Терминдену принципі хақында

Терминдену принципі хақында

Қазақ әдеби тілі әр алуан лексикалық арналардан құралатынын лингвист-ғалымдарымыздың көбі мойындайды. Бірақ оны қазбалап зерттеп, қадағалап қарастырып, әрқайсысына тән өзгеше сипатын тануда істелетін жұмыс әлі де баршылық. Сол тарамдана толысып, сөз байлығын молайтып жатқан салалардың мүмкіншілігі мен ауқымын анықтап алмай тұрып, әдеби тіл жайында әңгіме қозғау қиын. Неге десеңіз, қоғам өміріндегі әлеуметтік өзгерістер әсерінен, белгілі дәрежеде, тілде де әрқилы құбылыстар болып жататынын біздің қоғамдық өмір дәлелдеп отыр. Әсіресе, ғылымның, техника, өнердің т.т. тарихта бұрын-соңды болмаған сапада жандануына байланысты ана тіліміздің қолданыс өрісі кеңейіп, әлеуметтік мәні арта түскені мәлім. Осы тұрғыдан алып қарағанда, әдеби тіліміздің ауқымын аумақтандырып, оның ғылыми өрісін нақтыландырып отырған терминологиялық лексиканың жөні мүлде бөлек.

Тіліміз дамыды, жетілді, қызметі артты дегенде ойға алдымен оралар арналардың бірі – осы термин сөздер жүйесі. Қазақ тілі терминологиясының мәселелері түбегейлі зерттеліп, салалары сараланып бітті деп әзір айта алмаймыз. Тіпті, керек десеңіз, термин деген сөздің өзінің мән-мағынасын түсіндіруде әлі күнге ала-құлалық кездеседі. Мұның бер жағында әрбір ғылым саласының өзіне тән терминдер жүйесін тұрақтандырып, сұрыптауға байланысты қарастырар қаншама әңгіме бар.

Бүгінгідей арқалы жиында «Термин дегеніміз не? Оны қалай түсінеміз?» деген мәселені тағы бір тәмпіштеп алудың артығы жоқ. Ғылыми түсініктеме беретін көптеген сөздіктер мен сұраулық, сондай-ақ осы саланы қазбалап қарастырып жүрген мамандар пікіріне жүгінсек, бұл сөздің түп төркіні латын тіліне барып тіреледі екен. Әдепкіде «шек», «шекара» деген мағынаны білдіріпті. Олай болса, терминдер басқа сөздердің барлығынан өзіне тән шектеулі мағыналық сипатымен ерекшеленеді. Талап бойынша ол контексте осы қасиетін бұзбай сақтауы тиіс. Қай ғылымның саласында қандай мағына тұрақталса, сол бір ғана қатып ұсталуға тиіс. Қолданыстың ыңғайына қарай сан құбылып, әр алуан өріс ашатын өзге сөздер бойындағы құбылмалылық бұларға жат. Яғни сөз мағынасының дәлдігі, жалқылығы, нақтылығы және тұрақтылығы терминдердің басты белгілері, міне, осы тектес.

Олар құрамы, құрылысы жағынан түрлі болып келе береді. Жеке сөз, сөз тіркесі немесе біріккен сөз т.с.с. термин сөздердің өзіне тән тағы бір қасиеті сол, олардың көбі қолдан жасалады, не өзге тілдерден аударылады, не сол бөгде тұлғадағы күйі өзгеріссіз сақталып, қабылданады. Тілдегі байырғы сөздерге терминдік мағына телініп, жаңа қызметке жұмсалып жатқан сөздер қаншама (А. Байтұрсынұлы).  Терминдік мағына теліну деп отырғанымыз мағынасы көмескілеу сөздерге қосымша қызмет жүктеп, оларды жеке-дара мағынада қолдану деген сөз. Екі сөзді біріктіру арқылы жасалған терминдер де тілімізде жетерлік.

Термин жасауда жалғау, жұрнақтардың рөлі зор (анықтауыш, пысықтауыш, толықтауыш, етістік, есімдік т.т.), сондай-ақ сөздерді тіркестіріп барып, оларға терминдік сипат беру ( зат есім, сын есім, сан есім, сөз тіркесі, жақты сөйлем, жақсыз сөйлем т.т.) болып табылады. Мұның бәрі негізінен ұлттық тіліміздің өз сөз байлығын сарапқа салу нәтижесінде өріс алған тілдік құбылыс.

