Мағжан Жұмабайұлы және қазақ тілінің педагогика терминологиясы

Мағжан Жұмабайұлы және қазақ тілінің педагогика терминологиясы

ХХ ғасыр басындағы қазақ терминологиясы туралы сөз болғанда Мағжан Жұмабайұлының есімін де ескерусіз қалдыра алмаймыз. Ол да өз замандастарымен қатар   қазақ тіліндегі алғашқы оқу құралдарын жазып, ұлт тілінде термин жасауға атсалысқан алаш зиялыларының бірі. Мағжан Жұмабайұлы «Бастауыш мектепте – ана тілі» (Ташкент, 1923) , «Сауатты бол»  (Мәскеу, 1926) оқулығы, «Қызыл әскер әліппесі» (Мәскеу, 1926), «Педагогика» (Ташкент, 1923) еңбектердің авторы. Оның бұл еңбектерінің ішінде терминдер негізінен соңғы аталған «Педагогика» атты құралында  көбірек кездеседі.  Онда 300-ге тарта термин қолданылған. Олар мына төмендегі атаулар:

Дене тәрбиесі, өлшеу, жылылық, дем алу, тамыр соғу, қолдан асырау, емізік, аралас тамақтандыру, тісеу, ақыл тәрбиесі, құлық тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі, жан тәрбиесі, жан көріністері, өзін бақылау, тап-тапқа бөлу        (классификация), дене көріністері, өзін бақылау, ақыл көріністері, әсерлену, жалпы сезім, дене әсерленуі, сыртқы сезім, сыртқы сезім әсерленуі, көру, есту, сипау, иіскеу, тату, көру әсерленуі, көру//көру сезімі, көру нервалары, сығыр(близкорукий), есту// есту сезімі, иіскеу//иіску сезімі, иіскеу нервалары,  сипау//сипау сезімі, сипау нервалары, қозғау нервалары, тату//тату сезімі, тату нервалары, ет сезімі, абай, ерікті абай, еріксіз абай, табанды абай, табансыз абай, ішкі абай, тысқы абай, әсер, жан толқындануы, бейғамдық,  суреттеу, жалпы суреттеу, жалқы суреттеу, жабайы суреттеу, күрделі суреттеу, суреттеулер ассоциациясы, жақындық ассоциациясы, тұқымдастық ассоциациясы, ұқсастық ассоциациясы, қарсылық ассоциациясы, көршілестік ассоциациясы, замандастық ассоциациясы, себеп ассоциациясы, ес//зейін, жалқы ойын, жалпы ойын, ойлау, ұғым, жалпылау, шектеу, хүкм, ой шығару, толық силлогизм, шолақ силлогизм, ішкі сезім, көңіл, еске түсіру, көру есі, есту есі, қозғалу есі, баланың есі, байлау, пысықтау, қиял(хиял), ерікті қиял, еріксіз қиял,  ойлау, ұғым, жалпылау, шектеу, ұғымның іші, ұғымның ауданы, жабайы ұғым,  күрделі ұғым, ұқсас ұғымдар, қабысатын ұғымдар, ұқсамайтын ұғымдар, қарсы ұғымдар, жалаңаштау (абстракция), жалпы ұғым, дербес ұғым, жалқы ұғым, тұқым ұғым, төр ұғым, жалпы ұғымның төрі, дербес ұғымның тұқымы, бағынушы ұғым, бағындырушы ұғым, бірге бағынатын ұғымдар, хүкм (хұкм), хүкмнің іші, айтылыс, шешпе хүкм, қоспа хүкм, жалпы хүкм, жалқы хүкм, дербес хүкм, бекітетін хүкм, бекерлейтін хүкм, кесімді хүкім, шартты хүкм, бөлмелі хүкм, мүмкін хүкм, шын хүкм, міндетті хүкм, ой шығару, ұйғару, қазия, орта термин, зор термин, толық индукция, кем индукция, ішкі сезім, ақыл көріністері, ішкі сезім көріністері, қайрат көріністері, жағымды ішкі сезімдер, жағымсыз ішкі сезімдер, жан күйі, өзімшілдік(эгоизм), көпшілдік (альтруизм), ашу, қорқу, жеңіл қорқу, тынышсыздану, қатты қорқу, үрейі ұшу, ұялу сезімі, өзіне-өзі разы болу сезімі, аяу сезімі, достық сезімі, іш пысу, зерігу, аяу, бір түрлілік, сұлулық сезімі(эстетика), құлық сезімдері, ізгілік, қайрат, тартылу, ұмтылу, тілеу, дәлелдер күресі, бекіту, орындау, әдет, құмарлық, мінез, қайратты мінез, күшті мінез, берік мінез, жұмсақ мінез, тума мінез, жан әсері, кәміл жас, қадақ, ұялу, ұят, ақыл, қайрат, ой, қуаныш, қайғы, байлам, ашу, ұйқы, бақылау, өзін бақылау, пішіншіл (физиономисть), орда бөлім, ми жұлыны, бұтақ бөлімі, егіз нерв, сезу нервалары, нерв ұшы, қозғалу нервалары, ордадан қашатын нервалар, мидың қажуы, тынығу, ақыл көріністері, ішкі сезім көріністері, қайрат көріністері, аңдау, орда нерва, әсерлену, әсерленудің іші, әсерленудің күші, әсерленудің тоны, орындастыру(локализация), сезім алдауы (иллюзия), елес, дене әсерленулері, ет әсерленулері, нерв әсерленулері, тамақтану әсерленулері, қан жүру әсерленулері, дем алу әсерленулері, жылылық әсерленулері, суықтық әсерленулері, тынығу т.б.

