Терминдерді тіл жүйесіне бағындыру керек

Терминдерді тіл жүйесіне бағындыру керек
Үнді мен қатаңнан басқа дыбыс тіркесі (қатаң мен қатаң, үнді мен үнді, қатаң мен үнді, ұяң мен ұяң т.с.с.) қазақ тіліне жат. Сондықтан шеттілден енген сөздердегі жат қолданыстарды қазақ тілінің заңдылығына бейімдеу керек.

Үнді мен қатаңнан басқа дыбыс тіркесі (қатаң мен қатаң, үнді мен үнді, қатаң мен үнді, ұяң мен ұяң т.с.с.) қазақ тіліне жат. Сондықтан шеттілден енген сөздердегі жат қолданыстарды қазақ тілінің заңдылығына бейімдеу керек. Екі қатаң дауыссызға біткен сөздерді таңбалаудың өзіндік ұстанымдары бар:

А) сс, лл, тт, пп, ст, кст, сть, зд, кк, вт дыбыстарына біткен есім сөздердің соңғы әріптері түсіріліп жазылуы керек: турист емес, турис, фантаст емес, фантас, грамм емес, грам т.с.с. А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров т.с.с. ғалымдардың еңбектерінде термин сөздердің тұлғасын қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес дұрыс жазуда қосымша жалғап тексеру әдісі қолданылған. Ол әдісті қазіргі кезде де пайдалануға болады. сс, лл, тт, пп, ст, кст, сть, зд, кк, вт дыбыстарына біткен есім сөздерге қосымша жалғанғанда да соңғы әріптері түсіп қалады: кросс – кросқа, кросы, класс – класқа, кластар, класы, металл – металды, металы, грамм – грамға, грамдық, грамы, киловатт – киловатта, грипп – грипі, съезд – съезге, съезі, ведомость – ведомосқа, фармацевт – фармацевке, сондай-ақ трест – треске, тресі; турист – туриске, турисі; утопист утописке, утописі; фантаст фантасқа, фантасы; фонетист фонетиске, фонетисі; форпост форпосқа, форпосы; футурист футуриске, футурисі; чекист чекиске, чекисі; экономист – экономиске, экономисі; юрист – юриске, юрисі, т.с.с. Соған байланысты бұл сөздердің түбірін жалғыз дауыссызбен беруге болады. Яғни съезд, подъезд, разъезд, т.с.с. сөздердегі д әрпін түсіріп жазу керек. Қазіргі кезде поезд сөзі пойыз түрінде жазылып жүр (ХХ ғасырдың басында да солай жазылған). Сол себепті ереженің 42-параграфындағы «ст, сть, зд дыбыстар тіркесіне біткен сөздер түбір күйінде ешбір өзгеріссіз жазылады да оларға қосымшалар жалғанғанда түбірдегі соңғы дауыссыз түсіріліп жазылады. Мысалы: трест – трес-тің, трес-іне; ведомостьведомос-қа, ведомос-ы; съездсъез-ге, съез-і-нің; социалист – социалиске, социалистік» түріндегі қағида қазақ тілінің жүйесіне сәйкес келмейді. Бұл ереже сөздердің орыс тіліндегі тұрпаты негізге алынып, тілдегі заңдылықтарды ескермеуден туғандығы байқалады.

Орфографиялық сөздікте ст дыбыстарына біткен есім сөздерге қосымша екі түрлі жалғанған:

А) сөздің соңындағы т дыбысы түсірілген (активист, активиске, активисі, активистер; анапест, анапеске, анапесі, анапестер; анархист, анархиске, анархисі, анархистер; асбест, асбеске, асбесі, асбестер; астронавт, астронавқа, астронавы, астронавтар; авантюрист, авантюриске; авантюрисі, авантюристер; автотурист, автотуриске, автотурисі, автотуристер; активист, активиске, активисі, активистер; альпинист, алышниске, альпинисі, альпинистер; аметист, аметиске, аметисі, аметистер; аминопласт, аминопласқа, аминопласы, аминопластар, т.т.); енді бірде екі дауыссыздың арасына ы дыбысы дәнекер ретінде қыстырылған (пост, постыға, постысы; форпост (әск.), форпостыға, форпостысы).  Алайда бір ғана пост сөзі үшін бөлек ереже шығарудың қажеті жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы «керегіне қарап, екеуін де тұтыну керек, мынау сөзді мынадай, анау сөзді анадай етіп жазайық», – деп сөз басына ереже жасаушыларды сынап, сөз басына ереже  жасайтын болсақ, ондай емле қолайлы, оңай емле болмайтынын айтқан еді (Емле туралы // Еңбекші қазақ. 1929, 27 наурыз). Ғалымның бұл ұстанымын басшылыққа алуымыз қажет.

