Құдайберген Жұбанов және қазақ терминологиясы дамуының кеңестік кезеңі

Құдайберген Жұбанов және қазақ терминологиясы дамуының кеңестік кезеңі

Қазақ терминологиясы дамуының 30-жылдардан басталған кезеңі профессор Құдайберген Жұбанов есімімен тығыз байланысты. Ол тілші ғалым ретінде 30-жылдары термин жайын арнайы сөз етіп «О специфике слов-терминов» деген ғылыми мақала жариялады. 1933-37 жылдар аралығында ҚазССР Мемлекеттік терминология комиссиясының төрағасы, Мемтерминком бюллетенінің редакторы болды. Осы қысқа мерзім ішінде ол терминологияны реттеу мен терминология дамуының жаңа бағытын белгілеуге көп күш-жігерін жұмсады. Ол қазақ совет тіл білімінің, терминологиясының отызыншы жылдардан басталған советтік жаңа кезеңіне арналған терминология қағидаттарын ұсыну арқылы терминологиялық қорды даму бағытын белгілеуші және сол жылдары осы салада өнімді де белсенді жұмыс атқарған лингвист ғалым. Қ.Жұбанов ұсынған терминология қағидаттары 1935 жылы өткен Мәдениет қайраткерлерінің бірінші съезінде бекітілді. Қ.Жұбанов қағидаттары жөнінде А.Әбдірахманов, Ө.Айтбайұлы, Ш.Құрманбайұлы, Ш.Біләлов және  т.б. ғалымдардың еңбектерінде кеңірек сөз болды.

Академик Ә.Қайдардың  қазақ совет тіл білімінің іргесін бекітудегі Қ.Жұбановтың қайраткерлігін, А.Әбдірахмановтың ғалымның табанды күресінің арқасында орфографияның негізгі мәселелері мен терминология программаларында нағыз төңкеріс жасалып, жаңа бағыттың  жүзеге асырылғанын атап көрсетуі сол кезеңнің шындығы мен ғалымның белсенді қызметін көрсетеді. Терминология дамуының ХХ ғасыр басындағы алаштық кезеңінен кейінгі Кеңес үкіметі орныққаннан кейінгі жаңа бағытын белгілеуге, оның орнығуына ғалым көп еңбек сіңірді. Орфография мен терминология дамуындағы үлкен бетбұрыс жасап, жаңа бағытты жүзеге асыру жолындағы оның белсенді әрекеті,  іс-қимылдары ғалымның табанды күрескер, өз кезеңінің қайраткері екендігін анық көрсетеді. Қ.Жұбанов жасаған қағидаттар Кеңес Одағының көп ұлтты мемлекетті құраушы халықтардың тілдерін, олардың терминқорын қалыптастыруда көздеп отырған кеңестік тіл саясатының мақсатына, жаңа заман талабына сай жасалды. Сондықтан да бұл қағидаттар терминологиялық жұмыстарды жүргізу барысында 30-жылдардың ортасынан 90-жылдардың басына дейін ұзақ жылдар бойы басшылыққа алынып келді. Кеңестік кезеңде терминология қағидаттары жөнінде әңгіме қозғап, өзіндік ұсыныстарын айтқан ғалымдар болды. Н.Сауранбаев, С.Бәйішев, М.Балақаев сынды ғалымдар тарапынан жазылған қағидаттар жөніндегі мақалаларды солардың қатарына қосуға болады. Алайда бұл мақалалар отызыншы жылдардың ортасына қарай ұсынылған Қ.Жұбанов қағидаттарын одан әрі орныға түсуіне, осы саладағы жұмыстарды нақтылай түсуге септігін тигізгенімен, терминқор қалыптастыруда ұстанып отырған кеңестік бағытты өзгерткен жоқ. Ондай өзгерістерді уақыттың өзі де қажетсіне қоймап еді. Сонымен терминология дамуының бұл кезеңінде қазақ совет тіл білімінің көрнекті өкілі профессор Құдайберген Жұбанов жасаған қағидаттар жалпысоветтік терминқор қалыптастыру бағытындағы терминологиялық жұмыстады жүргізуде бағдар беруші негізгі ғылыми құжат ретінде басшылыққа алынды. Қазақ тілінің бүгінгі қолданыстағы терминдерінің елеулі бөлігі кеңестік кезеңде осы қағидаттарға сүйене отырып жасалды, кірме терминдер өзге тілдерден қабылданды және жазылды. Сол себепті қазақ терминологиясының даму тарихында Қ.Жұбановтың, ол ұсынған қағидаттардың өзіндік орны бар.

Профессор Құдайберген Жұбанов ұсынып, 1935 жылы Мәдени қызметкерлер съезі бекіткен қағидаттар төменде беріліп отыр. Бұл қағидаттар ғалымның 1966 жылы жарық көрген «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» атты еңбегіндегі орысша нұсқасынан аударылып алынған.

Бөлімнің презентациясы