Химия терминдерінің қазіргі жай-күйі және қазақ тілі заңдылықтарына сәйкестігі

Химия терминдерінің қазіргі жай-күйі және қазақ тілі заңдылықтарына сәйкестігі
«Оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатұғын кітап» А. Байтұрсынұлы

Әр пәнді оқытуда ондағы сөздердің дұрыс жазылғанына, аудармасының дұрыстығына баса мән беруіміз керек. Сол себепті «Химия» пәнін оқытуда оның тілін химия ғылымының бір бөлігі ретінде қарастыруымыз керек. Әр  ғылымның зерттейтін алаңы, зерттеу нәтижесінде алынған білім жүйесі, оны тіркеп, заттандырытын таңбалар жүйесі болады.

Білім – сананың қызметі, ол бақыланатын, зерттелетін объектіге айналу үшін тіл арқылы берілуі керек. Сонымен, химиялық тіл дегеніміз – химиялық білімді тіркейтін, сақтайтын, бірден-бірге жеткізетін арнайы таңбалар жүйесі.

Химия тілінің бір-бірімен тығыз байланысты үш бөлігі бар.

Олар: ғылыми терминология, терминдер және терминдер жүйесі. Химиялық терминдер – ғылыми ұғымдардың атаулары. Химиялық элемент, атом, зат және химиялық реакция ұғымдары анықталғаннан кейін ғана химия ғылым ретінде қалыптасты. Химияның ғылыми ұғымдары молайған сайын оларды бейнелейтін терминдер жүйесі байып, толыса түсті.

Бұрынғы грек немесе латын тілдерінен аударылған терминдердің мағынасы қандай, олар қазақ тілінің нақты мағынасын аша ала ма, олар қолданысқа ене ме, жоқ әлде тасада қалып  қоя ма? Қоғамдағы терминдердің қызметі қандай? – деген сұрақтар жаңадан көрініс тауып отырған термин төңірегінде үнемі туындап отырады. Олардың әрбірі қоғам тарапынан қолдауды, тілдік тұрғыдан жүйелеуді  қажет етеді.

ХХ ғасыр басында А. Байтұрсынұлы бастаған оқыған зиялылар ұлттық ғылым тілін қалыптастыруды, қазақ тілін білім˗ғылым тіліне айналдыруды өздеріне міндет санап, терминқорды қазақ тілі негізінде жасауды мақсат етті.

1990 жылдардан бері қарай ұлттық ғылыми терминологияны дамытудың жаңа принциптерін жасау күн тәртібіне қойылды. Көптеген жаңа терминдер жасалып қолданысқа ене бастады. Жасалып жатқан терминдердің бәрін бірдей мінсіз деп айта алмаймыз. Олардың ішінде терминологиялық жүйе мен терминдерге қойылатын талаптарға жауап бере алмайтындары да бар.  Қазіргі терминологиядағы шешімін таппай жүрген мәселенің бірі халықаралық деп аталатын терминдерді ұлт тіліне аудару, жазу, қабылдау тәртібінің белгіленбеуі. Сондай-ақ көптеген терминдердің терминология комиссиясы бекіткен қазақша баламалары бола тұра тұрақты қолданылмай немесе бұрынғысынша шет тілдеріндегі нұсқалары жарыса қолданылып жүруі.

Қазіргі химия тілінің ұлттық терминологиялық базасын қалыптастыруда И. Нұғыманов, М. Нұғыманов, Н. Нұрахметов, С. Ақаев т.б. еңбектерін айтуға болады.

Белгілі болған химиялық элементтер мен қосылыстарды түгел қамтитын химия тілінің номенклатуралық жүйесін түзу қажеттілігі туды.

Француз ғалымдары А. Лавуазье, Бертолле жəне т.б. ғалымдардың ұсынған жаңа ғылыми номенклатураның мынадай принциптері белгіленді:

˗ əр қосылыстың бір ғана атауының болуы;

˗ затқа атау беруде оның құрамына енетін бөліктерінің атынан құрастырылуы;

˗ атау түбірі грек жəне латын тілдерінен алынуы;

˗ күрделі қосылыстың атауы екі сөзден тұруы қажет: біріншісі заттың тобын (класын); екіншісі заттың өзіне тиесілі атауын білдіруі;

˗ бір элемент бірнеше қосылыс түзсе, əр қосылыстың атауы қосымшасы арқылы даралануы тиіс.

