Қазақ тілі оқулықтарындағы терминдердің қолданылуы

Қазақ тілі оқулықтарындағы терминдердің қолданылуы

Қазақ тіл біліміндегі терминология ғылымының дамуы жиырмасыншы ғасырдың 30-жылдарынан басталды. Ғалым Ш.Құрманбайұлы: «Сол 30-жылдарға дейінгі жиырма жылдай уақытты қамтитын алаш оқығандарының терминологияны дамытуда ұстанған бағыт-бағдары басқа арнаға бұрылды. Ендігі жерде кеңес одағы халықтарына ортақ жалпыкеңестік терминологиялық қор құру мақсаты қойылды. Одақты құрайтын барлық ұлттық республикалар орыс тілінің терминологиясын үлгі ете отырып, ұлтаралық тіл мәртебесіне ие осы тілмен ортақтығы мол терминологиялық қор қалыптастыру көзделді. Терминологияның халықаралық сипатын арттыруға баса мән берілді»,– деп сол кездегі біздің ұлттық құндылықтарымыздың қысымға түсе бастағанын Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алаш зиялыларының қиындыққа тап болғанын көрсетеді [1].

Бұл кезеңде терминологиялық сөздіктер, термин мәселелері жөніндегі алғашқы мақалалар жарық көре бастады. Осы кезеңде термин жасау iciмен қазақ зиялылары: А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Қ.Кемеңгерұлы, Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедұлы, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Аманжолов сияқты т.б. көптеген ғалымдар айналысып, зерттеулер жүргізді.

Қазақ тілі оқулықтарындағы терминдердің қолданылуы деген мәселе көтерілгенде, көкейде бірден бірнеше сұрақ ту ындайды. Олар:

<!-- [if !supportLists]-->1. Мектеп бағдарламасында термин сөздердің оқытылу жайы, қай сыныптарда, қандай дәрежеде?

<!-- [if !supportLists]-->2. Қазақ тілі оқулықтарындағы термин сөздердің қолданылуы, қандай да бір қиындықтар бар ма?

<!-- [if !supportLists]-->3. Қазақ тілінің ғылым тілі ретінде танылуындағы термин сөздердің рөлі, әсері қаншалықты?

Қазақ тіліндегі термин жасаудың үлгісін көрсеткен Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми терминологияны қалыптастырудағы қосқан үлесі зор. Алғашқы сayaт ашу құралы ретінде жазған «Оқу құралында», «Әліпби» мен «Тіл-құрал» еңбегінде қазақ тіл біліміндегі басты, негізгі терминдерді жасады. Ғалым тілді жұмсай білу, сөзден сөз жасап шығару – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс екендігін тілге тиек еткен. Ғалымның аталмыш еңбектерінің өзінде қазіргі кезге дейін қолданылып жүрген зат есім, сын есім, сан есім, етістік, есімдік, шылау, жалғау, жұрнақ, т.б терминдерді жолықтыруға болады. Осы жерде айта кететін жайт – ғалым тек қазақ тіл біліміне тән термин атауларын емес, барлық ғылым салаларына тән терминдер жүйесін жасаған. Әдебиетші ғалым Р.Нұрғали Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегі жөнінде: «…қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған», – деген пікір айтады.

Ахмет Байтұрсынұлының термин жасаудағы басты ұстанымдары:

1. Терминнің түсініктілігі;

2. Терминнің ана тілі негізінде жасалуы;

3. Көпшілік түсінбейтін, бірақ қолданыста бар арабша, парсыша терминдерді қолданыстан тыс шығару;

4. Қажеті мол жағдайда жат тілдің терминін де қолдану (Еуропа және араб, парсы тілдерінен) [2].

Сол сияқты ғалым Ө.Айтбаев «Қазақ сөзі» атты зерттеуінде А.Байтұрсынұлының «Тіл-құрал» атты еңбегін зерделей отырып: «А.Байтұрсынұлы жасаған терминдер жүйесі, бір қарағанда оп-оңай болып көрінгенмен, ол – өте күрделі де терең ізденістер нәтижесінде пайда болған ғылыми туынды», – дей отырып, А.Байтұрсынұлы жасаған термин сөздердің басты ерекшеліктерін саралай келе, ол терминдерге тән нәрселер ретінде мыналарды көрсетеді:

  • анықталатын ұғымның дәлдігі;
  • таңбаланған атаудың қазақилығы;
  • терминнің жалқылық сипатының болуы;
  • терминнің нақтылығы [3].

Алаш қайраткерлерінің бірі – ғалым Х.Досмұхамедұлы 1923 жылғы мақаласында өзге тілден енген термин сөздерді қабылдағанда ұлт тілінің фоно-морфологиялық заңдылықтарына сәйкестендіріп алу қажеттігі жайында айта келіп, мынадай тұжырым айтады: «Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады», – деген пікірі күні бүгінге дейін құндылығын жойған жоқ.