Шеттен енген сөздің ішінде бір дауыссыз қайталанып келген жағдайда да олардың бірін қысқартуға болады. Ондай сөздер де  орфографиялық сөздікте көп: габбро (геол.), габбро-амфиболит, габбро-диабаз (геол.), габброидтену, габбролық, габбро-пегматит (геол.), габбро-порфирит (геол.), андеррайтер (экон.), артиллерия, артиллериялық, апперцепция (пед.), аппликата (мат.), аппликация, асимметрия, ватт-метр, ватт-сағат, атолл (геогр.),  менингококк, плеврококк, полиметалл, стрептококк, ватт, ватт-метр, ватт-сағат, ватт-секунд, гектоватт, гектоватт-сағат,  киловатт, киловатт-сағат, киловольт, кинобюллетень, хетт, хлорофилл (бот.), грамм, грамматика (лингв.), грамм-атом, граммема (лингв.), грамм-моль (хим.), граммофон, грамм-эквивалент (хим.), гроссмейстер (спорт.), дециграмм, параллелепипед, параллелограмм, параллель, параллельдік, параллелизм, т.т.

Ә) ск, кт, фт дыбыстарына біткен сөздердің соңына ы, і дәнекер дыбыстарын қосылып жазылуы керек.  Себебі ол сөздерге қосымша ы, і дәнекер дыбыстары (әріптері) арқылы жалғанады: объект+і+ге, объект+і+сі, киоск+і+ге, киоск+і+сі, киоск+і+лер, Омск+і+ден, Омск+і+ге, лифт+і+мен, факт+і+сі, факт+і+лер, рецепт+і+нің, рецепт+ті+ге, манускрипт+і+ге, моллюск+і+ге, пакт+і+ні, такт+і+ні, тракт+і+ге, факт+і+сі, перфект+і+ні, интеллект+і+ге, инстинкт+і+ні, рецепт+і+ге, эвкалипт+і+нің, т.с.с. Орфографиялық сөздікте акцепт, акцептіге, акцептісі; манускрипт, манускриптіге, манускриптісі; рецепт, рецептіге, рецептісі; субъект, субъектіге, субъектісі; такт, тактіге, тактісі; тракт, трактіге, трактісі; факт, фактіге, фактісі; абстракт, абстрактіге, абстрактісі; акт, актіге, актісі; антракт, антрактіге, антрактісі; бейнедиск (бейнетабақ), бейнедискіге, бейнедискісі; ландшафт, ландшафтыға, ландшафтысы; лифт, лифтіге, лифтісі, т.с.с. түрде берілген сөздердің түбір қалпын ы, і дәнекер дыбыстарымен бірге жазу керек (акцепті, манускрипті, рецепті, субъекті, факті, абстракті, әкті, антракті, ландшафты, лифті, т.с.с.).

Б) кс, пс, тр, вр, гл, гль дыбыстарына біткен сөздерді таңбалауда соңғы қатаң дауыссыздардың арасына дәнекер дыбыс кірігуі керек. Орфографиялық сөздікте бокс, аппендикс, аффикс, антиапекс (астр.), археоптерикс (зоол.), бифштекс, индекс, кальцекс, кекс, кодекс, кокс, ортодокс, парадокс, рефлекс, суффикс, гипс, вахмистр (тар., әск.), кегль, вахмистр, гектолитр, гектометр, децилитр, дециметр, гектолитр, гектометр, гелиометр (тех.), динозавр, бакалавр, ихтиозавр, кентавр, манёвр, палеозавр, алебастр, амфитеатр, анемометр, арбитр, арифмометр, аэромагнитометр, барометр, бу-электр, вице-министр, вольтметр, канистр, кинотеатр, магистр, метр, оркестр, параметр, педиатр, ротмистр, сантиметр, семестр, спектр, театр, титр, фильтр, штаб-ротмистр, т.т. түрде беріліп жүрген сөздер  сол заңдылыққа бағындырылуы тиіс.