Мағжан елін ерекше сүйген, ұлтшыл болумен бірге еуропа мәдениетінің жетістіктерін, батыс поэзиясының озық үлгілерін, жыр жауһарларының түр-тұлғасын жатсынбаған ақын. Ол жөнінде М.Әуезов «...Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін.  Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Европадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп-сезінгендей боламын. Мағжан – культурасы зор ақын» дегені белгілі. Мағжан мәдениетінің жоғарылығын поэзиясынан ғана емес, оның қаламынан туған оқу құралынан да байқауға болады. Ақынның стилі жатық, баяндау мәнері сыпайы да жағымды. Ойқы-шойқы, олпы-солпы жазу оған тән емес. Жазған құралы оқушысын баурап, кедергісіз жеңіл оқылады. Автордың білімділігі мен ішкі мәдениетінің жоғарылығы оның мәтін түзуі мен жазу, баяндау барысында анық байқалады. Педагогика оқулығы ұлттық танымға лайықталып, қазақ баласына арналып жазылған құрал болғанына қарамастан, мұнда да оның еуропа, әлем мәдениетін жатсынбайтынын байқауға болады. Ол кең тараған халықаралық атаулардың, шет тілдері сөздерінің бірқатарын аудармай  қолданады. Оған оқулықта кездесетін концентр, фантазия, категория, дедукция, индукция, аналогия, силлогизм, гипотеза,  аффект, апатия, мотив, темпарамент,  сангвинник, холерик, флегматик, меланхолик, нерв системасы, перцепция, апперцепция, иллюзия, галлюцинация, ассоциация, гипотеза, аффект, темпарамент, термометр, спиритуализм, идеализм, феноменализм, эмперизм, физиономист, аппарат, паралич, афазия, локализация, перцепция, тон, эмпиризм, гимнастика сынды терминдер мен атаулар дәлел бола алады.бұл көрсетілген кірме атаулар жеке термин түрінде де жақындық ассоциациясы, тұқымдастық ассоциациясы, толық силлогизм, шолақ силлогизм, толық индукция, кем индукция, егіз нерв, сезу нервалары, әсерленудің тоны секілді екі сыңарлы терминдер құрамында да кездесіп отырады.