Кез келген тілдің терминологиялық жүйесінде тегі бір ұғымдардың түрлерін білдіретін атаулар жиі кездеседі. Мұндай термин сөздер логикалық жүйеге сəйкес ұғым мазмұнын дəл беру мақсатымен қайшы болып келеді. Мəселен, қышқылдар тобына жататын заттар радикалының құрамына кіретін негізгі элементінің атына қышқыл деген сөзді тіркестіру арқылы күкірт қышқылы, азот қышқылы, май қышқылы, пропион қышқылы; ал химиялық элемент тотығу дəрежесі əртүрлі бірнеше қышқыл түзсе, сөз қосымшалары арқылы өзгешеленеді: күкіртті қышқыл, азотты қышқыл, хлорлы қышқыл, хлорлау қышқыл т.б.

Демек, күкіртті, азотты, хлорлы, хлорлау қатыстық мағынадағы сөздер екінші бірзатқа (қышқылға) қатысы арқылы элементтің тотығу дəрежесіне қарай түрлі қышқылдар түзу процесінің атауына айналып, соған сəйкес тіркесті күрделі атауларды құрайтын болған. Сонымен қатар қазақ тілінің химиялық терминология жүйесінде заттың құрамымен байланысты қалыптасқан қосылыс, қоспа терминдері кездеседі. О бастағы негізін жалпы халықтық тілден алатын «бір нəрсеге екінші бір нəрсені əкеліп біріктіру, бір нəрсенің үстіне екінші нəрсені үстеу, араластыру» деген мағынадағы «қос + ыл + ыс» жұрнақтарының жалғануы арқылы қосылудың бір түрі екендігін; «қосу + па» екі немесе одан да көп заттардан тұратын химиялық элемент екендігін танытады.

Мектеп оқулықтарында көптеген сөздер, мысалы, қоспа, қышқыл, тұздар атаулары бойынша терминдер дұрыс жолға қойылып, оқушыларға түсінікті мағынада аударылып қолданылып келеді.

Сонымен қатар грек немесе латын тіліндегі мағынасында қолданылып келген кейбір сөздерді 2000 жылдардан кейін аударып қолданысқа енгізу алға қойылып келеді.

Мәселен, 7-сыныптың химия оқулығында біртекті (гомогенді) қоспаларды бөлу үдерісінде «дистилдеу» сөзін «айдау» деп аударған. Бірақ дистилдеу – сұйық қоспаларды бір-бірінен бөліп алу – деген мағынаны білдіреді. Сол себепті дистилдеу деген сөзді солай қалдыру керек сияқты, сонымен қатар сөздікте «дистилдеу-дистилляция» деп аударылған (termincom.kz). Себебі айдау деген сөз – перегонка деген сөздің аудармасына жақын келеді. 

«Штатив» деген сөзді «тұрғы» деп аударған, бұл да дұрыс емес. Штатив сөзінің мағынасы – «құрал-жабдық элементтерін тік және горизонталь жазықтықта бекітуге арналған құрал», сол себепті тұрғы деген аударма сәйкес келмейді.  Қалдыбай Бектайұлының сөздігінде «штатив» деген сөзді – таяныш деп аударған, ал termincom.kz сайты бойынша 2016 жылғы бекітілген термині «үштаған», ал 2012-2015 жылғы терминдер аудармасы бойынша «штатив прибора» - «аспап тағаны» деп аударылған.

100-бетте «белок» деген сөзді «нәруыз» деп аударған, белок сөзі көптеген ғылыми оқулықтарда «ақуыз» деп қолданылады, сонымен қатар Республикалық терминология комиссиясы бекіткен терминдер тізбесіндегі аудармасы «ақуыз-белок» (2021 жылы бекітілген, termincom.kz). сол себепті «ақуыз» деп аударған дұрыс деп ойлаймын.

8 сынып оқулығында «инертті газ» деген сөздегі «инертті» сөзін «бекзат» деп аударған, бұл химиялық ұғымды толық ашпайды. Терминдер жинағында «инертный газ-инертті газ» деп аударылған (1971-1981 жж. бекітілген термин).

Сонымен қатар, анықтамалар жазған кезде сөйлемдердің мағынасы ашылатындай, жалғау жұрнақтарды дұрыс қолдану қажет. Мысалы: «Элемент атомдарының электрондарды беруі металдық, ал қосуы – бейметалдық қасиеттерді сипаттайды» деген анықтама берілген, бұл жерде электрондарды қосуы емес «қосып алуы» деп сөйлемді нақты, түсінікті жазу қажет. Азоттың (ІІІ) оксидінің емес, азот (ІІІ) оксидінің болу керек, атомдардың сандарының қатынасын анықтауға болады – атом сандарының қатынасын анықтауға болады деп жазу керек еді.

