КЕЙБІР ТЕРМИНДЕРДІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ МӘСЕЛЕСІ

КЕЙБІР ТЕРМИНДЕРДІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ МӘСЕЛЕСІ
Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін 1997 жылғы 11 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңы қабылданып, сан ғасырлық тарихы бар қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Ал 1998 жылғы 21 сәуірде «Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясы туралы» қаулы қабылданып, қазақ терминологиясы дамудың жаңа белесіне өтіп, ұлттық терминология мәселесіне аса мән беріле бастады. Еліміздің технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамуы терминдерді қалыптастыруға тың серпін беріп, жаңа ұғымдар, жаңа терминдер пайда болды. Көбіне орыс тiлiнен енген терминологиялық атаулар қазақ тiлiне мүмкiндiгiнше аударылып, аударуға келмейтiн сөздердің мағынасы сақталып, грамматикалық тұлға жағынан қазақ тілiнiң ерекшелiктерiне бейiмделіп пайдаланылды, сондай-ақ тілімізде бар байырғы лексика негізге алынып та терминдер жасалды. Орыс тілі арқылы тілімізге енген дүние жүзіндегі тілдердің көпшілігіне ортақ кейбір терминдер орыс тіліндегі қалпы сақталып алынды.

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін 1997 жылғы 11 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңы қабылданып, сан ғасырлық тарихы бар қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Ал 1998 жылғы 21 сәуірде «Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясы туралы» қаулы қабылданып, қазақ терминологиясы дамудың жаңа белесіне өтіп, ұлттық терминология мәселесіне аса мән беріле бастады. Еліміздің технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамуы терминдерді қалыптастыруға тың серпін беріп, жаңа ұғымдар, жаңа терминдер пайда болды. Көбіне орыс тiлiнен енген терминологиялық атаулар қазақ тiлiне мүмкiндiгiнше аударылып, аударуға келмейтiн сөздердің мағынасы сақталып, грамматикалық тұлға жағынан қазақ тілiнiң ерекшелiктерiне бейiмделіп пайдаланылды, сондай-ақ тілімізде бар байырғы лексика негізге алынып та терминдер жасалды. Орыс тілі арқылы тілімізге енген дүние жүзіндегі тілдердің көпшілігіне ортақ кейбір терминдер орыс тіліндегі қалпы сақталып алынды.

Жалпы терминология үздіксіз дамып отыратын сала. Толассыз туындап жатқан терминологиялық ұғымдарға қазақ тіліндегі баламасы беріліп, қазақ лексикологиясы жаңа терминдермен толығып отырады. Бірі сөздік қорымызға тез сіңісіп, біте қайнасып кетсе, енді бірі қолданыс таппай, тілімізде тұрақтай алмай, пайдаланудан шығып қалып жатады. Мысалға: брокер – делдал                  (1993 ж.), саммит – бас қосу (1995 ж.), монополист – алпауыт (2000 ж.), диета – емдем (1995 ж.), акт – кесім (2000 ж.), штраф – айып (2000 ж.), инвентарь – мұқаммал (2000 ж.), коррупция – құнпарлық (2000 ж.),  препарат (хим.) – зерттелгі (2006 ж.), кредитор – кредиттеуші (2000 ж.), резервуар  - әуіт деп бекітіліп, кейінгі жылдары қайта қаралып, акт – акт, диета – диета, штраф – айыппұл, коррупция – сыбайлас жемқорлық деп қайта бекітілген екен. Ал «досье» термині 2016 жылы «деректеме» деп бекітілген, алайда заңнамалық актілерде сәтті шыққан «дерекнама» баламасы қолданылады. Жоғарыда мысал келтірілген терминдердің ішіндегі «резервуар» терминіне балама болған, жергілікті жерде қолданылатын көне атау «әуіт» - су сақтайтын жерден қазылған шұңқыр [1, 94-бет], ал резервуар - сұйық заттар мен газдарды сақтайтын үлкен ыдыс [1, 689-бет] дегенді білдіреді. Сондықтан болар, бұл термин қайта қаралып, «резервуар» деп бекітілген екен.

Ғылым мен техниканың алуан түрі саласында қолданылатын терминдер белгілі бір ғылыми негіздерге сүйеніп жасалады. Ғылыми білімнің артуы терминге негіз болатын ұғымдарды басқаша түсінуге алып келеді, демек «ескі» терминдер революциялық дамуының арқасында жаңа мазмұнға ие болады. Терминдер кезінде сөздің ұғымын бере алғанымен, атқаратын функцияларының өзгеруіне байланысты кейбірін қайта қарап, үнемі жүйелеп, ретке келтіріп отыру қажет. Өйткені кейбір терминдер қазіргі мазмұнын толық аша алмайды, солай біршамасы нормативтік құқықтық актілерде де қолданылып жүр. Солардың бірі пошта саласында қолданылатын «посылка» термині. 2005 жылы терминология комиссиясы «посылка» терминін «сауқат» деп бекітіп, терминдер жинағына енгізген. «Сауқат» терминіне қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «сауқат - бір жақтан заттай жіберілген сәлемдеме» [1, 716-бет], С.И. Ожеговтің түсіндірме сөздігінде «посылка  - вещь, посланная в упаковке» деп анықтама беріледі [2, 401-бет].

