Міржақып Дулатұлы математика терминдерін жасаушы

Міржақып Дулатұлы математика терминдерін жасаушы

20-жылдары емле, аударма, газет тілі,  терминжасам сияқты тілдің түрлі мәселелері жөнінде сөз қозғап, ұлт мәдениеті мен ғылымының өркендеуіне   айрықшы атсалысқан қазақ оқығандарының бірі Міржақып Дулатұлы болды. М.Дулатұлының көпшілікке көбірек таныс «Қазақ тілінің мұңы» және басқа да тілдің қолданысы мен түрлі мәселелеріне арналған мақалаларын жеке арқау еткен жөн болар. Біз термин, қазақ терминологиясының қалыптасу, даму тарихы жайлы сөз етіп отырғандықтан, М.Дулатұлының осы мәселеге қатысты еңбектеріне ғана тоқталмақпыз. Ол «Жауыздық низамнамасы», «Терминдер туралы», «Қазақ тілін жүргізетін комиссияның құлағына алтын сырға», «Газет тілі оңды болсын» сияқты мақалаларында термин жасау мен  аударма барысындағы кемшіліктерді сөз етеді. Мәселен, жазушы 1924 жылы «Ақ жол» газетінің 436-санында жарияланған «Жауыздық низамнамасы», «Баяғы «Жауыздық низамнамасы» (№ 464) атты екі мақаласында да «Қылмыстық кодексті» аудару барысында орын алған кемшіліктерге, ондағы сәтсіз терминдерге тоқталады. Ол: «Сондықтан «Қылмыс заңы» бізге түсінікті де, мынау «Жауыздық низамнамасы» жат, топас, ерсі көрініп тұр. «Низамнамасы» –  «низам» болсын, намасына жол болсын» дегіміз келеді. Кітапты ақтарып, әр жерін көзбен шолып өткенде, жалғыз бұл «нама» емес, өзге «нама»-лар да толып жатыр екен. Мәселен, міндетнама, еғланнама, мағлұматнама, жазанама, куәнама, өтірікнама сияқты. Бұл неғылған қаптап кеткен нама екенін түсіне алмадық. Түркістан қазағы «жаза, заң, низам, куәлік, өтірік» деген сөздерді «нама»-сыз-ақ айта білетін еді. Тегінде бұл «нама»-ларды аудармашы өз жанынан қосып жіберсе керек» деп сапасыз аударылған кітапты сын тезіне алады. Автор бұл мақалаларында жаңа жасалып жатқан заң терминологиясындағы кемшіліктерді, термин жасау барысында жұрнақты орынсыз жалғауға жол берілгенін көрсетеді. Біліктілігі төмен аудармашының жауапсыз ісін мысалға ала отырып, салалық терминдерді аудауға, жасауға   үлкен жауапкершілікпен қарау керектігін ескертеді.

Міржақып Дулатұлы өзге авторлардың терминжасам мен аудармадағы кемшіліктерін атап көрсетумен ғана шектеліп қалған жоқ. Ол өзі термин жасап, терминдерді қазақшаға  аударды. Оның бұл бағыттағы атқарған ісі – «Есеп құралы» атты оқу құралын жазу  барысында жүзеге асты. Математиканы қазақ баласына қазақша оқыту мақсатын көздей отырып жазған осы еңбегінде ол  көптеген терминдер жасады, бірқатар терминдерді орыс тілінен тікелей аударды. Қазақ тіліндегі оқу құралдарының көпшілігі 20-жылдардың басынан бастап жарық көре бастағаны белгілі. М.Дулатұлының «Есеп құралы» 1914 жылы Орынборда басылуының өзі көп нәрсені аңғартады. Оның бұл құралы Ахаңның  «Әліппе» мен «Тіл – құрал» сынды еңбектерімен қатар жарық көрген. Яғни, қазан төңкерісіне, 20-жылдарға дейін-ақ қазақ тіліндегі оқу құралының автроры болып, бұл іске алғашқылардың қатарында араласқан алаш зиялысы. М.Дулатұлының осы алғашқы құралының өзінде  сан, цифр, бірлік, ондық, жүздік, қосу, алу, азайту, бөлу, көбейту, көбейту кестесі, қадақ,  пұт, ен, ұзындық, кем, артық, есе артық, есе кем, шақырым,  саржын, сағат, минут, секунд, алу белгісі, қосу белгісі, көбейту белгісі, бөлу белгісі, есеп, бұрыш сынды математика терминдері қолданылады. Қарапайым арифметикалық ұғымдарды білдіретін бұл атаулардың дені күні бүгінге дейін тұрақты қолданылып, математика тілінен берік орын алды. Ал М.Дулатұлының 1927 жылы Қызылордада басылған «Есеп құралы» (Екінші жылдық)  атты  оқу құралында 1914 жылы басылған құралдағы кездесетін атаулардан өзге мына төмендегідей терминдер кездеседі:

Есеп сызғышы, бірінші жүздік, шапшаң санау, деректі сан, тік бұрышты үшкіл, төрткіл, метр жүйесі, шотқа салу, өлшеу, ескі өлшеу, жаңа өлшеу, ірі өлшеу, сантиметр, бөршек, дүйім, мысқал, кез, десте, километр, тонна, килограмм, грамм, миллиметр, литр, дюжина, тік төрткіл, аудан, қабырға, айырма, десятина, жарты десятина, шетберт, шетберк, шегеру, көбейту сатысы, сандықша, шаршы, толық ондық, екі цифрлы сан, бөлшек, дөңгелек, шаршы кез, шаршы пұт, шаршы таяқ, шаршы бөршек, шаршы дүйім, шаршы дециметр, шаршы таяқ, қума метр, қума кез, ширек, қалдық сан, үлес сандар, процент, дөңгелек ондық, гектар, өспе сан, өсірме сан, өсінді сандар, бөлінбе сандар, бөлме сандар, ондық бөлік,  есеп сатысы, кесе сызықтар, бұрыштық.

Оқу құралының кейінгі басылымы, бастапқы шыққан басылымынан біршама күрделеніп, жаңа ұғымдар қосылған. Соған сәйкес алғашқы құралдағы терминдермен қоса тағы жоғарыдағы көрсетіліп отырған бірқатар терминдер қосылған. Білім алушыларға математика ұғымдарының атаулары мен қоса геометриялық фигуралардың атаулары, ұлттық өлшем бірліктерімен қатар олардың орыс тіліндегі және әлем тілдеріне кең тараған  атаулары таныстырылады. Қазақ баласының ұғымына қонымды болуы үшін автор сөз болып отырған құралдардың екеуінде де мысқал, кез, қадақ,  пұт, шақырым сынды ұлттық өлшем-мөлшер атауларын қолданған. Есеп құрастыру, мысал келтіру барысында да автор қазақтың тұрмыс-салты мен тіршілігіне табан тіреп отырады. Жалпы оқу құралы қазақ баласының ұлттық таным-түсінігін, өскен ортасын, этностың өзіндік болмысын ескере отырып жазылғандығымен ерекшеленеді.  М.Дулатұлының екі оқу құралында қазақша-орысша жарыспа нұсқаларымен қосып алғанда барлығы 80 шақты термин қолданылады. Олардың арасында километр, тонна, килограмм, грамм, миллиметр, литр, дюжина өлшем-мөлшер бірліктері мен тік бұрышты үшкіл, төрткіл, тік төрткіл, дөңгелек геометриялық фигуралардың атаулары да бар. Оқу құралдары бастауыш мектептің екінші жылдығына арналып отырғандықтан, терминдер санының аса көп болмауы да табиғи нәрсе. Алайда бұл құралдарда математика пәнінің ең қарапайым да басты  ұғымдарының атаулары қамтылған.

Оқу құралындағы бірлік, ондық, жүздік және алу, қосу, бөлу, көбейту,  азайту, шегеру тәрізді терминдер тізбегі мен деректі сан, белгілі сан, кіші сан, үлкен сан, өспе сан, өсірме сан, өсінді сан, бөлінбе сан, бөлме сан сынды терминдер ұғымдар жүйесінің ерекшелігіне сәйкес бір терминүлгі бойынша жасалған. Ал -ша, -ма, -тықсөз тудырушы жұрнақтары арқылы морфологиялық тәсілмен жасалған сандықша, айырма, бұрыштық тәрізді терминдер пішіні жағынан ықшамдылығымен, мейілінше жаңа атау болуымен ерекшеленіп тұр.

