Мемлекеттік тілде география ғылымын терминдендіру мәселелері

Мемлекеттік тілде география ғылымын терминдендіру мәселелері

Географиялық атауларды жинау және жүйелеу аясында және олардың этимологиясын анықтауда қазақ және орыс тілдерінде жазылған табиғи нысандар мен елді-мекендер атауларының тізбелері бар арнаулы топонимикалық сөздіктер маңызды рөл атқарады. Географиялық атаулардың құрамында географиялық және халықтық географиялық терминдер жиі кездеседі. Қазақстанда топонимика ғылымы ХХ ғасырдың 40-ыншы жылдарының аяғында белсенді түрде дами бастады. Қазақстанда топонимика ғылымының негізін қалаған Ғ.Қ.Қонқашбаевтың еңбектерін ерекше айтуға болады. Ғалым өзінің еңбектерінде қазақтың халықтық географиялық терминологиясының күрделілігі мен құндылығын атап көрсетті, Қазақстан аумағында сақталып қалған моңғол (қалмақ) топонимикалық элементтерін, сонымен қатар түркітілдік терминологияның заңдылықтарын анықтады, оларды сөздік түрінде құрастырып, этимологиясын көрсетті. Ғ.Қ.Қоңқашбаевтың диссертациялық жұмысы (1948) қазақтың халықтық географиялық терминдеріне арналып жазылған зерттеу жұмысы болды. Ғалымның ғылыми жұмыстары топонимика мен терминология мәселелерін қамтиды. Ғ.Қ.Қоңқашбаев қазақтың халықтық географиялық терминдерін  алғаш рет жинақтап, жарыққа шығарды. Ғ.Қ.Қоңқашбаевтың «Словарь казахских географических названий» атты сөздігінде (1963) 2000-нан астам географиялық атаулар мен терминдер жинақталған, орыс әдебиетіне енгізілген жергілікті географиялық терминдер, географиялық атаулардың қазақша атауы және орысша баламасы (эквиваленті), семантикасы жазылған. Э.М.Мурзаев жазады: «Бәрінен бұрын Ғ.Қоңқашбаевтың «Словарь казахских географических названий» атты бағалы сөздігін атап өтуіміз қажет. Бұл еңбек Қазақстан топонимиясын қалыптастырудағы бірқатар моңғол, араб, иран тілдік сөздері де енген түрік географиялық лексикасының үлкен жинағы. Автор мүмкіндік болған жерінде осы сөздермен, терминдермен бірігіп жасалған географиялық атауларды талқылап, зерттеген» деп, Ғ.Қоңқашбаевтың зерттеулерін жоғары ғылыми деңгейде екенін атап өтті. Оның зерттеулерінде 600-ден астам халықтық географиялық терминдер қамтылған.

Өткен ғасырдың 80-90-ыншы жылдары бұрынғы КСРО-ның барлық республикаларында ана тілін, мәдениетін, дәстүрлерін жаңарту үрдісі кең етек алды. Бұл үрдіс әртүрлі жағдайлар мен факторларға сәйкес Қазақстанда да байқалды. Өйткені ол кезде қазақ тілі немқұрайлы түрде ғана мемлекеттік деп саналады да, іс жүзінде қарқынды қысымшылыққа ұшырай отырып, тек тұрмыcтық тілдің деңгейінде қарастырылды, мемлекеттік және ресми тіл деп саналса да, қолданудан ығыстырылды. Сондықтан тіл саясатының осы бір күрделі мәселелерін шешу үшін ойластырылған және ғылыми негізделген тәсіл керек болды.

Республиканың егемендігі жарияланғаннан кейін пайда болған ірі тарихи, экономикалық және саяси өзгерістерге байланысты елімізде «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» екі рет (1989,1997жж.) ҚР-ның Заңдары жарық көрді. Солардың негіздерінде Қазақ тілі мемлекеттік тілге айналды. Осыған байланысты қазақ тілінің мәртебесі көтеріліп, оның әрі қарай дамуы үшін заңды негіз жасалды. Осыған байланысты, атап өткеніміздей, аталған іс-шараларды ойдағыдай орындау үшін ғылымның техниканың, мәдениеттің, іс-жүргізудің барлық салалары, оның ішінде география ғылымының және онымен байланысты шектес ғылымдардың барлық салалары бойынша терминдердің қысқаша  орысша-қазақша сөздіктерін жасаудың қажеттілігі туындады.

1998 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен 2000 жылғы кезеңге дейінгі қысқа мерзімдік «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. Бұл бағдарламада Республика бойынша қазақ терминологиясын жетілдіру тұжырымдамасының жобасын әзірлеу, қазақ терминологиясының компьютерлік қорын құру, білімнің барлық салалары бойынша екі тілдегі қысқаша терминологиялық сөздіктер жасау және оларды басып шығару қажеттілігі атап өтіледі.

