Әдебиет теориясы бойынша терминдердің аударылуы: ізденіс, тәжірибе

Әдебиет теориясы бойынша терминдердің аударылуы: ізденіс, тәжірибе
Әдебиет – заман өзгерген сайын жаңа түр тауып, өмірдегі барлық өзгерістерді көркем түрде жеткізудің ең негізгі құралы болып отыр. Адамзат қоғамы жаңа деңгейге көтерілгенде адам жанының асқақтауы мен құлдырауы қатар жүретіні де бар. Әдебиет тек сұлулықты ғана емес өмірдегі келеңсіздікті де бейнелеп беретін өнердің ерекше түрі. Бұл туралы кезінде Аристотель адамның қызығушылығын әдемі бейнемен қатар сұрықсыз дүниелер де қызықтыратынын айтқан. Себебі, бұл – өмір. Әдебиет – өмірдің айнасы.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш рет кеңестік әдебиет теориясы қалыбынан шығып батыстық теориятанушылардың ой-пікірлерімен танысу мүмкіндігі туды. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында Джули Ривкин мен Майкл Райанның 4 томдық «Әдебиет теориясы» оқулығының аударылуы еді. Жаңа теориялық еңбек бізге не берді? Біздің әдебиетімізде бұл теорияда айтылған мәселелер бар ма?

Ғалымдардың пікірлеріне ден қойсақ. Профессор  Амантай Шәріп: «Орыс тілінде де толық қабылданған нұсқасы жоқ жаңа ұғымдар бар. Бірақ әлем әдебиеті теориясын қазақшалауды тоқтатпауымыз қажет. Әдебиет теориясы заман ағымына сай жаңаланып отыруы керек» деген пікірін қолдай отырып, қазіргі әдебиеттегі жаңа шығармаларға осындай теориялық  талдаулар жасауымыз керек. Бүгінгі күні кейбір жас ғалымдар мен әдебиеттанушылар арасында бұндай таладулар жасап жүргендер де бар. Ғылыми еңбектер де жазылып жатыр.

Профессор Айгүл Ісімақова: «Әдебиет теориясының топтамасы қазақ оқырмандарына әлемдік әдебиет теориясының жаңа зерттеу бағыттарын ұсынады. Отандық әдебиет саласында қалыптасқан кейбір түсініктерді бұзып, мүлде жаңа тұрғыдан таныстырады», - деп бұрыннан қалыптасқан  теориялық ұғымдардың қазіргі әдеби үрдіске сай жаңаша қарауды қолдайды. Заманның ағымына қарасақ, әлемдік көштен қалыспай ғалымдарымыз айтып отырғандай жаңаша талау, саралау керек-ақ. Дегенмен жаңалықты жаппай шетелдік ұғыммен қабылдасақ, онда өз сөзіміз, өз ойымызды кім айтады? Біздің ақын-жазушыларымыз жазып жатқан төл шығармалдарымызды қалай талдап, түсіндіреміз?

Әдебиеттану терминдері туралы ойымызды осы арадан терминдердің жасалу тарихына байланысты ойымызбен жалғасақ. Қазақ әдебиетінің тұңғыш теориясын жазған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» сөзсіз бұл саладағы бүкіл әдебиеттану терминдерін жасаудың болатөзегі болатыны айқын. Әдебиеттану терминдері туралы ойымызды осы арадан терминдердің жасалу тарихына байланысты ойымызбен жалғасақ. Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» сөзсіз әдебиеттану терминдерін жасауда негізгі болатөзегі болатыны айқын.

Ахмет Байтұрсынұлы жасаған терминдер қазақ ұлттық дүниетанымынан нәр алып, оқырмандарына барынша түсінікті шыққан. Мәселен, сымбаттау, кескіндеу, суреттеу, сипаттау терминдері арқылы ақынның образ жасаудағы тәсілдеріне назар аудартады. Мән берсек, қазіргі студенттеріміз осының бәрін бірақ сөзбен «бейнелеу» деп айта салады. Ал, А.Байтұсынұлынша айтсақ айырмашылықтары мен берілген образдардың алуандылығына көз жеткіземіз. Немесе, А.Байтұрсынұлында аңдату- эпилог, қорыту – пролог деп берілген. Ұлт ұстазының «Әдебиет танытқыштағы» әр термині қазақ ұғымына, қазақша ойлау жүйесіне сай берілген. Бұл туралы академик З.Қабдолов: «Қазіргі қазақ тіл біліміндегі секілді, қазақ әдебиеттануындағы әдеби терминдердің басым көпшілігінің баламаларын 13 ойлап тапқан да Ахаң: Көріктеу, меңзеу, ауыстыру, алмастыру, кейіптеу, пернелеу, әсірелеу, шендестіру, дамыту, түйдектеу ... – осылардың бәрінің түп-тамыры Ахаңда жатыр. Мұхтар Әуезовтің «Ахаң түрлеген ана тілі» дейтін әлдиінің әдебиет аясындағы бір нақты да затты көрінісі – осы». Демек, «Әдебиет танытқыштың» ең басты бағалылығы осылайша әдеби терминдерді қазақша қалыптастырғандығы», – деген еді. Олай болса қазіргі әдебиет теориясын аудару мәселесінде де барынша төл терминдерді жасауға тырысу керек.