Міржақып Дулатұлының бес томдық шығармалар жинағының 4-томының

алғысөзін жазған педагогика ғылымдарының докторы Серғазы Қалиұлы былай деп жазады: «Ал енді Міржақып Дулатұлының сол кезде бірнеше рет басылып шыққан «Есеп құралы» кітабын парақтап отырсаңыз, төрт түрлі ерекшелігімен көзге түседі. Біріншіден, орыс, татар, мешер (башқұрт), т.б. мәдениеті өркендеген елдердің оқулығына қарап отырып, тыңнан тілімізге жүзге тарта математикалық жаңа терминдер енгізген.  Мәселен, қосынды, қосылғыш, ондық сандар, бірлік сандар, теңге, тиын, шақырым, қарыс, сүйем, екі белгілі сандарды көбейту, көбейткіш, көбейтінді, есе артық есе кем, бөлу, бөлгіш, бөлінді, пұт, қадақ, баспа табақ, мыңның ішіндегі сандардың жазылуы, таңба, алу, көбейту кестесі, сағат, минут, секунд, алыпсатар, еңбекақы, азайтынды, қалдық, сан т.б.».

Педагог ғалымның М.Дулатұлының қазақша математика терминдерін жасап, терминқор қалыптастыру ісіне атсалысқан алаш зиялыларының бірі екендігін атап көрсетуі орынды. Дегенмен оның оқу құралындағы алыпсатар, еңбекақы, баспа табақ сынды сөздерді терминдер қатарына қосуының негізі бар дей алмаймыз. Сондай-ақ, «мыңның ішіндегі сандардың жазылуы», «екі белгілі сандарды көбейту» деген сөйлемдер де математика термині бола алмаса керек. Сондай-ақ оның өзі алғысөз жазып отырған М.Дулатұлы шығармалары жинағының төртінші томында берілген «Есептану құралының» екі басылымынан да біз қосынды, қосылғыш, көбейткіш, көбейтінді, бөлгіш, бөлінді, азайтынды деген терминдерді кездестіре алмадық. Алғысөз авторы мүмкін оқу құралдарының басқа басылымдарынан алды ма, ол жағы айтылмайды. Сондай-ақ алғысөздегі «татар, мешер (башқұрт), т.б. мәдениеті өркендеген елдердің оқулығына қарап» деген жолдар біздің қызығушылығымызды оятып, назар аудартты. М.Дулатұлының терминжасам тәжірибесінен, кейбір терминдерді аударуынан орыс тіліндегі терминдер үлгісі (бұрыштық, дөңгелек ондық, өспе сан т.б.).аңғарылады. Ал татар, башқұрт тілдерінің үлгісі бар деген ой ашылып, айтылып нақты тілдік деректермен дәйектеле түсскенде орынды болар еді. Әрине, Серғазы Қалиұлы терминтанушы ғалым емес, ол М.Дулатұлының жасаған терминдерін арнайы зерттеп те отырған да жоқ. Соған қарамасатан, оның М.Дулатұлының математика терминдерін жасаушы екендігін алғаш атап көрсетушілердің бірі екендігін айтқан жөн. Ол ұлт зиялысы шығармашылығының өзі байқаған бір ерекшелігін атап көрсетіп отыр. Ал біз М.Дулатұлының терминжасам тәжірибесіне арнайы тоқталып отырған тіл маманы, терминтанушы ретінде осы мәселеге қатысты айтылған әр тұжырымға мұқият назар аударуды міндет санағандықтан, С.Қалиұлының қысқаша пікірінің әр сөзіне мән беруге тырыстық.

Сонымен қорыта айтқанда, қазақтың көрнекті қаламгері, халқымыздың қайраткер ұлы Міржақып Дулатұлы ұлттық терминологиялық қорды қалыптастыруға айрықша атсалысып, математика пәнінің бастауыш мектеп оқулықтарынан бастап қолданылатын негізгі атауларын алғаш жасаған тіл жанашыры.

Бөлімнің презентациясы