2001 жылы ҚР-ның Президенті өзінің кезекті Жарлығымен ұзақ мерзімдік «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010-ыншы жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын» бекітті. Бұл бағдарламада ғылым алдына ғылыми негізде терминдер жасау процестерінің және терминологиялық іс-әрекеттердің негізі болатын қағидаларды реттеу мен жетілдірудің міндеттері қойылды. Мұнда терминдер жасау Үкімет бекіткен арнайы бағдарламалар негізінде жоспармен жүзеге асыратын жүйелі іс-әрекеттің бірыңғай қағидаларына сүйенетін орталықтандырылған, ғылыми негізделген болуы керек екені ерекше аталып өтіледі.

Сондай-ақ сөздіктерді жасау барысында авторлар Президенті мақұлдаған «ҚР-ның Тіл саясатының тұжырымдамасына» сүйенді. Бұл құжатта «тілді орныққан кірме сөздер мен халықаралық терминдерден бас тарту арқылы тіл «тазалығын» қамтамасыз етуді күшейтетін күмәнді ниетке де немқұрайлы қарауға болмайды» деп көрсетіледі.

Мұның бәрі кәдімгі оқулықтар мен оқулық әдістемелік әдебиеттер және анықтамалардан бөлек сапалы, жетілдірілген және стандартталған екі тілдік сөздіктер, оның ішінде әртүрлі кезеңдерде болған барлық өзгерістерді ескеретін географиялық терминдер сөздіктерін жасауды және басып шығаруды талап етеді.

Қазақстанда географиялық терминология жаратылыс ғылымдарының басқа салаларымен салыстырғанда біршама дамыды. Бұған әсіресе Қазақстанның кең байтақ аумағы оның жекелеген бөліктеріндегі миллиондаған топонимдердің пайда болуына белсене қатысқан халық терминдері ерекше әсер етті. География ғылымы бойынша терминологиялық сөздіктерді алғашқы жасаушылар шетел терминдері үшін халық терминдерінің ең бай арсеналынан керекті терминдерді сәтті таңдап алды. Атап айтқанда, 1927 жылы тұңғыш басылып шыққан Н.Қаратышқановтың терминологиялық сөздігінде 50-ден астам географиялық және әлеуметтік-экономикалық терминдерге қазақша баламалар берілді. 1931 жылы жарық көрген «Атаулар сөздігінде» тіпті 400-ден астам әмбебап терминдерге қазақша баламалар берілген.

1959 жылы авторлар тобының 1500-ге жуық әмбебап терминдерге қазақша баламалары бар «Физикалық география терминдерінің қысқаша орысша-қазақша сөздігі» жарық көрді. Бұл сөздіктерде әмбебап және орысша терминдердің мәні мен мазмұнын дәл беретін, сәтті қазақша баламалары кездеседі. Олар қазақ тілінде басылған, ғылыми жұмыстарға, жоғары оқу орындары мен мектеп оқулықтарына көптеп ендірілді. Әрине, оларда түзетуді қажет ететін таласты да сәттер болды. Қазақстанда 1966 жылы тұңғыш рет Ж.Әубәкіров, С.Әбдірахманов және Қ.Базарбаевтардың 2500 терминді қамтыған «Орысша-қазақша география түсіндірме сөздігі» жарияланды. Онда интернационалдық және орысша терминдерге олардың ғылыми мәнін дұрыс ашатын баламалары алынып, әрбір терминге қазақша толық түсіндірме берілді. Көптеген халықаралық терминдердің бұрын қате қолданылып жүрген қазақша баламалары түзетілді.

         Осылардың және республикада басылып шыққан басқа жұмыстардың негізінде толық болмаса да қазақ тілінде үйлесімді географиялық ғылыми терминология қалыптасты.

         Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 14 тамыздағы «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңының 4-бабын орындау бойынша «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту туралы» №729 қаулысына сәйкес ҚР ҮҒА-ның География институты терминология бойынша «Мемлекетік тілде географиялық ғылыми терминдерді жетілдіру мен үйлестіру» (1997-1999 жж.), «Мемлекеттік тілде түсіндірме сөздік жасау жолымен географиялық терминдерді жетілдіру мен үйлестіру» (2000-2002 жж.) және «Қазақстанның табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерін бейнелейтін жергілікті халықтың географиялық терминдерінің қазақша-орысша түсіндірме сөздігін» (2003-2005 жж.) жасауға арналған ғылыми жұмыстарды орындады.