Қазақ тілінде үнді мен қатаң тіркескенмен, керісінше, қатаң мен үнді қатар келе алмайды. Сондықтан шеттен енген сөздердегі тр-ға біткен сөздерде т мен р арасына ы, і дыбыстарын кіргізу керек: тыйатыр, метір т.б. ХХ ғасырдың басындағы сөздіктерде тіліміздің осы ерекшелігі қатаң сақталған: метр – метір; электр – електір; милиметр – меліметір; министр – міністір; оркестр — әркестр; спектрометр — іспектір метір; термометр — термеметір; амперметр – әмпірметір (електір ағынының күшін көрсететін аспап), т.с.с.

Орфографиялық сөздікте электр сөзімен тіркескен сөздер көбінесе біріккен сөз ретінде берілген. Сонда сөздің ортасында 3-4 дауыссыз қатар келген боп шығады. Бұл да қазақ тіліндегі жүйеге қайшы. Мысалы: электрара, электраспап, электрбұрғы, электрдәнекерлеу, электрдиализ, электрдиірмен, электреттер, электржөндеуші, электресептеуіш, электркорунд (хим.), электрқозғалтқыш, электрқыздырғы, электрқырықтық, электрөткізгіш, электрпеш, электрпойыз,  электрсайман, электрстансы, электрстатика, т.с.с. Дұрысында, мұндай қолданыстар анықтауыштық қатынастан ажырай қоймаған. Сондықтан бірге жазуға келмейді. Бұл орайда академик Р.Сыздықованың төмендегі тұжырымдарын басшылыққа алу керек: «Екі зат есім қатар айтылып, бір ғана затты атап, алдыңғысы соңғысының тегін (неден жасалғанын), неге арналғанын, немен жұмыс істейтінін және өзгелерінен ажыратылатын белгілерін білдірсе, олар бір-бірінен бөлек жазылады. Мысалы: ағаш шот (ағаштан жасалған шот), ат қора (атқа арналған қора), жел диірмен (желмен жұмыс істейтін диірмен), жол азық (жолда жеуге арналған азық), май шам (маймен жанатын шам), шай қасық (шай ішкенде жұмсалатын қасық), кір сабын (кір жууға арналған сабын), ат арба (ат жегілген арба), сары май (сары түсті май), бет орамал (бет сүртуге арналған орамал), т.б.».

Шет тілден енген,  енг, инг, онг дыбыс тіркесімдеріне біткен сөздердің соңындағы нг дыбысының орнына қазақ тіліндегі ң дыбысын таңбалауға болады: автопаркинг, агрохолдинг, аутбридинг, аутсорсинг, банкинг, бизнес-рейтинг, бизнес-тренинг, боулинг, брифинг, викинг, демпинг, допинг, импритинг, инбридинг, инжиниринг, карлинг, картинг, кастинг, кикбоксинг, кинг, клиринг, консалтинг, контроллинг, лизинг, маркетинг, митинг, мониторинг, пейджинг, порцинг, рейтинг, роуминг, ринг, семинар-тренинг, серфинг, скрининг, смокинг, спарринг, стайлинг, стерлинг, тренинг, фандрайзинг, франчайзинг, холдинг, хостинг, лозунг, бумеранг, ранг, фланг, сленг, гонг, дифтонг, полидифтонг  т.с.с. Себебі түпнұсқада нг дыбыс тіркесі емес, ң дыбысы. Ол транскрипциядан да анық көрінеді: сленг – slæŋ, дифтонг  – ˈdɪf.θɒŋ, паркинг  –  ˈpɑː.kɪŋ, холдинг  –  ˈhəʊl.dɪŋ, банкинг  –  ˈbæŋ.kɪŋ, рейтинг  –  ˈreɪ.tɪŋ, тренинг  – ˈtreɪnɪŋ, боулинг  – ˈbəʊ.lɪŋ, брифинг  –  ˈbriː.fɪŋ, маркетинг  – ˈmɑːkɪtɪŋ т.с.с. Алайда орыс тілінде ң дыбысы болмағандықтан, нг тіркесімен берілген. Бұл сөздерді делдал тілдегі өзгеріске түскен қалпында емес, түпнұсқадағы қалпына жақын етіп алуға болады. 