Мағжанның көптеген жаңа терминдер жасап, оларды қолданысқа енгізу арқылы қазақтың төл терминологиясын қалыптастыруға елеулі үлес қосқаны күмәнсіз. Оның терминқорымызды қалыптастыруда Ахаң бастаған алаш оқығандары белгілеген бағытты қолдап, ғылым тілінің ұлттық сипатының басым болуы қажет деп танығаны да анық. Солай бола тұрғанмен де өз замандастарының, алаш зиялыларының арасында еуропа халықтарының тілдеріне енген атауларды аса жатсынбай, оларды оқулықтар жазған өзге авторларға қарағанда салыстырмалы түрде біршама көбірек пайдаланғаны да Мағжан Жұмабайұлы.  Алаш арысының автолығымен жарық көрген осы оқу құралында қолданылған терминдердің шамамен алтыдан біріне жуығын өзгеріссіз қабылданған кірме атаулар құрайды.

«Бізде бұрын жасалған пән тілі болмағандықтан, түрлі терминдерге тап басқандай қазақша сөз табу көп күшке тиді. Қалайда, курстарда оқыған мұғалімдердің жәрдемімен таза орыс сөздері қазақшаға айналдырылды. Ал енді жаһан тілі болып кеткен шет сөздерді қазақшаға аударам деп азаптануды тиісті таппадым» деп жазады автор.

Бұл сөзінен оның да сол кезеңде қазақ тілінде алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарын жазған өзге авторлар сияқты оқытатын пәндерін меңгеруге қажетті қазақ тіліндегі термин сөздердің тапшылығы,  оларды жасаудың қиындығы, ұлт тіліндегі терминжасам тәжірибесінің қалыптаспағандығы сияқты мәселермен бетпе-бет келгендігін айқын  аңғарамыз. Сондай-ақ автордың кең тараған атауларды аударуға қатысты өзіндік көзқарасын, ұстанымын да көруге болады. Осы ұстанымына сәйкес ол «Педагогика» оқулығында жоғарыда келтірілген бірнеше атауларды қазақ тіліне аудармай қолданған. Ал таза орыс сөздерін аударып алуды жөн санаған. Оқулыққа енген терминдерді аудару барысында бұл іске ол курста оқыған мұғалімдерді де тартып, олардың көмегіне жүгінгенін де айтады.

Мағжанның терминжасам тәжірибесі туралы айтар болсақ, ол педагогика терминдерінің бірқатарын қазақ тілінің лексикалық қорынан дайын қалпында алып пайдаланған немесе оларға қосымша терминдік мағына жүктеген. Мәселен, абай, ұят, ақыл, қайрат, ой, қуаныш, қайғы, байлам, ашу, ұйқы, көңіл, ұғым, мінез, әдет, елес, емізік, ес, зейін, ізгілік, қадақ, әсер, сығыр сынды сөздер сол қатарға жатады. Қазақтың төл сөзі болып саналатын немесе ертеректе араб-парсы тілдерінен еніп тілімізге әбден сіңіп кеткен бұл атаулар негізінен өздерінің тура мағынасында жұмсалған. Мұндай атаулар жалпы тілдегі лексикалық мағынасын сақтай отырып, ендігі жерде белгілі бір пән атауы, ғылыми термин ретінде дәл дефиницияға ие болған. Жалпы халық түсінігіндегі қарапайым ұғым атауы терминологиялық өріске еніп, ғылыми ұғым атауы ретінде қолданыс тапқан.

М.Жұмабайұлы жазған «Педагогика» оқулығындағы дара тұлғалы терминдерің елеулі бөлігі қимыл атау (тұйық етістік) формасында болып келеді. Мысалы, аңдау, аяу, әсерлену, байлау, бақылау, бекіту, есту, жалпылау, жалаңаштау (абстракция), зерігу, иіскеу, көру, қорқу, ойлау, орындау, орындастыру(локализация), өлшеу, пысықтау, сипау, суреттеу, тату, тартылу, тілеу, тісеу, тынышсыздану, тынығу, ұйғару, ұмтылу,   ұялу, шектеу сынды терминдер сол қатарға жатады.