Бұл жұмыстарды орындау шетелдік және қазақша терминдер каталогын әрі қарай жетілдіру, орыс тіліндегі географиялық терминдерді қолданудың қазіргі жай-күйі мен осы тілдегі терминологиялық сөздіктер және анықтамалықты құрастыру тәжірибесін зерттеу, сондай-ақ орысша-қазақша және қазақша-орысша географиялық терминдер сөздігін құрастыруда әлемнің басқа да тілдеріндегі іске асырылған оң тәжірибелерді қолдана отырып жүзеге асырылды.

         Осы зерттеулік жұмыстардың негізінде География институты «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік». Геология, геодезия және география» (2000 ж.) және «Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. География және геодезия» (2007 ж.) еңбектерін басып шығарды.

         Бұған қоса біздің замандастарымыз бен үшінші мыңжылдыққа қадам басқан болашақ ұрпақ үшін қазақ және орыс тілдерінде толық жаңарған соны сөздіктер жасауға көңіл аудару керек болды. Мұндай сөздік «ҚР-дағы тілдер туралы» Заңдар мен «Қазақстан Республикасының тіл саясаты тұжырымдамасының» талабына сәйкес География институты даярлаған «Орысша-қазақша географиялық терминдердің сөздігі» болып табылады.

         Сөздік өзінің мазмұнымен де, терминдерді қамту жағынан да басқа сөздіктерден басқаша, баламасы жоқ. Ол география салалары ( геоморфология, метеорология, гидрология, ландшафттану, гляциология, селтану, геоэкология, тоңтану, геодезия, экономикалық-әлеуметтік география және т.б.) мен қатар өзімен байланысты шектес жаратылыс ғылымдарының да (геология, топырақтану, ботаника, зоология және т.б.) терминдері енгізілген 14 мыңнан астам терминдерді қамтиды.

         Сөздік қысқа және екі тілді терминологиялық, терминдердің мәні мен мазмұнын толығымен түсіндірмей-ақ классикалық, қазіргі заманғы, әсіресе ертеде басылған сөздіктерге енбеген жаңа терминдерді көбірек қамтиды. Мұндай сөздік қалың оқырмандардың, әсіресе жас ұрпақтардың (студенттер  мен оқушылардың), әсіресе ҚР Президенті мен Үкіметінің Қазақ тілін дамыту туралы маңызды құжаттарын орындау барысында үлкен жұмыстар атқарып жүрген қызметкерлер мен аудармашылардың сұраныстарын қанағаттандырады ғой деген ойдамыз. Сондай-ақ бұл сөздік қоғам өміріндегі әртүрлі салаларда географиялық терминдердің қолдануын біріздендіру мен стандарттауға мүмкіндік береді. Іс жүзінде сөздікті пайдалану кезінде терминдердің көп варианттылығына және басқаша теріс пікірлердің туындауына жол бермеу жағы қаралды.

         Бұл сөздікті басып шығарудың қажеттілігі – дүние жүзінің жұртшылығы мойындағандай, географиялық терминдердің масштабы бен қолдану жиілігі бойынша ғылым мен білімнің басқа салаларымен жиі салыстырғанда алдыңғы орындардың бірінде болуына байланысты.

         Осы жұмысты орындау барысында ТМД елдері мен Қазақстанда бұрын басылып шыққан терминологиялық сөздіктер талданылып, олардың тәжірибесі кеңінен қолданылды. Осындай жұмыстардың негізінде География институтында 17-18 мыңдай терминді қамтитын география ғылымының барлық салалары бойынша терминдік база жасалды. Олардың ішінен осы сөздікке 14 мыңнан астамы іріктеліп алынды.

         Әрине бұл сөздікке ғылымда жиі қолданылатын негізгі және интернационалдық терминдер, сондай-ақ мемлекеттік тілдегі халықтық географиялық терминдер енгізілді. Бұларға қоса республиканың егемендік алуынан кейінгі кезеңде пайда болған және Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемтерминком бекіткен жаңа терминдер де енгізілді.

         Бірақ айта кету керек, Мемтерминком ұсынған және бекіткен кейбір әмбебап терминдердің қазақша баламасы географиялық құбылыстар мен үдерістердің мәні мен мазмұнын анық бере алмайды. Сондықтан ондай баламалар, бұрын қалыптасып кең тараған терминдерден кейін, үтір арқылы курсивпен теріліп жұлдызшамен белгіленіп берілді.