Орфографиялық сөздіктің соңындағы ережеде (§ 35) сөздің соңы нг дауыссыздар тіркесіне біткен сөздерге қосымшаның әрдайым жіңішке жалғанатыны туралы айтылған да соған сәйкес жазылған: акваланг, аквалангіге, аквалангісі; армресслинг, армресслингіге, армресслингісі; брифинг, брифингіге, брифингісі; бумеранг, бумерангіге, бумерангісі; дифтонг, дифтонгіге, дифтонгісі; блюминг, блюмингіге, блюмингісі; браунинг, браунингіге, браунингісі; брифинг, брифингіге, брифингісі; демпинг, демпингіге, демпингісі; инжиниринг, инжинирингіге, инжинирингісі; картинг, картингіге, картингісі; лизинг, лизингіге, лизингісі; макромаркетинг, макромаркетингіге, макромаркетингісі; микромаркетинг, микромаркетингіге, микромаркетингісі; митинг, митингіге, митингісі; мониторинг, мониторингіге, мониторингісі; мустанг, мустангіге, мустангісі, орангутанг, орангутангіге, орангутангісі; пеленг, пеленгіге, пеленгісі; прессинг, прессингіге, прессингісі; пудинг, пудингіге, пудингісі; ранг, рангіге, рангісі; рейтинг, рейтингіге, рейтингісі; ринг, рингіге, рингісі; спиннинг, спиннингіге,спиннингісі; стерлинг, стерлингіге, стерлингісі; тренинг, тренингіге, тренингісі; холдинг, холдингіге, холдингісі, т.с.с. Бұл ережені жоққа шығарып, нг дыбыс тіркесіне біткен сөздердің соңын ң әрпімен таңбалап, қосымшаны ешқандай дәнекер дыбыссыз, түбірдің жуан-жіңішкелігіне қарай өзгертіп (әрдайым жіңішке жалғамай) жазу қажет: аквалаңға, аквалаңы; бумераңға, бумераңы; мустаңға, мустаңы; пудиңге, пудиңі; т.с.с.  <!-- [if !supportLists]-->Шет тілден енген сөздердің бастапқы буындары езулік, соңғы буыны еріндік болып келген сөздерде (екпін түспесе) еріндікті бастапқы буындарға ауыстырып не мүлде жойып, езулікке айналдырып жазу керек: автор – аптыр, директор – деректір, корректор – кәректір т.б.

Сөздікте автоинспектор, редактор, администратор, экскаватор, аккумулятор, акселератор, аллигатор (зоол.), амортизатор, анализатор (биол.), архитектор, аудитор, бейнеадаптор (инф.), вектор, векторлық, генерал-губернатор, детектор, дефлектор, диктор, трактор, иллюминатор, император, императорлық, ингалятор, индикатор, инкассатор, инквизитор, инкубатор, инспектор, инспекторлық, калькулятор, карбюратор, катализатор, катализаторлық, классификатор, коллектор, комментатор, компенсатор, композитор, композиторлық, конденсатор, консерватор, консерваторлық, конспиратор, корректор, локатор, мәтіндік редактор (инф.), механизатор, механизаторлық, модератор, мультипликатор, оператор, ординатор (мед.), ординаторлық, осциллятор (физ.), перфоратор, прожектор (тех.), проректор, радиолокатор, радиопрожектор, регенератор (физ.), резонатор, ректор, рефлектор, рефлекторлық, рецептор, риэлтор, риэлторлық, сенатор, тотализатор, транзистор, трансформатор, эксикатор (ыдыс), экскаватор (тех.), экскаваторшы, элеватор, эмульгатор түрінде берілген атауларды осы заңдылыққа бағындыруға болады.

<!-- [if !supportLists]-->Шеттен енген сөздердің соңындағы а дыбысы түсіріліп жазылуы керек: аптека – аптек, фабрика – пабірік, награда – награт, гитара – гитар, глюкоза – глюкоз, морфема – морфем, фонема – фонем, т.б.