Қазақ тіліндегі аталмыш ғалымдармен қоса, қазақ терминологиясының мәселелерімен айналысып, терминжасам мәселелеріне өзіндік үлес қосқан ұлт зиялысы – М.Әуезов. М.Әуезовтің терминжасам мәселесімен айналысқанын көрсететін бірден-бір еңбектері – «Ғылым тілі» (1917) және «Қайсысын қолданамыз?» атты мақалалары. Аталмыш мақалаларында ғалым қоғам дамыған сайын күннен күнге мұқтаждарының көбейетіндігін айта келіп, қазіргі күнгі халық мұқтажы ғылым тілі екендігін тілге тиек етеді. Бұл мақалаларында ғалым ғылым тілін қазақша жасау мәселелерін көтере отырып, халық рухы біріксе, саясат сол халық рухына қарай бет алар болса, ғылым тілі ешуақытта өзге арнаға бұрылмайтындығын ұғынуымыз керектігін айтады.

Терминжасам тәсілдері жайында профессор Ш. Құрманбайұлы: «Ғылым мен техниканың түрлі салаларындағы етістік терминдердің ішінде ең көп ұшырасатыны – тұйық етістік. Етістіктің бұл түрі арқылы жасалған терминдерді арнаулы салалардың барлығынан дерлік табуға болады. Мысалы, тіл білімінде – жіктеу, септеу, қиысу, қабысу, матасу, меңгеру, үстеу, жалғау, т.б.; әдебиеттануда – шендестіру, әсірелеу, дамыту, теңеу, суреттеу, толғау, т.б., Терминологияда сын есімдердің де өзіндік орны бар. Сын есімдер негізінен тіркесті терминдердің құрамында кездеседі. Мысалы, жай сөйлем (тіл білімі), қара өлең (әдебиеттану), сары дақ (физиология), ащы ішек (медицина) Терминологияда сын есімнің зат есім сияқты дербес ешбір сөзбен тіркеспей терминденуі де ұшырасады. Мәселен, сезікті (подозреваемый) деп, заң ғылымында – «қылмыс істеді деген күдікпен ұсталған және айып тағылмастан бұрын бұлтартпау шарасы қолданылған адамды» айтады», - деп терминдердің әр саладағы қолданысына тоқталады. [5, 158-161 бб.].

Мектеп оқулықтарындағы терминдердің қолданылуын айтпас бұрын, осы қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі рөлінің қаншалық күйде екендігін ғалымдардың пайымдаулары, пікірлері арқылы саралайық.Академик Өмірзақ Айтбайұлы: «Тілдің өміршеңдігінің басты кепілі – оның ғылым тіліне айналуы. Ғылым тілінің тірегі – терминология. Ұлттық терминология өркендемей, ұлт тілінің де өрісінің кеңейе қоюы неғайбыл» деген ой айта келе, ғылыми зерттеулерді қазақ тілінде жүргізуді міндеттейтін, ынталандыратын шаралар кешенін қолға алу, шет тіліндегі терминдерді қазақ тіліне аудару мәселесіне де тоқталды.

Лингвист ғалым Жамал Айтқалиқызы Манкеева: «Қазақ тіл білімінің негізін салушылар – А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов атап көрсеткендей, тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, оның танымдық құрал ретіндегі қызметіне де айрықша назар аударуымыз қажет» дей келе, «Адамтанымдық үрдіс тілді ұлттың болмысын, болашағын, кешегісін тану мәселесімен қоса қарастырады. Осы орайда қазақ тілі білімінің негізін салған А.Байтұрсынұлының «Қазақ тілінің барлық мүмкіншілігін сарқа пайдалану керек. Ол болмаған кезде барып, басқа тілден кірме сөздер алынғаны жөн» деген тұжырымын, сонымен қатар академик Әбдуәли Қайдардың «Тілші ғалым тамыршы сияқты болуы керек, сонда ғана тілдің терең мазмұнындағы ұғымдарды танимыз» деген қағидасын ғалымдар басты назарда ұстап келеді»,– деп дәлелдер келтіреді.

Жоғарыда айтылған «Қазақ тілі оқулықтарындағы термин сөздердің қолданылуы, қандай да бір қиындықтар бар ма?» деген мәселелерді көтеру барысында жаңартылған білім бағдарламасы бойынша дайындалған оқулықтардағы берілген терминдер жөнінде мектеп мұғалімдерінің пікірін тыңдап саралай келе, бірнеше проблемалық мәселелерге тоқталмақпыз.

Қазақ тілі оқулығында басқа ғылымның, нақты айтқанда жаратылыстану ғылымдарының терминдері өте көп. Қазақ тілінің терминдері шет қалып жатыр.Тіл білімінің терминологиясы жүйелі түрде меңгертілсе, білім алушылар грамматикалық норманы игереді, сауатттылығы да артады. Бұл мәселе барлық сыныптың оқулықтарында кездеседі.