Термин жасаудағы екінші бір өнімді тәсіл өзге тілдің лексикалық байлығын қабылдауға байланысты көрінеді. Бұл қабылдау күні кешеге дейін екі түрлі принцип негізінде, екі ыңғайда жүріп жатты. Бірі калька жолымен, яғни тіке аудару арқылы, екіншісі – дүниежүзі халықтары тілінің көбіне ортақ халықаралық терминдерді және социалистік елдер тілінің ортақ сөз құрамына енген кешегі советизмдерді сол қалпында қабылдау принципі. Жасау жолдарының әрқайсысын жеке-жеке қарастырып, талдағанда біраз мәселенің беті ашылды.

Жалпы бір есте болатын ақиқат, жасалу жолдары да алуан-алуан, осы процестің бәрінде ана тілінің ежелден қалыптасқан, сыннан өткен заңдылықтары сақталып отыруға тиіс. Ол сақталмаған жерде термин тілге сіңбейді. Ондай термин уақыт сынынан өте алмай, керексіз элемент есебінде қолданыстан шығып қалады.

Сонымен, арнаулы ұғымдар мен арнаулы заттар және нәрселерді білдіретін мағыналы сөздер тобын терминдер деп тану керек.

Әдеби тіліміздің даму, қалыптасу жолын бағдарласақ, Кеңес өкіметі тұсында дамып, қалыптасып отырмаған, яғни сөздердің терминдену сипаты әр алуан. Оның да бастау көзі, шарықтау шағы болған. Қазақ тілі терминдері Қазан төңкерісінен кейінгі алғашқы кезеңде, яғни 20-жылдарда елді жаппай сауаттандыру шараларымен қанаттаса жасала бастайды. Ал сауаттану үшін жазудың тиянақтылығы керек. Міне, сондықтан да ә дегеннен-ақ алфавит пен орфография мәселесі күн тәртібіне қойылып, бұлармен қатар термин жасау принциптерінің сөз болуы тегіннен-тегін емес. Бұлар, бейнелеп айтқанда, бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтын, бірін-бірі қатты қажет ететін мәселелер.

Қазақ халқының сауат ашу тарихында үш түрлі жазу болғаны мәлім (араб, латын, орыс графикасына негізделген). Мұның әрқайсысының өзінше пайдалы жақтары мен кемшіліктері болды. Қай-қайсысы да кезінде сауат ашуға қызмет етті, алайда жаңа өмірдің даму қырқыны араб пен латын жазуының кемшіліктерін көрсетпей тұра алмады. Ол кездегі жағдайды жетік білетін және өз халқының мәдени болашағын алдын ала болжай алатын зиялылар үкімет пен партияның қолдауының арқасында біртіндеп орыс графикасына негізделген жазуды қолайлырақ деп танып, осыған ойысты. Сөйтіп 42 әріптен тұратын қазақ алфавиті ұлттық жазуымызды жөнге келтіріп, халқымызды прогреске жетелегендей болды.

Әрине араб жазуының да, латын жазуының да қазақтардың табиғатына жақындайтын тұстары болды. Тіпті А. Байтұрсынұлы негіздеген төте араб жазуымен қала беруге болатын еді. Алайда саясат салқыны мұны басқаша арнаға тартып кеткені мәлім. Дегенмен бұл жазудың кемшілігін атап көрсеткендер де болды. Соның қайсыбірін еске алалық. Мәселен, араб алфавитінің құрамындағы небәрі үш дауысты дыбыс негізінен әуезді, үнді, ашық дауыстылардан тұратын қазақ сөздерін жазуға келгенде жетімсіздігі, кемшілігі байқала берді. Өйткені онда қазақ тілінің 9 дауыстысына сайма-сай келетін дыбыстар жоқ еді. Ал латын жазуына келетін болсақ, алғашқыда қалтқысыз қызмет еткенмен, көптеген сөздерді, әсіресе, өзгертпей қабылдап, жазуда талап ете бастаған сол заманда халықаралық терминдерді дұрыс таңбалауда мұның да олпы-солпы тұстары жетерлік болатын. Мәселен, физика, химия, хлор, фабрика, цемент тәрізді, терминдерді пизика, қыймия, қылор, пабіріике, семент деп жазатын болдық. Ал енді бұлардың қазіргі кейпінде жазып қалыптастыруға дейін қаншама талас-тартыс, дау-дамайдың болғанын білеміз. Әсіресе, ана тілін өзге тілдер «шабуылынан» таза ұстауды көздеген патриотизм бой көрсеткені рас. Мұны пуристік ағым деп таныдық. Осындай пуристік ағымды қатты ұстанған топ сол кезде халықаралық және кеңестік ұғым терминдерін жобасы келсін-келмесін, қалайда қазақшалауды мақсат еткен. Кезінде қара айғырдың паравоз, отарбаның поезд, бибауырмашылық интернационалист, орданың институт, ортақшылдың коммунист мағынасында алынуы осыған дәлел. Тілдің даму заңдылығы бұл әрекеттердің дәйексіз болғанын дәлелдеп шықты.

Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуында 1933 жылы құрылған мемлекеттік терминология комиссиясының рөлі ерекше болды. Оның алғашқы председателі профессор Құдайберген Жұбанов басшылығымен комиссия мүшелері аз ғана жылдың ішінде қыруар жұмыс істеген. Басқасын былай қойғанда, 1935 жылы мәдениет қызметкерлерінің Бүкілқазақстандық  І съезі өткізілер қарсаңда жұртшылыққа ұсынылған Мемтерминком «Бюллетенінің» төрт санының өзі-ақ осы кезде істелген шаруалар жайында біраз мағлұмат береді. Термин жасау, қабылдау принциптері ғылыми заңдылықтарға негізделіп, талас туғызып жүрген біраз мәселенің беті ашылды. Бірыңғай ғылыми жүйеге көшті.

Съезде профессор Қ. Жұбанов ұсынған жоба талқыланды. Ол жобада қазақ терминологиясын жасаудың, халықаралық терминдерді қабылдау, оларды қолдану, тұрақтандырудың ғылыми принциптері жан-жақты қамтылған болатын. Міне, содан бері Мемлекеттік терминология комиссиясы аракідік үзілістен болса да қазақ тілі терминологиясын бірізге түсіруде үлкен жұмыс атқарып келеді. Ғылым мен техниканың сала-саласы бойынша сан түрлі терминдер сарапқа түсіп, мамандардың талқысынан өтіп, күнделікті қолданысқа жолдама алды. Олардың көбі ана тіліміздің сөздік құрамына еніп, әсіресе, ғылыми ой-пікірді өрнектеуге жұмсалатын лексикалық байлық есебінде арнайы қызмет атқарып келеді. Терминология шаруашылығында күнделікті жүргізілетін осындай шаралардың нәтижесінде қазір қазақ тілінің терминдік жүйесі біршама қалыптасып қалды деп айта аламыз. Қай ғылым саласын қарасаңыз да өзіндік терминдер жүйесі бар. Бұлар әдеби тіліміздің өрісін кеңейтіп отырған лексикалық байлығымыз.

Термин жасау мен қалыптастыруда күнделікті баспасөз бен баспа орындарының, радио мен телевидениенің қызметі айрықша. Қазір әдеби тілімізге сіңісіп, байырғы сөздер қатарына қосыла бастаған қаншама термин о баста көпшілікке қызмет ететін осы органдар арқылы іске жаратылып, жүйеленген болатын.  

Қазақ тілі терминологиясының даму көздерінің бір ретінде аударма ісінің жандануы да зор қызмет атқарады. Әсіресе, марксизм–ленинизм классиктері де шығармаларын қазақ тіліне аударуға байланысты қаншама сөздер қайта електен өтіп, бұрын бұйығы жатқан мағыналық белгілері қайта жаңғырып, терминдік мәнге ие болды. Сөйтіп қоғамдық, саяси терминологияны жинақтап, жүйелеп алдық. Бұл процесте қазақ тілінің төл сөздері, тіпті байырғы көне лексикалық арабизмдер мен парсизмдерге дейін сарапқа түсті. Қарап отырсақ, осылай саналы түрде реттеу, жүйелеу барысында тіліміздің бүгінгі болмысында зор мүмкіншіліктер көзі ашылған екен.

Кейде терминдер тасқыны тіксініп, «тіліміз бейнелі қасиетінен, өз табиғатынан айырылып бара жатқан жоқ па» деп қауіп ойлайтындар да табылып қалады. Егер әдеби тілдің қоғам өміріндегі даму заңдылықтарына саналы көзбен қарасақ, «бұзып -жарып» бұра тартатын пәлендей өрескелдік жоқ. Жоғарыда ескерткеніміздей, тілдің даму өзгешілігіне орай,  түзілген принциптер негізінде терминологиялық лексика әдеби тіліміздің бір үлкен тармағы – арнасы есебінде бой көрсетіп отыр. 