Сөздіктің соңында берілген ережеде редактор: «...Орыс тілінен енген бірқатар кірме сөздер, әсіресе тұрмыс-салтқа қатысты зат, бұйым атаулары ерте кездерден дыбысталуы қазақша қалыптасқан түрінде жазылады. Мысалы: жәшік, бәтеңке, сіріңке, божы, бөкебай, бөшке, қалаш, шөген, кір (гиря), келі (кило), сот, болыс, облыс, зауыт, тауар (бұл түркі тілдерінің өз сөзі). Соңғы дауысты дыбысын түсіріп қалыптасқан газет, минут, гранат, цифр, координат сияқты он шақты сөзден басқа кірме сөздерде соңғы а дыбысы түсірілмей қолданылады және солай жазылады: оптика, кантата, капсула, тирада», – деп жазған. Соған байланысты гитара, морфема (лингв.), морфонема, фонема, голограмма, глюкоза, гемангиома (мед.), гематома (мед.), гемограмма (мед.), гемолимфа (биол.), графема (лингв.), датаграмма (инф.), граммема (лингв.), вискоза, силитра, камфора, т.с.с. түрде жазылған. Дұрысында, бұл атауларды жоғарыдағы қағидаға сәйкес бейімдеуге әбден болады.

Екпін түспеген сөздің соңында қарқын азаятындықтан, ХХ ғасырдың басындағы сөздіктер мен оқулықтарда жер-су атауларындағы соңғы а дыбысы үндесіміне қарай ы, і болып өзгертіліп жазылған: Европа – Жаурыпы, Африка – Әпрікі, Азия – Әзійе, т.б. Осыған сәйкес орфографиялық сөздікте бомба; бомбалану, бомбаланбау, бомбаланған; бомбалату, бомбалау, бомбалаушы, бомбалаушы авиация; бомбалы, бомбапана; доллар, доллар аймағы; долларлы; долларлық; долларшыл; касса; кассалық; т.с.с. түрде жазылып жүрген сөздерді бомбы, кассы, доллыр түрінде соңғы буынды қысаң дауыстылармен беруге болады.

Сөздіктегі «§18. Орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы, негізінен, орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылады. Мысалы: вагон, паровоз, гидрология, биология, комитет, агроном, агротехника, педагог, медицина, спорт, хирург, конституция, клуб, кино, радио, адвокат, планета, молекула, бюджет, банк, транш» деген қағидадан бас тартып, қазақ тілінің табиғатын, тілдегі жүйені ескеруіміз қажет. Қазақ тіліндегі дыбыс тіркесін, үндестік заңын сақтауға тырысу керек. Бұл орайда алаш зиялыларының еңбектеріндегі термин сөздердің игерілуі негізгі дереккөз бола алады: аттестат – атыстат (куәлік); ацетилен – әсетілен (көмірден алынатын түссіз ғаз); гарнец – гәрніс; гиря  –  кір (ауырлық өлшеуіш); гитара  – гитар (күй-сауық құралы); магистраль  – мағыстрал (ұлы сызық); спектрометр — іспектір метір; спектроскоп — іспектірескеп; термометр — термеметір; амперметр – әмпірметір (електр ағынының күшін көрсететін аспап); ампир – әмпір (сәулет үлгісі); ареометр – әреметр (сұйық нәрсенің салмағы, тығыздығын айыратын аспап); фасфор – пoспыр; никель  – некел; бактерия  – бәктерійе; бром  – бұрoм; бертолетовая соль  – бертелет тұзы; эфир  – епір; этилен  – етілен; ацетилен –  әсетілен; алюминий  – әліумін; сода  – сoды; фосфор  – пoспыр; парафин  – парапын; мрамор  – мәрмәр; марганец  – марған; кокс  – көкіс; калий  – кәлій; газ  – ғаз; гипс  – гійпіс; т.с.с.

