Мектеп математикасындағы терминдердің оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкестігі

Мектеп математикасындағы терминдердің оқушылардың  жас ерекшелігіне сәйкестігі
«Ғылым үшін қателіктің бір ауыздан екінші ауызға көшуінен өткен зиян жоқ» Л.Н.Гумилев

Қазақ тіліндегі ең алғашқы оқулық он тоғызыншы ғасырда кирилл әріптерімен жарияланған ұлт ұстазы, көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсарин жазған оқулық. Әлихан Бөкейханұлының дүниетануға, Ахмет Байтұрсынұлының әдебиет және қазақ тіліне, Міржақып Дулатұлының «Есеп құралы», Жүсіпбек Аймауытұлының «Психологиясы», Мағжан Жұмабайұлының «Педагогика», Халел Досмұхамедұлының биологияға арналған кітаптары бар. Ал математика пәнінінен қазақ тілінде жазылған алғашқы оқулықтар Әлімхан Ермекұлының «Математикасы» мен геолог-ғалым Қаныш Сәтпаевтың жазған оқулықтары.

Алашорда үкіметінің министрі болған профессор Әлімхан Ермековтың «Ұлы математика курсы» оқулығы жоғарғы техникалық оқу орындары мен педагогикалық институттарға арналып жазылған. Оқулық қазақ тілінде, латын әліпбиімен жазылып 1935 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» атты баспадан шығарылды. Сонымен қатар, 1936 жылы «Қазақ тілінің математика терминдері» түсіндірме сөздігі жарық көрді.

Реформаға жиі ұшырайтын екі сала болса, соның бірі – білім. Неше жылдан бері бұл салада өзгерістер жиі орын алуда. Білім саласы да бір орнында тоқтап қалмай, әрі қарай дамуы керек. Ғылым мен технологияның қарқынды дамуы оқыту әдістемелеріне де түбегейлі өзгерістер енгізуді талап етіп отыр. Осыған сәйкес білім берудің басты құралы – оқулықтар да заман талабына сай өзгеруі тиіс. Еліміздің тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін бүгінгі талаптарға сай оқулықтар дайындала бастады. Мектептерді оқулықпен қамтамасыз етуге тікелей ҚР Білім және ғылым минстрлігі жауап береді. Бірақ оқулықтардағы олқылықтар мәселесі әлі де басты назарда.

Еліміздің тәуелсіздік алуымен жалғаса, 1993 жылдан бастап математика оқулықтары қазақ тілінде жазылып, қолданыла бастады. Оның үстіне, ондай оқулықтарды әрбір сынып үшін бұрынғыдай біреуден емес, 3-4 түрлі етіп жазуға қолымыз жетті. Осы аралықта 7-8 сыныптар үшін ғана тоғыз оқулық басылып шықты. Ниет дұрыс. Бірақ, мектептегі математика пәні мұға­лімдерінің «енді қолымызға сапалы оқулық тиетін шығар» деген көптен бергі үміттері ақталмады. Өйткені, жаңа оқулықтардағы қателіктер бұрынғыдан көбеймесе, азаймай отыр.

Оқулықта қазіргі маман, оқырмандарға таныс емес, қазіргі математика еңбектерінде кездесе бермейтін мынадай терминдер мен сөз тіркестерін ұшыратамыз: өлшеуіш, кіндік, құбылма шама, тұйықтаушы вектор, ішкері бөлу, керме, ерікті тұрақты параметр, өсімше, тұйықтауыш т.б. Бұлардың кейбіреуі орыс тіліндегі мынадай терминдердің (масштаб-өлшеуіш, центр-кіндік, переменная величина-құбылма шама) баламасы ретінде қолданылған болу керек. Қазіргі математика саласында бұл нұсқалардың орнына мына терминдер қолданысқа енген: масштаб-масштаб, центр-центр, құбылма шама-айнымалы (өзгермелі) шама.