Ал «Пошта туралы» 2016 жылғы 9 сәуірдегі Қазақстан Республикасының                    № 498-V Заңында: «посылка – регистрируемое почтовое отправление с вещами, предметами и товарами, размеры, масса и упаковка которого предусмотрены в соответствии с правилами предоставления услуг почтовой связи» деп, тиісінше қазақша нұсқасында бұл ұғымға: «жіберілім – мөлшері, массасы және буып-түю тәсілі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес көзделген, нәрселер, заттар мен тауарлар салынған тіркелетін пошта жөнелтiлімі» деп анықтама беріледі. Байқағанымыздай, аталған Заңда «посылка» сөзі «жіберілім» деп қолданылады. Осы тұста айта кетерлік жайт, терминология комиссиясының 2005 жылғы отырысында «рассылка» термині «жіберілім» деп бекітілген.

Пошта терминдерінің және пошта қызметтері саласында қолданылатын сөз тіркестерінің қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздігінде: посылка - сәлемдеме, сауқат, сәлем-сауқат [3, 861-бет]. Осы орайда «сәлем-сауқат» сөзі «передача» терминіне жақсы балама болатынын айта кету керек. Мәселен: принести больному передачу — ауруға сәлем-сауқат әкелу.

Ал еліміздің Ұлттық пошта операторы болып табылатын «Қазпошта» акционерлік қоғамында (бұдан әрі – Қазпошта) қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «біреу арқылы беріп жіберген сыбаға, сәлем-сауқат» деп анықтама берілген [1, 719-бет] «сәлемдеме» сөзі қолданылады. Еңбекті ұйымдастыру мен өнімділікті арттыру мақсатында жаңа бизнес-модельдер енгізіліп, жаңа форматта ашылған, өзіне-өзі қызмет көрсету қағидаты бойынша жұмыс істейтін Қазпошта супермаркеттерінің (супермаркет посылок) маңдайшасына да бақандай етіп «сәлемдемелер супермаркеті» деп жазылған. Аталған супермаркетте сіз көп уақыт жұмсамай, пошта арқылы зат жібере аласыз немесе сізге жіберген затты ала аласыз. Ол туыстарыңыз беріп жіберген сыйлық болуы мүмкін не болмаса өзіңіз интернет желісі арқылы тапсырыс беріп, сатып алған зат болуы мүмкін. Мұнда көпшілігі, интернет арқылы тапсырыс берген заттарын алып жатады. Енді мынаған қараңыз, сіздің өзіңіз сатып алған зат қалай сәлемдеме болады? Кезінде бұл ұғымға осы атау сәйкес келгенмен, ғылым мен техниканың дамуына байланысты ұғымы кеңейген терминге аталған атау дәл балама бола алмайтыны және терминге қойылатын талаптардың бірі мағына дәлдігі болса, терминология комиссиясы мақұлдамаған, пошта саласында жатық сөз ретінде қолданылып жүрген «сәлемдеме» сөзі терминнің дефинициясын нақты әрі толық бере алмайтыны анық.

Сондай-ақ, пошта саласында «жөнелтілім» (отправление) деген термин де бар. Орысша-қазақша сөздікке сүйенсек: Отправление. 1. (әрекет) жүру, кету, жіберу, жіберілу; ~е поезда поездың жүруі; 2. (почтовое) жөнелтілім жіберу. [4, 587-бет]. Қазақ тілінде белгілі бір грамматикалық мағына үстейтін, етістіктен зат есім тудыратын жұрнақтар арқылы заттанып, синтетикалық тәсілмен жасалған жіберілім (посылка) мен жөнелтілім (отправление) термині қазақ тілінде сөйлемде қатар келсе жаңылыстық тудырады. Өйткені бұл сөздер айтылуы әртүрлі, бірақ мағынасы бірдей «жөнелту, жіберу» деген синоним сөздерден жасалған. Мысал келтірейік, 1) При отправке посылок клиенты должны учитывать ряд ограничений по весу, габаритам и содержимому почтового отправления;  2) Посылкой можно отправить вещи по Казахстану и за границу. Сәйкесінше қазақ тілінде: 1) Жіберілімді жөнелту кезінде клиенттер пошта жөнелтілімінің салмағы, габариті және ішіне салынған зат бойынша бірқатар шектеулерді ескерулері керек; 2) Қазақстан бойынша және шетелге жіберіліммен заттар жөнелтуге болады.