Шеттен енген бейүндес сөздерді барынша қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне сәйкестендіру қажет. Алаш зиялылары шеттен енген сөздерді қазақ тіліне бейімдегенде жаттығы сезілмейтіндей деңгейге жеткізу керектігін айтқан болатын. Алайда сөздік құрастырушылар қазақ тілінің негізгі заңы – дыбыс үндестігіне мән бермеген. Сол себепті қазақ тілінің заңдылықтарына бейімдеуге оп-оңай көніп тұрған сөздер бірнеше нұсқада берілген. Мысалы, жәдігөй; жәдігөйлену, жәдігөйленбеу, жәдігөйленген; жәдігөйлік, жәдігөйлігі түрінде қазақ тілінің заңдылықтарына бейімдеуге келетін сөзді бейүндес нұсқада да берудің қаншалық қажеті болды? Қазақ тіліндегі үндесім заңына қайшы келетін жадыгөй; жадыгөйлену, жадыгөйленбеу, жадыгөйленген; жадыгөйлік, жадыгөйлігі; жадыгөйсу, жадыгөйсі, жадыгөйсиді нұсқасын сөзінің икемделген жіңішке дыбыстардан құралған нұсқасын қалдырып, бейүндес түрін қолданыстан шығару керек. Сол сияқты дыбыстардың тіркесім заңына сәйкес қазақ тілінің заңдылығына толық ыңғайлана алатын әрі көпшілік қолданып жүрген әртіс сөзі тұрғанда оның түпнұсқаға жақын, тіліміздің заңдылығын бұзып тұрған (сөздің соңында екі қатаң дауыссыздың қатар келуі) артист, артиске, артисі нұсқасын сөзтізбеде арнайы берудің қажеті қанша?

Сөздік құрастырушылар қазақ тілінің заңдылықтарын белшеден басып, бір сөздің бойында үш дауысты и әрпін қатар қолданатын тұстары да бар: гагарииит (хим.). Қазақ тілінің өзіндік ерекшелігі бойынша, үш дауысты қатар келе алмайды. Сөздік құрастырушылар қазақ тілінің табиғатына, дыбыстық заңдылықтарына икемдеместен, бірнеше дауыссыз қатар келетін терминдерді енгізе берген: габбро (геол.); габбро-амфиболит, габбро-диабаз (геол.); габброидтену, габбролық, габбро-пегматит (геол.); габбро-порфирит (геол.); аффект, аффикс, аффикстік, аффинаж (тех.), аффинаждау (тех.), аффинаттау (тех.), аффинация (тех.), аффрикат, баббит, багги (спорт), вакуум, вакуумдау, вакуумдық, вакуумөлшеуіш, глоссарий, грамм, грамматика (лингв.), грамматикалық, грамм-атом, грамм-моль (хим.), граммофон, грамм-эквивалент (хим.), дифференциал, дифференциалдау, дифференциалды, дифференциалдық, дифференциация, диффузия, диффузиялық, диффузор (тех.), т.т.

Сөздік құрастырушылар басқа тілдерде қос сөз ретінде беріліп жүрген бірліктерді қазақ тілінде де тұлғасын өзгертпей берген. Бұл орайда тіліміздің өзіндік ерекшелігін ескергеніміз жөн. Осыған байланысты сөздікте веб-сайт (инф.); веб-құрамдас (инф.); веб-торап (инф.), веб-торабы; гамма-тәсілдер; гамма-глобулин, гамма-глобулинге, гамма-глобулині; гамма-қондырғы; гамма-сәуле; гамма-спектрометр, гамма-спектрометрге, гамма-спектрометрі; гамма-функция; дата-вексель (экон.); стоп-кран, стоп-кранға; т.с.с. сөздерді қазақ тілінің табиғатына сай жазып, баламасын табуға тырысуымыз қажет. Кезінде шет тілден енген біріккен сөздер бір сыңарын аударылып не екі сыңары да аударылмай да қолданылғанымен, қос сөздерде ол дұрыс бола бермейді. Мәселен, орыс тілінде член-корреспондент,  стоп-кран, т.с.с. қос сөздердің қазақ тіліндегі баламасы корреспондент-мүше,   тежегіш кран, т.с.с. болады. Яғни құрамындағы сөздердің орындары ауысып, тіркеске айналады.