Ал морфологиялық жолмен жасалған атауларға келсек, әдетте термин шығармашылғында өнімді жұмсалатын -лық/-лік (-дық/-дік, -тық/-тік) жұрнағының көмегімен туындаған бейғамдық,  жылылық, құмарлық, өзімшілдік(эгоизм), көпшілдік (альтруизм),іссіздік сынды бірнеше атау кездеседі.Сондай-ақоқу құралында -шілжәне-ысжұрнақтарын жалғау арқылыжасалған пішіншіл (физиономисть), айтылыс тәрізді бірді-екілі  терминдер бар. Жалпы сөз тудырушы жұрнақтар арқылы жасалған терминдер көп емес. Олар санаулы-ақ.

«Педагогика» оқу құралындағы терминдердің басым көпшілігі – тіркесті терминдер. Ондай атаулар осы құралда кездесетін барлық терминдердің 50 пайыздан астам бөлігін құрайды. Олар негізінен екі сыңарлы болып келеді, үш сыңарлы терминдер саны шектеулі. Ондай терминдердің басымдығын  жоғарыда беріліп отырған терминдер арасынан айқын аңғаруға болады. Мұны сала терминологиясының табиғатымен  байланыса қарған жөн деп ойлаймыз. Жалпы терминтанушы ғалымдардың пайымдауынша, тұтас терминологиялық лексиканы алып қарағанда да, кез келген жеке саланың терминологиясын алса да, оларды құрайтын терминдердің басым бөлігі екі немесе үш, одан да көп құрамды терминдер болып келеді екен. Бұл әдетте негізгі ұғымнан өрбитін түрлік ұғымдардың басым болатындығына байланысты туындайтын объективті құбылыс. Педагогика саласының терминологиясынан соны байқауға болады.  Мысалы, бір ғана «мінез» деген негізгі ұғымнан – қайратты мінез, күшті мінез, берік мінез, жұмсақ мінез, тума мінез сынды мінез түрлерін білдіретін атаулар өрбісе,  әсерленудің іші, әсерленудің күші, әсерленудің тоны, дене әсерленулері, ет әсерленулері, нерв әсерленулері, тамақтану әсерленулері, қан жүру әсерленулері, дем алу әсерленулері, жылылық әсерленулері, суықтық әсерленулері  сияқты мына атаулардың барлығы да бір ғана «әсерлену» ұғымынан туындаған, оның түрлерін, өзге де қасиеттерін білдіретін ұғымдар.    Бір ғана «ұғым» атауымен байланысты – ұғымның іші, ұғымның ауданы, жабайы ұғым,  күрделі ұғым, ұқсас ұғымдар, қабысатын ұғымдар, ұқсамайтын ұғымдар, қарсы ұғымдар, жалпы ұғым, дербес ұғым, жалқы ұғым, тұқым ұғым, төр ұғым, жалпы ұғымның төрі, дербес ұғымның тұқымы, бағынушы ұғым, бағындырушы ұғым, бірге бағынатын ұғымдар деген терминдер тізбегі туралы да осыны айтуға болады. Ендеше, тіркесті терминдердің оқу құралында қолданылған барлық терминдердің тең жартысынан астамын құрауы терминологиялық жүйенің өзіндік ерекшелігімен байланысты деген тұжырымға тоқталуға негіз бар деп білеміз.

Оқу құралында бірқатар терминдер жарыса жұмсалады. Мысалы көру//көру сезімі, есту// есту сезімі, иіскеу//иіску сезімі, сипау//сипау сезімі, тату//тату сезімі, ес//зейін, хүкм //хұкм, қиял//хиял тәрізді терминдер сондай жарыса қолданылып отыратын атаулар қатарына кіреді. Қазақ тіліндегі сала терминдері енді ғана жасалып, әлі қалыптасып, қолданыс бірізділігі сақтала қоймаған кезең үшін бұл құбылысты табиғи нәрсе деп қабылдауға болады.