         Бұрыннан қолданылып жүрген бірсыпыра терминдердің қазақша баламасы қайта қаралып, қазіргі заманның талабына сай түзетілді. Жаңадан енгізілген халықаралық және орыс тіліндегі терминдерге қазақ тілінің бай лексикасынан географиялық құбылыстар мен үдерістердің мәні мен мазмұнын дәл беретін баламалар алынды. Әртүрлі себептерге байланысты, осы күнге дейін қазақ тіліне аударылмай жүрген әмбебап географиялық терминдерге мемлекеттік тілде баламалар ұсынылды. Кейбір терминдердің қазақша баламалары түзетілді. Бұрынғы терминдердің қазақша баламалары қазіргі кезеңдегі қазақ тілінің орфографиялық нормасына сәйкестендірілді.

         Осындай жұмыстарға қойылатын талаптарға сәйкес сөздікте терминдерінің қайталанбауы, қазақша баламаларының созылыңқы болмауы ескерілді. Сөздікті  қолданушы мамандар мен оқырмандарға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінді. Барлық терминдер қатаң түрде әліпби тәртібімен тіркелді.

         Сөздікті құрастырушылар осы еңбекке пікір айтқан Ж.Д.Достай, С.Қ.Құсайынов, Н.Уәлиұлы, А.Фазылжанова, Б.С.Жонкешовке сөздіктің сапасын арттыруға бағытталған ауызша немесе жазбаша орынды ескертулері мен бағалы ұсыныстары  үшін ризашылығын білдіреді. Олардың достық көмегі шынайы ізденімпаздық негізде болды. Пікір айтушылар сөздіктің кейбір кемшіліктерін көрсетіп қана қоймай, онымен бірге әмбебап терминдердің кейбіріне біршама сәттілеу баламалар ұсынды.

         «Орысша-қазақша географиялық терминдердің сөздігі» осындай көлемде елімізде бірінші рет баспадан шығарылып отырғаны белгілі.

         2011 жылы «Парасат» ҰҒТҚ АҚ География институтының ғалымдары С.Ә.Әбдірахманов, Қ.Б.Базарбаев, А.Р.Медеудің басшылығымен орысша-қазақша географиялық терминдердің сөздігі (Алматы, 358 бет) жарыққа шықты. Сөздікте географияның барлық салаларында кеңінен қолданылатын 12685 термин мен сөз тіркестері қамтылған.

2000 жылдан бастап ҚР БҒМ География институты «Ұлттық картографиялық-геодезиялық қор» РМҚК бірігіп, жаңа «ҚР географиялық атауларын орысшадан қазақшаға аудару және қазақшадан орысшаға аудару бойынша нұсқаулыққа» жетекшілік ете отырып, Қазақстан Республикасының барлық аумағын қамтитын, 1:100 000 масштабтағы мемлекеттік топографиялық карталардың 2300 парағы негізінде құрастырылған, География институтының географиялық атаулар каталогының базасында 14 томдық «Қазақстан Республикасы географиялық атауларының мемлекеттік каталогтары» (2004-2013жж) жарыққа шықты.

Осы кезеңге дейін жүргізілген зерттеулерге шолу жасау негізінде Қазақстан топонимикасында әлі жеткілікті зерттелмеген ғылыми мәселелер туындап отыр. Олардың арасында география ғылымдарының жеке салалары мен топонимиканың бағытын дамыту, аймақтық топонимика, топонимиканың географиялық астарларын негіздеу бағытында зерттеу жүргізу және ғылыми еңбектерді жарыққа шығару қазіргі кезде маңызды болып табылады. Оның айғағы төл мәдениетімізді және тарихи құндылықтарды зерделеу, географиялық атауларды қалпына келтіру мақсатында жүзеге асырылуда.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

<!-- [if !supportLists]-->1. Конкашбаев Г.К. Словарь казаских географических названий. Алма-Ата: Изд-во «Наука», 1963. 185 с.

<!-- [if !supportLists]-->2. Мурзаев Э.М. Местные географические термины и их роль в топонимике. // В. кн. Местные географические термины. Тезисы докладов и совещаний. М., 1996, С. 3-6.

<!-- [if !supportLists]-->3. Әбдірахманов С.Ә., Базарбаев Қ.Б., Медеу А.Р. Орысша-қазақша географиялық терминдердің сөздігі. Алматы, 2011. – 358б.

<!-- [if !supportLists]-->4. Аубакиров Ж., Казакбаев Г., Конкашбаев Г., Утемаганбетов М. Краткий русско-казахский словарь терминов физической географии. Алама-Ата, 1959. Том 1.

<!-- [if !supportLists]-->5. Географический энциклопедический словарь. М., 1988.

6. Сапаров Қ.Т. Павлодар облысының топонимикасы. Алматы: Эверо,2015-352б.

7. Қазақстан Республикасы мемлекеттік географиялық атауларының каталогы. Алматы, 2004-2010, Том 1-14.