Сөздік құрастырушылар орыс сөздеріне қосымша жалғанған кезде қалай өзгеретінін көрсетуде қандай норманы басшылыққа алғанын түсіну мүмкін емес. Себебі нақты бір ұстанымды басшылыққа алынбаған. Сөзіміз дәлелді болуы үшін сөздіктен мысал келтірейік.

-ог/-уг, -ок/-ук буынына біткен сөздерге қосымшаның жалғануы: 

агробиолог, агробиологке, агробиологі

аллерголог, аллергологке, аллергологі

альвеококк (мед.),альвеококқа, альвеокогы

альпениток, альпенитокке, альпенитогі

анестезиолог, анестезиологке, анестезиологі

антрополог, антропологке, антропологі

археолог, археологке, археологі

астролог, астрологке, астрологі, астрологтер

бактериолог, бактериологке, бактериологі

биолог, биологке, биологі

блок, блокқа, блогы

бук (бот.),букқа, бугы

бульдог, бульдогке, бульдогі

венеролог, венерологке, венерологі

вирусолог, вирусологке, вирусологі

геолог, геологке, геологі

герцог (тар.), герцогке, герцогі

гистолог, гистологке, гистологі

йог, йогқа, йогы

каучук, каучукқа, каучугы

кубок, кубокқа, кубогы

бамбук, бамбукке, бамбугі

ноутбук, ноутбукқа, ноутбугы

пролог, прологке, прологі

психолог, психологке, психологі

сейсмолог, сейсмологке, сейсмологі

станок, станокқа, станогы

стоматолог, стоматологке, стоматологі

текстолог, текстологке, текстологі

филолог, филологке, филологі

эмбриолог (биол.), эмбриологке, эмбрилогі

Сөздікте педагог сөзіне қосымшаның қалай жалғанатыны берілмеген екен. Бұл – жиі қолданылатын сөздің бірі. Сондықтан не себепті берілмегені түсініксіз. Сөздіктің ұстанымы дұрыс болса, жазармандардың өзі норманы түсініп, сөз басына кітапқа қарай бермей, өздері нақты ұстанымға сәйкес жаза беруі керек. Алайда орфографиялық сөздікке қарап, ондай ұстанымды, норманы анықтау мүмкін емес.  Модель бір болғанмен, қосымша бірде жуан, бірде жіңішке берілген. Қай кезде жуан не жіңішке болатыны түсініксіз. Сол педагог сөзіне қосымшаның қалай жалғанатынын қарапайым оқушы қалай анықтауы керек? Орфографиялық сөздіктің соңындағы «Қазақ тілінің негізгі емле ережелеріне» сүйенсек: «§34. Қосымшалар сөздің соңғы буынындағы дауысты дыбыстың әуеніне қарай буын үндестігі бойынша я жуан, я жіңішке болып жазылады. Мысалы: жұмыс-шы-лар-дың, инсти-тут-тар, пле-нум-да, бюлле-тень-дер, мұға-лім-ге, по-ляк-тар», – делінген (Орфографиялық сөздік. 6-басылуы. Алматы: Дәуір, 2013. - 715-б.). Осы ережені басшылыққа алып әрі -ог/-уг, -ок/-ук буынына біткен йог, блок, бук, каучук, бамбук, ноутбук, т.с.с. сөздерінің жазылуын басшылыққа алып, педагогқа түрінде жазбақ болсаң, анестезиолог, антрополог, археолог, астролог, бактериолог, биолог, т.б. сөздерге қосымша жіңішке жалғанған. Байқап отырғанымыздай, -ог/-уг, -ок/-ук буынына біткен сөздердің көбіне қосымша жіңішке жалғанған. Ал айтылуда прологке, психологке, сейсмологке, стоматологке, текстологке, филологке, эмбриологке, т.с.с. түрінде айтылмайды ғой. Сонда сөздік құрастырушылар нені басшылыққа алған? Әр сөздің қалай жазылатынын сөздікке қарап отыруға барлық жазарманның шыдамы жете ме? Сөздіктен таба алмай қалған жағдайда қалай жазуы керек?


Келтірілген терминдердің толық бейімделген тұрпатын көрсетуді мақсат етпей, осындай дыбыс тіркестерімен келген жағдайда сөздің соңы қалай өзгеретіні ғана көрсетіліп отыр. – авторлар