Бірқатар алаш зиялылары сол кезеңде -паз жұрнағын қолданудың қажетсіздігін айтқан болса, Мағжан Жұмабайұлы керісінше, бұл жұрнақты жиі пайдаланғаны аңғарылады. Оған оқу құралында кездесетін автордың қолданысындағы ауырымпаз (31), бұзылымпаз (39), естімпаз (66), ұстампаз(85), жаттампаз(86), әсерленімпаз (93), құбылымпаз (122),  іші пысымпаз(130), оянымпаз (132), еліктемпаз (152)сенімпаз (154) сынды сөздер дәлел бола алады.

Оқу құралы – келтірілген мысалдардың қазақ ұғымына сай, ұлттың өзінің өмір-тұрмысынан алынып отыратындығы мен баяндауының жатық қазақы тілде болуымен бірден ерекшеленеді. Сондықтан жеңіл оқылады, айтылған ой оңай да дәл ұғынылады. Көптеген оқу құралдарынан байқалатын орыс тілінің сөйлем құрылысына таңылған сірескен стиль, аударма құралдарға тән түпнұсқа тілге байлаулылық Мағжаннан аңғарылмайды. Термин, термин шығарамашылығына тікелей қатысты болмаса да, көзге бірден ұрып көріп тұрған ерекшелік болғандықтан, біз бұл жерде осы мәселеге сөз арасында ғана тоқталып отырмыз. Жалпы бұл арнайы қарастырып, кеңірек тоқталуға сұранып тұрған дүние.

Оқу құралындағы ордадан қашатын нервалар, төр ұғым, жалпы ұғымның төрі, табанды абай  сияқты терминдер құрамындағы  «төр», «орда», «табанды» немесе «қадақ» сынды ұлттық ұғыммен байланысты сөздердің терминдену арқылы жаңаша жұмсалуынан оның авторының төл мәдениеті мен ұлт тілінен терең сусындағаны анық аңғарылады. Қай-қайсысы да қазақ тілін жетік білген, өз тілінен жери қоймаған ол кезеңдегі қазақ оқығандары үшін бұл қалыпты құбылыс болғанымен, бүгін олай деп айта аламаймыз. Бұдан ұлттық ұғымдарды ұқсастық негізде жаңғыртып, жаңартып, қолдану үшін де оларды білу, ұлттың тұрмыс-тіршілігімен етене таныс болу керектігі аңғарылса керек.

Мағжан жасаған ол қолданған терминдердің бәрі мінсіз болды, олардың бәрі тілдік айналымға еніп кетті деуден аулақпыз.  «Жабайы ұғым», «жабайы суреттеу», «шолақ силлогизм» сынды жекелеген терминдерді басқаша атауға да болар еді. Ол жасаған немесе өз замандастары ұсынғн терминдердің бірқатары тірек термин ретінде бүгінге дейін қажетімізді өтеп отыр. Мәселен, дене тәрбиесі, дем алу, тамыр соғу, ойлау, әсерлену, ұғым, жалпылау, бекіту, әдет, құмарлық, мінез, пысықтау тәрізді көптеген терминдерді сол қатарға жатқызууға болады. Олардың бірқатары дәл сол бастапқы мағынасында енді біреулерлері сәл мағыналық өзгерістермен қолданылып жүр. Терминология уақыт өткен сайын дамып, жетіліп отыратын сөздер қоры екендігі белгілі.

Мағжан Жұмабайұлы қазақ тілі терминологиясының мәселелерімен, терминологиялық жұмыстарды жүргізу ісімен А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы, Х.Досмұхамедұлы, Н.Төреқұлұлы сынды тікелей айналыспаса да, ол қазақша оқу құралын жазып, ұлттық терминқордың қалыптасуына өзіндік үлес қосқан ұлт зиялысы. Оның қазақ тілінде алғаш педагогика оқу құралын жазып, осы саланың көптеген терминдерін жасағанын, қолданысқа енгізгенін айрықша атап көрсету орынды.

Бөлімнің презентациясы