<!-- [if !supportLists]-->1) 9-сынып «Арман-ПВ» баспасы 42-бетте «Ресми іскерлік стильге» берілген түсінікте «аббревиатура» термині беріледі. Ал «Қысқарған сөздер» тақырыбы өтілгенде, бұл термин қолданылмайды. Сондықтан «Қысқарған сөздер» деп оқушыға түсінікті терминмен берілсе, түсінікті болар еді. Терминдерді қолдануда бірізділік болып, бір сөздің бір ғана баламасы ұсынылса, ал аударуға келмейтін халықаралық терминдер сол күйінде қолданылса, дұрыс болар еді.

<!-- [if !supportLists]-->2) 1-сынып оқушыларына «Фольклор», «Инфографика» деген терминдер ауыр келеді. Оқулықтарға терминдер жас ерекшелігіне сай енгізілсе.

<!-- [if !supportLists]-->3) 10-сыныптың қазақ тілі оқулығында тілдік бағдарда «Сөзжасамдық тәсілдер» деп берілген де, астына схемамен синтетикалық (сөз тудырушы), аналитикалық (күрделі сөздер), лексика-семантикалық (заттанған сөздер) деп үш тармақшаға бөліп қойған. Тапсырмалар да осы ғылыми тілмен берілген. Оның орнына оқушыларға сөз тудырушы жұрнақ арқылы жасалған сөздерді тап, күрделі сөздерді анықта деп берілсе, дұрыс болар еді.

<!-- [if !supportLists]-->4) Барлық сыныптарда терминдер бірізділікпен, жүйелі түрде беріліп, тіл білімі терминдері рет-ретімен қарастырылса деген тілегіміз бар. Мысалы: 5-сыныптағы «Қазақ тілінің» 61-бетінде «Көп мағыналы сөздер» мен «Омоним» тақырыптары қатар берілген. Бір қарағанда, бұлар бір-біріне ұқсас сияқты көрінеді. Бірақ беретін мағынасы, табиғаты әр басқа. Сыртқы тұлғасы ұқсас сияқты көрінгендіктен, бұл терминдерді меңгеруде оқушылар шатасып, қабылдай алмай жатады. Мұндай қиындық келтіретін түрлі терминді қатар беру дұрыс емес. «Синоним, Антоним, Омонимдерді» жеке беріп, «Көп мағыналы сөздерді» жеке берген дұрыс. Осы сияқты 5-сыныпта 71-бетінде лексикология саласын оқып отырып, морфологияға ауысып кетеміз. Бірден «Туынды сөздер» туралы тақырып басталып кетеді. Тіл білімінің әр саласы араласып жүргендіктен, әрине терминдері де араласады. Бұл баланың термин сөздерді түсініп, есте сақтауына, қабылдауына біршама қиындық келтіреді.

<!-- [if !supportLists]-->5) 11-сыныптың («Мектеп» баспасы 2020ж) қазақ тілі оқулығында орфография мен орфоэпия, стиль және шешендік сөздерге қатысты терминдер жүйелі түрде берілмеген. «Грамматикалық материал», «Есте сақта!» деп әр жерден үзіп беріледі де, нақтылық жоқ.

Жалпы негізінде мектеп бағдарламасында меңгерілуге тиіс білімнің терминдері көпшілігі бірізді, қалыпқа түскен, жүйелі терминдер. Бірлі-жарым кейде жарыса қолданылып қалатындары да кездеседі. Мысалы: «аббревиатура», «қысқарған сөз»» деген сияқты жарыса қолданылып жүрген терминдер оқушыларды шатастырады. Ал сонда мәселе тудырып отырған не нәрсе? Ол жаңағы жоғарыда мысалдар келтіре отырып көрсеткеніміздей, жаңартылған оқу бағдарламасындағы грамматикалық жүйенің сақталмауынан оқулықта тіл білімі терминдерінің баланың жас ерекшелігін ескермей, жүйесіз түрде берілуі дер едік.

Қорыта келе, қазақ тілінде термин жасау, жасалған терминдерді қалыптастыру, оларды оқулыққа енгізу мәселесі – қадағалап отыруды, жауапкершілікті қажет етеді. Термин жасаудағы реттілік пен жүйелілік сақталмаған жағдайда, бұзылары анық.Қазіргі ұлт тілінде терминжасам мәселелері жан-жақты зерттеліп, жандана түссе деген игі тілегіміз бар.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

<!-- [if !supportLists]-->1. Құрманбайұлы Ш. Қазақ терминологиясы: зерттеулер, оқулық, сөздік, библиография. – Алматы: Сардар, 2014. – 928 бет.

<!-- [if !supportLists]-->2. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы (Қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты еңбектер). – Алматы: Ана тілі, 1992. – 448 б.

<!-- [if !supportLists]-->3. Айтбайұлы Ө. Қазақ сөзі: (Қазақ терминологиясының негіздері). – Алматы: Рауан, 1997. – 240 б.

<!-- [if !supportLists]-->4. Әбдуәли Қайдар. Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас. – Алматы: Рауан, 1993. – 43 б.

5. Құрманбайұлы Ш. Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасам тәсілдері (Барлық сала мамандарына арналған әдістемелік құрал). – Алматы: Сөздік-Словарь, 2005. – 240 б.