Мәселен қазіргі қолданылып жүрген оқулықтарымызда, сөздіктерімізде, математикалық әдебиетіміз бен ғылыми-методикалық журналымызда жорамал сан (мнимое число), қиялдағы геометрия (воображаемая геометрия), бөлгіш группа (подгруппа), қозғалмалы бегун (бегунок) терминдері кездеседі. Бұл топтағы терминдердің элементі артық немесе терминнің өзі терминделіп отырған ұғым мазмұнына қайшы болып келетіндіктен, немесе ұғым реляциясын сипаттамайтындықтан бұрыс терминдер дейміз. Ғылыми және техникалық терминологияда мұндай терминдердің кездесуін ұғымды баста дұрыс атамау мен термин элементін жүйесіз құрудан әрі дұрыс, қысқа терминдерді құру қиындығынан көруге болады. Бұрыс терминдердің оқу үдісінде қолданылу оқушыларда бұлыңғыр және теріс түсінік тудырып, оларға әсер етеді. Әрі терминнің тұрақсыздығына әкеп соқтырады. Математика ғылымына деген оқушылардың дұрыс көзқарастарын қалыптастыру мақсатында бұрыс терминдерді жетілдіру немесе алмастыру қажет. Ғылым үшін де, педагогикаға да мұндай терминдерден пайда шамалы.

Кейде, практикада бір ұғымды екі не бірнеше термин арқылы беру сөздіктерде, оқулықтарда баспасөз беттерінде кездесіп қалады. Мысалы: система, жүйе – система; движок, жылжыма – движок; есептегіш, есептеуіш, счетчик – счетчик; потенцирлеу, потенциалдау – потенцирование терминдері бір ғана ұғымды сипаттап, синонимдік қатарды тудырып отыр. Синонимдік терминдердің бірқатарының түпкі мағынасы нақты мағынасына сәйкес келсе, екіншілерінде бұлар жартылай сәйкес келуі мүмкін. Мәселен, текше – куб, шаршы – квадрат, синонимдері мазмұны жағынан түпкі мағынасын бере алмайды. Ал шешу (процесс), шешім (нәтиже) синонимдері ұғымның мағынасын дәлме-дәл жеткізеді.

Математикада синонимдік терминдерді қатар пайдалану зиянды. Өйткені, кей жағдайда, қолдану барысында олардың біреуі шеттеп, өрісі тарылса, екіншісінің пайдалану шеңбері кеңейеді. Сөйтіп, дәлме-дәл келетін мағынасы жартылай сәйкес келетін мағынасына ауысуы мүмкін. Бұған дәлел ретінде шешу және шешім, азайту және алу терминдерін келтіруге болады. Сондықтан да ғылыми және техникалық терминологиядағы жұрттың уақытын алатын терминдердің синонимділігінің пайдасы шамалы. Ол терминнің айқын мағынасына, дәлме-дәлдігіне нұқсан келтіреді.

Синонимдік терминдер шеттен келген сөздер мен ана тіліміздегі сөздердің қатар қолданылуынан, мысалы: лимит – шек, константа – тұрақты, образ – бейне, ана тіліміздегі реңкі әр түрлі сөздерді қатар қолданудан, мысалы: жарым-жарты, екі-қос-жұп, шешу-шығару, орыс тіліндегі синонимдік терминдерді аударудан және алудан, мысалы: нақты сан (действитетельное число) – заттық сан (вещественное число), радикал – түбір (корень), есептік линейка (счетная линейка) – логарифмдік есептеу линейкасы (логарифмическая счетная линейка) туып отыр.

Сондықтан синонимдік терминдер ішінен ұғымның мағынасына дәлме-дәл келетінін, көбірек жаңа математикалық сөз тудырып алуға болатынын, оқушыға түсініктісін таңдау керек.

Педагогикалық көзқарастан туатын, бірақ ресми түрде қабылдауға болмайтын, мысалы 2/5 бөлшегін түсіндіру барысында екінің беске қатынасы деп те, екіні беске бөлгендегі бөлінді деп те айтудың ешқандай зияны жоқ. Қайта оқушының логикасын дамытуға әсер етеді.

Егерде бірнеше ұғымды бір атау арқылы берсек, онда көп мәнді, басқаша айтқанда, омонимдік терминдерді тудырып аламыз.

Қазіргі қолданылып жүрген математика терминдерінің кемшіліктерінің бірі – осы көп мәнді терминдердің терминологиядан орын алуы. Мысалы, квадратура терминін есітсек, квадрат бірлікте өрнектелген аудан шамасы туралы да, берілген фигураға тең шамалас квадрат салу есебі туралы да, интегралды есептеу туралы да ойлауымыз мүмкін. Сол сияқты метр сөзін естіп ұзындық өлшемінің негізгі бірлігі немесе ұзындық өлшеуіш құралы туралы айтып тұр дейміз. Куб атауы – әрі геометриялық бейнені, әрі санның үшінші дәрежесін көрсетеді.