Пошта қызметін пайдаланушылардың көпшілігі қарапайым халық не болмаса қазақ тілді азаматтар деген күннің өзінде бір оқыған адамға бұл тіркес түсініксіз, жаңылтпаш сияқты болып көрінеді. Бұны сол салада жұмыс істейтін, сол терминді қолданып жүрген мамандар ғана бірден айыра алуы мүмкін. Өкінішке орай, кейбір терминдер осылай біржақты қаралып жүр.

Сонымен қатар, қазақ тілінде баламасын таба алмай жүрген терминдер де бар. Мәселен, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 25 шілдедегі № 57 бұйрығымен бекітілген Пошта операторларының атаулы құрылғыларды қолдану қағидаларында және Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің                   2016 жылғы 29 қыркүйектегі № 179 бұйрығымен бекітілген Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді шығару, өткізу қағидаларында бірізділік сақталмай және терминнің саладағы негізгі мағынасын жете түсінбеушіліктен, «гашение» термині өшіру, өтеу, бастыру, арнайы белгі соғу деп бірнеше нұсқада берілген. Бұл терминге анықтама берсек: «Гашение марки: Процедура нанесения оттиска календарного штемпеля или оттиска штемпелевальной машины на почтовую марку в процессе почтовой пересылки или специально для нужд филателии».

Тілімізде әртүрлі қолданылып жүрген терминдерге тағы да бір мысал: теміржол саласындағы «беспересадочные вагоны» деген термин нормативтік құқықтық актілерде тікелей қатынайтын вагондар, ауысып отырмайтын вагондар, ауысып мінбейтін вагондар, жолда тоқтамайтын вагондар деп түрлі алынып жүр. Ал орысша-қазақша сөздікте: «беспересадочн//ый, -ая, -ое ж.-д. жолда кiдiр­мейтiн;  ~ое сообщение жолда тоқтамайтын қатынас» [4, 50-бет] деп берілген.

Осы тәрізді терминдерді біріздендіру талаптарын сақтау терминологияны жетілдіру шарттарының бірі болып табылады. Терминдерді біріздендіру мәселесін шешу терминдердің коммуникативтік тиімділігін арттыруға септігін тигізетін болады әрі терминдер бірізділік жүйесіне түсетін болса, заңнамалық актілерде ақпаратты қабылдау және беру әрдеқайда оңай болады.

Саланың міндеттерін шешу үшін қажет болатын қасиеттеріне байланысты терминнің мазмұны әрбір салада әртүрлі айқындалады. Терминді не ұғымды сөзбен белгілеу кезінде өзге ұғымдардан ажырататын ұғымы нақтылануы және  саладағы қамтитын шекарасы анықталуы, терминнің дефинициясы дәл берілуі керек. Әтпегенде, ұғымның мазмұны да толық ашылмай қалады. Сондай-ақ термин мағынасының нақты берілмеуі мәтіннің коммуникативтік функциясының бұрмалануына алып келеді.

Дегенмен бүкіл терминге қазақша балама табу оңай шаруа емес. Термин жасау – көп iзденiстi, шеберлiктi қажет ететiн, өте күрделi жұмыс. Аталған терминдердің баламасын қарастыру кезінде сөздің шығу төркінін зерделей отырып, аударуға келетінін аударып, болмаса терминдерді тілімізге ыңғайлап пайдалану қажет. Кемшін тұстарды ескере отырып, сала мамандарының белсене атсалысуымен кейбір терминдерді әлі де жетілдіру керек. Терминдердің бірізді қолданылуына қол жеткізу мақсатында артық синонимдерді, терминдердің мағынасындағы және жазылуындағы, әркелкі оқылуындағы қайшылықтарды жою және оларды бірізді қолдану қажет деп пайымдаймыз.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

 

<!-- [if !supportLists]-->1.        <!--[endif]-->Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы, – 2008 ж., «Дайк-Пресс» – 968 бет.

<!-- [if !supportLists]-->2.        <!--[endif]-->С.И. Ожегов. Словарь русского языка. – Мәскеу, 2008. – ОНИКС. –     24-басылым, түзету.

<!-- [if !supportLists]-->3.        <!--[endif]-->Тоқсанбай Сүлеймен қажы Рақымжанұлы. Пошта терминдерінің және пошта қызметтері саласында қолданылатын сөз тіркестерінің қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздігі. – «Ой-Сана» баспасы – 2013. – 1152 бет.

<!-- [if !supportLists]-->4.     <!--[endif]-->Русско-казахский словарь. – Алматы, Дайк-Пресс – 2005.

<!-- [if !supportLists]-->5.        <!--[endif]-->Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық  жүйесі.