Молекула құрылысты химиялық таза заттың құрамы алыну әдісіне байланыссыз тұрақты болады. Бұл сөйлемді молекулалық құрылысы белгілі химиялық таза заттың құрамы алыну әдісіне қарамастан тұрақты болады – деп жазған түсінікті болар еді.  

Жылыжай эффектісі термині жылу эффектісі деген ұғым болуы керек (termincom.kz 2023 жылы бекітілген термин) тепловой эффект – жылу әсері немесе тепловой эффект – жылу эффекті деп аударылған, жылыжай эффектісі деген химиялық ұғымға сәйкеспейді, жылыжай-теплица деген мағынаны білдіреді, ал тепловой эффект аудармасы – жылу эффекті болуы тиіс, тепло – жылу, жылы деген мағынаны білдіреді.

Бекерді бекерге шығару деген термин қолданылған, оны жоққа шығару деп аударған дұрыс болады.

Амфотерлі сөзі екіұдайлы деп аударылған, екіұдай деген аударма амфотерлі сөзіне келмейді. Бұл «амфотерус» деген грек тілінен енген екіжақты деген мағынаны білдіретін сөз. Бұрын амфотрелі сөзінің аудармасы «екідайлы» деп қолданылып келген, бұл аудармасы екі жақты ұғымына әлдеқайда жақын, termincom.kz сайтының 2023 жылы бекітілген термині бойынша «амфотерный оксид – амфотерлі оксид», ал «амфотерный электролит – екідайлы электролит» деп аударылған.

Қазақта ұдайы деген сөз бар, ол үнемі деген мағынаны білдіреді, сол себепті «екіұдайлы» деген сөз «екіжақты» сөзінің мағынасын толық аша алмайды.

7-сынып оқулығында процесс деген сөз аударылмаған, ал 8-сынып оқулығында үдеріс деп аударылған. Латын тілінде proccessus «ілгерілеу, даму, қандай да бір нәтижеге жету үшін жасалған әрекеттердің жиынтығы, ағыны, жүрісі» деген мағынаны білдіреді. Сол себепті барлық оқулықта бірдей аудармасымен үдеріс деп беруіміз немесе процесс деп қалдыруымыз қажет. Республикалық терминология комиссиясы бекіткен терминдер тізбесіндегі аудармасы «процесс» (2023 жылы бекітілген термин termincom.kz).

Барлық термин сөздердің аудармасын дұрыс емес деуден аулақпын, бірақ оқулық жазған кезде авторлар қазақ тілін және терминнің, терминдік тіркестердің жасалу ережелерін толық меңгерген болуы керек. Олай болмағанда, қазақша жазылған оқулықты қайта дұрыстау қажеттілігі туындауы мүмкін.

Химия пәнінің оқулықтарын оқушылар түсініп оқуы үшін терминдердің аудармасы сапалы, мағынасы түсінікті жазылуы керек. Сонымен қатар, оқулықтағы анықтамалар түсінікті тілде болуы қажет және термин сөздерді аударған кезде Қазақстан Республикасының Республикалық терминология комиссиясы бекіткен терминдер жарияланған termincom.kz сайтын, химия пәнінен жазылған түсіндірмелі сөздіктерді негізге ала отырып жазу керек. Әркім өз білгенінше аударған оқулықтың сапасы болмайды.

Мектеп оқулықтарын құрастыру барысында немесе жазылған оқулықтарды сараптамадан өткізген кезде қазақ тілінің барлық ережелерін, сондай-ақ қазақ тіліндегі жалғау жұрнақтардың қолданылу ережелерін білетін мамандар қатысқаны жөн болар еді.

Кейбір авторлар оқулықтарды жазғаннан кейін сараптамадан өткізгендігі туралы сыни пікір алған кезде өздерінің таныстарына жүгінеді, пікір жазған адам ол оқулықты оқыды ма, жоқ па ол жағы беймәлім. Тағы бір айта кететін жайт, оқулықтардың мазмұнын талқылаған кезде бір адам емес, бірнеше адам, яғни мектеп мұғалімдері мен ғалымдар бірлесе отырып, оқулықтың әр сөзін оқып, сараптама жасап, өз пікірлерін ортаға салу керек деп ойлаймын.

М. Дулатов айтқандай, қазақ тілін іске асыратын болсақ, қазақ әдебиетін күшейтеміз десек, ең алдымен істің санын салмақтамай, сапасын ескеруіміз керек. Ол үшін қазақ тіліндегі терминдердің, сөздердің кемшілігін жою керек. Оны жою үшін әуелі бастапқы кемшіліктің қандай екенін білу керек.