Терминдердің бұл сияқты көп мәнділігі оның нақтылығын жоғалтып, түсіндіруші мен оқушының өзара түсінбестігін тудырады. Дүдамал ой туғызып, мамандарды шатастырады. Математикалық әдебиетті оқуымыз қиындай түседі. Ақырында, терминнің өз міндетін атқару функциясы айқындалмай, тұрақсызданады.

Терминнің айтылып отырылған ұғымды айырып-танытып беру функциясы болатындығын, термин үшін осы алынып отырылған пәнде дыбыстық құрамы жағынан бұрын кездесетін сөзді пайдаланбау керек екендігі талабы ескерілмегендіктен көп мәнді термин пайда болған.

Қазақ тіліндегі математика терминологиясындағы көп мәнді терминдердің бір бөлегі аудару арқылы орыс тілінен ауысса, бір бөлегі ана тіліміздің ерекшелігінен туған. Мысалы, түбір (корень), шешу (решение), интеграл, градус орыс тілінен аудару арқылы келсе, көлем сөзінің әрі аудан (площадь), әрі көлем (объем) ұғымдарына өкілдік етуі қазақ тілінің өз ерекшелігінен туған.

Қорыта айтқанда, синонимдік және омонимдік терминдер тіл ерекшелігімізден туған негізгі кемшіліктер. Тіпті негізгі терминдерді қазақшаға аударған қазақ терминология маманы бар.  Ш.Біләлов терминжасам тәсілдерін өзінше түсіндірген. Мысалы, бірінші нұсқадан - көрме (хорда), жарма (биссектриса), кейіптеме (формула), түзгі (элемент), қосым (интеграл), ажырам (дифференциал), үстеме (мантисса), бүйірлік (абсцисса), беттік (ордината), төбелік (апликата), қиынды (сектор), тікше (прямоугольник)... Екіншіден, жаңа сөз сөздердің бірігуі арқылы жасалады: теңқиық (ромб), ішжиын (подмножество), қиықша (параллелограмм), қиықжақ (параллелепипед), костабан (трапеция), кілшоқы (пирамида), екімүше (бином), баскерме (диаметр)... Үшіншіден, сөз тіркестері арқылы жасалады: алғашқы берне (первообразная)...» . Алайда, практика көрсеткендей толықтау қазақ тіліне көшу де оңтайсыз әдіс. Ғылыми-техникалық терминология комитетінің тәжірибесі мұндай терминдер кемшілігін қолдан реттеу керектігін де көрсетеді.

Математикалық терминдер, таңбалар мен символдар оқушы мен оқытушы арасындағы, сондай-ақ жеке оқушыға жаңа білімді, ақпаратты тиімді түрде тасымаладаушы, жеткізуші ролін атқарады. Оқулықтарымыздағы осындай ала-құлалықтар ертерек түзелмесе, мектеп оқушыларының олардан жүйелі білім алуы қиындай түсері сөзсіз. Ғылым дамымаса, қоғамның дамуы тоқырайды. Ғылымды дамыту дегеніміз – сол ғылымдағы ескірген, қате ұғымдар мен қажеттілігі кеміген, басы артық нәрселерден бірте-бірте арылу, оның орнына жаңаларын жасау. Ал, ол жаңалықтарды оқыту үдерісіне енгізуді реттеп отыратын және жүзеге асыратын құралдардың ең бастылары оқу стандарты, оқу бағдарламасы мен оқулықтар екеніне дау болмаса керек. Оқулық – жай ғылыми еңбек емес. «Оқулық – даналыққа апаратын жолдың бастамасы» (А.Байтұрсынұлы). Сол оқулықпен қаншама ұрпаққа білім беріледі. Жүйелі білім аламын, ғылымды игеремін деп талпынып жүрген мектеп оқушыларына жалған мағлұмат беруге ешкімнің құқы болмаса керек. Осы жерде, оқулықтардағы біз атаған кемшіліктер онда орын алған қателіктердің кейбірі ғана екенін тағы да назарға салып өткіміз келеді.

