», «бастаушы» деген ассоциация екі сыңардан құралатын етістік тұлғасын атайтын лингвистикалық көсемше терминінің қалыптасуына негіз болады: бара жатыр, алып келді, т.б.

Көріп отырғанымыздай, тілдік тәжірибеде көбінесе төл тілдік сөздің ішкі мазмұнын тірек ету үшін интернационалдық терминдердің сыртқы құрылымы, дефинициясы қазақшаланады да, терминнің семантикасына балама іздестіріледі.

Жоғарыда көрсетілген терминжасам мен терминдену үдерісінің теориялық мәселесімен сабақтас практикалық мәселелердің бірі – қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қоғам өмірінің барлық саласында кеңінен қолдану жолында өзекті қоғамдық-әлеуметтік мүддеге айналып отырған, бүгінгі таңда тілді тұтынушы талаптарын қанағаттандыратын нақты салаларға, атап айтқанда, мемлекеттік тілдің мамандыққа сәйкес меңгерілуін зерттеу.
Әртүрлі нақты салаларда қазақ тілін қолдануда  оның қажетті деңгейде кәсіптік бағдарлы біліммен ұштастыруға бағытталған коммуникативті-функционалдық қағида ұғымдарын тірек қылатыны белгілі. Осымен байланысты, мысалы, мұнай-газ мамандығы саласында қазақ тілін қолдану арқылы арнаулы сала тілін қалыптастыруды мақсат еткен зерттеу жұмыстарының нәтижесі кәсіби-әлеуметтік қолданысқа сай аса тиімді болып отыр. Себебі болашақ мамандар еңбек етуге тиіс мұнай-газ саласында қазақ тілін тұтыну – қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасының тек экономикалық мәнін ғана емес, сонымен бірге халықаралық қатынас жүйесіндегі саяси, мәдени-әлеуметтік мәнін сипаттайтын кешенді де күрделі мәселе. Сондықтан салалық терминология негізінде мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгерген, оны кәсіби ортасына байланысты жан-жақты қолдануды жақсы игерген ұлттық мамандардың тілдік тұлғасын қалыптастыру ісі өзінің қоғамдық-әлеуметтік маңызына сай тілді дамытуға байланысты мемлекеттік бағдарламалармен сабақтасады. Тәуелсіз ҚР-дағы индустрияландыру бағытына сәйкес Қазақстан өнеркәсібінің болашағы – білікті кәсіби жас мамандардың қолында. Сондықтан оларға мемлекеттік тілді мамандыққа сәйкес меңгерту – бүгінгі өмір талабы. Осымен байланысты зерттеулерде қазақ тіліндегі кәсіби лексиканы қалыптастыруды іске асырудың ұтымды жолдары анықталғанын мынадай нәтижелерінен көруге болады:

Кәсіби лексиканың мамандыққа қатысты атқаратын қызметіне сай үш түрін көрсету (кәсіби-бағдарлық, кәсіби-тақырыптық, кәсіби-шығармашылық). Оның негізіне мамандыққа байланысты күнделікті өндірістік іс-әрекетте қолданылатын, тұтынылатын тілдік қолданыстар, сәйкес мәтіндерден, оқулықтардан, салалық сөздіктерден жинақталған тілдік деректер пайдаланылады;

Тілді зерттеу барысы да, тілді оқытып, үйрету барысында да бұрын тілдік жүйенің жазбаша формасы негізінде жүргізілсе, соңғы кезде прагмалинвгистика, когнитивтік және коммуникативтік линвгистика бағытына сәйкес тілдің сөйлеу кезіндегі тілдік көрінісіне, яғни нақты сөйлеу әрекеті ауызша мәтінге ерекше мән беру.

Қазақ тілін мамандыққа сәйкес ұлттық терминология негізінде меңгертудің тәрбиелік мәніне, атап айтқанда, оларды арқау етіп құрылған мәтіндердің психологиялық, ұлттық танымдық мәніне ерекше көңіл бөлінеді. Оны дұрыс та дәл таңдалған тиісті газет мәтіндерінің тілді меңгерту үшін оқу-әдістемелік құралдарында, оқыту процесінде қолданылуынан көруге болады.    Осыған орай жүргізілетін талдау жұмыстарының ғылыми әдістемелік негізі танымдық уәжбен сабақтастырылып тұжырымдалады. Сайып кел­генде, осы тектес зерттеулер нәтижесі бола­шақ маман иесінің ұлтжандылық қасиет­терін қалыптастырып, олардың ана тіліне, ұлт мәдениетіне, кәсіби мамандығына деген құл­шынысын арттыруға қызмет етеді.