Принциптер дегенде оның ең басты түріне назар аудару қажет. Бір термин жасауда төл сөздерді кеңірек тарту, яғни өз байлығымызды А.Байтұрсынұлынша айтқанда, сарқа пайдалану принципі болса, екіншісі –орыс және интертерминдерді сол күйінде бұлжытпай  қабылдау болатын. Мұның өзі екі ыңғайда бой көрсетті. Аударуға келетіндерін аударып, калька жасау жолымен тілімізге сіңген көптеген терминдер бар. Мәселен, өнеркәсіп, жемшөп, бесжылдық, міндеттеме, қызыл бұрыш, үндеу шешім, бұйрық, шығарма және тағы басқа. Болып жатқан терминдер тіл байлығына айналып кетті. Егер ана тілінде толық мағынасын беруге болмайтын жағдайда, терминдерді сол түпнұсқадағы қалпын сақтап алу бірден–бір дұрыс тәсіл деп танылады. Мәселен, коммунизм, ленинизм, марксизм, совет, космос, революция, станция, фабрика, рентген, орбита, композиция, ракета, спутник, механика, алгебра т.т қазақ тілінің байлығына қосылып отырған қазына ретінде насихатталды.

Іргелес отырған елдер тілі біріне-бірі әсер етпей тұрмайтынын талай тарихи деректер растайды. Мәселен, түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің көптеген сөздері орыс тілінің игілігіне айналған. Бұл жайында ертелі –кеш шығып жатықан екі тілді түсіндірме және сөздер төркінін баяндайтын сөздіктер материалдарымен танысуға болады. Әсіресе, «Орыс тілі құрамындағы түркизмдер» деп аталатын Е.Н.Шипованың еңбегін қарасақ, толып жатқан мысалдар табасыз. Мысалы, орыс баспасөзі  мен орыс жазушылары  шығармаларының кез келгенінен мынандай сөздерді кездестіреміз: адам, айтыс, ақын, аймақ, арғымақ,арқан, ауыл, база, бәйге, бауырсақ, бешпет, болат, жайлау, жігіт, жайран, домбыра, дастархан, доға, қазы, қазына, қаймақ, қаракөл, қарға, қатық, кетпен, қанжар, кірпіш, қобыз, көш, көк, сағыз, құймақ, құрт, маржан, марал, мата, нар, наурыз, орда, отар, сазан, сайғақ, сақпан, сабан, сандық, сарай, сүйрік (севрюга), сел,сырға (серьги), тостаған, тұлпар, тұмақ, түрме, ұлыс, өріс, хан,, шайхана, шапан, шекпен, шопан, сорпа, жарлық, жақұт т.б сөздер осыған дәлел.

Алайда кеңестік дәуірдің білім-ғылым саласында атап өтуге тұрарлық жақсы нышандармен қатар ұлт мәдениетінің дамуына кесірін тигізген тұстар да болғаны тарихтан мәлім. Мұндай жағдай қазақ тілінде термин реттеу барысында алып орын алып жатты. Мәселен, 30–жылдардың аяғынан белең ала бастағын интертерминдерді орыс тіліндегі қалпынша жазып қабылдау керек деген принцип 80-жылдардың ортасын дейін қатып ұсталды. Осының салдарынан тіл табиғатынан туындаған төл байлықты сарқа пайдалану дейтін А.Байтұрсынұлы принципі көмескілене берді. Терминжасамдағы бұл теріс көзқарастың қырсығынан әлі күнге арыла аламай келеміз.Тек 90-жылдардың басынан бастап қана қазақ терминологиясы өз негізінде лайықты жүйелене түсті. Термин жасау көздері мен арналарын абай көзбен қарай бастады.

Осыдан шығатын қорытынды, тілдердің өзара байланысы, сөз алмасу, яғни ауыс-түйіс жасауы табиғи құбылыс. Тіл қашанда өзінің құрамына керектіні алып, керексізді  қабылдамайды. Әрине, бұл процеске, өмірдің даму заңдылығына қоғамның талап–тілегіне орай, саналы түрде араласып, оны белгілі бір жүйеге түсіріп, қалыптастырып, отыратын кез болады. Қазақ терминологиясының даму, қалыптасу тарихынан біз осыны байқаймыз.

 Ендеше,  табиғи тіліміздің бүгінгі болмысында  табиғи өріс және жақсы жарасымдылық бар. Қазір ана тіліміздің мүмкіншілігінің бұрынғыдан да молайғаны соншалық, әлемде болып жатқан  оқиғалардың қандайын болсын, кемеңгер мұраттар мен ғылыми ой–пікірлердің қандайын болсын қалағаныңызша баяндап бере алатын, тіпті суреттеп бер алатын қуаты мол, дамыған тілдер қатарында. 10 миллионға таяу халықтың әжетіне мүлтіксіз жарап отырған бұл тілдің болашағы бүгінгіден де жарқын. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында массатанып айтуға болатын қазақ тілінің бүгінгі болмысындағы бір жетістігіміз осы.