Джули Ривкин мен Майкл Райанның «Әдебиет теориясы» оқулығындағы қазақша берілген терминдерге назар аударсақ, аудармашылар бұл үддеден шығуға тырысқанын байқаймыз.

Мысалы: Басымдық (dominant) – формализм мен лингвистикалық әдебиет сынының белгілі бір көркемдік құрал не техниканың әдеби шығармаға басымдықпен кірігетінін білдіретін термині. М.Бахтин Достоевскийде авторитарлы бір әуездің үстемдігіне ырық бермейтін көп әуезділік (полифония) басым болып келетінін айтады. Безіну (disavowal). Зигмунд Фрейдтің айтуынша, анасында пенистің болмауы ер баланы «кастрация» секілді жаңылыс түсінікке ұрындырып, уайымға түсіреді және болуы мүмкін кастрациядан фетиш нысанына ұмтылыс арқылы құтылуға деген тілегін туғызады. Бейімделу, бейімделген (adaptation, adaptive). Биологиялық эволюция барысында ағзалар генетикалық мутация арқылы қоршаған ортада тіршілігін жалғастыруға қажетті жаңа қасиеттерге ие болады. Мұндай бейімделу ағзаның жаңа жағдайға жерсінуіне мүмкіндік береді. Білік (competence) – белгілі бір тілде айтылған cөзді толық түсіну.

Еді бір топ терминдер аудармасыз берілген:

Паноптикон (panopticon). М.Фуко азаматтар мінез-құлық нормаларын үйренетін және капитализм талаптарын қалтқысыз сақтау үшін полицияның араласуын қажет етпейтін қазіргі қоғамды сипаттау үшін түрменің осындай идеал моделін қолданған.

Реификация (Жаттануды қараңыз) (reification) – жұмысшылардың бойындағы күш-қуатының еңбек арқылы капиталистерге тиесілі тауарға қалай айналатынын білдіретін марксизм термині.

Симулякр (simulacrum) – көшірме деген мағынаны білдіретін грек сөзі. Жан Бодриар қазіргі мәдениет шынайылықты образбен алмастырған, сондықтан соғыстың қасіреті мен сұмдығы адамдардың жанын ауыртып, үрей туғызбайды дегенді алға тартты.

Академик Ә.Қайдаровтың: «Егер бiз ғылымның барша жаңалықтары мен табыстарын ең алдымен адамның, халықтың игiлiгiне қажет дүние деп танысақ, бұл арадағы тiлдiң атқаратын орасан зор қызметiн де ұмытпағанымыз жөн», - деген түйінді ойына назар аудара отырып, кез келген аударма дүниеде ұлттың жаны тұратындай жасау қажет.

Қорытындылай келе жалпы алғында аударылған теориялық еңбектердің пайдасы әрине бар. Бірақ аудармада өз тілдік мүддемізді де ұмытпай, терминдердің төлтумалық қасиетін сақтаған жөн деп санаймын.

Әдебиет терминдері бойынша ұсыныс:

Әдебиет заманына сай жаңа даму деңгейлеріне көтерілген сайын ондағы теориялық ұғымдар да жаңарып, жаңа әдебиетті түсіндіру барысында жаңа терминдер қалыптасады. Сондықтан бұрынғы жасалған әдебиеттану терминдерін («Әдебиеттану терминдер сөздігі», З.Ахметов, Т.Шаңбаев) толықтыру, жетілдіру мақсатында әдебиеттану терминдері сөздігін жоба ретінде ұсынып, жасап шығу керек.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Ахмет Байтұрсынұлы, Ақжол: Өлеңдер мен тәржімелер, аубл. Мақалалар, және әдеби зерттеу/ Құраст. Р.Нұрғалиев. –Алматы: Жалын, 1991. -464 бет.
  2. Байтұрсынұлы Ахмет Алты томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Ел-шежіре», – 2013. Т. І: –384 б.
  3. Әдебиеттану терминдер сөздігі З.Ахметов, Т.Шаңбаев Алматы: «Ана тілі» баспасы, 1998. - 384 б.
  4. Есембеков Т.О. Көркем мәтін теориясы: оқу құралы, – Алматы: Қазақ университеті, 2015. – 186 б.
  5. Ривкин Д.,Райан М. Әдебиет теориясы: Антология: 2-том / ауд. А.Исембердиева, Н.Құдайберген, Ә.Құранбек [ж.т.б.]; «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры.- Алматы, 2019.- 372 б.