 «Жақсы оқулық – ұлттың игілігі, оның рухани құндылығы. Бұл іс қазір ұлттық сипат алып, мемлекеттік маңыз беріліп отыр. Осы негізде Білім және ғылым министрлігі Ұлыбритания, АҚШ, Ресей, Сингапур, Оңтүстік Корея сияқты бірқатар шетелдердің оқулықтар жасау тәжірибелеріне талдау жасады. Қазір оқу әдебиеттерін сараптамадан өткізу бірнеше кезеңнен өтеді. Алдымен мемлекеттік сараптамаға келгенге дейін жазылған оқулық макеті баспалардың өз ішіндегі оқулық мазмұнының жалпыға бірдей мемлекеттік оқу стандарттарына сәйкес келуін бақылайтын арнай топтан өткізіледі. Ол мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін Білім және ғылым министрлігіне ұсынылып, республикалық ғылыми-тәжірибелік сарапшылар комиссиясына беріледі. Былтыр   республикалық комиссияға ұсынылған 1109 оқу әдебиетінің 97-сі сараптамадан өтпеген. Сараптама бойынша  173 оқулықтың  26-сы типтік оқу жүйесіне сәйкес келмейтінін анықталған. 14 оқулықта тақырыптардың ауытқулары кездескен, 23 оқулықта оқу бағдарламалары толық қамтылмаған. 39 оқулыққа оқушының логикалық, интеллектуалдық әлеуетін, шығармашылығын, өзін өзі дамытуына байланысты тақырыптар енгізілмеген. 23 оқулықта иллюстрацияларға атаулар мен түсініктемелер берілмеген. 14 оқулықтағы материалдар ғылымның қазіргі дамуына сәйкес келмейді. 22 оқулықта материалдар кеңінен жүйелі логикалық тұрғыда баяндалмаған. 54 оқулықта түрлі қателерге жол берілген. 10 оқулықтың материалдарында оқушылардың жас ерекшеліктері ескерілмеген.

Оқулықта кездесетін әрбір қате мағлұмат, басқаны айтпағанда, ең алдымен осы пәнді оқытып жүрген мыңдаған мұғалімнің онсыз да мандымай жүрген беделін одан да төмендете түсетінін ешкім ойлай да бермейді. Мысалы, оқулықта қателік кездесіп жатса, оны байқаған мұғалім қателікті түзетіп оқытады, нақтылы дәлелдермен оған оқушының көзін жеткізеді. Ондай қателік тағы да қайталанып, мұғалім оларды түзете берген соң алдымен оқушының, олар арқылы ата-аналардың, тіпті, мектеп басшыларының ол мұғалімнің кәсіптік біліктілігіне деген сенімі кемиді, көзқарасы өзгереді. Өйткені, олардың барлығының да мұғалімнен гөрі оқулық авторларының біліктілігін жоғары бағалайтыны, атағы мен беделіне көбірек сенетіні анық.

Қорыта айтқанда, мектепте қазір қолданылып жүрген математика оқулық­тарының барлығын, қандай жолмен болса да, қайта сараптаудан өткізіп, ондағы қателіктерді бірден бірге көшіре бермей, тез арада түзету жұмыстарын ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Дұрыс жазылған оқулықты таңдап алу ниетімен, әр сыныпқа арнап бірнеше баламалы оқулықтар жаздыру – құптарлық іс.

Тәуелсіздік алғаннан бері оқулықтар жазу, олардың сапасын жақсарту бағытында біршама  жұмыстар атқарылды, жетістіктеріміз бар.  Сонымен қатар біраз олқылықтар мен проблемалар әлі де алдан шығуда.  Жалпы сапалы жазылған оқулықтар – білім мен ғылымның қайнар көзі, ұлтымыздың рухани құндылығы. Сондықтан дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп отырған еліміздің жаңа буыны үшін мектеп оқулықтарының саспасына айрықша көңіл бөлуіміз қажет. Оқулық оқушының білім алуында үлкен рөл атқарады. Мектеп қабырғасында оқушылар білім-дағдыларын, қабілеттерін шыңдап, өмірлік ұстанымдарын айқындайды. Оқулық әрдайым жаңартылып, дамып отыру керек. Мемлекеттік тілді оқыту да сапалы оқулықтан басталады. Сапалы оқулық -сапалы білім кепілі, сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі, саналы ұрпақ – ел ертеңі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Құрманбайұлы Ш. Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасам тәсілдері. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2005. – 240 б.

2. Елубаев С. Орта мектепте математиканы оқыту процесінде терминдер мен символдарды пайдалану. – Алматы: Мектеп, 1984. – 96-бет.

3.  “QAZAQ GAZETTERI” газеті, 06 Сәуір, 2016

4. “Қазақ үні” газеті, 10.10.2023